Бала өмірінің бірінші күнінен бастап ата-аналар өздерінің ата-аналық борышын орындай бастайды, яғни олар тəрбиешіге айналады. Қуаныш пен қайғыны, қиындықты өз бастарынан бірге өткізе отырып, ата-аналар өсіп келе жатқан өз баласын рухани жəне жəндік күштілігін дамыту жолымен жетелеп, рухани жəне жəндік кемелдікке жеткізеді. Өмірдің өзі əрбір қадам сайын ата- аналардың алдына алуан түрлі сұрақтарды, мəселелерді дайындап ұсынып отырады. Ал ата-аналар болса тəрбиеші ретінде бұл мəселелерді үнемі, сағат сайын шешіп отыруына тура келеді. Бала өте беймаза, сабырсыз жəне көңілсіз кейіпке түскен кезде оның сабырлылығы мен көктем шуағындай күлкісін қайтару үлкен шығармашылықты талап етеді. Яғни толып жатқан педагогикалық мəселелерді шешуге ата-аналардың балаларына деген махаббаты жəне өмірден алған тəжірибесі мен сезімталдығы көмектеседі.
Тəрбие ісі екі жақты үрдіс болып саналады. Ол, бір жағынан, педагогикалық тəрбиелік жұмысын қамтитын болса, екінші жағынан, осы жұмыстың объектісі тəрбиенің əсерімен, оның мақсатты педагогикалық ықпалымен жұмысқа белсене араласатын балаларды қамтиды. Тəрбие ісінің мақсаты оқушылардың бойында адамгершілік ұғымдар мен сенімдерді, жоғары моральдық сезімдерді қалыптастыру, мінез-құлықтық берік ұлттық əдет-ғұрыптар мен дағдыларын бойға сіңіру, мінездегі ерік белгілерін қалыптастырып, теріс əдет-ғұрыптарды жою.
Əр ұлттың өзіне ғана тəн ерекшеліктері, қастер тұтар салт-дəстүрі, ұстанар əдет-ғұрпы болатыны бесенеден белгілі. Заман қанша құбылып, өзгерсе де, ұлтты ұлт етіп сақтайтын да, болмыс-бітімін байытатын да ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан аса бай рухани, материалдық жəдігерлер болса керек. Олай болса, «бүгінгі жасөспірімнің бойына сол ізгі қасиеттерді қалай сіңіріп жүрміз» деген сұрақ туындауы заңды. Біздің мақсатымыз — ата-бабамыздың асыл мұрасын, ұлттымыздың төлтума сипатын, бекзат болмысын көрсету.
Қазақ халқының көне дəуірден бері сақталып келе жатқан салт бала санасында қоршаған ортаға сүйіспеншілік сезіндіріп, оның адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыруда үлкен мəнге ие.
Соңғы уақыттағы қоғамдық қарым-қатынастардағы елеулі өзгерістер мен жетістіктердің мəні мəдениеттің ұлттық болмысын терең сезіндіріп, өркениетпен сабақтастыра дамытуға бағытталумен ерекшеленеді.
Тұлғаны дамыту мен қалыптастыруда ұлттық ұстанымдардың ролі өте үлкен. Қоғам мүшелерінің рухани өсуіне, оларды əдебиет, өнер қазыналарына біріктіруге, оларда жоғарғы эстетикалық сезімдер мен сапаларды қалыптастыруға өте үлкен мəн беру — күрделі міндеттердің бірі. Бұның бəрі, шын мəнінде, эстетикалық тəрбиені талап етеді. Тұлғаны жан-жақты жəне гармониялық дамыту оқу-тəрбиелеу жұмысының жалпы бағытын анықтайды. Бұл мағынада ол тəрбиенің жалпы мақсаты ретінде келтіріледі.
Сонау көне заманнан бергі даму тарихын тұтастай алғанда жалпы адамзат қоғамының даму сатыларымен іштей қабысып жатқанмен, қазақ деген халықтың қалыптасып, дамуындағы түрлі тарихи жағдайларға сəйкес өзінше ерекше болмыс танытады. Бұл ерекшелік жиһанкездер мен ғалымдарды, халық өмірін зерттеуге, тереңірек тануға ұмтылған зиялы жандарды ежелден қызықтырып, толғандырып келеді. Қазақы отбасы жөнінде жинақталған этнографиялық, фольклорлық материалдар əлі толық жүйеленіп, бүгінде ғылыми тұрғыдан жете сараланбағанмен, сандық ауқымы жағынан қомақты көлем құрайды.
Осы заман жағдайларында бала тəрбиелеу мəселесі экологиялық дүниетаныммен тиісті іс- əрекеттің қалыптасуы қиын міндеттерді алға тартады. Мұны шешу үшін мемлекетіміздің ерекшелігін ескеріп, тұтынушылық идеологиясының экологиялық жарамсыздығын түсіну қажет. Пайдакүнемдік идеологиясына ізгілікті қарама-қарсылықты іздестірудің тек əлеуметтік қана емес, терең экологиялық маңызы бар. Барлық елдердің экологтарының адамзаттың байсалдылыққа шақыруы тегін емес. Қоғамда осындай дүниетанымның қабылдануы адамдардың қалың бұқарасының мəдениеті мен білім деңгейінің жоғары деңгейінде ғана мүмкін болады, бұл жасөспірім ұрпаққа экологиялық тəрбие берудің міндеттерінің бірі.
Экологиялық дүниетанымның қалыптасуы тұтынуды шектеуді сезіне білуге байланысты. Бірақ мұндайда «əркімнің қабілетіне қарай, əркімге қажетіне қарай» деген əлеуметтік мақсат тіпті де алынып тасталмайды. Ол осы заманның ең өткір əлеуметтік-экологиялық проблемаларды ашық көрсетеді. Қажетсінушілік дегенде, организмнің даму мен өмірлік қызметін қолдау үшін объективті қажеттерді қанағаттандыруды айтады. Ал бұл, ең алдымен, қоршаған ортаның өмір үшін қолайлы экологиялық сапалары мен толық мəнді тамақтану болып табылады. Экологиялық дүниетаным аймақтық жəне жекеленген экологиялық проблемалардан өту мүмкіндіктерін ескеру арқылы жүзеге асады. Мұны шешу жаппай экологиялық апаттың шиеленісуін жұмсартып, алыстатады [1].
Оқушының дүниетанымы барлық оқытылған пəндерді білуден құралады. Оның дүниетанымы, ең алдымен, мектеп оқушысының ғылыми дүниетанымының қалыптасуымен байланысты, бұл сананың өзегі болып табылады, адамның рухани бейнесінің тұтастығын көрсетеді, оны қоршаған табиғат ортасын қорғауға мəні бар экологиялық тəсілдермен қаруландырады.
Жалпы білім беретін мектептердің нақты жағдайларында экологиялық білім беру жекелеген пəндердің мазмұнын экологияға бейімдеу жəне факультативтік сабақтар енгізу арқылы жүзеге асырылады. Экология — табиғат қорғау арнайы курсы Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде əзірше жоқ. Жоғары сыныптарда экологиялық білімдерді жалпылау жүргізілмейді, ал əр түрлі пəндер мұғалімдерінің қызметі үйлестірілмегендіктен, экологиялық білім берудің тиімділігі жоғары емес. Ол тереңдік пен жүйеліліктің жоқтығынан ақсап отыр. Оқу жоспарын, бағдарламаларын, білім беру стандарттарын талдау экологиялық білім беру саласында бірегей концептуалды, ғылыми-əдістемелік қөзқарастың жоқтығын, оның мазмұны мен негізін əр түрлі түсінушілікті аңықтады. Бұл қарама-қайшылықтардың бір жағы еліміздің экономикалық қиыншылықтарына байланысты, екінші жағы қазіргі кезеңде қоғамның экономика, табиғатты қорғау, білім беру, адамгершілік-психологиялық салаларында экологиялық білімнің рөлін жеткілікті бағаламауға байланысты болып отыр. Бұл жағымсыз жайларды реттеу 2003 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Экологиялық білім беру тұжырымдамасында қарастырылған.
Экологиялық білім беру мен тәрбие берудің қазіргі жағдайы, қоршаған орта туралы білім мен түсінік жəне тəртіптің қарапайым дағдысының негіздері, тұлғаның тəрбиесі мен қалыптасуы отбасында, мектепке дейінгі мекемелерде қаланып, жалпы білім беретін мектептерде жалғасын тауып əрі үздіксіз дами береді.
Елбасы ХХІ ғасыр «жоғарғы технология дəуірі» болатынын болжай отырып, соған лайықты мамандар даярлау мəселесіне бірнеше проблемаларды атап көрсетеді. Бұлардың қатарына инновациялық экономикаға құруға қажетті менеджерлер, білім беру саласында үздік оқытушы, ұлтжанды, адамгершілігі мол, өз елін, жерін, табиғатын қорғай алатын азаматты даярлау жатқызылатыны белгілі.
Білім берудің халықаралық стандартына сай экологиялық білім беру ісі біздің іс-тəжірибемізден де көрініс табуда. Экологиялық білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытудың инновациялық əдістері мен тəсілдерін сабақта, сабақтан тыс уақыттарда қолданыс тауып отыр. Қай заманда, қай қоғамда болмасын адам мен табиғат — егіз. Бұларды бірінен-бірін ажырату мүмкін емес. Сол себепті де табиғат пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың үйлесімді дамуы, əрбір адамның деңсаулығы, рухани жəне табиғи өсуі мен болашағы үшін ауадай қажет екендігіне адамдардың көзін жеткізу бүгінгі күннің өзекті мəселелерінің бірі болып отыр.
Экологиялық тəрбие экологиялық білімнің бір бөлігі болып табылады. Қоршаған ортаны қорғау мəселесі — ол ұжымдық сипаттағы əрекет. Экологиялық сана тек іс-əрекет процесінде қалыптасады.
Табиғатты оқып-үйренуде тек қана сыныптағы сабақпен шектелетін мұғалімді табу қиын, ол міндетті түрде сыныптан тыс уақытта мектептің негізгі міндеттерін шешуге көмегін тигізетін алуан түрлі тəрбиелік мəні бар іс-шараларды өткізеді. Сыныптан тыс жұмыстың басты бағыты — бағдарламада қаралған білімді тереңдету, балалардың жан-жақты дамуына ықпал ету.
Əлемде демократиялық құрылым тараған сайын қазіргі қоғам жастары кез келген қиыншылықтарды жеңуге, өз мəселелерін өздері шешуге, əр түрлі жағдайларға сын тұрғысынан қарауға, екі ұйғарым пікірдің біреуін таңдауға, саналы шешім жасауға үйрену қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі кезде оңтайлы жəне тиімді нəтиже беріп, қолданыста жүрген инновациялық оқытудың түрі «Оқыту мен жазу арқылы сын тұрғынан ойлауды дамыту» бағдарламасын іс-тəжірибемізде қолданып келеміз. Бағдарламаның мақсаты — барлық жастағы оқушыларға кез келген іс-əрекетке, мазмұнға сын тұрғысынан қарауды, сабақта, сабақтан тыс уақытта үйрету. Сын тұрғысынан ойлау белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя салыстыру, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарайтын белгілі бір жүйелікке түсіріп, қолдану болып табылады. Жас балалар өз даму деңгейіне байланысты ойы шыңдалып, кез келген нəрсеге сын көзбен қарай алады. Мысал ретінде іс-тəжірибемізден үлгісі «Айналадағы ортаны қорғау жəне экологиялық мəселелер» атты сабақтан тыс уақытта № 68 мектеп-интернат кешенінде орта буын оқушыларымен өткізілген тəрбие сағатымыздың үлгісін ұсынамыз. Тақырып: «Айналадағы ортаны қорғау жəне экологиялық мəселелер».
Мақсаты: ұзақ мерзімдік орнықты даму мүмкіншілігін қамтамасыз ететін қоғамның қоршаған ортамен қарым-қатынасының үйлесімділігін, табиғатқа ұқыпты саналы түрде қарап, жаңаша ойлау мен дүниеге жаңа көзқарасты қалыптастыру. Қойылған мəселелердің шешімін өз бетімен табу арқылы сын тұрғысынан ойлаудың дамуына мүмкіндік беру.
Сынып оқушылары топ болып отыру үшін парталар алдын ала ыңғайланып қойылады. Тақтаға балаларға арналған ереже жазылады:
- мұғалімді тыңдау;
- қол көтеру;
- сөзді бөлмеу;
- уақытты үнемдеу.
Топтық жұмыстарды бағалауға арналған өлшемдер:
- тақырыпты түсіндіре білулері;
- мəнді, орынды сұрақтар қоюлары;
- мысалдарының сəйкестігі;
- топтарына өзара көмектесулері;
- жобаны қорғаулары. Міндеттері:
- Мазмұнға байланысты:
Айналадағы ортаны қорғау жəне экологиялық мəселелер жайлы толық ақпарат алып, өз білімдерімен салыстырып, талдау жасау мүмкіндігі аңықталады.
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
Берілген ақпаратты зерттеп, талқылап, экология жайлы алған білімдерін салыстырып, талдау жасау мүмкіндігі жасалады.
- Топпен жұмыс.
Шығармашылық жұмыстарды іске асырып, бірлесіп, кішігірім топтарда жұмыстар жасай отырып, қорытынды жасайды, ұжымдағы іс-əрекет іске асырылады.
Көрнекі құралдар: экологиялық тəрбиелік мəні бар кітаптар көрмесі, кесте картасы, оқушылар есте сақтайтын ереже-плакат.
Тəрбиелік іс-шараның барысы:
Оқушылардың еркін ойлауына, тақырыпты ашық талқылауына мүмкіндік беру үшін оларды топқа бөліп алады.
- Тақырыпқа қызығушылықты ояту сатысы.
Тақырып: «Айналадағы ортаны қорғау жəне экологиялық мəселе». І.Ой қозғау стратегиясы.
Жеке жұмыс:
а) Балаларға бес минут ішінде айналадағы қоршаған ортаны қорғау, табиғат, экологиялық мəселелер жайлы не білетіндерін, тақырып төңірегінде ойларына не келеді, соны жинақтап жазу керектігі тапсырылады. Тапсырманы жеке əрбір оқушы дербес орындайды.
Жұппен жұмыс:
б) Табиғат, экология, айнала қоршаған орта жайлы берілген тапсырманыны екі адам бірігіп, ой бөлісіп, пікірлесіп, жұпта талқылайды.
Топпен жұмыс:
в) Берілген тапсырма бойынша балалар шағын топта өз ойларын ортаға салып, талдап, талқылап, ақпараттары кеңейтіледі, əрбір оқушыда жауапкершілік сезім пайда болады да, араларынан бір спикер сайланып, ортаға шығып, жинақталған мəліметтерді баяндайды.
Бұл іс-əрекеттерден байқауға болатын жағдай — балалардың жаңа материалды меңгеруге дейінгі ақпараттарының қаншалықты бар екенін бақылау, тексеру, ойлау қабілеттіліктерінің құндылығын бағалау.
Оқушылардың оқу-танымдық іс-əрекеттерін ұйымдастыру жəне іске асыру əдістерін негізге алып, оқу материалын оқытушы бірізділікпен жүйелі деректерге сүйеніп, балалардың білімін, білігін, дағдысын қалыптастыру мақсатында жаңа материалды бастапқы біліммен байланыстыра баяндайды. Терминдік сөздіктерге аңықтама береді.
Əрбір уақыт кезеңіңде зейіннің тұрақтылығын қамтамасыз ете білу мақсатында проблемалық сұрақтардың туындауына мүмкіндік беріп, оқушылардың қызығушылықтарын арттыруға назар аудару қажеттігі туындайды.
Мағынаны ажырату сатысы.
Мұғалім хабарлаған жаңа ақпаратты əр оқушы өз жазғанымен салыстырады да, келесі тапсырманы орындайды.
«Білемін. Үйрендім. Білгім келеді» атты кестені толтырады. Мысалы:
Аталмыш кесте — «Білемін, үйрендім, білгім келеді» атты оқыту стратегиясы.
Барлық топтың мүшелерінің шығармашылығын дамыту мақсатында уақытты үнемдеу арқылы оқушылардың барлығын тыңдауға мүмкіндік беріледі. Кестеге толықтырулар, ұсыныстар, жаңа ойлар қосуға болады.
Кестені толтырып болған соң топтан бір спикер шығып, жұмыстарын қорғайды.
3-сатысы — «Айнала қоршаған ортаны қорғау» атты оқу-тəрбие сағатының келесі тапсырмасы.
Оқушылар ауызша, жазбаша жинақтаған материалдарын біріктіріп, кіріктіріп, толықтырып, бір жүйеге келтіріп, өз ойларын сурет арқылы бейнелеп, оның қаншалықты құндылықтарын аңықтайды. Топтағы оқушылар «Табиғатты қорғау» тақырыбы бойынша сурет салады да көкейкестілігін дəлелдейді.
Бұл оқыту стратегиясы негізгі идеяны суреттеу деп аталады. Осы оқу-тəрбие моделінен көретініміз:
Оқыту-тəрбиелеудің мақсаты психологиялық-педагогикалық тұрғыдан орындалады.
Оқушылар жаңа ақпаратпен өз ақпараттарын салыстыра алады. Сондай-ақ оқыту, тəрбиелеу процесіне барлық оқушылар толығымен белсенді қатысады. Пікір алмасу жүзеге асады. Оқушылардың ақыл-ой əрекеттері белсендіріледі жəне оларда сын тұрғысынан ойлай білу əрекеті дамытылады.
Қорыта келгенде, жеке тұлғаның жан көріністерінің үш түрінің: ақыл көріністерінің (таным үрдістері), ішкі сезім немесе көңіл (сезімдері мен эмоциялар) жəне қайрат көріністерінің (ерік үрдістерінің) дамытылуы оның сын тұрғысынан ойлауымен байланысты. Бұл модельдің болашағы зор, тұтас педагогикалық процестің негізгі міндеттерін шешуге, жеке адамның шығармашылығын қалыптастыруға ғылыми негіз бола алатынына сенеміз.
Əдебиеттер тізімі
- Жұматаева Е.Ө., Шавалиева З.Ш. Мектепте экологиялық білімнің психологиялық-педагогикалық негіздері //ҚарМУ хабаршысы. — Педагогика сер. — 2007. — № 3 (47). — 129–133-б.