Мектеп оқушылары арасында спортты жаппай дамыту — оқушылардың спорттық шеберліктерін арттырудың ең маңызды жағдайларының бірі. Екінші жағыннан мектептегі спорттың кең өріс алуы дене тəрбиесі жөніндегі барлық жұмыстарды жақсартуды қамтамасыз ететін факторлардың бірі болуы тиіс.
Мектептегі спорт кең қанат жаюы керек пе, керек емес пе, бұл мəселе мектеп тəрбиесінде əлдеқашан оң шешімін тапқан. Мектептегі спортты мойындау — бүкіл дене тəрбиесі жүйесінің даму нəтижесі.
Мектептегі дене тəрбиесінің негізгі міндеттері оқушылардың денсаулығын нығайтып, дұрыс дамуына əсер ету, өмірде қажетті қимыл-қозғалыс дағдыларына үйретіп, дене, жігер жəне адамгершілік сапаларын тəрбиелеу болып табылады.
Спорт дене тəрбиесі жүйесіндегі негізгі құралдардың бірі болып табылады. Спорттың маңызды ерекшелігі оқушылардың жан-жақты дене дамуының негізінде дене жаттығуларына біршама тар көлемде мамандану болып есептеледі [1].
Шындығында, спорттың көптеген түрлері дене жаттығуларының шектелген түрлерінен ғана, мысалы: шаңғы спорты — шаңғымен жүгіруден, биікке көтерілу мен түсуден, трамплиннен секіруден, жеңіл атлетика — жүгіру, секіру жəне лақтырудан, жүзу белгілі бір тəсілдермен жүзу, суға секіру жəне судағы ойындардан ғана тұрады.
Оқушылардың жан-жақты дене дамуын қамтамасыз ету үшін мектептегі спортпен айналысу гимнастика жəне Президент сынамаларының нормаларын тапсырумен табиғи байланыста болуы керек. Спорттық жаттығулар енгізілген негізгі гимнастика мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізілетін оқу-жаттығу жұмысының басты мазмұны болып есептеледі. Мектептің жоғары сыныптарындағы сабақтар барысында өтілетін спорт жəне оның элементтері дене тəрбиесі ұжымы секцияларының жұмысынан жалғасын таппақ.
Дене тəрбиесі сабағындағы денеге түсетін ауырлықты оқушылар дайындығының деңгейі, жынысы, жасы, денсаулығы, күш шамасының көрсеткіштеріне байланысты бағдарлы түрде жоспарланған жаттығулар құрастырады. Жаттығуларды орындағанда олардың қайталануы мен соған бөлінген уақыт мөлшері анықталады, себебі жаттығулардың денеге тигізетін əсері əр түрлі болып келеді. Сондықтан денеге түскен ауырлықты реттей отыруда дəрігерлік тексеру жолдары қолданылады. Олар: қан қысымын, дененің ыстығын өлшеу, қан тамырының соғуы, қанның құрамын тексеру. Бұдан басқа мұғалімнің байқағыштық қабілеті мен іс-тəжірибесі үлкен орын алады.
Атап айтқанда, ауырлықты шектен тыс түсірудің нəтижесінде қол мен аяқтың дірілдеуі, беттің шаршағандығы кескіні, денесін тік ұстай алмауы, белсенділіктің төмендеуі сияқты белгілерімен анықталады.
Мұндай жағдайларды болдырмауда негізгі орындалатын жаттығулардың жалпы көлемі мен орындалу қарқынын реттеп отыру қажет [2].
Дене тəрбиесі мұғалімдерінің көпшілігі дене тəрбиесінің оқу процесін жоспарлау, қажетті құжаттарды жасауға зор көңіл бөліп келеді. Бірақ кейбір мұғалімдер өздерінің көп жылдық іс- тəжірибесіне сеніп, ұйымдастыру, оқу процесін жоспарлау жұмысына көп көңіл бөлмейді, ал бұл дене тəрбиесі жұмыстарының сапасын төмендетіп, тиянақты орындауға айтарлықтай зиянын тигізеді. Мектептегі оқу жоспары бойынша жүргізілетін дене тəрбиесі сабақтарында денені шынықтыру мəселелеріне жəне оның жаттығуларын үйрету ісіне көңіл бөлінбейді, соның салдарынан мектептегі дене тəрбиесі өзінің толық жүзеге асуына негіз болмай, жалпы сауықтыру мен жай көтеру ісіне немесе бағдарлама жаттығуларын жеңіл-желпі өткізуге бағытталады. Сондықтан оқытуды жоспарлау ісіне аса жауаптылықпен қарау дене тəрбиесі мұғалімінің ең негізгі жауапты парызы, міндеті.
Дене тəрбиесі сабағын жоспарлауда мектептің материалдық жағдайына, құрал-жабдықтарымен қандай дəрежеде қамтамасыздандырылғаны еске алынуы қажет.
Мектептегі дене тəрбиесі бойынша жұмыстың нəтижелі болуы түрлі сынамаларды тапсыру болып табылады. Бұл жерде Президенттік сынамаларды тапсырудың маңызы зор.
Президенттік сынамалар мектептегі жаттығу сабақтарының барлық түрлерінің негізгі мазмұны болып табылады. Сондықтан Президент сынамаларын тапсыруға даярлық дене тəрбиесі бойынша оқу жұмыстарына да, сондай-ақ сыныптан тыс жұмыстарға да енгізілгені жөн.
Сонымен, мектептегі спорт дене тəрбиесінің негізгі құралы болып табылды да, оқушылар онымен айналыса отырып, өзінің денесін жан-жақты жетілдіру ісін жалғастырды жəне жоғары спорттық көрсеткіштерге жетуге талаптанып, дене жаттығуларының кейбір түрлеріне маманданады. Спортпен айналысу процесі дене тəрбиесі мұғалімінің басшылығымен ұжымда спорттың таңдап алынған түрі бойынша үйрену, жаттығу жəне жарысудың ұйымдасқан түрдегі педагогикалық процесі болып табылады.
Бұл процестің əдістемелік ерекшелігі спортқа мамандану негізгі гимнастика жаттығуларымен жəне Президенттік сынамалар нормативтерін тапсырумен іштей, табиғи байланыста болады.
Үкімет қаулысының нұсқауларына сəйкес оқушылар арасында дене тəрбиесі мен спортты жаппай дамыту, мектептегі дене тəрбиесі ұжымы мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде оқу- жаттығу жұмыстарының сапасын жақсарту, жас спортшылардың спорттық-техникалық жетістіктерге жету деңгейін көтеру мектептердегі дене тəрбиесі бойынша жүргізілетін сыныптан жəне мектептен тыс жұмыстардың маңызды міндеттері болып табылады.
Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың дене тəрбиесін жүзеге асыру ісінде, олардың денесін жан-жақты жетілдіруде, оқушылардың бос уақытын пайдалы түрде ұйымдастыруда, сонымен бірге оқу-тəрбие жұмысын жалпы жақсарту мəселелерінде мектепке көмек беруі керек.
Мектептегі спорт үйірмелері өздері қалаған спорт түрлерімен айналысатын оқушылар үшін құрылады. Бұл жерде олардың қамтамасыз ететін жағдайлар есепке алынады.
Үйірменің жұмысына жалпы басшылықты сабақ немесе жаттығу өткізуді дене тəрбиесі пəні мұғалімі жасайды.
Жалпы дене тəрбиесінің негізгі міндеті оқушыларды дене тəрбиесінің жаттығулары арқылы дене бітімнінің дұрыстығы мен мықтылығын қимыл-қозғалыстарды игеру іскерлігі мен дағдысын дененің сапалық қасиеттерін дамыта түсу болып саналады.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мектептер дене тəрбиесі ұжымдарының үйірмелері мен секцияларына оқушыларды көптеп тартуды ұйымдастырады. Барлық оқушыларды қатыстыра отырып, дене тəрбиесі бойынша мынадай көпшілік шараларды өткізеді: дене тəрбиесі мерекелерін, спорттық жарыстарды, ойындарды, серуендерді, саяхаттарды, Президент сынамаларының нормативтерін тапсыруды ұйымдастырып, дайындауды, оқушылардың, олардың ата-аналары мен мектеп ұстаздарының арасында дене тəрбиесі мен спортты үнемі насихаттауды жүзеге асырады.
Мектепте спорттық дайындықты оқыту барысында көптеген арнайы ұғымдар мен сөз тіркестері қолданылады. Спорттық дайындық дене тəрбиесі бағытында ерекше орын алып, оның бір бөлігі ретінде қаралады. Педагогикалық тəжірибеде «спорт» ұғымын адамдарды мамандандырылған еңбек арқасында дене тəрбиесіндегі жекелеген жаттығулар түрін игеріп, жоғарғы нəтижеге жетумен байланыстырып жəне спорттық дайындығын бағалайтын белгі болып, дене тəрбиесінің бағдарын көрсетеді.
«Спорттық жаттығу» ұғымы басқа көптеген ұғымдар сияқты бір мағына бермейді. Бірақ оның тура мағынасыда басқа болуы мүмкін. Мысалы: дене жаттығуы, ой жаттығуы, мінез-құлықты қалыпқа келтіру жаттығуы, айналмалы жаттығу т.б. Осы жағдайлар «жаттығу» ұғымының мағынасын түсінуде қатаң назар аударуды талап етеді.
«Спорттық жаттығу» ұғымын кең мағынада алып қарағанда, «спортшы дайындығы» ұғымымен сəйкес келгенмен, мағынасы əлдеқайда кең. Осы керекті барлық факторларды (құралдар, жолдар т.б. жағдайлар) қолдана отырып, спортшының жоғарғы нəтижелер көрсету дайындығын білдіреді. Бұл факторлардың бастылары спорттық жаттығуды спортшының үздіксіз жүйелі түрде қолданып дайындалуын қажет етеді.
Спортшы дайындығының мазмұны мен əдістері тек жаттығуымен шектеліп қоймайды. Басқаша айтқанда, жаттығу процесінің аумағынан шығып кететін дайындық бөлімдері де болады (спортшыны ауызша дайындаудың арнайы түрлері, дайындықтың күнделікті өмірдегі гигиеналық факторы жəне т.б.).
Сонымен, «спорттық жаттығу» дегеніміз — əр түрлі қимыл қозғалыс жаттығуларын қолдана отырып, спортшыны жоғарғы шеберлікке дайындайтын педагогикалық процесс. Ал спорттық жаттығуды дене тəрбиесі процесімен байланыстыра қарасақ, ол дене тəрбиесінің бір түрі екендігі белгілі болады. Бұдан спорттық жаттығуды спорттың бір түріне қажетті дене тəрбиесі деп қараймыз.
Оқушылармен спорттық-бұқаралық жұмыста қимыл-қозғалыс ойындарды пайдалану тиімділігі туралы мəселе мерекелі болмайды. Балалар мен жасөспірімдер физиологиясының ғылыми-зерттеу институттарының деректері бойынша, 45 минуттан аптасына екі рет дене шынықтыру сабақтары жасөспірімге қажетті қозғалу, белсенділік нормасының 11 % ғана толықтырады. Оны қамтамасыз ету үшін аптасына 10–11 сағаттық міндетті дене шынықтыру сабақтары қажет. Демек, сабақтар сыныптан тыс сабақтарымен толықтырылуы қажет [3].
Жоғарыда айтылған шарлармен бірге кешенді бағдарлама құрамы да ай сайын денсаулық спорт күндерін өткізу ұсынылады. Озық тəжірибелерді пайдалана отырып, мұндай шараларды тиімді өткізу дене тəрбиесі мұғалімінің шеберлігін анықтайды.
Дене тəрбиесінің тағы бір шеберлігін анықтайтын жайт, дене тəрбиесінде арнайы медициналық топтарды нақытылап, дұрыс жолға қоя білуі.
Бұл ретте сонымен қатар мектептерде арнайы медициналық топтарының оқушылармен жалпы дене дайындығы топтарында қозғалмалы ойындар өткізілу болып табылады. Ондай оқушылармен арнайы бағдарлама бойынша сабақ өткізуде, гимнастикалық жаттығулар, спорттық ойындар, жеңіл атлетика жəне шаңғы дайындығы элементтерімен қатар, қозғалмалы ойындар да енгізілді.
Денсаулығы нашар балалармен сабақ өткізуде қозғалмалы ойындарды қолдану арқылы, олардың денсаулығын жақсартуға мүмкін болғанша əсер етіп, қимыл-қозғалыс қызметтерін артта қалуын болдырмау болып табылады.
Қимыл-қозғалыс ойындары — дене тəрбиесінің, мектеп жасындағы балаларды дене шынықтыру жəне спорт сабақтарына жұмылдырудың, олардың белсенді демалысын ұйымдастырудың əрекеттік құралдарының бірі. Көп жылдар бойы балалардың дене тəрбиесінде ойындарды кеңінен қолдану мəселелері П.Ф.Лесгафт (1988, 1901), В.В.Гориневский (1930), М.В.Лейкина (1947), В.Г.Яковлева (1947, 1954, 1974), И.М.Коротков (1958, 1979), Е.М.Геллер (1978) жəне тағы басқа дəрігерлердің, педагогтардың, спорт жаттықтырушыларының назарына алынды. Бұрынғы кезде қимыл-қозғалыс ойындарының кешендері бойынша жарыстарды ұйымдастыруға жəне өткізуге əрекеттенген.
Мысалы, В.Г.Яковлеваның «Қимыл-қозғалыс ойындары жөніндегі бұқаралық жұмыстағы жаңашылдық» мақаласында (1955) Мəскеудегі қысқы қимыл-қозғалыс ойындары бойынша жарыстарды өткізудің сипаттамасы беріледі.
Қимыл-қозғалыс ойындарының кешендері бойынша жарыстарды ұйымдастыру жəне өткізу идеялары Е.М.Геллердің «Спортландия» (1969), «Көңіл старттар» (1978) жұмыстарында көрсетілген. Мұнда оқушыларға арналған ойын кешендерін таңдаумен байланысты мəселелер де қарастырылған [4]. Бірақ қимыл-қозғалыс ойындары бойынша жарыстарды қолдану мүмкіндігі балалармен спорттық-бұқаралық жұмыстар тəжірибесіне тиісті енгізілмеді. Белоруссиядан, Мəскеу, Брест, Киев, Волгоград қалаларынан, Қазақстаннан жинақталған «Спортландия», «Батыл жəне епті», «Спорттық жанұя», «Көңіл старттар» бұқаралық жарыстар еліміздің көптеген мектеп ұжымдарының, аула клубтарының, БЖСМ жұмыс тəжірибесінде кеңінен таралды [5].
Ойын кешендерін құруға қойылатын талаптарды орындауда дене тəрбиесі мұғалімінің алатын орны зор. Жарыс ұйымдастырушыларына ойындарды таңдау жəне ойын кешендерін құру кезінде дұрыс ұйымдастыру шартымен жарыстарды табысты өткізу кепілі болып табылатын балалардың мүддесін, олардың дамуы, дене мүмкіндіктері ескерілуі маңызды.
Педагогика кез келген ойынды қабылдамайды, тəрбиелік, білім сауықтыру мəселелерін шешуге жауап беретін ойындарды ғана қабылдайтыны белгілі. Ойындардың бала организмінің психофизиологиялық ерекшеліктеріне қатаң сəйкес келуі қажет. Дене дамуының деңгейін жоғарылатуға əкелетін ойында пайдалы қимыл-қозғалыстың бар болуы қажет етіледі. Ұсынылатын ойындар мораль талаптарына жауап беруіне, дұрыс адамгершілік қасиеттерін тəрбиелеуі тиіс.
Бұл қасиеттер орын алмаса, мектептегі қозғалмалы спорттық ойындар өз мəнінде өтіп жатыр деп айта алмаймыз. Осыған сəйкес мектептерде осы талаптарға жауап беретін мамандарды дайындау уақыт талабы болып отыр.
Ал əлемдік оқу жүйесіне сəйкес Қазақстан мектептері он екі жылдық оқу түріне көшкен жағдайда оқушылар спорттың барлық түрімен шұғылдануға мүмкіндік алады. Спортқа дарынды балалар спорт мектептерінде өздерінің шеберліктерін шыңдап, өздерінің болашақ мамандығын игеруге қол жеткізе алады.
Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер əр түрлі ынталы бастамаларға кеңінен жол ашуда. Осы тұрғыдан қарағанда дене шынықтыру мен спорттың дамуына үлкен септігін тигізеді деп сенеміз.
Мектептегі дене тəрбиесі өнегелі əдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттерімен бірге көмек көрсету, адалдыққа, өзін қоршаған ортаға дұрыс көзқараспен қарауға, еңбекшілдікке ерік сапаларын қалыптастырып тəрбиелеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда оқушылар өздерінің мүмкіндіктерін арттырып, өздерінің шығармашылығын дамытуға сезімі мол болып, ертеңге деген сенімі өсе түседі.
Нəтижесінде ертеңге деген сенімі мол маман мектеп қабырғасынан өз жолдамасын алады. Ендігі күрделі мəселе, қосымша білім алып дене тəрбиесі субъектісі ретінде жаңа талапқа сай функцияларын өзгерту мен тиімді амалдарды табу, жалпы дене тəрбиесі жұмыстарының жаңа тəсілдері мен əдістерін оларды ұйымдастыру қағидаларын анықтау шараларын жүзеге асыру міндеттері тұр.
Бұл міндеттердің шешілуі дене тəрбиесі саласының аса өткір мəселелерінің бірі болып саналады. Дене тəрбиесі əдіс-амалдарын өзгеше тəрбиелейтін жаттықтырушы-педагог мамандығын даярлауға мүмкіндігі бар жоғары оқу орны Қазақтың спорт жəне туризм академиясы, ал қалған оқу орындары тек қана дене тəрбиесі мұғалімін даярлауға арналған.
Осындай жоғары талаптарға жауап беретін мұғалімдерді даярлау барлық білім саласында қажет болып отыр. Бұл мəселелер оң шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Əдебиеттер тізімі
- Бодеев М., Хасенов Х., Рахметуллаев Ж. Қозғалмалы ойындар. — Қарағанды, 2007. — 84-б.
- Есмағамбетов З.Е. Дене тəрбиесін өткізу жəне басқару. — Қарағанды, 2004. — 19-б.
- Қасымбеков С., Телеуғалиев Ю.С., Тайжанов С. «Дене тəрбиесі» пəнінің бағдарламасы (5–11 сыныптар). — Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 2000. — 45-б.
- Капланский В.Е. Развитие координационных способностей при освоении программы лыжной подготовки //Физкультура в школе. — 1990. — № 10. — 13–19-б.
- Есжанов Б., Муса А. т.б. Шаңғы дайындығы бөлімінде // Қазақстан мектебі. — 2005. — № 5, 6. — 51–53-б.