Мектеп мұғалімдерінің психологиялық саулығы мəселесі бүгінгі күннің өзекті мəселелерінің бірі болып отыр. Медициналық психология оқыту процесі психологиялық саулыққа нұқсан келтіретін қауіпті іс-əрекет деп көрсетеді. Мектеп мұғалімдеріне қойылатын талаптың, олардың кəсіби іс- əрекетінен күтілетін нəтиже мазмұнының күрделі екендігі ешкімге құпия емес. Көп жағдайда күнделікті кəсіби қызметін атқару барысында мұғалім өзі жайлы, тіпті, сыр бермегенге дейін денсаулығы жайлы да ұмытады. «Жақсы» мұғалім үшін шəкірттің оқу жетістігі, шығармашылық табысы бірінші кезекке шығады. Алайда күнделікті стрессогенді факторлар мұғалімнің дене жəне психологиялық саулығына кері əсерін тигізбей қоймайды. Көзге көріне бермейтін, бірақ адамның алдына қойған мақсатына, көздеген мүддесіне жетуге кері əсерін тигізетін «пихологиялық саулық» түсінігіне кеңінен тоқталып көрейік.
Денсаулық — зор байлық. Ессіз білмес естінің қасиетін, сау білмейді аурудың қасіретін. Жаны саудың – тəні сау. Ата-бабамыз осы мақалдар арқылы өз ұрпақтарына денсаулықтың қадірін білуді меңзейді. Ықылым заманнан күні бүгінге дейін денсаулық саутау мəселесі күн тəртібінен түспейтін өзекті мəселелердің бірі болып келе жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаев халыққа əр жылдағы Жолдауларында экономикалық-əлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігін атап көрсетті. Елбасының «Қазақстан – 2030 Стратегиясы» — ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасының
«Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы жəне игілігі» бағытында сырқаттардың алдын алу жəне салауатты тұрмыс салтына ынталандыру, азаматтарды салауатты тұрмыс салтын ұстауға, дұрыс тамақтану, гигиена мен тазалық ережелерін сақтауға баулу, нашақорлық пен наша бизнесіне қарсы күресу, маскүнемдік пен темекі шегуді қысқарту, ана мен баланың денсаулығын сақтау мəселелері көтерілген. Гүлденген экономиканы дені сау, саналы азаматтар жасайды. Сондықтан Жолдаудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны насихаттау шараларын белсендірек жүргізгеніміз абзал. Əсіресе жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру — біздің міндетіміз.
Денсаулықтың мықты болуы көбіне адамның өзіне байланысты. Қаншама адам зардап шегіп, əр түрлі ауруға шалдығып жүр. Олар қазіргі кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кеткен емші-экстрасенстарге алданып, ауыруларын əбден асқындырып алып, емханалар мен дəрігерлердің бірінен екіншісіне жүгіріп, əуре-сарсаңға түсуде. Өз денсаулығын өздері бұзып жүрген осындай адамдарды көргенде, шарасыз жағдайларына жүрегініз сыздап, қапаланып қаласыз. Ойлап қарасаныз, денсаулық — адам баласына табиғат сыйлаған ең басты байлық. Сау кезімізде сол теңдесі жоқ табиғат сыйының бағасы мен қадірін білмейтініміз өкінішті-ақ. Денсаулықты оп-оңай жоғалтып алуға болады, оны қайта қалпына келтіріп түзету өте қиын.
Денсаулық дегеніміз — адамның басқаларға, табиғатқа, өзіне мейірімді қатынасы, оның əлеуметтік жəне дене үйлесімділігі.
Психикалық саулық — өнімді іс-əрекет нəтиже болып саналатын психикалық функциялардың табысты орындалуы, басқа адамдармен қарым-қатынас орнату жəне өзгерістерге бейімделе алу қабілеті, жайсыздықтарды жеңе алу.
Психологиялық саулық — психикалық саулықтың психологиялық аспектілері: өмір бойы үздіксіз даму мүмкіндігіне байланысты адамның жас ерекшелігі, əлеуметтік, мəдени рольдерін адекватты орындау шарты.
Психологиялық дені сау адам шығармашыл, жарқын, көңілді, ашық, өзін жəне қоршаған əлемді ақыл-парасатымен ғана емес, сонымен қатар сезімдер мен интуициясы арқылы да танушы адам. Ол өзін толығымен қабылдайды жəне оны қоршаған адамдардың құндылығы мен бірегейлілігін толық мойындайды. Психологиялық саулық жеке адам мен қоғам сұраныстарының арасында үйлесімділікті қамтамасыз ететін, тұлғаның өзінің өмірлік міндеттерін орындауға бағдарлануының алғышарты болып табылатын, адамның психикалық қасиеттерінің динамикалық жиынтығын білдіреді [1].
Денсаулық дене, психикалық, рухани жəне əлеуметтік болып бөлінеді. Деннің саулығы дегеніміз — адам ағзасында қызметтердің өздігінен реттелуі, функциялық үрдістердің келісімді өтуі, сыртқы орта əсерлеріне бейімделу қасиеттерінің жоғары дəрежелі жағдайда болуы. Психикалық саулық ауруды болдырмау, қайтсе де одан арылу «адам өмірінің мақсаты» болуын болжайды. Əлеуметтік саулық — адамның əлеуметтік белсенділігінің, яғни, жеке адамның айналадағы өмірмен біте қайнау дəрежесі.
Денсаулық, қалып (норма) деген ұғымдар бір-біріне ұқсас. Қалып — дені сау адам баласының бəріне бірдей тұрақты мақсат ететін үлгі болатындай денсаулықтың көрсеткіштері. Денсаулық жағдайын бағалау үшін жасқа байланысты жеке адамдардың қалып көрсеткіштері пайдалынылады. Жасқа байланысты қалып көрсеткішін анықтау үшін белгілі көрсеткіштің əрбір жастағы адам топтарының орташа көрсеткіші есептеліп шығарылады. Əрбір топта табылған орташа көрсеткішті қалып стандарт етіп алады. Бірақ та бір топқа кірген адамдардың көрсеткіштерінің бір-бірінен айырмашылығы əжептеуір болуы мүмкін. Өйткені олардың жыныстық, кəсіптік, тұрған жерінің, өмір салтының т.б. айырмашылықтары болады. Орташа көрсеткіштерді анықтағанда, айтылған айырмашылықтарды да еске алған жөн. Осыған орай «қалып» деген ұғым «денсаулық» деген ұғым тəрізді əр адамның жеке басына ғана тəн көрсеткіштері болмақ. Денсаулықтың белгілеріне демографиялық көрсеткіштерді, аурушандықты, дене бітімінің дамуын жатқызады. Халықтың денсаулығына берілген осы белгілердің ішінде, əсіресе демографиялық көрсеткіштер (туып-көбею, өлім, ғұмыр жастың орташа ұзақтығы) ерекше күдік туғызады. Кейбір елдерде туып-көбеюді жасанды түрде азайту денсаулықтың көрсеткіштерінің жоғары болуына сəйкес келеді.
А.В. Шувалов психологиялық саулық мəселесінің теориялық талдамасын ұсынды. Автордың айтуынша, денсаулық мəселесі адам өмірінің іргелі аспектілерімен байланысты қарастырудың тек оңтайлы-прагматикалық емес, дүниетанымдық деңгейіне де ие. Сонымен қатар автор бұл ұғымның бір мағыналы еместігін жəне синкреттігін айрықша баса көрсетеді. Денсаулық мəселесіне арналған арнайы еңбектерді жалпылай келе, автор бірқатар қағидаларды бөліп көрсетеді:
- Денсаулық — ол идеалға жақын жағдай, əдеттегідей адам денсаулығы өмір бойы мінсіз бола бермейді.
- Денсаулық — ол адами шынайылықтың түрлерін көрсететін күрделі, көпқырлы феномен. Сəйкесінше, адамның соматикалық, психикалық жəне тұлғалық денсаулығы бағалануы ықтимал.
- Денсаулық — ол тұлғаның өзін-өзі анықтауын, қалыптасуын, психикалық ортасының дамуы мен қызметін, ағза жұмысының жəне физиологиялық құрылымдардың жетілуі мен дамуынан тұратын, бір уақытта қатар жүретін жағдай мен күрделі динамикалық үрдіс.
- «Денсаулық» категориясы бұрыннан даралық полюсымен өзара байланысады: денсаулық жағдайы дербестендірілген жəне əрбір нақты жағдайда арнайы сендіруді болжайды.
- Өмірдің белгілі бір жағдайдайларында (экологиялық жəне климаттық ерекшеліктер, тамақтану сапасы, еңбектену мен демалудың тəртібі, əлеуметтік-мəдени ықпалдар жəне т.б.) адамның денсаулығы жақсаруы мүмкін. Бір адам үшін жағымды болған жағдай басқасына ауыр болуы ықтимал. Сонымен қатар денсаулықтың жан-жақты ахуалын анықтау «денсаулық саясатының» ұстанымдарын тұжырымдауға мүмкіндік береді.
- Денсаулық — медициналық тар ұғым емес, ол мəдени-тарихи түсінік. əр заманда əр түрлі мəдениеттерде денсаулық пен сырқаттың арасындағы шек əр түрлі анықталған.
- Адам денсаулығының ахуалын анықтау үшін, бір жағынан, жайлылықтың, тұтастықтың, жетілгендіктің эталондық негізі мен тұрақты үлгісі қажет, екінші жағынан – сырқаттың пайда болуының жəне ағымының заңдылықтарын сипаттау қажет.
- Денсаулық пен сырқат диалектикалық, өзара толықтырушы ұғымдар санына жатады. Оларды зерттеу адам табиғаты мен мəнін ұғынумен байланысты.
- Денсаулық адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі болып табылады [2].
Психикалық саулық мəселесін көптеген ғалым-философтар (В.Е. Давидович, В.М. Розин, И.Н. Смирнов, К.С.Хруцкий жəне тағы басқалар), валеологтар (Р.И. Айзман, Г.Л. Апанасенко, И.Н. Гурвич, В.П. Куликов жəне тағы басқалар), психологтар (А.А. Ананьев, И.В. Дубровина, И.В. Ежов, А. Маслоу, Ю.И. Мельник, К. Роджерс, В. Франкл жəне тағы басқалар) зерттеулерлерінде қарастырған. Қазіргі психологиялық əдебиеттерге талдау жасағанда көптеген зерттеушілер денсаулықтың психологиялық аспектілерін «психикалық денсаулық» (Л.М. Митина), «рухани денсаулық» (Ю.А. Кореляков), «жанның саулығы» (О.И. Даниленко) деп атаған [3].
В.Н.Ананьев «Денсаулық психологиясы» атты монографиясында тұлғаның психологиялық саулығының белгілері: соматикалық денсаулық (көздің жақсы көруі, қимыл-қозғалыс аппаратының, ас қорыту мүшелерінің дұрыс қызмет атқаруы), өзін-өзі бақылаудың дамуы, адам өмірінде кездесетін түрлі жағдаяттарда өзін адекватты ұстау, мақсат пен ақиқаттың арасын айыра білу жəне өз іс-əрекетін жүйелей алу іскерлігі, əлеуметтік норма шеңберінен шықпау дағдысы деп атап көрсетті [4].
Заманауи психологиялық əдебиеттерге талдау жасау жеке тұлғаның психологиялық саулығын сипаттайтын төмендегідей белгілерді атап көрсетуге көмектесті:
- Адамның өзін-өзі, əлемді, өзінің əлеммен байланысын саналы түрде ұғынуы.
- Процесте болуы, процесте қарым-қатынасқа түсуі, уайымдауы.
- Өмірінде кездесетін белгілі бір жағдаяттарда одан шығудың тиімді жолдарын таба алатын қабілетінің болуы.
- Өзін-өзі көрсетіп қана қоймай, өзге адамдарды тыңдай білуі, сонымен қатар өзге адамдармен шығармашылық бірлестікте жұмыс істей алу қабілетінің болуы.
- Қарым-қатынасқа түсушілердің жеке қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік беретін диалогқа түсе алу жəне оны ұйымдастыра алу қабілеті.
- Өзінің жеке қызығушылықтарын есепке алатын, өзімен-өзі болу салты бар еркіндік сезімі.
- «Мен жасай аламын» деген сенімнің болуы.
- Əлеуметтік сезім жəне əлеуметтік қызығушылық, яғни, айналасындағы адамдардың қызығушылықтарымен, қабілеттерімен үнемі санасып отыру.
- Тұрақтылық, табандылық қасиеті, яғни өмірге оптимистік көзқараспен қарау.
Психологиялық саулық түсінігін биологиялық, психологиялық жəне əлеуметтік дамудың бірлігі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар психологиялық саулықты адам өмірінің биологиялық, əлеуметтік, экзистенциалды деңгейлеріндегі табандылық, бейімделу қызметтері деп көрсетуге болады.
Өмір сүрудің биологиялық кезеңіндегі психологиялық саулық адамның биологиялық қажеттіліктерге, дене дамуына белсенді, саналы түрде жауапкершілікпен қарауынан көрінеді. Мұндай адам өзінің сыртқы келбетіне, дене сымбатына көңіл бөліп қана қоймайды, сонымен қатар ым-ишарасына, қимыл-қозғалысына да мəн береді. Психологиялық тұрғыда сау адам өзіне деген қарым-қатынасын зерттейді, жақсы біледі. Жалпы алғанда өмірдің сүрудің биологиялық деңгейіндегі саулық сыртқы факторлардың кері əсеріне қарамастан, ішкі ағзалар қызметінің динамикалық тепе- теңдікті сақтауынан көрінеді.
Өмір сүрудің əлеуметтік деңгейіндегі психологиялық саулық адам қоғамның бір бөлшегі ретінде көрінетін əлеуметтік қарым-қатынастардың жүйелілігінен көрінеді. Бұл кезеңде психологиялық тұрғыда сау адам үшін моральдық норма, құнды бағдарлармен, адамгершілікпен сипатталатын əлеуметтік қарым-қатынас жасаудың маңызы артады. Əлеуметтік саулық əлеуметтік бейімделу деңгейінен, адамның сыртқы əсерлерге адекватты реакциясынан, əлеуметтік шындықты адекватты қабылдауынан, қоршаған ортаға деген қызығушылығынан, қоғамға пайдалы келтіретін іспен айналысуынан, жауапкершілік сезімінен, мəдениеттілігінен көрінеді.
Əлеуметтік психологиялық саулық адамның кəсіби қызметін атқаруынан да көрінеді. Психологиялық саулық кəсіби іс-əрекетін таңдау, серіктестікке ұмтылу, еңбек тəртібін сақтау құлшынысынан көрінеді. Бұл кезеңде өмір мəні сенімді қарым-қатынас, жауапкершілік болып саналады. Өмір сүрудің əлеуметтік деңгейіндегі психологиялық саулық адамның қоғаммен үндесуінен көрінеді. Қоғаммен үндесу процесінде адам өзінің əлеуметтік қажеттіліктерімен санасады. Осы кезеңде өзін-өзі дамыту, өзін-өзі басқару қалыптасады, қабілеттері мен рухани күші оянады.
Өмір сүрудің экзистенциалды кезеңіндегі психологиялық саулық адамның өзінің рухани күшіне, ішкі тəжірибесіне сүйенуімен сипатталады. Бұл кезеңдегі психологиялық саулықтың көрсеткіштеріне өмір мəнін түсіну, идеал мен шындық арасындағы күрес жатады. Адам өмір мен өлім, еркіндік пен жауапкершілік, мəн мен мағынасыздық, жалғыздық пен махаббат, ар мен заң сияқты ұғымдардың мəнін түсінеді, ең бастысы, адамның өзін-өзі тану процесі белсенді бола түседі. Экзистенциалды дихотомия, бір жағынан, қорқыныш, үреймен байланысты ішкі терең өзіндік қақтығыстың болуымен, екінші жағынан, сол қақтығыстардың оң шешімін табуымен сипатталады.
Мықты денсаулық адам өмірінің жарқын бейнесі болып табылады, денсаулықты сақтау адамның өзіне деген қарым-қатынасына байланысты болмақ. Адамдардың барлығы дерлік денсаулықты қалпына келтіруден гөрі, ауырмай жүрудің жолын қарастырған жеңіл екенін біледі. Бірақ күнделікті тіршілікке, тұрмыстық жағдайларға байланысты үнемі денсаулыққа қажетті деңгейде көңіл бөлуге мүмкіндік бола бермейді. Денсаулық туралы əңгіме өрбігенде ішкі органдардың қызметі, сыртқы көрінісіміз жайлы ойлай жөнелеміз. Психологиялық саулығымыз, психикалық процестеріміздің даму жағдайы жөнінде ойлай қоймаймыз. Десек те, денсаулық пен психологиялық саулықтың арасында тығыз байланыс бар екенін білеміз, бірақ ескере бермейміз.
Адам өз денсаулығына қажетті деңгейде көңіл бөлетін болса, психологиялық жағдайы да тұрақтанып, саулығы артады, өзіне көңіл толмаушылығы азаяды, тез шаршауының себебін анықтайды жəне т.б. Адамның психологиялық саулығына адамның мінез-құлық бітістері ғана əсер етпейді, əлеуметтік-экономикалық, экологиялық факторлар да ықпал етеді. Бұны психологтар:
«Адамның психологиялық саулығы көңіл-күйдің тұрақты болуымен шектелмейді, адамның қоршаған ортамен, қоғаммен үйлесімді қарым-қатынасы негізінде сақталмақ», — деп көрсетеді. Мойнына үлкен жауапкершілік алу, белгілі бір маңызды сұрақтар бойынша шешім қабылдау, тəуекелге бел буу, ертеңгі күнге деген сенімнің болмауы жəне т.б. осындай ойлар адамның күнделікті өмір сүру жағдайын өзгертіп отырады. Осы факторларға қызметте туындайтын келіспеушіліктерді, отбасылық қиындықтарды, қызғаныш, ажырасу, жақын адамдардың сəтсіздігі үшін уайым кешуді, отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, ата-ана мен балалар арасында болатын жанжалдарды, тұрмыстық мəселелерді қоссақ, психологиялық саулыққа нұсқан келтіретін толық жиынтыққа ие боламыз. Психологиялық күйзеліске ұшыраған жағдайда уақыт оздырмай мəселені шешпесек, онда стресс созылмалы түрге — депрессияға ұласып кетуі мүмкін. Ал, бұл өз кезегінде психосоматикалық ауруларға (жүрек ауруына, ас қорыту мүшелерінің қызметінің бұзылуына жəне т.б.) шалдықтырады. Денсаулыққа нұқсан келу көп жағдайда адамның өзінің ішкі рухани конфликтісін мойындамаудан, өзін-өзі басқара алмауынан туындайды. Мұндай психологиялық толқуларды жеңу үшін «адамдар арасында өмір сүру» іскерлігін дамытуы, яғни отбасы мүшелері мен басқа да қарым-қатынасқа түсетін əлеуметтік орта адамдарының бəрімен бірдей жағымды психологиялық қарым-қатынаста болуға, жағымсыз психологиялық күйден жылдам арылуға, өз эмоциясын басқара алуға, назарын əдемі заттарға аударуға тырысу қажет. Психологиялық саулықтытың бұзылуы жүйкеге күш түсіретін психологиялық қысымдар мен күштердің салдарынан болады. Жүйке жүйесінің жəне темпераменттің түрлі түрлерінің өкілдерінде бұл жағдай əр түрлі өтеді. Холерик, флегматик, сангвиниктер стреске төтеп бере алады, ал меланхоликтерде ауыр жағдайда өтеді. Десек те, ұзақ уақыт психологиялық- эмоциялық қысым көрген адамның психологиялық тұрақтылық деңгейі кемиді, жүйке жүйесі қызметінің əлсіреуіне алып келеді. Сондықтан əр адам стреске тұрақты болу қабілетін дамытуы, ішкі тұрақтылығын сақтауы керек. Ал бұл үшін қандай əдіс-тəсілдер қолданатынын əр адам өзі таңдайды. Бастысы, жан қалауымен өмір сүріп, сүйікті ісімен айналысуға тырысуы қажет.
Мұғалімнің психологиялық саулығы мəселесін қарастырғанда алдыңғы қатарға мотивация, одан кейін оқу деңгейі, жеке тұлғаның бағыттылығы, уақыт тұрады. Егер адам өз мамандығын кездейсоқ таңдамай, саналы түрде келсе жəне педагогикалық іс-əрекет оның алдыңғы қатардағы іс-əрекетіне айналса, онда оның кəсіби тəжірибесінің қалыптасуы кəсіби өзін-өзі дамыту түрінде жүзеге асады. Білім берудің қандай ең жетілген, дамыған жүйесі де мамандарды еш қиындықсыз, қайшылықсыз дамыта алмайды. Сондықтан мұғалімнің еңбек жолындағы алғашқы жылдар таңдаудың дұрыстығын тексеріп, жас маманның кəсіби шеберлігін шыңдай бастауға арналады. Өз еркімен педагогикалық іс- əрекетке араласуының алғашқы кезеңінде жас маман теориялық білімін əр түрлі жағдайларда қалай пайдалануды білмесе, өзінің сəтсіздіктерінің себептерін де түсіне алмайды. Бұған қоса оның бұл əдістерді пайдаланудан бас тартуы да жəне тəжірибелі мамандардан үйренуі де мүмкін.
Мұғалімнің психологиялық саулығына қатысты сұрақ соңғы он жылдың көлемінде көтеріліп жүр. Мұғалім мамандығы адамнан ұзақ уақыт бойы жоғары эмоционалдық қысымда жүруін талап етеді. Психологиялық қысым жағдаяттың тез өзгеруі барысында, бейімделу механиздерінің жылдамдығында, шыдамдылық танытуда көрінеді. Мұғалім еңбегі когнитивті күрделі сипатқа ие, жоғары интеллектуалдық белсенділікті, мақсат қоя алуды жəне сол мақсатқа жетуге бағытталған ұйымдастырушылық əрекеттерін атқара алуды талап етеді. Əрине, мұғалім еңбегіндегі психологиялық қысым оның психологиялық саулығына əсер етпей қоймайды. Бұл мəселені Р.М. Хусаинова зерттеді. Ол мұғалімнің психологиялық саулығын жас пен еңбек өтілімімен байланыстырды. Ол: «Мұғалімнің жасы мен педагогикалық өтілімі психологияға, əлеуметтік жағдайға жəне денсаулыққа əсер ететін маңызды факторлар. Педагогикалық іс-əрекетін жаңа бастаған жас мамандарға əсіресе қиын. Мектепте жұмысын жаңа бастаған мұғалімнің кəсіби өзіндік бағасы төмендейді, қобалжу деңгейі көтеріледі», — деп көрсетті [5]. Одан əрі нейротизм деңгейі көтеріледі, яғни принципсіздік, өзін қысымға алу, өзін жақсы сезінбеу сезімдері дамиды. Психологиялық көмек көрсету жұмыс өтілімі жеті жылға дейінгі мұғалімдерге аса қажет. Сондай-ақ жұмыс өтілімі 16 жыл мен 24 жыл аралығындағы мұғалімдермен өзін-өзі сақтау, психологиялық саулығын қалпына келтіру тұрғысынан жүргізілетін психологиялық жұмыстардың маңызы зор.
Мұғалімнің өз мамандығын меңгерудегі қиындықтары, кəсібиленуінің дамуы оның дене жəне психологиялық саулығының төмендеу себептері болып саналады. Кəсіби бейімделу қиындықтарының соңы түрлі жағдайларға ұласады. Көп жағдайда мұғалімнің өзіне, балаларға, мемлекетке шығын əкеледі. Кəсіби міндеттерді жүзеге асыра алмаған мұғалім стреске ұшырайды, денсаулығы нашарлайды. Кəсіби міндеттерді шешудегі кездесетін қиындықтар оқушыларға да кері əсерін тигізеді. Оқу материалын меңгермеген оқушылар репетитор көмегіне жүгінеді, сыныпта сабақ барысында жағымсыз эмоцияны бастарынан кешіреді. А.А. Реанның эксперименталды зерттеуінде мұғалім өз іс-əрекетінде қаншалықты қиындықты басынан кешірсе, соншалықты деңгейде оқушының жауапкершілігі төмендейтіні бақыланған [6]. Мұны мұғалімнің психологиялық қорғанысы деп интерпретация жасауға болады. Мұғалім өзінің қиындынығының себебін оқушылардан іздейді. Сөздік қорында «қиын балалар», «жауапсыз тұлғалар» жəне т.б. сөздер пайда болады. Көп жағдайда мұндай мəселенің шиеленісуі жұмыстан шығуға əкеледі.
Мұғалімнің кəсіби іс-əрекетіне көңілі толмауы эмоционалдық күйінің бұзылу көзі болып табылады. Мұғалімнің психологиялық саулығын бұзатын факторлардың бірі — кəсіби жойылу. Осы мəселені зерттеген Н.Е.Водопьянова кəсіби жойылуға жақын адамдар іс-əрекеті төмендегідей белгілермен ерекшеленетінін көрсетті:
- жұмыс күні өзге тұлғалармен қарым-қатынас жасаумен өту;
- мазмұны жағынан əр түрлі іскерлік қарым-қатынастардың көп болуы;
- карым-қатынас нəтижесіне жауапкершілікпен қарау;
- карым-қатынас жасауда əріптестеріне белгілі жағдайда тəуелді болуы;
- өзге адамдардың дербес ерекшеліктерін түсінуге деген қажеттіліктің болуы;
- мəселені шешу кезінде формалды емес қарым-қатынас жасауда жекеленген тұлғаларға тəуелді болуы;
- сенімсіздік тудыратын конфликтілі қарым-қатынастардың жиі орын алуы [7].
Жойылу синдромы негативті психологиялық уайым деп айтуға болады. Жойылу кəсіби қарым- қатынас жасау барысындағы стрестің ұзақ уақытқа созылуына қарсы реакция болып табылады. Кəсіби жойылу көп жағдайда жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінде жиі кездеседі.
Мұғалімнің психологиялық саулығын бұзатын тағы бір себеп жеке тұлғалық кəсіби деструкция болып табылады. Кəсіби деструкция — кəсіби қызметте жеке тұлғаның қалыптасқан психологиялық құрылымының бұзылуы. Кез келген кəсіби іс-əрекет жеке тұлғадан əр түрлі сапалар мен қабілетті талап етпейді. Кəсіби іс-əрекеттің жемісті болуы кəсіби маңызды сапалардың болуымен анықталады. Кəсіби іс-əрекетті ұзақ жылдар бойы атқару жеке тұлғаның үнемі үздіксіз кəсіби дамуынан жəне өзін- өзі дамытуынан тұрмайды. Белгілі бір жағдайларға, кезеңдерге байланысты тұрақтылық кезені орын алып тұрады. Деформацияға əсер ететін факторлар кəсіби стереотип жəне психологиялық қорғаныстың түрлі формасында көрінеді [8].
Əр мұғалім өзінің психологиялық саулығына үнемі көңіл бөліп жүруі керек. Денсаулықты сақтау үшін қандай күш жұмсалса, психологиялық саулықты сақтау үшін де дəл солай тырысу қажет.
Мектеп мұғалімдерінің психологиялық саулығын сақтау шараларын төмендегідей жүйеледік:
- Дұрыс тамақтану. Дұрыс тамақтану дене дамуына жəне психологиялық дамуға əсер ететін фактор. Тұз, қант, пияз, газдалған сусындарды үнемі тұтыну эмоциялық қарым-қатынас жасау барысында көңіл толмаушылықты тудырады. Көп мөлшерде ауызсу ішу, керісінше, эмоцияны басқара алуға көмектеседі.
- Белсенділік. Денсаулық психологиялық саулықпен тығыз байланысты. Күнделікті жаттығу жасау жүрек, қан айналу жүйесінің қызметін жақсартып қана қоймай, көңіл-күйдің жақсаруына мүмкіндік тудырады. Күнделікті бір уақытта ұйқыға жатуға жəне таза ауада серуендеуге дағдыланған дұрыс.
- Эмоцияны басқару. Негативті эмоцияны басқара алу іскерлігі – эмоциялық интеллект көрсеткіші. Конфликтілі жағдаяттар барысында сабыр сақтау, өз ойын дəлелді түрде ортаға сала білуге дағдыланған жөн. Бұған көмектесетін арнайы дене жаттығуларын жасау қажет.
- Кемшілігін білу жəне саналы түрде мойындау. Мұғалім өзінің қандай жағдайда ашу шақыратынын, жағымсыз жағдайда қалатынын білуі керек. Мəселен, көпшілік алдында баяндама жасаудан жүрексінетін мұғалім болуы жəне осыны «мəселе» деп санап үнемі қашқақтап жүруі мүмкін.
- Негативті ойды позитивке айналдыру. Мұғалім қажетсіз жағымсыз ақпараттарды қабылдамауға тырысуы керек. Күнделікті қарапайым құбылыстар мен оқиғаларға қуана білуге үйрену қажет.
- Атқаратын кəсіби қызметін жəне еңбек демалысын жоспарлай білуі. Дұрыс жоспарлай алу мұғалімді артық қысымнан сақтайды.
- Қызығушылыққа көңіл бөлу. Мұғалім өзінің жеке қызығушылығына көңіл бөлуі керек жəне дене жəне рухани қажеттіліктерді қанағаттандыруға уақыт тапқаны жөн.
Жоғарыда көрсетілген іс-əрекеттер қарапайым болып көрінгенімен, психологиялық саулықты сақтауға зор мүмкіндік тудырады. Күрделі мəселелердің туындауына қарапайым ғана əрекет түрткі болуы əбден мүмкін.
Мақаламызды қорытындылай келе, жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің өзіндік санасын дамыту қажет деген байламға келдік. Қоғамның дамуы, ғылым мен техниканың жетістіктері қазіргі адам санасына түрліше əсер етіп жатыр. Бірде жастарды өзімшілдікке ұрындырып, енді бірде оқшаулануға əкеп соқтырып жүргені жасырын емес. Қазіргі мектеп оқушылары — жаңа заманның адамдары. Олармен жүргізілген оқыту-тəрбиелеу жұмыстарының нəтижелі болуы үшін бала жанын түсініп, оның өзіндік көзқарасымен санасуға тура келеді. Мектеп мұғалімі қазіргі заман талаптары мен заңдылықтарын саналы түрде түсініп, жақсы-жаман жақтарын айырып, балаға қажетті заманауи білім мен тəрбие бергені абзал.
Сонымен, психологиялық саулықты сақтаудың қандай мүмкіндіктері бар? Біздің ойымызша, бірден бір жолы — өзіндік сана. Өзіндік сананың негізі кəсіби «Мен»-нің түрлі қырларын түсіну болып табылады. Мұғалім өзінің қызметін қалай қабылдайды жəне қалай бағалайды? Көп жағдайда қызметтегі жетістіктер қызметкер іс-əрекетінің тиімділігіне жəне көңіл-күйіне байланысты. Кəсіби өзіндік сана кəсіби дамудың механизмі болып табылады. Білім беру процесіне қатысушылардың психологиялық саулығы толық зерттелмеген мəселе. Мектеп психологтары мұғалімнің психологиялық саулығын сипаттайтын негізгі параметрлерді анықтау үшін зерттеулер жүргізеді. Анықтап қою жеткіліксіз, мектеп психологы тарапынан мұғалімнің психологиялық саулығын сақтауға негіз болатын арнайы дəрістер, семинарлар, тренингтер жүргізілгені жөн.
Əдебиеттер тізімі
- Жакенова Б.Қ., Тəмпішева Қ.Б., Мақсатова Л.М. Менеджмент негіздері: оқулық. — Астана: Фолиант, — 258 б.
- Шувалов А.В. Очерки психологии здоровья: мировоззренческий, научный и практический аспекты. — М.: Чистые
- пруды, 2009. — С. 176–183.
- Психология здоровья: учебник для вузов / Под ред. С.Никифорова. — СПб.: Питер, 2006. — 607 с.
- Ананьев В.Н. Рецепторные физиологические механизмы действия инертных газов // Электронный науч.-образов. вестн. «Здоровье и образование в XXI веке». — 2015. — № 4. — Т. 17. — С. 88–95.
- Хусаинова Р.М. Психология человека: краткий конспект лекций. — Казань: Казан. федер. ун-т, 2014. — С. 65–78.
- Психология детства: учебник / Под ред. А.А. Реана. — СПб.: Прайм-ЕВРО-ЗНАК, 2003. — С. 79–93.
- Водопьянова Н.Е. Психодиагностика стресса. — СПб.: Питер, 2009. — С. 50–55.
- Ахтаева Н.С. Психологическая служба в школе: учеб. пособие. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, — 28–37-б.