Өз ұрпағын ерлікке тəрбиелеуде халқымыз ел игілігі болатын еңбекті, ел қорғайтын батырлықты мадақтап, жоғары бағалаған. Халық елді қорғау адамгершіліктің асқар шыңы деп тұжырымдайды. Халқымыздың дəстүрінде елді қорғаушы елдердің ерліктерімен қатар, елі үшін жан аямай еңбек еткен саналы жандардың еңбектерінде үлгі-өнеге ретінде қастерлеген. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі», «Отызында орда қорғай алмаған, қырқында қырдан аса алмайды», — дейді халық. Сондай-ақ ерлік қасиеттерді қаһармандықты батырлық жырларда қастерлей насихаттайды [1].
Тарихи қаһармандықты насихаттап, данышпандар мен шешендерді, батырларды үлгі-өнеге етіп көрсететін аңыз-əңгімелер өте көп. Асан Қайғы қазақ еліне жай іздейді. Қорқыт ата халыққа өлмейтін өмір, өшпейтін өнер іздеген, Төле би қазақ халқының бірлігін көксеп, басын біріктірген, Кейкі мен Амангелді жаңаша жақсы заман орнатпақ болады, Қажымұқан дүние жүзіндегі ең күшті палуан-қазақ деген мақтаныш туғызады. Төлеген Тоқтаров пен Мəлік Ғабдулин ерліктің үлгісін көрсетеді, Мəншүк пен Əлия ержүрек қазақ қызының бейнесін жасады.
Біз бұдан патриотизмге тəрбиелеудің мынадай этно-мəдени жүйесін көреміз: ар-намыс, борыш, парыз, қанағатшылдық, жомарттық, əділдік, адалдық, ата тегін білу, қазақтың салт-дəстүрін, сөз асылын сыйлау, қайтпас қайсарлық, табандылық, бауырмалдық, ерлік — қазақ халқының бойына туа біткен ұлттық əлеуметтік психологиялық ерекшелік болмысы; ол адамзаттың отансүйгіштік, ойлау жүйесінің негізі болмақ.
Жауынгерлік ерлік тəрбиесін жүзеге асыруда студенттердің өзін-өзі тəрбиелеуін басты назарда ұстағаны жөн. Олардың өзіндік талпынысын қолдап, тұрмыс-тіршілікке қажет деген идеяларын жүзеге асыруға көмектесіп отыруға өзін-өзі тəрбиелеуде ұлттық тəрбиеге аса мəн бергендігін түсінген жөн.
Ұлттық тəрбиедегі ұлттық ойындар жіктемелері педагогикалық процесті ұйымдастыру формаларының бірі болып табылады. Ұлттық ойындар педагогиканың дəстүрлі əдістері болып табылады. Көркемдік-эстетикалық жəне дене тəрбиесінің бөлінбейтін бір бөлігі саналатын ұлттық ойындарда адам өмірінің бейнесі, тұрмыс-тіршілігі, салт-дəстүрі, еңбегі, халықтық намыс, ерлік, батылдық туралы көзқарастары жатыр.
Ұлттық ойындарда жылдамдық, шеберлік, əдемі, əсем қимылдар, шығармашылық ойлау қабілеттері көрініс тапқан. Өз өміріміздің серігі болғандықтан, ұлттық ойындар іс-əрекеттерінен үлгі- өнеге үйреніп, өзінше ой түйініп, патриоттық сана қалыптасады. Ұлттық ойындардың тəрбиелік мүмкіндіктері оқушылардың патриоттық сезімдеріне игі əсерін тигізеді.
Ұлттық ойындар оқушыларға патриоттық тəрбие беру процесінде мына жағдайларда қолданылады:
- патриоттық білім беру ұғымдарын меңгеру жіктемесі ретінде;
- тəрбиенің бір бөлігі ретінде;
- аудиториядан тыс жұмыс жіктемесі ретінде.
Орта білім беру мектептерінде оқушыларды патриотизмге тəрбиелеуде ұлттық спорт ойындары материалдары жіктемесі оқушылардың оқу-тəрбие жүйесін жетілдіру болып табылады. Оқушылардың ұлттық мəдениетін, ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, өз халқының ұлттық ерекшеліктерін оқу-тəрбие процесінде пайдалануға негіз салады.
Біздің зерттеуімізде ұлттық спорт ойындары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие беру этнопедагогикалық материалдарды терең əрі жан-жақты зерттеп, ғалымдар жинақтаған білімдер мен іс-тəжірибелерді байыта енгізу жағдайында ғана мүмкін болып отыр.
Демек, этнопедагогиканың өзі патриоттық тəрбиенің дамуына ықпалын тигізеді. Сонымен қатар патриоттық тəрбие күрделі адамзат бірлестігі элементерінің бірі болып табылады. Адам белгілі бір (рухани, материалдық, мəдени) ортада өмір сүреді, бұл орта басқа ортамен, толып жатқан арқаулармен байланысқан.
Қазақ халқының ұлттық спорт ойындары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие беру қоғамның экономикалық мəдени, саяси жəне басқа да сұраныстарына жауап ретінде көрінеді, сондықтан да патриоттық тəрбие əлеуметтік организмге тəн барлық толып жатқан компоненттер базасында патриоттық тəрбие қалыптасады.
Ал қандай да болмасын жеке адам белгілі бір ұлт өкілі болғандықтан, оның генетикалық, əлеуметтік негіздерін этнопедагогика мен этнопсихология ғылымдары қарастырады. Жеке тұлғаның екі жоспарда талдануы қажет: іс-əрекет жоспарында жəне оның дамуын көрсететін, тұлға сапасы мен қасиеттерінің өзгеру жоспарында. Тұлғаны əр түрлі іс-əрекет түрлеріне дайындау мақсатында оны жан-жақты дамытумен жəне оны қалыптастыру мəселесімен айналысатын болғандықтан, этнопедагогика үшін бұл бағыттың маңызы өте зор.
Бұл процесте тұлғаның оқушылардың ой-санасы тың мəліметтермен кемелдене түседі, сезімі ұшталып, бойында рухани қажеттенулер пайда болып, белгілі бір іс-əрекетке итермелейді. Сондықтан оқушыларды патриоттыққа тəрбиелеу барысында алдымен патриоттық білім беріп, патриоттық сана қалыптастыру, патриоттық сезімін оятып, патриоттық іс-əрекетке бейімдеу қажет.
Мұнда патриоттық сананы тұлғаның ішкі жан дүниесінің қозғалыстары деп қарастыратын болсақ, ол сезімнен жəне іс-əрекеттен көрініс береді. Педагогика, психология, философия, əлеуметтану, тағы басқа ғылыми əдебиеттердегі патриотизмге қатысты ой-пікірлермен бірге, мерзімді басылымдардағы жекелеген ғалымдардың мақалаларын зерделеу барысында біз оқушыларды патриотизмге тəрбиелеудің бағыттарын нақтылау қажет екендігіне көз жеткіздік.
Психология мен педагогиканың өзара байланысында өмірдің тəрбиелік сұранысынан туындаған ауқымды бөлімі — педагогикалық, психологиялық ерекшелік. Патриоттық тəрбие проблемасын қарастыруда, педагогикалық, психологиялық ерекшеліктерді пайдалану оқушылардың əлеуметтік мінез-қылықтарын жобалауға жəне патриоттық тəрбие беруді жетілдіруге бағытталып отыр.
Біздің пікірімізше, психологиялық, педагогикалық ерекшеліктер арқылы, оқушыларды патриоттық сезімге тəрбиелеуде əрбір оқушының өзіне тəн дербестік, психологиялық ерекшеліктерінің мəнін айқындау жəне қазіргі кездегі жағдайына баға беру, алдағы уақытта даму мүмкіншіліктерін жобалау, нақтылы ұсыныстар жасауы керек [2].
Патриоттық тəрбиенің танымдық, адамгершілік өлшемдері, оның бірлігі, оқушылардың алған білімдеріне терең, жан-жақты қорытынды жасай білулеріне дағдыландырып, өмірдің күрделі жағдайларына байланысты өзіндік өмірлік бағыттарын өздерінің таңдауына əсер етті [3].
Талдау жұмыстарымызға қарағанда қазақ халқының ұлттық спорт ойындары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие беруге себепші болатын этнопедагогикалық білімдері мен ерекшеліктерін айқындағанымен, оны қалыптастырудың бүгінгі уақыт талаптарына сай айқындау қажеттілік болып саналады.
Сонымен, біз халықтық педагогика ғылымымен айналысып жүрген ғалымдардың пікірлеріне сүйіне отырып, оқушыларды патриотизмге тəрбиелеудің бір бағыты өзін-өзі Отанының патриоты болуға бейімдеу деп ұйғардық.
Оқушыларды патриотизмге тəрбиелеу — мемлекет ұстанып отырған басты идеялардың бірі, сондықтан біз сабақтан тыс тəрбиелік іс-шараларда ұлттық спорт ойындары көп мəн беруді жөн көрдік.
Ұлттық құндылықтар негізін құрайтын спорттық ойындар аудиториядан тыс жұмыстарда жүйелі түрде оқытудың дəстүрлі емес жаңа əдіс-тəсілдермен ұштастыра пайдалану оқытудың тиімділігін арттырып, оқушылардың ұлттық спорт туралы білімді игеруін қамтамасыз етеді жəне олардың ойлау қабілетінің дамуына, адамгершілік, ұлтжандылық, ұлттық мəдениетті дəріптеу дағдыларынының жетіле түсуіне жол ашады [4].
Ең бастысы, оқушының жеке тұлға ретінде дамуына септігін тигізеді. Демек, қазақ этнопедагогикасы құндылықтарын пайдалану мазмұндық тұрғыдан білім көздерінің бірі болып табылады.
Қазақ халқының туысқандық, бауырмалдық қасиеті оның жеті атасын білуді талап етеді. «Жеті атасын білген ұл, жеті рулы елді біледі» деген халықтың дана сөзі бар. Сондай-ақ «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген аталы сөз де ежелден бірліктің, бауырмалдықтың белгісін білдіреді.
Қазақ халқының бала тəрбиелеудегі мұрасына көз жіберсек, отбасына байланысты тұнып тұрған дəстүрдің бар екенін көреміз. Ұлттық салттар мен дəстүрлердің, əдеп-ғұрыптардың заманға сай ұрпақтарымызды өркендетер өрнектерін халық жоғары бағалайды.
Қазақ халқының құндылықтары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие берудің ғылыми- теориялық негіздері орта білім беру орындарында патриоттық тəрбие беруді зерттеу деңгейінің қазіргі жағдайын қарастырып, қазақ халқының ұлттық ойындары негізінде оқушылардың бойында патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы үлгісі жасалды.
Əрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері — рухани жəне адами қасиеттер, құлықтылық (моральдық тəлім-тəрбие) үлгілері бар. Сондықтан да əрбір жаңа ұрпақ үшін мəнді тəрбие ұлттық тұрғыдағы тəрбие үлгісі болып табылады. Өйткені мұнда тəрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар жəне биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып əрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды [5].
Ұлттық тəрбие — адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тəрбие жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бірін-бірі байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тəрбиеден тереңдеп нəр алған адам — рухани бай адам. Ондай адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мəдени жəне рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық əрі кəміл адам дəрежесіне тезірек жетеді.
Ұлттық менталитет — тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мəдениеті болсын, салт- дəстүрі мен наным-сенімі болсын — мұның бəрі де əрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Əсіресе наным-сенімнің əрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше.
Ұлттық тəлім-тəрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мəдениетінің өсуін үлкен тежелуге əкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дəстүрлерді дəріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды [6].
Халықтық дəстүрлер өзінің қоғамдық мəнін жойып, отбасылық мəнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғарғы оқу орындарының тəрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тəрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тəрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады.
Оқулықтар мен оқу-əдістемелік құралдар орыс тілінің аудармасы негізінде пайдаланылып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері ескерілмеді. Оқушыларға жан-жақты тəрбие беруде үлкен жауапкершілікті мойындарына алған жастар ұйымдары негізінен коммунистік тəрбие принциптеріне сүйенеді. Мектептердегі оқу-тəрбие жұмысының бағдарламалары, əдістемелік нұсқаулар ұлттық тəлім-тəрбиенің ерекшеліктерімен санаспады. Ұлттық тəрбиедегі ұрпақ сабақтастығы сақталмады.
Қазақстан жағдайында осыған орай кейбір мəселелердің басын ашып алмай тұрып, патриоттық тəрбиені дұрыс жолға қою мүмкін емес екені анық. Республикамыз бір саяси құрылымнан екіншісіне ауысып, басқару жүйесі жаңа сападағы қарым-қатынасқа бет бұрған өтпелі кезеңде қазақ халқының ұлттық құндылықтары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие беру жұмыстары дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Бұндай жағдайда заман ағымына қарата пайда болған тың ұғымдарды айқындап, оларға анықтама беру қажеттігі туындады.
Ұғымдар, түсініктер, ереже, қағидалар арқылы оқушылар санасында білім қалыптасып, ол өз кезегінде оның іс-əрекетіне бағыт береді. Біздің пайымдауымызша, патриотизмге тəрбиелеуде сүйенетін негізгі ұғымдар — «ұлттық патриотизм» жəне «қазақстандық патриотизм». Ұғым дегеніміз — заттар мен құбылыстардың жалпы айырмашылықтарын белгілерінің жиынтығы негізінде ой жүргізу. Ұғым — бір сөзден тұратын термин, не болмаса сөз тіркестерімен белгіленеді.
Ол ғылыми жəне практикалық білімдерді қалыптастыруда қолданылады. Ұғымдар негізінде пікір, ой-тұжырымдар қалыптасып, ой-қорытындылар мен пайымдаулар жасалады. Олай болса, бұл жерде «ұлттық патриотизм ерекшеліктері» жəне «қазақстандық патриотизм ерекшеліктері» ұғымдары арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, туған халық туралы нақты түсініктер берудің тиімділігі арта түспек. Ал түсінік дегеніміз — бір нəрсенің мағынасы мен мəнін ұғыну.
Сөйтіп, «ұлттық патриотизм ерекшеліктері» жəне «қазақстандық патриотизм ерекшеліктері» ұғымдарына анықтама беру, олардың мазмұнын құрайтын отансүйгіштік сезімін дамыту, ұлттық салт-дəстүрді ұстану мен мемлекет рəміздеріне құрмет қалыптастыру секілді т.б. тəлім-тəрбиелік мүмкіндіктерін кеңейте түседі.
Ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда салт-дəстүрлердің атқаратын орны ерекше. Ұлттық құндылықтарды түсіну үшін алдымен «ұлттық патриотизм» ұғымын түсіну қажет.
Ұлттық патриотизм дегеніміз — ең алдымен қазақ халқына сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру. Тереңірек пайымдасақ, мұның өзі ұлттарды ұлылауға бағытталып, ілгеріде жүргізілген кереғар ұлт саясатының кесірінен ұмытылып қалған дəстүрлердің жаңғаруы, ұлттық патриотизмін күшейте түсіруі.
Халық зердесінде өткен замандардың өшіп қалған материалдық, рухани мəдениетін, озық дəстүрін жаңғарту, оның ұлттық ойындардың бүкіл байлығы мен қазынасын қалпына келтіру арқылы патриоттық сезім жаңа сипат алады. Ұлттық ойындарымен айналысу жеке адамның, ұжымның санасында ұлттық психологияны қалыптастыру, демек олардың белгілі бір халықтық бөлшегі екендігін, түптамыры сол халықта, сол Отанда жатқандығын сезіну деген сөз.
Ұлтының наным-сенімдеріне, саяси көзқарастары мен ұстанған бағыт-бағдарын, ұлттың əрбір азаматы өзі өмір сүріп отырған ұлтының ерекшеліктерін танып-біліуі керек. Ұлттың салт-дəстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен ділін, дінін сыйлау, жетістіктеріне шаттану — ұлттың əрбір өкілінің азаматтық борышы. Біздің зерттеуімізде көтеріліп отырған ұлттық патриотизм ерекшеліктері оқушылардың өз ұлтының тарихы мен географиясымен, ұлттық батырлары мен біртуар тұлғаларының ерлік істерін білуі.
Тамырын халық педагогикасынан алып, барлық салада зерттеліп, ғылыми алғы шарттарға лайықты өз құндылықтарымен танылған қазақ халқының ұлттық құндылықтары оқушыларға этнопедагогикалық білім беру ісінің басты құралы болуда.
Орта мектептерде оқушыларға қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тəрбие беру ісінің маңызы зор екенін біз өз зерттеулерімізден көріп жүрміз. Өйткені егеменді ел болған соң сол елдің елдік белгісі ұлттық патриотизм тəрбиесі айқын көрінуге тиіс.
«Ұлттық патриотизм тəрбиесі» деген термин барлық ұлтқа байланысты айтылатын ұғым. Өйткені қандай ұлт болса да тəрбиесін өз тілінде, ұлттық тəлім-тəрбиелік тəжірибелерге байланысты жүргізеді.
Біз оқушыларға ұлттық спорт ойындары негізінде оқушыларға патриоттық тəрбие беруде осы ғылыми негізге сүйеніп, этнопедагогикалық тақырыптарды ұлттық мүмкіншіліктермен байланыстырып отырамыз.
Əдебиеттер тізімі
- Табылдиев Ə. Қазақ этнопедагогикасы: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 2001. — 320-б.
- Мудрик А.В. Введение в социальную педагогику. — М.: Знание, 1997. — С.
- Сейталиев Қ. Тəрбие тарихы. — Алматы: Мектеп, 1986. — 150-б.
- Төлеубеков Р.К. Қазіргі əлеуметтік-мəдени ортаның жеке тұлғаның қалыптасуына ықпалы // Ұлағат. — 1999. — № 2. — 3–7-б.
- Айталы А. Ұлттық жəне азаматтық сəйкестілік // Ақиқат. — 1997. — № 9. — 35–39-б.
- Оразбекова К.А. Ұлттық психология мен халық тəрбиесі болашақтың бастауы хақында. — Алматы: Дəуір, — 70,71-б.