Қылмысқа қатысушылардың қылмыс істеген кездегі əрқайсысының атқарған міндеттерінің түріне қарай бірінен-бірінің өзгешеліктері болады. Бұл өзгешеліктерді ажыратпайынша олардың əрқайсысының қылмысқа қатысу дəрежесін, оған байланысты қолдануға жататын жазаның шамасын белгілеу мүмкін емес.
Бір ғана қылмысқа қатысушылардың іс-əрекеттері абсолютті түрде бірыңғай болуы мүмкін емес. Олардың арасындағы ерекшеліктерді анықтауға біздің қылмыстық заңдылығымыз бен құқық теориясы үлкен маңыздылық береді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28- бабының мəні бойынша қылмысқа қатысушылардың қылмыстарын саралау олардың функцияларының өзіне тəн ерекшеліктерін алдын ала анықтауды талап етеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабында көрсетілгендей, олардың қылмысқа қатысу сипаты мен деңгейін есепке алу қажет. Басқа сөзбен айтқанда, бірлескен қылмыстық іс-əрекеттерді саралау мен жаза тағайындау, яғни қылмысқа қатысудың негізгі сұрақтарын шешу бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды нақтылы түрге бөлусіз мүмкін емес.
Қылмысқа қатысу сипатына байланысты қатысушыларды төрт түрге бөлеміз: орындаушы, ұйымдастырушы, азғырушы, көмектесуші. Олардың əрбіреуінің іс-əрекетіне өзіндік белгілер тəн, бұл белгілер заңның əр түрлі нормаларында, Қылмыстық кодексінің 28–29-баптарындағы əр түрлі тармақтарда ашық көрсетілген. Қатысушылардың қатаң индивидуалды жақтарын заңда белгілеумен, олардың іс-əрекеттерін бөліп сипаттаумен қылмысқа қатысушылардың əрбір түрінің дербестігі көрінеді. Ғалым Ф.Г. Бурчактің пайымдауынша, «атқарушылық іс-əрекет қылмысқа қатысушының кез келген басқа іс-əрекетін өзіне жатқызады, ал алғашқыда ұйымдастырушы не айдап салушы болған, бірақ кейін қылмысты орындауға қатысқан тұлға тек орындаушы ретінде танылуы тиіс». Ол ұйымдастырушылық жəне айдап салушылық іс-əрекеттерді жауапкершілікті ауырлататын мəн-жай ретінде қарастыруды ұсынады [1].
Жоғарыда көрсетілгендей, қылмысқа қатысушылардың рөлдерінің бірін-бірі қамтуын қауіпті бір іс-əрекеттің екіншісін қамтуы туралы, егер олардың біреуі екіншісінің конструктивті белгісі болып табылса ғана айтуға болады. Ұйымдастырушының, айдап салушы мен қылмысқа көмектесушінің іс- əрекеті заңмен сипатталған орындаушының функцияларына кірмейді. Олардың бір-бірін өзара қамтуы қоғамдық қауіптілік деңгейі бойынша қылмысқа қатысушылар түрлерінің бір-біріне өзара қатысуына жауап бермес еді. Мысалы, айдап салушы қылмыстық жолға бірнеше адамды түсірген соң, қылмысты орындауға елеусіз рөл атқаруы мүмкін. Ал оны тек орындаушы ретінде тану оның шынайы рөлін сипаттай алмас еді.
Ұйымдастырушы функциясын орындаушылық іс-əрекеттерге кіргізе салу тіптен негізсіз болар еді, өйткені ұйымдастырушылық қалған қатысушылар іс-əрекетіне қарағанда қауіптірек екені белгілі. Бірнеше қатысушылардың рөлдерін бір тұлғада бірігуін ауырлататын мəн-жай ретінде қатыстыру да заңсыз болар еді, өйткені Қылмыстық кодекстің 54-бабындағы жауапкершілікті ауырлататын мəн-жайлар санатында мұндай жоқ.
Жоғарыда айтылғанның барлығы қатысушылардың əр түрлерінің өзара қатысын ең үстінде орындаушы тұратын иерархиялық саты ретінде қарастыруға болмайтынын көрсетеді. Олардың біреуінің іс-əрекетін, екіншісінің іс-əрекетін өзіне қамти алмайды.
Қатысушылардың түрлері, Қылмыстық кодексінің 28-бабының 2–5-тармақтарына қарасақ, бірыңғай саралаушы өлшем бойынша, атқаратын функцияларының сипаты бойынша жіктелген. Қылмысқа қатысу деңгейі кінəлінің белсенділігі мөлшерін көрсетеді, ол бірлескен іс-əрекеттегі тұлғаның рөлінің сандық сипаты болып табылады.
Бірақ белсенділігі жəне қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды бөлу, оларды түрлері бойынша саралауға қарағанда өзгеше мəнге ие. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабының 1-тармағына сəйкес қылмысқа қатысушылардың ісі бойынша олардың əрбіреуінің қылмысқа қатысу деңгейін ашу, айқындау қажет. Бұған байланысты олардың сипатымен қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бөлу бір-бірімен тығыз байланысты. Оның сыртында, қылмысқа қатысушылар түрі бойынша бөлу олардың қылмысқа қатысу деңгейін анықтау мəселесінен шығады. Кез келген қатысушыларды түрі бойынша тарату олардың белсенділік деңгейі бойынша ара қатынасын ашып көрсете алмайды. Əдеттегі бəрінен де салбыр əрекет ететін қылмысқа көмектесуші кей кездерде қылмысты орындаушы мен оны айдап салушымен қарағанда белсенділік əрекет етіп кетуі мүмкін. Мысалы, У. мөрлер мен штамптарға ие бола отырып, жүйелі түрде басқа тұлғаларға зейнетақы алуға деген жалған құжаттар жасаған. Оның əрекетімен келтірілген залал мыңдаған теңгемен есептелген, ал қылмысты орындаушылардың кез келгенінің əрекетінен келген дербес залал мөлшері аса көп болмаған. Орал қалалық соты У. қылмысқа көмек көрсету əрекетін өзге қатысушылар əрекетіне қауіптірек деп дұрыс саралаған [2]. Бұл мысалдан көріп отырғанымыздай, қылмысқа қатысушының іс-əрекетінің қоғамға қауіптілігін сипаттау тек олардың түрлерін көрсетумен жүзеге асырыла алмайды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабы кінəлілердің қылмысқа қатысу деңгейі бойынша бөлінуін қажет етеді.
А.А. Пионтковский кінə деңгейі бойынша басты жəне екінші деңгейдегі қылмысқа қатысушыларды бөліп көрсетуді ұсынған [3; 167]. Практика жəне теорияда бірлесіп əрекет етуші тұлғаларды қылмысқа қатысу деңгейі басты жəне екінші деңгейдегілерге бөлудің бірыңғай тенденциясынан көрінеді.
Бұл бөлу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 29-бабына жауап бере алады жəне бірлескен қылмыстық əрекеттің қатысушыларын белсенділік деңгейі бойынша тарту мүмкіндігін жалпы сипатта көрсетіп береді. Қылмысқа қатысушылардың қайсысы басты орын, ал қайсысы екінші деңгейдегі орын алатындығын алдын ала анықтау мүмкін емес. Өйткені бір ғана түрге жататын қылмысқа қатысушының іс-əрекетінің қоғамға қауіптілігі əрбір нақты жағдайдағы ерекшелігіне байланысты өзгеріп отырады.
Осы жоғарғы айтылғандарға байланысты, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28–29-баптарына сəйкес бірлескен қылмыстық іс-əрекеттерді тергеу үрдісінің соттық қарау барысында əрбір қылмысқа қатысушыға байланысты төмендегі екі жағдайды анықтау қажет:
а) қылмысқа қатысушы тұлғаны қатысушылардың заңда көрсетілген қай түріне жататындығын; ə) сол қатысушыға фактілі түрде тиісті болған басты немесе екінші деңгейдегі рөлді анықтау.
Бірлескен қылмыстағы іс-əрекетінің фактілік үлесімен үлестің салмағын қылмысқа қатысу деңгейі сипаттайды. Маңызды мөлшерде қылмысқа қатысушының функциясы алдын ала анықталады: əдетте қылмыстың жасалуына басқа қылмысқа қатысушыларға қарағанда қылмысты ұйымдастырушы тұлға көп үлес қосады, қылмысты орындаушы мен қылмысқа азғырушы қылмысқа көмектесушімен салыстырғанда белсендірек əрекет етеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігіне сəйкес ұйымдастырушы ретінде қылмыстың жасалуын ұйымдастырған немесе оның орындалуын басқарған, сонымен қатар ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастықты құрған немесе оны басқарған тұлға танылады.
Қазақстанда жəне басқа да елдерде қылмысты ұйымдастырушылардың, қылмыс əлемі жетекшілерінің əрекетімен, жоғары дəрежеде ұйымдасқан қылмыстылық пайда болып, тамырын тереңге жая түсуде. Қазіргі уақыттағы қылмыстылық, қылмыстық бірлестіктерге қатысушылардың жоғарғы деңгейдегі қоғамға қарсы белсенді əрекеттерімен сипатталады. Бұл қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі тек қана олардың жасалу механизмінде ғана емес, сонымен қатар қылмыстық əлем жетекшілерінің қоғамдағы экономикалық, əлеуметтік салалардың реттелуіне кедергі келтіруінде.
Қылмыскерлердің ұйымдасу деңгейі неғұрлым жоғары болса, жасалатын қылмыстарға дайындалу жəне олардың жасырындылығы соғұрлым жоғары. Сонымен бірге қылмыстылықтың күрделі ұйымдасқан құрылымдарының ұйымдастырушылары, қылмыстық заңның əсер ету мүмкіншілігінен тыс қалып отыр. Ұйымдастырушы қылмыстық іс-əрекеттерді ұйымдастырып, қылмыстық идеологияны ұстанушылардың қоғамға қауіптілігін арттырып, қылмысты жасауға өзі қатыспай, жазадан құтылмаушылық қағидасынан шет қалуда.
Осы мəселеге байланысты құқық қорғау органдарының жедел іздестіру қызметкерлері мен тергеушілерге сауал қою нəтижесінде олардың 78,6 % қылмыстық əрекеттердің ұйымдастырушыларын қоғамдық қауіпті тұлға ретінде санап, мұндай адамдардың ұйымдастырушылық əрекеттерін жүзеге асырғандары үшін сот-тергеу тəжірибесінде қылмыстық жауаптылыққа өте сирек тартылатындығын атап көрсеткен.
Қылмысты ұйымдастырушы — қылмысқа қатысудағы ең қауіпті тұлға. Қылмыскерді топтастырып, ынсапсыз тұлғалардың санасын уландырып, олардың күші мен еркін қоғамға залал келтіретін жолға бағыттайды. Ұйымдастырушы қылмысқа қатысушылардың күшін біріктіріп, қарсылық пен ұйымшылықты енгізеді. Оның қылмыстық топта алатын орнын жəне əлеуметтік психологиялық бағасын есепке алатын болсақ, ұйымдастырушының өз ортасындағы лидерлік сипатына көз жеткізуге болады.
Əлеуметтік психологияда топтағы лидер ретінде белгілі бір арнайы, елеулі жағдайларда ресми жетекші рөліне спонтанды түрде шығарылатын топ мүшесі саналады. Ол өз ортасында ортақ нəтижеге жету үшін ұжымдық іс-əрекетті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Қылмыстық топта лидердің шығуы стихиялы түрде, оның дамуы жəне əрекет ету мөлшері бойынша жүзеге асады жəне бұл жерде екі фактор орын алады — объективтік жəне субъективтік. Объективтік фактор мына жағдайдан құралады. Қылмыстық топ лидері ретінде қандай мүше оның іс-əрекеті үшін «пайдалы» болса жəне қылмысты жасаумен дайындауда ең жақсы тұрғыда өзін көрсете білсе, топтың сол мүшесі стихиялық түрде лидерлікке шығарылады. Қылмыстық топта лидер функциясын жүзеге асыруға қажетті жеке сапаларға ие тұлғалардың лидер ретінде таңдап алынуы оның субъективтік факторын құрайды. Əдетте лидерлікке шығарылатындар ең белсенді, жігерлі, шешімді, ой-өрісі өзгелерінен жоғары, өмірлік жəне қылмыстық тəжірибесі мол өзгелерді өзіне бағындыра білетін адамдар болып келеді [4; 37].
Бірақ қылмыстық топта лидерді шығару оның қандай да бір ерекше қасиеттеріне байланысты болады деп санау орынсыз.
Жеке қасиеттерінің бұл жерде маңызын жоққа шығаруға болмайды, өйткені олар қылмыстық топтың алдында тұрған мəселелерді шешу үшін қажет.
Лидердің шығуы бірте-бірте қылмыстық топтың дамуымен əрекет етуі бойынша жүзеге асады. Психологиялық дамуы төмен қылмыстық топтарда кездейсоқ жəне күтпеген лидердің алға шығу үрдісі тек басталып келе жатады жəне аяқталуға үлгірмейді. Лидер тек белгілі топты қылмыс оқиғаларында көрінуі мүмкін. Қылмыстық топтың өзге мүшелері, сонымен қатар оның өзі де оны лидер ретінде тани қоймайды. Басқа оқиғаларда лидер функциясын болашақ лидер емес, басқа біреудің де атқаруы мүмкін.
Топтағы даму үрдісіне қылмыстың инициаторы рөлін атқаратын, моральден ада жəне тəжірибелі қылмыскердің ядросы айқынырақ көріне бастайды жəне тек психологиялық даму деңгейі жоғары қылмыстық топтарды ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қылмыстық ұйымдар лидерлік феномені оның классикалық түрінде сипатталған. Бұл топтарда лидерлікке бейімділігі бар жəне осы бейімділігі əр сəтте көрсетіп тұратын тұлғадан шынайы жетекшіге, ешқандай маңызды мəселе оның қатысуынсыз шешілмейтін қылмыстық топтың ұйымдастырушысына дейінгі жолдан өту есептеледі [5; 78].
Лидер қылмыстық топтық қылмыстық іс-əрекеттеріне пайдасыз бола бастаған сəттен бастап, оның өзгеге ауыстырылу қажеттігі туады. Əрине, лидердің ауысуы ықпал үшін тегеуірінді күреспен қатар жүреді. Кейде бұл топтың қарауына жəне топ ішіндегі жанжалға алып келеді.
Қылмыстық топтың лидері белгілі бір функцияларды атқарады: ұйымдастырушылық, ақпараттық, стратегиялық, нормативті-құндылықты жəне тəртіптік (дисциплинарлық). Ұйымдастырушылық функция шын мəнінде лидердің барлық топтың қылмыстық іс-əрекеттерін ұйымдастыруы мен оның өзін жасыруды дайындауы қалыптастыруынан көрінеді.
Лидердің ақпараттық функциясы оның ұйымдастырушылық функциясымен байланысты. Қылмыстық топтық əрекет етуі үшін қажетті жаңа ақпаратсыз оның тіршілік етуі мүмкін емес. Лидер қажетті ақпараттың түсуін ұйымдастырып, оған анализ жасайды жəне керек жағдайларды топтың өзге мүшелеріне береді. Ақпараттық функцияны жүзеге асыра отырып, лидер екі бағытта əрекет етеді: сырттан ақпаратты алады жəне топтың өзінің ішкі өмірі туралы мəліметтерді (топтың көңіл- күйі, мүшелердің арасындағы қарым-қатынасы жəне т. б. туралы) жинайды. Бұл функция лидерге əрқашан жағдаймен санасуға жəне топ əрекетін бақылауға алуға жəрдем етеді.
Лидердің стратегиялық функциясы топтың оның идеяларын ұстануынан, оның жоспарларын жүзеге асыруынан көрінеді. Басқа топ мүшелеріне қарағанда лидер топтың мəселелері мен мүмкіндіктерін жақсы біледі, болуы мүмкін қиындықтар мен кедергілерді алдын ала болжап отырады.
Қылмыстық топтың сəтті іс-əрекеті үшін лидердің нормативті-құнды функциясының жүзеге асырылуының елеулі маңызы бар. Ол қылмыстық топтағы жүріс-тұрыс шектері мен нормаларын анықтап, тыйым салынатын нəрселерді бекітеді жəне оларды бұзғаны үшін сəйкес санкцияларды қолданып отырады. Лидер тұлғалығымен, оның жүріс-тұрысы, көзқарастарымен қылмыстық топтың өзге мүшелері өз қылықтарын салыстырып барып істерін жүзеге асырады. Лидер қылмыстық топ мүшелерін көзқарастары мен позицияларында бірыңғайлылықтың қалыптасуына белсенді түрде қатысады, бұл жоспарланбаған, күтпеген, тəуекелмен жəне қауіптілікпен байланысты жағдайда топтағы əрекет пен қылықтардың бірыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Қарастырылған функция мен тəртіптік функция тығыз байланысты. Қабылданған жүріс-тұрыс ережелерін бұзған қылмыстық топтың мүшелері қатаң түрде жазалануға жатады. Көбіне лидердің өзі жазалау түрін, оны жүзеге асыру жолы мен оның орындаушысын жəне жағдайларын анықтап бекітеді. Əсіресе бұл функция ұйымдасқан топтар мен қылмыстық ұйымдар үшін ерекше маңызды рөл атқарады, өйткені бұл топтарда жүріс-тұрыс нормалары психологиялық дамуы төмен топтарға қарағанда қатаңырақ болады. Осыған орай олардағы жазалау шараларындағы айрымашылықтар бірден көрінеді: егер психологиялық төмен қылмыстық топтың жетекші ядросы өз қатарларынан
«конвенцияны бұзушыны» жай ғана қуып жіберетін болса, ол ұйымдасқан топтарда жəне қылмыстық топтарда іс кінəліні физикалық жазалау мен не оның өлімімен аяқталуы мүмкін. Сот практикасында дайындалып жатқан қылмыстың сəтсіздікке ұшырау мүмкіндігі туралы айтқаны үшін жəне сонымен өзге қатысушылардың сенімділігін жойғаны үшін қылмыстық топтың лидері топ мүшесін өлтіргені туралы істер баршылық.
Лидердің тəртіптік функциясына топ ішінде жиі болып тұратын конфликтілерді де (жанжал) шешу міндеті кіреді. Ол əдетте «дұрыс жақ» пен «кінəлілер» (жанжалдағы) анықтамасын ұсынып «кінəлілерге» сəйкес санкцияны қолданады.
Жоғарыда айтқандардан көріп отырғанымыздай, қылмыстық топтағы лидер маңызы əлеуметтік- психологиялық функцияларды атқарады. Көбінесе лидердің арқасында топ жинақы болып, оның құрамы бірқалыпқа енеді, мүшелердің өзара қатынастары қалыптасады. Осының нəтижесінде жоғары психологиялық дамыған қылмыстық қауымдастық–ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық сыбайластық пайда болады.
К. Быковтың пікірінше, «əлеуметтік психологиядан лидерлерді бірнеше түрге бөліп ажыратады. Соған байланысты оларды қылмыстық топтарға қатысты қолданып көруге болады жəне сондай-ақ іс- əрекеттерінің мазмұны бойынша қылмыстық топтардың лидерлері мынандай үш түрге бөлінеді:
а) шабыттандырушы лидер; ə) ұйымдастырушы лидер;
б) аралас түрдегі лидер» [4; 38].
Шабыттандырушы лидер қылмыстық топқа өзінің əрекет ету бағдарламасын ұсынады, қылмыстық іс-əрекеттіліктің жүріс-тұрыс нормаларын, мақсаттары мен мəселелерін анықтайды. Бағдарламаны ұсына отырып, ол нақты қылмысқа тікелей қатыспауы да мүмкін. Ұйымдастырушы лидер қылмыстық топтың іс-əрекетін ұйымдастырып, дербес түрде жетекшілік етеді. Ол топпен жасалып, қабылданған бағдарламаны жүзеге асыруға күш салады. Аралас түрдегі лидер өзіне шабыттандырушы лидер мен ұйымдастырушы лидер элементтерін кіргізеді, яғни ол бағдарламаны ұсына отырып, сол уақытта оның орындалуын ұйымдастырады.
Сонымен қатар, оның пікірінше, қылмыстық топқа басшылық ету стилі бойынша лидерлердің мынадай түрлері ажыратылады:
а) басшылық етудің авторитарлық әдістерін қолданушы лидер; ә) демократикалық стильді пайдаланушы лидер;
б) жоғарыдағы екі әдісті де пайдаланатын лидер.
Авторитарлық лидерлер қылмыстық топтың өмірі мен іс-əрекетінде туған барлық мəселелерді жеке өзі шешеді, қатаң тəртіпті қолдайды жəне топпен қабылданған жүріс-тұрыс ережелері еш ауытқусыз орындалуын қадағалап отырады.
Авторитарлық лидер өзгелердің ақыл-кеңестері мен қарсы тұжырымдарын қабылдайды, барлық шешімдерді өзі дербес шығарады, ал қалғаны оның еркін орындауға тиіс. Оны тыңдамағандар қатаң түрде жазаланады.
Демократиялық лидер қылмыстық топтың өзге мүшелерінің ой-тұжырымдарын есепке алуға бейімделген. Мұндай лидер өзгелерінен ақыл-кеңес алуы мүмкін, бірақ ақырғы сөзді өзіне қалдырады. Топта моральдық сүйенуді қамтамасыз ету үшін ол өз шешімдерін көбіне бүкіл топ шешімі ретінде жариялайды. Аралас түрдегі лидер басшылық етудің авторитарлық əдістерін де қатаң қолданады.
Іс-əрекеттердің сипаты бойынша лидерлер əмбебап (универсалды) жəне жағдайлы (ситуативтік). Универсалды лидер өз қасиет сапалары мен лидерлік функцияларын ылғи да көрсетіп отырады, ал ситуативтік лидер, мысалы, тек топтың немесе ұйымдасқан топты жасау жағдайында ғана əлгінде қасиеттерін байқатады. Ұйымдастырушының функциясының объективтік жағы екі түрлі əрекеттен көрінеді:
а) қылмысты жасау үрдісіне басқа тұлғаларды тарату; ə) біріккен қылмысқа қатысушыларды басқару.
Тұлғаны қылмыс ұйымдастырушысы ретінде тану үшін осы əрекеттердің болуы жеткілікті [5].
Кейін қылмыс жасату мақсатымен өзге тұлғалардың күшін біріктіру кезінде ұйымдастырушы қатысушыларды таңдап, дайындайды, өз еркінің болашақ орындаушыларын іздейді, оларда қылмыстық іс-əрекеттердің əдет-дағдыларын дамытуға тырысады жəне т. б. Құрылған қатысушыларды басқару уақытында ұйымдастырушы олардың арасында функцияларды бөліп, қылмыс оқиғасы орнында басқа тұлғаларға басшылық етеді жəне тағы да басқа функцияларды атқаруы мүмкін. Аталған жағдайлардың екеуінде де қылмысты ұйымдастырушы қылмыстық іс- əрекеттерді біріктіруге күш салады. Ол қылмысқа қатысушылар ішінде бола отырып, сонымен қатар бағыт-бағдар көрсетіп басшылық ету функциясын жүзеге асыра отырып, көп жағдайларда ұйымдастырушы аталған екі іс-əрекеттерді де атқарады, яғни қылмысты ұйымдастырып, оны жасалуына, іске асыру үрдісіне жетекшілік етеді.
Көріп отырғанымыздай, ұйымдастырушының негізгі екі функциясы — қылмысқа қатысушылардың ұйымдастыруы мен басқару. Бірақ кейбір жағдайларда қылмысты ұйымдастырушы бұрыннан қалыптасып қойған қылмыстық топты басқарып, оның іс-əрекетіне жетекшілік етуі мүмкін. Қылмысты тікелей орындауға ұйымдастырушының қатысуы туралы сұрақтың теориялық жəне практикалық маңызы бар. Қылмыстық құқық курсында көрсетілгендей, «қылмыстық іс-əрекеттердің аса қауіпті нысандары мен бұл қылмыстардың ұйымдастырушылары қылмыс құрамына жататын іс- əрекеттердің орындалуына əдетте тікелей қатыспайтындығын байқатып отыр» [3; 114].
Шын мəнісіне келсек, қылмысты ұйымдастырушы, яғни қылмыстық топтағы лидер, қылмыстың тікелей орындалу үрдісінен шет қала отырып та өз рөлін атқара беруі мүмкін. Мұндай жағдайда ұйымдастырушының функциясын заң жүзіндегі анықтамасында да, яғни Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігінде, атап көрсетілген жəне бұл жағдай ұйымдасқан қылмыстық топ пен қылмыстық қауымдастыққа (қылмыстық ұйымға) қатысты айқындалған. Осыған байланысты ұйымдастырушы қылмыстың орындалуына тікелей қатыспаса да, сол қылмысты ұйымдастырғаны немесе басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Арнайы жағдайларда (мысалы, ҚР ҚК 235-б.) қылмысты ұйымдастырушы тұлға аталған əрекеттері үшін жеке қылмыс құрамын орындаушы ретінде жазаланады.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы (лидері) мəселесін қарай отырып, оның алдын ала тергеудегі рөлі туралы сұрақты қарастыра кетейік. өйткені бұл оның топтағы ықпалының деңгейін анықтауға жəрдем етеді.
Топтық жəне ұйымдасқан қылмыстарды тергеу кезінде тергеушіге ең алдымен қарсы тұратын тұлға-қылмыстық топтың лидері (ұйымдастырушысы). Тергеу уақытында лидер рөлі, практика көрсетіп отырғанындай, аяқталмағанымен қоймай, өсе түсуі мүмкін. Қылмыстық топ өз ұйымдастырушысымен (лидеріне, басшыларына) тергеу кезінде есептесуін тоқтатпайды: тергеушінің сұрақтарына лидер жауабы шегінде не соған сүйене отырып жауап береді. Тергеу əрекеттері алдымен қылмыс ұйымдастырушысын (лидерін) табуға, одан кейін қылмысқа қатысушылар арасындағы (топ мүшелері ішіндегі) өзара қарым-қатынас сипаттарын ашуға бағытталуы тиіс. Бұл жерде лидер мен топтың өзге мүшелері арасындағы қақтығыстар мен қайшылықтардың бар екендігін куəландыратын фактілерінің орны ерекше.
Тергеу практикасы көрсетіп отырғандай, қылмыстық топтың өзге мүшелері тез көз алдында лидердің абыройын төгіп, беделін түсіретін фактілерге негізделген тактикалық əдістер əсіресе тиімді болып табылады. Мысалы, ұйымдастырушының қылмыстан түскен пайданың көп бөлігін топ мүшелерінен жасырып қалғандығын айқындап, оны басқа қатысушыларға (топ мүшелеріне) білдіру. Мұндай əдістер өзге қылмысқа қатысушылардың шынайы көрсетулер беріп, тергеуден дұрыс нəтиже шығаруға көмектеді. Басқа, бір жағынан, лидердің, ұйымдастырушысының шынайы көрсетулері тергеу мен сот үшін үлкен мүмкіндіктер ашады, себебі лидер — топпен жасаған қылмыстар туралы максималды түрде хабардар адам. Егер ол көрсетуді шынайы түрде бере бастаса, тергеудің алғашқы сəтінде жауаптарын не тіптен көрсету бермеген қылмысқа да дұрыс жауап бере бастайды.
Жоғарыдағы айтылған мəселелер қылмыс ұйымдастырушысының (немесе лидердің) қылмыстық топтағы жоғары ықпалын куəландырады.
Қылмыс ұйымдастырушысы əрқашан қасақана ниетпен əрекет етеді. Оның қасақана ниетінің белгілері мынандай:
а) өзінің өзге тұлғаларды қылмысты дайындауға немесе жасауға біріктіріп жатқандығын білуі; ə) оның басқаруымен əрекет ететін қатысушылармен жасалынып жатқан қылмыстың сипатынбілуі;
б) ортақ қылмыстық нəтижені көре білу; в) осы нəтиженің болуын қалау.
Қылмысқа қатысудың əр түрлі формасындағы жəне жасаған қылмыстардың əр түрлі сипатындағы ұйымдастырушының қасақана ниетінің мазмұны əр түрлі болады. Кез келген жағдайда оның кімді басқарғандығын (жеке əрбіреуі міндетті емес) жəне оның ықпалымен қандай қылмыс жасалғандығын білген-білмегендігін дəлелдеу қажет.
Сондықтан қасақана қылмыс жасауды ұйымдастырған, топ құрған қылмыстың орындалуын басқарған адамды ұйымдастырушы деп санау қажет.
Сонымен бірге ұйымдастырушының қылмыстық іс-əрекетінің күрделі жағына қарай тағы да бір қатысушының түрін бөлуге қажеттілік туындауына байланысты бірнеше қылмыстық іс-əрекетті жасау үшін бірнеше топ құрып бір мақсатқа жету үшін осы топтардың қылмыстық іс-əрекеттерді орындауын басқарған адамды сыбайластық деп тану қажет. Осыған орай тұрақты топты басқарып бірнеше қылмыстық іс-əрекетті келісіп жасаса, сыбайластық деп тануды ұсынамыз.
Əдебиеттер тізімі
- Бурчак Ф.Г. Соучастие: социальные, криминологические и правовые проблемы. — Киев: Выщ. шк., — С. 137.
- Орал қалалық сотының 2000 жылғы архиві.
- Курс Советского уголовного права. — Т. 2. — М., 1970. — 369 с.
- Быков К. Лидерство в преступных группах // Законность. — 1997. — №
- Джекебаев У.С., Вайсберг Л.М., Судакова Р.Н. Соучастие в преступлении (криминологические и уголовно-правовые проблемы). — Алма-Ата: Наука, 1981. — 148 с.