Бүгінде қоғамдық қатынастардың нарықтық жағдайда қайта құрылумен байланысты жеке тұлғаны мəдени кеңістікте тəрбиелеп жетілдіріп қалыптастыру актуалды мəселе болып отыр. Бұл мəселенің философиялық, психологиялық жəне педагогикалық аспектілері бар. Рухани адамгершілікке тəрбиелеудің мақсаты жастардың белсенді өмірлік жолын, қоғамдық борышқа саналы көзқарасын, сөз бен істің бірлігін қамтамасыз етіп, адамгершілік нормаларынан ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру болып табылады. Тəрбие өмірбақи үздіксіз жүретін үрдіс болса да, қазақ халқына жетілген тұлғаның сипатын «Сегіз қырлы бір сырлы» деген бір ауызбен түйіндеген. Өйткені адамның тəндік жəне жандық сипатын бірлікте қарастырған [1].
Қазақстан Республикасының дамуының стратегиялық «Қазақстан – 2030» Ел Президентінің Қазақстан халқының жолдауында Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білімі мен əл-ауқатын арттыруға, экологиялық ортаны жақсартуға ерекше мəн берілген. Демек, жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, рухани адамгершілігін жетілдіру мəселелеріне тың көзқарастардың қажеттілігі туындауда. Сондықтан да ұрпақ тəрбиесіндегі көкейкесті мəселелердің бірі — жетілген тұлғаны тəрбиелеу.
«Адамға ең бірінші керегі білім емес, тəрбие. Тəрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат əкеледі», — деп əл-Фараби айтқандай [2], педагогика ғылымының зерттейтін негізгі категориясының бірі — тəрбие.
Тəрбиенің басты ұстанымдары — жалпы адамзаттық құндылықтары жəне тұлғаны өз халқының мəдениетін, əдебиетін, тілін, салт-дəстүрін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мəдениетіне құрметпен қарайтын тұлға қалыптастыру.
Қоғам адамгершілік тəрбиесіне қатысты мəселені шешу жауапкершілігін педагогка жүктейді.
Жастарды жаңа заман талаптарына сай əрі озық ұлттық рухта тəрбиелеп, өмірге əзірлеу ұстаздар қауымының жауапты міндеті екені баршаға мəлім. Əрбір ұстаздың мақсаты мен міндетінің жүзеге асуы өз пəндерінен оқушыларға үздіксіз білім беру, əр сабақта ұлттық-рухани тəрбиені бойына сіңіріп отыруы жүйелі білім нəтижесінде қалыптасады. Ол үшін əрбір ұстаз жаңа озық педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, əр оқушының жеке басын құрметтеп, демократиялық қағидалар негізінде қарым-қатынас жасай білу керек.
Жалпы адамзаттық құндылықтар жеке тұлғаның өмірге келген сəтінен бастап, бірге дамиды, жасы ұлғайған сайын қоршаған ортасына сəйкес бірге қалыптасады.
Қоғамдағы рухани құндылықтардың табиғаты, мəні жəне атқаратын қызметтері туралы жан-жақты зерттеулердің адамгершілік пен рухани мəселесімен тікелей байланысты қарастырылып, осы күнге дейін күн тəртібінен түспеуі жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытудың аса қажеттілігін байқатады. Өйткені оқыту-тəрбие үрдісінде жастардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мəселелері көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болған. «Адамгершілік» ұғымының педагогикалық термин ретінде ғылыми тұрғыда қалыптасқан өзіндік мағынасы бар. Ал «рухани» ұғымның мəні əр түрлі элементтерді, салаларды қамтитыны белгілі. Бірақ бұл ұғым осы кезге дейін педагогика ғылымы саласында категориялық деңгейде анықтамаға ие бола қойған жоқ.
Қазақстан Республикасының «Ұлттық энциклопедиясында» «адамгершілік» ұғымына былай деп анықтама берілген: «Адамгершілік — адам бойындағы гуманистік құндылық, əдеп ұғымы».
«Кісілік», «ізгілік», «имандылық» тəрізді ұғымдармен мəндес. Халықтық дүниетанымда мінез- құлықтың əр түрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Мінез-құлық пен іс-əрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атап өтуге болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, əділдік, қанағатшылық, отанға деген сүйіспеншілік т.б. [3].
Қай заманда, қай қоғам өмірінде болмасын жастар тəрбиесі ойшылдар мен зерделі зиялылардың толассыз толғанып, үздіксіз іздестіріп отырған мəселе екені даусыз. Өткен ғасырдағы педагогика тарихына көз жіберсек, əл-Фараби, ибн Сина, Фирдоуси, Ж.Баласағұн, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоций, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсарин, Ш.Уəлиханов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сияқты ойшыл, оқымысты ғалымдардың бірде-бірі рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудың мəні мен маңызына көңіл бөлмей өткен емес. Жастардың тұлғалық қасиетінің қалыптасуы оның жеке бас мəдениетінің негізін құрайтын рухани құндылықтар жүйесін менгерумен тығыз байланысты. Мұндай құндылықтарды білім беру мүддесіне енгізудің жалпы адамзаттық мəні үлкен. Яғни білім беру мазмұнын ізгілендіру тұлғаның рухани құндылықтарды саналы таңдауын қамтамасыз етеді. Жалпы адамзаттық құндылықтарды тұлға тек санасымен, рационалды ойлауымен ғана емес, ең алдымен сезіммен қабылдайды.
Ендеше, жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыта оқыту адамға жоғарғы құндылық ретінде саналы қатынасын көрсететін адамгершілік қасиеттерінің бірлігін білдіреді.
Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тəрбие мақсаты — əрбір тұлғаны жан-жақты жəне жарасымды етіп тəрбиелеу. Мұндай мақсатқа бағытталған педагогтық жұмыс еңбек сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тəрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды жəне жасалған дүниеге қуана білуді дамытуға, үлкендер еңбегінің нəтижесін бағалауға тəрбиелеуге мүмкіндік жасайды. Тəрбиенің негізгі мақсаты — дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дəрежесі биік, мəдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тəрбиелеу. Руханилық — жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау жəне адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады.
Рухани-адамгершілік тəрбие — бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мəдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады.
Жеке адамның адамгершілік санасының дəрежесі оның мінез-құлқы мен іс-əрекетін анықтайды.
Сананың қалыптасуы ол тұлғаның мектепке бармастан бұрын, қоғам туралы алғашқы ұғымдарының қалыптасуына, жақын адамдардың өзара қатынасынан басталады. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мəдениетке тəрбиелеуде тəрбиелі адаммен жолдас болудың əсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген.
Адамгершілік — адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дəуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тəрбиенің нəтижесі адамдық тəрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттері мен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-əрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады. Олар адамды құрметтеу, оған сену, əдептілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, жанашарлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т.б.
Адамгершілік — ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік жəне психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Адамгершілік тақырыбы — мəңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру — ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік əр адамға тəн асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы — халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, əдет-ғұрпында. Əр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Осы орайда қазіргі кезде оқу үрдісін ізгілендіруге, оқытудың тəрбиелік сипатының басымдылығына, жастардың тұлғалық өсуіне, руханилығына, оның ішінде жастарды тəрбиелеу ісінде күрес өнерінің бүгінгі ұрпақ тəрбиесіне қажеттілігі нақты сезілуде. Тұлғаны қалыптастыруда рухани- адамгершілік қайнарын сіңіріп, рухани дүниесі бай, мінез-құлқын тəрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік қағидалар мен мақсат-мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алып, өмір сүретін тұлға қалыптастыруға жағдай жасау қазіргі қоғамдағы көкейкесті мəселелердің біріне айналды.
Қазақстанда толық жетілген тұлғаны тəрбиелеу жəне соған байланысты əлеуметтік- экономикалық, психологиялық мəселелер күннен күнге күрделене түсуде. Осыған орай, бүгінгі күні əрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ізгілік, яғни адамгершілік, қасиеттері шешуші фактор болуы заңдылық. Жеке тұлғаны рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңызды педагогикалық міндеттері — жастардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалық көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік идеяларынан ауытқымай ата- анаға, ұжымға, қоғамға, отанға, еңбекке деген қатынасын айқындау [4].
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мəселесі жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тəрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тəрбиелеу.
Ұрпақ тəрбиесі — келешек қоғам тəрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл- парасаты мол, мəдени-ғылыми өрісі озық етіп тəрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
Адамгершілік тəрбиесінің əрқайсысының ерекшеліктерін жетік білетін ұстаз халық педагогикасын ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дəстүрлерді, əдет-ғұрыпты жан-жақты терең білумен қатар, өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде пайдаланғаны дұрыс. Ата-ананың болашақ тəрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда.
Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзі-өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тəлім- тəрбие берілуі керек.
Жақсы адамгершілік қасиеттердің түпнегізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Адамгершілік қасиеттері ізгілікпен ұштасады. Əсіресе еңбекке деген тұрақты ықыласы бар жəне еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тəрбиелеу басты міндет болып табылады.
Адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс- қылықтарынан, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады.
Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тəн адамгершіліктің өзге де формалары — бұл сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым- қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. Тұлғаның өмірге белсенді көзқарасының бағыты үлкендер арқылы тəрбиеленеді.
Тəрбиелеу, білім беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескеру арқылы нақтыланады.
Адамгершілікке, еңбекке тəрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру үдірісінде, ойын жəне оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады.
Тəрбиелі ұстаз шəкірттерге жан-жақты тəрбиені осы рухани-адамгершілік қасиеттерінен бастайды. Себебі бұл адамгершілік сезімін, сенімін, белгілі мақсатқа жетелеу іс-əрекетін ұйымдастыруды жетілдіреді. Сонда ғана ұстаз шəкірттердің ізгі ниеттілігін, адалдығын, кішіпейілдігін қалыптастырады.
Жеке тұлғаны адамгершіліке тəрбиелеуде ұлттық педагогика қашанда халық тəрбиесін үлгі тұтады. Ал адамгершілік тəрбиелеудің бірден-бір жолы — осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру.
Осы қасиеттерді жеке тұлғаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік іргетасын қалағанымыз. Адамгершілік — адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез-құлқына тəрбие мен тəлім арқылы тек білім мен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрінісі болып табылады. Сондықтанда қазақ күресі арқылы жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғысынан кемелденуіне аса мəн берген жөн.
Дене тəрбиесі жəне спорт бағыттарын белгілей отырып, Қ.І.Адамбеков, А.О.Аяшев, З.И.Кузнецов, М.Б.Сапарбаев, Б.А.Гейнц, А.С.Жұманова, Б.У.Əлімханова, В.Н.Платонов, Қ.А.Құланов сынды ғалымдар өз еңбектерінің педагогикалық негізі ретінде оқушы жастардың дене тəрбиесі дайындығын бақылаған.
Өйткені қазақтың ұлттық қимыл-қозғалыс жəне спорт ойындары, жоғарыда аталған авторлардың ойынша, халықтық педагогиканың бірден-бір құралы бола отырып, жастардың жігерлік қасиеті мықты, іскерлігі жоғары, дене күші ақылына, ақылы дене күшіне сай адамгершілік қасиеттерін тəрбиелеуге мүмкіндік туғызады [5].
Жеке тұлғаны қазақ күресі арқылы рухани-адамгершілікке тəрбиелесе, онда қоғамның əлеуметтік қажеттілігін өтейтін рухани бай тұлға қалыптасуына игі ықпал етеді. Бұл идея адам бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыруды ғылыми жəне практикалық тұрғыда зерттеп, оның əдістемесін жасау мақсатын туғызды.
Педагогикада жеке адамның дамуы деп оның жүйке жүйесіндегі функционалдық мүмкіншіліктерін, психикалық процестерінің, адамгершілік қасиеттерінің, білімінің, көзқарасының, оқу қабілетінің материалдық жəне рухани байлықты игерудің жəне сол байлықты келешекте жасаудың даму тарихын айтады.
Қазақ халқының ұлттық спорт ойындарының бірі болып табылатын қазақ күресіне деген жасөспірім-жеткіншектердің қызығушылығы күннен күнге артып отыр. Себебі қазақ күресі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын өз бойына сіңірген жастарды адамгершілікке тəрбиелеуде орны ерекше төл өнеріміз.
Палуанның жеке басын жан-жақты келісті дамытуға, еңбек əрекеттеріне толық даярлануға, спортты алға шығаруға өз үлесін қосуға жəне тағы басқа талпыныстар болады. Мұндай себептер спортқа тəрбиелеудің бүкіл жүйесінің өзекті мəселесі болып табылады. Спорттық қызметті, спорттық-этикалық тəрбиені «спорттық» сипатта тəрбиелеудің жəне тағы басқа дəлелдеу мəселелері осы негізде шешімін табады. Спорт қызметі адам өмірінде маңызды орын ала отырып, оның адамгершілікке тəрбиелеудегі жəне өзін-өзі тəрбиелеуде негізгі факторларының біріне айналады. Ол сонымен бірге тəрбиелеудің күрделі мəселелерін ұсынады.
Істің мəні мынада: спорттың жеке басты қалыптастыруды іске асыруы таза педагогикалық өрістен гөрі, ерекше басаралық қатынас жағдайларында атқарылады. Қазақ күресі арқылы тəрбие беру тұлға бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтарды, қайрымдылықты, сүйіспеншілікті, мейірімділікті, ізеттілікті, махаббат сезімдерін, үйлесімді қарым-қатынасқа түсуін, шынайылықты, төзімділікті т.б. қасиеттерді қалыптастыру болып табылады [6].
Қазақ күрестің жеке тұлғанының адамгершілік келбетіне болуы тұрғысында қарастырылатын ықпалы тек дұрыс немесе теріс факторлар ретінде ғана бағаланбайды. Оның нақты тəрбиелік əсері спорт қызметін əлеуметтік-ұстаздық жағдайда ұйымдастыруға шешуші шамада байланысты болады.
Палуанның жеке басын бағыттай қалыптастыру — əлеуметтік тəрбиелеу жүйесінің көптеген факторлары мен буындарының, соның ішінде отбасының, ұжымның, ұстаздардың, тəрбиелік қызметі жүзеге асыратын ұйымдармен адамдардың бірлесе əрекет ету нəтижесі. Жаттықтырушы толық жəне дəл мағынасында тəрбиеші бола отырып, өзінің тəрбиешілік қызметін тек палуанның машықтану жəне жарыс кезіндегі мінез-құлқына басшылық етумен ғана шектелмейді. Ол палуанның негізгі рухани тəлімгерлігінің бірі болады, ақыл-ойы мен мінез-құлқы көбінесе қалыптасады, ол палуанның жеке тұлға ретінде қалыптасуының барысындағы барлық əрекеттерге маңызды ықпал жасай алатынын ескеру керек. Жаттықтырушының алғашқы тəрбиелік міндеті спортшының ең алғашқы себептеріне, қызығуына жəне мұқтаждығына сүйене отырып, жоғарғы мақсатқа жəне қатаң адамгершілік имандылыққа негізделген терең сезімді ұмтылысын дамытудан тұрады. Жаттықтырушы-мұғалім бірінші кезекте спортшының, ал содан кейін рекордсменнің тəрбиешісіне айналуы керек. Бұл кезде тəрбиенің ең мықты құралы спортшы педагогтың жеке басына қатысты болады, яғни оның адамгершілік мəдениеті жоғары деңгейде болуы керек.
Спорттық бəсекелер палуанның спорттық этикаға берілгендігін аса ұтымды формасы мен тексеруі болып табылады, ол күрес спорттық жарыстардың этикалық тəрбиедегі рөлін анықтайды.
Күрес этикасы дегеніміз палуандардың өзара қарым-қатынастары, жаттықтырушы мен жаттығушылар арасындағы байланыс, дайындық кезіндегі палуанның өзін-өзі ұстауы, ұжыммен тіл табыса алуы, сонымен қатар жарыс барысындағы сəлемдесуі, төрешімен сыйластығы сияқты көп факторлы жағдайларды қамтиды. Осының өзінен-ақ күрес өнерімен шұғылданушы палуандарды азаматтық тұрғыда жан-жақты тəрбиелеуге толық мүмкіндік бар дей аламыз.
Рухани-адамгершілік тəрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа, қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тəрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ.
«Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һəм ешкімнен ештеңені қызғанбадым [7].
Бұл үш қасиет — əркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, əрбір іс-əрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тəрбиелеу — адамгершілік тəрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
Əдебиеттер тізімі
- Əл-Фараби. Философия трактаты. — Алматы,
- Қалиев С. Педагогикалық зерттеулер арқылы мəдени кеңістікте жеке тұлғаны тəрбиелеп қалыптастырудағы мектеп пен отбасының жəне қоғамдық ұйымдардың мүмкіндіктерін кіріктірудің жолдары // Ұлт тағылымы. — — № 3. — 23–27 б.
- Утебаева А.Т. Жеке тұлғаны рухани-адамгершілікке тəрбиелеу // Хабаршы. — Бастауыш мектеп жəне дене мəдениеті сер. — Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2006. — № 1. — 70–72 б.
- Майғаранова Ш. Жетілген тұлғаның сипаты // Бастауыш мектеп. — 2001. — № 1, 2. — 19–22 б.
- Аманбаев Р.Р. Спорт теориясы мен əдістемесінің жалпы негіздері: Оқу құралы. — Алматы: КазГАСТ, 2006. — 107 б.
- Қаражанов Б.К., Аманбаев Р.Р., Қалдыбаев М.К. Дене тəрбиелеу мəдениеті жəне спорт ілімі мен методикасының түсініктері. — Алматы: Ғылым, 1992. — 123 б.
- Рахметова С.З. Адамгершілік-рухани тəрбиенің маңыздылығы // Бастауыш мектеп. — 2008. — № 5. — 5–8 б.