Əзірге жасалу механизмі мардымсыз зерттелген абайсызда қаза келтіру, абайсызда денсаулыққа зиян келтіру жəне т.б. абайсыздық жағдайларының өсуі байқалады, сондықтан абайсыз қылмыстылықпен күрес тиімділігін арттыру міндеті тек техникалық емес, басқа да абайсыз қылмыстарды терең жəне барлық жағынан ғылыми талдау жолымен шешілмек [1; 41]. Теориялық əрі тəжірибелік тұрғадан маңызды болған жерде тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстардың жасалу механизмінің мазмұны мен жүзеге асырылу жолдарына арналған сұрақтарды ыждағаттылықпен талдауға мұқтаждық бар. Əлеуметтік өмірдің тұрмыстық саласындағы абайсыз қылмыстардың жасалу механизмін зерттеу — осы қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі мен олардың пайда болу себептері жəне шарттарын түсінудің негізі.
Абайсыз қылмыстардың жасалу механизмі, оның ниеттілігі, мақсаты, қылмыстық оқиға, абайсыз қылмыскер тұлғасы жөнінде арнайы қалам қозғаған авторлардың еңбегі көбіне техникалық, лауазымды абайсыздық мəселелеріне арналғандықтан, тұрмыстық абайсыздықтың жүзеге асырылу тетігін құрайтын əлеуметтік-психологиялық элементтер мен бұл механизм сатыларының ерекшеліктері мəселелерінің кенже қалып қалған тұстарын зерттеуді жөн көрдік. Мұндай зерттеу ғылыми тұрғыдан осы қылмыстарды жасаушы қылмыскер тұлғасын жəне тұрмыстық абайсыздыққа жол беретін себептер мен шарттарды құрайтын қоршаған ортаны дəйектілікпен ашу, тəжірибелік тұрғыдан осы қылмыстарды болдырмауға əрі қолсұғушының тұлғалық бағытын өзгертуге септігін тигізетін шараларды айқындауға мүмкіндік береді.
Тұрмыс аясындағы абайсыздықтың механизмін зерттеудің зерделену уəжі — қасақана қылмыстың жасалу тетігіне арналған жалпы мəселелер мен абайсыздықтың басқа түрлерін жасау механизмін қамтитын сұрақтардың салыстырмалы қырлары болмақ.
Жалпы қылмыстық мінез-құлық себептерінің қалыптасуына арналған теориялық пікірлерді зерделеп, профессор В.Е.Квашис «абайсыз қылмыстардың көпжақты тұспалдары салдарынан арнайы деңгейде де, жеке дейгейде де олардың себептері мен шарттары қылмыстылықтың себептілігі жəне нақты қылмыстың себептері жөніндегі криминологияда қалыптасқан жалпы теориялық ережелердің желісіне жатпайды деген қорытындыны [2] біз қолдаймыз. Əсіресе абайсыз қылмыстардың өмірдің түрлі салаларына қолсұғатынын ескерсек, қасақана қылмыстарды туындататын детерминанттар абайсыздықтың да себепшісі деген дəстүрлі қалыптасқан ойлар жетім.
Осы ережелердің негізінде біз тұрмыстық абайсыздықтың жасалу механизмін құрайтын объективтік жəне субъективтік факторлардың қайсысы осы əрекетті туындатып, қайсысы осы əрекеттің жасалуына қолайлы жағдай туғызатынын анықтауды мақсат еттік. Адамды белгігі бір бағытта əрекет етуге итермелейтін басты себеп — оның санасы мен еркі, қылмыстылықтың арнайы себептерін қоғамдық, топтық жəне жеке санадағы ақаулардан іздеу керек [1; 44] деген қағидаларды басшылыққа ала отыра, біз тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстардың басты себебін осы қылмыстарды жасаған адамдарды жеке басының белгілері мен əлеуметтік тұрпатынан іздейміз.
Тұрмыстың жеке тұлғалық-тұрмыстық (отбасы, туысқандық), коммуналдық-тұрмыстық (достық, жолдастық, көршілестік), өндірістік тұрмыс (өндіріс барысында еңбектен тыс уақытты өткізумен байланысты) жəне қоғамдық-тұрмыстық (өндірістік жəне қоғамдық тұрмыс, тұрмыстық қызмет ету, қоғамдық ортадағы қарым-қатынас) салаларында жасалған ҚР ҚК 101-б. бойынша сараланған біз зерттеген қылмыстық істердің 34,6 % отбасындағы, 30,7 — коммуналдық-тұрмыстық ортадағы, 15,3 қоғамдық-тұрмыстық ортадағы, 11,5 % өндірістік-тұрмыстық салада болған жағдайлар.
Адамның тұлғалық қалыптасуы, оның мінезінің шынығуы, белгілі бір мінез-құлық əдеттері мен бағдарының орнығуы, материалдық жəне рухани құндылыққа қарым-қатынасы алдымен отбасында сомдалатынын айтайық. Сонымен бірге отбасы — оның мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас ортасы. Көп жағдайда отбасы мүшелері ұзаққа созылған кикілжіңнің қатысушылары болады, ал аяқ астынан туындаған дау құқықбұзушылықтың себебі болып жатады. Осы саладағы біз зерттеу жасаған абайсызда қаза келтіру қылмыстарының жəбірленушісі болып 22,2 % балалары, 33,3 — күйеуі, шамамен бірдей үлесте 11 — əйелі, əжесі, əкесі, 3 % күйеу балалары танылған. Отбасында абайсызда кісі өлтіру қылмысын жасаған əйелдер 55,5 % құраса, 44,4 — еркектер құраған. Келтіріліп отырған мəліметтердегі отбасындағы осы қылмыстардың басымшылығы əйелдермен жасалатыны қынжылтатын жайт. Балаларының өміріне абайсызда қаза келтірген қылмыскерлердің барлығы əйелдер.
Əйел қылмыскерлердің балаларына қатысты жасаған əрекеттердің себептері күйеулеріне қатысты жасаған қылмыстардың себептерімен салыстырғанда əрқалай. Мысал: Көкшетау қалалық сотының үкімі бойынша Д. өзінің жаңа туған бір айға толмаған баласына абайсызда қаза келтіргені үшін сотталған. Ол күйеуінің туған күнін тойлап, қонақтарды күткен, тойлау үстінде алкогольдік ішімдік ішкен, туған күн тойынан шаршаған күйінде кішкене баласын емізбекші болған. Қасына алып жатқан баласының аузына төсін беріп, емізіп жатып ұйықтап қалғанын білмей қалған. Нəтижесінде кішкентай К. жоғарғы тыныс жолдарының жұмсақ нəрсемен жабылып қалуының кесірінен, механикалық асфиксиядан қайтыс болған. Жұмсақ нəрсе анасының төсі болған. Бұл əрекетте Д. кішкене баласынының өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларға мүлдем селқос қараған.
Қылмыстық істі қарау барысында біздің анықтағанымыз. Қылмыскер Д. отбасындағы 4 баланың екіншісі, анасы ішімдік ішкен, ата-аналық құқығынан айрылған, өзі 11 жастан темекі шеккен, 17 жасынан арақ ішкен, мектепте нашар оқыған, 8-сыныптан мектепті тастап кеткен. Көршілердің көрсетуі бойынша, бұл отбасы қоғамға жат өмір сүреді, санитарлық-гигиеналық, тазалық нормаларын сақтамайды, Д-ның өзі де, үлкен қызы да үнемі кір-қожалақ жүреді, балаларына еш қамқорлық танытпаған, үй-жайды шаруашылықты жүргізуге немқұрайлы қараған əрі ол, мүмкіндік болса, ішімдік ішкенді қалайды екен [3].
«Перзентханада əрбір ананы баланы емізу ережелерімен таныстырып, баланы жатып емізуге болмайды, тек отырып емізу туралы кеңес беріледі, сонымен қатар бұл бала Д-ның екінші баласы, демек оның баланы асырау, емізу тəжірибесі бар» деген дəрігерлерден алған жауабымыз жəне Д-ның ішімдік ішіп баласын емізуі, Д-ның баланы асырау, тəрбиелеу ережесін бұзғанын куəландырады. Сонымен бұл қылмыстың себептері Д-ның шаршағаны, ішімдік ішкені, бала асырау ережелеріне селқос қарауы танылса, келесі мысалдан біз отбасындағы ұзақ уақыт бойы қалыптасқан кикілжіңді қылмыс себебі деп айтуға болады.
Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотымен қарастырылып, айып тағылған К-ның қылмысы бойынша келесі жағдайлар анықталды. Қарағанды қаласы Восток-3 мөлтек ауданында тұратын жəбірленуші А. жастайынан көзі көрмейтін мүгедек. 2006 ж. 07 наурыз күні 15.00 сағатта өз үйінде əйелінің көзінше ішімдік ішкен. Кешкі 17.00 сағатта мас күйіндегі А. əйеліне ашуланып, негізсіз тиісе бастайды. Оның əйелі К. күйеуінің ашуын баспақшы болады, бірақ А. оған құлақ аспай, əйелін жұдырықпен, аяғымен ұрады, одан соң пəтер ішінде аласұрып, айнала қозғалады. Көзі көрмегеннен қолына не түседі сонымен əйеліне мегзеп лақтырады. Күйеуінің қолына пышақ алып алатын əдеті барын білетін К. оның алдын орамақшы болып, пышақты қолына алып алған. Пышақты тығып қоямын деген оймен К. бөлмеден шығып кетпекші болады. Алайда А. оны бөлмеден шығармай, бөгейді. К. күйеуіне қолында пышақ барын ескертеді əрі бөлмеден шығаруын өтінеді. А. ескертуге құлақ аспай, К-ға бас салып, төнеді де, К-ның қолындағы пышаққа түседі, одан соң да қозғалысты əрекеттерді істейді, бірақ ауырсынып, мен дем аламын деп жатып қалады. 3 сағаттан кейін А. өт артериясына зақым келуінің салдарынан өлген.
Іс матералдары бойынша К. өзінің мүгедек күйеуіне оның күштеуімен отасқан, өйткені ол жасында өзін зорлаған екен. Кейін күйеуі өзіне қызғаншақтық білдіріп, үнемі жұмысында еркектермен қыдырасың деген айыптамалар тағады екен, осындай даулардың арты əрқашан ұрып- соғумен бітеді. Күйеуі басынан табуреткамен ұрғаннан кейін параноидті психоздан емделген. Баласы мен келінінің көрсетуі бойынша, А. мүгедек болған соң жұмыс істемейтін. Ішімдік ішеді, мінезі күйгелек, мас күйінде де, сау күйінде де əйелімен керісіп, оны кез келген мəнсіз жағдайлар бойынша түйгіштей беретін.
Психологтың қорытындысы бойынша К. өзі туралы айтқанда күйеуі екеуінің арасындағы кикілжіңдерді ғана есіне алады, оны айтып жылайды, мінезінен (Айзенк, Сонди, Люшер) тұлғалық əдістері бойынша пессимистік, белсенділіктен арылған, қоршаған ортаның əсеріне бағыныштылық, тəуелділік, жоғары эмоциялық кернеу, үрей, бақытсыздық сезімдерін байқаған. Даулы, кикілжің жағдайларда өзін қорғау реакциясын танытады, көбіне ондай жерден басын алып қашады, кикілжіңнің конструктивті шешімдерін ұсынбайды, əрекеттің үдеуі тежелген [4].
Келтірілген мысалдардың себептері əр түрлі отбасында қалыптасқан жағдайларға байланысты, біріншісінде, əйел адамгершілік құндылықтары төмендігінен қауіпсіздік ережелерін бұзса, екінші мысалдан əйелдің отбасындағы кикілжің салдарынан қылмыстық мінез танытқанын білеміз.
Біздің зерттеуімізде болған қылмыстардың басым көпшілігінде қылмыскерлер өзінің қоршағандардың мінез-құлқына төзімсіз сыңай танытқан.
Коммуналдық-тұрмыстық қатынастардың теріс өрбуіне себепші жағдайдың тағы бір түрі көрші немесе таныстардың бір-бірі туралы лақап мəлімет таратуы. Оған мынадай мысалдар келтіруге болады. Соңғы екі мысалдың себептерін алдын алуға болушы еді. Бөтеннің көзінен таса, жасырын сипатқа ие отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қарағанда, коммуналдық-тұрмыстық ортадағы, қоғамдық-тұрмыстық ортадағы, өндірістік-тұрмыстық салада болатын жағдайлар ашық жəне оған үшінші тұлғалар да қатысады. Оқиғаның куəлары немқұрайлы ниет танытатыны өкінішті.
Ақмола облысы Сандықтау аудандық сотымен ҚР ҚК-нің 101-б. 1-б айып тағылған Б-нің əрекеті. Б. көршісі Е-нің өзі туралы ұрланған заттарды сатады деп кəуесет сөздер таратқанын естиді. Неге ондай сөз тарататынына жауап іздеп, көршісіне барады. Екеуі үйдің кіре берісінде сөз таластырады. Одан Б. мен Е. төбелесе бастайды. Төбелестің арты Е-нің үйінде жалғасады. Сырттан кірген Е-нің əйелі оларды арашалаймын деген оймен Б-ның сол қолына жармасып, өзіне қарай тарта бастайды. Қайрылған қолын босатпақшы болған Б. қатты күшпен əйелді итеріп жібереді. Əйел басын табалдырыққа соғып ессіз құлайды. Б. Е-ге көмектесіп əйелін үйіне кіргізіп бергеннен кейін, кетіп қалады. Бас миының зақымдануы салдарынан 5 күн комада жатқан Е-нің əйелі есін жинамастан, жан тапсырған [5].
ҚР ҚІЖК 8 б сай қылмыстық процестің басты міндеттерінің бірі заңдылық пен құқық тəртібін нығайту жəне қылмыстың алдын алуын айтсақ, тұрмыстық абайсыздыққа ықпал ететін мəн- жайларды болдырмау — онымен күрестің тиімді бір жолы. Сот төрелігін жүзеге асыратын органдар мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назары аударылған іс бойынша анықталған заңның бұзылу фактісі, қылмыс жасауға себепші болған жəне тиісті шаралар қабылдауды талап етететін себептер мен жағдайларды жою бойынша жүргізілген шараларын талдау қызметін жүргізбейтіні қынжылтады.
Біздің категориядағы істер бойынша соттың ҚР ҚІЖК 387-б. 3-б бекітілген жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндірістегі немесе тұрмыстағы теріс мінез-құлқына немесе олардың қызметтік не азаматтық борышын бұзуына аудару құқығын іске асырғанын тіпті кездестірген жоқпыз.
Жоғарыда мысал келтірген Ақмола облысы бойынша үкім шығарылған анасының өз сəбиінің өміріне абайсызда қаза келтірген қылмысына келер болсақ, ол əйелдің өлтіріп алған баласынан басқа 3 жасар тағы баласы барын үкімнің кіріспе бөлімінде бекіткен. Үкімнің қорытынды бөлімінде Д-ны айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырған. Істің барысында көршілердің, перзентхана дəрігерлерінің куəландыруы бойынша, сот Д-ның қылмысқа дейінгі мінез-құлқын келеңсіз деп таниды. Ішімдік ішетінін, балаларын асырауы бойынша міндеттерін тиісінше атқармайтынын анықтайды [3]. Бірақ Д-ның теріс мінез-құлқына ықпал ететін шараларды іске асырмайды. Біздіңше, бұл сот тарапынан жергілікті əкімшілік жəне Қазақстан Республикасының қорғаншылық жəне қамқоршылық органдарының назарын аударатын жағдай. Өйткені Д-ның асырауында жəне тəрбиеленуінде қалған екінші баласының тағдырына еш кепілдік жоқ. Ол балаға қатысты анасының қылмыстық мінез-құлқына жол бермеудің кепілі Қазақстан Республикасының қорғаншылық жəне қамқоршылық органдарына соттың жүктеген міндеттемесі болмақ.
Абайсызда жасалатын қылмыстың жағдайы жəне оның уəзіпті элементтерінің өзара байланысы мен ұйқасы жөнінде біртұтас анықтама қалыптастыру үшін криминологияда «абайсыз қылмыстың оқиғасы» түсінігі қолданылады [8; 56]. Тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстардың оқиғасы өзгеше мəнге ие. Егер əлеуметтік өмірдің осы саласында жасалатын қасақана қылмыстар оқиғасының ролі осы қылмысты жасаудың негізгі шешуші болса, абайсыз қылмыстардың оқиғасы осы қылмысты жүзеге асыруға басқаша əсер етеді. Біз бұл жерде оқиғаның абайсыз қылмысты жасау механизмінің тұспаласатын үш тұсын:
- біріншіден, оқиға шешім таңдаудың ниеттілігі үдерісінде тұлғаға əсер етеді;
- екіншіден, оқиға тұлғаға жəне қылмыс қаруына шешімді орындау үдерісінде əсер етеді, нəтижесінде қару басқарушы субъектінің бақылауынан таса болады;
- үшіншіден, оқиға қылмыстық нəтиженің пайда болуына тікелей қатысады деп берген [6; 190] ғалымдарды қолдап, абайсызда тұрмыс аясында жасалатын қылмыстардың оқиғасы объективтік мазмұнымен бірге субъективтік сипатымен ерекшеленетінін айта кетейік.
Криминологиялық əдебиеттерде қылмысты «жеке тұлға мен оқиғаның» бірлесіп əрекет ету нəтижесі деген пікірлер аз емес. Жұмысымыздағы талдау жүргізу мақсаты бойынша тұлға тұрмыстық абайсыз қылмыстардың оқиғасын бүтіндейтін белсенді элементі саналады. Бір жағынан, нақтылы өмірлік оқиға тұрмыс аясындағы қылмыстарды жасауға белгілі бір жағдай тудырса, екінші жағынан субъектіге қылмыстық нəтижеден құтылу, оларды болдырмау немесе қауіпті əрекеттен бас тартуға мүмкіндік береді. Нақтылы оқиға — тұлға мен жағдайдың бірігіп əрекет етуінен туындайтын келеңсіз нəтиженің алғы шарты. Құқықбұзушы мінез-құлқы мен оның салдарына əсер ететін белгілі бір жағдаймен жанасады. Субъектінің əрекеті тұрмыс аясында жасалатын қылмыстардың бірі болып есептелуі үшін бірнеше қажетті шарттар мыналар: алдымен, оқиға жасалып отырған тұрмыстық абайсыздық əрекеттің қауіптілігі жөнінде ақпарат беруі керек, екіншіден, оқиға субъектіге осы əрекеттен туындайтын іс жүзіндегі зардаптардан құтылу мүмкіндігін беруі керек, үшіншіден, тұлға өзінің жеке психологиялық қасиеттерінің арқасында осындай ақпаратты сезініп, қылмыстық нəтижеге жол бермейтін дұрыс шешімді таңдап алуы керек.
Демек, абайсыз қылмыстардың алғы шарты болып табылатын нақтылы оқиға объективтік мазмұнына қарай белгілі бір деңгейде қылмыс жасауға септігін тигізсе, кейде субъектіге құқылы əрекет етуге мүмкіндік береді. Ал абыржудың кесірінен субъекті қажетті шешім қабылдай алмауы салдарынан қоғамдық қауіпті нəтиженің туындауы күрделі əрі қауіпті оқиғаның нəтижесі. Мұндай кезде тұлға келеңсіз нəтиженің пайда болатынын болжап біле тұра, қалыптасқан оқиғада дұрыс шешім таба алмай, қаза келтіру, денсаулыққа зиян келтіру, мүлікті жою немесе бүлдіруне əкеп соғатын əрекеттер жасайды.
Қауіпті оқиғаның қылмыс салдарына айналған жайты төмендегідей. Қарағанды қаласы Октябрь аудандық № 3 сотымен қарастырылған қылмыстық іске талдау жасайық. Сотталушы М. өрт қауіпсіздігі қызметінің қызметкерлері өрт сөндіру кезінде электр тасымалдау желісінен қиып тастаған сымды ӨБ-15 қарауылы бастығының ескертуіне қарамастан, электр қуатымен қамтамасыз ететін «Қарағанды-Жарықтың» ЖШС авариялық қызметкерлері келгенше, өз бетімен электр қуатының көзіне қосады. Нəтижесінде тоқ сымының электр тасымалдау желісіне қосылғанын білмеген өрт сөндіруші Г. өрт сөндірудің құрылғыларын жинап жүрген кезде, сол сымның жерде жатқан шетін басып кетеді. Тоқ соққанның кесірінен Г. тұрған жерінде құлап, реанимациялық шаралар да көмектеспей, қайтыс болады [7].
Электр қуаты өте жоғары қауіптілік көзі екенін екінің бірі біледі. Өрт сөндіру мақсатында электр тасымалдау желісінен тоқ сымы кесілгенін біле тұра, өз бетімен сымды электр тасымалдау желісіне қосуға болмайтыны жөнінде ескерту алғанына қарамастан, өрт сөндіру қызметкерлерінің осы қауіпті телімде шаралар өткізіп жатыканын көре тұра М-нің əрекеті — қауіпті оқиға кезінде адамның өміріне абайсызда қаза келтіруге əкеп соққан теріс шешім қабылдаудың мысалы.
Талдауда болған қылмыстық істердің оқиғасының барлығы бірдей қауіпке ие болғанын тұжырымдай алмаймыз, өйткені кей жағдайда қылмыстық нəтиже оқиға біртіндеп, дами келе туындайды. Оқиғаның бастамасы қауіп төндірмейтін кезде, субъектінің өзі мүлде бейтарап оқиғаны əрекетімен немесе жəбірленушімен өзара бірлесіп қауіптендіреді.
Тұрмыстағы қылмыстардың менмендікпен жасалған түрлеріне субъектінің зардапты туындауын болжай алатын жəне зардапты болдырмауға жеңілтектікпен үміттенген жағдайлар алғы шарты болады. Субъектінің зардапты болдырмауға сенімі өрбіп жатқан оқиғаны үстірт талдауға негізделеді, оның ойынша, зардаптарды болдырмауға қажетті шарттардың бəрі бар. Шатасқан субъект жағдайдың мəнін асыра бағалайды.
Немқұрайдылық туралы сөз қозғасақ, қалыптасқан оқиға субъектіге əрекетінің зардап келтіретінін ұғыну мүмкіндігін береді, бірақ ол жағдайды шала-шарпы түсініп, зардаптың туындауын болжап білмейді. Зардапты болжау мүмкіндігі болмаған жағдайда жазықсыз зиян келтіру болып есептеледі.
Нақтылы өмірлік оқиға — тұрмыстағы абайсыз қылмыстар тетігіндегі сыртқы шарттар болып табылатын объективтік факторлардың бірі. Келеңсіз нəтиженің туындауы бүтіндей субъективтік факторларға тəуелді.
Тұрмыс аясындағы қылмыстардың мінез-құлқының əлеуметтілігімен қатар, тұлғалық қырларын есте ұстайық. Бұл қылмыстардың əлеуметтік мəні қылмыскер тұлғасының психологиялық қасиеттерін терең зерттеусіз толық ашылмаған болар еді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отыра, абайсызда жасалған қылмыстардың тетігінің айрықша психологиялық қырларын:
а) абайсыз қылмыстардың негізінде субъектінің кінəлі, «кешірілмейтін» қателігі жатады;
ə) сезінетін немесе сезінбейтін факторлар, сонымен қатар ерік қадағалауында болатын немесе болмайтын факторлар (қасақана қылмыстарға қарағанда) абайсыз қылмыстарда өзгеше сабақтасады;
б) абайсыз қылмыстарды жүзеге асырғанда ниет пен мақсат (қасақана қылмыстарға қарағанда) өзгеше əлеуметтік-адамгершілік сипатқа ие болады; ниет пен мақсат жəне келтірілген зардап арасындағы алшақтық байқалады деп бағалаған авторлардың пікірін [6; 187] құп көрдік.
Абайсызда тұрмыс аясында қылмыс жасайтын тұлғалар жөнінде жеке статистикалық есепке алу жүргізілмейтінін ескерсек, ондай қылмыскерлердің əрекет жасау механизмін зерттеу — тірнектеп жиған еңбек.
Тұрмыстық абайсыз қылмыстарды жасаған қылмыскер тұлғасы деп сыртқы жағдайлармен əрекеттесуінің салдарынан қылмыстың себебі танылған адамның əлеуметтік мəнді жəне əлеуметтік келеңсіз белгілері мен қасиеттерінің жиынтығын айтамыз. Осы категориялы қылмыскер тұлғасының криминологиялық сипатын беру үшін əлеуметтік мəртебесін, құндылық бағыты мен ниеттілігі жүйесін жəне психологиялық ерекшеліктерін жіктеуді жөн көрдік.
Адамның жеке тұлғасының құрылымын, оның қалыптасу заңдылықтары мен қозғаушы факторларды терең түсіну үшін жеке адамның қылмыстық мінез-құлқындағы басым ниеттердің табиғаты мен мəнін анықтау, үлкен теориялық жəне тəжірибелік маңызға ие болды [8]. Профессордың пікіріне қосылып отырған авторлардың бірі: «Кінəлі тұлғаның абайсызда қылмыс жасауының ниеттілік өрісін анықтау жаза тағайындау кезінде елеулі мəнге ие болады, өйткені жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын мəн-жай ретінде танылады дейді [9]. Адамның мінез-құлқын қалыптастыратын ішкі қозғауыштардың ғалымдардың назарына ілінуі тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстарды саралау кезіндегі, ондай қылмыстар үшін жазалау кезіндегі даулы сұрақтарды шешудің уəжі болмақ.
Соны бағыттағы зерттеулердің дəлелі бойынша адам əрекетінің қозғаушы күші ретінде танылған ниеттілік өрісі — тұрмыс аясында абайсыз қылмыстарды жасауға итермелейтін субъективтік фактор. Əрекеттің тетігінде қылмыстың шарттары мен жағдайлары кескінделген жеке-тұлғалық сипатымен өрнектелген мінез-құлық, оның қасиетін анықтауыш ретінде ниет пен мақсаттың қалыптасуының ішкі үдерісін, əлеуметтік мəнді объектілерге, заттарға, субъектілерге субъективтік қатысын айқындайды [10]. Автордың тұжырымдамасына сай, ниеттен біз əрекеттің жасалуының субъект үшін жеке тұлғалық мағынасын, ішкі рухани құрылымын сомдайтын компоненттердің субъектінің жасаған əрекетінде өрнектелуін көре аламыз. Олар тұлғаның даму қарқынына қарай қалыптасады жəне жекеше сипатқа ие болады.
Əрбір адам алдына қойған мақсатқа тұлғалық ерекшеліктері, қоршаған орта жəне қалыптасқан оқиғаның желісіне тəуелді əдістер мен құралдарды таңдай отыра жетеді. Тұрмыстық абайсыздық əрекеттерін жүзеге асыру барысында осындай таңдауды жеңілдететін жағдайлар: тұлғаның жеткіліксіз интеллектуалдық дамуы, өз мінез-құлқының нəтижесін мардымсыз болжау, эмоциялық тұрақсыздық, ұшқалақтық, өз мінез-құлқын саналы басқару қабілетінің жеткіліксіздігі, жеңілтектік, тəртіпсіздік.
Жалпы абайсыз қылмыстардың механизмін зерттеу кезінде даулы сұрақтардың қатарына жататыны — осы əрекеттердің ниеттілігі. Қылмыскердің кінəсінің нысанына қарамастан, ниет пен мақсатты əрекет етушінің санасы мен еркінің міндетті элементі деп есептесек, абайсыз қылмыстардың, соның ішінде тұрмыстық абайсыздықтың ниетін ашу маңызды мəселелердің бірі болмақ.
Психологиялық əдебиеттерде ниеттілік белгілі бір əрекетті жасауды іштей қажет тұту немесе оны жүзеге асыруға тұлғаның психологиялық дайын болуы ғана емес, осы əрекетті жүзеге асыру үдерісі, қалаған нəтижеге жету жолдары ретінде танылған. Ниеттілік қарекеттің нақты нысандарын жүзеге асырудың бағыты мен жолдарын анықтайтын адамның мінез-құлқының сыртқы жəне ішкі факторлардың ұйқасуы ролін атқарады.
Тұрмыс аясында абайсызда жасалған қылмыстардың ниеттілігі туындаған нəтижемен тікелей байланыста болмайды, оның себебі — абайсыздықтың түрі. Менмендікте ниет пен мақсат қылмыстың нəтижесімен қамтылмайды, өйткені кінəлі қылмыстық нəтиженің туындамауына сенімді. Қылмыстық мінез-құлықты жүзеге асыру барысында тұлғаның əрекетті кезекпен таңдау мүмкіндігі болмайды немесе ол қалауынша қайшы мінез-құлық түрін таңдайды. Субъектінің мұндай мінез- құлқының бір ниеті нəтиженің туындамауына сенімділігі де, мақсаты — осындай нəтижені алдын алу. Немқұрайлылықта қылмыстық нəтиже адам санасымен кескінделмегеннен, ниеттену үдерісінен мүлде орын таппайды, алайда мінез-құлық ниетке ие. Абайсыз қылмыстардың ниеті көбінесе өмірлік оқиғаға тəуелді.
Біздің ойымыздан шыққан П.С. Дагельдің ұсынған жіктеуінің негізінде тұрмыс аясында абайсызда жасалған қылмыстардың ниеттерінінің сипаты мен мазмұнына талдау жасайық. Жағымды ниеттерге автор тұлғаның өз құқықтарын жəне мүдделерін қорғау, қызмет көрсету, қамқорлық таныту, өндірістік сипаттағы ниеттерді жатқызады. Олардың қатарына жұмысымызда қарастырған Қарағанды қаласы Октябрь аудандық № 3 сотымен қарастырылған қылмыстық істегі М-ның көршілерінің өтініші бойынша өрт қауіпсіздігі қызметінің қызметкерлері өрт сөндіру кезінде электр тасымалдау желісінен қиып тастаған сымды өз бетімен электр қуатының көзіне қосуы əрекетіндегі ниеті өтінішті қанағаттандыруды айта аламыз [7]. М. көршілердің сөзін жерге тастамай, оларға қызмет қыламын деген ниетпен əрекеттенген. Сот, əрине, бұл жағдайды жеңілдететін мəн-жай ретінде таныған.
Қоғамдық-пайдалы, əлеуметтік-қолдау тауып отырған «жағымды» ниеттер моральдық жəне құқықтық ұстаным бойынша оң бағаланатындықтан, қылмыстық жауаптылықты даралау кезінде жеңілдететін мəн-жай ретінде заңмен бекітілген əрі жазалау кезінде сотпен ескеріледі.
Жағымсыз танылған ниеттердің қатарына пайдакүнемдік, бұзақылық, жеккөрініш, кек алу сынды қоғамдық-қауіпті, опасыз, ұждансыз ниеттер жатады. Мысалы: Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 сотымен сотталған Т-ға ҚР ҚК 101-б. 1-б. бойынша үкім шығарған кезде сот оның əрекетінің бұзақылық ниетін ауырлататын мəн-жай ретінде ескерген. Іс барысынан Т. кафеден шыққан Г-ның артынан қуып жетіп, дүкеннің қасында тоқтатқан. Т. айналасындағылардың ескертуіне құлақ аспай, төбелесті ұштатқан. Содан Г-ны бар күшімен бетіне жұдырықпен ұрып жіберген. Қолы қалтасындағы Г. өзін ұстай алмай, шалқалап асфальт жерге қарақұсымен құлайды. Г. ауруханада бас миінің ісінуінен қайтыс болады [11]. Осы істі қараған судьяның бізге берген сұхбатында Т. қоршағандарды сыйламайтын, бұзақы, қаза болған адамға еш жанашырлық танытпаған, агрессияшыл мінез-құлық танытқан. Осыған дейін де оның мінезінде қоғамдық талаптарды өрескел бұзған əрекеттер кездескен екен. Қылмыстық нəтижеге əкеп соққан төбелесті өзі бастаған. Үкім шығару кезінде бұндай ниет ауырлататын мəн-жай ретінде танылған.
Бейтарап ниеттерге келсек, олар қылмыстық жауаптылықққа тарту кезінде пəрменді ескерілмейді. Оларға əуестік, сотқарлық, желікпелік, үрей, қорқынышты жатқызуға болады. Мысалы, Ақмола облысы Атбасар аудандық сотымен кінəлі деп танылған кəмелетке толмаған П-ның əрекетке итермелеген ниеті — үрей. Іс материалдары бойынша П. өзінен 12 жас үлкен А-мен бірге Жабай өзенінің жағасында ішімдік ішкен. Қатты мас күйіндегі А. П-ны жыныстық қатынасқа түсуге күштеген. Бұндай күштеуден қорқып кеткен П. А-ны өзінен аяғымен итеріп жібереді. Аяғы тайып А. суға құлаған. Қорқып кеткен П. қылмыс жерінен кетіп қалады. А. суға тұншығып өлген [12].
Тұрмыстық абайсыз қылмыстардың жағымсыз ниеттер 51 %, бейтарап ниеттер — 36, жағымды ниеттер 13 % құрап отыр. Жағымсыз ниеттердің басымшылыққа ие болуы оларды қалыптастыратын əлеуметтік факторларға тəуелді.
Тұрмыстық абайсыздық себептеріне арнап жүргізілген зерттеулер төмендегідей тұжырым жасау мүмкіндігін берді:
- себеп абстрактілі емес, нақты нəтижені туындатқан, яғни тұрмыстық қауіпсіздік ережелеріне, атыс қаруын сақтау ережелеріне жауапсыздықпен қараудың салдары нақты ауыр зардаптарға əкеп соққан;
- тұрмыстық абайсыздық əрекеттері жауаптылыққа тартудың қажетті шарты болып табылатын кінəнің абайсыздық нысанымен жасалатындықтан, себептер əлеуметтік-психологиялық сипатқа ие болады;
- тұрмыстық абайсыздық себептерінің əлеуметтік-психологиялық деңгейі қылмыскердің бойында жауапсыздық, жеңілтектік ниетті қалыптастыратын келеңсіз ортаға байланысты;
- тұрмыстық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұлттық заңнама жүйесі нашар дамыған;
- тұрмыста қылмыстық абайсыздық танытқан тұлғалар жөнінде бірыңғай ақпарат базасының болмауы оларға ықпал ету жолдарын тежеп отыр;
- тұрмыстық қауіпсіздікке, қоғамдық қауіпсіздікке жəне адамдардың өмірі мен денсаулығына немқұрайлылық танытатын адамдардың қоғамға жат көзқарастары нығайып келе жатыр;
- тұрғындардың құқықтық санасы мен мəдениеті нашар;
- атыс қаруын сақтауды қызметтік міндеті бойынша атқарушылар ұқыптылығын жоғалтып, қызмет талаптарын тиісті атқармайды;
- тұрмыстық саладағы, атыс қаруының айналымындағы құқыбұзушылықты алдын алу шараларын қамтамасыз ететін құқыққорғау органдарының жұмысындағы кемшіліктер. Қылмыстылыққа жол бермеу мақсатында тұрмыстық саладағы болған əкімшілік жауаптылыққа тарту шараларын тиісті қолданбау;
- қоршағандардың тұрмыс саласындағы қауіптілік ережелерін бұзу, атыс қаруын сақтау ережесін бұзу фактілеріне парықсыз қарауы, анықталған жағдайларды құқыққорғау органдарына хабарламауы;
- атыс қаруын иеленуге рұқсат беру жүйесіндегі қызметшілер біліктілігінің төмен деңгейі;
- тұрмыстық саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуші заңнаманың кемеліне жетпеген деңгейі, өз кезегінде тұрмыстық латенттікті дамытады;
- жекелеген азаматтардың өндірістегі немесе тұрмыстағы теріс мінез-құлқына немесе олардың қызметтік не азаматтық борышын бұзуына назар аудару құқығын соттың сирек пайдалануы.
Тұрмыстық абайсыздық механизміндегі тұлғаның оқиғаны басынған жағдайлары туралы айтар болсақ, келесі қорытындылар жасаймыз:
- Тұрмыс аясында абайсыз қылмыс жасайтындардың ішінде адамгершілік жəне құқықтық сананың ақаулықтары айқын көрінген тұлғалар оқиғаны криминогендік желіске бағыттайды. Олар бұған дейін ұдайы қоғамдық тəртіпті бұзғандар, сотталғандар, маскүнемдер т.б.
- Қауіпсіздік нормаларын бұзуға септігін тигізетін элементтердің жоқтығына қарамастан, оқиғаны қылмыстық сипатқа бағыттаушылар. Бұл оқиғалар бейтарап күйге ие болатын жағдайлар. Ондай оқиғаның қылмыстық нəтижеге жеткізетін жағымсыз мінездемеге ие тұлғалар.
- Тұлғаның белсенділігі тек бейтарап жағдайда ғана емес, қарама-қайшылық жағдайларында да орын алады. Ондайда қауіпсіздік ережелерін бұзуға кедергі жасайтын, мүмкін болатын қауіптілікті ескертетін жəне абайлауды талап етер жағдай бола тұра, тұлға криминогендік нəтижеге бет бұрады.
- Барлық менмендікпен жасалатын қылмыстардың жағдайы. Менмендікпен əрекет еткен тұлға өз əрекетінің мүмкін болатын зардаптары туралы білгендіктен, құқықтық сипаттағы мінез-құлықты таңдап алу еркі бар, бірақ ол қылмыстық нəтижені болдырмайтынына жеңілтектікпен сеніп, саналы тəуекелге барады деп пайымдаймыз. Субъект құндылық бағдары, адамгершілік жəне құқықтық санадағы ақаулықтардың кесірінен өзі үшін келеңсіз салдарды туындататын қателік жібереді.
Жалпы біз ұсынып отырған қорытындыны өзіміздің зерттеу жүргізген қылмыстық істер бойынша жасап отырмыз. Тəжірибелік материалдар бойынша əрбір алтыншы қылмыс кезінде ғана оқиға субъектіге шешуші ықпалын тигізген. Бұндағы анықтағанымыз қылмыстық бағдарға себепші оқиғаның бойында қауіптілік жөнінде хабардар ететін айқын белгілердің немесе ақпаратты дұрыс қабылдап, бағалау мүмкіндігінің болмауы немесе субъектінің бейқамдық, шалалық, салақтықтық білдіріп, жағдайдың қауіпті элементтерін ашу үшін еріктік жəне интеллектуалдық күшін салмауы.
Тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстардың мінез-құлқының ниеттілігі — тұлғаның негативтік қасиеттері жəне оның өмірі мен қарекетінің қолайсыз жағдайларынан тұратын сыртқы жəне ішкі шарттарының өзара үйлесу нəтижесі.
Сонымен, тұрмыстық абайсыздық қылмысының мінез-құлық механизмін біз тұрмыстық салада абайсыз кінə нысанымен қылмыс жасауға себепші объективтік сыртқы факторлар жəне ішкі психикалық үрдістердің байланысы мен арақатынасы деп анықтадық.
Əдебиеттер тізімі
- Бакишев К.А. Роль личности в механизме неосторожного преступного поведения // Фемида. — — № 12.
- Квашис В.Е. Криминологические аспекты проблемы преступной неосторожности // Вопросы борьбы с преступностью /Под ред. В.В. Клочкова. — М.: Юрид. лит., 1978. — Вып. 28. — С. 22.
- Көкшетау қалалық сотының мұрағаты. — 2005 ж. — Мұр. № 1–172. — Қылмыстық іс №
- Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының мұрағаты. — 2006 ж. — Мұр. № — Қылмыстық іс№ 06357203100077.
- Ақмола облысы Сандықтау аудандық сотының мұрағаты. — 2008 ж. — Мұр. № 48. — Қылмыстық іс № 08116403100044.
- Механизм преступного поведения / Ред. В.Н. Кудрявцев. — М.: Наука, — 248 с. (Право и социология).
- Қарағанды қаласы Октябрь аудандық № 3 сотының мұрағаты. — 2002 ж. — Мұр. № 76. — Қылмыстық іс № 05357103100179.
- Квашис В.Е. Теоретические основы профилактики неосторожных преступлений: Учеб. пособие. — М.: РИО Акад. МВД СССР, 1977. — С.
- Джекебаев У.С., Рахимов Т.Г., Судакова Р.Н. Мотивация преступления и уголовная ответственность. — Алма-Ата: Наука, 1987. — С.
- Бакишев К.А. Мотивация неосторожного преступного поведения // Қазақстанда тəуелсіз мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы Конституцияның рөлі: ҚР Конституциясының 10 жылдығына арнал. халықарал. ғыл.-практ. конф. материалдары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. — С.
- Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 сотының мұрағаты. — 2004 ж. — Мұр. № — Қылмыстық іс № 1–504.
- Ақмола облысы Атбасар аудандық соты. — 2008 ж. — Мұр. № — Қылмыстық іс № 08113803100224.