Соңғы жылдары біздің еліміздегі болып жатқан экономикалық жəне саяси дағдарыстардың салдары əрбір қоғам мүшесіне, отбасына жəне отбасындағы қатынастарға əсерін тигізеді. Еліміздегі экономикалық саясаттың тұрақсыздығы, əлеуметтік институт ретінде, отбасы қызметінің бұзылуына, оның ішінде ажырасудың, қолайсыз отбасылар санының өсуіне əкелуде. Осыған орай суицид (өзін- өзі өлтіру) мəселесінің, оның ішінде жасөспірімдердің арасындағы бұл құбылыстың жылдан жылға өсуі алаңдатушылық тудыртады. Бұл тақырыптың өзектілігі өмірдің қиын кезеңдерінде, жасөспірімдерге отбасының қарамағынан қажетті көмектің болмауының салдарынан, жасөспірімдердің суицидалдық жүріс-тұрыс жасауымен анықталады.
Осыған орай біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі мақсаты отбасындағы қақтығыстар мен жасөспірімдердің суицидалдық жұріс-тұрыстары арасындағы өзара байланысты ескере отырып, жасөспірімдерді гүлденген шақта, өмірден түңілген əрекетке итермелейтін себептерді ашумен анықталады. Бұл мақаламызда зерттеу жұмысына тоқталмас бұрын, суицидалдық жүріс-тұрысы бар жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктеріне жəне отбасындағы қақтығыстардың жалпы сипаттамасына тоқталғанды жөн көрдік. Біз суицидалдық жүріс-тұрысы бар жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері мен отбасындағы қақтығыстардың себептеріне, сипаттамасына жəне оның жасөспірімдердің суицидалдық жүріс-тұрысына əсерін теориялық тұрғыда қарастырамыз.
Зигмунд Фрейд өз заманында «өлім инстинкті» терминін енгізіп, оны адамның табиғатында өзін- өзі қиратуға деген талпыныстың болуымен түсіндіреді. Қоршаған ортадағы басқа тіршілік иелері өмір сүруге, жарықты көруге талпынып жатса, ал басқа жекелеген индивидтер, керісінше, өз өміріне балта шауып, өмірмен қоштасып жатады [1].
Суицид — адамзаттың ең маңызды мəселелерінің бірі. Өзін-өзі өлтіру — бұл қоршаған ортадағы адамдардың тарапынан аяушылық сезімін тудырту немесе басқа адамдарға қандай да бір мақсатпен əсер ету мақсатында жасалатын, көмек сұраудың бір тəсілі [2].
А.Г.Амбрумова суицидалдық жүріс-тұрыс бұл тұлғаның қоршаған орта жағдайларының жағымсыз болуы салдарынан немесе индивидтің өмірлік мəселелерді субъективті тұрғыда интерпретациялаудың негізіндегі, тұлғаның əлеуметтік-психологиялық дезадаптациясының нəтижесі болып табылады дейді [3].
Соңғы жылдардағы А.Г.Амбрумова, В.А.Тихоненко, Л.Л.Бергельсон жəне тағы басқалардың басшылығымен жүргізілген зерттеулер суицид табиғатын екі тұрғыда түсіндіреді, біріншіден, яғни суицид психикалық ауру адамның аутоагрессивті актісі десе, екіншіден, суицидтік жүріс-тұрыс «микроəлеуметтік қақтығыс» жағдайына, психикалық дені сауадамдардың əлеуметтік- психологиялық дезадаптациясының нəтижесінде туындайды деп көрсетеді.
Суицидалдық бағыттылық тұлғаның бойында суицидалдық əрекеттермен ойлар арқылы қалыптасады. Суицидтік жүріс-тұрыс адамның бойында өзін-өзі өлтіруге бағытталған ішкі жəне сыртқы психикалық актілер арқылы жəне суицидалдық ойлар, елестер, уайымдар мен суицидалдық тенденциялар арқылы көрінеді. Суицидалдық ойлар суицидалдылықтың белсенді формасы ретінде, өзін-өзі өлтіруге деген арнайы жоспарларды құру мен оны жүзеге асыруды ұйымдастыру туралы ойлар арқылы көрінеді. Ал суицидалдық тілектер адамның өзін-өзі өлтіруге деген ойларына еріктің жəне арнайы құралдардың дайындалу компонентінің қосылуы мен сыртқы əрекеттік қарапайым актілер арқылы көріне бастайды. Бұл кезеңді суицид алдындағы кезең деп атайды. Мысалға, алдын ала орынды, қажетті құралдарды дайындау, уақытты жоспарлау жəне т.б. Бұл кезеңнің ұзақтығы минуттардан айларға дейін созылуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға сəйкес, суицидті өзін-өзі өлтіруге деген нақтылы əрекеттер арқылы көрінетін, тұлғаның деструктивті жүріс-тұрысы деуге болады [4].
Экономикалық дағдарыстар, жақын адамның өмірден кетуі, ауру, отбасындағы қақтығыстар, стрестік жағдайлар секілді құбылыстар адамның қорғану механизмдерінен асып түсіп, адам бойында түңілу, өкіну сезімдеріне əкеледі.
Осыған орай стрестік жағдай, адамның жас дағдарысы секілді факторлар адамның суицидалдық əрекет жасауына əсер етеді. Стрестік жағдайда адам өзін-өзі өлтіруге өте сезімталды болып келеді жəне дағдарыс кезінде адам барлық перспектива мен бағдарланушылықты жоғалтады, болашаққа деген болжамдар күңгірт, əрі сенімсіз болып көрінеді.
Суицид өте қиын, күрделі психикалық жарақат əкелетін жағдайлардың салдарынан, адамның өмір мəнін жоғалтуы арқылы көрінетін, соның негізінде өз-өзіне қол жұмсау арқылы жүзеге асатын, адамның саналы əрекеті болып табылады. Суицидтік жүріс-тұрыстың көрінуіне немесе оның алғы шарты ретінде апатияны, болашақ перспективаларға сенімсіздікпен қарауды жəне белсенділіктің төмендеуін жатқызуға болады. Дегенменде суицидтік жүріс-тұрыстың көрінуіне психикалық жарақат əкелетін салдармен қатар, суицидтік əрекет жасаушы адамның тұлғалық ерекшеліктері де үлкен əсерін тигізеді. Көптеген авторлар өмірлік жағдайларға адекватты тұрғыда қарауға мүмкіндік бермейтін мынадай жиі кездесетін тұлғалық ерекшеліктерді көрсетеді: қажеттіліктер мен тілектердің кернеулікте болуы, қажеттіліктерді қанағаттандырудың адекватты жолын таба алмаушылық, туындаған күрделі, мəселелік жағдайдан шығудың жолын іздеуден бастарту, өзін-өзі бақылау деңгейінің төмен болуы жəне туындаған жүйке-психикалық қысымын бəсеңдете білмеушілік, эмоционалдық тұрақсыздық, импульсивтілік, жоғары сенгіштік, ымырасыздық пен өмірлік тəжірибенің жоқтығы.
Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, суицидалдык жүріс-тұрыс көбінесе жасөспірімдік кезеңде жиі кездеседі. Себебі бұл жасөспірімдік шақта баланың ағзасындағы жыныстық жетілу мен физиологиялық-психологиялық өзгерістерге негізделеді. Осы жаста болатын өзгерістерге байланысты баланың бойында үрейлену сезімі, жоғары қозушылық, депрессивтілік анық байқалады. Бұл өзгерістерді ғалымдар «эндокринді шторм», «өсу шағы», тағы басқа деп атайды. Баланың бойында болатын физикалық жəне физиологиялық дамудың негізінде, баланың өзін басқалармен салыстырудың барысында өзін-өзі кем сезінуі туындауы мүмкін. Осы секілді көптеген өзгерістерді бойынан өткізетін жасөспірімде өзінің «Мен» бейнесін, біртектілік сезімін сақтап қалу қиынға соғады [5].
Жасөспірімдік шақ 10–11 жастан 14–15 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жасөспірімдік кезең сезімталдылығымен, құрбылары арасындағы беделділіктің маңыздылығымен сипатталынады. Бұл жаста ұжым құрамы, қарым-қатынас тобы, əлеуметтік рольдер өзгеріп отырады. Жасөспірімдік шақ əр түрлі қиындықтар мен қақтығыстарға толы болады. Л.И.Божовичтің көрсетуінше, жасөспірімдердің біріккен іс-əрекетіне ортақ қызығушылықтарын жатқызуға болады. Жасөспірім үшін тек құрбыларымен бірге болу ғана емес, сонымен қатар сол ортада алатын орны да маңызды болып табылады. Бірталай зерттеулерде көрсетілгендей, топта мұндай жағымды, əрі қанағаттанарлық орын ала алмау тəртіпсіздікке, құқық бұзушылыққа əкелуі мүмкін. Жасөспірімнің қиындықтарының барлығы оның жас ерекшіліктерінде болатын «13 жас дағдарысымен» байланысты. Авторлардың көрсетуінше, «жас дағдарысы» жыныстық жетілумен, «есею сезімімен», жаңа қарым-қатынас орнатуға деген талпыныспен сипатталынады [6].
14–25 жас аралықтары — аутоагрессивті əсерлерге ең сезімтал болып саналатын кезең. Басқа жастарға қарағанда, жасөспірімдік шақта шизофренияның туындауының ықтималдығының жоғары болуы «қиын» балалар санының өсуіне əкеледі. Мұндай балалар көңіл-күйлерінің тұрақсыздығы, физикалық қалып пен өзін-өзі сезінудің күрт өзгеруі, реакциялардың адекватсыздығы, момындығы, арқылы көрінеді. Көптеген зерттеулерде анықталғандай, баланың жүріс-тұрысының өзгеруі, аффективті уайымдардың туындауы, құрбылармен қарым-қатынастың өзгеруі көбінесе ересек адамдармен қарым-қатынасының өзгеру себебіне де байланысты болады.
Осы айтылған жасөспірімдік шақтағы жас дағдарысының негізінде болатын өзгерістерге байланысты жəне отбасындағы атмосфераның, отбасындағы қақтығыстардың əсері, жасөспірімдік кезеңде өзін-өзі өлтіруге бағытталған əрекеттерге, бағыттылыққа əкелуі мүмкін. Жасөспірімдердің бойындағы өзін-өзі өлтіруге деген бағыттылық мынадай ерекшеліктер арқылы көрінеді: депрессия, əлеуметтік оқшаулануға дейін əкелетін ашыну сезімі, оқудағы қиындықтар, агрессивтілік, жақын адамды жоғалтуға байланысты туындайтын жалғыздық сезімі, өзін-өзі төмен бағалау, алаңдаушылық жүріс-тұрыс жəне т.б. Жасөспірімдік кезеңде суицид көбінесе мынадай акцентуациялардың негінде жиі кездесуі мүмкін: истероидты, сензитивті жəне астеникалық. Бұл акцентуациялардың фонына жасөспірімдік кезеңдегі агрессивтілік сезімінің жоғары деңгейде болуын да қосуға болады [7].
Жасөспірімдік кезеңде баланың бойында болатын өзгерістерге байланысты, осы өзгерістердің өтуін жеңілдетуде жəне үйлесімді тұлға ретінде баланың барлық өрісінің дамуында отбасының алатын орны ерекше.
Отбасы — адам баласының өсіп-өнер, қазтұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасы — некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ, адам тұрмысын ұйымдастырудың бастапқы формасы. Іргесі нық отбасында əркім өзара татулық пен қамқорлыққа, үй жұмысына жабыла кірісуге, жақсы мен жаман туралы пікірлерін ұштастыруға, қаражатты дұрыс бөліп, ұстай білуге, ақша құқын бағалап, еңбектің əрбір тиынын қадірлеуге үйренеді. Ошақ қасындағы тіршіліктің дұрыс ұймдастырылуы балалардың еңбекті жақсы көруіне, қоғамдық өз міндетін сезінуіне, адамды құрметтеу секілді жоғары дəрежелі адамгершілік қарым-қатынаста болуына мүмкіншілік туғызады. Осындай əлеуметтену институттарының бірі — отбасы. Отбасында бала əлеуметтік рольдерді, өзара əрекет ету дағдыларын меңгеретін болғандықтан, көптеген концепцияларда отбасы ең маңызды əлеуметтену институты ретінде қарастырылады. Отбасындағы ата-аналардың жүріс-тұрысының типтері баланың «Мен» бейнесінің қалыптасуына үлкен əсерін тигізеді. Бала жақсы адам болып өсуі үшін, ол күн сайын дерлік отбасы мүшелері арасындағы ең жарасты, ең əділетті қарым- қатынастардың куəсі болуы керек. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы, оның құрамындағы адамдардың бірегей адамгершілік талаптарын, бірегей саяси көзқарасты ұстануымен, соған орай өзара көмек көрсету жəне ерлі-зайыптылық жəне ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен көрінеді. Ата-аналардың өзара əрекеті жəне олардың балаларға қатынасы, жалпы отбасындағы жағдай, тұтастай алғанда, жеке адам болып қалыптасып келе жатқан балаға үлкен мектеп [8].
Отбасындағы қатынастар бала үшін əлем бейнесін сипаттаушы модель болып табылады.
Дегенменде бұл модельде қақтығыстардың жиі болуы орын алады.
Өзара əрекет ету субъектілеріне байланысты отбасындағы қақтығыстар ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыстар, ата-аналар мен балалар арасындағы қақтығыстар, ата-əжелер мен немерелер арасындағы қақтығыстар болып бөлінеді. Отбасындағы қатынастарда маңызды рольді отбасылық қақтығыстар атқарады. Мұндай қақтығыстар ерлі-зайыптылардың қажеттіліктерінің қанағаттандырылмауына байланысты болады. Осыған орай, ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыстардың негізгі себептерін төмендегідей көрсетуге болады:
- ерлі зайыптылардың психосексуалды сəйкес келмеушілігі;
- «Мен» бейнесінің мəнділігіне байланысты қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы, сезімдерді сыйламау;
- жағымды эмоцияларға деген қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы, мейірімділіктің, түсіністіктің болмауы;
- ерлі-зайыптылардың біреуінің тек өз қажеттіліктерін ғана қанағаттандыруға деген талпынысы (ішімдік, нашақорлық, қаржыны тек өзіне ғана жұмсау жəне т.б.);
- үй шаруашылығын, балаларды тəрбиелеу жəне ата-аналарға деген қатынасқа байланысты өзара көмекке, өзара түсіністікке деген қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы жəне т.б.;
- бос уақытты, көңіл көтеруді өткізуге байланысты қажеттіліктердің сəйкес келмеуі.
Сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастардың қақтығыстығына əсер ететін факторларды да бөліп көрсетуге болады. Мұндай факторларға отбасының дамуындағы дағдарыс кезеңдерін жатқызуға болады. Отбасы өміріндегі дағдарыстық кезеңдер ерлі-зайыптылардың бір- біріне бейімделуіне байланысты алғашқы жылдарда, отбасында баланың пайда болуының негізінде жаңа міндеттердің пайда болуымен жəне отбасылық өмірдің 10–15 жылында ерлі-зайыптылардың бір-бірінен жалығу сезіміне байланысты болады. Осындай дағдарыстық кезеңде ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінбеушілік, соның негізінде туындайтын отбасындағы қақтығыстар балалардың дамуына қандай да бір əсерін тигізеді [9].
Отбасындағы қақтығыстар жасөспірімнің психикасына жағымсыз əсер етеді, ал бұл болса, өз кезегінде, жасөспірім өз отбасын құрғанда үлкен кедергісін келтіреді. Қазіргі кездегі зерттеулерге сүйенсек, 25–29 жас аралығында отбасын құратындардың көбісі ажырасуға барады екен. Ажырасқан отбасыларының көбісінде жасөспірімдік шақтағы балалары болады. Тəжірибелі психиатр-дəрігерлер мен психологтар ата-аналардың ажырасуын жасөспірім өміріндегі ең басты жағымсыз жағдай жəне өз-өзіне сенімсіздіктің себебі ретінде қарастырады. Кейбір мамандардың ойынша, ажырасудың нəтижесінде алған балалардың рухани жаралары жазылып кетеді десе, екіншілері нəтижесінде алған балалардың жағымсыз уайымдары, оның болашақтағы толыққанды эмоционалдық жəне əлеуметтік дамуына кері əсерін тигізеді дейді. Ғалымдардың көрсетуінше, ата-аналары ажырасқан адамдарда толық отбасында өмір сүргендермен салыстырғанда, соңғыларында ажырасу ықтималдылығы жоғары болады. Басқаша айтқанда, ажырасуға деген бейімділік ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Ғалымдар бұл құбылыстың себебін ашуға тырысып, оны екі тұрғыда түсіндіреді. Ата-аналары ажырасқан отбасылар некеге тұруда, оларда ажырасу мəселесі туралы қандай да бір елес қалыптасқандықтан жəне отбасындағы міндеттерге қатысты жауапкершілік сезімі төмен болатындықтан, оларды отбасында өмір сүргендермен салыстырғанда, ажырасу ықтималдылығы жоғары болады. Екінші себепке олар ажырасқан ата-аналары бар балалар, толық отбасында өмір сүргендерге қарағанда, ерте отбасын құрады дегенді келтіреді. Мұның себебі ретінде отбасында қалыптасқан жағымсыз атмосферадан құтылып шығуға деген талпыныс болуы мүмкін. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ерте құрылған отбасылар көбіне ажырасумен аяқталады. Кейбір ата-анасы ажырасқан отбасыларында ерлі-зайыптылар қайта неке құрады. Мұндайда бала өгей əкесі мен немесе өгей шешесімен жəне т.б. туысқандарымен қарым-қатынас орнатуы керек. Көбінесе қайтадан отбасын құру оңай болмайды. Сондықтан да кейбір екінші рет құрылған отбасылар, бұрыңғы қателікті қайталамау мақсатында, өте берік болады. Себебі бір рет ажырасқан адамдар белгілі бір тəжірибелері болатындықтан, өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын болады [10].
Осыған орай ерлі-зайыптылардың бойында ересектік сезімі жоғары деңгейде болып, қарым- қатынас орнату мен шешім қабылдаудағы дағдылардың қалыптасқандығы отбасында қателіктер жібермеуге деген бағыттылық арқылы көрінеді. Қазіргі уақытта көптеген отбасылар қандай да бір есептің негізінде құрылатындықтан, мəселе ажырасуға алып келген жағдайда, оның салдары ең бірінші балаларға тиетіндігін ұмытпау керек.
Ажырасудың немесе отбасындағы қақтығыстардың əсері сол жағдайдың ата-аналарға қалай əсер ететіндігіне де байланысты. Олардың жаңа жағдайға икемделе білуі, ананың немесе əкенің алаңдау сезімінің болуы баланың рухани əлеміне де əсер етеді. Зерттеулерде дəлелденгендей, ата-анасы ажырасқан жасөспірімдер өз отбасын құрғанда, толық отбасында өмір сүргендермен салыстырғанда, жиі ажырасады екен. Басқаша айтқанда, ажырасу, отбасындағы қақтығыстар ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады [11].
Көбінесе ата-аналардың ажырасуы мен отбасындағы қақтығыстар балаларға да, ата-анағада ауыр психикалық жарақат əкеледі. Зерттеу жұмыстарында көрсетілгендей, өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың көбісі толық емес отбасында өмір сүрген. Жасөспірімдік кезеңдегі өте жиі кездесетін, суицид себептеріне мыналарды жатқызуға болады: жақын адамды жоғалту, ажырасу мəселесі, отбасындағы қақтығыстар, сəтсіз махаббат жəне т.б.
Осыған орай өзін-өзі өлтіруді түсінуде, адамның тұлғасын, оның «Мен» бейнесін құртатын əлеуметтік-психологиялық себептерді ашып алу маңызды болып табылады. Бұған дейінгі зерттеу жұмыстары көрсеткендей, тарихи түрде қалыптасқан қоғамдағы саяси, экономикалық жəне мəдени шарттар өзін-өзі өлтіру құбылысының өсу динамикасына əсерін тигізеді.
Жасөспірімді өмірден түңілген əрекеттерге итермелейтін себептер, əдетте, достарымен, ата- анасымен жəне отбасындағы қақтығыстармен байланысты болады. Сонымен қатар өзін-өзі өлтіру əрекетіне, ең бастысы, адамның, жасөспірімнің тұлғалық ерекшеліктеріне жəне күрделі дағдарыстық кезеңде қандай шешім қабылдауына байланысты болып келеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда жастардың арасындағы суицид саны үш есе өскен жəне бұл құбылыс көбінесе 14–25 жас аралығында жиі кездеседі екен. Суицидалдық жүріс-тұрысы бар жасөспірімдер үшін бірінші орында ата-аналарымен қатынасы болса, екінші орында мектеппен байланысты қиындықтар, ал үшінші орында достарымен, əсіресе қарама-қарсы жыныс өкілдерімен қатынасын жатқызуға болады.
Өкінішке орай, ата-аналардың балалармен қатынасы жасөспірімге өмірдің күрделі де қиын кезеңдерінде, алдында кездесетін қиындықтардан қорғаныс болатындай, əрқашанда ашық, сенімділік ұялататындай тұрғыда құрыла бермейді. Психологтардың жастар арасындағы суицидтің себебін көмек сұрау құралы деп қарастыру кездейсоқтық емес, бұл жасөспірімдердің ата-аналар көңілін өз мəселесіне аудартудың, ұрпақтар арасындағы түсініксіздікті бұзудың бір жолы болып табылады. Суицидтік жүріс-тұрыста отбасының біртұтастығы өте маңызды. Осыған орай ерте құрылатын отбасылар бұл суицидтік жүріс-тұрыстар санын азайту амалы емес, керісінше, ата-ана отбасында құрылған жағымсыз жағдайдан шығудың бір жолы болып табылады.
Мектептегі жасөспірімнің мəселелері əдетте үлгермеушілікпен, мұғалімдермен, құрбыларымен жағымсыз қатынастың себебі болып табылады. Бұл мəселелер əдетте өзін-өзі өлтірудің тікелей себебі болмаса да, бұл оқушының өзін-өзі бағалауының төмендеуіне, өзінің тұлға ретінде, мəнсіз сезінуге, стрестік жағдайларға төтеп берудің төмендеуіне жəне жағымсыз орта жағдайларынан қорғана білмеуге əкеледі.
Ал құрбыларымен, əсіресе қарама-қарсы жыныс өкілдерімен қатынасқа байланысты туындайтын жасөспірімдердің мəселелерінің психологиялық себебі ретінде, басқа адамнан шектен тыс тұрғыда тəуелді болуды жатқызуға болады. Бұл отбасында жиі болып тұратын қақтығыстардың жəне ата- анамен контактінің болмауының негізінде, отбасындағы жағымсыз қатынастарды компенса- циялаудың нəтижесінде туындайды. Осындай жағдайда достарымен қарым-қатынас өте мəнді жəне эмоционалды қажетті бола түседі, ал осы қатынастарда əділетсіздіктің көрінуі, өмір мəнділігін жоғалтатыны орыны толмас жағдай ретінде қарастырылады. Осыған орай жақындардың тарапынан көмектің болмауынан, көбінесе жағдайлық, импульсивті, алдын ала ойластырылмаған, саналы тұрғыда түсінілмеген өзін-өзі өлтіретін жағдайларға əкеледі.
Əдетте өзін-өзі өлтіруді ойластырып жүрген жастардың бойында жалғыздық, ешбір көмексіздік жəне шеттетілу сезімдері айқын көрінеді. Мұндай жасөспірімдерді достары ренжіткен болса, емтихан тапсыра алмаған себебінен өзін-өзі сыйлауды жоғалтса, өзінің жақсы көретін адамын жоғалтқан болса, егер де ата-аналары ішімдікке, нашақорлыққа салынған болса, отбасындағы қақтығыстардың жиілеуіне байланысты ата-аналар ажырасып жатқан болса, бала мұңлы ойға толы, депрессивтік күйде болады. Егерде отбасында өзін-өзі өлтіруге бағытталған жағдайлар алдында болған болса, бұл жағдай осы құбылыстың қайта қайталану қауіпін төндіреді. Мұндай байланыстың болуы жасөспірімдердің өзіне жақын адамдармен өзін біртектіленумен жəне олардың жасаған қылықтарын қайталаумен байланысты. Ал ішімдік пен нашақорлықты қолданатын жасөспірімдер өзін-өзі өлтіру əрекеттерін жасап қана қоймай, бұл істі соңына дейін жеткізеді. Өзін-өзі өлтіру əрекеттерін жасаған адамдардың 80 %-ы мұндай əрекетті ішімдіктен кейін жасайды екен. Ішімдік — бұл депрессант. Өзін-өзі өлтіруді жоспарлаған жасөспірімдер үй жинаумен, өзінің сүйікті заттарын таратумен немесе лақтырумен, бөлмесін тазартумен айналысуы мүмкін. Сонымен қатар ұзаққа созылған депрессиядан кейін, мұндай жасөспірімдер кенеттен көңілді болуы мүмкін, себебі олар «жағдайдан» шығудың жолын, өзін-өзі өлтіру арқылы тапты деуге болады [12].
Статистика бойынша, 19 жасқа дейінгі суицидтен қайтыс болған адамдардың саны, басқа жастағы суициденттермен салыстырғанда, 4 % жоғары болады екен. Дегенменде жасөспірімдердің суицидалдық əрекеттері көбінесе өзін-өзі құртуға емес, отбасындағы қақтығыстар секілді, бұзылған əлеуметтік қатынастарды қайта орнатуға бағытталады. Жасөспірімдердің бойында суицидтік мотивтер уайымдардың негізінде туындап, оның эмоционалдық өрісінің бұзылуымен агрессивтілік сезім арқылы көрінеді. Жасөспірімдік кезеңдегі суицидтің психологиялық мəні бұл көмек сұраудың құралы жəне өзінің мəселесіне көңіл аудартудың бір жолы болып табылады. Бұл жаста өзін-өзі өлтірудің нəтижесінде туындайтын өлім, ұзаққа созылатын ұйқы, демалыстың бір түрі немесе басқаларды жазалау жолы ретінде саналады.
Жасөспірімдік кезеңдегі суицидке мынадай белгілер тəн: демонстративті жүріс-тұрыс, аффектілік күй, өзін күшті, басты кейіпкер ретінде көрсету, өзіне маңызды деген қатынастардың бұзылуы, үрейлілік сезімі, ұзақ уақыт бойы ұйқының бұзылуы, депрессия, апатия, өзінің бос уақытын мəнсіз өткізу, кінə сезімі, өз-өзіне сенімсіздік, ішімдікті, нашақорлық заттарды пайдалану жəне т.б.
Жасөспірімнің суицидалдық жүріс-тұрысының сыртқы себептеріне мыналарды жатқызуға болады: қолайсыз отбасы, ондай отбасындағы ауыр психологиялық климат, ата-аналардың қақтығыстары, отбасындағы ішімдік, жасөспірімнің отбасында алтын орынының қолайсыз болуы, яғни оны жоққа шығару, қаталтық, қатыгездік, достарының болмауы, сəтсіздіктер жəне т.б. Жағымсыз уайымдардың жиналуы жасөспірімнің өкінішті əрекеттер жасауының себепшісі болуы мүмкін. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің жағымсыз уайымдарының өте жиі кездесетін себептері ретінде отбасындағы қақтығыстар саналады [13].
Көбінесе ата-аналар жасөспірімдердің суицидтік жүріс-тұрыстарының басты себебі болады. Жасөспірімнің үйі немесе отбасы — бұл əлем моделі. Егер де əлем отбасындағындай, өте күрделі, шыдауға тұрарлықтай болмаса, өмір сүрудің мəні бар ма?
Отбасындағы өмір бұл айсбергтің шыңы секілді. Кейбір ата-аналар отбасында сол айсбергтің шыңын толық көріп тұрмыз деп есептеп, өз-өздерін алдайды. Кейбіреулері ол айсбергтің шыңы биік екендігін түсіне отырып, соны көруге, көру барысында түсінуге талпынады.
Отбасылық өмірдің барлық қыр-сырын білмейінше, оны қауіпті жаққа қарай бұрып алуға болады. Отбасылық өмір құру өнері, барлық өнерлердің ішіндегі, біздің ойымызша, ең күрделісі болып табылады. Біздің бұл салада білмейтініміз өте көп, бұл білмейтін ақпаратымыздың көлемінде өлшеп біле алмаймыз. Осындай күрделі де, қызықты өмір жолында қателіктеріміз аз болып, жасалған қателігіміздің салдары өзіміздің ұрпағымызға рухани, əрі физикалық ауыртпалық түсірмесе, біз өз өмірімізді толыққанды өткіздік деуге болады.
Біз алдағы зерттеу жұмыстарымызда тақырыбымыздың мақсатына сəйкес, отбасындағы қақтығыстардың жасөспірімдердің суицидалдық жүріс-тұрыстарына қаншалықты əсер ететіндігін эксперименталдық тұрғыда зерттеуді жəне жасөспірімдердің мұндай деструктивті жүріс-тұрыстарын алдын алу жолдарын қарастыруды жөн көріп отырмыз.
Əдебиеттер тізімі
- Фрейд З. Психология бессознательного. — М.: Владос, 2000. — 396 с.
- Краткий психологический словарь / Под общ. ред. А.В.Петровского и М.Г.Ярошевского. — М.: Изд-во полит. лит., — 430 с.
- Амбрумова А.Г. Роль личности в проблеме суицида // Актуальные проблемы суицидологии. — М.: Изд-во «Моск. НИИ психиатрии МЗ СССР», 1991. — 186 с.
- Амбрумова А.Г., Тихоненко В.А. Суицид как феномен социально-психологической дезадаптации личности //Актуальные проблемы суицидологии. — М.: Изд-во «Моск.НИИ психиатрии МЗ СССР», 1991. — 186 с.
- Игумнов С.А., Королев К.Ю. Суицидальные попытки в подростковом возрасте // Вопросы терапии и социальной реабилитации при психических заболеваниях у детей и подростков: Сб. науч. тр. — М., 1994.— 210 с.
- Божович Л.И. Личность и ее формирование в детском возрасте. — М.: Логос, 1998. — 412 с.
- Игумнов С.А. Основы психотерапии детей и подростков. — М.: Владос, 2001. — 385 с.
- Арғынбаев Х. Қазақ отбасы. Қазақ отбасының кешегісі мен бүгінгісі. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 158-б.
- Емельянов С.М. Практикум по конфликтологии. — СПб.–М.–Харьков–Минск, 2001. — 400 с.
- Каракулова З.Ш. Исследование зависимости суицидального поведения от системы семейного воспитания // Поиск. — 1999. — №
- Каракулова З.Ш. Ценностно-смысловая регуляция личности суицидальным поведением // Вестн. высш. шк. Казахстана.— Алматы, 1999. — № 3. — 214 с.
- Игошкина С. Как предупредить попытку самоубийства // Воспитание школьников. — Алматы, — № 1. — 210 с.
- Болеев Т. Психосоциальные особенности развития суицидального поведения в подростково-юношеском возрасте //Поиск.— 2002. — № 2. — 175с.