Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде «қазақстандық жастарды патриотизмге, биік мəдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тəрбиелеу» туралы айтылады. Мұндай мазмұндағы мемлекеттік талап-міндеттер бүгінде жас ұрпаққа отансүйгіштік тəрбие беру ісінің жалпы ұлттық сипатқа ие болып отырғандығын көрсетеді. Бұл бағыттағы күрделі тəрбие үдерісі əр отбасынан бастау алып, білім беру жүйелерінде үздіксіз, кешенді жүргізілуін талап етеді. Отансүйгіштік тəрбие жалпы тəрбиенің құрамдас бөлігі жəне, біздің анықтауымызша, жасөспірімдердің патриоттық, жоғары азаматтық сезімін қалыптастыруға бағытталатын мақсатты ұйымдастырылған жəне басқарылатын психологиялық-педагогикалық үдеріс болып табылады [1].
Қазіргі заманда біздің халқымыздың патриотизмі экономиканы қайта құруда, қоғамды рухани жаңартып демократияландыруда, плюрализм пікірін бекітуде жəне əлеуметтік орта мен идеологиядағы сол бір тоқырау кезеңдерінің əсерінен туған жікшілдік пен бұрмалаушылықты жоюдағы күреске бар күшті ынталандыру болып табылады. Мұның бəрі келешек жас ұрпақты патриоттық жəне интернационалдық рухта тəрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасында білім беру саласы бойынша қоғамның бүгінгі күнгі талабы əрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дəстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, əлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды. Сондықтан болашақ мамандардың патриоттық-азаматтық тəрбиесіне ерекше мəн беру, олардың бойында патриотизмі қалыптастыру қоғам болашағының өркендеуін, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің мəңгілік қанат жаюын қамтамасыз ететіні анық. Өйткені патриотизм əлемдегі бейбітшілік үшін күреспен, адамзат өміріне қауіп төндіретін термоядролық, экологиялық жəне террорлық апаттың алдын алумен, халықаралық қатынастарды құрумен жəне əлемдегі жаңа тəртіптерді бекітумен, өзара түсіністікті негізге алумен, тəуелсіз елдермен жəне басқа да мемлекеттермен көршілік татуластықпен, іскерлік ынтымақтастықпен тығыз байланыста болумен өлшенеді [2].
Дегенмен, мұның бəрі келешек жас ұрпақты патриоттық жəне интернационалдық рухта тəрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасында білім беру саласы бойынша қоғамның бүгінгі күнгі талабы əрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дəстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, əлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды.
Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуші-ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы рухани мұрасын, əсіресе оқу, тəлім-тəрбие мəселесін философия, психология, педагогика ғылымдарының зор жетістіктерін пайдаланып, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев өзінің «Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде», «Тарих толқынында» деген еңбектерінде идеялық мəселелерге топтасудың керек екенін айтып, бірігуге шақырып, бұл міндетті жүзеге асыруда білім берудің, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дəстүрлі институттардың маңызды роль атқаратынын, олардың ықпалы ерекше тиімді болатынын айтқан. Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндеттеріміз — бұл қазақстандық патриотизмге тəрбиелеу, əрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеу. Дегенмен, осы міндетті орындау жолында тəрбие мəселесін қолға алып, ұрпақтарды аздырмай-тоздырмай қазіргі сауда- сатықтың, алдау-арбаудың ықпалына жібермей, етегіне сүйретпей еліміздің болашақ өркениетті дамуын алға бастыртатын адамдарын тəрбиелеуіміз керек деген [3].
Тəуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі — бүгінгі жасөспірімдер. Содан да олардың бойына отансүйгіштік, патриоттық тəрбие беру күн тəртібінен түспей-ақ келеді. Жасөспірімдердің мектеп қабырғасынан өзін əскери қызметке дайындап, дəріс алуы еліміздің шаңырағы шайқалмауына кепілдік беретіні сөзсіз.
Сондықтан өзгермелі қоғам жағдайында еліміздегі жастар санасына күнделікті жан-жақты əсер етуі, жаһандануға бет бұрған қазіргі жағдайда жастар тəрбиесінде кейбір ұлттық болмысқа жат келеңісіз жайттердің көрініс табуы, дінге деген көзқарастың түбегейлі өзгеруі, ол өзгерістердің оң жəне теріс ықпалы — міне, осының бəрі азаматтық-патриоттық тəрбиені жүйелендіруді, оның жастар тəрбиесіне ықпалын арттыруды талап етіп отыр.
Қазақстан Республикасының əлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, қоғамның саяси жəне рухани өмірі саласындағы міндеттерді қайта жаңартуға бағытталған идеялық-тəрбие жұмыстары мемлекеттің стратегиялық бағдарымен анықталды. Еліміздің тəуелсіздік алып, егемендікке жетуі қазақ халқының жəне республикада тұратын басқа да халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.
Қазақстан Республикасының егеменді ел болып өсіп өркендеуі, бəсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу — бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі, осы негізде патриоттық-азаматтық тəрбие беру бүгінгі күннің өзекті мəселелердің бірі болуда.
«Қазақстан–2030» Жолдауында Республика Президенті еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, тəуелсіздік пен егемендігін танытатын мемлекетіміздің ұзақ уақытты дамуын анықтады. Білім беру мен тəрбиенің негізгі міндеті өз елінің азаматы, патриотын тəрбиелеу болса, осыған сəйкес «патриоттық-азаматтық» оқушылардың тəрбиелік деңгейін бағалаудағы көрсеткіш болып қарастырылады [4].
Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес барлық азаматтарға тең құқықтық берілген, түрлі ұлт өкілдерінің бірге бейбіт өмір сүруі үшін заңдық негіз жасалған. Сондықтан Қазақстан Республикасы — онда тұратын барлық қазақстандықтардың мемлекеті.
Қазіргі заманғы Қазақстан жағдайында Отанға деген махаббат, ұлттық жəне құқықтық, сана- сезім, азаматтық өнеге мен табиғи түйсіктерді: өз отбасы, елі, халқы, ауданы, ауласы, спорттық клуб, қаласын қолдау бастауы болып саналатын азаматтық патриотизм үлкен орын алады.
Сонымен, азаматтық патриотизм негізінде халық рухында, ұлттық түсінікте, шығармашылыққа ұмтылуда, белсендік əлеуметтік салада алып жатқан талпыныс болады. Азаматтық патриотизм туған табиғат пен өзінің топырағы арасындағы қатынас болып табылады, ол əлеуметтік мəдениет тұтастығы мен тұлғалар өмір сүретін рухани адамгершілік ортаны көрсетеді.
Азаматтық патриотизм — адамның, қоғамның жəне мемлекеттің өзара əрекетінің ерекше механизмі, ол патриотизмнің басқа да түрлерін жинақтайды жəне мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық процестердегі өзінің ұлттық мəдени сəйкестігін қорғаумен байланысты.
Жалпы білім беретін мектептерде өсіп келе жатқан жас буындарды патриотизмге, отансүйгіштікке тəрбиелеудің теориясы мен əдістемесіне қатысты жеткілікті тəжірибелер жинақталған. Осы тəжірибелердің белгілі бір кезеңдердегі белгілі бір оқу-ағарту мекемелеріндегі жай-күйін зерттеу оның нəтижелерін нарықтық экономика жағдайында мектеп оқушыларын патриотизмге тəрбиелеу жолдары мен бағыттары бойынша қарастыру бүгінгі күн талаптарынан туындап отыр.
Патриоттыққа тəрбиелеуді меңгерудің мақсаты — оқушыларда саяси мəдениетті қалыптастыру, өз мемлекетінің саналы азаматтарын тəрбиелеу.
Патриоттық тəрбиенің маңыздылығы олардың құқықтық жəне əлеуметтік тұрғыдан қорғалған толық кепілдігі мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз ететін конституциялық еркіндік, экономикалық дамыған, əлеуметтік тұрақты өркениетті, демократиялық мемлекет құру бойынша болып жатқан процестер бірнеше маңызды, сапалы жаңа міндеттерді жоғарылатқан жағдайда өседі.
Осыған байланысты патриоттық тəрбиені анықтайтын қағидалар қатарына келесілерді жатқызуга болады (сур. қара).
Патриоттық тəрбие — бұл азаматтарда жоғарғы патриоттық сананы қалыптастыру, Отанға деген берілгендік сезімі мен азаматтық парызын орындауға дайындығы жəне Отан мүдделерін қорғаудағы конституциялық міндеттері арқылы атқарушы билік жүйесінің, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, оқу орындары мен ғылыми ұжымдар, көпжоспарлы, жүйелі орындауға болатын мақсатты жəне үйлестірілген қызметі.
Қазіргі жастардың саяси жəне азаматтық патриоттық тəрбиесіндегі саясат азаматтық патриотизмді қалыптастыру процесін іске асыру, реттеу, ұйымдастыру жəне мəдени, экономикалық, аймақтағы этникалық жағдайлардың ерекшеліктері мен нақты шарттарына байланысты Отанға лайықты қызмет етуге дайын болу болып табылады.
Сондықтан бүгінде жасөспірімдерге жалпы білім беретін мектептерде əскери-патриоттық тəрбие берудің жай-жапсары қалай екендігін білу мақсатымен Қарағанды қаласындағы № 86 орта мектепке ат басын бұрғанбыз.
Əскери-патриоттық тəрбие жасөспірімдерді отанына, еліне деген сүйіспеншілікке, ұлттық əскер құрамында адал қызмет атқаруға, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге баулиды.
Мектебімізде оқу жыл соңында алғашқы əскери дайындық курсының аяқталу салтанатына арналған əскери-патриоттық жарыс өткізіліп тұрады. «Ұлан» жарысы байқауында автоматты толық емес бөлшектеу жəне жинастыру, оқжатарды жарақтау, əскери кедергілерден өту, граната лақтыру, кермеде тартылу бойынша 10–11-сынып оқушылары бəсекеге түседі. Мұндағы мақсат оқушылардың сапта тұру, жүру, пəрмендерді орындай білу, əскери тəртіпке үйрету шеберліктерін жетілдіріп, төзімділікке, шыдамдылыққа тəрбиелеу жəне патриоттық сезімін арттыру болып табылады.
Аталмыш іс-шаралар шəкірттерге ерліктің, еңбектің қадір-қасиетін түсіндіруге мүмкіндік беріп, елінің патриоты болуға тəрбиелейді. Ел алдында борыш пен міндетті абыройлы атқаратын жеке тұлға қалыптастыруда əскери патриотизмнің мəні зор.
Патриоттыққа тəрбиелеудің негізгі бағыты — бұл Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздерін құрметтеу. Рəміздердің тақырыптары барлық сабақтар мен сабақтан тыс іс-шараларда талқыланады.
Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздері бойынша ресімделген бұрыштар бар. Мемлекеттік рəміздер — еліміздің азаматтарын патриоттыққа тəрбиелеудің факторы. Олар халықты, барлық азаматтарды біріктіріп, олардың бойына өз еліне деген мақтаныш сезімін, оның жарқын болашағына деген сенім жəне үміт ұялатады.
Осыған орай бүгінгі күні ата-бабалар одан бұрынғы ұрпақтардың салып кеткен жолымен жүріп, сол жолды ары дамыту, өмір жаңалығын ескеру, ескімен жаңаны ұштастыру — Қазақстан халқының міндеті. Сондықтан «қазақстандық патриоттық тəрбие» деген ұғым тек қана айтыла салатын, дерексіз ұғым емес, ол, ең алдымен, нақты, өз ұлтына, сонда тұрып жатқан халықтарға берілген, адал еңбек ете алатын, жалпы халықтық, əлеуметтік мəдениетті түсініп, білетін, соның нұсқаларын өз халқының қажетіне жарата алатын, басқалары түсіне білетін нағыз адам сүйгіштік, қазақстандық патриоттық рұхтағы белсенді адамдарды тəрбиелеу үшін керек.
Тəрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, əдісі, тəсілі, заңдылықтары, принциптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсат, міндеті, түрі, əдіс- тəсілі бар. Егер патриоттық тəлім-тəрбиемізде осы негіздер болмаса, ол жай сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді [5].
Қазақстандық патриоттық тəрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып ұлттық тəрбиеге жаңа мəн береді. Ұлттық тəрбие дегеніміз ол оқшаулану емес, керісінше, ұлттық тəрбие үлгілерімен əлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүнитанымы кең азаматтарды тəрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет.
Сонымен, білім беру жүйесіндегі ең басты мəселенің бірі жалпыға бірдей міндетті оқуды жүзеге асыру болып табылады. Жалпы білім беретін мектептердің ең негізгі міндеттерінің бірі — бұл оқу жасындағы жасөспірімдерді оқуға толық тарту. Осы мақсатта оқу жылы ішінде екі дүркін міндетті оқу айлықтарында өткізіліп, əр мектеп өз шағын аудандары бойынша есеп жүргізіп, əр жанұядағы балалар есептері сарапталып отырды.
Біздің міндетіміз — жас ұрпақты отансүйгіштікке жəне өз еліне деген патриоттық сезімге тəрбиелеу.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасындағы білім туралы заңнама: Заң актілерінің жиынтығы. — Алматы: Юрист, 2007. — 41 б.
- Қойшыбаева Қ.Б. Болашақ педагогтарды патриоттық-азаматтық рухында тəрбиелеудің шарттары: Пед. ғыл. канд. ...автореф. — Қызылорда: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік ун-ті, 2010. — 30 б.
- Назарбаев Н.Ə. Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде // Казахстанская правда. — — № 7. — 1–5 б.
- Қазақстан–2030. — Алматы: Юрист, 2006. — 152 б.
- Майлыбаева Л.С. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға патриоттық тəрбие беруге дайындаудың педагогикалық шарттары: Пед. ғыл. канд. ... автореф. — Шымкент: М.О. Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік ун-ті, — 30 б.