Қылмыстық құқық теориясында бірнеше адамның қылмыс жасауының нəтижесі, одан туындайтын залалдың мөлшері дара қылмыстарға қарағанда көп болады. Сондай-ақ қоғамға қауіпті іс-əрекеттердің жаңа түрлерінің пайда болуына байланысты қылмысқа қатысушылармен жасалатын қылмыстар саны артып отыр. Соған байланысты қылмысқа қатысушылардың жауаптылығы мен жазасын даралау мəселелері əрқашанда маңызды болып табылған. Соттық-тергеу зерттеуіне сəйкес қылмысқа қатысумен жасалатын қылмыстар күрделі мазмұнына ие.
Осыған орай, қылмысқа қатысушылардың жауаптылығы соттарға қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дəрежесін, əрбір қылмысқа қатысушының ортақ қылмыстық нəтижеге қосқан үлесін анықтау, яғни жазаны тағайындаудың жеке даралау, қағидасын жүзеге асыруы қажеттілігімен сипатталады.
Қылмысқа қатысушылардың қылмыс істеген кездегі əрқайсысының атқарған қызметтерінің түріне қарай бірінен-бірінің өзгешеліктері болады. Бұл өзгешеліктерді ажыратпайынша, олардың əрқайсысының қылмысқа қатысу дəрежесін, оған байланысты қолдануға жататын жазаның шамасын белгілеу мүмкін емес.
Бір ғана қылмысқа қатысушылардың іс-əрекеттері абсолютті түрде бірыңғай болуы мүмкін емес. Олардың арасындағы ерекшеліктерді анықтауға біздің қылмыстық заңдылығымыз бен құқықтық теориясы үлкен маңыздылық береді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының мəні бойынша қылмысқа қатысушылардың қылмыстарын саралау олардың функцияларының өзіне тəн ерекшеліктерін алдын ала анықтауды талап етеді. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі қылмысқа қатысу нысандарын адамдар тобымен жасалуы мүмкін қылмыстарды көрсететін бабы тергеу жəне сот органдарын, кінəлілердің жауаптылығын дұрыс саралауға жəне қылмысқа қатысушыларға жаза тағайындау кезінде, қайсысының қандай қызмет атқарғанын анықтауға міндетті. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабында көрсетілгендей, олардың қылмысқа қатысу сипаты мен деңгейін есепке алу қажет. Басқа сөзбен айтқанда, бірлескен қылмыстық іс-əрекеттерді саралау мен жаза тағайындау, яғни қылмысқа қатысудың негізгі сұрақтарын шешу, бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды нақтылы түрге бөлусіз мүмкін емес.
Қылмысқа қатысу сипатына байланысты қатысушыларды төрт түрге бөлеміз: орындаушы, ұйымдастырушы, азғырушы, көмектесуші. Олардың əрбіреуінің іс-əрекетіне өзіндік белгілер тəн, бұл белгілер заңның əр түрлі нормаларында, Қылмыстық кодекстің 28–29-баптарындағы əр түрлі тармақтарда ашық көрсетілген. Қатысушылардың қатаң индивидуалды жақтарын заңда белгілеумен, олардың іс- əрекеттерін бөліп сипаттаумен қылмысқа қатысушылардың əрбір түрінің дербестігі көрінеді.
Ғалым Ф.Г.Бурчактың пайымдауынша, «атқарушылық іс-əрекет қылмысқа қатысушының кез келген басқа іс-əрекетін өзіне жатқызады, яғни ол алғашқыда ұйымдастырушы не айдап салушы болған, бірақ кейін қылмысты орындауға қатысқан тұлға тек орындаушы түрінде танылуы тиіс». Ол ұйымдастырушылық жəне айдап салушылық іс-əрекеттерді жауапкершілікті ауырлататын мəн-жай ретінде қарастыруды ұсынады [1].
Жоғарыда көрсетілгендей, қылмысқа қатысушылардың рөлдерінің бірін-бірі қамтуын қауіпті бір іс-əрекеттің екіншісін қамтуы туралы, егер олардың біреуі екіншісінің конструктивті белгісі болып табылса ғана айтуға болады. Ұйымдастырушының, айдап салушы мен қылмысқа көмектесушінің іс- əрекеті заңмен сипатталған орындаушының функцияларына жатпайды. Олардың бір-бірін өзара қамтуы қоғамдық қауіптілік деңгейі бойынша қылмысқа қатысушылар түрлерінің бір-біріне өзара қатысуына жауап бермес еді. Мысалы, айдап салушы қылмыстық жолға бірнеше адамды түсірген соң, қылмысты орындауға елеусіз рөл атқаруы мүмкін. Ал оны тек орындаушы ретінде тану оның шынайы рөлін сипаттамайды.
Ұйымдастырушы функциясын орындаушылық іс-əрекеттерге кіргізе салу тіптен негізсіз болар еді, өйткені ұйымдастырушылық қалған қатысушылар іс-əрекетіне қарағанда қауіптірек екені белгілі. Бірнеше қатысушылардың рөлдерін бір тұлғада бірігуін ауырлататын мəн-жай ретінде қатыстыру да заңсыз болар еді, өйткені Қылмыстық кодекстің 54-бабындағы жауапкершілікті ауырлататын мəн-жайлар санатында мұндай жоқ.
Жоғарыда айтылғанның барлығы қатысушылардың əр түрлерінің өзара қатысын ең үстінде орындаушы тұратын иерархиялық саты ретінде қарастыруға болмайтынын көрсетеді.
Олардың біреуінің іс-əрекеті екіншісінің іс-əрекетін өзіне қамти алмайды.
Қатысушылардың түрлері, Қылмыстық кодекстің 28-бабының 2–5-тармақтарына қарасақ, бірыңғай саралаушы өлшем бойынша, атқаратын функцияларының сипаты бойынша жіктелген. Қылмысқа қатысу деңгейі кінəлінің белсенділігі мөлшерін көрсетеді, ол бірлескен іс-əрекеттегі тұлғаның рөлінің сандық сипаты болып табылады.
Сот практикасында кей кездерде орындаушылармен, ұйымдастырушымен, көмектесушімен, қылмысқа айдап салушымен қатар қылмыстың инициаторлық рөлі де дербес көрсетіледі. Оның сыртында қылмысқа қатысушылардың кейбіреуіне қатысты айыптау қорытындылары мен сот үкімдеріне олардың инициатор болып табылатындығы ғана айтылады, ал қандай нақты қатысушының түріне жататындығы туралы істі соттың қарау нəтижесінде көрсетілмейді. Бірақ олар сотталушылардың ішінде аса көп үлеске ие емес, оннан бір үлесінде не одан да кем мөлшерде.
Фактілі түрде олардың барлығы дербес қылмыс ұйымдастырушының рөлін атқарған.
Қылмыстық құқық теориясында бұл практикалық тенденция мəні бойынша талданбайды. Тіптен арнайы əдебиеттерде «инициатор» түсінігі оның мазмұны мен инициаторлар шегін көрсетусіз, нақты емес сипатта қолданылады. Мысалы, М.А.Шнейдер инициатор ретінде қылмыстың ұйымдастырушысы мен қылмысқа айдап салушыны санауды мүмкін деп тапқан. Ал Ф.Г.Бурчак қылмысқа көмектесуші деп басқа кез келген қылмысқа қатысушының инициатор деп тануға болады деп санайды. Инициатордың іс-əрекетінің заңды табиғаты туралы сұраққа Ф.Г.Бурчак қана жанама түрде жауап берді, ол белсенділіктің көрінуі қылмысқа қатысушының қатысу деңгейін көрсетеді деді.
Мазмұны бойынша «инициатор» ұғымы нақты анықталмаған. Сөзбе-сөз аударатын болсақ, ол кез келген əрекетте бастаманың көрінуін білдіреді. Инициативаны кез келген қылмысқа қатысушы қолға алуы мүмкін. Ал оның қандай деңгейінде тұлға инициатор болып табылады деген сұраққа нақты жауап айту екіталай. Қылмысқа қатысушының функциялары аталған ұғым түсінігін толық деңгейде аша алмайды. Бұдан шығатыны, инициаторды қылмысқа қатысушының бір түрі ретінде қарастыруға болмайды. Кінəлі тұлғаның инициатор деп аталуы тергеу жəне сот органдарын оның нақты қандай қылмысқа қатысушының түріне жататындығын анықтау міндетінен босатпайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабында көрсетілген қылмысқа қатысушылардың түрлерінің санағы толық болып табылады. Кез келген бірлескен қылмыстық іс- əрекеттер заңға белгілі қылмысқа қатысушылардың функцияларымен қамтыла алады. Олардың қатарына инициаторды қосуға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының 1-тармағы жол бермейді, өйткені онда аталмыш инициатор рөлі көрсетілмеген.
Бірақ белсенділігі жəне қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды бөлу, оларды түрлері бойынша саралауға қарағанда өзгеше мəнге ие. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабының 1-тармағына сəйкес, қылмысқа қатысушылардың ісі бойынша олардың əрбіреуінің қылмысқа қатысу деңгейін ашу, айқындау қажет. Бірлескен қылмыстағы іс- əрекетінің фактілік үлесі мен үлестің салмағын қылмысқа қатысу деңгейі сипаттайды. Маңызды мөлшерде қылмысқа қатысушының функциясы алдын ала анықталады: əдетте қылмыстың жасалуына басқа қылмысқа қатысушыларға қарағанда қылмысты ұйымдастырушы тұлға көп үлес қосады, қылмысты орындаушы мен қылмысқа айдап салушы қылмысқа көмектесушімен салыстырғанда белсендірек əрекет етеді. Бұған байланысты олардың сипатымен қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бөлу бір-бірімен тығыз байланысты. Оның сыртында, қылмысқа қатысушылар түрі бойынша бөлу олардың қылмысқа қатысу деңгейін анықтау мəселесінен шығады. Кез келген қатысушыларды түрі бойынша тарату олардың белсенділік деңгейі бойынша арақатынасын ашып көрсете алмайды. Əдеттегі бəрінен де салбыр əрекет ететін қылмысқа көмектесуші кей кездерде қылмысты орындаушы мен оны айдап салушымен қарағанда белсенділік əрекет етіп кетуі мүмкін. Бұдан көріп отырғанымыздай, қылмысқа қатысушының іс-əрекетінің қоғамға қауіптілігін сипаттау тек олардың түрлерін көрсетумен жүзеге асырыла алмайды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабы кінəлілердің қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бөлінуін қажет етеді.
А.А.Пионтковский кінə деңгейі бойынша басты жəне екінші деңгейдегі қылмысқа қатысушыларды бөліп көрсетуді ұсынған [2]. Практика жəне теорияда бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды қылмысқа қатысу деңгейі басты жəне екінші деңгейдегілерге бөлудің бірыңғай тенденциясынан көрінеді.
Бұл бөлу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабына жауап бере алады жəне бірлескен қылмыстық əрекеттің қатысушыларын белсенділік деңгейі бойынша тарту мүмкіндігін жалпы сипатта көрсетіп береді. Қылмысқа қатысушылардың қайсысы басты орын, ал қайсысы екінші деңгейдегі орын алатындығын алдын ала анықтау мүмкін емес. Өйткені бір ғана түрге жататын қылмысқа қатысушының іс-əрекетінің қоғамға қауіптілігі əрбір нақты жағдайдағы ерекшелігіне байланысты өзгеріп отырады.
Осы жоғарғы айтылғандарға байланысты, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28–29-баптарына сəйкес, бірлескен қылмыстық іс-əрекеттерді тергеу үрдісінің соттық қарау барысында əрбір қылмысқа қатысушыға байланысты төмендегі екі жағдайды анықтау қажет:
а) қылмысқа қатысушы тұлғаны қатысушылардың заңда көрсетілген қай түріне жататындығын;
б) сол қатысушыға фактілі түрде тиісті болған басты немесе екінші деңгейдегі рөлді анықтау. Қылмысқа қатысу қылмыстық жауаптылыққа қандайда бір ерекше негіздер туғызбайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 3-бабына сəйкес қылмыс жасау, яғни қылмыстық заңмен көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар əрекет, қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады. Демек бұл қылмысқа қатысуға да тəн. Қылмысқа қатысудың кез келген түрінде тұлға қылмыстық заңмен қорғалатын объектіге қастандық жасайды, өзге де қылмысқа қатысушылармен біріге отырып, қылмыстық заңмен көзделген қоғамдық қауіпті іс- əрекеттерді қасақана жасайды жəне субъектінің мынадай ақыл-есі дұрыс, қылмыстық заң бойынша жауап беретін жасқа толған белгілерін қамтиды. Басқаша айтқанда, қылмысқа қатысушының іс- əрекеттерінде қылмыс құрамының барлық белгілері болады. Яғни қылмысқа бірге қатысуда да, жеке адамның істеген қылмысында да жауаптылықтың негізі болып қылмыстық заңда көрсетілген қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс-əрекетті жасау болып табылады.
1997 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмысқа қатысушылардың жауаптылығына 29-бап арналған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің осы бабына сəйкес қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың əрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысуының сипатымен жəне дəрежесімен айқындалады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабының 1-тармағы бойынша қылмысқа қатысушының жауаптылық мөлшері оның бірлескен əрекетке қатысу сипаты мен деңгейіне байланысты анықталады. Аталмыш өлшемдер (критерийлер):
- тұлғаның қылмысқа қатысу сипатына;
- қатысушылықтың деңгейі əр түрлі жағдайына қатысты болады.
Мұндағылардың біріншісі, қатысушы қандай функцияларды орындады, оның үлесіне түрі бойынша қандай іс-əрекеттер түсті деген сұрақтарға жауап береді. Ал екіншісін анықтау оның өз функцияларын қаншалықты белсенді түрде орындағанын көрсетеді. Мəні бойынша бұл өлшемдер бірлескен іс-əрекеттердің сыртқы, объективтік жақтарына негізделген. Бұл жағдайда объективтік өлшемдерді пайдалану құқықтық нормада əрбір қатысушысының рөлін барынша айқын сипаттауға көмектеседі. Ол кезегінде бірлесе отырып жасалған қылмыс үшін жауаптылық сұрақтарын шешуде заңдылықтың сақталуын жеңілдетеді.
Қылмысқа бірге қатысуда əрбір қатысушы өздерінің бірлескен əрекеттері арқылы қылмыс істеуге нақты үлестерін қосады. Бұл үлес одан туындайтын зардаппен тікелей байланысты болады. Сондықтан да қылмыстық құқық нормасы бойынша қылмысқа қоса қатысқандардың барлығы да бірдей негізде жəне Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде көрсетілген баптың санкциясы шеңберінде жауапқа тартылады.
Қылмыстық құқық теориясында қатысу қандайда бір ерекше қағида немесе қосымша жауаптылық негізін тудырмайды деген көзқарас басым. Соған сəйкес жекелеген қылмыскерлер сияқты, нақты бірігіп жасаған қылмыстарына жеке кінəсінің шегіне сай қатысушылар жеке-жеке жауап береді.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі бабының диспозициясында көрсетілгендей, қылмыстың объективтік жағын құрайтын əрекетті бірікен қылмыстық іс-əрекеттің спецификасының күшімен кейбір қатысушылар жасамауы мүмкін. Бірақ бұндай жағдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 3-бабында көрсетілгеніндей, қылмыстық заңмен көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар əрекет қылмыстық жауаптылқтың бірден бір негізі деген ережені өзгертпейді. Сондай-ақ қылмыс құрамы тек қана Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі нормаларда мазмұндалатын белгілермен ғана құрылмайды. Құрылым конструкциясы Жалпы бөлім нормаларында берілген белгілерді де қосады. Осыған байланысты орындаушы болып табылмайтын қатысушыларға жауаптылық негізі қылмыс құрамы белгілері мазмұндалатын əрекеттерді жасауға қатысу жəне оның қызметтік рөліне заңнамалы сипаттама беретін Қылмыстық кодекстің 28-бабының тиісті бөлімдерінен шығатын белгілерді жасау болып есептеледі. Сондықтан да ұйымдастырушы, көмектесуші жəне айдап салушылардың əрекеттері, егер олар қылмысты тікелей орындауға бірге қатыспаса, Ерекше бөлімдегі істелген қылмыс үшін жауаптылықты белгілейтін баппен жəне оған қосымша Қылмыстық кодекстің 28-бабына сілтеме жасалына отырып сараланады. Қылмысты орындаушының əрекеті Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі істелген қылмыс үшін жауаптылықты белгілейтін бап бойынша Қылмыстық кодекстің 28-бабына сілтемесіз тікелей сараланады. Бірақ бұл орындаушымен жасалатын қоғамға қауіпті əрекеттің Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде тіркелген қылмыс құрамының белгілерін мазмұндамайды дегенді білдірмейді.
Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығының бірыңғай негізі олардың дербестік маңызын төмендетпейді. Əрбір қатысушының қылмыстық рөлін нақты ерекшелейтін мұндай ережені Қылмыстық кодекстің 28-бабының мазмұнынан көруге болады. Сондықтан да қылмыстың орындалуын басшылық еткен немесе ұйымдастырған тұлға қылмысты ұйымдастырғаны үшін жауаптылыққа тартылады. Құқыққа қарсы жəне қоғамға қауіпті əрекетті жасауға орындаушыны көндірген тұлға қылмысқа айдап салғаны үшін, ал қылмысты жасауға жəрдемдескен тұлға қылмысқа көмектескені үшін тартылады. Осыған байланысты көмектесуші мен айдап салушының жасаған əрекеттері нақты қылмыс құрамының дербес белгілерін құрамайды деген кейбір ғалымдардың тұжырымдары даулы болып келеді. Олардың ойынша, қатысушылардың жауаптылығының негізі болып орындаушының қылмыстық мінез-құлқы табылады.
Қылмыстық заң тек қылмысты ұйымдастырушының, айдап салушының жəне көмектесушінің іс- қимылына қылмыстық-құқықтық тұрғыдан баға берудің өзіндік ерекшеліктерін нақтылай жəне дəлелдей түседі (бір жағынан, оны орындаушының іс-əрекетіне қылмыстық-құқықтық баға беруге тəуелді етсе, екінші жағынан — қылмысқа қатысушылар қылмысты іс-қимылының объективтік жəне субъективтік жағының мазмұнын айқындайды жəне нақтылайды). Сонымен, Жалпы бөлімнің шамаларында ұйымдастырушы, айдап салушы жəне көмектесуші жасаған қылмыстың шамалары қисындастырылады.
Қылмысқа қатысушылар жалпы қылмыс үшін жауап бергенімен жеке жауаптылығының жеке өздері істегеніндерінің ауқымында, яғни өздерінің қылмысқа қатысудағы рөлдеріне, ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болғандықтарына орай жауап береді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабының 4-бөлігіне сəйкес орындаушы өзіне тəуелсіз мəн-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейін жеткізбеген жағдайда қылмыстың қалған қатысушылары қылмыс жасауға дайындалуға немесе қылмыс жасауға оқталуға қатысқаны үшін жауапқа тартылатыны қылмыстық құқықта қатысу мəселесін шешудің акцессорлығын білдіреді. Осыған байланысты қылмыстық құқық бойынша қатысушылар жауаптылығының негіздері мен шектері, негізінен орындаушының жасаған əрекетіне қылмыстық құқықтық тұрғыдан берілетін бағаға сəйкес айқындалады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 29-бабының 5-бөлігінде субъектінің қылмысқа қатысуы туралы мəселелер реттеледі. Бұндай қылмыстарға қатысқандық үшін жауаптылықтың ерекшелігі сонда, оны орындаушылардың шегі белгілі бір адамдармен шектелген. Басқа тұлғалар қатысқан жағдайда ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде жауап береді. Бұндай ереже ешқандай қиындық туғызбайды егерде арнайы субъектісіз қылмыстың объективтік жағын орындау мүмкін емес болса, мəселен, қашқындық (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 373-б.). Бірақта кейбір арнайы субъектілі қылмыстардың құрамдарында мынандай қиындықтар тууы мүмкін, мысалға, зорлау. Қылмыстық кодекстің 120-баптың арнайы субъектісі — ер адам. Бұл құрамның объективтік жағы жыныстық қатынастан жəне физикалық күш қолдану мен оны қолдану туралы қорқытудан тұрады. Көбіне объективтік жағының бір бөлігі күш қолдану мен оны қолдану туралы қорқытуды бұл қылмыстың арнайы субъектісі болып табылмайтын əйел адамдармен жасалатындығы түсінікті. Бұрынғы кодекс бойынша бұндай жағдайда топпен зорлаудың субъектілері болып табылатын, ал қазіргі жаңа Қылмыстық кодекс бұндай жағдайда зорлаудың көмектесушілері ретінде есептеуді ұсынады. Бірақта көмектесуші (əйел) жəне орындаушы (ер адам) Қылмыстық кодекстің 31-бабына сəйкес зорлауды топтық деп тануға негіз беретін топты бейнелемейді.
Зорлау қылмысының құрамында саралаушы белгісі ретінде ұйымдасқан топ көрсетілген (ҚК 120-б. 2-б. «а» тармағы). Ұйымдасқан топ мүшелері қоса орындаушылар болып танылады, бірақта кейде кейбіреулері жеке қылмыстың объективтік жағын орындамауы мүмкін. Бұндай ұйымдасқан топтың мүшесі əйел адам да болуы мүмкін, ондай жағдайда ол осындай сапада зорлаудың қоса орындаушысы болып табылады.
Осыған орай, біздің ойымызша, Қылмыстық кодекстің 29-бабының 5-бөлігіндегі көмектесуші деген сөзден кейін əрі қарай былай деп толықтыру қажет «егер арнайы субъекті емес ұйымдасқан топтың мүшесі болып табылатын жағдайды қоспағанда немесе өзге топтың құрамында қылмыстың объективтік жағының бір бөлігін жартылай орындаса, онда соған сəйкес қоса орындаушы болып табылады».
Қылмысқа қатысушылардың қылмысты аяғына дейін жеткізуден ерікті түрде бастартуы арқылы көрінетін əрекеттері (орындаушының жауаптылығынан өзгеше) қатысушылардың жауаптылығы үшін белгілі бір дербес маңызға ие бола алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 26-бабының 3-бөлігіне сəйкес қылмысты ұйымдастырушы мен қылмысқа айдап салушы, егер ол адамдар мемлекеттік органдарға хабарлаумен немесе өзге де қолданылған шаралармен орындаушының қылмысты ақырына дейін жеткізуіне жол бермесе қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Көрсетілген шараларға мысал: орындаушының қылмыс жасаудан бастартуына бағытталған олардың нəтижелі ықпалы; жəбірленушіні төніп тұрған қауіп туралы алдын ала ескерту жəне оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жəне т.б. жатады. Көмектесуші қылмыстың жасалуына жол бермеу үшін өзіне байланысты шаралардың бəрін қолданса, қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Егер көмектесуші бұндай шараларды қолданғанымен, атқарушы ойына алғанын бəрібір жүзеге асырса да, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қатысушылардың жауаптылығы олардың іс-қимылы жүзеге аспай қалған жағдайда өзіндік сипатпен ерекшелінеді. Мысалға, ұйымдастырушы немесе айдап салушы орындаушы қылмысты жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бəрін істеп бақты, бірақ соңғы сəтте орындаушы ойға алғанынан бастартты делік. Бұндай жағдайда ұйымдастырушы мен айдап салушының əрекеттері қауіптілігін жоғалтпайды жəне жалпы ереже бойынша, егер бұл қылмыс ауыр жəне ерекше ауыр қылмыстарға жататын болса, олар қылмысқа дайындалу ретінде саралануы қажет. Орындаушы бұл жағдайларда ҚР ҚК 26-бабына сəйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуы тиіс емес. Егер орындаушының қылмыстық əрекеті алдын ала дайындық сатысында үзілсе, онда бұл жағдайда орындаушының əрекетінде басқа бір қылмыстың құрамы бар болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24-бабына сілтеме жасала отырып, белгілі бір қылмысты істеуге даярланғандық немесе оқталғандық ретінде саралануы қажет, ал басқа қылмысқа қатысушылардың əрекеті тиісінше Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24, 28-баптарына жəне нақты қылмыс құрамына сілтеме жасала отырып сараланады. Сондай-ақ жүзеге аспай қалған көмектесушілік үшін жауаптылықта осы негіздерге орай құрылуы қажет. Көмектесушінің көрсеткен қолғабысына қарамастан, орындаушы өз еркімен бастартып қылмыс істемеген болса, көмектесушінің əрекеттері қылмысқа дайындалу ретінде сараланады. Қатысушылар жауаптылығының өзіндік сипаты (орындаушының жауаптылығы мен жазасына ешқандай да бағынышты емес) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 57-бабының 2-бөлігіне сəйкес қатысушылардың біреуінің жеке басына қатысты жауаптылықпен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мəн-жайлар тек сол қатысушыға жаза тағайындау кезінде ғана ескеріледі деп көрсетілгендігінен көрінеді.
Сондықтан да қатысушылардың жауаптылығы негізінен орындаушының жауаптылығына тəуелді болғанымен де белгілі бір дəрежеде өзіндік сипаты болады. Қатысушылардың іс-əрекеттері тəртіпке сəйкес қылмысты жасауда қатысушының рөлін бейнелейтін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының нақты бөлігіне сілтемесіз сараланады. Өз уақытында практикада əрекет етіп тұрған күрделі қатысуды саралау тəртібі туралы ережені дамыту инициативасын профессор П.Тельнов көтерді. Ол қатысушылар іс-əрекеттерін саралауда міндетті түрде РСФСР-дың Қылмыстық кодекстің 17-бабының (ҚР ҚК 28-бабының) сəйкес бөлігін көрсету қажет деді [3].
Шынымен де қылмысты саралау заңдылық қағидасының қажетті көрсеткішінің бірі болып табылады. Сондықтан да саралауда қатысушының əрекетінің құқықтық бағасы өте нақты жəне дəл айқындалуы қажет. Осыған байланысты біз П.Тельновтың көзқарасын толық қолдай отырып, əрбір қатысушының əрекетін тек Қылмыстық кодекстің 28-бабына сілтеме жасап қана сараламай, қылмыстық іс-əрекетте қатысушымен орындалған рөлді көрсететін бөлігінде көрсету қажет. Сонымен бірге орындаушы мен көмектесушінің қылмыстық іс-əрекеттерін ұйымдастырушы нақты басқарған жағдайда қылмыстық жауаптылықтары тең дəрежеде болуы қажет деп санаймыз. Бұл құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің əрбір қатысушының атқарған рөлін өте тиянақты анықтауға жөн сілтейді жəне жазаны дараландыру қағидасын дамытады.
Əдебиеттер тізімі
- Бурчак Ф.Г. Соучастие: социальное, криминологическое и правовые проблемы. — Киев: Выща. шк., — С. 13.
- Павлухин А.Н. Виды и ответственность соучастников преступления // Закон и право. — М.: ЮНИТИ-ДАНА, — С. 91.
- Тельнов П.Ф. Ответственность за соучастие в преступлении. — М.: Юрид. лит., — С. 8.