Техногендік елеулі табыстарға қол жеткізген адамзаттың гуманитарлық-əлеуметтік салада əрбір басқан қадамы күрмеулі болып отыр. Сондай күрмеулі саланың бірі — қылмыстылық проблемасы. Қылмыстылық қоғамның қатты алаңдаушылығын, тіпті, үрейін туғызып отырған мəселе болып танылады. Қылмыстылық үдерістерінің жағымсыз үрдістері, оның аса қауіпті түрлері мен нысандары, əсіресе ұйымдасқан қылмыстылық, трансұлттық қылмыстық ұйымдар жəне т. б. туралы мəліметтер қорқыныш туғызарлық ауанда заманауи ақпараттық құралдар мен тетіктер арқылы кез келген адамның миына күн сайын, сағат сайын құйылуда. Соған сəйкес жеке адам, қоғам, мемлекеттік құрылымдар қажетті іс-қимылдың стратегиясы мен тактикасын жасауға міндетті сезінеді жəне солай істейді де.
Шынтуайтында, қылмыстылық соншалықты қорқынышты «құбыжық» па? Оның басқа «құбыжықтардан» айырмашылығы неде? Ол өзі бар ма? Бар болса, неге ұстатпайды? Міне, заманауи қылмыстанушылар қазір осындай сауалдарды тауып алды. Бір қарағанда əдеттен тыс көрінетін болғанымен, бұл жəне осы тақылеттес сауалдар объективті. Оларға жауап табылмай қылмыстылыққа қарсы тұру, одан қорғану, оның алдын алу тиімді болмайды деп пайымдаймыз.
Қылмыстылыққа əсер ету жөніндегі ғылыми-тəжірибелік ұсыныстардың қарама-қайшылықты болып отырғаны сондықтан болар. Ғалымдардың бір тобы қылмыстылықпен күресте қолданыстағы заңнама либерализм сырқатына ұшыраған деп есептеп, қылмыстық саясатты қаталдатуды жақтаса, екінші бір тобы бұған керісінше, қылмыстылықтың қауіптілігінің жоғарылығы туралы қоғамдық пікір мен кейбір айтылып жүрген ойлар шындыққа жанаспайды деп санап, сондықтан криминалистік заңнаманы тереңірек гуманизациялау бағытын негіздейді. Үшінші топ ғалымдар жоғарыда аталған диаметралды қайшыласқан пікірлерден тəуелсіз, өздерінің зерттеушілік қызығушылығына орай таңдаған мəселелер ауанында қолданыстағы заңнаманы «косметикалық əрлеу» жөнінде іс жүзінде пайдасыз ұсыныстар жасаумен айналысуда. Бұл — қылмыстану ғылымы мен тəжірибесінің шынайы өмірден алшақтағанының, яғни дағдарысқа ұшырағанының, анық белгісі. Бүгінгі күні қылмыстану позитивтік жауаптар саласынан шексіз сауалдар майданына айналған. Ол өз сауалдарына өзі жауап беруге қабілетті ме?
Қылмыстылық болмыснамасын шешуді өзінің басты танымдық мұраты ретінде алған қылмыстану ғылымының тоқырауының, өзінің көздеген мақсаттарына жете алмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қылмыстану қылмыстық-құқықтық заңнамалық шырмаудан шыға алмады. Өзінің басты пəнін зерттеуде оның тек формалдық заңи қырларына ғана көңіл бөлді. Екіншіден, қылмыстанудың қылмыстылық болмыснамасын тануда танымның орта деңгейінде тұрған аралық ғылымдармен ғана əрекеттесуі оны (қылмыстануды) өзінің зерттеу мұратының қажетті биігіне шығармады. Үшіншіден, қылмыстану қылмыстылықтың болмыснамасын тануға материалистік тұрғыдан ғана келіп, өзгеше көзқарастарды, оның ішінде адам табиғатының бірнеше өрістен тұратын күрделі құрылысын ескермеді. Қылмыстылық болмыснамасын тануда субъектінің, яғни оның «авторының» («иесінің», «жауапкерінің») — адамның, мəні мен рөлі кішірейтіліп, қарабайырланып, біржақты, ол əлеуметтік ортада қарекет ететін биологиялық (тəни, жани өрістер) сүриет (существо) ретінде ғана танылды.
Дəл өлшемдерге сүйенген, Жоғары Принциптің барлығына сенбейтін, тек көзбен көріп, құлақпен естігенге ғана сенетін «дəлелді ғылым» («дəлелді медицина» деген сияқты. — Б.С.) адамның тəн мен жаннан басқа, рухы, руханият дүниесі (өрісі) бар екеніне тиісті «дəлел» таппағаны себепті, оны жоққа шығарумен келеді.
Міне, осы жəне тағы басқа да себептер қылмыстануды өзінің таным нысанасын толығырақ, оның табиғаты мен мəні тұрғысынан тануға мүмкіндік бермейтін қысқа өреде, яғни əдіснамалық бұғауда, ұстап отыр. Ал қылмыстылық болмыснамасын ашу үшін адамның рухына, руханият өрісіне тереңдей үңілу қажет. Қылмыстылықтың табиғатын, мəнін, себептерін əлеуметтік ортаның түрлі деңгейінен немесе адамның психологиясынан іздеу бізді өнімсіз қу тақырды шиырлауға мəжбүр етеді. Əрине, бұл екеуіне қатысты факторлардың қылмыстылықпен тығыз байланысы бар.
Мəселе мынада, қандай қолайсыз əлеуметтік орта қоршамасын (мысалы, социализм, капитализм), адамдардың бəрі бірдей қылмыс жасай бермейді. Оларды осы бір əрекеттен ұстап тұратын қылмыстектілікке кері əлеует бар. Сталиндік, гитлерлік режимдерде, концлагерлердегі азапты жағдайларда адамдарды адамдығынан айыртпаған не нəрсе? Егер олай болса, онда осы əлеуеттің өзегі неде? Бұған керісінше, қандай ізгілікті əлеуметтік орта болса да, ол қоғамда жамандықтың (қылмыстылықтың) да көрініс беретіні шындық. Яғни жақсылықтың өзінде адамдар өзін жаман жағынан көрсете алады. Ол жамандықтың тамыры неде? Қарама-қайшылықтардың бірлігі қағидатына сəйкес, осы сұрақтарға жауапты бір жерден іздеу керек шығар... Абай айтқандай, «жақсылық та, жамандық та өзіңнен».
Демек, қылмыстылық болмыснамасының құпиясын əлеуметтік ортадан іздеу дұрыс емес. Əлеуметтік ортаның өзін адамдар құрайды, адамдар жасайды, өзгертеді. Яғни əлеуметтік орта заңдылықтары екіншілік (вторичный) сипатта. Ал психологияға келсек, оның негізінде қылмыстылықтың бірнеше теориясы жасалғанымен, оларды толымды деуге болмайды.
Сонымен, əлеуметтік орта мен адам психологиясы, шынтуайтында, қылмыстылық болмыснамасының онтологиясына үңілуге мүмкіндік бермейді. Оларды екінті факторлар деуге болады. Ендігі назарды адамның рух өрісіне, рухани дүниесіне аударуды жөн көретін қатар көбейіп келеді. Өз кезегінде рух, руханият дүниесі дінтанудың шекарасында жатқан дүниелер болғандықтан, позитивтік ғылымның назарына лайықты емес деп танылып келді жəне біз əлі де сол үрдістің сақталуына куə болып отырмыз.
Ал бүгінгі күні адамның үшінші өрісі — рух дүниесі, руханият əлемі қазіргі заманауи көзқарастар тұрғысынан ашық айтуға болатын тақырыпқа айналды. Оның өзінде, осы салада Батыс пен Шығыс негізгі категорияларды тануда əр түрлі ұстанымдарға жүгінеді, алуан түрлі тұғырларға сүйенеді. Батыстық негіздегі жаратылыстану ғылымдары қаншалықты дамып, ғаламдық маңызды жаңалықтар ашқанымен, дүние өз құпиясы ашуға асығар емес. Рух пен руханият көбіне метафора, мүлде дерексіз жəне адам болмысынан ажыраған, тұрмысқа (əлеуметтік-экономикалық ортаға) тəуелді категориялар ретінде қолданылады. Алайда бүгінгі ғылым мен білімнің, қоғамның, жалпы əлемнің дағдарысты күйінен шығу осы мəселелерге түбегейлі бетбұрыс жасау арқылы ғана мүмкін болмақтығы күн өткен сайын айқындала түсуде. Сондықтан ғылым, оның ішінде қылмыстану да бар, жаңаша бір əдістердің көмегімен өзінің дағдарысты жолынан шығуды ойластыруы керек. Ол үшін танымның көкжиегін кеңейтетін деңгейге көтеріліп «ғылым, философия, дін» үштігінің бірігуіне қол жеткізген жөн. Біздің ойымызша, бұл үшеуі де дүниетанымның үш түрлі нысаны, тек əр түрлі тілде, əр түрлі координаттар жүйесінде сөйлейді. Яғни үшеуі бірінің айтқанын бірі терістеу арқылы емес, бірін-бірі толықтыру арқылы таным көкжиегін кеңейтуге қол жеткізуі тиіс.
Əсіресе қылмыстану жəне дінтану арасындағы өзара байланыстар, түйісуі жəне алшақтау нүктелері бүгінгі күн тұрғысынан да, жалпы қылмыстанудың даму келешегі тұрғысынан да өте өзекті мəселелер болып табылады деп пайымдаймыз.
Адамзат баласына үшінші мыңжылдықтың табалдырығын аттауға мүмкіндік берген XXI ғасырдың бұрынғы өткен замандардан қордаланып қалған мəселелерді шешуге қабілеті жетер ме екен?! Бастауында ма, əлде одан кейін бе, əйтеуір бір кезде тұтастық бірлікте болған «сенім — таным – білім» келесі бір заманда адам дүниетанымының жарықшақтануы нəтижесінде дін, философия, ғылым болып бөлінсе, олар қазіргі заманға одан əрі қарай қаншама бағыттарға, мектептерге, салаларға бөлшектеліп жетті.
Алайда бір ғажабы — əрбір салада қаншалықты ілгерлеу болды десек те, тұтастай алғанда адамзат бір орнында тұрғаны айқындалуда. Жаһандану үдерістерінің асау толқындарының құшағына түскен замананың сұраныстарын жеке-жеке алғанда ғылым да, философия да, дін де қанағаттандыра алмауда. Олардың əрқайсысының түрлі саласының өзінің тірелген тығырықты мəселелері бар. Бұлар өзінің жиынтығында қоғамның, адамзаттың, адам дамуының дағдарысын құрайды. Ал, ол туралы аз айтылып жүрген жоқ.
Осы дағдарыстан шығудың жолы ретінде Кен Уилбер «интегралдық сананы» [1] ұсынса, Г.А. Югай енді одан да ауқымды ұғым болатын Жаратылыстың голографиясының əмбебап философиясын ұсынады. Үш өлшемдік голографиялық қағидатқа сүйене отырып, Г.А. Югай метафизиканы үш түрлі түсінеді: 1) санадан тысқарылық мағынасындағы асқынфизикалық, яғни физикадан кейінгі нəрсенің (Аристотель бойынша) аржақтылығы мағынасында; 2) дүние тұтас нəрсе ретінде; 3) болмыстық жəне жалпы шекті негіз туралы ілім. Содан келіп, ол қағидаттардың жалпы жүйесі негізінде құрастырылған тұтас дүниені — универсумды метафизикалық тану осы əмбебап философияның пəні болады деп пайымдайды. Материя мен рухты қарама-қарсылықта қарастыратын диалектика Универсумның тұтастығын зерттеуді метафизикаға өз еркімен береді. Голографияның дамуына байланысты материалдық жəне идеалдық арасындағы шек едəуір жойылады, өйткені олар əр түрлі құбылыстар емес, бір құбылыстың екі жағы екен. Материя мен рух дегеніміз — бір нəрсе, өйткені сана дегеніміз Жаратылыстағы барлық нəрсеге жан беретін нəзік материя дей келе, Г.А. Югай заманауи ғылымның нағыз (сущее), бейсана, рух, баршаның бірлігі, ақпарат, түйсік, еуразиялық, сенім, ерік, үн, құндылық, мағына, арийлік жəне басқа да «классикалық емес», бақыланбайтын, асқын сезімдік қасиеттермен, виртуалдық құбылыстармен өзара əрекеттесуге жиі түсетінін айтады [2].
Міне, осы дүниетанымды негізге алып, өзіндік дағдарысты бастан кешіп отырған қылмыстану ғылымын да орнынан қозғауға болады деп пайымдаймыз.
Қылмыстанудың негізгі зерттеу нысанасы — қылмыстылық жөнінде жинақталған танымдық жəне теориялық материалдар ол туралы нақты тұжырымды көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік бермей отырғаны бүгінгі күннің шындығы. Қылмыстылық жəне оның себептері көптеген көзқарастар тұрғысынан зерттеліп келе жатқанымен олардың əлі күнге дейін жан-жақты, толымды, ортақ теориясы жасалған жоқ.
Сондықтан осы бір дағдарыстық жағдайдан шығу үшін қылмыстанушылар дəстүрлі зерттеу шеңберін кеңейтіп, əсіресе руханият дүниесіне ерекше назар аудара бастады. Бүгінгі күні ресейлік қылмыстанымдық əдебиетте жанды, рухты, руханиятты (адамның жандық қуатын) шынайы бар əрі қылмыстанымдық маңызға ие құбылыстар ретінде зерделеу қажеттігі айтылып жүр [3].
Сол мақсатта құрылған қылмыстанушылардың түрлі қауымдастықтары бұрынғыдай тар тұғырда емес, кең де, алуан түрлі дүниетанымдық негізде жұмыс істеуде. Мəселен, Санкт-Петербург қылмыстану клубына қатысушылардың көпшілігі ресейлік қылмыстанушылардың теориялық ізденістерін бұғаулаған «марксистік-лениндік инфекциясы бар өлімші идеяларды» мүлде қабылдамау тұғырында бас біріктіріп отыр [4], ал мұның өзі, В.А. Бачининнің пікірінше, қылмыстану кеңестік ауыр мұрадан азаттық алып, əрекет етер интеллектуалдық кеңістікке шыққанын білдіреді» [5].
Тағы бір жерде В.А. Бачинин: «Барша əлемнің гуманитарийлары куə болған постмодерн заманының келуі модерннің екі ғасырлықтай дискурсында орын тепкен секулярлық идеялардың, тұжырымдамалардың, доктриналардың абсолюттік көпшілігі өздерінің эвристикалық мүмкіндіктерін көзге көрінердей тауысып үлгергенін көрсетеді. Бұл теориялық ойды өзінің негіздемелерін іздеуде болмыстың натуралистік, антропологиялық немесе əлеуметтік нысандарына ғана емес, сонымен бірге оның сакралды, трансценденттік (санадан тысқарғы. — Б.С.) ілкі негіздеріне де назар аударуға мəжбүрлейді» [6; 184], — дейді.
Одан əрі ол постмодерн дəуірінде ғылым мен дін, дүние туралы білім мен Құдай туралы білім (Құдайтану) бір-біріне қарай жүрді дейді. Ол Библияда бар рухани тəжірибеге қылмыстанудың назар аударуын белгілі дəрежеде қажетті жəне болмай қоймайтын құбылыс ретінде мойындайды. Оның көзқарастарына сəйкес қылмыстың қылмыстанымдық пайымдауларын қылмыстың діни- құдайтанымдық пайымдауларынан бөлмеу керек [6; 185].
Дегенмен рухани бостандық кеңістігінің ашылғанын ұғына отырып, ресейлік қылмыстанымдық сана негізінен секулярлық сипатта қалып отыр. Оның себебі де түсінікті, өйткені олардың жетістіктеріне сүйенбеу мүмкін емес болып табылатын əлемдік қылмыстанудың танымал классиктерінің еңбектері, тұтастай алғанда батыстық қылмыстанымдық ой-сана іс жүзінде теологиямен байланысты емес. Дегенмен, ресейлік қылмыстанушылардың ішінде Л.Г. Касторский [7], О.В. Старков пен Л.Д. Башкатов [8] сияқты ғалымдар қылмыстанымдық білімнің діни-теологиялық қырларын елемеу тəжірибесін оңтайлы деп санамайтындар қатарына жатады. Негізі, В.А.Бачининнің ойынша, басымдық алып отырған секулярлық таптаурындар ауанында қылмыстың табиғаты туралы библиялық келтірімдерді ғалым-қылмыстанушылардың көпшілігі архаизм деп санайды.
Өзінің эвристикалық үлесінің көп бөлігінен айрылған позитивистік жəне психоаналитикалық схемалардың шегінен қылмыстануды шығару қажеттігі сөз болғанда ғалымдар (батыстық) заманауи тұжырымдамалық үлгілердің библиялық негіздері жөнінде еске алады. Талдаушылар қылмыс пен қылмыстылықтың мəніне қатысты түрлі тұжырымдамалық көзқарастардың негізінде жатқан əмбебап семантикалық (мағыналық), аксиологиялық (құндылықтық) жəне нормативтік құрылымдарға жүгінуге тырысқан кезде де осы мəселеге қызығушылық туындайды.
Əрине, батыстық əдебиетте əлемдік діндердің арасында христиандыққа, буддизмге, индуизмге тұңғыштуылғандық құқығы таңылады əрі осы негізде қайсыбір басымдық беріледі, ал ислам екінші орынға ысырылады əрі жасампаздық ілгерлеуде тіптен мардымсыз рөл қалдырылады. Алайда оған лаңкестік пен содырлықтың себептері мен алғы шарттарын зерделеу ауанында ерекше назар аударылады [9].
Алайда еуропалық ғалымдардың бəрі де қылмыстылық тəрізді қиратушылық (деструктивтік) қылықтың пайда болуы мен өсуіндегі исламның рөлін біржақты түсінеді деп айтуға болмайды.
Өзін бірыңғай жалпыəлемдік ғылыми тілдің жақтаушысы, жалпыға бірдей ғылыми дүниетаным негізінде «əлеуметтік əлемнің қосылуын» жақтаушы деп санайтын С.Г. Ольковтың зерттеулеріне сүйенсек, діни нормалар əлеуметтік-сырқаттық (əлеуметтік-патологиялық. — Б.С.) қылықтың функциясының салмақты дəлелі болып қызмет етеді. Математикалық сенімді əдісті — көптеген жалған (кейде жасанды деп атайды. — С.О.) айнымалыларды енгізе отырып, көптік регрессивтік талдау əдісін қолдана отырып, өзінің қиратушы қылықтың себептерін зерттеулерінде ол əзірге
«қылмыстылық» деп аталып жүрген ғажайыпты жасау ісіне қандай діни бағыттардың шешуші үлес қосатынын көрсетуге тырысқан. Ол қылмыстылық деңгейін нəтижелік белгі ретінде алып, ал теңдеудің оң жағында факторлық белгілер ретінде нақты діндерді келтірген. Оның үстіне теңдеудің оң жағына экономикалық фактор — АҚШ долларымен есептелген жан басына шаққандағы халықтың табысы енгізілген. Сөйтіп, ол түрлі мəдениеттер бойынша мəліметтердің бір кезеңге, атап айтқанда, 1996 жылға қатысты «кеңістіктік талдауын» жүргізген. Талдау планетаның 177 мемлекетін қамтыған. С.Г. Ольковтың сендіруінше зерттеу нəтижесінде христиандықтың католицизм, протестантизм, лютерандық, жалпы оның басқа да бағыттарының жоғары аурутуғызушылық компоненті бар екені анықталған. Бұл тұрғыдан келгенде осы тұрпаттас əлеуметтік патологияның жоғары коэффициентін православие да бергенімен, христиандықтың барлық бағыттарының арасында неғұрлым қауіпсізі сол болып шыққан. Исламның агрессивтігі азырақ көрінген. Аталмыш тұрпаттағы патологиялық өте төмен əсер буддизмде, индуизмде, конфуцийлықта, даосизмде жəне ертеректегі түрлі дəстүрлі нанушылықтарда байқалған.
Бұдан ары қарай ол қылмыстық өлтірулер бойынша əлемдегі рекордты католиктік елдер жасайтынын айтады. Оның мəлімдеуінше, қылмыстылықтың ең жоғары коэффициенттері православтық елдерді қоспағанда тек қана христиандық елдерге келеді. Жəне бұған, керісінше, қылмыстылықтың коэффициенті ең төменгі елдер арасында христиандық елдердің ешбірі, православтық елдерді қоса алғанда көрінбейді [10; 65, 66].
Сонымен, жоғарыда айтылғандар негізінде біздің бірінші көретініміз мынау: қиратушы қылыққа діннің, əсіресе исламның рөлі туралы қылмыстанушылардың көзқарастары жай ғана қайшылықты емес, мүлде кереғар болып келетіні. Мəселе, осы көзқарастардың қайсысы біздің жанымызға жағатынында, қайсысының біздің көңілімізге ұнамсыздығында емес. Ғылыми-зерттеушілік мүдде тұрғысынан келгенде біз қандай да бір біржақтылықтан, сыңарезуліктен ада болуымыз керек екені түсінікті. Бір көзқарастың (С.Г. Ольковтың) тұғыры формулалармен қаланғанында, ал екіншісінің, біздің ойымызша, «таза» ақылдың негізінде қалыптасып жұртқа ұсынылғанында.
Профессор А.И. Долгова өзінің бір сөзінде қылмыстылықпен күресті таза ақылды қолға алып жүргізуге болмайтынын баса айтып еді. Сол көзқарасын жазба еңбектерінде де қайталап келеді. Мұның дау тудырмайтын тұжырым екені айқын.
С.Г. Ольков адам қылығына ықпал ететін факторлардың үш тобын көрсетеді: а) ғарыштық- жерлік ортаның күштерінің тобы; б) шартсыз биологиялық күштердің жиынтығы (тыныс алу, тамақтану, көбею жəне с. с.); в) нақты мəдениеттің, моральдық жəне құқықтық нормалардың, аңсарлар мен өзге құндылықтардың, ұят əсері — бұрынғы үйретулердің (дрессировкалардың), мемлекеттік мəжбүрлеу мен қоғамдық күштеудің (бөліп көрсеткен біз. — Б.С.) ықпалын қоса алғандағы əлеуметтік факторлардың жиынтығы [8; 63]. Солардың арасында шешуші рөлді ол əлеуметтік факторларға береді.
Əділін айтсақ, бізге ұнағаны жəне майлы əріппен бөліп көрсетуге итермелегені əлеуметтік факторларға нелерді жатқызғаны. Оларды осындай үйлесімдікте «əлеуметтік-рухани факторлар» деп атаған жөн болар еді. Экономика да, баршылық та немесе мұқтаждық та өздігінен əлеуметтік қиратушылықтың себебі бола алмайды. Біздің ойымызша, аталмыш себептер мен олардың уытын қайтаратын қарсы уды бірінші кезекте əлеуметтік-рухани факторлар арасынан іздеген жөн.
«Қиратушы мəдениет типтері ғана түрмені, сотты жəне сотшылықты жасайды. Олар осы қоғамның қиратушылық (деструктивтік. — Б.С.), талқандаушылық күштерін өсіреді де оны өлімге желіктіре түседі. Фашизм, сталинизм, маоизм... осының бəрі заманымыздың мəйітқұмар меңіреу мəдениеттерінің реңктері жəне біз салыстырмалы түрде сау адамның психиатриялық клиникаға ұқсайтын қоғамға түскенде ол осында тұратын басым көпшіліктен «қалыпты садистер мен шизофрениктерден» өзінің өзгешелігін ауытқу санауы орын болатын, қалыптылықтың патологиясы дегенді біз жиі бақылаймыз... Жақсылық пен əділдікке, бостандыққа деген ең жақсы ниеттердің жетегімен адамдар бірін-бірі аяусыз қырады, түрмелер мен концентрациялық лагерлер салады, қорғаныс куатын нығайтады, Жердегі өмірді лезде жоюға қабілетті аса қуатты қарулар жасайды» [8; 67, 68], — деп жазады С.Г. Ольков.
Қиратушылық қылықтың себептері туралы айта келіп, ол: «Адамның жамандығы оның биологиялық табиғатынан емес. Оның қиратушы болып қалыптасуы орынсыз қоғамдық тəрбиенің салдары. Ол тəрбие адам тегінің өкілдерінің онтогенезінде (жеке даралық тарихындағы. — С. О.) туындайтын ең басында шартты рефлекстер жүйесі болып табылады. Одан бөлек ештеме емес. Бұл шартты рефлекстер бізден сыртқары бір жерде емес, біздің орталық жүйке жүйемізде орналасады. Олар сонда шартсыз рефлекстермен өзара байланысты түтіктер қағидаты бойынша, немесе ажыратылымдық қағидаты бойынша (бір бірліктің сəл өзгерісі басқалардың өзгерісіне əкеледі), өзара əрекеттеседі. Сөйтіп, адам тегінің эволюциялық келешегі тұрғысынан келгенде онша кінəратсыз емес моральдық-имандылық нормалары өмірдің бастапқы инстинктерінің динамикасын құрсаулап тастауы, психикалық, психосоматикалық, соматикалық жəне қоғамдық аурулар туғызуы мүмкін, мотивацияға ғана емес, сонымен бірге мутациялық үдерістерге, адамзаттың генетикалық келешегіне ықпал етеді» [10; 70], — дейді.
Өзінің діни көзқарастарға деген немқұрайды қатынасын жасырмай, С.Г. Ольков А.Л. Чижевскийдің христиандық, ислам жəне басқа да діни бағыттарды психопатиялық эпидемия деп атағаны кездейсоқ емес дегенін [11] көрсетеді. Содан соң ол құқықтанушылардың əлеуметтік-аурулық қылықтың бір бөлігін «қылмыстылық» (мүмкін, қылмыскерлік. — Б. С.) деген діни терминмен атауға тырысатынын айтады [10; 69].
Осы жерде Д.А. Шестаковтың: «Қылмыс қылмыс ретінде билік тұтқасын ұстаушылардың «тыйым туралы келісушілігіне», тыйымды заңда бекіткеніне тəуелсіз өмір сүреді... Қылмыстардың шеңберін əлемдік діндер белгілеп берген (қылмыстың қылмыстанымдық түсінігі)» [12], — деген пікірін келтіре кету орынды.
Егер С.Г. Ольковтың тұғыры жалпы дінге деген өзіндік қатынаспен өзгешеленсе, Д.А. Шестаковтың табаны сөзсіз құдайшылдық топырақта тұр.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде қылмыстану ғылымы алдында қазіргі таңда тұрған проблемалардың бір парасы қылмыстану жəне дінтану арасындағы байланыстарды, олардың тоғысу жəне алшақтау нүктелерін зерделеу болып табылатынын тұжырымдаймыз.
Əлемдік қылмыстанымдық ой иелерінің шамасы жетпеген проблемалар түйінін жуық арада тарқату мүмкіндігін əзірге көре алмасақ та, біздің ойымызша, осылардың төңірегінде ойлануды, ғылыми-зерттеу проблематикасы ретінде «илеуді бастауды» қазақстандық қылмыстану ғылымы алдына міндет етіп қоятын кез жетті.
Онсыз қылмыстық құқық та, қылмыстану ғылымы да, құқыққолдану тəжірибесі мен қылмыстық саясат та таптаурын болған тар соқпақтан шықпай, шеңбер бойын шиырлай беретін болады.
Əзірге айтарымыз, шынында да, қылмыс ұғымының да, қылмыстылық ұғымының да анықтамалары негізінде қайсыбір имандылық өлшемі болуы тиіс. Ол өлшем жалпы алғанда объективті бар, тек біз, заңгерлер, оны мойындағымыз келмейтіндей. Олай етсек, зерттеуіміздің əлде құмарлығымыздың пəнін алыстатып алатындай болады. Имандылық өлшемі алғаш қарағанда тұрлаусыз, ғылыми емес сияқты болып көрінеді.
Олай болса заңи өлшемдердің имандылық өлшемдерінсіз ештеме болмай қалатынын айту керек. Расында да ауытқушы қылықтарды қылмыстандыру мен бейқылмыстандыруға қатысты заңи өлшемдердің кейде адам түсінбестей күрт өзгеретін кездеріне жиі жолығамыз ғой. Бұлай болуы, бəлкім, заңи өлшемдердің өздері соншалықты сенімді емес болғандығында шығар.
Қылмыстанымдық ойдың заман ағымына ілесіп ілгерлеп отыруы өмірлік қажеттілік. Еуразиялық құрлықтың кіндігінде орналасып, кең байтақ кеңістікте планетарлық мүдделер тоғысында жатқан діни алуандық пен этникалық алуандық болмысы бар біздің еліміз үшін бұл проблемалар өте өзекті болып табылады. Олар қоғамдық-гуманитарлық, əсіресе қылмыстану ғылымы тарапынан аса шұқшиып қарайтындай маңызға ие.
Қазақстан əлем діндерінің жəне дəстүрлі діни бағыттардың жетекшілерінің үш рет Астанада бас қосуына мұрындық болды. Бұл Қазақстанның жаһандық мəселелерді диалог арқылы шешуге ұмтылысының бірегей көрінісі. Дегенмен осы бір маңызды руханият саласында қалың бұқара үшін ілгерілеу үдерістері жергілікті ауқымда да қарқын алды десек, қателескен болар едік. Дін мен зайырлы қоғам арасында əлі де өзара жатырқаушылық, бірін-бірі жатсынушылық құбылыстары орын алып тұр. Бұл құбылыстарды зерттеу керектігі даусыз. Көршілес Ресейде бұл бағытта бірқатар алға жылжу бар деуге болады. Дегенмен, ресейлік зерттеулерді біздің елге тікелей көшіре салуға болмайды. Өйткені ресейлік қоғамның, ғалымдардың өзіндік фобиялары, таптаурынды ұстанымдары бар екені шындық. Жəне ең бастысы, Ресей мен біздің еліміздегі діни-қоғамдық ахуал бір-бірінен едəуір өзгешеленеді.
Алайда, біздің ойымызша, бұл дүниелер қазақстандық топырақта əзірге нақты қылмыстанымдық зерттеулердің пəніне айналған жоқ. Біз біршама артта қалып отырмыз. Бұл олқылықты дер кезінде жоюға ұмтылмаса, ол жағымсыз салдарларға ұрындыруы мүмкін. Діни тəрбие мен діни төзімділіктің маңыздылығы, рухани кемелдену туралы жекелеген үндеулердің нақты ғылыми негізі жеткілікті емес. Ал «таза ақыл мен батыл қол» саясаты қылмыстылық сияқты тылсымы мол құбылыспен күресте түбегейлі оң нəтиже бере алмайды.
Сондықтан С.Г. Ольковтың қылмыстанудың ғана емес, сонымен бірге жалпы юриспруденцияның жəне қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың (экономикалық ғылымды қоспағанда) ғылым деп аталуға хақы жоқ, өйткені бұл ғылымдар зерттеудің математикалық əдістерін қолданбайды, өздерінің ұғымдарын формалды белгілермен шегендемейді деген сыни пікірін де ескеру керек.
Сонымен бірге математикалық əдістердің де жарамсыз болатын зерттеу алаңдары бер екендігін, Универсумды тануда ол бірден-бір жалғыз əдіс еместігін дəйектейтін көзқарастардың да бар екендігін естен шығармау керек.
Қалай десек те, бүгінгі күні қылмыстануға, ол зерделейтін құбылыстарға қойылатын талаптар күшті. Өйткені осы құбылыстар адами дамудың келешегін айқындауда өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан қылмыстану өзінің барша субъективтілігіне қарамастан, объективті таным шекарасын сақтауы қажет. Шын мəнінде қылмыстану бүгінгі күннің басым саяси тұғырларына бағынышты болмауы керек, сондай-ақ қайсыбір дінге бүйрегі бұратындай əуелден анықталған сыңаржақтылықтан тысқары болуы тиіс. Алайда оның имандылық жəне ғылыми қазықтары (координаттары) нық қағылған болуы керек. Имандылық координатасы зерттеушіні адалдық, турашылдық қазығына мықтап байласа, ғылыми координата дəлдіктен ауытқытпауы тиіс.
Əзірге біз зерделейтін, оқытатын қылмыстануда ондай координаталар жоқ. Сонымен, өзінің сенімді координаталарын таппаған қылмыстану əр алуан ағыстардың иірімінен шығатын тірек таба алмай жүр. Қылмыстанымдық ілімдердің мұндай жағдайында «қылмыстану кемесі» ашық теңізге шығар жолды таба алмай, су асты жартастарға төсімен соғылуда деуге болады.
Қорыта келгенде, біз қылмыстылық болмыснамасын зерделеуде материалистік көзқарастардың деңгейі мен аясының шектеулілігіне назар аударып, соған сəйкес кең дүниетанымның қажеттілігін негіздеуді жəне қылмыстылық проблемасын шешуде руханият дүниесінің өзіндік орнын айқындауды көздейміз.
Осы бағытта төмендегі тұжырымдар мен ұсыныстарды жөн көреміз:
- қылмыстану ғылымының дағдарысты күйі мойындалып, оның өзінің тар материалистік, əсіресе əлеуметтанымдық əдіснамалық тұғырынан жоғары деңгейге көтеріліп, ары қарай кең интелектуалдық жəне дүниетанымдық негізде жаңаша дамуына қажетті алғы шарттар жасалуы тиіс;
- қылмыстану өзінің зерттеушілік əлеуетін бірінші кезекте адам табиғатының рухани өрісінің қылмыстекті қасиеттері мен оған кері əлеуетін зерделеуге бағыттауы қажет;
- қоғамның қылмыстектілікке кері əлеуетінің өзегін қоғамның материалдық болмысынан емес, бірінші кезекте адам мен əлеуметтің рухани өрісінен іздеу қажет. Тұлғаның қалыптасуының, дамуының, тоқырауының, түзелуінің рухани факторлары басқа факторларға қарағанда қайсыбір басымдыққа ие, сондықтан қоғам мен адамның рухани ілгерлеуіне қажетті алғы шарттар материалдық-технологиялық ілгерлеудің тасасында қалмауы тиіс;
- бүгінгі күні «жаза дағдарысы» деп жүргеніміз шындығында «қылмыс — қылмыстық жауапкершілік — жаза» тұжырымдамасына негізделген қылмыстық құқықтың дағдарысы болып табылады. Ол қылмыстық құқықтың дəстүрлі тұғырнамасының заманауи қоғам талаптарына тарлық ететінін айғақтайды. Қылмыстық құқық заманауи өркениетті қоғам талаптарына сай бейімделуі жəне өзінің адам мен қоғам өміріне араласу өрісін шектеуі керек;
- қылмыстану ғылымының келешегі оның зерттеу өрісіне қатысты құбылыстар мен үдерістердің, факторлар мен қасиеттердің келеңсіз қырын басты назарда ұстағаннан гөрі осыларға кері əсер ететін əлеуетке ие жағымды қырларын алдыңғы кезекте қарастыруына əрі оларды ұтымды пайдалану қажеттілігі мен мүмкіндігін тəжірибелік кеңістікке қаншалықты шығара алатынына байланысты. Яғни қазіргі сыни, келеңсіз құбылыстар қылмыстанымына бəсекелес балама ретінде жағымды əлеуеттер қылмыстанымы қалыптастырылуы тиіс;
- қылмыстанудың заманауи жаңаша теориясын жасаумен қатар, оның тəжірибелік-қолданбалы қырларын дамытуға, яғни адамның, қоғамның (оның жекелеген институттарының) жəне мемлекеттің қылмыстектілікке кері əлеуетінің тиімділігін арттыруға, профилактикалық қызмет сұраныстарын қанағаттандыратын қырларын ашуға, назар аудару қажет;
- қазақстандық шындықты, ондағы күрделі əлеуметтік-рухани, саяси-экономикалық үдерістердің қылмыстекті факторларын өзіндік тұрғыдан зерделейтін отандық қылмыстану мектебін қалыптастыру қажет, ол үшін:
- Республикалық (немесе Орталық Азия елдерімен бірлесіп — аймақтық) қылмыстанымдық ғылыми-зерттеу институтын, республика өңірлерінде оның бөлімшелерін құру, оның негізінде ұзақ мерзімдік қылмыстанымдық жəне құрбантанымдық зерттеулер ұйымдастыру, институттың ғылыми-зерттеу жұмысының нəтижелерін арнайы ғылыми басылымда жариялап отыру;
- Азия, Америка жəне Еуропа елдерінің қылмыстанымдық орталықтарымен, ұйымдарымен тұрақты əріптестік орнату, оның аясында мамандар жəне əдебиет алмасуды жүзеге асыру;
- шетелдік қылмыстанымдық əдебиеттің тұрақты жеткізілуі мен аудармасын қамтамасыз ету; мемлекеттік тапсырыс негізінде қазақстандық мазмұны жоғары толыққанды қылмыстану оқулықтарын даярлау;
- қылмыстанымдық біліктілікті жоғары дəрежеде қалыптастыратын мамандандырылған оқу орталықтарын, факультеттер немесе маманданушылық топтарын құру, осы мақсатта арнайы білім стандарттарын жасау;
- гуманитарлық, медициналық оқу орындарында педагог, əлеуметтанушы, дəрігер, əлеуметтік қызметкер, психолог, басқарушы мамандықтарын алушыларға қылмыстанымдық білім беруді жолға қою;
- құқыққорғау органдарының қызметкерлерінің, судьялардың жəне т. б. тиісті мамандардың қылмыстанымдық қайта оқуларын ұйымдастыру; олардың теологиялық даярлықтарын күшейту;
- профилактика саласына қатысты мамандардың қылмыстанымдық қайта даярлау жүйесін жасақтау қажет.
Заманауи қылмыстық құқықтың шетелдік тəжірибемен (негізінен басым түрде Батыс елдерінің тəжірибесімен) байланыстырылатын жаңашылдық бағыттары мен қырларын ұлттық рухани- имандылық бастаулармен ұштастыру қажеттілігі тəуелсіз, егемен мемлекет құрып отырған азат сананың табиғи сұранысы болып табылады.
ҚР қолданыстағы қылмыстық жəне қылмыстанымдық заңнамасының рухани-имандылық, саяси- идеологиялық мəні мен əлеуеті оның утилитарлық маңызының тасасында қалып, қазақстандық қоғамның заманауи рухани-имандылық, əлеуметтік-экономикалық сұраныстарына қажетті деңгейде қызмет етпей отыр. Қылмыстық жəне қылмыстанымдық заңнаманың рухани-имандылық, саяси- идеологиялық мəні мен əлеуетін тиісті дəрежеге көтеру үшін оның ұлттық реңкін айшықтау қажет.
Өркениеттің мəдени жетістігі ретінде танылатын құқықтың дамуы ұлттың рухани мұрасымен ұштастырыла жүргізілуі оның позитивтік əлеуетін сана тұтастығына, толық адам қалыптасуына ұтымды пайдалануға жол ашады; ол үшін құқықтың музыка, фольклор, əдебиет, поэзия, дəстүр сияқты адам санасына терең əсер ететін құбылыстармен көпқырлы байланыстарын ашу, көрсету керек.
Қайталап айтсақ, отандық қылмыстану ғылымының өзіндік əлпетін қалыптастырып, оның теориялық-тəжірибелік маңыздылығын арттыру үшін бірқатар шаралар жүйесі жүзеге асуы тиіс. Мəселен, қылмыстану саласында еңбек етіп жүрген отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеушілік əлеуетін біріктіретін жоба керектігі күн тəртібінде тұр. Егер арнайы қылмыстану ғылыми-зерттеу институты немесе орталық құрылса, онда ол пікір алуандығы мен ғылыми турашылдықты қамтамасыз ету үшін ведомстволық бағыныштылықтан аман болуы керек.
Сонымен бірге қылмыстанымдық проблемалармен айналысып жүрген ведомстволық жəне жоғары оқу орындары жанындағы ғылыми-зерттеу орталықтары, зертханалар, кабинеттер де қатар жұмыс істей беруі тиіс.
Жалпы қылмыстанымдық зерттеулер мемлекеттік сұранысқа ие болып, оның қаржылай көмегіне сүйеніп, ұзақ мерзімдік мақсатты бағдарламалар аясында жүргізілсе, тиімді болмақ.
Республикалық, аймақтық деңгейлерде қылмыстанымдық өзекті мəселелер төңірегінде ашық та салиқалы пікір алмасатын арнайы алаңдар болуы қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын, көрсетілетін, жүргізілетін хабарлардың ғылыми негізділігін қамтамасыз еткен жөн.
«Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы № 1039 Жарлығына сəйкес мемлекеттің профилактикалық мазмұнды жұмыстарға жергілікті атқарушы органдарды, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, бəсекелестік ортаны жəне азаматтық қоғам институттарын тартуға бағыт бұрғаны кездейсоқ емес. Осыны ескере отырып, жалпы қоғамдағы қылмыстанымдық білімді, ал түрлі сала мамандарының қылмыстанымдық біліктілігін көтеру бағытында ұйымдасқан кешенді жұмыстар жүргізілуі керек.
Бұл өз кезегінде əлеуметтану, дінтану, мəдениеттану, педагогика мен медицина, психология, əлеуметтік қызмет жəне басқа да сала мамандарының қылмыстанымдық даярлығын арттыру қажеттілігін білдіреді. Шетелдік тəжірибеде қылмыстануды пəн ретінде заңгерлермен бірге басқа да гуманитарлық мамандық иелері игереді. Тіпті кейбір елдерде ол заңгерлік оқу орындарынан гөрі əлеуметтану, педагогика, медицина оқу орындарына тиісті пəн болып саналатын көрінеді.
Сонымен бірге болашақ қылмыстанушылардың, ауытқушы қылық профилактикасы мамандарының дінтанымдық даярлығына, діни алуандық жағдайда жұмыс істеу құзыреттілігіне қойылатын талапты күшейту керек.
Осы жерде Қазақстан халқының діни жəне этникалық алуандық болмысы бар ортаны ұйытудың жəне оның баяндылығын қамтамасыз етудің жағымды факторлары, ұлттық дəстүрлердің, халықтың рухани мұрасының қылмыстектілікке кері əлеуеті ұтымды пайдаланылуы тиістігі өзектілене түседі. Бұл қатарда діни танымның орны ерекше екендігі даусыз.
Қоғам мен мемлекеттің күшін позитивтік мақсат пен жасампаздық ынтымақтастық жағдайында біріктіре отырып, біртіндеп бұқараның қылмыстанымдық сауаттылығына, ал қоғамның салауаттылығына қол жеткізуге болады.
Халықтың рухани мұрасы дегенде қазақтың мəдени ой-санасының тұғырлы тұлғасы Абай мұрасын айналып өту мүмкін емес. Мəшһүр Жүсіп соңғы пайғамбардың Мұхаммед екенін біле тұра, Абайдың дəрежесінің қаншалықты жоғары екендігін айтқысы келгендіктен болар, «бұл — біздің соңғы пайғамбарымыз» [13] деген. Ғылым мен Дін бірлігіне ұмтыламыз десек, Абай мұрасынан алар тəбəрік мол.
Ақпараттық технология маманы Сұлтан Ыбырай: «Əрбір қазаққа Абай болу парыз емес, бірақ Абай сусындаған рухани бастаулар қазақтың ел болып қалыптасуы үшін негізгі алғы шарт, оны Абай
«Жиырма бесінші сөзінде» өсиет қылған. Бірінші – ұлттық бастау, мəдениеті, өнері, тарихы, Абайша айтқанда, — «түркітанырлық», екінші — ислам, үшінші — Батыстың ғылымы мен технологиясы. Бұл исламдағы дін мен ғылым егіз деген сөзбен жəне Құрандағы Алланың «...сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», (49:13) деген аятын қуаттайды. «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарап танимыз», — «Қырық бесінші сөздегі» бұл сөйлем дүние ғылымынсыз Алланы дұрыс тану мүмкін еместігін көрсетеді. «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», —
«Оныншы сөз». Бұл жолды іс жүзінде жүзеге асырып жатқан басқа елдер бар, мысалы, малайзиялықтар мен түріктер. Биылғы жылы халықаралық зерттеуші ұйым Science-Metrix Иран мен Түркия ғылыми басылымдарының өсу қарқыны бойынша дүние жүзіндегі алғашқы орындарға шыққанын мəлімдеді.
Бір қызығы, кез келген мемлекет немесе адам осы сөзде Абай келтірген үш сипат: əділет, ғылым, мейірімді басшылыққа алса, орасан табыстарға жетеді, əрбір адам құқығы сақталған, ғылымы мен технологиясы дамыған, жоқ-жітігін елеген, ауру-сырқатын ескерген, мүгедек-ғаріпін мүсіркеген елде тұрғысы келеді.
«Бұл үшеуі Жеке тұлғаның ғана ұстанымы емес, жалпы Ұлттық идея негізі, мемлекетімізді ұшпаққа шығаратын, мұратқа жеткізетін қағида» [14] дейді.
Біздің осыған алып қосарымыз жоқ. Жалпы əділет, ғылым, мейірім — Шығыс дүниетанымында, оның ішінде қазақ мəдени ой-санасында ежелден өзек тартып келе жатқан тақырыптар. Сондықтан қазақ дүниетанымындағы Абайға дейінгі, Абай дəуірі, Абайдан соңғы кезеңдегі ой-сана қозғалысын қылмыстану мəселелеріне қатысты біртұтастықта талдап шыққан жөн болар еді. Алайда ол басқа бір кезекте шешілетін нəрсе.
Мақалада қылмыстану жəне дінтану арасындағы өзара байланыстың барлық мəселесі қарастырылды, оның үстіне түйткіл мəселелер шешілді деуге болмайды. Дегенмен, қылмыстанудың бүгінгі жай-күйіне көңіл толмағандықтан, туындаған сұрақтар төңірегінде мəселе қойылды деуге болады. Күн тəртібіне іліккен мəселенің жауабы бізге Көктен түспес, дегенмен, ізденісті жұмыла жалғастыруға түрткі болар деп ойлаймыз.
Əдебиеттер тізімі
- Келт.: Югай Г.А. Голография Вселенной и новая универсальная философия. Возрождение метафизики и революция в философии. Общая метафизика: Учеб. пособие с хрестоматией. — М.: Крафт+, — С. 13,14 («Интегральные идеи — в практическую жизнь!» Интервью с пионером интегрального сознания Кеном Уилбером // Вопросы философии. — 2005. — № 11).
- Югай Г.А. Голография Вселенной и новая универсальная философия. Возрождение метафизики и революция в фило- софии. Общая метафизика: Учеб. пособие с хрестоматией — М.: Крафт+, 2007. — 400 с.
- Қара: Тайлашев Б.В. Экология души и проблема преступности // Проблемы преступности: традиционные и нетрадици- онные подходы. — М.: Российская криминологическая ассоциация, 2003. — С. 79–84; Его же. Душевная энергия чело- века и преступное поведение // Преступность в изменяющемся мире и проблемы оптимизации борьбы с ней / Под ред. проф. А.И. Долговой. — М.: Российская криминологическая ассоциация, 2006. — С. 415–422; Преступность и духов- ность. — М.: Российская криминологическая ассоциация, 2008. — 264 c.; Кондратюк Л.В., Овчинский В.С. Криминоло- гическое измерение / Под ред. К.К. Горяинова. — М.: Норма, 2008. — 272
- Шестаков Д.А. Криминология: Учеб. для вузов. — 2-е изд., перераб. и доп. — СПб., — С. 109.
- Бачинин В.А. Секулярная криминология и библейская концепция преступления // Криминология: вчера, сегодня, зав- тра: Тр. Санкт-Петербург. криминологического клуба. — 2008. — № 2 (15). — C.
- Бачинин В.А. О библейских основаниях семейной криминологии // Криминология: вчера, сегодня, завтра: Тр. Санкт- Петербург. криминологического клуба. — 2008. — № 1 (14). — CПб.: Астерион,
- Касторский Г.Л. Мировые религии и преступность. — СПб.,
- Старков О.В., Башкатов Л.Д. Криминотеология. Религиозная преступность. — СПб.,
- Антонян Ю.М. Причины этнорелигиозного терроризма / Криминология: вчера, сегодня, завтра: Тр. Санкт-Петербург. криминологического клуба. — 2006. № 1 (10). — CПб., 2006. — C. 237–246.
- Ольков С.Г. Детерминация девиантного поведения, современная политика и отрицательная девиантность в контексте глобализации // Криминология: вчера, сегодня, завтра: Тр. Санкт-Петербург. криминологического клуба. — № 1 (10). — CПб., 2006.
- Келт.: Ольков С.Г. Детерминация девиантного поведения, современная политика и отрицательная девиантность в кон- тексте глобализации // Криминология: вчера, сегодня, завтра: Тр. Санкт-Петербург. криминологического клуба. — 2006. — № 1 (10). — CПб., 2006. — C. 62–82 (Чижевский А.Л. Космический пульс жизни: Земля в объятиях Солнца. Гелиотараксия. — М., 1995. — C. 385).
- Шестаков Д.А. Школа преступных подсистем: парадигма, отрасли, влияние вовне // Российский криминологический взгляд. — 2005. — № 1. — С. 45–53.
- Абай: Энциклопедия. — Алматы: Қазақ энцикл. бас ред.; Атамұра, 1995. — 403, 404-б.
- Ыбырай С. «Отыз сегізінші қара сөздің» мұраты // Қазақ əдебиеті. — — 13 тамыз.