Кіріспе
Ыбырай Алтынсарин — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, ақын, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Шын аты — Ибраһим. Орта жүздің Қыпшақ руынан шыққан. Ол 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы Затобол ауданында дүниеге келген.
Əкесі Алтынсары оқымаған, өз еңбегімен тіршілік еткен қарапайым шаруа адамы болған. Шешесі Айман (кейбір деректерде Аймен) Арғын руының ішіндегі Шеген деген бидің қызы екен. Ол халық аузынан жинақталған ертегілер мен жырларды көп білетін сауатты адам болған. Ыбырайдың шешесі халық ертегілері мен жырларын ұлының құлағына жастайынан құйып тəрбиелеген.
Ыбырай 3–4 жасқа толғанда, əкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожа бидің қолында қалады. Бүкіл балалық шағы сол атасының қолында өтеді. Ағартушының атасы Балғожа Жаңбыршыұлы өз заманындағы ірі феодалдардың бірі еді. Ол ұзақ уақыт Орынбордағы шекара комиссиясы қол астында Қыпшақ руына старшын болған, өз аймағының атақты кісілерінің бірі, ірі бай. Ел ішіндегі көп жағдайларда биліктің тізгінін ұстаған би Орынбор əкімшілігінің алдында да, орыс шенеуніктеріне де сыйлы, беделді, белгілі кісі болыпты. Немересін адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған, Балғожа оны өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып, қанатын қатайтқан [1].
Жасынан зерек Ыбырай да атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшіліктің үмітіне айналады. Атасы Балғожа төңірегіне ақын-жырауларды жинап, өзі де өлең жазған. Сондықтан да Ыбырай бала кезінен туған халқының мəдениеті мен əдебиетінен сусындаған.
Ыбырай Алтынсарыұлының маңызды өмірдеректері
1850 жылы дала өмірінде көп билікті өз қолында ұстаған Балғожа Ыбырайды Орынбор шекара комиссиясының жанынан ашылған мектепке береді. Бұдан бұлай ел билеу ісі орысша сауатты адамдардың қолына көшеді деп ұққан Балғожа би немересі арқылы кейін де сол ел билеу ісін қолынан шығармау ниетін көздеген. Жаңа ашылған мектепте 30 бала, олардың ішінде 9 жасар Ыбырайда болды.
Ол уақытта Ресей үкіметінің көздегені осындай мектептер арқылы жергілікті əкімшілік орындарға қазақтың өз ішінен қызметкерлер əзірлеу еді.
Мектеп оқушылары отаршылдық саясат рухында тəрбиеленуге тиісті болды. Бірақ жасынан зерек Ыбырай бұл мектептің оқу жүйесі шеңберінде қалмай, дүние жүзі əдебиеті мен орыс əдебиеті классиктерінің шығармаларын өздігінен оқып нəр алды. Мектепті бітіргеннен кейін, 1857–1859 жылдар аралығында ол атасы Балғожа бидің хатшысы болды.
Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаштық қызметіне ауысады. 1860 жылы Орынбордан Торғайға ауысып, мұғалімдік қызметке орналасады. Өзінің тікелей күш салуымен 1864 жылы қазақ балаларына арналған тұңғыш мектеп ашады. Осыдан бастап оның ағартушылық жəне педагогикалық қызметі басталады.
1860–1879 жылдар арасында Ы.Алтынсарин мұғалімдік, ағартушылық қызметімен қатар, арагідік басқа да қызметтер атқарды: 1868–1874 жылдары Орынбор генерал-губернаторының арнайы тапсыруы бойынша төрт рет Торғайдың уездік судьясы; 1876–1879 жылдары Торғай уездік бастығының аға жəрдемшісі болды. Инспекторлық қызметке кіріскен кезден бастап Ыбырай зайырлық мектептер ашуды қолға алды [2].
Қазақ халқын мəдениетке үндеп, халық ағарту мəселесінде көп еңбек еткен тұңғыш ағартушы 1864 жылдан 1889 жылға дейін жиырма бес жылдық өмірін қазақ балаларына арнап, мектеп ашу, оларды оқыту, тəрбиелеу, оқулықтар, оқу құралдары жəне əдістемелік кітаптар жазу жұмысына арнайды. 1889 жылдың 17 шілдесінде, 48 жасында «Инспектор көлі» жағасында, өз үйінде ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болады.
Қазақтың тұңғыш педагогы əрі ақын, əрі жазушы Ыбырай Алтынсарин ауырып, төсек тартып қалғанда орыс жолдастарының оны дəрігерге қарату ісін ұйымдастырулары; қайтыс болған күні ақырғы рет қоштасу үшін қаладан көптеген таныстары мен шəкірттерінің арнайы келуі; кейін Н.И.Ильминскийдің «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» деген атпен Қазан баспасында арнаулы кітап бастырып шығаруы Алтынсариннің ел ішінде беделді, сыйлы болғандығын дəлелдейді. Бір айта кететін жайт, Ы.Алтынсарин қайтыс болғанда қазақ салтымен оған жоқтау айтылған.
Ол жоқтау 1976 жылы Мəскеу мұрағатындағы «Ильминский папкасы» деген бумадан табылды. Ондағы [3]:
Дəріден себеп болмады,
Шын келген соң ажалы.
Күн де ауылда болушы ед,
Жəрмеңкенің базары.
Өтіп те кеткен дүние-ай,
Дүбірлесіп жиылып,
Аспанға шығып тозаңы!
Жетімсіреп қалды ғой
Төрт ояздың қазағы... —
деген жолдармен жалғасатын ұзақ жоқтауды Ыбырайдың туыс-жұрағаттарының бірі жазған болуы керек деп көрсеткен. Ал зерттеушілер мұны Ыбекеңнің өзі қадірлеген, жанында жүрген жəне қайтқанда қасында болған қазақтың белгілі ақыны Нұржан Наушабаев екенін айтады.
Ыбырайдың бар өмірін жастарға білім беруге арнауы
Ы.Алтынсарин орыс тілімен қатар, араб, татар тілдерін жетік меңгеріп, көксеген бар арманы халыққа білім беру болды. Ол кезде қазақ балаларына арнап, мектеп ашу өте қиындыққа түсті. Соған қарамастан, Ыбырайдың тікелей атсалысуымен 1864 жылы қаңтар айында тұңғыш қазақ мектебі ашылды.
Сол замандағы қаражаттың жетіспеушілігі, мектеп үйі, құрал-аспаптардың жоқтығы да оны мұқалта алмады. Ол ауыл-ауылды аралап, халыққа білім беретін мектептердің артықшылығын түсіндірді. Өзінің насихатын халықтың жүрегіне жеткізе білген оған халық арасынан қолдау көрсетушілер табылды. Қаржы жинауды ең алдымен өзі бастап, атасы Балғожаның еншісіне берген малын сатып, түскен ақшаны мектеп салуға жұмсады. Оқу үйі жетіспеген кезде оқу-білім іздеген қазақ балаларын өз үйіне жатқызып оқытқан.
1864 жылы ол Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді: бəрі жақсы, есті балалар... Бұл балалар небəрі үш айдың ішінде орысша, татарша жаза білетін болды» [4], — деп жазды. Бұдан біз Ыбырайдың ұстаздық жолының сəтті басталғанын байқаймыз.
1879 жылы Ы.Алтынсарыұлы Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол жаңа үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879–1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) уездік жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылады. Бұл мектеп қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды.
Ыбырай қазақ даласында бірінші болып қыздарды білімге тартты. 1887 жылы Ырғызда қыздарға арналған мектеп-интернат ашты. Қыздар мектебін ұйымдастыруы — ұлы ағартушының бұл тұрғыда жасаған үлкен еңбегі.
Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ы.Алтынсарин мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды күн тəртібіне қояды. 1881 жылы Орск қаласында тұңғыш Мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырайдың инспекторлық жəне ағарту саласындағы қызметін аталған мектептерді ашу ісімен шектеуге болмайды. Ол сол мектептердегі тəлім-тəрбие, оқу жұмысының жанды ұйтқысы болды. Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен орындады.
Ағартушы қайтыс болғаннан кейін 1891 жылы Торғай қаласында, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта жəне 1896 жылы Ақтөбеде Қыздар училищелерін ашуға рұқсат етілді. Бұл да Ы.Алтынсариннің ізденулерінің нəтижесі екендігі құжаттар бойынша дəлелденіп отыр [5; 12].
Кезінде Ы.Алтынсарыұлы салдырған Қостанай өңіріндегі мектептерде Алаштың ғұламалары А.Байтұрсынов пен М.Дулатов оқыған, «Алашорда» дүниеге келген.
Ыбырайдың өмірінде ерекше орын алған зиялылар
Жалпы, Ыбырай Алтынсариннің рухани өсуіне профессорлар В.В.Григорьев пен Н.И.Ильмин- скийдің ықпалы ерекше болған.
Ыбырай өзінің қалыптасу барысында шығыстанушы-ғалым В.В.Григорьевтің тікелей ықпалында болды. Атасы Балғожа биді жақсы білетін жəне сыйлайтын В.В.Григорьев Ыбырайға аса ілтипатпен қарап, өзінің бай кітапханасын пайдалануға мүмкіндік берген. Ыбырай оның кітапханасынан əдебиет, тарих, философия кітаптарын, дүниежүзі ағартушыларының еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі туралы шығармаларды көп оқыған.
В.В.Григорьев — орыстың көрнекті Шығыс зерттеушісі, Ресей ҒА-ның корреспондент мүшесі. 1834 жылы Петербург университетінің Шығыс бөлімін бітіргеннен кейін Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Шығыс тілдері институтында істеді. 1851 жылы Орынбор генерал- губернаторлығының қарамағына жұмысқа ауысып, Орынбор шекара коммиссиясын (1854) жəне Орынбор облысын басқарды (1859–1863). Григорьев қазақ халқының тарихы, мəдениеті, этнографиясы, саяси өмірі, экономикасы, т.б. жөнінде көптеген еңбектер, мақалалар жазды. Олардың бір бөлігі «Россия жəне Азия» деген атпен 1876 жылы жеке бір жинақ болып шықты [6].
В.В.Григорьевтың жобасы бойынша 1861 жылы Троицкіде қазақ жастары үшін мектеп ашылды. Ол Ш.Уəлихановпен дос болды жəне Ы.Алтынсариннің ғалым жағынан қалыптасуына септігін тигізді.
Ағартушылық мұраттарын іске асыруында Ыбырайға Ильминский елеулі ықпал жасаған адам. Н.И.Ильминский (1822–1892) — орыс зерттеушісі, консервативтік бағыттағы педагог. 1858 жылдан Орынбор шекара комиссиясында қызмет істеді. Ол қазақ, татар, чуваш, мордва, т.б. аз ұлт халықтарының ағарту ісіне елеулі үлес қосты. Араб алфавиті орнына осы халықтардың орыс графикасына негізделген алфавитін ұсынды. Ы.Алтынсаринмен қызметтес болды. Ол туралы естелік жазды [7].
Патша үкіметі Еділ бойы, Орал, Сібір аймақтарындағы «бұратана» халықтарға (татар, чуваш, башқұрт, мордва, қазақ т.б.) оқу-ағарту ісін жүргізуде Ильминскийдің «педагогикалық жүйесін» қолданды. Ол ұсынған педагогикалық «қағидалар» бойынша мектепте оқудың білімдік мəнінен гөрі, діни-насихаттық жағы басым болды.
Жалпы, миссионер Н.И.Ильминский тəрізді ағартушылардың шын мəнінде қазақ жерінде мектеп ашу дегеніміз — бұл халықты негізінен орыстандыру жəне тіл жағынан, дін жағынан да орыстарға мүлдем қосып жіберу болып табылатынын ашық айтқаны белгілі. Ы.Алтынсарин мұндай ұстанымға, мұндай көзқарасқа мүлде қарсы болды. Ол қазақ ағартушыларының арасынан алғашқылардың бірі болып, шын мəнінде қазақ халқын орыс тəрізді, еуропа халықтары тəрізді мəдениеті, білім деңгейі едəуір алға кеткен халықтар деңгейіне жеткізіп жəне сонымен бірге өз халқының тілдік жəне мəдени мұраларын, рухани мұраларын қорғайтын, қолдайтын, алдағы уақытта оны үздіксіз өркендететін, мəдениетті, рухани тұлғалы қазақ интеллигентін қалыптастыруды көздеген болатын. Ыбырайдың осындай өркениеттік көзқарастары империяның ағартушы-ғалымдарына ой салды. Тіпті Ильминскийдің өзі Ыбырайға жоғары баға берді [8].
Ы.Алтынсарин өзінің дидактикалық көзқарасы жағынан — ұлы ағартушылардың озық идеяларына сүйенген, адамгершілік педагогикасын жаңа жағдайда іске асырған ізгі ниетті адам. Ян Амос Коменскийдің озық идеялары, ағартушылық, педагогтік оқулары Ыбырай жүрегінен нық орын тепті. Ушинский, Толстой, Бунаков, Паульсон сияқты даңқты педагогтерді ұстаз тұтты. Ыбырай осындай ұлы адамдардан тəлім алып өсті. Өзінің педагогтік қызметтерінде солардың қағидаларына сүйенді. Оны қазақ жағдайына, жаңа ортаға қолдану жолын қарастырды [9].
Ыбырай Алтынсарыұлы өзі құрастырған «Қырғыз хрестоматиясын», сондай-ақ Я.А.Коменскийдің материалдарын мұғалімдер үшін өте құнды деп түсінді.
Ян Амос Коменский (1592–1670) — ХVІ ғасыр мен ХVІІ ғасырлардың аралығындағы жаңа педагогиканың негізін қалаушы чехтың ұлы педагогі, гуманист, қоғам қайраткері. Өзінің есімін дүние жүзіне танытқан «Ұлы дидактика» (1657) атты еңбегін жəне тарихта бірінші рет жанұя тəрбиесі жөнінде «Ана мектебі» (1632) жетекші құралын жазған.
Коменский педагогикасының негізі гуманизм мен демократизм болды. Ол мектеп балаға сүйіспеншілік, адамгершілік қасиеттерін тəрбиелейтін «адамгершілік шеберханасы» болуға тиіс деген көзқарасты насихаттады. Ұлы педагог тəрбиені адамның табиғатына сəйкес жүргізу керек деп есептеді. Осы талапты ол тəрбие мен оқытудың жалпы принципі деп санады. Я.А.Коменский адамның өсіп-жетілуіндегі жас ерекшеліктерін негізге ала отырып, бір-бірімен байланысты құрылған бірыңғай мектеп жүйесін ұсынды: ана мектебі (6 жасқа дейін), ана тілі мектебі (6–12 жас), латын мектебі немесе гимназия (12–18 жас), академия (18–24 жас). Ол алғашқы рет оқу тоқсандарына жіктелген оқу жылы жөніндегі ұғымды анықтады. Педагогика тарихында тұңғыш рет оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі — класс-сабақ жүйесін ұсынды [10].
Я.А.Коменский дүние жүзі педагогикасының дамуына зор ықпал жасады. Сондықтан да қазақтың тұңғыш педагогы Ы.Алтынсарин жəне басқа халықтардың прогресшіл педагогтары да өз еңбектерінде Коменскийдің идеяларына сүйенді.
Ы.Алтынсаринге атақты орыс педагог-демократы К.Д.Ушинскийдің алдыңғы қатарлы, озық ойлы ұстаздық қағидалары қатты ұнаған.
К.Д.Ушинский — Ресейде ғылыми педагогиканың негізін қалаушы. 1844 жылы Мəскеу университетінің заң факультетін бітірген. 1862–1867 жылдары шетелдерде болып, мектеп ісін зерттеген. Ушинскийдің педагогика жүйесінің негізгі өзегі білім беру мен оқыту жүйесін демократияландыру болды. Ол педагогика мен философия арасындағы байланыстылықты түсінді. Білім алу құқығын мойындау идеясы Ушинскийдің педагогика жүйесінің негізіне айналды. Осы тұрғыдан ол ер жəне қыз балалардың жаппай ана тілінде міндетті оқуын талап етті. Тəрбиені қоғамдық құбылыс деп қарады. Балаларды жан-жақты зерттеуді талап етті. Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы орыс ғалымының «Адам тəрбиесі. Педагогикалық антропология» деген еңбегінде айқын бейнеленді. Бұл дүние жүзі əдебиетіндегі бірінші проблемалық зерттеу болды [11].
К.Д.Ушинский славян халықтары прогресшіл педагогикасының дамуына зор ықпал етті. Қазақ жерінде Ы.Алтынсарин өзінің ағартушылық ісінде Ресей ғалымының шығармашылық қызметінен көп үлгі алды.
Сонымен, Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, Б.Ф.Бунаков сынды атақты əдіскер-педагогтардың оқыту əдістерін батыл да шебер қолдану нəтижесінде Ыбырай Алтынсариннің тəжірибесі артты. Педагог-ғалымның дидактикалық көзқарасы қалыптасты. Ол баланың мектептен алатын білімін өмір талабына қолдануды тамаша ұштастырды.
«Қазақ хрестоматиясы» — ұлттық мəдениетіміз тарихындағы тұңғыш оқулық
Ы.Алтынсарин оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық əдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мəн берген. Сондықтан да «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық жəне «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазған.
1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы»: бірінші — балалар өмірі туралы орыс тіліндегі əр түрлі хрестоматиядан, көбіне Паульсонның хрестоматиясынан алынған əңгімелер; екінші əр түрлі жастағы адамдардың өмірін суреттейтін əңгімелер; үшінші — қазақ жыршыларының өлең жырларынан үзінді; төртінші — қазақтың мақал-мəтелдері тəрізді төрт бөлімнен құралған.
Зерттеушілер кітапқа енген əңгімелердің көпшілігі И.И.Паульсонның «Оқуға жəне орыс тілінде практикалық жаттығулар жасауға арналған кітап» хрестоматиясынан алынғанын, сондай-ақ кейбіреулері К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі», «Ана тілі», Л.Н.Толстойдың «Əліппе жəне оқу кітабы», Б.Ф.Бунаковтың «Əліппе мен құрал» сияқты кітаптарынан алынғандығын анықтап отыр. Олардың көпшілігі дəл аудармалар да, бірқатары — ерікті аудармалар [5; 11].
Ағартушы хрестоматиясына енгізген шығармаларымен еңбекті сүюге, өнерге ұмтылуға, Отанын, елін-жерін сүюге, талаптылық, жігерлілік, ізденімпаздық, адамгершілік, қайырымдылық, жинақылық сияқты басқа да жақсы мінез-құлыққа тəрбиелеуді көздеген. Жалқаулық пен надандық сынды жаман қасиеттерді сынай отырып, балалардың осылардан аулақ болуына жол көрсеткен. Оқулыққа енген өлең-жырлар, мақал-мəтелдер күні-бүгін де өз маңызын жойған жоқ:
Істің болар қайыры
Бастасаңыз алдалап
, Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап. («Сөз басы» [12; 5])
Мал дəулеттің байлығы
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар. («Сөз басы» [12; 5])
Надандықтың белгісі –
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас. («Сөз басы» [12; 6])
Айналасына ас қойып,
Изені көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Исін жұпар аңқытқан.(«Бұл кім?» [12; 9])
Бəріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз!
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз! («Өсиет өлеңдер» [12; 9])
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады жат та жақын таныс болса.
Достарың, дұшпан түгіл табалайды —
Аяғың бір нəрседен шалыс болса!
(«Арық мал жан жолатпас бір жалданса» [12; 12])
Береке кеткен елдерде
Күн қысқарса керек-ті.
Алатаудай атаға
Ұл қышқырса керек-ті. («Азған елдің адамына» [12; 14])
Əй, жігіттер, үлгі алмаңыз,
Азған елдің ішінен.
Алыс-алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзден салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңыздар («Əй, жігіттер!» [12; 15])
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа!
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.
Күндердің күні болғанда,
Ол жаман айғақ болар басыңа! («Əй, достарым!» [12; 15])
Ыбырай Алтынсарин көзі тірісінде «Қырғыз хрестоматиясы» кітабының екінші бөлімін жазған. Өкінішке қарай, бұл шығарма əр түрлі себептерге байланысты баспадан уақытында жарық көрмеді. Ұлы педагог қайтыс болғаннан кейін қолжазба із-түссіз жоғалып кеткен. Қазір Ресей, ТМД елдері мұрағаттары мен кітапханаларына хабарласу, құнды қолжазбаны іздестіру, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүруде [13].
«Қырғыз хрестоматиясының» жастарға дұрыс тəрбие беру жəне олардың дүниетанымдық көзқарасын кеңейту үшін қазірдің өзінде де мəні зор. Сондықтан да бұл оқулық ұзақ жылдар бойы талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді.
Ағартушының «Шариат-ул-Ислам» («Мұсылманшылық тұтқасы») атты оқу құралы
Аталған еңбек 1884 жылы Қазан қаласында араб қарпімен басылып шыққан. Кітап «Құран негіздерін» ұғындыру мақсатында мектептерде оқытылатын дін сабағының қазақтарға анағұрлым ұғынықты оқу құралы есебінде жазылған.
Ыбырай Алтынсарыұлы бұл оқу құралын жазудағы мақсаты туралы былай деп тарқата айтқан:
«...Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады... мүмкін болғанша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл — қазақтарды татарландырудың ең сенімді тəсілдерінің бірі ғой) мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бастап... Осы оқу құралын құрастыруға кірістім» [14].
«Мұсылманшылық тұтқасы» кітабы төрт баптан тұрады. Бірінші бапта — иман туралы сөз бола- ды. Екінші бапта руза турасында, зекет жайлы, қажыға бару, харам, макруб мəнін əңгімелейді. Үшінші бапта ыхлақ, яғни адамдардың мінездері, турасында; төртінші бапта намаз ішінде оқылатын дұғалардың қазақша мағынасы берілген [15].
Кеңестік жүйе тұсында Ы.Алтынсариннің əлеуметтік-экономикалық көзқарастарын талдауда оны атеист етіп көрсетуге тырысушылық байқалды. Шын мəнінде, Ы.Алтынсариннің өз халқы ұстанған дінді қадірлегені, мұсылман дінінің жақсы жақтарын бағалағаны жəне оның рухани құндылықтарын қазақ халқының өркендеуіне жəне алға басуына пайдалануға шақырғандығы кеңінен белгілі.
Еліміз тəуелсіздігін алып, оң мен солын таныған кезеңінде ұлы ағартушыдан мұра болып қалған дінтану сабағынан оқулық — өшпес қазынамыз. Дінге деген көзқарас бүгінгідей жақсарған сəтте Ыбырай Алтынсариннің тағылымды дүниесі — дін оқулығы тəрбие құралына сұранып-ақ тұрған шығарма. Мұсылманшылықты уағыздауда таптырмайтын құрал.
Алтынсариннің публицистикалық мақалалары
Ыбырай Алтынсарыұлының əдеби жетістіктері тек қана ақындықпен, жазушылықпен, аудармашылықпен шектеліп қоймаған. Оның публицистикалық мақалаларының да маңызы орасан зор.
Зерттеушілер бұларды үш топқа бөледі [9; 307]: а) хаттары; ə) экономикалық, саяси-əлеуметтік тақырыптарға жазып, «Оренбургский листок» газетіне бастырған мақалалары; б) этнографиялық тақырыпқа жазған очерктері.
Ы.Алтынсарин өз хаттары арқылы айналасында орын алып жатқан жайттар мен қоршаған ортаға деген көзқарасын, сондай-ақ туған халқының келешегі туралы ой-арманын білдіріп отырды. Ағартушының мазмұны аса терең қай хаты да оңай оқылады. Əрбір хат ойыңа ой қосып, сол кездегі қоғам өмірінен сыр тартады.
Ыбырайдың хаттарында мектеп ашу, оқыту əдістері, оқытушыларға қамқорлық жасау сияқты мəселелер үнемі кең көлемде сөз болады. Ұстазы болған Н.И.Ильминскийге жазған хаттарында оған деген өзінің шексіз құрметі мен ілтипат сезімін білдірсе, өзіне шəкірт есебінде болған А.А.Мазохинге жазған хаттарын ұдайы «Сүйікті досым!» деп бастайды. Сонымен қатар олар да өз кезегінде Алтынсаринді құрмет тұтқан. Мысалы, Н.И.Ильминский «Алтынсарин туралы естеліктер» деп аталатын кітабының алғы сөзінде: «Мен Ыбырай Алтынсаринмен отыз жылға жуық, яғни 1859 жылдың қараша айының басынан таныс едім. Мен оған шын ықыласыммен берілдім, əсіресе оның орыс біліміне ерекше құмарлықпен ұмтылып, ол білімнің қазақтар үшін де керек екенін ешқашан есінен шығармайтындығын айрықша бағалайтын едім» [16; 13], — деп жазғаны белгілі.
Ыбырай мұраларының ішінде кейінгі кезге дейін ескерусіз қалып, зерттелмей келе жатқан еңбегі 1880–1882 жылдары «Оренбургский листок» газетінің бетінде жарық көрген бір топ мақалалары. Ағартушының сөз болып отырған мақалалары қазақ халқының сол кездегі ауыр халін кең қозғайды. Қазақ шаруаларының жер қысымын көріп, құнарлы жерден айырылып жатқанын айтады. Бұны ол халықтың болашағына əсер ететін үлкен бақытсыздық деп бағалайды. Отырықшылыққа айнала бастаған елге ең алдымен құнарлы жер, қуатты мекен керек екенін ескертеді. Торғай өлкесіндегі халық тұрмысының ауырлай түсуіне енді бір себеп табиғат қысымы болғанын да атап өтеді. Жазы қуаң, қысы қатты жылдары мал баққан панасыз елдің жұтқа оңай ұшырап, қайыршылық өмірді бастарынан жиі кешіп жатқанын үлкен жанашырлықпен жазады. Үкімет орындарының мұндай апатқа ұшырап, ашаршылық көріп жатқан елге тез көмек көрсетуге тиісті екенін ескертіп, халық атынан талаптар қояды [9; 864, 865].
Ыбырайдың сөз болып отырған мақалалары өзінің əлеуметтік мəні жағынан ғана жоғары бағаланып қоймайды. Соған қоса, жазушының публицистік қабілетін таныта түсерлік көркемдік дəрежесімен де бағаланады.
Қазақтың салт-дəстүрінің ескі-жаңасын елеп-екшеп беруде Ыбырай Алтынсаринді этнограф- ғалым деп айтуға болады. Оған негіз болатын этнографиялық очерктері. Өз жерін, халқын ерекше сүйген қайраткер халықтық салт-дəстүрлерге үлкен зейін қойып, оларды жүйелеп, өңдеп отырған. Осындай көп жылғы зерттеушілік ізденістің нəтижесінде аталған мəселені жан-жақты тұжырымдайтын
«Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу жəне оған ас беру дəстүрінің очеркін» [12; 136–140] жəне «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату жəне той жасау дəстүрлерінің очеркін» [12; 140–153] жариялаған. Бұл еңбектер кезінде Ресейдің ағартушы- оқымыстылары тарапынан жоғары бағаға ие болған. Мысалы, 1868 жылы педагог-ғалымның шығармалары баспасөз бетінде жарияланған соң, оған сын-пікір жазған В.Плотников: «Қазақ халқының тарихы мен этнографиясының бай материалдарын қамтыған, осы халықтың өмірінің тұрмыс ерекшеліктерін жан-жақты кең сипаттайтын бұл мақала үлкен қызығушылық туғызып, адамды баурап алады», — деп жазған [16; 42].
Ы.Алтынсариннің аталған «Очерктері» бүгінгі таңда да құқықтық көзқарас тұрғысынан маңызын жойған жоқ. Өйткені тəуелсіз Қазақстан мемлекеті мен қоғамы жағдайында халқымыздың ұмытылуға жақын салт-дəстүрлері мен рухани тұрмысын қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Ағартушының көрсетілген туындылары этнографиялық тұрғыдан ғана маңызды болып қойған жоқ. Сонымен қатар олар əдет-ғұрыптық құқық саласына қосылған қомақты үлес болды.
Түйін
Тұңғыш қазақ педагогы — Ыбырай Алтынсарин екі түрлі ірі мəселені алдына басты мақсат етіп қойды: біріншісі — мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы; екіншісі — халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тəрбиелік істері.
Осы екі мақсатты орындау жолында Ыбекең мейлінше қиын жағдайда жұмыс істеді. Талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Əсіресе оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса да, болашақта жастар орындайды деп білді.
Ыбырай Алтынсарыұлы қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар, адамгершілікке, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, халқын сүюге, қысқасын айтқанда, «адам» деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді. Ол жастарға бала кезінен бастап дұрыс тəрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, ақындық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.
Əдебиеттер тізімі
- Іргебаева Н. Ыбырайдың ұрпақтары байдың тұқымы ретінде қуғындалған // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. —— № 17 (77). — 7–9 б.
- Қазақстан ғылымы: Энциклопедия. І-т. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. — Алматы: Қазақ энцикл., 2009. — 103-б.
- Жəрімбетова Н. Тағдыры кермек тұлға // Егемен Қазақстан. — 2009. — 29 шілде. — 10-б.
- Қазақ тілі: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 1994. — 104, 105-б.
- Тұрғынбаева Б. Ыбырай қазақ балаларына арнап қазақ тіліндегі тұңғыш оқу құралы — Қазақ хрестоматиясын жазды // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 17 (77). — 10–12-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 3-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 399-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 4-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 660-б.
- Азмұханова А. Ұлт ағартушылары жəне ұлттық мүдде // Қазақ тарихы. — 2011. — № 4 (109). — 11–13-б.
- Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 847-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 5-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 519-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 11-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 334, 335-б.
- Алтынсарин Ы. Кел, балалар, оқылық: Өлең, əңгімелер мен мақал, жұмбақтар. — Алматы: Атамұра, — 168 б.
- Мұқатов Н. Көзі тірісінде «Қырғыз хрестоматиясы» кітабының екінші бөлімін жазған // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 17 (77). — 48–50-б.
- Мəдібай Қ. Үміт еткен көзімнің нұры балам... // Қазақ əдебиеті. — 2009. — № 33 (3144). — 31 шілде. — 6-б.
- Абдуллина А. Ыбырай Алтынсариннің «Шариат-ул-Ислам» еңбегінің тəрбиелік мəні // Қазақ. — — № 18,19 (532–533). — 6–13 мамыр. — 8-б.
- Əлдибеков Ж. Қазақ даласындағы əділетсіздікті, заңсыздықты көріп жаны күйді // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 17 (77). — 40–42-б.