Өткен ғасырлардағы ғалымдар мен ойшылдардың тарихи-педагогикалық идеяларын қарастыра келе, адам белгілі бір ұлтқа, қоғамдық қабатқа, мəдени дəстүрге, тарихи кезеңге қатысты болады, демек, ол əрқашан белгілі ұлттық топ өкілі болып қала береді деген қорытынды жасауымызға болады.
Адам өз өмірінің алғашқы сəттерінен бастап (оқушы кезін қосқанда) ешқандай бөлініп кете алмайтын арнайы мəдени дəстүрді игереді. Бұл аспект жоғары сынып оқушылары мінез-құлқының əлеуметтік-этикалық нормаларына да қатысты, адамның рухани дүниесі мектепте ғана қалыптаспайды, олар бастапқыда отбасылық дəстүр мен ортадан нəр алады. Мамандардың пікірінше, дұрыс мақсатты мектептегі оқыту жетістікке жетудің басты алғышарты ретінде тұлғаның адамдық рухының жоғары көрінісі болып табылатын ең терең қатпарларын аша білуі тиіс [1, 2]. Бұл дегеніміз — оның еңбек, азап, уайым, қоғамдық ізгіліктер, халықтық дəстүрге негізделген күнделікті тұрмыстағы тəжірибе, достықтағы, т.б. сəтсіздіктен жинақтаған тəжірибесі, өнер мен поэзияны сезінудегі, діни жəне ұлттық мерекеге терең берілудегі əсері жинақталатын күнделікті тұрмысы мен өмір сүру жағдайына үлкен көңіл бөлу қажет екендігін білдіреді.
Қазақ халқының көшпенді тіршілігінен туындайтын ешкімге ұқсамайтын əлеуметтік- экономикалық, мəдени-тарихи, табиғи-климатты жағдайларының ерекшеліктерінде ұлттық сипат жинақталып, бала мен жастарды тəрбиелеу мен оқытуда өзіндік талаптары көрініс тапқан. Осы орайда С.Темірбеков былай деп жазады: «Ұлттық сипат — бұл халықтық ұлттық өзгешеліктері, ол халықтың мінез-құлық, іс-əрекет, қимылында, əсерленуі мен сезінуінен, сөйлеуі мен мəнерінен, тіпті адамдардың бір-бірімен жəне басқа халықтармен өзара қарым-қатынасынан, əңгімелесу ерекшеліктерінен көрініс табады [3; 34].
Бұдан біз С.Темірбековтың халықтың негізгі құндылығы деп ұлттық сипатты бағалайтындығын көреміз. Ғалымның пікірінше, қазақтардың ұлттық сипатының қалыптасуындағы шешуші рөлді ұлан- байтақ дала, көшпенді өмір сүру ғұрыптары атқарды. Ұлы дaлaдa ғұмыp кeшкeн xaлқымыз киiз үйдe тұpып-aқ, өзiндiк мaтepиaлдық жəнe pyxaни мəдeниeткe, өзiндiк тұpмыcқa, caлт-дəcтүpлep мeн əдeт- ғұpыптapғa иe бoлғандығын білеміз. Көшпeндi өмip тipшiлiгi oлapды жapaтылыcты өзiншe тaнyғa қaлыптacтыpды. Дегенмен, қазақ халқының басты ұлттық құндылықтарын тізбелей отырып, зерттеуші олардың ішінде басқа халықтардың мəдени құндылықтарына бейімделу мүмкіндігін де ерекшелеп сипаттайды. Ол өз еңбегінде үнемі өзгеріп отыратын тіршілік əрекетіне бейімделуінің зор əлеуеті туралы пікірін айтады. Ол халықтың мұндай ерекшелігі тұрмыстық жағдайлардан туындаған деп санайды. «Біріншіден, — деп жазады ол, — шығыс халықтары бастапқыда табиғатпен етене жақын болды. Егер Батыста адамдар табиғатты өзіне бағындыру, өзіндік қажеттіліктерін өтеу үшін оған үнемі шабуыл жасаса, Шығыста адамдар табиғатпен ортақ тіл табыса білуге, оның тылсым сыйларын оған залал келтірмей пайдалануға ұмтылды. Бұл жағдайда табиғатқа адамдар бағынышты болмай, керісінше, табиғат оларға қызмет етті. Біздің ата-бабаларымыз да осындай болған» [3; 57], — деп тұжырымдайды.
Қазақтардың ұлттық сипатының үлкен ерекшеліктерінің бірі — басқа халықтарға да тəн — қонақжайлық. Дегенмен, қазақтардың қонақжайлылығы дарқандықпен ұштасатын, ерекше жомарттықпен көрінетіндігін атап айтуымыз қажет. Қонажайлылықтың қалыптасуы шексіз далада бір-бірінен өте жырақта орналасқан жəне үй шаруашылығына жіпсіз байланған халқымыз үшін қонақтың барлық уақытта сыртқы əлемді танудың, басқа адамдармен араласып, қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беруімен байланысты болды. Бұл — ақпарат көзі, жалғыздықтан құтылудың, Жаратушыдан қол үзіп қалмаудың, өзіндік жинақталып қалған ой-көзқарастарымен бөлісудің, жан дүниесін ақтарудың мүмкіндігі болды.
Жоғарыда келтірілген мысалдар көп мəдениеттіліктің негізгі бастауларын қазақ тілінің шығуы мен халықтың өткен тарихынан іздеу дұрыс болатындығын айғақтайды. Қазіргі қазақтардың бұрынғы ата-бабалары жазып қалдырған Орхон-Енисей немесе ерте түркі руникалық жазбалары деп аталатын жазудың ерте үлгілерінің қалдықтарына жасалған археологиялық зерттеулерге жүгінсек те жеткілікті. Осылардың ішінде шамамен VI ғасырда өмір сүрген Білге қаған мен оның қолбасшы ағасы Күлтегінге арнап тасқа қашалған жазба ескерткіш анағұрлым белгілі болып саналады. Осы тастардың біріне Түркі қағанаты кезінде өмір сүрген ертедегі көшпенділердің ерліктері, тұрмысы, мəдениеті туралы жазылып, мəліметтер берілуі шындығында қызықты.
Бірақ осы ертедегі жазуларда əсіресе бейбітшілік пен келісімнің, көп мəдениеттіліктің, халықтың аман-саулығы ерекше дəріптеліп, қызыл жіптермен жүргізілгендігін атап айту қажет. «Мен түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Халықты бейбіт өмірге шақырдым жəне жауластырмадым, олардың бəрі маған бағынды» [4; 8], — деп ел қамы үшін жан аямай, тер төккенін айтады. Одан кейін де қазақтың кең даласында небір тұлғалар дүниеге келіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек еткені тарихтан белгілі.
Дала төсінде орналасқан көшпенді жəне жерге иелік еткен мыңдаған тұрғыны бар, сол кезеңдегі ірі сауда орталықтарының бірі көне Отырардан əл-Фараби секілді ойшыл-философтың шығуы кездейсоқтық емес. Жалпыадамзаттық мəдениеттегі көшпенді қыпшақтардың белсенді үлгісі ретінде 870–950-жылдары өмір сүрген əл-Фараби секілді ірі ғалымның өмірі мен гуманистік идеяларға толы қызметін атауға болады. Ғалым өмірі көпқырлы жəне «Мемлекеттік қайраткерлерінің қанатты сөздері», «Бақытқа жету жолында», «Дін туралы трактат», «Қайырымды қала тұрғындары туралы» жəне басқа да трактаттарында көрініс тапты. Əл-Фараби орта ғасырларда білімнің барлық саласында мол мұра қалдырып, Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз атанды [5; 161].
Əл-Фарабидің өмірі мен шығармашылық қызметі бізге көп мəдениетті немесе көптілді тұлға қалыптастырудың педагогикалық мүмкін екендігін дəлелдеп берді. Бұл жерде əл-Фарабидің тек туған жері Отырардың ғана емес, анағұрлым кең мəдени дəстүрлерді игергендігін атап өткен маңызды. Олай болмаған жағдайда оның есімі барлық адамзатқа танымал бола алмас еді. Ең алдымен ол өзінің туған халқының мəдени құндылықтарына бейімделіп, терең меңгеріп, содан кейін ғана өзінің танымдық қызметін анағұрлым кең мəдени сипатқа ие — араб тіліне ден қойып, таныды. Мұсылман əлемінде жалпы мойындалған араб тілі оған ғылым шыңына шығуына мүмкіндік берді. Əсіресе бүгінгі таңда əл-Фараби саяхаттары оның халықтық қарым-қатынастарының шегін айқындап, бірден көптеген тілдерді табиғи меңгергендігін айғақтайды. Сондай-ақ сол кездегі Отырар орта ғасырдағы Қазақстан үшін тек жалғыз мəдени ошақ емес еді.
Қазіргі таңда тарихшылар, философтар, əлеуметтанушылар мен мəдениеттанушылар Отырар секілді Сығанақ, Тараз, Түркістан, Меркі, тағы басқа қалаларда өнер мен ғылым, мəдениеттің, шаруашылықтың белсенді дамып, ерте түркі жазуының қалыптасуы өзара мəдени байланыстарды қалыптастыруға, адамдарға жалпыхалықтық құндылықтар шеңберінде ортақ əрекет етуге мүмкіндік бергендігін дəлелдеуде. Бұл жерде Х–ХI ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстанның мəдени дамуының негізгі ерекшеліктері жалпыадамзаттық мəдениетке ұмтылу, араб, грек, үнді мəдениеттерінің жетістіктерін кең тұрғыда сезіну болғандығын ескерткен жөн. Əл-Фарабидің көптеген шығармаларынан «Философиялық трактаттар», «Əлеуметтік-этикалық трактаттар», «Музыка туралы» жəне т.б.) бұл өңір өкілдерінің əмбебап, энциклопедиялық ойлау қабілетіне ие болғандығын байқауға болады. Ибн-Сина, Бируни, Хорезми, Дулати жəне т.б. секілді əл-Фараби ізбасарлары болған көптеген ғалымдар ұлы өркениетіне жетудің үлгісін көрсетіп, жаңа ілімдер қалыптастыруы да кездейсоқтық емес.
Əл-Фараби арқылы барлық араб Шығысы ерте грек философиясын ана тілінде оқуға мүмкіндік алып, риторика мен шешен сөйлеудің ерекшеліктерін, өлең құрамын, жалпы айтқанда, жан-жақты білімділіктің ажырамас сапасына айналған біліммен қаруланды.
Ғалым адамның өз алдына қойған мақсатына жету үшін біліммен қатар басқа адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алуы, тəжірибе жинап, тұлғааралық байланыстар жасау қабілетіне ие болуы тиіс деп санады. Қаланы əл-Фараби жай ғана қоныс, тұрғын жер деп түсінбей, оны адамдардың мəдени топтары, мемлекет мағынасында қолданады. «Парасаттылықты адамдармен өзара қарым- қатынас тəжірибесімен келетін ұлы күш» деп сипаттады [5; 78].
ХІ–ХІІ ғасырларда Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмед Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, тағы басқа этикопедагогикалық трактаттары кең таралды. Бізге алғаш жеткен Орта Азия мен Қазақстанның түркі тілдес халықтарға ортақ мұра болып саналатын, сол кезеңдегі діни əдебиет ескерткіші — Ж.Баласағұнның «Құтты білігі» болды. Бұл трактатты зерделеу арқылы еңбектің тек адам өміріндегі білімнің рөлі мен бақыт туралы ойлауға ғана арналмағанын айқындадық. Сонымен қатар ең алдымен қоғамның түрлі топтары өкілдерімен қарым-қатынас жасау өнетін жан-жақты мазмұндауымен құнды. Ал, бұл ұлтқа, түрлі халықтың өкілдерімен қарым-қатынас жасап, сыйлау, адамшылық көрсете білуді талап ететін оқушының көп мəдениеті құзырлылығын қалыптастырудың алғышарты болды.
Бұл, ойшыл пікірінше, түрлі мəдениеттердің өзара сыйластығы, бейбітшілік пен келісім үшін іргетастың қалануына мүмкіндік береді. Ойшыл бұл тұрғыдағы тұжырымдарын «Сыйластық пен құрметті» танығың келсе, адамдарды сыйластық пен құрмет етуге ұмтыл», — деген нақыл сөзімен қорытады.
Ж.Баласағұн ұлы ойшыл ретінде адамдарды ашықтыққа, айналамен қарым-қатынас жасауда шынайы болуға үгіттеді. «Сөйлегенде сөзің ұнамды, жүзің ашық болсын» идеясы бүгінгі таңда да өз өзектілігін жоймай келеді [6].
Бұған қоса Қазақстан ғылымы дамуында ұлы дала ойшылы, «Диуани-лұғат-ат-түрк» атты ертедегі түркі ескерткішінің авторы М.Қашқариді атап кеткен жөн. Еңбек 1804 жылы Венгр ғылым академиясында тұңғыш жарияланды. Сөздікті кезең энциклопедиясы деп санауға болады. «Түркі тілінің сөздігі» — Орта ғасырдағы Азия мен Қазақстан халықтары достастығы, əлеуметтік жəне мəдени өмірінің түрлі салалары туралы алғашқы деректер көзі [7].
Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихында ХІІ ғасырда өмір сүрген ақын, ойшылы А.Иүгінекидің өмірі мен қызметі үлкен маңызға ие. Ахмед Иүгінеки өз уақытында адамдық идеясын көрсете алады. Бейбітшілік пен келісімнің, жас ұрпақ тəрбиесінде өзінің ақыл-ойымен дараланды.
«Адамның жүрегін қайырымды істеріңмен жаулап алу үшін өмір сүр» қанатты сөзі бүгінде де өскелең ұрпақ тəрбиесінде зор маңызға ие [4; 78].
Өзінің «Ақиқат сыйы» атты тəлімдік поэмасында сол кездегі адамның моральдық-этикалық ерекшелігін атап қана қоймай, пайдалы кеңестер береді. Өскелең ұрпақты тəрбиелеу мен адамның мінез-құлқын басқару, жағымсыз жақтарын өзгертуде адамның сабырлы болуы қажеттігін, ізгі істер атқаруы тиіс екенін жеткізеді. «Қайғы-азап өтеді, сабырлы бол, бақыттың келуін күт» деп тұжырымдады [4; 81].
Сопылық поэзия өкілі, ақын, ХІІ ғасырларда өмір сүрген А.Ясауидің де өмірі мен қызметінің маңызы зор болды. Өзінің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») атты трактатында адамгершілік тұрғыда жетілу жолдарын нұсқап, достықта сабырлы болуға, жан тазалығына шақырды.
«Барлығымен достық қатынаста бол, олар үшін өзінің таза жаныңды құрбан ет» деді [8].
Айтылғандармен қатар, осы кезең ескерткіші, мол мұрасы деп ХІV ғасырда өмір сүрген С.Сараи өмірі мен шығармашылығын атауға болады. Ақын-лирик, жазушы-аудармашы этика-педагогикалық мазмұнды насихаттауда үлкен орын алды. Оның поэмалары қызықты қанатты сөздерге толы болды.
«Егер бірлесе əрекет етсе, құмырсқа да арыстан терісін сыпыра алады» секілді нақыл сөздерінің дидактикалық мазмұны өте терең, əрі көп идеялы болды. 1391 жылы 70 жастағы Сараи парсы ақыны Сағдидың «Гүлистан» деген поэмасын түркі тіліне аударды. Бұл шығарманы аудару барысында да адалдық, шынайылылық, жомарттықты терең сөз етті. «Егер ұлылық күтсең, жомарт бол, жомарт бол, сонда ғана қайырымдылық пен мейірімділік, еңбек пен парасаттылық биігіне көтеріле аласың», — деп тұжырымдады.
Асан Қайғы — жырау, халықтық дəстүрмен өмір мəні, қайырымдылық пен зұлымдық, жақсы жəне жаман адам туралы толғанады. Өз халқын бейбіт, ортақ келісімге, адал, қайырымды, ақылды, парасатты болуға шақырады. Асан Қайғы есімі тек Қазақстанға ғана емес, қырғыз, қарақалпақ жəне т.б. белгілі болған. Жерұйықты іздеп жүріп, Асан Қайғы əр жердің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты көптеген сөздер жазып қалдырған.
Өмірдегі өзара үйлесу жолы — барлық жанды затқа махаббат пен рақымдылық жасау. «Барлық жаны барға аяушылық танытып, оны бағалау жəне сыйлап, құрметтеу қажет». «Біз жақсы, мейірімді сөздерімізді айтып үлгере алмасақ — бұл бақытсыздық» деген тұжырымдары біз қарастырып отырған мəселеде зор маңызға ие.
Өмірді тану мен тұтас сезінуде дербес қасиетке ие жырау өмір мəні деп барлық жалпы игілікке жету, өмірдегі келісім мен үйлесімділікті ұғынып, түсіндіреді. «Бірақ халықтың аты халық. Егер түнерсе, ашу-ызалы екені түсінікті, ал, оны күштеу ашу-ызасын оятып, өзін де көтерілуге итермелейді», — дейді.
Орта ғасырда Қазақстанның жалпы қоғамдық ойы тарихындағы жарқын да беделді өкілдің бірі — Шалкиіз жырау. Адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас туралы қызықты ой-толғамдарын жеткізеді. «Сен өз адамыңды қорлама, егер қорласаң, олардан қолдау таппайсын» деген толғаулары арқылы терең тəлімдік мазмұнға толы [4; 116].
Қазақтың сұлтаны Ораз Мұхамедтің кеңесшісі Қ.Жалаири 1570–1605 жылдары өмір сүріп,«Жамағат тауарих» («Шежірелер тарихы») атты тарихи шығарма жазды. Шығарманы орыс монархы Иван Грозныйға арнады. Білім — баға жетпес қазына, өмірдегі бар жақсылық білімде. «Кімде-кім білімді меңгере алса, көңілді болса, сол бай болады» деген ой мазмұндалды [4; 120].
Бұдан ары Қадырғали Жалаири тек бірлік пен адамдардың арасындағы келісім ғана қоғамда маңызға ие бола алады екен. «Ешкім де ажалсыз емес, бір өзеннің суын жалғыз іше алмайды», «Кім көп нəрсені меңгеріп, тани алса, сол өзіне жағдай жасай алады немесе оны табыстар күтеді», ол жамандықтан арылып, игілікке жете алады» деп тұжырымдады [4; 131].
Біз атаған ғалымдар тұжырымдары тарихтың өтпелі сəттері тек жаңа дарындарды туғызып қоймайды, шынайылықты жаңаша сезінуге жағдай жасайды дегенді қорытады. Осы орайда ұлттың педагогикалық мұратына ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау да əсер етпей қалмады. Оның көреген көзқарасы көшпелі қазақтардың тұрмысын жаңаша тануға жол ашты. Педагогикалық көзқарас тұрғысынан Бұқар жыраудың «Тілек», «Толғау» шығармалары зор мазмұнға ие жəне ұлы даланың жаңа адамдардың қалыптастыру идеясын көтерді.
Жырау кең өмір ағынында бірден екі жағаны көреді немесе философиялық тұрғыдан алғанда, адамдық тұрмыстың екі жағы — кейін оралу жəне болашаққа бару. Ол ХVІІІ ғасырда қазақ даласындағы маңызды қоғамдық-саяси жағдайдың куəгері, Абылайдың ақылшысы болды. Бұқар жырау қазақтардың амандығы үшін, үш жүздің бірлігін сақтау үшін Ресеймен достық байланыста болуды қажет деп санап: «Достықпен көшіп-қонайық, өзара бірігейік», — деп санады [4; 142].
Мəселені мəдени-тарихи талдау Қазақстанда ағартушылық ойдың ерекше рөлі атқарғандығын көрсетеді. Ағартушылық ой — этникалық өзін-өзі танудың қалыптасу үдерісінде негізгі мəдени құндылықтарының бірі. Ағартушылық əлем бейнесін ашуға күшті əсер етті, айналадағы шындық туралы көзқарастың жеке жүйесі тұлғаға өзін табиғи, тұрмыстық ортамен етене ұқсауға көмектесті. Ағартушылық əрекеттің түрлі форма əсерімен жəне сезімдік айқын қарым-қатынастары арқылы адамдар талантты ақын-жыраулардың, тіпті көшпенді ғұмырда да жазу-сызусыз ауызша түрде ұлы ойшылдық əрекеттен нəр алды жəне танымдық қызығушылықтары мен қажеттіліктерін сақтап қалды. Анағұрлым кейінірек Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді ағартушылар ақын-жыраулардың еңбектерін айқындап, басқа халықтардың мəдениетіне жақындастыру үшін алғышарттар құрудағы рөлін атап өтті [9–15].
Шоқан Уəлиханов алғашқы қазақ зиялысыларының бірі болды. Ол көшпелі өмір жағдайында қолданылған ағартушылықтың философиялық жəне əлеуметтік-педагогикалық ұстанымдарын негіздеді. Жалпыадамдық пен ұлттық құндылықтар ерекше үйлесімді негізделетін ізгілікті ағартушылықтың жақтаушысы болды. Ағартушылық жариялылықтың ұстанымдарына белсенді көңіл бөле отырып, ол өзінің «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар», «Қытай империясының батыс өлкесі жəне Құлжа қаласы», «Сот реформалары туралы жазбалар» еңбегінде, Ф.М.Достоевскийге жəне А.Н.Майковке жазған хаттарында тек туған халқының тағдырына ғана емес, барлық адамзаттың тағдыры үшін алаңдап, өз ойын айтады. Шоқан Уəлиханов адам мен азаматты табиғаттың даму нəтижесі деп қарастырып, табиғат дамуы заңды құбылыс екендігі секілді қоғамдық өмір дамуы да тікелей табиғат заңдылықтарымен байланысты болады деп қорытады. Ұлы сахарада мұсылманшылықтың таралуы туралы айта келіп, мəдениеттер арасындағы байланыстар үдерісімен тікелей байланысты қызықты педагогикалық бастамалар көтереді.
«Жалпы алғанда, — деп жазады ол, — қырғыз халқының алдында еуропалық өркениетке жетудің құрбандықты болашағы күтіп тұр». Шоқан Уəлиханов өз бойында шын мəнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мəдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді жəне қысқа ғұмырында жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды. Бұдан ары «Сот реформасы жазбаларында» ол: «Біз еуропалық, жалпыодақтық ағартушылықты меңгердік деп ойлаймыз жəне кедергілерге толы энергиялық күрестер барлық даму мен мəдениетке қабілетті халықтар үшін ақырғы мақсатты құруы тиіс. Анығын айтқанда, қырғыз халқы анағұрлым бейбітшілікті сүйетін, халықтар қатарына жатады жəне орыс патшасының аздаған жабайы ұлттарының біріне саналады [9; 77].
Ағартушы-ұстаз, ғалым Шоқан Уəлихановтың (1835–1865) бай рухани мұрасы психологиялық- педагогикалық мазмұнға толы. Халықтық ерекшеліктердің көрінуін ғалым көп жоспарлы аспектіде түсіндіреді. Өз шығармаларында ол халықтың жəне басқа да ұлттардың тұрмыс, салт-дəстүрлерін, əдет-ғұрыптары мен мəдениетін жан-жақты талдайды. Оның ойынша, ағартушылық сарын арқылы қазақтар дами түседі: «Халық дамуы мен қалыпты өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек. Бұл үшін оқу қажет», — деп түйеді …» («Даладағы мұсылманшылық туралы») [9].
Шоқан Уəлихановтан кейінгі көрнекті ағартушы, педагог-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің еңбегі ұшан-теңіз. Ол қазақ халқы үшін мектептік білім беру жүйесін əзірлеп, ұлттық мəдени даму үшін ағартушылық мекеменің рөліне ерекше мəн берді. Біз оның педагогикалық қызметінен жалпы білімдік ілімдерді таратуға ұмтылып, қазақ халқына орыс мəдениетін жақындатуда үлес қосқанын ерекше атап өткіміз келеді. Оның атақты «Қырғыз хрестоматиясы» орыс əліпбиі негізінде құрастырылып, балаларға түсінікті тілде жазылды. Ауыз əдебиеті материалдары мен орыстың белгілі ағартушылары мен жазушыларының мəтіндерін аударып, тиімді қолданды. Сонымен қатар орыс жазушыларының мысалдары мен өлеңдерін аударды. «Асан мен Үсен» əңгімесі татар, орыс, башқұрт тіліне аударылды.
Ыбырай Алтынсарин қазақтың орта ғасырда шыққан алғашқыларының бірі болып, əдістемелік жəне дидактикалық аспектіде көп көңіл бөлді. Ол халықты достық қарым-қатынасқа шақырды. Сонымен қатар екі халық арасындағы ұқсастықты айқындады. «Қырғыздардан жақын əрекет еткен барлық орыстар қырғыз халқының орыстармен ұқсас екенін айғақтаған жəне қырғыздар мен орыс тұрғындарының арасында шынайы достық қатынастар аз емес болған. Осылай табиғи жақындасуы олардың құрылымындағы адамдық ұқсастықтың нəтижесі болса керек [10; 86]. Ыбырай Алтынсарин екі халық арасындағы ұқсастықты айқындай отырып: «Орыс жəне қазақ халқы тұрмысы, саулығы, тəжірибелік ақылы, діни жəне ұлттық ойлауы мен ізгі жүрегі мен сенімділігі жағынан ерекшеленеді», — деп тұжырымдайды [10; 92].
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан еуропа мəдениетін игере бастады, көшпенді халық педагогикалық ойларға ден қоя бастады, Ұлы даланың болашақ адамдарының үлгісі қалыптаса бастады. Діни сеніммен білімге өткен күрделі жауапкершілік кезең басталды. Абай Құнанбаев (1845– 1904) өмір сүрген заманда жаңа педагогикалық мұраттың қалыптасуы басталды. Абай философиялық идеяларын зерттеуші Ғ.Есімнің айтуынша: «Абай қазақ халқының мəдениетін таратуда ерекше орын алды. Ол өзіне дейінгі рухани мұраны жинап, ұлттық мəдениетте жаңа бағыт қалдырды» [16].
Бұл тек қана қарапайым мұсылман қазақ емес, сонымен бірге еуропалық ағартушы, білімді өте белсенді меңгерген, өзіндік тағдыр сыйын иеленген адам болды. Ол уақытта тек білімді игеріп қана қоймай, шынайы өмірде көп мəдениетті қалыппен жүзеге асыру аса маңызды болды. Ол жалпыадамзаттық құндылықтарды өз халқының игілігіне жаратудың үлгісін көрсетті. «Адамдар басқа халықтың тілі мен мəдениетін меңгеру арқылы ұятқа қалмай жəне олармен терезесі тең адам болды». Абайдың бұл сөздері бүгінгі таңдағы тəуелсіз Қазақстанда мəдениетті тұлға тəрбиелеудің əдіснамалық алғышарттарына айналуда.
Шығыс халықтарының тілі мен əдебиетімен бала жасынан сусындаған Абай орыс тілін тек өскеннен кейін ғана меңгере бастады. Орыс тілінің көмегімен ол тек орыс мəдениетін ғана емес, батыс еуропалық мəдениетті де игерді. Ойшыл Абай А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов жəне əлем əдебиетінің басқа да классикалық шығармаларын қазақ тіліне əдемі аударды.
Ойымызды қорытар болсақ, Абай — көрнекті философ жəне ағартушы, оның көзқарастары бүгінгі педагогикалық қажеттіліктерге жауап береді жəне адамдарды жаңарту жолдарын іздестіреді, халықтың руханилылығын көтеруге, оны жетілдіруге мол үлес қосатыны даусыз. Қазақ философиялық-педагогикалық ой тармақтарында ол сенімді түрде мəдени қатынастың жəне басқа халықтың əріптестік қарым-қатынаста болуы өте қажет екенін айтып, оларды достыққа шақырады. Ол өзінің «Қара сөздерінде» қазақтың əлеуметтік-мəдени дамуы деңгейіне талдау жасап, өз кезінің өркениет дəрежесін қабылдау мүмкіндігін жан-жақты көрсетеді. Сонымен қатар Абай өзбек, орыс, татар халықтарының тұрмыс-тіршілігіне салыстырмалы талдау жасады. Осы айтылған Абайдың ізгілік жайлы ойлары əл-Фарабидің философиялық жəне педагогикалық көзқарастарымен ұштасып жатқанын айту керек. Əл-Фараби өз кезінде өскелең ұрпақ үшін білім мен тəрбие егіз ұштасуы қажет екенін айтқан болатын. «Тəрбиеміз берген білім — адамзаттың қас жауы», — деген де əл-Фараби еді.
Осы орайда əр кезеңде өмір сүрген ойшылдардың тұжырымдары мен пікірлері адамның тұтас тұлға ретінде қалыптасқан түрліше қырларының жүйелік негізделуіне үлес қосты. Осындай ойшылдардың табиғат пен адам психологиясының бағыттары, сана бірлігі мен əрекеті жайлы терең философиялық ойлары Қазақстанның ұлттық мектептерінде оқыту мен тəрбиелеу мазмұны мен мақсатын анықтауда белгілі бір əдіснамалық қызмет атқарды.
Əдебиеттер тізімі
- Ананьев Б.Г. Педагогическая антропология К.Д.Ушинского и её современное значение // Вопросы психологии. —— № 2. — 3–14-б.
- Выготский Л.С. История развития высших психических функций / Собр. соч.: 6 т. — М.: Наука, — Т. 6. — 397 б.
- Темирбеков С.Т. Об одной фундаментальной ценности. — М.: Мысль, — № 7. — С. 24–26.
- Антология педагогической мысли Казахстана // Сост. К.Б.Жарикбаев, С.К.Калиев. — Алматы: Ана тiлi, — 512 с.
- Əл-Фараби. Социально-этические трактаты. — Алма-Ата: Наука, 1973. — 399 с.
- Баласагуни Ю. Благодатное знание. — М.: Наука, 1983. — С.
- Қашғари М. Түбi бiр түркi тiлi / Ауд.: Қ.Бекетаев, Ə.Ибатов. — Алматы: Ана тiлi, 1993. — 427 б.
- Иассауи Қ.А. Диуани хикмет. — Алматы: Ана тiлi, 1993. — 28-б.
- Уалиханов Ш. Записки о судебной реформе // Собр. соч. / Вступ. ст. А.Х.Маргулана. — М., — С. 69.
- Алтынсарин И. Собрание сочинений: В 3-т. — Т. 2. — Алма-Ата: Наука, 1979. — С.
- Кунанбаев Абай. Слова назидания. — Алматы: Рауан, 1995. — 128 с.
- Кудайбердиев Ш. Избранные места из «Назиданий». — Алматы: Наука, 1978. —123 с.
- Байтурсынов А. Ак жол. — Алматы: Жалын, 1941. — 464 б.
- Жумабаев М. Педагогика. — Алматы: Рауан, 1993. — 113 с.
- Дулатов М. Нужна ли нам новая идеология? // Аль-Фараби. — № 4. — Алматы: Жалын, 2003. — C. 34–44.
- Есим Г. Философия слов. — Алматы: Жалын, — С. 3.