Қазіргі уақытта білім беру саласының маңызды проблемасы болып белсенді өмірлік позициясы бар, жаңа көзқарасқа ие, өзін жəне қоршаған ортаны қайта құруға, əр түрлі өмірлік жəне кəсіби міндеттерді жеке шеше алуға қабілетті тұлғаны даярлау болып табылады. Баланың осындай тұлғалық сапаларының дамуына оның мəдени ортамен өзара əрекеттестікте болуы оң ықпал етеді. Бүгінгі мəдени орта халықтық жəне қазіргі мұралардың ақыл-ой, адамгершілік-моральдық, көркемдік- эстетикалық дамуының біртұтастығын құрайды. Ал бұл болса, көп ғасырлық ұлттық мəдени мұраларды тұлғаның ақыл-ой, моральдық, эстетикалық мəдениетін қалыптастыру процесінде тиімді пайдалануды қажет етеді [1].
Қоғамдағы болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда танып-біліп, салт-дəстүріне, рухани мұрасына қасиетпен қарау ерекше маңызға ие болып отыр. «Болашақ өткен тарихты білуден басталады», — дейді Баласағұн бабамыз, ал əлемнің екінші ұстазы атанған Əл-Фараби: «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дəуірінің қадірін бағалай алмайды», — деген екен. Олай болса, тарихқа, тарихи бастауларға, мəдени мұраларымызға қаншалықты терең үңілсек, қоғамдағы қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетін, білетін боламыз. Сондай қажеттіліктің бірі — халықтың ауыз əдебиеті, оның ішінде мақал-мəтелдері.
«Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді», — деп М.Əуезов айтқандай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін бойына сіңіріп өсу — педагогтардың қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мəселесі [2].
Еліміздің белгілі ойшылдары Ш.Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Жұмабаевтар жастар тəрбиесіне еліміздің рухани негізіндегі байлығын, халық мұраларын, салт-дəстүрлерін жиі пайдалану қажеттілігіне көп көңіл бөлген. Мектеп қай халықтың болсын ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін қызмет етеді. Өйткені ол сол халықтың төл мəдениеті, тілі мен салт-дəстүрін сақтап, одан əрі дамытудың алтын көпірі. Ендеше, Қазақстан мектептері де ұлттық асылдарымыз бен қазыналарымызды сақтап, дамытудың кепілі. Қай заманда да ұлттық өрлеудің, халықтық қалыптасудың ең негізгісі, бірінші шарты — білім. Ал шынайы білім беру — ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың басты құралы. Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген мемлекеттік «Білім» бағдарламасында: «Балалармен мен жастарды тəрбиелеудің ең көкейкесті мəселелері ретінде білім мекемелерінде оқушылардың этностық-мəдени ерекшеліктерін ескере отырып, тəрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген. Сондай-ақ ел Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық жəне мəдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дəстүрлерін, тілі мен мəдениетін сақтаймыз жəне дамыта түсеміз» деген ой-тұжырымдары да жас ұрпақты рухани-мəдени мұралар негізінде тəрбиелеу қажеттігін айғақтайды [3].
Регулятивті қызмет атқара отырып, сенім жеке тұлғаның тұтас рухани, құндылық бағыттарын, мақсат-мүдделерін, тілек-қажеттілігін, сезім мен қылықтарын анықтайды. Олар қоғамдық мақсат- мүдделердің объективті талаптарынан, адамның танып-білген қажеттілігіне сəйкес əрекет туындайды. Сенім жеке тұлғаның қазіргі уақытта іс-əрекеттінде басшылықка алып, оның болашақ өмір жолын анықтайды. Сенім — жеке тұлғаның өз құндылық бағыттары мен көзқарастарына сəйкес қызмет-əрекет етуге итермелейтін саналы қажеттілігі. Адамның сенім жүйесі — оның дүниетаным көрінісі. Сезім — сенімнің үйлесімді қасиеті. Сенімді өмірде басшылыққа алу таным қуанышы мен ақиқат шындығының, сұлулыққа эстетикалық сүйсіну мен оған берілгендік, əлеуметтік оптимизм мен мақсаттылық сияқты интеллектуалды сезімдермен байланысты.
Ғылыми дүниетаным теориялық санамен шектеліп қана қоймай, тəжірибеде сана мен жігерді іс- əрекетпен біріктіреді. Дүниетаным элементі ретінде теориялық ойлау дегеніміз — адамның білімдерді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, дүниетанымды мейлінше жетілдіру, ерік-жігерді сенімді іске асыруға бағыттау дегенді білдіреді.
Қажымас ерік-жігер — дүниетанымның маңызды элементі. Сенім адамды іс-əрекетке итермелейді. Ғылыми дүниетаным теориялық санамен шектеліп қана қоймай, тəжірибеде сана мен жігерді іс-əрекетпен біріктіреді. Дүниетаным элементі ретінде теориялық ойлау дегеніміз — адамның білімдерді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, дүниетанымды мейлінше жетілдіру, ерік-жігерді сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеті.
Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, арман-мұрат өмірлік мақсаттар ретінде дүниетанымның ең маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Сананың мазмұны сенім сипатына ие болған жағдайда дүниетанымға айналады. Адамның дүниетанымы көбінесе оның тікелей өмірлік тəжірибесіне негізделеді. Оның мазмұны елеулі түрде адам өмірінің жағдайларына байланысты өзгереді. Əлеуметтік орта — адамды əлеуметтік өміріндегі қоршаған қоғамдық қатынастардың дамуының белгілі бір сатысындағы нақты көрінісі. Əлеуметтік орта қоғамдық-экономикалық формация түрінде, қай тап пен ұлтқа жататындығына, белгілі бір топтардың ішкі таптық айырмашылықтарына, тұрмыстық жəне кəсібіне тəуелді.
Қоғамдық-экономикалық формация өзіндік тарихи, демографиялық, географиялық жəне ұлттық нақтылығында, өмір салтының белгілі бір түрін, ойлау мен мінез-құлық амалдарын тудыратын əлеуметтік ортаны қалыптастырады. Сонымен, қоғамдық-экономикалық формация —жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі жолы.
Олай болса, жеке тұлғаның дүниетанымы онда өмір үндестігі мен қарама-қайшылығы көрініс тапқан кезде ғана əсерлі жəне тиімді болып келеді.
Ғылыми-педагогикалық тұжырым жеке тұлғаның қоғамдық қатынастар, іс-əрекет, қарым- қатынас жүйесіндегі дүниетанымдық сана, сезім мен ерік-жігердің тұтас қалыптасу идеясынан бастау алады.
«Дүниетаным — философия, философия сияқты ол да бүтінге, жан-жақтыға, соңғыға, ақырғыға қарай бет алады, ол тек космос туралы білімдерден ғана емес, сонымен қатар бағалаудан, субординацияға ұшыраған құндылықтардан, өмір формаларынан тұрады (Г.Мейер). Философияның өзі де — дүниетаным, яғни бүтіндей дүниеге, адамның осы дүниеге қатынасына деген көзқарастар жиынтығы [4].
Философия сияқты дүниетанымның басқа да формалары бар: мифологиялық, діни, көркемдік, натуралистік, үйреншікті. Философияның дүниетанымның басқа формаларынан айырмашылығы — оның қоғамдық сананың ғылыми саласына жататындығы. Ал оның ішінде натуралистік формадан өзгешелігі, ерекше категориялық аппараты бар, ал ол өз дамуы барысында барлық ғылымдарға, адамзат дамуының бірыңғай тұтас тəжірибесіне сүйенеді. Философияның мəні «дүние — адам» мəселелері туралы ойлар.
Философияның көптеген қызметі екі топқа бөлінеді: дүниетанымдық, əдіснамалық. Философияның адам мəселесінің маңыздылығына орай бірінші орында гуманистік қызметі тұр.
Гуманизм адамгершілік деген мағынаны білдіреді, ол — гуманизмнің түрлі бағыттарының арман-мұраты. Оның басты мақсаты — адамға тəн құндылық қабілеттілігінің, сезім мен парасаттың үйлесімді дамуы, адами мəдениеттің, өнегелілік пен оған лайық адамдар мен тұтастай жаратылысқа қатысты мінез-құлықтың жоғары деңгейде дамуы. Адамгершілік — адамдармен қарым-қатынас жасағаннан пайда болатын игілік сезімі; бір жағынан, жалпы тілектестік-ниеттестіктің сезімі; ал екінші жағынан — адамдармен іштей жəне жалпы түрде қатынас жасау мүмкіндігі, адамзатты жануарлардан ерекшелендіретін тек адамға ғана қасиеттер жиынтығы.
В.С.Соловьевтің пайымдауынша, «адам өміріне ақыл-ойдың маңызды мəселелерін, ақиқат шындығы, құбылыстардың мəні мен парасаты туралы мəселелерді шеше алатын, сонымен қатар қалауға шартсыз мақсат қоя отырып, қызмет-əрекеттің жоғарғы қалпын анықтай отырып, бүтін өмірдің ішкі мазмұнын аша отырып, ерік-жігердің жоғары талап-тілектерін қанағаттандыра алатын жоғары деңгейдегі наным-сенім мен орныққан көзқарастар сөзсіз қажет...». «Қоғам үшін де, жеке индивид үшін де дүниетанымсыз өмір бағыт-бағдардың жоғары сезімінің патологиялық бұзылуын білдіреді» (А.Швейцер). Философияның гуманистік қызметінің мəні, міне, осы [5].
Философияның келесі бір дүниетанымдық қызметі — əлеуметтік аксиология. Оның өзі де бірнешеге бөлінеді, олардың ішіндегі ең маңыздылары: құрылымдық-құндылықтық, интерпретатор- лық жəне сыншылдық қызметтері. Біріншісінің мазмұны Жақсылық, Əділеттілік, Шындық, Сұлулық сияқты құндылықтар туралы түсініктерді талдау болып табылады; сондай-ақ бұған əлеуметтік арман- мұрат туралы түсінік те жатады. Қоғамдық арман-мұрат жеке тұлғадан басталады. Бұл арман-мұрат негізгі адамгершілікке байланысты белгіленеді, ал оған шартсыз мағынасындағы, шексіз қабілеттілігіндегі «жеке тұлға» ұғымы жатады. Қоғамда жеке тұлғаның өмірлік міндеттері қайталанып қана қоймайды, оның арман-мұратқа ұмтылысындағы күш-жігері де толығады. Қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның өмірі индивидуалдық өзін-өзі танытуға талпыну мен шартсыздық пен жоғары даралыққа ұмтылу сияқты тербелісте болады. «Жеке тұлғаны» шартсыздық принципі қажет болған сайын бүкіл адамзаттық, ғаламдық ынтымақтастық арман-мұратына əкеледі... қоғамдық арман-мұратқа еркін универсализм принципі деп анықтама беруге болады» (П.И.Новгородцев) [6].
Біздің ойымызша, жеке тұлғаның дүниетанымы жалпы білімдер дегенді жəне оларды құбылыстарды тану мен бағалау үшін жəне шешім қабылдау үшін пайдалана алу біліктері дегенді білдіреді. Ол білімдердің ақиқаттылығына жəне оларды қызмет-əрекеттің құралы ретінде пайдаланудың нəтижелілігіне деген сенімдерден тұрады.
Сонымен қатар жеке тұлғаның дүниетанымы, дүниетанымдық білімдер мен сенімдер, дүниетанымдық көзқарастың кеңеюі мен тереңдеуі қажеттігінен тұрады. Қажеттілік дүниетаным сапасы ретінде жеке тұлғаның дүниетанымы тек заттық-мазмұндық категория емес, ол, сондай-ақ, психологиялық категория, соның ішінде эмоционалды-жігерлік категория. Білім мен білікке негізделген қажеттілік пен сенімділік дүниетаным табиғатына сай, яғни, тиісті жетілген, сонымен қатар шынайы мүмкін жəне қолжетерлік туралы түсінік болатын жалпы əлеуметтік, адамгершілік жəне эстетикалық арман-мұраттардың қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Олай болса, сенім мен арман-мұрат жеке тұлғаның дүниетанымының тағы бір элементінің негізін салады, ол — қызмет-əрекеттің бағыты мен дүниеге деген қатынасты айқындайтын жалпы принциптер. Ең соңғы дүниетаным элементі — дүниетанымдық сенім, принциптер мен арман- мұраттарға сəйкес қызмет-əрекет етуге деген эмоционалды-жігерлі əзірлік.
Жеке тұлғаның дүниетанымы — ақиқаттың жалпылама көрінісінің жоғары деңгейімен ерекшеленетін əлеуметтік мəдениеттің, интеллектуалды жəне эмоционалды-жігерлік сипаттарын топтастырған феномен. Осылайша, жеке тұлғаның дүниетанымы жалпы қорытындыланған білімдер мен оларды пайдалану біліктілігі, олардың ақиқаттылығы мен нəтижелілігіне деген сенім, нұсқауларды қажет ету, жалпылама принциптер мен арман-мұраттар, қызмет-əрекетке деген əзірлік сияқты компоненттер өзара байланысты болып келеді.
Л.И.Божовичтің пайымдауынша, жеке тұлғаның дүниетанымы — біршама кешіңкіреп келетін құбылыс, ол адамның жеткіншек шағында пайда болады, оның қалыптасу негізі жалпы тəрбиелілік, бағыттылық, дүниетану мен дүниені сезіну жүйесі болып табылады [7].
Б.Г.Ананьевтің пікірінше, қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның өз-өзіне деген қатынасының қалыптасуы жеке тұлғаның басқа қасиеттерімен салыстырғанда ең соңғысы болып келеді. Рефлектілі қасиеттер «мінез-құлықтың біртұтастығын анықтайды. Бұл орайда олар өзін-өзі реттеу мен дамуды бақылау қызметтерін атқара отырып, өмір мен іс-əрекетінің мақсатымен, құндылық бағыттарымен, нұсқауларымен тығыз байланысты» [8].
Психологтар «құндылық» ұғымымен қоғамға қатысты əлеуметтік-тарихи мағынасы мен іс- əрекеттің белгілі бір құбылыстарының жеке тұлғалық мəнісін сипаттайды. Олар құндылық деп, біріншіден, өнегелілік, жеке тұлғаның (адамдар тобының, ұжымның) жəне оның іс-əрекетінің нəтижесін; ал екіншіден, құндылық санаға қатысты адамгершілік пен арман-мұраттары, жақсылық пен жамандық, əділеттілік пен бақыт ұғымдары сияқты түсініктерді айтады [9].
Кейбір зерттеушілер құндылық деп адамның мінез-құлқында көрінетін жалпы əлеуметтік бағыттылық деп түсінеді. Ал тағы бір зерттеушілер оны жеке тұлғаның қандай да бір əлеуметтік құндылықтарға субъективті қатынасы ретінде қарастырады. Ал енді біреулері «құндылық бағыттары» ұғымын психологиялық тұрғыдан ұғынады.
Д.Н.Узнадзе құндылық бағыттарды, бір жағынан, құбылыстардың белгілі бір семантикалық сипаттамасының, объектінің субъект үшін маңыздылығының санада көрініс тауып, санада бекемделу формалары ретінде қарастырса, екінші жағынан, іс-əрекетке əзірлік формасы ретінде, тиісті жағдайларда жүзеге асатын сана мен іс-əрекет процестерінің бірлігі ретінде қарастырады [10].
Құндылық бағыттар адамның мінез-құлқының ең маңызды қозғаушысы болып табылады, оның іс-əрекетінің себеп-салдарын анықтайды. Адамның құндылық бағыттары мен мотиві арасындағы байланысын адамның қажеттілігін қанағаттандыруға, оны «заттандыруға», яғни қажетті объектіні табуға ұмтылысы арқылы түсіндіруге болады. А.Н.Леонтьевтің пайымдауынша, қажеттілік қанағаттандырылмайынша, өзінің объектісін танымайды, ал ол объекті табылуы тиіс. Тек осындайда ғана қажеттілік заттық мағынаға ие болады, ал қабылданған зат қозғаушы жəне бағыттау іс-əрекетіне ие болып, мотивке айналады. Сонымен, адам үшін «жеке тұлғалық мəні» бар, яғни өз алдына құндылық болып келген зат қана оның іс-əрекетінің мотиві бола алады [11].
Құндылық бағыттары субъектінің іс-əрекетінің мотивін анықтайтын болғандықтан, олар сол іс- əрекетті таңдау мен оның жүзеге асу барысына да əсер етеді. Осылайша құндылық бағыттары адам, оның қажеттіліктері мен қоршаған ортасы арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.
Сонымен, жеке тұлғаның құндылық бағыттарының əлеуметтік-этикалық мазмұнын қамтамасыз ететін «іс-əрекеттің алуан түрлерінің интеграциясы, факторы» болып табылады.
Теориялық таным ретінде құндылық дегеніміз, біріншіден, объектіге деген когнитивті қатынасқа, яғни көңіл-күйі басымырақ, субъектінің бойында құндылық сана мен жалпы əлеуметтік- мəдени факторлар əсерінен қалыптасқан, мақсат-мүддеден, ұнатудан, нұсқаулардан тұратын қатынас. Екіншіден, ол — сананың ішіндегі құндылық «бағыттары, яғни логикалық-əдіснамалық параметрлер, олардың негізінде көзқарас, дəлелдің, білімді ұйымдастырудың формалары мен тəсілдері таңдалып алынады, үшіншіден, санадағы құндылық — объективті шынайы заттық білім, ол дəл осы шынайылық, дұрыстық, ақпараттың арқасында қоғам алдында маңыздылық пен құндылыққа ие болады [12].
Біздің пайымдауымызша, дүниетаным тек дүние туралы жалпы мағлұматтардың жиынтығы ғана емес. Сонымен қатар ол қоғамның саналы мақсат-мүдделері мен адамгершілік, əлеуметтік, гуманистік құндылықтар — өмірдегі мінез-құлықтың бағытын тандауды, оның қоғам мен өз-өзіне деген жауапкершілікті қатынасын анықтауы.
Педагогика ғылымы оқушы тəрбиесінің мазмұнына енетінін ғылыми дүниетанымды қалыптастыру мəселесін шешуде оның құрамды бөліктерін ажыратып қарайды. Педагогикалық ғылыми еңбектерде дүниетанымның төрт құрамды бөлігі көрсетіліп жүр. Олар: ғылыми білім жүйесі; дүниетаным; сенім; адам мұраты. Дуниетанымның қалыптасуы, педагогикалық процесс ретінде, объективті түрде əдіснамалық идеялардың реттелген жиынтығын оқушылар игілігіне айналдыруды талап етеді. Оқушылар материалистік диалектиканың мынадай заңдары мен категорияларын игерулері қажет: дүниенің материалдығы мен танымдылығы; қозғалыс материяның өмір сүру формасы ретінде; материяның — бірінші, сананың екінші болуы; қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі; себепті байланыс — болмыстың жалпы заңы; сандық өзгерістердің мөлшерден шығып кетуі мен олардың сапалық өзгерістерге айналуы; дамудың толассыздығы мен толасуы; себеп пен салдар диалектикасы; құбылыс мəнділіктің көрінісі ретінде; мүмкіндік пен шындық; практика — таным негізі, ақиқат критерийі. Дүниетаным қалыптасуының біртұтас процесі білім берудегі бірізділік пен оқу пəңдері арасындағы байланыс арқылы жүзеге асады. Білім беру, процесс ретінде ұстаз бен оқушының бірлескен іс-əрекетімен сипатталады, іс-əрекеттің мақсаты — оқушыларды дамыту, олардың бойында білім, білік, дағдыларды, яғни нақты бір іс-əрекеттің жалпы бағыттық негізін қалыптастыру.
Аналитикалық-жүйелік іс-əрекеттің нəтижесінде (түсінікте, арман-мұраттарда, теорияларда) білім де, іс-əрекет əдіс-тəсілдері де бар. Бұл сананың əр түрлі жақтары, бірақ бұл процесте ең басты орында білім тұрады. Осының барлығы оқушы бойында білім мен білікке қоса ойлау мен əрекет ете алуды дамытуды талап етеді. Ғылыми білім құрылымында екі деңгей бар: эмпирикалық жəне теориялық. Олар объективті болмысты көлемдірек, тереңірек жəне толығырақ суреттеуі бойынша ажыратылады. Дүниетаным жекелеген білімдерден емес, заманның талабына сай білімдердің құрылымын қамтитын, əдіснамалық идеялар, теориялар мен принциптер негізінде ұйымдастырылатын жүйе. Оқушылардың меңгерген білімдер жүйесі əрдайым қозғалыста болады, басқа жүйелермен қатынасқа түсіп, оларды пайдалану міндеттеріне сəйкес жалғасады.
Білім беру — оқушылардың ғылыми білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудегі, шығармашылық қабілеттілігінің, дүниетанымы мен адамгершілік-эстетикалық көзқарастарының дамуындағы белсенді оқу-танымдық іс-əрекетін ұйымдастыру мен ынталандырудың мақсатты педагогикалық процесі. Оқыту адамның іс-əрекетін белгілі бір білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудің саналы мақсаты билеген кезде қызмет-əрекет ретінде жүзеге асады.
«Түсініктерді, ұғымдарды, заңдарды оқушылардың басына жаттанды түрде сіңіруге болмайды. Оларды оқушының өзі, мұғалімнің басшылығымен, көмегімен қалыптастыруы қажет. Түсініктердің пайда болуы, заңдарды жете түсіну — оқушының ойлау мен іс-əрекетінің белсенді процесі» (М.Н.Скаткин) [13].
Оқу оқушылардың іс-əрекетінің басты нəтижесі олардың бойында теориялық сана мен ойлаудың қалыптасуы болып табылады. Оқу іс-əрекетінің психологиялық мазмұны іс-əрекеттің жалпы тəсілдерін, білімдерді меңгеру болып табылады.
Білімдер сенімге айналу үшін жеке тұлғаның қажеттіліктерінен, əлеуметтік үміт пен құндылық бағыттарынан биік болып тұрған көзқарастарының жалпы жүйесіне жəне оның сезіміне айналуы қажет. Оқушылардың жағымды эмоционалдық күйі олардың жеке тəжірибесіне, əлеуметтік- психологиялық жағдайына сүйенеді.
Біздің ойымызша, оқу мен еңбек, қоғамдық іс-əрекет оқушыларды əлеуметтік, жан-жақты ақпаратпен, саяси қарым-қатынас тəжірибесімен қаруландырады. Ол оқушының ішкі жан дүниесіне, жеке тұлғаның белсенді жасампаздық қажеттілігін дамытады.
Білім объективтік дүниені бейнелейтін адам баласының мол тəжірибесі. Білім арқылы табиғаттың жəне қоғам құбылыстарының объективтік жақтарын зерттейді, түсінеді, ұғады. Ғылыми білім қалыптастырудың жəне дүниетанымы дамуының үлкен тірегі. Міне, осының нəтижесінде білім əр адамның көзқарасына, сеніміне айналады. Сенім терең, тиянақты ойланып айтылатын идеялардың жиынтығы. Сенім жеке адам өмірлік позициясының беріктігін анықтайды, мінез-құлқын сипаттайды. Əр түрлі идея адам сенімінің негізгі, шындықты терең тану оның соңынан еріп отыру.
Адам мұраты жете түсінудің жоғары кемелі, адам баласының жоғары мұрат-мақсаттары, өмірге ұмтылушылығы, талаптанушылығы. Мұрат-мақсат айналадағы өмірді жетілдіруде жəне қоғамның əлеуметтік-экономикалық үдеуін дамытуда адамның сезімін оятады. Əр халықтың тəлiм-тəрбиелiк мұрасының түпнамасы оның ұлттық құндылықтармен мыңғасырлық байланыстығының тұтастығында екенi анық. Халық педагогикасындағы ұрпақтың жан-жақты дамып-өсуiне, таным кеңiстiгiнiң ұлғаюына зор ықпал жасап келгенiн педагогика ғылымы жоққа шығармайды.
Қазақстан Республикасы өз алдына дербес мемлекет ретінде егемендігін алғаннан кейін елімізде ұлттық рухани мұраларымызға бет бұрып, соның негізінде тəрбие беруге көңіл қойыла бастады. Осы тұрғыдан ұлттық тəрбие атауын өздерiнiң докторлық диссертацияларында Қ.Бөлеев пен К.Оразбекова пайдаланып, жеке тұлға ұлттық тəрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері мен оқушыларға ұлттық тəрбие беруге мұғалімдерді дайындаудың теориясы мен тəжірибесін зерттеді [14].
Қ.Бөлеевтің айтуынша: «Ұлттық тəрбие терминiн ендiру педагогика ғылымында өз шешiмiн тапқан жоқ. Ол этнопедагогика ғылымында ендiрiлуi тиiс. Өйткенi этнопедагогика ұлттық тəлiм- тəрбиенi жинақтайтын, оны қорытындылап, жүйелейтiн теориясымен сипатталатын ғылым саласы. Ұлттық тəрбие — жеке тұлғаның ұлттық сана-сезiмi мен мiнез-құлқының, ана тiлiн, ата тарихын, төл мəдениетiн жəне ұлттық салт-дəстүрiн меңгеруi негiзiнде қалыптасқан этнопедагогиканың саласы...», — деп анықталады. Ғалымның ойынша, ұлттық тəлiм-тəрбиенiң мектептегi оқу-тəрбие жұмыстарында жүзеге асырудың тиiмдiлiгi — болашақ мұғалiмдердi, бiлiктi тəрбиешiлердi даярлау жəне қайта даярлау мен жетiлдiру жұмыстарына арналған арнайы бағдарламалар мен нақты шараларды қолға алу арқылы іске асырылады [15].
К.Оразбекованың пайымдауынша, ұлттық тəрбие — болашақ қоғамымыздың құрылысшыларын дайындайтын дарынды, парасатты, жоғары мəдениеттi, жан-жақты дамыған жеке тұлғаларды қалыптастырудың негiзi болуы шарт деп санайды. Ол: «..ұлттық тəрбиенiң тəлiмдiк негiздерi Адам атадан бастау алып, бүкiл өмiрi-өлеңге, өлеңi-өмiрге айналған жыраулар арқылы жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа жетiп отырды..», — деп, ұлттық тəрбиенiң бүгiнгi таңда ұлтты идеологияны қалыптастыруда шешушi рөл атқаратынын атап өтедi [16].
К.Ж.Қожахметова ұлттық тəрбиені этникалық тəрбиеге қарағанда кең ұғым деп қарастыра отырып, мынадай анықтама береді: «Ұлттық тəрбие — жалпыхалықтықты ұлттық сипаттармен біріктіре алатын ұлттың азаматтарын, мүшелерін қалыптастыру: олар тілді, мəдениетті білумен қатар қазіргі заманға сай білімді де игеруі қажет» [17].
Академик Г.Н.Волковтың пікірінше, халықтың педагогика адам баласының дүниеге келген күннен бастап бірге жасасумен ерекшеленеді. Сондай-ақ адамдардың қоғамды құруы, қоршаған ортаны — табиғатты өзіне икемдеп игеруі, еңбек тəрбиесінің алғашқы адамдар өмірінде басты рөл атқаруы да осы сатыға жатады. Ол тəрбиенің басқа түрлерінің кейін туып, өмірлік тəжірибеге негіздеген эмпирикалық білім болып келеді де, ұлттар мен ұлыстардың жазу мəдениеті шықпай тұрған кезде пайда болып, халық арасында ауызша тарады. Сондықтан да оны шығарушы авторлардың аты-жөні халық жадында сақталмай, бүкілхалықтық мұраға айналып кетті [18].
Əр халықтың тəлiм-тəрбиелiк мұрасының түпнамасы — оның ұлттық құндылықтармен мыңғасырлық байланыстығының тұтастығында екенi анық. Халық педагогикасындағы ұрпақтың жан-жақты дамып-өсуiне, таным кеңiстiгiнiң ұлғаюына зор ықпал жасап келгенiн педагогика ғылымы жоққа шығармайды.
Қазақ халқы елін, жерін, оның табиғи, мəдени байлығын, өнері мен тілін, тарихын, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпын сақтап, қорғап, рухани-адамгершілік тағылымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан оқу-тəрбие процесінде қолданылатын бағдарламалар, оқулықтар, дидактикалық материалдардың ұлттық психологиялық ерекшеліктерге сай жасалуын өмірдің өзі талап етеді [19].
Қазіргі кезде мектептің тұтас педагогикалық процесінде халық педагогикасын пайдалану бойынша мол тəжірибе қалыптасқан. Негізгі мақсат — жас ұрпаққа қазақ халқының əдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық өнерін, дəстүрлерін меңгерте отырып, оларды оқушылардың бойына дарыту, ұлттық мінез-құлық, қадір-қасиетін қалыптастыру. Өйткені еліміз үшін жас ұрпақтың өнерлі, іскер, жігерлі, намысты өсуі айрықша маңызды болып табылады.
Халықтық педагогика мыңдаған жылдар бұрын пайда болып, қазіргі кезеңнің өзінде педагогика ғылымының басты мəселелерінің бірі болып табылады. Халық педагогикасындағы озық идеялар қай халықтың болсын тіршілік-тынысымен, ұлттық тəрбие дəстүрімен тығыз байланысты туып, өсіп- өркендеп, дамып жəне ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жетіп отырған. Бірде бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тəрбиелік тəжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес.
Жоғарыдағы қарастырып отырған мəселелерді түйіндей келе айтпағымыз, дүниеге көзқарас қоғамдық сананың барлық формаларына қатысты элементтерден құралады: онда философиялық, экономикалық, саяси, ғылыми, адамгершілік жəне эстетикалық көзқарастар үлкен роль атқарады. Ғылыми білімдер дүниеге көзқарас жүйесіне ене отырып, адамның немесе бүкіл топтың қоршаған əлеуметтік жəне табиғат шындықтарын бағдарлау мақсаттарына қызмет етеді. Сонымен қатар ғылым адамды əр түрлі наным-сенімдер мен адасушылықтардан құтқарып, оның шынайы болмысты танып- білуіне жағдай жасайды.
Əдебиеттер тізімі
- Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика: Методология, теория, практика. — Алматы: Ғылым, — С. 316.
- Ахметова З. «Кəусар бұлақ» бағдарламасы. — Алматы: Кəусар бұлақ, 1994. — 74-б.
- Табылды Ə. Қазақ этнопедагогикасы жəне оқыту əдістемесі. — Алматы: Білім, 2004. — 150-б.
- Табылдиев Ə. Қазақ этнопедагогикасы. — Алматы: Санат, 2001. — 320-б.
- Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тəрбие. — Алматы: Білім, 1995. — 232-б.
- Волков Г.Н. Этнопедагогика. — Чебоксары; М.: Академия, 1990. — С.
- Қалиев С., Молдабеков Г., Иманбеков Ж. Этнопедагогика. — Астана: Фолиант, 2007. — 148-б.
- Харламов И.Ф. Педагогика. — М.: Высш. шк., 1999. — С.
- Кузьмина М.Н. Концепция национальной школы // Национальная школа: состояние, проблемы, перспективы. — М.: ИНПО, 1995. — С.
- Божович Л.И. Проблемы формирования личности: Избранные психологические труды / Под ред. Д.И.Фельдштейна.— М.: Воронеж: Ин-т практической психологии, 1995. — С. 26.
- Ананьев В.Г. О проблемах современного человеческого сознания. — М.: Наука, 1977. — С.
- Храпченков Г.М., Храпченков В.Г. История школы и педагогической мысли Казахстана: Учеб. пособие. — Алматы: Ун-т «Кайнар», 1998. — С.
- Хмель Н.Д. Педагогический процесс в общеобразовательной школе. — Алматы: Мектеп, 1984. — С.
- Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность // Текст / А.Н.Леонтьев. — М.: Политиздат, 1975. — С.
- Наурызбай Ж.Ж. Этнокультурное образование. — Алматы: Ғылым, 1997. — С.
- Əбілова З.Ə. Этнопедагогика: Оқу құралы. — Алматы: Ғылым, 1997. — 230-б.
- Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дəстүрлері мен əдет-ғұрыптары. — Алматы: Ана тілі, 1994. — 82-б.
- Масанов Н. Культура народов Казахстана // Текст / Н.Mасанов. — Алматы: «Парасат» ШДС, 2001. — С.
- Сластенин В.А. Социально-культурные проблемы инновационной деятельности преподавателя // Текст / B.A.Сластенин. — М.: Издат. дом «Магистр-Пресс», 2000. — С.