Кəсіби құзыреттілікті қалыптастыру процесі жоғары оқу орындарының əрбір мамандықтарының өзіндік ерекшеліктеріне сəйкес стратегиялық, тактикалық жəне оперативтік оқу-əдістемелік іс- əрекеттерге негізделеді. Осы іс-əрекеттер бойынша оқыту технологиясының құрылымдық мазмұны айқындалады (1-сур.).
Кредиттік жүйе бойынша оқыту, ең алдымен, студенттердің өз бетінше жұмыс жасауының сапалылығын қамтамасыз ете отырып, оқытушының жұмысын түбегейлі өзгертеді, олардың білімін үнемі жетілу үстінде болуын қажет етеді. Əсіресе дəрісханалық сабақтарда студенттердің танымдық іс-əрекеттерін ұйымдастырып, басқаруда əдістемелік жəне дидактикалық нұсқаулардың арнайы жинағы зор рөл атқарады.
Кредиттік жүйеде оқыту студенттің пəнге қызығушылығын толық ескеріп, олардың білімдік қажеттіліктерін қамтамасыз етуді, оқытушылар арасында бəсекелестік тудыруды, оқытудың əр түрлі əдістері мен тəсілдерін жетілдіруді, қабылдауды, сондай-ақ оқу-əдістемелік жұмыстардың сапалылығын жақсартуды қарастырады. Білім жүйесінде қоғамның əлеуметтік тапсырысын жүзеге асыру үшін жаңа буын оқу-əдістемелік кешендерді (СП ОƏК) жасап, тəжірибеге енгізу керек.
СП ОƏК оқу шығармашылық үрдісті əдістемелік-ұйымдастыру жақтан қамтамасыздандырудың дəстүрлі негізі болып табылады. СП ОƏК пəндері ақпаратты кеңістікті бекітіп, дамытудың жəне үздіксіз білім берудің барлық буыны мен тармағын толық қамтамасыздандырудың негізгі факторы болып табылады.
Пəндердің оқу-əдістемелік кешендері ҚР МЖБС-ның мазмұнына сəйкес жасалынады, кəсіби біліктілік мінездемесі мамандықтардың типтік жəне оқу жұмысы жоспарлары мен дайындық бағытын жəне оқытылатын пəннің негізгі мазмұнын көрсетеді, студенттің пəнді таңдауын жəне соған сəйкес оқытудың траекториясын жеңілдетуге арналады.
СП ОƏК пəннің типтік бағдарламасына негізделген жұмыс оқу бағдарламасынан жəне силлабустан (syllabus), глоссарийден, дəрістің қысқаша мазмұнынан, əдістемелік материалдардан, студенттердің өздік жұмысының оқу-практикалық материалдарынан, бақылау-өлшеу құралдары мен қажетті əдебиеттер тізімінен тұрады.
Пəннің қысқаша оқу-əдістемелік бағдарламасы — силлабус студенттерге арналып дайындалады. Студенттердің пəндік оқу-əдістемелік кешені нақты курстың концепциясын анықтайтын құжат болып табылады. Оқу-əдістемелік кешенді типтік бағдарламалар негізінде тьютор дайындайды, ол баспаханалық əдіспен басылып шығарылады жəне кредиттік жүйе бойынша оқитын студенттерге арналады.
Оқу-əдістемелік кешеннің мазмұны кафедра мəжілісінде талқыланады, ғылыми-тəжірибелік жетістіктермен толықтырылады жəне оны кафедра меңгерушісі əрбір жылдың 1 шілдесіне дейін бекітеді. СП ОƏК дайындау жəне пайдалану мынадай міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс:
- нақты мамандықтың білім бағдарламасындағы оқу пəнінің орны мен рөлін анықтау;
- білім бағдарламасын пəнаралық логикалық байланыспен іске асыру;
- оқу мерзімін тақырып жəне оқу сабақтарының түрі бойынша бөлу;
- студенттердің аудиториялық жəне аудиториядан тыс уақыттағы өздік жұмыстарын ұйымдастыру;
- студенттердің танымдық жəне шығармашылық жұмысын белсендіру;
- оқу жəне зерттеу жұмыстарының өзара байланысын қамтамасыз ету.
Жалпы кредиттік оқыту технологиясының негізгі мақсаттарының бірі студенттерде шығармашылық қабілет қалыптастыру, болашақ кəсіби қызметке дайындау, ол үшін оқыту іс- əрекеттерін шығармашылыққа бейімдеп ұйымдастыру болып табылады.
Біздің бұл ғылыми-педагогикалық ізденісіміздің негізгі мақсаты:
- кредиттік оқыту технологиясының талабына сай мамандығы бойынша оқытудың жəне оқу процесін ұйымдастырудың оқу-əдістемелік тəсілін анықтау;
- теорияны практикамен ұштастыру, яғни мамандық жəне пəндік ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту технологиясын оңтайландыру;
- білім берудің продуктивтік жəне репродуктивтік əдістерінің оңтайлы жағын ескере отырып, жетекші əдісті таңдау;
- оқу іс-əрекеттерінің барысында студенттерді шығармашылыққа баулу, нəтижесінде шығармашылық қабілет қалыптастыру;
- оқытушы педагогтарға оқытатын мамандықтың жəне пəннің ерекшеліктеріне сəйкес ОƏК дайындаудың үлгісін ұсыну.
Студенттерді шығармашылық тəрбиелеу үшін оның бойында қандай қабілет бар екенін ескеру керек. Жалпы өнер тапқыш адамдардың бойында туа біткен талант, дарын болуы мүмкін. Олардың бойындағы қабілетіне сəйкес оқу-əдістемелік жұмыстар ұйымдастырылған жағдайда ғана мықты шығармашыл мамандарды дайындауға болады. Қандай бір іске қабілеті нашар, жалқау студент пен талантты студентке қойылатын талап бірдей болмайды.
Ол үшін студенттердің қабілеттілігіне назар аудару керек. Мысалы, инженерлік мамандық бойынша оқитын кейбір ізденімпаз студенттер теориялық білімдерін практикада жүзеге асыруға, өз қолынан техникалық құрылғыларды жасап көруге талпынады. Осындай талантты студенттердің істеген істері мен жеткен жетістіктері жалқау студенттерге өнеге болады. Олар да біртіндеп теориялық білімін көтеріп, практикалық ізденіске бет бұрады. Осы жағдайларды ескере келе, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің радиоэлектроника жəне техникалық физика кафедрасында студенттердің конструкторлық бюросын құрған едік.
Конструкторлық бюроның мүшелері-студенттер осы кезде үш инновациялық оқу зертханасын өз қолдарымен жабдықтап үлгерді. Шет елдерден миллиондаған теңгелік қаражатпен сатып алатын макеттер мен техникалық құрылғыларды жасап, тура оқу ісіне пайдаға берді.
Адамның қабілетттілігі білім алу мен практикалық икемділікті тез қалыптастыруды оңайлатса, керісінше, олардың негізінде қабілеттілік те дамиды [1, 2]. Мысалы, адам өзінің конструкторлық қабілетін дамыту үшін техникалық конструкцияларын құрылымын жақсы білуі, оны практикада пайдалану икемділігі мен құрастыру дағдысының болуы шарт (2-сур.).
Қабілеттіліктің оңай қалыптасуына болашақ маманның бойындағы дарыны мен оның таланты ерекше міндет атқарады [3, 4].
Дарынды адамдардың атағы əлемге жайылады. Мысалы, атақты өнер иелері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін көптеп атауға болады.
Талант — күрделі, қиын іс-əрекетті өздік ерекшелігімен, жоғары дəрежеде, нəтижелі орындай алуға мүмкіндік беретін əр түрлі қабілеттіліктердің жиынтығы. Оған əлемге аты əйгілі өнертапқыштар мысал бола алады.
Мамандық иесі жақсы кəсіпқой болуы мүмкін, бірақ ол кез келген кəсіби мəселелердің бəрін бірдей шешуге құзыретті болуы мүмкін емес.
Құзыреттіліктің аталған түрлері, шын мəнінде бір адамның кəсіби іс-əрекетте, кəсіби қатынастарда, мамандығы бойынша кəсіби тұлғалық даралығының қалыптасуындағы кемелденуін анықтайды [3, 5].
Мамандардың құзыреттілігін оның еңбегінің нəтижесіне, шығармашылық деңгейіне қарап бағалауға болады, кез келген кəсіпқой маман өз əрекетімен кəсіби іс-əрекетінің түпкі нəтижесіне сай талаптарға жауап беретін жұмыстарды атқара алса ғана кəсіби құзыретті болып саналады.
Ал мамандардың жалпы құзыреттілігі дегеніміз — ол əр түрлі кəсіби бірлестіктерде бейімделуі, өнімді қызмет етуге керекті мəдени жəне еңбек ету, салааралық білім іскерліктері мен қабілеттіліктері. Шығармашылық қабілеті дамыған студенттердің болашақ маман ретінде кəсіби құзыреттіліктері оңай қалыптасады [2, 4]. 3-суретте болашақ мамандардың кəсіби құзыреттілігін қалыптастыру моделінің кейбір маңызды компоненттері берілген.
Техникалық физика, электротехника, радиоэлектроника жəне радиотелекоммуникация мамандарын кəсіби даярлаудың моделін алып қарастырайық (4-сур.).
Біздің дайындап жатқан мамандарымыз ертең-ақ өмірге (ғылым-білім салаларына, өнеркəсіп- өндіріске) жолдама алады. Сондықтан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер өз мамандығына икемделген, ертең-ақ сол мамандықты игеріп кететін, бəсекелестікке, шығармашылыққа қабілетті маман болуға сақадай сай болуы керек.
Қазіргі жас мамандарға қойылатын талап та өте жоғары. Себебі ғылымның шарықтай дамуына байланысты өндірістік техника мен технология күн сайын өзгеріске ұшырауда. Техника мен технологияның жетістігі, бір жағынан алып қарағанда, педагогикалық əдіснаманы жүзеге асыруды жеңілдетеді, ал бұл өз кезегінде педагогикалық зерттеу саласында жаңаша ізденістерді талап етеді.
Жалпы мамандардың шығармашылық қабілетілігі деген не? Ондай қабілеттілік адамдарда қайдан, қалай қалыптасады, қайдан пайда болады, оның сипаты қандай? Мамандардың шығармашылық қабілеттілігі туралы ұғым философияда, педагогикада, психологияда, өнер жəне əлеуметтану салаларында, сондай-ақ кəсіби білім берудің теориясы мен əдістемесінде əр түрлі анықтамалар мен сипаттамалар беріліп жүр. Діни философияда жəне, кейбір ғалымдардың пайымдауынша, адамдарда туа бітетін қасиет ретінде қарастырылады. Бірақ адамдардың бойындағы дара шығармашылық қабілеттің 5¸10 пайызы ғана тума талантқа, ал қалған негізгі үлесі оқу-білімге, еңбектенуге байланысты екендігі белгілі.
Мамандардың шығармашылық қабілеттілігі, оның маңызы, мазмұны, құрылымы, қалыптасуы мен дамуының шарттылығы мен мүмкіндіктерінің тұтас сипатын педагогикалық, психологиялық тұрғыда қарастыру керек. Демек, студент жастарды шығармашылыққа баулуда қолданбалы педагогиканың, оның теориялық əдіснамасының жəне практикалық əдіс-тəсілдерінің маңызы өте зор. Жалпы шығармашылық қабілеттіліктің сипаты əрбір мамандықтың өздік ерекшеліктеріне байланысты көпқырлы көрініс береді. Мысалы, ұлы композитор, күй атасы Құрманғазы мен ғұлама ғалым əл-Фарабидің шығармашылық қабілеттіліктерінің сипаты, олардың қалыптасу жолдары,шарықтау шектерінің себеп-салдарлары мүлде басқаша қырларынан танылады.
Нақты бір мамандық иесінің өз саласы бойынша мықты кəсіпқой болуы мүмкін, бірақ кəсіби мəселелерді шығармашылық тұрғыда шешіп, шаруашылығының техникасы мен технологиясын жаңғыртуға құзыреті жетпейді. Егер кəсіпқой маман өз кəсіби шаруашылығын заманауи үздік техника, технологиямен жабдықтап, жаңғыртумен ғана шектелмей, қажетті техника мен технологияны өзі жаңартып, тың жаңалықтар ендірген жағдай да ғана оның шығармашылық қабілеттілігі қалыптасады. Адам көбінесе өз саласында ғана шығармашылық қабілеттілігі болуы мүмкін, ол шаруашылықтың барлық саласына қатысты мəселелерді шешуге қабілеті жетпейді.
Шаруашылық саласына қатысты шығармашылық қабілеттілік дегеніміз — маман иесінің жаңадан қандай бір техниканы немесе оның тетіктерін ойлап табу, жаңадан құрастыру, əр түрлі құбылыстар мен заңдылықтардың негізінде технологияны жаңарту, ол үшін білім мен ғылымды практикамен ұштастыра білу қабілеті дамуы тиіс.
Жоғарыда келтірілген тұжырымдарды қорытындылай келе, шығармашылық кəсіптік іс-əрекетке тиімді дайындауды қамтамасыз ететін педагогикалық зерттеулерде ескеретін бірқатар шарттарды белгілеу қажет [3, 4]:
- студенттердің меңгеруге шамасы келетіндей барлық пəндер бойынша білім деңгейін дəл анықтау жəне оларға осы білімді игере алатындығына сендіру;
- студенттерде кəсіптік іс-əрекетте шығармашылықтың болу мүмкіндігін қамтамасыздандыруға белгілі білім деңгейін меңгеру қажеттілігіне сендіру;
- студенттерде білімді өздігінен игеру іскерлігін қалыптастыру;
- студенттерді шығармашылыққа мамандығымен тығыз байланыста дайындауды жəне жеке даралық дамуын қамтамасыз ету керек.
Əдебиеттер тізімі
- Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кəсіби құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. —Астана: ЕҰУ, 2001. — 270 б.
- Құрманұлы О., Абдула Ж. Электрлік тізбектер теориясы. — Астана: ЕҰУ, 2001. — 220 б.
- Адольф В.А. Формирование профессиональной компетентности будущего специалиста. — М.: Высш. шк., — 180 с.
- Тарасевич Н.Н. Обретение педагогического мастерства. — М.: Сов. педагогика, 1999. — №
- Мурзин Ю.М., Волков Ю.И. Электротехника. — М.: Изд. программа. 300 лучших учебников для высшей школы,— 440 с.