Адами өркениеттің бүкіл өне бойында еңбектің қоғамдық бөлінуінің құрылымында айрықша əлеуметтік (қоғамдық) функция қалыптасып, қарқынды дамуға ие болды, сөйтіп, осының арқасында мұғалім мамандығы пайда болды, оның мəн-мазмұны ерекше, өзіне тəн қызметті жүзеге асыра отырып, жеткіншек ұрпақты адам мəдениетінің құндылықтарына үйретудің негізінде өмірге дайындау болды.
Педагогикалық мамандық — қазіргі уақыттағы ең белгілі мамандықтардың бірі, тіпті осы мамандық басқа да мамандықтарды анықтайды деп айтуға болады, себебі еңбектің басқа түрлері арнайы ұйымдастырылған мақсатты педагогикалық қызметтің барысында меңгеріледі. Педагогикалық мамандық – педагогикалық үдерісте тəрбиеленуші тұлғасын тəрбиелеудің, дамытудың, оның өзінше дамуының оңтайлы жағдайларын тудыруға жəне өзін еркін жəне шығармашылықта көрсетудің мүмкіндіктерін таңдауға бағытталған кəсіби қызмет. Педагогикалық мамандықтың негізгі ерекшелігі мұғалімнің талаптары мен мақсаттарының оқушының мақсаттарымен, мүмкіндіктерімен, тілектерімен сəйкестігі; педагогикалық қызметті сəтті жүзеге асыру мұғалімнің педагогикалық технологияны, педагогикалық техниканы игеруімен, оның кəсіби санасынын деңгейімен байланысты.
Жаңа ұрпақтарды өмірге жəне еңбекке дайындау мақсатында қоғамдық тəжірибені бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізудің қажеттілігі оқыту мен тəрбиелеу саласының қоғамдағы жеке, дербес функцияға айналуына себепші болды.
«Педагог» термині құл иеленушілік кезеңде Ежелгі Грецияда пайда болды, бұл термин кейін біртұтас ғылымның атауына айналды. Ол кезде бұл термин құл иеленушілердің балаларын мектепке ертіп апаратын құл деген мағынаны білдіретін еді. Мектеп туралы алғашқы мағлұматтар шамамен біздің заманымызға дейінгі 2500 жыл бұрынғы египеттік əдебиетте кездеседі. Онда төрелердің балаларына арналған сарай мектебі туралы айталады. Кейін «мектеп» ұғымы Ежелгі Грецияда белең алды. Бұл терминнің негізгі мағынасы осы уақытқа дейін өзгерген жоқ: мектеп дегеніміз — білім ордасы.
Педагогикалық мамандық қалыптаса бастағаннан-ақ мұғалімдерге, ең алдымен, тəрбиелеушілік, бірегей жəне бөлінбейтін функция тəн болды. Мұғалім дегеніміз — тəрбиеші, тəлімгер. Оның азаматтық, адами маңызы да осы.
Тəрбиелік ықпал етпей оқытуға болмайтыны сияқты, тəрбиеленушілерді білімдердің, икемділіктер мен дағдылардың күрделі жүйесімен қаруландырмастан, тəрбиелеу міндеттерін жүзеге асыру да мүмкін емес. Барлық замандарда алдыңғы қатарлы ойшылдар оқыту мен тəрбиелеуді ешқашан қарама-қарсы қойған емес, тіпті олар мұғалім деп, ең алдымен, тəрбиешіні атайтын болған.
Қазіргі сөздіктерде «тəрбиеші» дегеніміз — басқа бір адамның дамуы үшін жауаптылықты өз мойнына алған, сол адамды тəрбиелеумен айналысатын адам ретінде анықталады. «Мұғалім»,«оқытушы» сөздері кейінірек пайда болды, өйткені қоғам білімнің өз алдына құндылық екендігін, балаларға білім беретін арнайы ұйым қажет екендігін ұғынды. Мұндай қызмет оқыту деп атала бастады.
Латынның «profiteor» деген сөзінен шығатын «рrofessio» сөзінің түпкі мағынасы — «өз ісім деп жариялаймын» дегенді білдіреді. Яғни, мамандық дегеніміз — арнайы дайындықтың нəтижесінде алынған териялық білімдер мен практикалық икемділіктері бар адамның «еңбек қызметінің түрі» [1].
Мамандық дегеніміздің өзі — тұтас бір əлем, онда адам өмір сүреді, білімін жетілдіреді, осы əлемді ол өзінің бүкіл өмірі бойы біліп, танып өтеді, бұл əлемнің өзінің кəсіби заңдары, адамгершілік нормалары мен құндылықтары бар. Кез келген мамандық адамнан белгілі бір жалпы жəне арнаулы білімділікті, икемділіктер мен дағдыларды, қасиеттерді талап етеді, ал олар жалпы немесе арнаулы білім алу барысында жəне практикалық жұмыс істеу кезінде қалыптасады.
Қазіргі қоғамда еңбектің ондаған мың түрлері бар. Олардың əрқайсысын да адамға қоятын талаптарының жүйесіне қарап кəсіп деп атауға болады. Кəсіп деп адамға белгілі бір талаптар жүйесін қоятын еңбек түрін атауға болады. Сонымен қатар кəсіп дегеніміз — еңбек жолының бір түрі, ол адамнан арнайы дайындықты талап етеді, жəне өмір сүру көзі ретінде де пайдаланылады. Кəсіптің атауы еңбектің сипаты мен мазмұны арқылы, қызметтік функцияларымен, қолданылатын еңбек құралдары мен заттары арқылы анықталады [2].
Сонымен, кəсіп — көп мағыналы ұғым. Ол қазіргі педагогикалық ғылымда былай сипатталады:
- қызмет түрі, адамның орындайтын еңбек функцияларының жүйесі;
- əлеуметтік тұрғыдан мойындалатын, заңды түрде бекітілген еңбек орны;
- жақын кəсіптердің тобы (мысалы, кəсібі — мұғалім, мамандығы — қазақ тілі мен əдебиетінің мұғалімі);
- кəсіби дайындықтың айрықша жүйесін алған маманның белгілі бір тəжірибесінің болуы;
- белгілі бір қызмет түрімен шұғылданатын адамдардың жиыны.
Мұғалім мамандығын мəңгілік мамандық деп те атайды. Адам пайда болған кездерден бастап-ақ жинақтаған тəжірибесін жас ұрпаққа беру мен өмірде тəжірибені саналы түрде жинақтау қажеттігін сезінген.
Педагог мамандығы адамнан жан-жақты білімді, шексіз жан жомарттығын, балаларды асқан бір даналықпен сүйе білуді талап ететіні бұрыннан дəлелденген. Мұғалім мамандығын жоғары бағалай отырып, Ян Амос Коменский оны «күннің астында одан биік ешнəрсе жоқ», ең құрметті, ең артық мамандық деп санаған. Ол мұғалімді бақшадағы өсімдіктерді асқан бір сүйіспеншілікпен баптайтын бағбан, адам жанының түкпір-түкпірінде білім ғимараттарын тұрғызатын сəулетші, адам жаны мен ақылын қашап, егеп, əсемдейтін мүсіншімен, жабайылық пен тұрпайылыққа қарсы шабуылды бастайтын қолбасшымен салыстырған.
Ұлы педагогтың артына қалдырған мұрасында мұғалімге қойылатын басты талаптар қалыптастырылған. Бұл талаптардың мəні келесідей:
- мұғалім өзінің мамандығын жақсы көруі жəне оған мемлекеттік маңызы бар іс ретінде жауаптылықпен қарауы тиіс;
- білімді жəне өзінің педагогикалық шеберлігін арттыруға мүдделі болу;
- өзінің оқушыларының психологиясын терең білу;
- мұғалім өзінің міндеттерін адал жəне шын көңілмен атқаруы тиіс;
- оқушыларының талаптары мен қызығушылықтарын білу;
- мұғалім өзінің тəжірибесін өзгелердің игілігі етуге ұмтылуы тиіс;
- мұғалім тек мектепте ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірде де балалар мен олардың ата- аналары үшін үлгі болуы тиіс.
Педагогикалық мамандық адамнан еңбекқорлықты талап етеді. Бұл тұжырымның ақиқат екендігіне Ы.Алтынсарин, Т.Тəжібаев, М.Əуезов, М.Жұмабаев, Ш.Əлжанов, Ғ.Мүсірепов, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, А.С.Макаренко, Я.Корчак, В.А Сухомлинский жəне басқа да отандық жəне шетелдік аса көрнекті педагогтардың өмірінен мысалдар келтіруге болады.
Мұғалім еңбегінің гуманистік бастауының саналы түрде алдыңғы қатарға шығарылуы барлық замандардағы педагогтарды сипаттайды. Фридрих Адольф Вильгельм Дистервег XIX ғасырдың орта кезінде былай деп жазады: «Əрбір жеке тұлғаның бойында əрбір ұлтта гумандылық, ойшылдық деп аталатын ойлардың образы тəрбиеленуі керек, ол жалпы адами игі мақсаттарға ұмтылушылық».
Л.Н.Толстой педагогикалық мамандықтың гуманистік бастауын балаларға деген сүйіспеншілік деп қараған. «Егер мұғалім тек ісін ғана сүйетін болса, ол жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім əке- шеше сияқты тек баланы ғана сүйетін болса, ол кітап атаулының барлығын оқыса да, не ісін, не баланы сүймеген мұғалімнен артық мұғалім болады. Егер мұғалімде өз ісіне де балаға да сүйіспеншілік сезімі болатын болса, ол — нағыз мұғалім».
В.А.Сухомлинский мектептің ең бірінші міндеті — «əр оқушының бойындағы қайталанбас бірегей дарынды тану, анықтау, ашу, əлдилеп, жетілдіріп, өсіру» деп санаған.
Сондай-ақ педагогикалық мамандық өзінің мəні жағынан — шығармашылық мамандық. Ол педагогикалық құбылыстағы жаңалықтарды таба білуді, көзге көрінбейтін заңдылықтарды анықтауды, қадағалай білуді жəне, қадағалай отырып, маңыздысын аша білуді, педагогикалық фактілерді талдауды ұдайы талап етеді. «Мұғалімдік дегеніміз — өнер, ол, жазушының немесе композитордың жұмысына қарағанда, шығармашылық тұрғысынан еш кем емес, бірақ анағұрлым ауыр жəне жауапты іс. Мұғалім адам жанынан композитор сияқты музыка арқылы емес немесе суретші сияқты адамға бояулар мен түстер арқылы əсер етпейді, ол адам жанынан тікелей ықпал етеді. Өзінің тұлғасымен, өзінің білімімен, махаббатымен, өзінің өмірге деген көзқарасымен тəрбиелейді» [3].
Педагогикалық шығармашылықтың көрініс беретін саласы педагогикалық қызметтің негізгі қоспаларының құрылымымен анықталады жəне оның барлық жақтарын қамтиды: жоспарлау, нəтижелерді ұйымдастыру жəне талдау. Қазіргі ғылыми əдебиеттерде педагогикалық шығармашылық өзгеріп отыратын жағдайларда педагогикалық міндеттерді шешу процесі деп қабылданады.
Осылайша, мұғалім мамандығы — ол биік те жауапты мұрат, оның мақсаты — тұлғаны қалыптастыру жəне оның өздігінен анықталуына, адамның бойында адамның бекуіне дем беру. Білім жүйесіндегі барлық реформалар мен жаңғыртулардың басты тұлғасы мұғалім болып табылады, өйткені үнемі өзгеріп отыратын əлеуметтік-мəдени жағдайларда жолды еркін таба білетін шығармашыл, əлеуметтік тұрғыдан белсенді, білім беру процесінде жауапкершілікпен жəне кəсіпқой əрекет ететін тұлғасыз пəрменді педагогикалық жүйелер құру мүмкін емес.
Педагогикалық мамандықтың басқалардың қатарынан ерекшеленіп тұруы, ең алдымен, осы мамандық өкілдерінің ойлау образы, олардың өз міндеттері мен жауапкершілігін өте жоғары сезінуі. Оның ең басты айырмашылығы, ол өзгертуші де, басқарушы мамандықтардың қатарына бірдей жатады. Өз қызметінде тұлғаны қалыптастыру мен өзгерту мақсатын қоя отырып, педагог сол тұлғаның интеллектуалдық, эмоционалдық жəне физикалық даму процесін, оның рухани əлемінің қалыптасуын басқаруды мұрат етеді. Педагогикалық мамандықтың негізгі мағынасы — адамдармен қарым-қатынас. Педагогтың басты міндеті — қоғамдық мақсаттарды түсіну жəне өз оқушыларын соларға қол жеткізуге бағыттау.
Мұғалім мамандығын басқалармен салыстырғандағы ерекшелігі оның қызметінің нысаны ерекше серпінділігімен, күрделілігімен жəне көпқырлылығымен ерекшеленеді. Сондықтан да бұл мамандық мұғалімнен арнайы білімді де, қандай да бір салалардағы білімдерді де талап етеді. Ал басшы ретінде ол оқушылардың қызметін жақсы түсінетін жəне білетін болуы керек, өйткені ол сол оқушыларды дамыту процесін басқарып отыр.
Осылайша, педагогикалық мамандық қос бірдей дайындықты талап етеді: адамтанушылық жəне арнайы.
Педагогтың функциялары (міндеттері, мақсат-мұраты) алуан қырлы, алайда солардың ішінен ең негізгі үшеуін атауға болады: оқытушылық, тəрбиелеушілік жəне қоғамдық-педагогикалық. Мұғалім ең алдымен оқытады, яғни, балалардың жалпы адами тəжірибесін, білімін жəне оларды алу жолдарын, оқу жұмысының əдіс-тəсілдерін меңгеруіне көмектеседі. Балалардың тұлғасын қалыптастыру оқыту барысында да, оқытудан тыс қызметте де жүріп жатады. Оқу процесінің ұйымдастырылуы, баланың мұғаліммен тіл табысуы, баланың тұлғасы, тəрбие жұмысы — осының барлығы да мектеп оқушысының белгілі бір қасиеттерінің қалыптасуына, оның дербестігінің дамуына септігін тигізеді, яғни тəрбиелік функция іске асады [4].
Мұғалімдер ешқашан өз қызметін жұмыстағы əрекеттерінің аясымен шектемейтінін ерекше атап айту керек. Мұғалім — ағартушы, қоғамгер. Көптеген мектептік, қоғамдық іс-шараларға қатысу, өзінің оқушыларымен бейресми түрде араласу, үйірмелер мен секцияларды басқару — бұның бəрі, негізінен өз еркімен атқарылатын қоғамдық қызмет, яғни қоғамдық-педагогикалық функцияларды атқару болып табылады.
Педагогикалық мамандықтың көптеген ерекшеліктерінің бірі — оның еңбектегі нəтижелерінің педагог тұлғасының қандай екендігіне тəуелділігі. Бұл ретте К.Д.Ушинский тұлғаны тұлға қалыптастырады, мінезді мінез қалыптастырады деп жазған еді. Ұстаз тұлғасы, оның кейбір жеке қасиеттері оның ондаған оқушыларына дариды. Алайда бұл оның жақсы қасиеттерімен қатар оның кемшіліктеріне де қатысты екенін ұмытпаған жөн [5].
Мұғалім жұмысына тəн тағы бір ерекшелік — оның өзін жетілдіру, кəсіби өсу, алға ұмтылу жұмысын ұдайы тоқтатпауы қажет екендігі болып табылады. Тоқырау, тоқмейілсу оған мүлдем жат.
Педагогикалық мамандықтың ерекшелігі, сонымен қатар оның қызметінің мұғалім мен оқушының арасында өзара қарым-қатынастарының барысында жүзеге асырылатындығы болып табылады. Мұндай өзара əрекеттестіктің сипатын, ең алдымен, мұғалімнің өзі анықтайды, мұндай өзара əрекеттестіктің ең оңтайлы түрі — ынтымақтастық, педагогикалық процесс субъектілерінің бірлескен шығармашылығы болып табылады.
Педагогикалық мамандықтың тағы бір ерекшелігі: мұғалім дегеніміз — мəңгі жастықтың кəсібі. Өзінің жасы нешеде болса да мұғалім жеткіншек ұрпақтың мүдделерімен өмір сүреді, олармен араласу мұғалімнің өмір бойы өзін рухани тұрғыдан жас болып сезінуіне мүмкіндік береді.
Педагогикалық мамандықтың көптеген түрлерінің пайда болуына қарамастан, мектеп мұғалімі ең көп таралған мамандықтардың қатарында саналып келеді. Соңғы онжылдықтар белсенді түрде педагогикалық білім саласын XXI ғасыр талаптарына сай қайта ұйымдастыру жолдарын іздестіру үрдісімен сипатталып отыр. Педагогикалық мамандық — қазіргі уақыттағы ең белгілі мамандықтардың бірі, тіпті осы мамандық басқа да мамандықтарды анықтайды деп айтуға болады, өйткені еңбектің басқа түрлері арнайы ұйымдастырылған мақсатты педагогикалық қызметтің барысында меңгеріледі.
Ғылыми-техникалық революцияның қазіргі кезеңдегі ерекшеліктерінің бірі — қоғам өмірінің барлық салаларында жүргізіліп жатқан компьютерлендіру үрдісі болып табылады, бұның өзі кəсіби, оның ішінде педагогикалық мамандықта да түбегейлі өзгерістерге ұласады.
Білім беру саласын ақпараттандыру, білім беру жүйесінің барлық буындарында ақпараттық технологияларды пайдалануды көздей отырып, аса маңызды қажеттілікке айналып отыр. Ғалымдардың (В.А.Сластенин, В.М.Нестеренко) пікірі бойынша, «ақпараттық икемділіктер бірте- бірте дəстүрлі «еңбек дағдыларын» артқа қарай тықсыра түсуде, мұның өзі болашақ мұғалімнің жоғары оқу орнында оқи бастағанынан-ақ оның жаңа ақпараттық ортада бағдар таба білуге ұмтыла білуін талап етеді» [6].
Қазақстан Республикасының нормативтік жəне тұжырымдамалық құжаттарына, педагогикалық мамандықтың дамуы мен жаңғыруына жəне қазіргі қоғамның өзгеру жағдайларында мұғалімдерді дайындау жүйесіне сəйкес неғұрлым ортақ үдерістердің қатарына мыналар жатады:
- мектептердің алуан түрлеріне арнап мұғалімдер дайындауда дуализмді болдырмау, бұл ретте университеттер жоғары оқу орындарының негізгі түріне айналады, сонымен қатар мұғалім мамандығы басқа да мамандықтардың деңгейіне жақындай түседі жəне оның қоғамдағы ролінің артуына ықпал етеді;
- балалар мен ересектерді оқыту ісіне қатысы бар мұғалімдер мен басқа да мамандардың ұзақтығы жағынан (бакалавр, магистр) əр түрлі жəне əр түрлі бағыттардағы бағдарламалар бойынша дайындалатындығын көздейтін педагогикалық мамандықтың көпдеңгейлілігі мен вариативтілігі, мұның өзі кəсіби мансапқа, оның ішінде еңбекке төленетін ақының мөлшеріне əсер етеді;
- педагогикалық білімнің мазмұнындағы жалпы білім берушілік компонентті күшейту, бұл келесі талаптарға сай келеді: өзінің барған сайын күрделене түсетін функцияларын орындау үшін мұғалім жан-жақты жəне жоғары білімді, рухани тұрғыдан бай адам жəне басқа бір адамның табиғатын сезіне білетін тұлға болуы керек;
- басқа бағдардағы мамандардың арасынан мұғалімдерді дайындаудың баламалы мүмкіндіктерін табу;
- мұғалімдік мамандыққа дарынды жастарды тарту;
- жоғары оқу орындарындағы жəне жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процестерін кіріктіру, диплом алғаннан кейінгі білім алудың нысандары мен түрлерін икемді ете түсу, біліктілікті үздіксіз көтеруге ынталандыру əдістерін əзірлеу.
Жоғарыда аталған аспектілердің бір бөлігі қазақстандық мұғалімдердің практикалық өмірінде де педагогикалық қызметінде де іс жүзінде жүзеге аса бастағанын атап өткен жөн. Мысалы, бірыңғай тарифтік кестенің енгізілуіне байланысты мұғалімдер өзінің кəсіби біліктілігінің арқасында неғұрлым жоғары разрядтар мен біліктілік санаттарын алуға үміткер бола алатын болды, мұның өзі моральдық қанағаттанушылыққа ғана емес, материалдық деңгейде де оң əсерін тигізуде. Жас маман-мұғалімдер үшін еліміздің бірқатар аймақтарында лауазымдық жалақыға ауқымды өсімақылар белгіленген. Ауылдық жерлердің жас мұғалімдері де бірқатар жеңілдіктерді пайдаланады: ер мұғалімдер əскери қызметтен босатылады, тұрғын үй сатып алуға пайызсыз несиелер беріледі, жекеменшік тұрғын үй құрылысын салуға жер телімдері тегін беріледі, жұмыс орнына дейінгі жолақылары мен коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлемақылары төленеді жəне т.б.
Білім саласындағы, атап айтқанда, кəсіби-педагогикалық саласындағы əлемдік үрдістерге жүргізілген талдау мұғалімнің педагогикалық кəсіпқойлығымен қатар, оның жеке басының қасиеттеріне де қойылатын талаптарды күшейте түсу қажет екендігін көрсетіп отыр.
В.И.Андреевтің пікірі бойынша, жаңа мыңжылдықтың мұғалімдері мынадай қиыншылықтарға жолығуы мүмкін:
- білім сапасын жақсартудың барған сайын күрделі бола түсетін проблемалары, білім беру стандарттарының жоғары деңгейінің кепілдендірілуі, бұл проблемаларды тек жоғары кəсіби біліктілігі бар мұғалім ғана еңсере алмақ;
- шығармашылық жəне зерттеушілік мəселелерді көбіне мұғалімнің өзі құрайды жəне оларды өзі шешеді, яғни, мұғалімнің шығармашылық, зерттеушілік қабілеттерінің маңызы арта түседі. Осылайша, болашақтың мұғалімі даусыз шығармашылық тұлға болуы тиіс;
- барған сайын күрделене түсетін тəрбиелік проблемалар мұғалімнің неғұрлым зиялы болуын талап етеді, яғни мұғалімнің əлеуетінің рухани-адамгершілік ролі мен маңызы арта түседі;
- XXI ғасырдың мұғалімі оқыту мен тəрбиелеудің алдыңғы қатарлы технологияларын, отандық жəне шетелдік тəжірибенің жаңа жетістіктерін үздіксіз меңгеруі, оларды өзінің нақты қызметіне лайықтап бейімдеуі, өзінің жеке қасиеттері мен кабілеттеріне лайықтауы тиіс;
- үшінші мыңжылдық мұғалімінің алдында бірқатар жаңа, кəсіби тұрғыдан өте күрделі кəсіби- педагогикалық проблемаларды шешу міндеті тұр, бұл міндет педагогика саласымен жанамалас философия, психология, медицина, дінтану, экономика, құқық, кибернетика сияқты ғылымдарды ұштастыра білуді талап етеді, ал бұл үшін мұғалім өз білімін үздіксіз ұштау үшін айтарлықтай күш- қайрат жұмсап, қабілеттілік танытуы қажет. Сондықтан да мұғалімнің тұлғасына қойылатын жалпы талаптар — кəсіби біліктілік, зиялылық, бəсекеге қабілеттілік, рухани байлық болып табылады.
Қазіргі уақытта мұғалімдердің қызметінде заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану кеңінен тарап келеді. Соңғы 10–15 жыл ішінде білім беру саласын компьютерлендіру мəселесі қиялдан ақиқатқа айналды деуге болады. Мұғалімге де, оқушыға да ақпараттың орасан зор ағындары бейне бір нөсер жауындай құйылуда, ал соның ішінен оқушыға да, мұғалімге де керегін ғана сүзгідей сүзіп алу үшін сауаттылық пен ептілік қажет екені даусыз.
Білім беру мен мұғалім еңбегін ұйымдастырудағы негізгі проблемалардың қатарында, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдану тұрғысында келесі мəселелерді жеке бөліп атауға болады:
- Болашақ педагогтың бірыңғай ақпараттық ортада еңбек етуге дайындығын қалыптастыру. Бұл проблеманы, бір жағынан, оқу процесінде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін білу жəне түйсіну деп, екінші жағынан — оқу процесінде дəстүрлі əдіс-тəсілдер мен жаңа технологияларды ұштастыра білу деп қарастыруға болады.
- Мұғалімге өз назарын оқытуды ұйымдастыру мен əдістемеге ғана емес, сонымен қатар оқу процесінің концептуалдық аспектілеріне де бағыттай білуге мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық кеңістікті жасау жəне бірыңғай тезаурусты қалыптастыру.
- Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, сабақ беруге (сабақ жүргізуге) дайындалу жəне соған көшу. Бұл ақпараттық-компьютерлік қолдаудың оқу курстарын əзірлеуді көздейді, оның ішінде білім беру мекемелерінің оқу жоспарларындағы гуманитарлық бөлікті де қамтиды.
- Бірыңғай ақпараттық кеңістіктегі оқу процесін бағдарламалық-əдістемелік қамтамасыз ету. Бұл мұғалімдердің, əдіскерлердің, психологтардың, оқу процесін компьютерлік қамтамасыз ету жөніндегі мамандардың бірлесе жұмыс істеуін талап етеді [7].
Осылайша, жоғары оқу орындарында оқу сатысының өзінде болашақ мұғалімдер оқу процесінде жалпы компьютерді қолдануға дайындалуы жəне нақты пəндерді оқыту кезінде компьютермен жəне басқа да микропроцессорлық техникалармен жұмыс істеу икемдерін меңгеруі қажет.
Сонымен қатар мұғалім еңбегінің проблемаларына, жеткіншек ұрпақты тəрбиелеу мен оқытудың көптеген мəселелерін шешудің күрделілігіне қарамастан, жаңа мыңжылдықта адамға ең басты құндылық деп қарауды бекітетін, оның бостандыққа, бақытқа, дамуға, өзінің физикалық жəне рухани күш-қуатын білдіруге деген құқығын мойындайтын, əлеуметтік-құндылық идеялардың кешені ретіндегі гуманизм ХХІ ғасыр мұғалімінің көзқарастарының, нақты пікірлері мен идеалдарының жалпыланған жүйесіне айналады деп сенеміз [8].
Сонымен, психологиялық-педагогикалық əдебиеттерді талдай отырып, тек қана гуманистік ойлаудың бекітілуі ғана мұғалім мен оқушының ара-қатынастарының қалыптасуына ықпал етеді деген қорытындыға келеміз. Мұндай стильдің өзіне тəн сипаттары мыналар болып табылады:
- оқыту мен тəрбиелеуде жеке тұлғаға бағдарланған көзқарас идеясын іске асыру;
- өзара іс-əрекет етудің топтық нысандарынан бірте-бірте жеке нысандарға көшу;
- оқушыларға қойылатын талаптардың тікелей нысандарынан (нұсқау, өкім ету, бұйрық беру) жанама нысанына ауысу (кеңес, өтініш, ұсыныс);
- оқушылармен арадағы іскерлік қатынастарға эмоционалдық реңк беру;
- іскерлік коммуникативтік қызметті жүзеге асыру барысында тұрақты түрде бақылау жүргізудің болуы;
- мəдениеттілікті, өзіне, адамдарға, табиғатқа деген көзқарасты тəрбиелеуде оқушыға көмек көрсету.
Əдебиеттер тізімі
- Коджаспирова Г.М., Коджаспиров А.Ю. Педагогический словарь. — М.: Просвещение, 2008. — 218 с.
- Гоноболин Ф.И. Книга об учителе. — М.: Просвещение, 1965. — 211 c.
- Сухомлинский В.А. Как воспитать настоящего человека. — Киев,
- Джуринский А.Н. История педагогики. — М.: Просвещение, 1999.
- Гуманизация воспитания в современных условиях / Под ред. О.С.Газмана, И.А.Костенчука. — М., 2007. — 113 с.
- Машбиц Е.И. Психолого-педагогические проблемы компьютеризации обучения. — М.: Педагогика, 1988. — 198 с.
- Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Мищенко А.И., Шиянов Е.Н. Педагогика. — М.: Просвещение,
- Сорос-Қазақстан қорының жəне Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің Білім жөніндегі бағдарламасының материалдары. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.alledu.ru/news/1/3036.