Кеден органдары өзінің міндеттерін басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып атқарады. Кеден органдарының мемлекеттік органдар жүйесіндегі орнын алдымен оның атқарып отырған қызметтерінің түрлеріне жəне оның қайсы функциясына басым мəн беріліп отырғандығына қарап анықтауға болады. Кеден органдары өзінің фискалдық, реттеушілік жəне қорғаушылық қызметтеріне сай мемлекеттің басқа да атқарушы органдарымен (күш, қаржы т.б. ведомстволармен), банк жүйесімен (валюта бақылауы бойынша), түрлі экономикалық субъектілермен, сыртқы экономикалық əрекетке қатысушы жеке жəне заңды тұлғалармен қоян-қолтық қарым-қатынас жасайды.
Кеден органдары өзінің валюта бақылау қызметін Республиканың Ұлттық банкімен, жалпы банк жүйесімен бірлесе отырып атқарады. 1999 жылдың 5 ақпанынан бастап өз күшіне енген «Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюта бақылауын ұйымдастыру туралы» нұсқаулықтың 6-пунктінің 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы валюта бақылауын валюта бақылау органдары мен агенттері əрекеттегі заңдарға сəйкес өз құзыреті шеңберінде іске асырады» делінген. Осы Нұсқаулықтың 6-пунктінің 2-тармағына сəйкес Ұлттық банк кеден органдарын банкілер мен олардың филиалдарының тізімімен, валютаның ресми бағаны туралы ақпаратпен жедел қамтамасыз етіп отыруы тиіс. Ал кеден органдары Нұсқаулықтың 6-пунктінің 4-тармағына сəйкес өз кезегінде Ұлттық банкке экспорт-импорт валюта бақылауының нəтижелері туралы ақпарат жіберіп отыруы, сондай-ақ Нұсқаулықтың 5-тармағына сəйкес есеп берілген айдың 5-күніне қалдырылмай банкілерге кеден шекарасы арқылы тауарлардың іс жүзіндегі қозғалысы туралы ақпарат беру керек.
Кеден органдарының басты міндеті кедендік шекара арқылы тауарлардың тасымалдануын қадағалау, реттеу екені белгілі. Дегенмен, кеден органдарының құқықтық мəртебесі, функциясы, міндеттері, тағы басқа мəселелерді зерттеп жүрген авторларға көңіл аудара бермейтін Қазақстанның жер аумағы, географиялық-климаттық, демографиялық жағдаяттарына байланысты байқалып жүрген бір құбылыс біздің мемлекетіміздің кеден органдары кейбір жағдайларда өздерінің тікелей міндеттерінде көрсетілмеген кейбір жұмыстарды да қоса атқарады. Мысалы, кеден органдарының іс-əрекетіне құқықтық негіз болған «Кеден кодексінің» 19-бабында Қазақстан Республикасының кеден органдарының негізгі міндеттері аталып көрсетілген. Ол 13 тармақтан тұрады. Бірақ кеден органдарының міндеттерінің ішінде «заңсыз миграциямен күрес» міндеті көрсетілмеген, яғни республиканың кеден органдарының міндеттеріне төлқұжаттық-визалық режимді бақылау жəне іске асыру кірмейді. Төлқұжаттық бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің жəне Қазақстан Республикасының ІІМ-нің Көші-қон полициясының міндеттеріне кіреді. Бірақ та бұл мемлекеттік органдар да қазіргі уақытта əлі де қалыптасу, ұйымдастыру кезеңін бастан өткеруде. Сондықтан кейбір жергілікті жерлерде олардың қызметкерлері мен құрылымдарының жетіспеушілігі байқалуда. Мысалы, Жамбыл облысында қазақ-қырғыз шекарасында өткізу бекеттерінде көші-қон полициясы қызметкерлері жоқ. Қызылорда облысының аумағының біраз бөлігі Өзбекстан Республикасының жер аумағымен шектесетіні белгілі. Ал бұл жердегі шекараларда кеден органдары шекарадағы құқықтық қатынастарды реттеуші бірден-бір мемлекеттік орган болып отыр.
Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік шекарадағы кеден органдары, шекара қызметі жəне көші-қон полициясы қызметтерінің өзара үйлесімді іс-əрекеттерінде талдауды, зерделеуді қажет ететін мəселелер бар. Сондай-ақ осы мемлекеттік органдардың жергілікті жердегі құрылымдарының іс-əрекетінің тəжірибесін, олардың кездестіріп отырған қиындықтарын зерттеп-зерделей отырып, салааралық құқықтық-нормативтік базаны толықтыруы жəне жетілдіру мəселесіне де назар аудару қажет.
Біздің пікірімізше, мемлекеттік шекарамыздың кейбір телімдерінде осы үш мемлекеттік органның (шекара қызметі, кеден органдары жəне көші-қон полициясы) қызметін өзара біріктіре, үйлестіре атқаратын арнаулы жылжымалы бөлімшелер құруға болады деп есептейміз. Мұның өзі мемлекеттік басқарудағы үнемділік жəне тиімділік қағидасын қолданудың бір көрінісі болып, шекарада арнаулы жабдықталған үй-жай, құрал, көлік, адам ресурстарын барынша тиімді, үнемді пайдалануға жол ашар еді. Қазіргі жағдайда Қызылорда облысындағы қазақ-өзбек шекарасындағы кейбір кеден объектілері Қызылқұм шөлінің ішінде елді мекендерден 200–300 км алыс қашықтықта орналасқан. Қазақстанның шекарасының көп бөлігінің құрғақ, климаты қатал, шөл далада, халық аз мекендеген өңірлерден өтетінін есепке алсақ, əрі кеден органдарының, əрі шекара əскерінің, əрі көші- қон полициясының функциясын біріктіре атқаратын жылжымалы жедел шекара бөлімшелері елді əскери, экономикалық жəне заңсыз миграциядан қорғауда үлкен рөл атқаруы мүмкін. Əр мемлекет өзінің атқарушы-билеуші, құқық қорғаушы органдарын, өзінің ішкі-сыртқы, географиялық, демографиялық, экономикалық, т.б. жағдаяттарды еске ала отырып, өзіне тиімді схема бойынша жұмыс істетуіне болады. Басқа мемлекеттердің органдарының жұмыс істеу схемасын механикалық түрде көшіріп алу көп жағдайда мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдаяттарына сай келе бермеуі мүмкін.
Кеден органдарының құрылымы мен құзыреті жағынан биліктің өзге атқарушы органдарынан ерекшеліктері көп. Соған орай мемлекеттік механизмдегі атқарушы билік органдары жүйесіндегі кеден органдарының құқықтық мəртебесін оған жүктелген міндеттер, құзыреті, қызметтік функциялары, ұйымдастыру тəртібі сияқты т.б. өлшемдері арқылы айқындауға болады. Негізінен, кеден органдарының маңызы мен қажеттілігін мемлекеттің өркендеуінің қазіргі сатысында кеден органдары жүйесіз Республика Конституциясында белгіленген елдің егемендігі мен тəуелсіздігін қорғау міндеттері жүзеге аспайтындығымен айқындауға болады.
Қазақстан мемлекетінің сыртқы саудадағы егемендігі, оның халықаралық қатынастарда өзінің ішкі жəне сыртқы саясатына сəйкес тəуелсіз кедендік саясатын жүргізуі, негізінен, кеден органдары арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 1-бабында көрсетілгендей, ел экономикасының тəуелсіздігі жəне тұрақты дамып отыруын оған кереғар əсер етуі мүмкін ішкі жəне сыртқы жағдаяттардан, процестер мен факторлардан, яғни, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі — оның саяси тəуелсіздігінің нығаюының, маңызды алғы шарттарының бірі. Бұл міндеттің орындалуында кеден органдары маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар кеден органдары мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруда, қоғамдық тəртіптің сақталуында, жалпы елдің əлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын айқындауда үлкен рөл атқарып, мемлекеттің валюта бақылауы, құқық қорғаушылық іс-əрекеттері, тағы басқа қызметтеріне де өз құзыреті шеңберінде қатысып отырады.
Жаңа тарихи кезең Республиканың келен органдары алдына жаңа міндеттер қоймақ. 2000 жылдың қазан айындағы Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тəжікстан мемлекеттері Елбасыларының Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы келісім-шартқа қол қоюы мемлекетіміздің кеденшілері алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның ішінде біркелкіленген кедендік ресімдеу жəне кедендік бақылау тəртібін, сондай-ақ біркелкі кедендік режимді қолданатын
кедендік реттеу жүйесін жасау міндеті нақты түрде экономикалық қауымдастыққа мүше-мемлекеттер кеден органдарына жүктелді.
Қорыта айтсақ, кеден органдары қазіргі заманғы мемлекеттік басқару механизмінің маңызды буыны болып, атқарушы билік органдары жүйесінде елдің тəуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қызмет етеді.
Кеден органдары алдына қойылатын міндеттер мемлекетің ішкі жəне сыртқы экономикалық, саяси мақсаттарымен тығыз байланысты болып, белгілі кезеңдегі стратегиялық жəне тактикалық мақсаттарға сай өзгеріп отыруы мүмкін. Кеден ісін, кеден саясатын жүргізу мемлекеттің монополиясы болып, ол негізінен кеден органдары арқылы жүзеге асырылады жəне кеден органдары өз іс-əрекетін тек мемлекеттік басқару шеңберінде ғана жүргізеді.
Кеден органдары Конституцияда белгіленген заң шығарушы органдардың, Президенттің заң дəрежесіндегі нормативтік жəне тиісті ведомстволар мен Үкіметтің заңға тəуелді нормативтік актілеріне, қаулы, ережелеріне сай іс-əрекет жасайды.
Сондай-ақ кеден органдарының Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде көрсетілгеніндей, азаматтар мен мемлекеттің алдында Республиканың экономикалық егемендігін жəне экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, жеке тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуы, сондай-ақ олардың кеден ісі саласында өз міндеттерін орындауын қадағалау бойынша жауапкершілік жүктелген.
Химиялық заттар, қару-жарақтар жəне есірткі заттар халқымыздың санасын уландырып, бірлігін бүлдіреді. Арақтар мен есірткі заттар тұлғаның денсаулығына зиян əкеліп, құлдырауға ұшыратып, алкоголизм мен наркоманияның өсуіне əсер етеді. Бұл қоғамдық жəне экологиялық қауіпсіздікке елеулі нұқсан келтіретіні сөзсіз. Қазіргі кезде қауіпсіздік объектісіне төнетін қауіптердің жаңа түрлері пайда бола бастады. Қазақстан Республикасының табиғи байлықтары жəне құнды шикізаттық ресурстардың бақылаусыз əкетілуі, контрабанданың түрлері көлемі ұлғайып бара жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің мақсаты республиканың қоғамдық қауіпсіздік объектілерінің тиісті деңгейдегі қорғалғандығын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың өзара əрекеттесуі болып табылады.
Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты Қазақстан Республикасының Қоғамдық жəне экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 ж. 30 сəуірдегі
№ 2967 үкімі бар. Осы концепцияда Қазақстан Республикасының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттары көрсетілген [1].
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету механизмін жетілдірудің мақсаты мемлекеттің, қоғамның жəне жеке тұлғаның өмірлік маңызды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін шаралар жүйесін қалыптастыру болып отыр. Бұл саладағы бірінші кезектегі міндеттері келесілер:
- Қазақстан Республикасының қоғамдық қауіпсіздігі жағдайына талдау жасай келе, оны қамтамасыз етуді тікелей жүзеге асыратын негізгі мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылау, соның ішінде қылмыстылықпен күресу тек қана кеден органдары үшін басты міндет болмай (Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Прокуратура), сонымен қатар антикриминогендік экономикалық механизмді жасау жолы арқылы ұйымдасқан қылмыс, наркобизнес, терроризм, контрабанда, қаржылық қылмыстар сияқты қауіпті қылмыстық əрекеттерге қарсы күресте басқа да мемлекеттік органдардың міндеттері болуы тиіс;
- Кедендік бақылау комитеті, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, салық полициясы органдарының облыстық, қалалық жəне аудандық құрылымдарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі негізгі звеноларды нығайтуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру, мемлекеттік жəне қоғам, жеке тұлғалардың өмірлік маңызды мүдделерін тікелей қорғау бойынша жемісті қызмет атқару үшін жағдайлар жасау;
- қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды статистикалық есепке алу үшін қылмыс жəне оны жасаған тұлғалар жөніндегі мəліметтердің біртұтас компьютерленген базасын жасау;
- экономика саласында ұйымдасқан топпен жасалатын қылмыстардың алдын алу жəне ашудың жаңа əдістерін табу;
- əрекет етіп тұрған нормативтік-құқықтық актілерінің біртұтас базасын жасау;
- осы бағыттағы өзге де шаралар.
Аталған бағдарламада көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының қоғамдық жəне экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кеден органдарының атқаратын қызметінің ерекшелігін айтпай кетуге болмас. Бұл салада кеден органдарын өздерінің əрекеті арқылы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де мемлекеттік органдармен бірдей жүзеге асырады. Яғни олар шекара арқылы əкелінетін қару-жарақ, ядролық жəне химиялық улы, есірткі заттарының айналымына шектеу қою, тəркілеу арқылы қамтамасыз етеді.
Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі өте күрделі жəне көп функционалды болғандықтан, қаржылық бақылау жүйесін жетілдіру керек. Қазақстанның əлемдік экономикалық қатынас жүйесіне интеграциялануы кеден ісін жетілдіруді талап етеді. Жаңа Кеден кодексінің дүниеге келуі көлеңкелі бизнес пен контрабанданың азаюына əжептəуір үлесін тигізді. Əрине, бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына ықпалын тигізеді [2].
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тікелей жүзеге асыратын органдардың бірі — Қазақстан Республикасының шекара қызметі. Кеден органдары да Қазақстан Республикасының шекара қызметімен бірге мемлекеттік шекарадағы ұлттық қауіпсіздік саласында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырады жəне мемлекеттік шекарада жеке адамдардың қоғамның жəне мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындауға қатысады.
Қазір əр мемлекеттер өздерінің шекараларының бүтіндігін жəне экономикалық, қоғамдық, экологиялық, əскери, ақпараттық қауіпсіздігі, ішкі нарығын заңсыз əрекеттерден сақтап қалу мақсатында əр түрлі жан-жақты келісімдер, шарттар орнатуда. Осындай құжаттың бірі —«Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше-мемлекеттердің сыртқы шекарасын күзетудегі ынтымақтастық туралы шарты» [3]. Бұл шартқа Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тəжікстан Республикалары отырды. Осы шарттың 2-бабында: «Тараптар сыртқы шекарада терроризм актілерін, қару-жарақтардың жəне оқ- дəрілердің, жарылғыш, улы, есірткі жəне психотропты заттардың, радиоактивті материалдардың жəне контрабанданың өзге де заттарының заңсыз тасымалдануының жолын кесу бойынша, сондай-ақ заңсыз көші-қонмен жəне діни экстремизмнің пайда болуымен күресте ынтмақтастықты жүзеге асырады», — делінген. Демек, ұлттық қауіпсіздікті нығайту саласында мұндай келісім-шарттардың алатын орнының зор екені мəлім. Ал бұл келісім-шарттың орындалуын қамтамасыз ету кеден органдарының қызметіне тікелей қатысты. Яғни біз кеден органдарының осы саладағы өзге де мемлекеттік органдармен бірігіп, қызмет атқаруы үшін оларға құзыреттері шеңберін нақтылай түскеніміз жөн сияқты. Əсіресе Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі мен кеден органдарына бірігіп, үйлесімді жұмыс істейтіндей нормативтік актінің болғаны дұрыс деп ойлаймыз.
Кеден органдары осы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметте келісім-шартқа отырысқан мемлекеттердің кеден қызметімен өзара тəжірибе алмасуы да көп жетістіктер береді. Осылай біз еліміздің қауіпсіздігін қорғау саласында жүрген органдардың тиімді əрі жетістікке жеткен жұмыстарын көруге мүмкіндік аламыз. Қазіргі күллі əлемді, адамгершілікті дүр сілкіндіріп отырған қылмыс түрі — лаңкестік. Бұл қылмыстың алдын алуда əр мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары жəне де кеден органдары əжептəуір жұмыстар жасап келеді. Əрине, мұндай жаман қылмыстың алдын алуда оны ашуда бір ғана органның қызмет істеуі жеткіліксіз екені белгілі. Осы мақсатта Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттердің лаңкестікке қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шарты жасалды. Бұл шарттың мақсаты — шартқа мүше елдері өздерінің мемлекеттерінде терроризмді болдырмау, осыған қатысты құзыретті органдары арасында бірігіп жұмыс жасау көзделген. Шартта бірігіп жұмыс жасаудың бағыттары көрсетілген, олар:
а) ақпараттар алмасу;
б) жедел-iздестiру шараларын жүргiзу туралы сұратуларды орындау;
в) терроризм актiлерiнiң алдын алу, анықтау, болғызбау немесе тергеу үшiн келiсiлген шаралар əзiрлеу жəне қабылдау мен осы шаралар туралы өзара хабарласу;
г) келесi Тараптық аумағында терроризм актiлерiн жасауды өз аумағында дайындауды болғызбау жəне жою үшiн шаралар қабылдау;
д) жоғары технологиялық жəне экологиялық қауiптi объектiлердi жеке қорғау жүйесiнiң жағдайын бағалауға, осы жүйелердi жетiлдiру үшiн шараларды əзiрлеу мен iске асыруда жəрдем көрсету;
е) нормативтiк-құқықтық актiлермен жəне оларды қолдану практикасы жөнiндегi материалдармен алмасу;
ж) мүдделi Тараптар арасындағы келiсiмi бойынша терроризм актiлерiн болғызбау жəне олардың зардаптарымен күресуде практикалық көмек көрсету үшiн, арнайы антитеррористiк құрамаларды жiберу;
з) тəжiрибе жинақтау, семинарлар, кеңесулер мен ғылыми-практикалық конференцияларды өткiзудi қоса отырып террористiк актiлердiң алдын алу жəне күресу тəжiрибелерiмен алмасу;
и) қызметкерлердi дайындау жəне бiлiктiлiгiн көтеру;
к) Тараптардың келiсiмi бойынша жоғары технологиялық жəне экологиялық қауiптi объектiлердi жеке қорғау жүйесi мен құралдарын əзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу жəне тəжiрибелiк- құрастырушылық жұмыстарын бiрлесiп қаржыландыру жəне жүргiзу;
л) антитеррористiк қызметтi қамтамасыз ету үшiн келiсiм негiзiнде арнайы құралдар, техника мен жабдықтардың жеткiзiлуiн жүзеге асыру.
Тараптың құзыреттi органдары өзара мүдделi мəселелер жөнiндегi ақпараттармен, соның iшiнде: а) террористiк қауiп, дайындалып жатқан жəне жасалған террористiк актiлер, жекелеген адамдардың, адам топтарының немесе ұйымдардың терроризм актiлерiн жасау пиғылдары туралы мəлiметтер бар материалдардың өз мемлекеттерiнiң аумағында таратылуы;
б) мемлекет басшыларына, халықаралық қорғаудағы адамдарға, Тараптардың дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң жəне халықаралық ұйымдарының қызметкерлерiне, мемлекеттiк сапарларға, халықаралық жəне ұлттық, саяси, спорттық жəне басқа да шараларға қатысышуларға қарсы бағытталған, терроризм актiлерiнiң дайындалғандығы;
в) ядролық материалдардың, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) қарулардың немесе оның компоненттерiнiң, жоғары уытты химиялық заттардың, патогендi микроорганизмдердiң заңсыз айналымының фактiлерi;
г) өз мемлекеттерiнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн террористiк ұйымдар, топтар жəне жеке адамдар туралы, террористiк ұйымдар, топтар немесе жеке адамдар арасындағы орнаған байланыстар;
д) террористiк əрекет тəсiлдерiн қолданатын, қаруланған заңсыз құрамалар, олардың құрылымы, мүшелерi, мақсаттары мен мiндеттерi;
е) террористiк əрекеттердiң анықталынған тəсiлдерi, амалдары жəне құралдары;
ж) Тараптар өздерiнде бар мүмкiншiлiктерiнiң шегiнде бiр-бiрiне бере алатын қамтамасыз ету жəне жабдықтау заттары;
з) осы Шарттың мəнiсiне қатысты мəселелердi заңмен жəне басқа да нормативтiк реттеудегi тəжiрибелерi;
и) белгiлi болған немесе тұжырымдалған қаржыландыру көздерi мен олардың мемлекеттерiнiң аумағына қарулар жəне терроризм жасаудың басқа да құралдарын заңсыз жеткiзудiң арналары;
к) Тараптардың егемендiгi мен аумақтық бүтiндiгiн бұзуға бағытталған террористiк қол сұғушылықтар; Тараптар үшiн мүдделi басқа да мəселелер туралы ақпараттар алмасады.
Кеден органдары кедендік шекарадан Қазақстан Республикасына өтетін тауарларға кедендік бақылауды жүргізеді. Мұның бəрі Қазақстан Республикасы халықтарының қауіпсіздігін ойлағандықтан, жүзеге асырылады. Кедендік бақылауға қатысты Қазақстан Республикасы 2002 жылы Жүктерге шекарада бақылау жүргізу шарттарын келістіру жөніндегі 1982 жылғы 21 қазанда Женевада қабылданған Халықаралық конвенцияға қосылды [4]. Келісуші тараптар халықаралық жүк тасымалын жақсарту жəне шекара арқылы жүктердің өтімділігіне қолдау жасау мақсатында осы Конвенцияны қабылдаған. Бұл Конвенцияға сəйкес кеден органдары жүктерге қатысты бақылаудың келесідегідей түрлері жүргізіледі:
- медицина-санитарлық бақылау — адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында жүзеге асырады;
- ветеринарлық бақылау — адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, жануарларды қорғау мақсатында жануарларға жəне жануарлардан жасалатын өнімдерге қатысты болатын бақылау;
- фитосанитарлық бақылау — зиянды өсімдіктердің мемлекет шекарасы арқылы тасымалын бақылау;
- техникалық стандартқа сəйкестігін бақылау — тиісті заңмен анықталған мемлекеттік жəне ұлттық стандарт талаптарына сəйкестігін бақылау;
- сапалық бақылау — тиісті заңдармен жəне ережелермен бекітілген құқықтық жəне ұлттық сапалық көрсеткіштерге сəйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
Шартта көрсетілген əрекеттер мен қызметтердің барлығы дерлік мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл əрекеттердің толықтай орындалуы еліміздің кеден органдарының атқарып жатқан құзыретіне тікелей байланысты. Себебі кеденшілер өздерінің қырағылығы арқасында мемлекетіміздің кедендік шекарасынан мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге ниеттенген қылмыскерлердің өтіп кетуіне тосқауыл береді. Осы орайда олардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы атқаратын қызметтерінің рөлі зор.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Қоғамдық жəне экологиялық қауіпсіздік концепциясы жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 ж. 30 сəуірдегі № 2967 Үкімі. Заң деректер базасы.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының 1995 ж. № 2710 Заңы. Заң деректер базасы.
- Нурпеисов Д. Национальная безопасность: правовой аспект: Науч.-справоч. изд. — Алматы: БИ, 2003. — С.
- Қазақстан Республикасының Шекарада жүктерге бақылау жүргізу шарттарын келістіру жөніндегі Халықаралық конвенцияға қосылуы туралы ҚР 2002 жылғы 6 мамырдағы № 320 Заңы // Қазақстан Республикасының Парламент жаршысы. — 2002. — № 19. — 5, 6-б.