Қазіргі өркениеттің ең ғаламдық проблемасы — экологиялық апаттың төнуі. Тірі табиғаттағы бір түр болып саналатын адам əрекетінің барлық саласында табиғатпен шиеленушілік байқалуда. Мəселенің өзектілігі өркениеттің тек қана өзін-өзі жойып жіберу ғана емес, барлық қоршаған тіршілікті Жер бетінен құртып жіберу қауіпінде. Оны шешу үшін əр түрлі ғылымдар саласының өкілдері толғануда жəне одан шығудың жолдарын ұсынуда. Бірақ көбіне бұл технократтық жолдар болып отыр. Шын мəнінде осы сыртқы апаттың «дəні» іште жатыр, ол — саналы адамның рухани- адамгершілік құндылықтарының жұтауы, ол — кең ауқымды ұғымдағы адам мəдениетінің жетімсіздігі мен жетілмегендігі.
Адам табиғаттағы барлық түрге тəн прогрессивті даму үстінде. Біздер, адамдар, приматтар отряды ішіндегі тек жалғыз түр табиғатта үстемдік құрдық. Себебі не? Осынша «майлы шелпекті» жалғыз игеру неге байланысты? Ақыл, сана, мəдениет, ғылыми ой, пікір...
XX–XXI ғғ. ғылымның бірте-бірте Жер биосферасын терең де қатты өзгертуінің куəсі болып отырмыз. Ғылым тіршілік жағдайларын, геологиялық үдерістерді, планетамыздың энергетикасын өзгертуде, олай болса, ғылыми ой-пікірдің өзі де табиғи құбылыс болып табылады. Осы жөнінде В.И. Вернадский «Натуралистің ой-толғамы. Ғылыми пікір планеталық құбылыс ретінде» деген кітабында Жердің геологиялық тарихын талдаған [1].
Бұл еңбегінде В.И. Вернадский «Ғылыми ой-пікір мен адам еңбегінің əсерінен биосфера жаңа күйге — ноосфераға ауысады» деп анық жазған. Ол ауысу жаңа геологиялық күштің — адамзаттың ғылыми пікірінің əсерінен деп пайымдайды.... Ноосфера жөніндегі ілімнің басты тақырыбы — биосфера мен адамзаттың бірлігі. Ғалым өз еңбектерінде осы бірліктің түптамырын, адамзаттың дамуындағы биосфераның ұйымдасқандығын ашып көрсетеді. Бұл дегеніміз биосфера эволюциясындағы адамзаттың тарихи дамуының орны мен рөлін жете түсінуге мүмкіндік береді, сөйтіп, оның ноосфераға айналуының заңды екендігін көрсетеді.
Табиғатта ғылымның пайда болып, оның дамуын біз үш ғылыми революция деп білеміз. Адамзаттың дүниені тануында бірінші ғылыми революция б. э. д. VI–IV ғғ. болды, екінші ғылыми революция XVI–XVIII ғғ. сəйкес келді (əлемнің геоцентрлік нобайынан гелиоцентрлік нобайға көшіп ғылыми əлем бейнесінің ауысуының кезеңі, Коперник, Галилей жаңалықтары), үшінші ғылыми революция — салыстырмалылық теориясы мен кванттық механиканың ашылу кезеңдері. Төртінші ғылыми революция бола ма? Мүмкін болып жатқан шығар, мүмкін жақын шығар, ол саналы адамның ғылыми ой-пікірінің əсерінен биосфераның жаңа күйі ноосфераға өтуін жүзеге асыратын- ноосфералық педагогика болар.
Аса ғаламат жаңалықтардың ашылуы негізінен XX ғ. болды. Осы ғасырда бұқаралық ақпарат құралдарында: «Осы ашылған ғылыми жаңалық бүкіл əлемді ауқымды өзгерте алады...» деген ұран сөздер əдетке айналды. Нəтижесінде адамзат жеткілікті дəрежеде ойланылмай, жете түсінбей шығарылған жаңашылдық өнімдердің аса зор əлеуетін планетада шоғырландырды.
Саналы адамның даму тарихы көрсеткендей, адамның санасы, ақыл-ойы мен əрекетінің дамуы мен жетілуінің шегі жоқ.
Табиғат пен қоғамның ара қатынасын қарама-қайшылықтарсыз қарастыру мүмкін емес. Екеуінің арасында сонау көнеден, қоғамның дамуынан бері еріксіз болатын қайшылықтар бар. Адам мен табиғаттың қатар өмір сүру тарихы екі үрдістің бірлесуін береді [2]. Біріншіден, адам қоғамды дамытады, қоғам дамыған сайын оның өндіргіш күштері қоса дамитыны белгілі, сондықтан адамның табиғатқа үстемдігі кеңейе жəне ұлғая түседі. Үстемдіктің өсуі шексіз, себебі қазір (осы күнге дейін) тек тұтыну мақсатында табиғаттан тек қана алу пиғылы планеталық деңгейде ауқымда білінуде. Екіншіден, табиғат пен адамның арасындағы үндестіктен алшақтау жəне қайшылықтар үнемі тереңдеуде. Табиғаттың «Қара кітабы» осыны дəлелдей түскендей. Ал «Қара кітап» адамның табиғатқа тигізген зиянды əрекеттерінің «Қара тізімінен» туындаған «ұрпағы».
Бізді қоршаған табиғат өзінің көп түрлілігіне қарамастан, біртұтас тірі ағза болып табылады. Оның диалектикалық біртұтастық сипатын адамның елемеуі, түсінбеуі табиғатқа да, қоғамға да кері əсер етіп келе жатқаны анық байқалуда. Осы жөнінде кезінде Ф. Энгельс: «Өзіміздің табиғаттағы жеңістерімізбен аса масаттанбайық. Əрбір осындай жеңісіміз үшін ол бізден кек алады. Əрбір осындай жеңісіміз, əрине, бірінші кезекте біздің өз күткен нəтижемізді береді, ал екінші, үшінші кезекте тіптен басқа, күтпеген зардап — ол көбінесе бірінші нəтижелерді жойып жібереді» [3].
Осы заманғы бір өкінішті шындық, ол — тірі табиғаттың өзінің эволюциялық даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін адамзат ұрпақтарының ескермеуі — бұл жалпы мəдениет деңгейіндегі ақтаңдақ. Бұл адамзаттың ғылым, білім саласындағы қазіргі кезектен тыс шешетін мəселесі.
«Мəдениет» ұғымы ең алғаш сultura — «өңдеу», «егу» деген латын сөзінен шыққан. Ендеше мəдениет — адамның табиғаттағы, кез келген табиғат нысанын игерудегі əрекеті арқылы жасалытын өзгерістер. Кейіннен «мəдениет» деген ұғым кеңейіп, толып жалпылық маңызға иеленді. Олай болса, түптамыры егу, өңдеу болса, табиғатты күту, баптау да мəдениет деген сөз.
Қазіргі біз тəрбиелеп, біз білім беріп отырған жас ұрпақтың мəдениеті қандай дəрежеде? Сыпайы сызылған, Сіз, сіз деп үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпейтіндердің немесе Мен деп өзін үлкеннен жоғары ұстайтындар, орынсыз жол бермейтіндердің мəдениеті қаншалықты? Олардың үлкендерден алатын үлгісі, көретіні не? Үлкендер оларға қандай тəрбие берген? Мəдениетті қарым-қатынас (өз арасында, көпшілік ортада, табиғатқа, өзі жеке болғанда,) қандай деңгейде?
Қазіргі ғылыми еңбектерде мəдениетке əр түрлі тұрғыдан анықтамалар берілген. Солардың ішінде мəдениет адамдық əрекеттің белгілі бір қырының жетілу деңгейі деген де түсінік бар.
Американдық антропологтар Кребер жəне Клакхон «мəдениет» ұғымының тарихына арналған еңбектерінде мəдениет табиғатын, оның құрамдас бөліктері мен ерекшеліктерін қоғаммен, тілмен, психологиямен байланысын талдауды үш бағытта жүргізеді: адамның табиғатпен байланысы, құндылықтармен жəне басқа адамдармен байланысы жөнінде. «Мəдениет» көрінетін жəне көрінбейтін қылықтар мен істердің үлгісінен құралады деп те айтады [4].
Профессор М.Х.Балтабаев «Педагогикалық мəдениеттану» атты еңбегінде мəдениет ұғымына:
«Мəдениет дегеніміз — адам жасаған заттың жəне рухани құндылықтардың, əлеуметтік-мəдени қалыптың, қарым-қатынас пен мінез-құлықты қалыптастыру əдістерінің тарихи даму жүйесі, сондай- ақ адам табиғатындағы күштердің заттық өндіріс əдістерін ескере отырып даму əрекеті, өз мүмкіндігін жүзеге асыруды, оның шығармашылық еңбегінің адамзат əлемін өзгертуге жəне игеруге бағытталған əлеуметтік маңызды шаралары», — деп анықтама берген [5].
«Мəдениет» ұғымы осымен қатар коғам өмірінің нақты бір саласының даму деңгейін де көрсетеді. Осының маңызды бір саласы — адам қоғамының дамуындағы жеткен бір дəрежесі, жетістігін көрсететін айғағы. «Қазіргі технология жəне Жапонияның экономикалық дамуы» деген М. Моритонның еңбегінде: «Əр түрлі халықтардың мəдениеті мен салттары олардың шығарған өнімдерінен көріне бастады», — деп атап көрсетіп, — «бұл құбылысты қазіргі таңдағы өркениеттің миы», — деп санайды [6].
Сол сияқты «мəдениет — білімді меңгеру негізінде жоғары сатыға көтерілудің деңгейі» деген пікірлер де кездеседі.
Келтірілген мысалдардан мəдениет адам ақылы мен парасатының арқасында атқарылған ғылыми, адамгершілік-рухани, материалдық құндылықтар жасау жолындағы қарым-қатынастар жиынтығын береді. Олай болса, адамзат мəдениетінің мəні де адамға ғана тəн еңбек нəтижесінде туындайтын өнім. Ол, бір жағынан, материалдық өндірістің, екіншіден, рухани өндірістің өнімі деп қарастырылатындықтан — материалдық жəне рухани мəдениет болып бөлінеді. М.С.Каган «Адам əрекеті» деген еңбегінде рухани мəдениеттің ішкі құрылымын сипаттағанда адам еңбегінің екі-ақ саласы кіретін (қайта жасау мен қарым-қатынас), материалдық мəдениеттен басқа, осыған іздену жəне құндылықтарды бағалауға бағытталған еңбектің нəтижесі кіретінін аша түседі [7].
Адам өз дамуында жасайтын еңбек құралдары — материалдық мəдениеттің даму дəрежесінің көрсеткіші іспетті, ал қоғамдағы этникалық жəне əлеуметтік топтардың жəне жекелеген адамдардың рухани өмірінің деңгейі, оның ішінде адамдардың бір-біріне, қоршаған табиғатқа деген қоғамдық қатынастарының формалары — рухани мəдениеттің көрсеткіші. Адамзат мəдениетінің осы бір адам, қоғам, табиғатқа қатысты саласы экологиялық мəдениет ұғымын береді. Экологиялық мəдениет қоғамның тек қана табиғатпен қарым-қатынасын ғана емес, тарихи-əлеуметтік ортамен байланысын да көрсетеді.
Алғаш рет «экологиялық мəдениет» ұғымын ұсынған Д.С. Лихачевтің пікірінше (1980), адамгершілік қырлардан құралатын адам тіршілігінің ақиқатты негізі — бұрынғыны қорғау, өткенді сақтау, сондықтан экологиялық мəдениетті адамгершілік мəдениеті ретінде қарастыру керек. Экологиялық мəдениеттің қарапайым ережелерін сақтамаған жағдайда ол қоғамды адамгершілік, рухани жағынан құлдырауға əкеліп соқтыратынын атап айтады. Осы еңбекте табиғат жəне адам арасындағы қарым-қатынас — бұл екі мəдениеттің қарым-қатынасы, олардың əрқайсысы жеке алғанда өздеріне тəн «мінез-құлық» жəне «əлеуметтік ережелері» бар деп тұжырымдалады. Екі мəдениет те тарихи эволюциялық дамудың жемісі, оның ішінде адам мəдениетінің дамуы өте ерте заманнан, адам тіршілігінің басынан, табиғаттың əсерінен болған, ал бірнеше миллиондаған жылдардан бергі табиғаттың дамуы барлық жерде бірдей емес адам мəдениетінің ықпалымен жүзеге асты. Табиғаттың мəдениеті адам мəдениетінсіз өз тіршілігін жалғастыра алады, ал адамның мəдениеті табиғатсыз мүмкін емес [8].
«Экологиялық мəдениет» ұғымына қатысты ғалымдардың зерттеулерінде оның мазмұны, ауқымы жағынан түрліше түсіндіріледі, бірақ түп негізі адамның өзін қоршаған, өзі тіршілік етіп жатқан табиғи ортаға деген қарым-қатынасы негізінде анықталатыны белгілі.
Философ И.П. Сафронов: «Мұғалімнің экологиялық мəдениетін қалыптастыру» деген ғылыми зерттеуінде экологиялық мəдениет белгілі бір əлеуметтік бірліктің шеңберіндегі табиғатты танып- білумен бірге, оны меңгеру жəне жаңартумен тығыз байланысты адамның іс-əрекет нəтижелерін көрсететін, адам — қоғам — табиғат арасындағы қарым-қатынастың сипаты мен сапалық деңгейін байқататын жалпы мəдениеттің бір бөлшегі деген тұрғыда пікір білдіреді [9].
Экологиялық мəдениеттің рухани формасы — экологиялық сана, ол адамның табиғатқа жəне адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастағы мəдени дəрежесін көрсетеді. Адамның экологиялық мəдениетінің аспектлерінің көп түрлілігін мынадай тұрғыда көрсетуге болады: экологиялық білім мен біліктілік, экологиялық ойлау, құндылық бағыт-бағдар, экологиялық дəлелденген (ақталған) мінез-қылық.
Экологиялық мəдениеттілік оқушының сезімін тəрбиелеуден, экологиялық сананы қалыптастырудан шығады. Адамның табиғатпен өзара қатынасындағы білімі, сенімі жəне дағдысының жиынтығы экологиялық сананы білдіреді.
В.И.Вернадский өзінің еңбектерінде: «Экологиялық сана — адамның дүниеге, өзіне шығармашылық қарым-қатынасы», — деген пікір айтады [10].
Қазақстан ғалым-философтарының Ə. Нысанбаев, Т. Əбжанов, Ғ. Ақпанбек пікірлерінде «табиғатқа саналы көзқарас, қарым-қатынас адам дүниетанымының құрам бөлігі» деп қаралып, адамның табиғатты қорғау үшін алдымен оны танып білуі, ол үшін өзінің жан дүниесін жан-жақты зерттеуі, түйсінуі керек дейді [11, 12].
Экологиялық мəдениеттің қайнар көзі халықтың ғасырлар бойы жинақталған өмір тəжірибесі — табиғатты аялау, оған ұқыпты қарау, қорғау мен үндестікте өмір сүру жəне оның байлығына деген есепті қарым-қатынас.
Ерте заманда ата-бабаларымыз табиғатты, ондағы тіршілік иелерінің ортамен байланысын жақсы біліп, сауатты пайдалана білген. Олар өздерінің табиғат қорларына, табиғатың тылсым жағдайына тəуелді екенін білген. Ата-бабаларымыз өзін табиғаттың бір бөлшегі, табиғатпен айырылмастай байланыстамыз деп түсініп, жазу, сызу сауаты болмаса да табиғат кітабын оқи біліп, жинақталған білімді ұрпақтарына беріп отырған. Халықтық педагогика алғашқыдан бастап еңбекке, табиғатқа ұқыпты көзқарас, жоғары адамгершілік қатынастар, адамға халық даналығын тасымалдаушы, беруші деп сыйласымдылықпен қарау сияқты тұғырлы негіздерден тұрған. Өкінішке орай, адамның табиғатпен қарым-қатынасындағы осындай халықтық мəдениеттің көпшілік қырлары жойылып кеткен. Сондықтан халықтың тұрмыс-салтындағы, əдет-ғұрпындағы табиғат-Ананың орнын қайта жаңғырту бүгінгі күнгі педагогика ғылымы мен практикасының аса маңызды да игілікті міндеті болып табылады.
Əдебиеттер тізімі
- Вернадский В.И. Размышления натуралиста. Научная мысль как планетное явление. — М.: Наука,
- Лавриненко В.Н., Ратников В.П. Концепции современного естествознания. — М.: Культура и спорт, ЮНИТИ,— 271 с.
- Маркс К., Энгельс Ф. Сочинения. — 1845. — Т. 20. — 495 с.
- Kroeber A., Kluckhohn K. A critical Review of Concepts and Definition. — Cambridge-Massachusets, 1968.
- Балтабаев М.Х. Педагогикалық мəдениеттану. — Алматы, 2003. — 36-б.
- Моритон М. Современная технология и экономическое развитие Японии. — М.: Экономика, 1986. — С.
- Каган М.С. Человеческая деятельность. — М., 1974. — С.
- Лихачев Д.С. Экология культуры: Памятники отечества // Альманах Всероссийского общества охраны памятников истории и культуры. — 1980. — № 2. — С. 10.
- Сафронов И.П. Формирование экологической культуры учителя. Дис. ... канд. филос. наук. — М.,
- Вернадский В.И. Философские мысли натуралиста. — М.: Наука, 1988. — 358 с.
- Нысанбаев Ə., Əбжанов Т. Адамға қарай бет бұрсақ. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1992. — 159 б.
- Ақпанбек Ғ. Қазақ халқының дүниетанымы. — Алматы: Ана тілі, 1994.