Мақалада біз жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы, өзара қарым-қатынас нəтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс — мəдениет, оның ішінде мəдениет сұхбаты, мəдениет шиеленісі жəне мəдениет типологиясы туралы сөз қозғамақпыз.
Бүгінгі таңда сұхбат адамның жəне адам іс-əрекетінің жемісі — мəдениеттің болмыстық сипаты ретінде кең мағынада қарастырылуда. Жалғыз басты, өзімен өзі ғана шектелген адам баласының болуы мүмкін емес. Адам жасампаздығының қайнар көзі — адамның басқалармен бірлесе өмір сүруінде жатыр. Сондықтан мəдениет те тек мəдениеттер сұхбаты ретінде тіршілік ете алады.
Сұхбат адамның, мəдениеттің «өзіндік» шекарасынан шығу қажеттілігін қамтамасыз етеді, өйткені адам да, мəдениет те өзіне өзі тепе-тең емес, өзімен ғана шектелмеген дүние. Адамның да, мəдениеттің де болу мүмкіншілігі тек «шекаралық жағдайда» жүзеге асады. Адамның басқа адаммен, мəдениеттің басқа мəдениетпен сұхбаты, қарым-қатынасы негізінде ғана бұл əлемдегі бар құндылықтар дүниеге келеді. «Мəдениетті мəдениеттер сұхбаты ретінде түсіну қажет (бұл — тавтология емес, бұл — мəдениет анықтамасының спиралі). Мəдениетті жеке тұлғалар сұхбатының бір түрі ретінде қарастыру керек...» [1].
Адам санасы оның əлеуметтік болмысының жемісі ретінде адамның бір-бірімен қарым-қатынас жасауының нəтижесінде қалыптасады.
Сұхбат адамдардың бір-бірімен пікір алысуымен шектелмейді, ол дегеніміз — адамдардың қатынасы. Тіпті бір ауыз сөз айтылмасада, ешбір мағлұмат алынбаса да, сұхбаттың болу мүмкіншілігі бар, өйткені сұхбат — ішкі, көрер-көрінбес əрекеттің бір-біріне бағышталғандығы.
Əлемдегі адамдардың бəрі бірдей емес, сол сияқты олардың сұхбатта болу мүмкіншіліктері де əр түрлі, дұрысырақ айтсақ, өзіне берілген сұхбаттық мүмкіншілікті əркім əрқалай пайдаланады, кейбіреуі тіпті пайдаланбайды десе де болады. М.Бубердің айтуынша, сұхбаттағы өмір дегеніміз — көп адамдармен істес болу деген сөз емес, көп адамдармен істес бола тұрып шынында да солармен бірге болу.
Шынайы сұхбат басқаларды көзіңмен көріп, солардың даурыққан даңғылын естуден басталмайды, шынайы сұхбат жаныңның терең түпкіріндегі «Басқаға» деген құлшынысыңнан, «Басқаға» деген сүйіспеншілік сезімнен басталады.
Мəдениет — сұхбаттық мүмкіншілігі ұлан-асыр ашық құндылықтар жүйесі. Мəдениет адамның белсенді іс-əрекетінің, еркін шығармашылығының, оның ішкі мəндік қасиетінің көрінісі. Ешқандай мəдениет жеке-дара емес. Ол əрқашанда басқа мəдениеттермен байланыса отырып, тіршілік етеді əрі соның нəтижесінде жетістіктерге де жетеді. Мəдениет дегеніміз — адамның адаммен қатарласа өмір сүру мүмкіншілігінің табиғи тəсілі. «Мəдениет жеке адам ретінде тұлғаландырылғанда, ал мəдениеттер қарым-қатынасы жеке тұлғалар қарым-қатынасы ретінде қарастырылғанда ғана мəдениет шынайы мəдениет болып есептеледі [1].
Мəдениет сұхбаты — түрлі мəдениеттер арасында қалыптасқан тікелей өз ара байланыстардың, сонымен қатар олардың нəтижелерінің, осы қарым-қатынас негізінде пайда болған өзара өзгерістердің жиынтығы. Мəдениет сұхбаты — мəдени динамика үшін анағұрлым қажетті мəдени қарым-қатынас жасау формаларының бірі. Мəдениет сұхбаты барысында əлеуметтік ұйымдастыру формалары мен əлеуметтік іс-əрекет үлгілері, құндылықтар жүйесі мен дүниеге көзқарас түрлері, мəдени шығармашылықтың қалыптасуының жаңа формалары жəне өмір сүру салты, яғни мəдени үлгілер өзгеріске ұшырайды. Мəдени сұхбаттың келесі деңгейлерін ажыратуға болады:
- жеке тұлғалық, табиғи мəдени ортасындағы мəдени дəстүрлеріне қарай адами тұлғаны қалыптастыру немесе өзгертуге ықпал етумен байланысты;
- этникалық, көбінесе тұтас социумдар шеңберінде, түрлі əлеуметтік қауымдастықтар арасындағы қарым-қатынасқа тəн;
- ұлтаралық, түрлі мемлекеттік-саяси ұйымдар мен олардың саяси элиталарының өзара түрлі əрекет жоспарларына байланысты;
- өркениетті, принципті түрде түрлі əлеуметтік типтер, құндылықтар жүйесі мен мəдени шығармашылықтар формасына негізделген; мəдени сұхбат бұл деңгейде анағұрлым драмалы, яғни, бір жағынан, бұл дəстүрлі мəдени пара-парлықты көмескілендіру болса, екінші жағынан — бірегей мəдениетаралық зерттеу өрісін құратындықтан, инновациялық іс-əрекет тұрғысынан өте тиімді болып табылады;
- мəдени сұхбат сындарлы-тиімді түрде ғана емес, сол сияқты шиеленіс түрінде өтуі мүмкін [2].
Шиеленістің пайда болуы түрлі себептермен түсіндіріледі. Ішінара адамдар арасындағы араздық пен қате пікір өмір бойы келе жатқан нəрсе жəне бұл инстинктивті түрде айырмашылықты жақтырмайтын адамның табиғатымен байланысты деген көзқарас бар. Зерттеулер бұл гипотезаны жəне шетелдіктерге деген араздықты, сол сияқты белгілі бір халыққа байланысты қате пікірдің жалпыға тəн емес екендігін дəлелдей отырып, жоққа шығарады. Шиеленістер əлеуметтік сипатқа тəн себептердің əсерінен пайда болады. Ұлтаралық шиеленістердің пайда болу ауқымы (жалпы шиеленістер сияқты) өте кең: оның негізінде тілді жетік білмеу ғана емес, осыған байланысты қарым- қатынас жасау кезінде əріптесін түсінбеу ғана жатқан жоқ. Бұл жерде қатысушылардың өздері де анық аңғармайтын, терең бір себептер болуы мүмкін. Пайда болған шиеленісті тек қана қарым- қатынас жасау үдерісінің деструктивті жағы деп қарастыруға болмайды, олардың сонымен қатар тиімді аспектері де бар. Позитивті шиеленіс теориясына сəйкес шиеленіс күнделікті өмірдің болмай қалуы мүмкін емес бір бөлігі деп түсіндіріледі жəне міндетті түрде дисфункционалды сипатқа ие болмайды. Шиеленіс дегеніміз — қайшылықтың кез келген түрі немесе қызығушылықтардың сəйкес келмеуі. Шиеленіс динамикалық сипатқа ие жəне бірнеше оқиғалардың соңын ала пайда болады, қалыптасқан жағдайға байланысты дамиды. Шиеленістің пайда болуы коммуниканттар арасындағы қарым-қатынастың жойылуы деген сөз емес; бұл жерде қарым-қатынас жасаудың қалыптасқан үлгісінен ауытқу туралы сөз болып отыр, қарым-қатынастың əрі қарай даму бағыты позитивті жəне негативті түрде болуы мүмкін. Басқа мəдениет өкілдерімен қарым-қатынас жасау үдерісінде ширығу мен шиеленістің себебі көбінесе атрибуция кемшіліктері болып табылады. Мəдени ерекшеліктерді білу немесе білмеу, оның ішінде діни жəне идеологиялық аспектіні қосқанда, атрибуцияны құруда үлкен рөл атқарады. Осындай ақпаратқа ие болу белгілі бір мəдениетке байланысты ненің қажетті немесе неге шек қойылатындығын анықтайды. Шиеленістердің пайда болуының жеке себептеріне айқын көрініп тұратын бірбеткейлік, жаңылыс қадам бастыратын жеке басқа тəн қажеттіліктер, бейімделуге деген төмен дайындық немесе қабілеттілік, бұғып жатқан ашу, қыңырлық, айқын көрініп тұрған атаққұмарлық, мансапқұмарлық немесе билікке ұмтылушылық, өте сенбеушілік жатады. Шиеленістердің бұл себептері тек қана нақты бір адамның жеке қасиеттеріне негізделеді.
Шиеленістердің пайда болуының əлеуметтік себептеріне айқын көрініп тұрған бақталастық, қабілетті жеткілікті бағаламаушылық, қолдау көрсетудің жеткіліксіздігі немесе келісімге келуге дайын болмаушылық немесе оған қол жеткізу үшін қарама-қайшы келетін мақсат қою мен амалдар жатады.
Шиеленістерді ұйымдастыру себептеріне көп міндет жүктеу, дұрыс берілмеген нұсқаулар, міндетті немесе жауапкершілікті дұрыс түсінбеу, бір-біріне қарама-қайшы келетін мақсат қоюшылық, қарым-қатынас жасау барысында жеке бір мүшелерге байланысты ережелер мен ұйғарымды үнемі өзгерту, қалыптасқан көзқарас пен рөлдерді немесе олардың құрылымын терең өзгерту жатады. Бір- біріне анағұрлым бағынышты адамдардың арасында шиеленістің пайда болу мүмкіндігі өте зор. Неғұрлым тығыз байланыс болса, соғұрлым шиеленістердің пайда болуы мүмкін; сонымен бірге басқа бір адаммен қарым-қатынас жасау жиілігі сол адамға байланысты шиеленіс жағдайының пайда болу мүмкіндігін арттырады. Бұл формалды немесе формалды емес байланыстарға да тиісті.
Мəдениетаралық байланыста коммуникативтік шиеленістердің пайда болуына мəдени айырмашылықтар ғана жатпайды. Оның негізінде билік немесе мəртебе мəселелері, əлеуметтік жіктелу, ұрпақтар шиеленісі жəне т.б. жатыр.
Шынайы өмірде «таза» мəдениетаралық шиеленістер кездеспейді. Түрлі мəдениеттер өкілдері арасындағы шиеленістер қарым-қатынас жасаудағы əріптесінің мəдени ерекшеліктерін білмеуден туады деу орынсыз. Сондықтан тек мəдени айырмашылықтарды білу мəдениетаралық шиеленістерді шешудің кілті деп қиялға берілуге болмайды. Заманауи шиеленістерді шешу туралы қағида бойынша келесі бес тəртіп стильдерін ұстану арқылы шиеленістерді реттеуге немесе анағұрлым əлсіретуге болады.
Жарыс — «кім əлді, соныкі дұрыс» — активті стиль, ол ынтымақтастыққа қол жеткізбейді. Бір тарап өзінің мақсатына қол жеткізеді жəне өз мүддесіне жету жолындағы іс-ірекетінің екінші тарапқа қандай əсері барын есепке алмайды. Бұл бір тараптың екіншісіне тəуелді болуына əкеліп соғады.
Ынтымақтастық — «келіңдер, бірігіп шешейік» — активті, ынтымақтастыққа бағытталған стиль. Бұл жағдайда екі жақ мəселені шешуге, келіспеушіліктің себебін анықтауға, ақпарат алмасуға тырысады.
Шиеленістен бас тарту — «мені жайыма қалдырыңдаршы» — пассивті, ынтымақтастыққа бағытталмаған стиль. Бір тарап шиеленістің бар екенін мойындайды, оны болдырмау немесе басып тастауды айналып өтетін стиль түрін таңдайды жəне ол өз-өзінен шешілуі мүмкін деген үміт артады. Шиеленіс жағдайын шешу кейінге қалдырылады, оны шешу немесе басып тастау үшін жартылай ғана күш жұмсалады немесе анағұрлым күшті конфронтацияны айналып өту мақсатында жасырын іс- шаралар жүргізіледі.
Жұмсақтық — «тек сізден кейін ғана» — пассивті, ынтымақтастыққа бағытталған стиль. Кейбір шиеленіс жағдайында бір тарап екінші тараптың мүддесін өзінікінен жоғары қояды, оны татуласуға шақыруға талаптанады. Бұл жағдай көнгіштік жəне бағыныштылыққа əкеліп соғады.
Компромисс — «бір-бірімізді түсіне білейік» — бұл жағдайда екі тарап та өз талаптарынан бас тартады, бір-бірінің талаптарына көнеді. Бұл жағдайда ешкім жеңбейді жəне жеңіліске ұшырамайды. Шиеленістің бұл түрінен шығу жолына келіссөз, өзара тиімді келісімге келудің жолдары мен варианттарын іздеу жатады.
Мəдениет типі — бұл мəдени бірліктердің басын қосатын, топтастыратын жəне оларды бір- бірінен ажырата білетін ұқсастық, ортақтық [3].
Өміршең сан қырлы мəдениеттерді түрлі мəдениеттер типі ретінде реттестіретін, жүйелейтін, топтарға бөлетін ғылыми таным əдісі типологизация деп аталады. Типологизация мəдениеттануда қолданылатын ғылыми əдіс ретінде əлеуметтік мəдени нысандарды жəне олардың топтарын кейбір ортақ негіздеріне, белгілеріне байланысты бөлшектеу, біршама дəріптелетін мəдениеттің немесе типтің типологиялық үлгісін құру.
Мəдениет типі бірнеше белгілер негізінде құрылады:
- дінмен байланысы (діни жəне діни емес мəдениеттер);
- белгілі бір аймаққа қатысты мəдениеттер (Шығыс немесе Батыс мəдениеті, Жерорта теңізі елдері мəдениеті, латынамерикандық мəдениет);
- тарихи қоғам типіне байланысына орай (дəстүрлі, индустриалды, постиндустриалды қоғам мəдениеті);
- шаруашылық құрылымы (аңшылар жəне жинаушылар, бақшашылар, жер өңдеушілер, малшылар, индустриалдық мəдениет);
- қоғам саласы немесе іс-əрекет түріне байланысты (өндірістік мəдениет, саяси, экономикалық, педагогикалық, экологикалық, көркем өнер жəне т.б.);
- территориясына байланысты (ауылдық жəне қалалық мəдениет);
- арнайы бағытына байланысты (əдеттегі жəне мамандандырылған мəдениет);
- этникалық жағдайына байланысты (халықтық, ұлттық, этникалық мəдениет);
- шеберлік деңгейі жəне аудитория типі (жоғары немесе элитарлық, халықтық, көпшілік мəдениет) жəне т.б.
Əрбір адам қоғамда өмір сүретіндіктен, əлеуметтік шоғырлану оның өмірінің маңызды бөлігі болып табылады жəне оның жеке дамуы өзі өмір сүретін ортаға бейімделуінен басталады, онсыз адам өзінің айналасындағылармен тіл табыса алмайды, əлеуметтік оқшаулануға, басқаларға деген өшпенділікке, жалғыз қалуға душар болады. Ерте жастан бастап адам қалыптасқан өзін-өзі ұстау əдетін жəне ойлау амалдарын бойына сіңіреді, олардың көбі əдетке айналады. Қоғамның толыққанды мүшесіне айналу жеке тұлғаның қажетті білімді, қағидаларды, құндылықтарды, үлгілер мен дағдыларды бойына сіңірулері арқылы жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның қоғамдық өмір жəне мəдениет нормаларын меңгеру үдерісі «əлеуметтену» ұғымын білдіреді, мұның астарында адамдардың қандай да бір қоғамда мəдени үлгілерді игеру ұғымы жатыр. Өзінің күнделікті өмір тəжірибесінде қоғамдық өмірдің түрлі қырларын танып білу алу арқылы адам əлеуметтік жəне мəдени тұрғыдан қоғамға сайма-сай жеке тұлға болып қалыптасады. Сонымен «əлеуметтену» ұғымы жеке тұлғаның əлеуметтік ортаға үйлесімді енуін, қоғамдағы құндылықтар жүйесін меңгеруін білдіреді. Əдетте, бейімделу екі аспектіде қарастырылады: психологиялық жəне əлеуметтік-мəдени. Психологиялық бейімделу дегеніміз — жаңа мəдениеттік ортадағы психологиялық қанағат- танушылық. Жақсы көңіл-күй, психологиялық саулық, сонымен қатар нақты жəне анық қалыптасқан, жеке немесе мəдени сəйкестік соның көрінісі болып табылады [4].
Əлеуметтік-мəдени бейімделу жаңа мəдениет пен қоғамға еркін үйренуді, күнделікті отбасылық, жұмыстағы, мектептегі мəселелерді шешуді білдіреді. Жұмыс орнының болуы жəне өзінің кəсіби жетістіктерінің деңгейіне қанағаттанушылық бейімделудің жемісті көрсеткіші болып табылатындықтан, ғалымдар экономикалық бейімделуді өзіндік бейімделу аспекті ретінде қарастырады. Оларға əсер ететін факторлар бір-бірінен өте ажыратылтындықтан, сонымен қатар психологиялық бейімделуді зерттеудің негізі күйзелу жəне психопатология, ал əлеуметтік-мəдени бейімделуді зерттеудің негізі əлеуметтік дағдылар туралы тұжырымдама болатындықтан, олардың аспектілері жеке қарастырылады.
Бейімделу тұлға мен ортаның өзара сəйкес келу немесе келмеуі мүмкіндігін туғызады жəне бейімделу ғана емес, сонымен қатар қарсылық білдіру, өзі тұрған ортаны өзгертуге немесе өзі өзгеруге талпыныс жасаудан көрінеді. Бейімделу нəтижесінің спектрі өте жоғары, жаңа өмірге жемісті бейімделу немесе оған қол жеткізуде толығымен сəтсіздікке ұшырау мүмкіншілігі туындайды. Жақсы психологиялық бейімделу адамның жеке басына, оның өміріндегі оқиғаларға, сол сияқты əлеуметтік қолдауға байланысты. Бейімделудің екі аспектісі де адамның интеграцияның артықшылығы мен стратегиясының табыстылығы туралы сеніміне байланысты. Жүзден астам этностардың құт мекеніне айналған Қазақстан үшін түрлі ұлттар қарым-қатынасындағы қалыптасқан төзімділік пен сенімнің маңыздылығы тереңде жатыр.
Қазақстанда азаматтық демократиялық қоғамның орнауы мен дамуы көпмəдениетті білімнің маңызды алғышарты болып табылады, онда ұлтшылдықпен, нəсілшілдікпен, этникалық өзімшілдікпен күрес күшейтілген, əйтсе де басқа елдерге, халықтарға жəне мəдениеттерге деген ашықтық көрсетілуде, бейбітшілік пен өзара түсіністік сипатындағы тəрбие жұмыстары жүзеге асырылуда. Көпмəдениетті білімді дамытудың маңызды əлеуметтік-саяси айқындаушылары заманауи əлемді дамытудың маңызды құрамы ретінде интеграциялық процестердің қарқынды дамуы, сондай- ақ Қазақстанның жəне басқа да елдердің өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, əлемдік əлеуметтік-мəдени жəне білім кеңістігіне бірігуге ұмтылуы болып табылады. Интеграциялық процестер Еуропаның көптілді кеңістікке айналуына ықпал етеді, онда ұлт тілдері тең құқыққа ие. Мемлекеттер арасындағы шекаралардың ашылуы адамдардың ұтқырлығын, шет тілдерін үйренуге деген қозғамдамасын, сондай-ақ өз елдерінің ішінде де, шет елде де байланысты орнатып, тұрақтандыруын күшейтеді. Жоғарыда айтылғандармен қатар, дамушы елдерде көпмəдениетті білім түсінігінде айқын көрінетін ұлттық-мəдени ерекшелікті сақтау мəселелері де күшейе түсуде. Əлемдік нарықтың енуі тек экономикалық тəуелділікті ғана емес, өзге мəдениеттің таралуына да себеші болады, бұл елдерде өзіндік мəдени санасын қалыптастыру мəселелері алға шығады. Көпмəдениетті білім мəселелерін əзірлеу барысында дамушы елдердің педагогикасында өздерінің өмірлік стильдерін, ұлттық ойлау ерекшеліктерін, тəрбие дəстүрлерін жəне т.б. жаңаша ұғынуға ұмтылғандығын байқауға болады. Педагогтардың білігі мен біліктілігі барынша мəдени өзіне тəн когнитивті стильдердің, мінез-құлық пен байланыс кодтарының əлеуметтік модельдерінің синтезіне қол жеткізуге бағытталған.
Көпмəдениетті тəрбие мақсаттың 3 бағытын көздейді, оларды «əр алуандық», «теңдік» жəне «бірлес» ұғымдарымен белгілеуге болады:
- мəдени көпқырлылықты құрметтеу жəне сақтау туралы;
- білім алуға жəне тəрбиеге тең құқықты қолдау туралы;
- жалпыұлттық саяси, экономикалық, рухани құндылықтар ерекшеліктерінде қалыптастыру туралы.
Көпмəдениетті тəрбиенің түйінді мақсаттары көпсатылы. Осылайша, басқа мəдениетті құрметтеуге тəрбиелеу барысында толеранттылық басқа мəдениетке бейімделудің бастамасы ғана. Бұдан соң толеранттылық, құрмет жəне белсенді ниеттестік болуы шарт. Түрлі мəдениеттердің ерекшеліктері түсінігіне негізделген өзара əрекеттестік, өзара тəуелділік, өзара алмасу секілді ұғымдар қалыптаса бастайды. Көпмəдениетті тəрбиені басқа мəдениетке, ұлттылықтарға, нəсілге, сенімге ашық, тұлғаның мəдени-əлеуметтік ұқсастықтарын қамтамасыз ететін, педагогикалық күш салулардың бір бөлігі ретінде қарастыру қажет [5].
Көпмəдениетті тəрбие — көпмəдениетті жəне көпэтникалық қоғамның демократиялық педагогикалық жауабы, əлемдік өркениет алдында тұрған басты педагогикалық мəселелердің бірі — тəрбие мен оқуды, тұтастай қоғамдық өмірді демократияландыру шешімі маңызды шарт болып табылады.
Тəрбие мен білімді тиімді демократияландыру факторы ретінде көпұлтты тұрғындарды көпмəдениеттілікке тəрбиелеуде жекелеген ұлттардың ерекшеліктерін түсіну арқылы өздерінің тілдеріне, мəдениетіне, əлемдік мəдениетке, ерекше бедел мен құндылықтарға ие макро- жəне субмəдениеттер сұхбаты негізінде адамзат өркениетінің тарихын қоса біріктіреді.
Көпмəдениетті тəрбиенің нəтижелері төмендегідей болуы тиіс:
- басқа халықтарды, олардың мəдениетін, өркениетін, тұрмыстық мəдениетін қосқанда, өмірлік құндылықтарын түсіну жəне құрметтеу;
- адамдар мен халықтар арасындағы өзара түсіністіктің қажеттілігін ұғыну;
- тіл табысу қабілеттілігі;
- басқа əлеуметтік жəне ұлттық топтарға қатысты құқықтарды ғана емес, міндеттерді де ұғыну;
- ұлтаралық ынтымақтастық пен ниеттестік қажеттілігін түсіну;
- басқа қауымдастық пен этностың мəселелерін шешуге қатысуға дайын болуы.
Тəуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдан астам уақыт ішінде республика халқында толеранттылық турасында өзіндік ұғым қалыптасып қана қоймай, Қазақстан халқы Ассамблеясы негізінде қоғамдық жəне этносаралық келісімнің бірегей үлгісі жасалды. Біздің елімізде толеранттылық алғашқы кезекте өзара сенім мен сыйластық, ынтымақтастық пен мəдениетаралық сұхбат арқылы кеңейе түседі. Оның негізінде дəстүрлер мен патриоттықтың, жаңарудың, бəсеке мен жеңістердің сүзгісінен өтіп қалыптасқан ұлттық рух, мүмкіндіктер теңдігі мен құндылықтар ортақтығы жатыр. Мəдениеттер сұхбаты үшін қажетті шарт — қоғамда плюрализм, толеранттық, демократия жəне т.б. құлықтылық жағдайлардың үстемдік құруы болып табылады. Адамдар көзқарасындағы плюрализм əр түрлі пікірлер, нанымдар, өмір шарттары, дəстүрлер мен ізгіліктерге алып келеді. Ал толеранттық деген — өзгенің пікіріне, өмір салтына, басқа мəдениетке шыдамдылықпен қарау. Сұхбат өзара сыйласуды, өзара түсінісуді жəне өзара əрекет етуді білдіреді. Мəдениет дамуындағы демократиялық осыдан байқалады. Бір-бірінен өзгешеліктеріне қарамастан, мəдениеттер бір-бірімен тең қатынас жасайды. Мəдениеттер теңдігін мойындау — əр түрлі мəдениеттердің өмір сүру құқығын мойындау [6].
Ал жас мамандардың біртұтас жəне жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына, олардың бойындағы өзіндік қабілеттері мен табиғи қасиеттерін барынша дамытуға, көп түрлі мəдениеттер, олардың өзіндік құндылығы, бірегейлігі, бағалылығы жəне өз ара қарым-қатынасы, байланысының негізі ретінде мəдениеттер сұхбатының алатын орны ерекше.
Əдебиеттер тізімі
- Библер В. Культура. Диалог культур// Вопросы философии. — 1989. — № 6. — С.
- Кравченко А.И. Культурология: Учебник. — М.: ТК «Велби», Проспект,
- Сəрсенова Ж.Н. Мəдениеттану: Оқу құралы. — Алматы: Бастау, 2010. — 268 б.
- Белая Е.Н. Теория и практика межкультурной коммуникации: Учеб. пособие. — М.: ФОРУМ, 2011. — 234 с.
- Alain Blondel. Geneviève Briet, Luc Collès, Laure Destercke, Aam Sechavat. Que voulez-vous dire? Compétence culturelle et stratégies didactiques. Guide pédagogique. — Dugulot. — 1998. — 215 р.
- Тер-Минасова С.Г. Язык и межкультурная коммуникация. — М.: Слово, 2000. — 285 с.