Қазақстан Республикасының депутатына анықтама беру үшін депутаттың өз қызметінің түрі бойынша қандай фактілік қатынастарға түсетініне сүйеніп, осы қатынастардың қандай нормалармен реттелетінін анықтап, оның қызметінің тиімділігі мен кедергісіздігін қандай кепілдіктер қамтамасыз ететінін біліп алу керек.
Депутаттар халық мүдделері мен еркін жүзеге асыру барысында осы халық еркін жалпымемлекеттік ерікке айналдырады. Олар өз қызметін мемлекет атынан жүзеге асырады, тек өз сайлаушыларының мүдделерін ғана емес, сонымен қатар мемлекет мүдделерін де ескереді. Сондықтан депутат халық өкілі жəне мемлекеттік билік өкілі болып табылады.
Депутат — мемлекеттік қайраткер, жəне ол мемлекеттік биліктің өкілі болып табылады. Өзінің барлық қызметінде ол жалпымемлекеттік мүдделерді басшылыққа алу керек жəне басшылыққа алады да. Сол себепті республика заңдары депутатты тиісті өкілеттіктермен қамтамасыз етеді, осы өкілеттіктер депутат əрекетінің белсенділігі үшін мықты заңдық негіз құрады. Депутат міндеттері мен құқықтарының барлық жинағы оның мемлекеттік билік өкілі болып табылуының куəсі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты жəне Мəжілісі депутаттарының құқықтарын, міндеттерін, сонымен қатар олардың парламенттік қызметті жүзеге асыру барысындағы негізгі құқықтық жəне əлеуметтік кепілдіктерін белгілейтін құқықтық нормалар Республика Парламенті депутаттарының мəртебесін құрайды. Бұл ережелер Қазақстан Республикасының Конституциясында,
«Қазақстан Республикасының Парламентi жəне оның депутаттарының мəртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Республика Заңында, Парламент жəне оның Палаталарының Регламенттерінде бекітілген.
«Депутат мəртебесі» ұғымының Сенат депутаттарына да, Мəжіліс депутаттарына да қолданылуы олардың Парламенттегі заң шығару қызметін жүзеге асыруы барысындағы құқықтық жағдайларының теңдігін анықтайды. Дегенмен, Сенат пен Мəжіліс депутаттарының құқықтық жағдайларын екі дербес құқықтық институттар ретінде жеке-жеке қарастыру да қисынды болары сөзсіз, себебі Парламент Палаталарының құрылуы мен қызметінің əрқайсысына тəн тек өзіндік ерекшеліктері бар.
Мұндай ерекшеліктер, ең алдымен, олардың құрылуы барысында анықталады. Республика Конституциясының 51-бабының 4-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын жəне оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Яғни республика аумағында тұрақты тұру мерзімі екі Палата депутаттары үшін де бірдей.
Ал айырмашылықтарға келер болсақ, негізгі ерекшелік Мəжіліс депутаттарының халықпен тікелей сайланып, халық өкілі болып табылуымен байланысты. Республика Конституциясының 51- бабы 1-тармағы Мəжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылатындығын, Мəжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтындығын бекітеді.
Сенат Палатасының депутаттарын жергілікті өкілді органдар — облыстық, қалалық, аудандық мəслихаттар депутаттары сайлайды, яғни Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Негізгі Заңға сəйкес Сенат Конституциялық заңда белгіленген тəртіппен əр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан жəне Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мəдени жəне өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды (Конституцияның 50-б. 2-т.).
Келесі топқа жас мөлшеріне, тұрғылықты тұрағына, жұмыс өтіліне байланысты айырмашылықтарды жатқызуға болады: жасы жиырма беске толған адам Мəжіліс депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі жəне кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Сонымен қатар екі Палатаның өкілеттік мерзіміндегі айырмашылықтарды ескере кету қажет. Мəжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл, ал Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі — алты жыл, жəне сайланған Сенат депутаттарының жартысы əрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінің тоқтатылуына келер болсақ, онда Конституцияға сəйкес өкілеттік мерзімнің тоқтатылуында екі Палата депутаттарының үшін бірдей ортақ жəне əр Палата депутаттары үшін жеке шарттар қарастырылған. Айталық, Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-əрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда тоқтатылады. Сонымен қатар Парламент депутаты: 1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен; 2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген; 3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады. Бұл екі Палата депутаттары үшін ортақ шарттар. Ал олардың өкілеттік мерзіміндегі айырмашылықтар Конституция ұйғарымы бойынша былай анықталады: «Парламент Мəжілісінің депутаты: 1) депутат конституциялық заңға сəйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған; 2) Конституциялық заңға сəйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады. Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Парламент жəне Парламент Мəжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мəжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады» (Конституцияның 52-б. 5-т.).
Ал «Қазақстан Республикасының Парламентi жəне оның депутаттарының мəртебесi туралы» Конституциялық заң Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігін, сонымен қатар тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жəне Республика астанасының барлық мəслихаттары атынан өкілдік ететін депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігі осы таңдаушылардың шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігін қарастырады (24-б. 5-т.). Осы орайда аталмыш Конституциялық заңның 24-бабының 4-тармағы Парламент Мəжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкілеттігі оның шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігін де қарастырғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар «өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған», «...депутатты сайлаған саяси партия» деген ұғымдардың дұрыстығы да күмəнді. Себебі Мəжіліс депутатын халық сайлайды, ал саяси партия оны сайлауға ұсынады.
Республика Конституциясының 62-бабының 7-тармағы республика заңдарының Конституцияға қайшы келмеуі қажеттігін бекітеді, яғни республикалық заңдар өз негізін Конституциядан алуы қажет. Олай болса «Конституциялық заңның аталмыш тармағы өз бастауын қайдан алды?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Себебі Конституция «тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жəне Республика астанасының барлық мəслихаттары атынан өкілдік ететін депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігі осы таңдаушылардың шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігін» де, «Парламент Мəжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкілеттігі оның шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігін» де қарастырмайды жəне Конституцияда өз нормасын одан əрі өрбіту үшін өзге актіге сілтеме жасалмайды. Онда тек Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкіндігі туралы нақты норма ғана бекітілген.
Жалпы кез келген лауазымды тұлғаның құқықтары мен міндеттері оның қызмет əрекетімен тікелей байланысты. Сондықтан депутаттық қызмет нысаны ретінде оның өз сайлаушыларымен жүргізетін жұмысын ерекше атауға болады. Парламент депутаты, əсіресе Мəжіліс депутаты өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болуы қажет. Мəжіліс депутаты өзін сайлаған халық алдында өз жауапкершілігін ұмытпауы қажет. Əрине, кейінгі Конституцияға енгізілген өзгерістерге сəйкес Мəжіліс депутаты өзін ұсынған саяси партияға тəуелді, демек, өзіне «ұнамаған» депутатты саяси партия өз қатарынан шығарып тастаған жағдайда, депутат өз мандатынан айырылады. Сол себепті депутат өз қызметінде өзі шыққан партияның мүддесін басшылыққа алады. Дегенмен, ол өзін сайлаған халықты, яғни өз сайлаушыларын, ұмытпауы тиіс. Олардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануы қажет. Мұндай шаралардың қатарына сайлаушылардан келіп түскен арыздар, өтініштер, ұсыныстарды қарастыру, оларда көрсетілген мəселелерді дұрыс жəне дер кезінде шешу үшін өз өкілеттігі шегінде мүмкіндік жасау, азаматтарды қабылдау, қоғамдық пікірді зерделеу жəне қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктерге ұсыныстар енгізу жəне т.б.
Қазіргі уақытта Парламент депутатының сайлаушылармен қарым-қатынасын жан-жақты, түпкілікті, нақты реттейтін бірде-бір нормативтік құжат жоқ. Тіпті Парламент жəне оның Палаталарының Регламенттерінде де аталмыш мəселе нақтыланбаған.
Парламентарийлер мəртебесін сипаттайтын жалпы ережелерге, ең алдымен, оның заң шығару қызметі саласындағы құқықтары мен міндеттерін анықтайтын нормалар жатады.
Қазақстан Республикасының əрекеттегі Конституциясы бойынша (61-б. 1-т.) заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі жəне тек қана Мəжілісте жүзеге асырылады. Заң шығару бастамасы құқығы заң жобалары мен оларға енгізілуі қажет түзетулерді Мəжіліске енгізу нысанында жүзеге асырылады. Бұл заң шығару қызметін жүзеге асыруда Парламент депутаты үшін аса маңызды, қажетті құқықтардың бірі болып табылады. Себебі оның басты қызметінің ең бірінші, негізгі, сатысы — заң шығару бастамасы.
Қазақстан заңнамасында көзделген депутаттарға берілетін құқықтардың басым бөлігі олардың парламенттік қызметті еш кедергісіз жүзеге асыруына бағытталған. Олардың ішіндегі ең негізгісі — депутатқа ешкімнің тиіспеу құқығы. Аталмыш құқық Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, сот тəртiбiмен белгiленетiн əкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайтындығымен анықталады.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамасы Парламент қызметінің мəселелері бойынша өз əрекеттерін жүзеге асыру бойынша депутаттарды келесі құқықтармен қамтамасыз етеді:
- лауазымды тұлғалармен кiдiрiссiз қабылдану құқығы. Бұл құқыққа сəйкес депутаттық қызмет мəселелерi бойынша депутат мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға бөгетсiз кiру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен жəне басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады. Депутат барған барлық органдар, мекемелер, ұйымдар, лауазымды тұлғалар оған кідіріссіз жауап беруге немесе ол сұраған құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті. Депутаттың үндеуіне байланысты қосымша зерделеу қажет болған жағдайда органның, мекеменің, ұйымның жетекшісі, лауазымды тұлға бұл жөнінде депутатқа хабарлауға міндетті.
Депутаттың тиісті органдар, мекемелер, ұйымдар мəжілістерінде, оның ішінде жабық мəжілістерінде де, өзі қойған сұрақтарды қарау барысында қатысу құқығы бар. Сонымен бірге депутаттардың тергеу органдарының, тергеушілер мен соттардың қызметіне араласуға құқығы жоқ;
- депутаттардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету. Аталмыш құқыққа сəйкес Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық жəне анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етедi. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мəселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi;
- депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық жəне əлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету. Аталмыш құқық Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан жəне заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы жəне жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiлуін, Парламент депутатының өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн əрбiр депутатқа: а) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алуын; б) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұруын, Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленуін қамтамасыз етеді.
Парламент депутаты айтылғандармен бірге заңмен белгіленген тəртіпте депутаттық сауалдар мен сұраулар салады. Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен жəне бөлек отырыстарында депутаттық мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретіне кіретін мəселелер жөнінде Парламент сессиясында негізделген түсініктеме беруін немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
Парламент депутатының Премьер-министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне сұрау салуға құқығы бар.
Сұрау салудың жазбаша не ауызша болуы мүмкін жəне сұрау салу нақты лауазымды тұлғаға арналады. Сұрау салу мен оған жауап беру тəртібі Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентімен қарастырылады. Өздеріне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламенттің немесе Палатаның жалпы отырысында ол жөнінде жауап беруге міндетті. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нəтижелері бойынша Парламенттің немесе оның тиісті Палатасының қаулысы қабылданады.
Заң органы жұмысының сапалы нəтижесі Парламентпен, оның Палаталары жұмысы ережелерінің депутаттарымен сақталуына байланысты. Депутаттардың өздері мүшесі болып табылатын Палатаның, тұрақты комитеттердің, комиссиялардың отырыстарына қатысуы кворуммен тығыз байланысты, демек, отырыстың құқықтылығы, заңдарды қабылдау мүмкіншілігі, қоғам үшін үлкен саяси маңызы бар басқа да мəселелердің шешімі депутаттардың айтылған органдар отырыстарына қатысуымен тікелей тығыз байланысты.
«Парламент жəне оның депутаттарының мəртебесі туралы» Конституциялық заң депутаттардың қызмет тəртібін бұзғаны үшін тəртіптік жазалау қарастырады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дəлелді себептерсіз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндері үшін жалақы төлеуден бас тартылады, ал дəлелді себептерсіз бір айдан артық қатыспаған жағдайда — ол өзіне берілген барлық материалдық, қаржылық жəне əлеуметтік- тұрмыстық (жалақы, іссапарлар, көлік құралдары, санаторийлік-курорттық қызмет көрсету) қамтамасыз ету жағдайларынан айрылады.
Депутат Парламенттегі халық өкілі ретінде өзінің мінез-құлқы мен қызметін қоғамдағы адамгершілік талаптарына негіздеу керек. Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті депутаттық əдеп ережелерін белгілейді. Бұл ережелер депутаттың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы барысында, сондай-ақ қызметтен тыс уақыттарда басшылыққа алуы қажет мінез-құлық нормаларын анықтайды. Депутаттық əдеп ережелері келесі нормаларды қамтиды:
- Республика Парламентінің депутаттары бір-біріне жəне Парламент Палаталарының, комитеттердің, комиссиялар мен Парламент құрған басқа да депутаттық құрылымдардың жұмысына қатысушы өзге де адамдардың бəріне сыйластықпен қарауға тиіс;
- өз сөздерінде Парламент депутаттарының жəне басқа адамдардың ар-ожданы мен қадір- қасиетіне нұқсан келтіретін орынсыз айыптауларды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс;
- заңсыз жəне күш қолданатын əрекеттерге шақырмауға тиіс;
- Парламент Палаталарының, оның үйлестіруші жəне жұмыс органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс;
- шешеннің сөзін бөлмеу керек;
- бөтен карточканы пайдаланып, дауыс бермеу керек;
- іс-əрекетімен намысқа тиетін қимыл-əрекет жасауға, сес көрсетуге жəне қорлауға жол бермеу керек.
Өзінің депутаттық қызметін жүзеге асыру барысында жəне қызметтен тыс уақытта депутат белгіленген ережелерді ұстануға тиіс. Депутат мемлекеттік жəне өзге де заңмен қорғалатын құпиялары бар ақпаратты ондай құпияларды сақтаудың белгіленген тəртібін сақтай отырып, пайдалануға міндетті. Депутат өз қызметінің түрі бойынша мемлекеттік жəне өзге де заңмен қорғалатын құпиялары бар материалдармен жиі танысып отырады. Осы сипаттағы материалдарға ұқыпсыз, немқұрайлы қарау мемлекет, қоғам мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдай заңды жауаптылыққа əкеліп соқтырады. Регламентте мемлекеттік құпиялары бар құжаттарды сақтау тəртібін қатал сақтау міндеттілігі туралы айтылады.
Парламент Палаталары мен оның органдарының жабық отырысында депутаттарға белгілі болған мəліметтерді жарияламау əдептік ережелерге жатады.
Парламенттен өкіл болуға арнайы өкілеттігі жоқ Парламент депутаты басқа мемлекеттердің лауазымды адамдарымен жəне мемлекеттік органдарымен тек өз атынан ғана қатынас жасай алады жəне ол депутат ретінде емес, қатардағы азамат ретінде қатынас жасайды. Бұл орайда депутат Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға, өз əрекеттерімен Республика мүдделеріне нұқсан келтірмеуге, сондай-ақ басқа мемлекеттердің заңдарын бұзбауға, оларда мекендейтін халықтардың ұлттық дəстүрлері мен салттарын құрметтеуге міндетті.
Депутаттық əдеп ережелері депутаттың бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференцияларында, митингілерде, өзге де көпшілік алдында сөйлеген сөздерін де қамтиды. Өз сөздерінде депутат анық жəне тексерілген фактілерді ғана пайдалануға, қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауларға жол бермеуге, кез келген азаматтың ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс. Себебі депутат Парламенттен тыс жерлерде де азаматтардың санасында заң шығару органының өкілі ретінде қабылданады жəне оның сөздері мен мəлімдемелеріне азаматтар ерекше сеніммен қарайды. Сондықтан депутаттың ойланбай, сарапқа салмай айтқан сөздері қажетсіз саяси салдар тудырады.
Депутаттық əдеп ережелері депутатқа сынап сөйлеген сөздерінде шындыққа үйлеспейтін не тексерілмеген фактілерді қасақана немесе абайсызда қолданып қалған жағдайда осы орайда мүдделері мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрауды ұсынады — бұл Парламент депутатының парызы. Егер адамдардың мүдделері мен намысы елеулі түрде зардап шексе, зардап шегушілер сотқа арыздана алады.
Депутаттар Парламент пен оның Палаталарының Регламенттері белгілеген депутаттық əдеп ережелерін сақтауға міндетті. Осы ережелер бұзылған жағдайда тиісті Палата Төрағасының шешімі бойынша депутатқа келесі жазалау шаралары қолданылады:
- парламенттік мінеу;
- көпшілік алдында кешірім сұрауға мəжбүр ету;
- Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір жалпы отырысы бойы сөзден айыру;
- Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы бойы сөзден айыру;
- Палаталардың бірлескен немесе бөлек жалпы бір отырысы уақытына залдан шығарып жіберу;
- біркүндік жалақысынан айыру.
«Қазақстан Республикасының Парламенті жəне оның депутаттарының мəртебесі туралы» Конституциялық заңға сүйене отырып, Парламент депутаттары тіркелген саяси партиялар жəне өзге де қоғамдық бірлестіктер атынан саяси фракциялар мен депутаттық топтар түрлеріндегі депутатық бірлестіктер құруға құқылы. Депутаттық фракция Парламенттегі саяси партиялардың немесе қоғамдық бірлестіктердің ортақ саяси көзқарастары жəне əрекет бағдарламасына сəйкес Парламент мүшелерімен құрылатын ерікті бірлестік болып табылады.
Сонымен, фракция — бұл заңмен белгіленген тəртіпте тіркелген саяси партияны немесе өзге қоғамдық бірлестікті көрсететін депутаттардың ұйымдасқан тобы. Фракция Парламенттегі тиісті саяси партияның немесе өзге қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады, ал заң шығарушы органдағы депутаттық топ депутаттардың сайлау округтеріндегі бірлесіп атқаратын жұмыстары үшін құрылады.
Депутаттар фракция атынан Парламент депутаттарын азаматтардың өтініштерімен, фракциялар қабылдаған шешімдермен таныстыруға құқылы. Бұл халықтың, қоғамдық бірлестіктердің, аймақтардың белгілі бір əлеуметтік топтарының проблемаларына қатысты мəселелерді Парламент Палаталарында көтеруге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты депутаттар — депутаттық бірлестіктер өкілдері мемлекеттік органдарда жəне лауазымды адамдардан фракцияның қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратып алуға құқылы. Сонымен, осы айтылғандардан депутаттық фракциялардың жеткілікті құқықтарға иелік ететіні жəне, егер депутаттың оның мəртебесімен белгіленген құқықтарын есепке алсақ, онда фракциялардың өз партиялық қызметін депутаттық міндеттерді пайдалана отырып өрістетуі үшін кең құқықтық алаңға иелігі айқын көрінеді. Дегенімен бір-біріне қарым- қатынастылығы бойынша депутаттық құқықтардың бірегейлігін есте ұстау қажет.
Қазақстан заңы Республика Парламентінде Парламенттің кем дегенде он депутатын біріктірген парламенттік фракцияны, кем дегенде 15 депутатты біріктірген депутаттық топты тіркеу мүмкіншілігін қарастырады. Фракциялар мен депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Фракциялар мен депутаттық топтарды тіркеу үшін Парламент Палаталарының Бюроларына жазбаша хабарлама жіберіліп, онда оның атауы, мақсаттары құрамы мен фракцияның немесе депутаттық топтың атынан сөйлеуге уəкілдік берілген жəне Парламенттің, Палаталардың отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттік органдарда, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерде оның өкілі болатын адамдар белгіленеді.
Республика заңы сондай-ақ депутаттарға бір мезгілде бір депутаттық фракция мен бірнеше депутаттық топтың мүшесі болу құқығын береді.
Депутаттық бірлестіктер Парламент басшылығымен өзара қалай əрекеттеседі? Біріншіден, депутаттық фракцияны тіркеу тіркелу ретімен жүргізіледі жəне тек қана ақпараттық сипатта болады; екіншіден, депутаттық фракциялар өздерінің шешімдері туралы Палаталар Төрағаларына хабарлап отыруға міндетті, өз кезегінде, төрағалық етуші жарыссөз уақытында сөз беруді талап еткен депутаттық бірлестік мүшелеріне сөз беруге міндетті; үшіншіден, Палаталар басшылығының депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметіне араласуға құқығы жоқ, ал олардың құрылымы дербес құрылады. Дегенмен фракция немесе депутаттық топ жаңа мүшелерді қосып алған не олардың құрамынан депутаттар шыққан кезде ол жөнінде өзін тіркеген Бюроға хабарлауға міндетті. Егер депутаттар депутаттық бірлестіктен шыққан жағдайда оның сан құрамы оны тіркеген кезде болуға тиісті мүшелер санынан азайып қалса, ол өз қызметін тоқтатады жəне депутаттық бірлестік бұл жөнінде өз өкілдері арқылы Бюроға хабарлайды.
Мұндай шараның қандай түрде жүзеге асырылатыны, яғни депутаттық фракция атынан жазбаша хабарландыру не мəлімдеме беріле ме, Палата Бюросы мұндай жағдайда қандай шешім қабылдайды, бұл хабар Палатының жалпы отырысында көтеріле ме əлде Палата Бюро шешімін өз қаулысымен бекіту қажет пе — бұл мəселелер Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентінде анықталмаған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес депутаттық топтар сайлау округтерінде бірлесіп жұмыс істеу үшін құрылады жəне олардың бұл жұмысы депутаттық қызмет өкілеттіктерінің шеңберінен шықпау керек. Мұндай анықтама депутаттық топтың қызметін елеулі деңгейде шектейді. Депутаттық фракцияға берілген құқықтарға депутаттық топтар ие бола алмайды. Депутаттық топтың депутаттық фракциялардың саяси бағдарламаларын қолдауға құқығы жоқ. Оның негізгі бағдарламалық ішкі саяси бағыты саяси жəне əлеуметтік тұрақтылықты одан əрі нығайту,Республиканың демократиялық институттарын дамыту туралы Президент идеяларын жан-жақты жүзеге асыру болып табылады.
Казақстан Парламенті Сенаты жəне Мəжілісі депутаттарының жоғарыда қарастырылған конституциялық-құқықтық мəртебесі олардың құқықтарының теңдігін анықтайды. Бұл теңдік екі палатаның құзырындағы мəселелердің маңыздылық деңгейімен тікелей байланысты. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында, кейбір ғалымдар мақалаларында Сенаттың — жоғарғы, Мəжілістің — төменгі Палата деп аталуы негізсіз.