Жастарды халықтық педагогика идеялары негізінде тəрбиелеу мəселесі ұлттық мəдениетімізді дамытуға, ұлттық құндылықтар мен мəдени мұраларымыздың мəнін түсіну, тарихты зерделей отырып, жан-жақты дамыған, рухани мəдениетті жеке тұлға тəрбиелеуде маңызы зор. Осы орайда ең негізгі талаптардың бірі — ұлттық қасиеттерімізді танып-білу, соның негізінде олардың психологиялық жас ерекшеліктерін ескеру болып табылады. Өзімізді-өзіміз танып, өзгелерге таныту, яғни ұлттық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымызды бүгінгі талаптарға сəйкес жүйелеп, байытып, дамытып, басқаларға тарату арқылы өзіміздің ұлттық деңгейлерімізді көтере білу. Осыған байланысты ер балаларында кездесетін психологиялық ерекшеліктерге тоқталғанды жөн көрдік.
Қоғамның даму барысында еркек пен əйел жынысы өкілдері өзіндік ерекшеліктерін, қасиеттері мен айырмашылықтарын көрсетіп, одан əрі дамытуы үшін мүмкіндіктері арта түседі.
Қыздар мен ұлдардың, бойжеткен мен бозбаланың, əйел мен еркектің психологиялық ерекшеліктері əр түрлі.
Қазіргі балалар туғанда ірі болып, тезірек өсетіні, денсаулығы мен ақыл-ой дамуының деңгейі бұрынғыға қарағанда жоғары екені де кездейсоқ емес. Адам бойындағы жақсы қасиет артқан сайын оның қоғам игілігі үшін істейтін ісі де бұрынғыдан көбірек. Адам өміріндегі ең маңызды кезең — сəби шағының қалай өтетіні анасының бойындағы қасиеттерімен анықталып, оның қаншалықты мейірбан да, қамқор жəне ақылды ана екеніне тікелей байланысты. Ғылым мен техниканың, мəдениеттің, қоғамдық сананың жетістіктері жаңа ұрпакқа өздігінен емес, ана тəрбиесінің нəтижесінде беріледі.
Егер еркек жəне əйел жынысы арасындығы биологиялық жəне физиологиялық ерекшеліктер мен айырмашылықтар ғылыми факт ретінде қабылданып, қарсы пікір айтылмаса, психологиялық ерекшеліктер мен өмір құбылыстарына қарым-қатынасы, ұлдар мен қыздардың, бозбалалар мен бойжеткендердің, еркектер мен əйелдердің мінез-құлық ерекшеліктері дүниетанымымен байланыстырылып, белгілі бір сенімсіздікпен бағаланады.
Қоғам дамыған сайын əйелдің теңсіздігі коғамның одан əрі дамуына бөгет жасады. Идеологиялық күрес барысында əйелдің кемістігі туралы, пікірлердің орнына теңдік үшін (ол кезде
«эмансипация» үшін дегенбіз) күреске негіз болатын дəлелді пікірлер тарауы керек еді. Əйел мен еркектің арасында іс жүзінде айтарлықтай айырмашылық жоқ деген дəлелдеулер, міне, сол пікірлер еді. Əрине, биологиялық жəне физиологиялық айырмашылықтарды, олар айқын көрініп тұрғандықтан жəне даусыздығынан, жоққа шығару мүмкін емес, ал психологиялық айырмашылықтарды жоққа шығару оңай еді. Ал мұндай айырмашылықтарды бар деп көрсеткендер эмансипацияның қарсыласымен бірдей. Күні бүгінге дейін əйел мен еркек психологиясы арасындағы айырмашылыққа көңіл аудармаудың шынайы себебі, олардың арасындағы психологиялық айырмашылықтарды айқындап, зерттеуге, əйелдердің тең праволық принципіне қайшы келтіреді деген сенім болып табылады деген түсінік болды [1].
Еркек пен əйел жынысы өкілінің психологиялық ерекшеліктерін зерттеудің ғылыми жəне практикалық маңызы олардың биологиялық жəне физиологиялық ерекшеліктерін одан əрі зерттеудің маңызынан бір де бір кем емес. Кезінде жалпы медицинадан маңыздылығы жағынан ешкім күмəн келтіре алмайтын — терапия, хирургия, педиатрия, акушер-гинекология, тағы басқа жеке бағыттар бөлініп шыққандай, психология ғылымының даму барысында ұлдар мен қыздардың, бозбалалар мен бойжеткендердің, еркектер мен əйелдердің психологиялық ерекшеліктері барған сайын айқындала түсті. Яғни бүгінгі жағдайда жыныс ерекшеліктер ескертілмеген психологияға қарағанда психологияның алға басуына қол жетіп, тəрбие ісінде əркімге əрқалай жол табу принципі адамның жеке басының маңызды факторы — жыныстық ерекшелігін бұрмалай алмайды.
Ер балаларының психологиялық ерекшеліктеріне сипаттама бермес бұрын, яғни олардың қыз балаларымен салыстырғандағы психологиялық айырмашылығының мынадай принциптерін атауға болады [2].
Біріншіден, бұл айырмашылықтар жыныстық жетілуге дейін байқалып, ол процесс кезінде тек күшейе түседі.
Екіншіден, бұл айырмашылықтар тəрбие сипатымен айқындалмайды, оған керісінше бүкіл тарихи кезеңдегі оның жалпы сипатында алсақ, өздері айтарлықтай дəрежеде анықтайды, ал əрбір нақты жағдайдағы тəрбие сипаты оның неғұрлым толығырақ айқындалып, дамуына жағдай жасайды.
Үшіншіден, бұл ерекшеліктер орта статистикалық сипатта болады жəне еркек немесе əйел жынысы өкілдерінің белгілі бір қасиеттерінің болу-болмауын емес, типін ғана білдіреді. Жалпы адам баласының толып жатқан қасиеттері мен ерекшеліктері бар жəне ол өзіндік жыныс ерекшеліктерін бүркемелейді, сондықтан əйел немесе еркек жынысы өкілдерінің біреуінің басымдылығын ғана айтуға болады. Əрбір жыныстың жетістіктерінің өзгеріп тұратыны сондай, ол өзгерістерді басқа бір жыныстың орташа дамыған жетістіктері толықтырып тұрады.
Төртіншіден, барлық психологиялық ерекшеліктерді (ойлауы, эмоционалды деңгейі, əр түрлі жағдайлар мен құбылыстарға қызығуы мен бейімділігі) əрқайсысын бір-бірінен бөлмей, міндетті түрде тұтас қалпында қарастыру керек. Бұл жалпы алғанда екі жыныстың да психологиялық жағынан бірдей екенін, тек кейбір мəселелер мен белгілі бір жағдайларда ғана бір-бірінен артықшылығы болады деген сөз.
Бесіншіден, бұл ерекшеліктерді білудің педагогикада зор маңызы бар, сондықтан да мұндай білімді игеруге ұмтылу тəрбие жұмысымен айналысатын адамдардың мамандығына сай жақсы қасиеті деп бағалануы керек.
Адам жəне оның өмір сүрген ортасы, олардың өзара қарым-қатынасы, тұтынатын заттары — киімі, дүние-мүлік, қыздардың сəби шағынан назарын аударып, кызықтырады. Қыздар кеңістікті қабылдауда, сондай-ақ түсін танып, оның реңін ажыратқанда ұлдардан озып, тек уақытты қабылдаудан ғана кейін қалады. Қыздардың бала бағып, қамқорлық жасауға, кішкентай інілеріне ақыл айтып, сынап, жөн көрсетуге бейім (ұлдардың қарындастарына мұндай ықпалы төменірек) болатыны белгілі.
Қыздар сезім əрекетіне тез берілетіндіктен, сол кезде болып жатқан оқиғаны өз көңіл-күйінен ажырату қабілеті нашар болады, сондықтан болған оқиғаны, ұлдармен салыстырғанда, толық жеткізе алмайды жəне істің куəсі болғанда айғақтық жетіспейді. Сондай-ақ қыздар болған жайды ретімен айтып, нəтижесін көрсетіп, белгілі бір қорытынды шығару үшін жолды, бағытты сипаттап беруге де шорқақ болады. Олар үлдарға қарағанда, құбылыстың, оқиғаның өзіне мəн беріп, оның шындығына көңіл бөлмейді.
Сонымен бірге əйел жынысы өкілі жағдайға тез көндігіп, əр түрлі өзгерістер барысында өз орнын тез тауып, жаңа жағдайға бірден үйреніп кетеді. Əйел өз ісінде жəне жеке қарым-қатынаста өте сезімтал, өзінің əлеуметтік тобындағы тілек-талаптар мен кемшіліктерді тез ұғынып, игере алады. Ұлдар мен қыздардың мінез-кұлқына талдау жасаған кезде олардың психикасы мен əрекетіндегі ерекшеліктерді ескеру кажет. Ұлдардың жүрген жерінде шу болатыны белгілі, бұл олардың тəртіпті жиі бұзатындығынан деп ойлауға болмайды. Қыздар мен бойжеткеннің бойындағы жағымсыз қасиеттер көбіне жасырын сипатта болады. «Қиын» ұлдар, «қиын» қыздармен салыстырғанда, тынышсыз болғанмен, «қиын» қыздар одан да «қиындау» екені белгілі.
Əлдебір келіспеушілік немесе қиыншылық бола қалса, қыздар, ұлдарға қарағанда, үлкендерге шағымдануға бейім тұрады. Шамданған адам жəбірленуші болып саналатындықтан, егер қыз ұлдың үстінен шағымданса, онда ұл кінəлі деп саналады. Ал ұлдар мұндай-да аз шағынытыны байқалады, сондықтан да ересектер көбіне ұрыс-керіс пен өзара келіспеушілікке балалар кінəлі деп ойлайды.
Ұлдар мен қыздардың белсенділігі жалпы бірдей. Алайда қыздар біршама тындырымды болады. Сондықтан мектептің қоғам жұмысына араласатын ұлдар мен қыздардың ара қатынасын салыстыра келіп, қыздар қоғамдық жұмыстарға көп араласатындығын атап айтуға болады.
Ұлдар, қыздарға қарағанда, əр нəрсеге қызыққыш келеді. Олар жақындағы нəрсені емес, алыстағы нəрсені де пайымдай біледі, сондықтан да ұлдардың сөздік қоры мол. Ұлдардың сөзінде көбіне əрекетті (етістік пен одағай) білдірсе, қыздар нəрсені бағалауға (зат есім, сын есім, теріске шығару, мақұлдау) бейім келеді. Ұлдар бір орында ұзақ отыра алмайтын тынышсыз болады жəне өздерін еркін ұстайды. Оқуға қызығуында да айырмашылығы бар екені байқалады. Əдетте ұлдар еңбек сабағын, дене шынықтыруды, қоғамдық пəндерден — тарихты көбірек ұнатады; ана тілін, шет тілдерін аздап ұнатады. Қыздар қоғамдық пəндерден — тарихты, əдебиетті қалайды; ұнатпайтын пəндері — физика, математика, биология. Ұлдардың, қыздарға қарағанда, тарих, түрлі саяхаттар туралы əңгімелерді көбірек, ал көркем əдебиетті, əсіресе өлеңдерді аз оқитыны белгілі.
Қыздар шыдамды, тиянақты жəне адал келеді. «Олар, істеген ісінің дұрыстығына сенбеген жағдайда, мұғалімнің түсіндіруін күтеді, ал ұлдар көбіне өз түсінігінің шешімін ұсынуға тырысады. Қыздар сөзді жақсы байланыстырып сөйлей алады жəне егжей-тегжейін толық жазуға қабілетті болғандықтан, шығарманы жақсы жазады. Ұлдар сияқты, қыздар да барлығын жақсы түсінеді, бірақ олардың есінде жаттап алғандары көбірек сақталады; математикадан, ұлдарға қарағанда, олар едəуір кейін қалады. Есеп шығарғанда қыздар олардың нақты қосымшаларына көңіл аударады, ал ұлдар болса, оған назар аудармастан, ойда бірден шығарады. Ең көп тараған, қарапайым пəндерді қыздар артық білетін болса, арнайы, ерекше, неғұрлым сирек пəндерді игеруде ұлдар озып кетеді. Қыздар емтихан кезінде жаттап алған сөйлемдері бойынша жауап беруге бейім болады да, өз бетінше онша тұжырымдай алмайды. Əңгімелеу барысында қыздар негізгі ойынан ауытқып, егжей-тегжейіне дейін тоқталуға бейім, ал ұлдар болса мазмұнына толық тоқталмағанмен, əңгіме негізін сақтап қысқа жəне ықшамды түрде баяндай алады. Қыздар, ұлдарға қарағанда, заттардан гөрі адамдарды көбірек əңгімелейді [3].
Қыздар бос кезінде əр нəрсемен көп шұғылданбайды, бірақ дұрыс ұйымдастыра біледі. Олар үйден басқа жерде, үйренбеген ортада абыржып, не істерін білмей, айналысатын істі əзер табады. Бір жерге барарда олар күнібұрын істейтін ісін жобалап, дайындалып барады, ал ұлдар болса, өздеріне лезден ермек тауып, бейтаныс ортаға тез үйреніп, қыздар сияқты, жатырқамай, өзін жайбарақат сезінеді.
Қыз, жасөспірім, бойжеткендер өзі қатарлы, еркек жынысы өкілдеріне қарағанда, əлдеқайда сезімтал келеді. Олар мақтау мен жамандағанды көңіліне тез алып, жылауы мен күлуі де тез. Олар менменшіл əрі өкпешіл келеді, əзіл-қалжыңды көңіліне тез алып ренжіп қалады. Əдетте қыздар алдымен сөйлеген адамның даусына, үніне, кейін оның мəніне көңіл бөледі.
Бірдеңені бағалауға да қыздардың əсершілдігі анық байқалады. Ұлдар мен қыздар жаңа бір таныс емес нəрсені көргенде, əдетте ұлдар «бұл не, қайдан алған, не үшін керек?» деп сұраса, қыздар оны «қандай əдемі!» немесе «қандай ұсқынсыз» деп бағалай бастайды.
Қыздар өздерін қызықтырып, назарын аударған нəрсені, ұлдарға қарағанда, жақсы қабылдайды, бірақ ең нашары өздеріне қажетті нəрсеге назар аудармай немқұрайды қарайтыны. Олар алыстағы абстрактылы кұбылыстардан гөрі, жақын айналасындағы нақты құбылыстарға назар аударады. Олар нақты сезімдік көріністерге бейім болады. Белгілі бір жағдайдың дұрыстығына көз жеткізу керек болғанда олар, ұлдардан гөрі, оған нақты, жеке бір оқиғаларды теңестіріп көруге көбірек тырысып, логикалық дəлелдерді сирегірек іздейді.
Қыздардың өзінің сырт келбетіне қатты көңіл бөлетіні жиі байқалады, сондықтан да олар басқа адамдардың оны бағалауын сезгіш келеді; осыған байланысты олардың кейіпін (дене құрылысындағы кемістік туралы жалған ұғым) əр түрлі өзгертуі жиірек кездеседі.
Қыздар ұлдармен бірлесе əрекет етуге бейім, бірақ бұл қасиет оған, өсе келе тығыз қарым- қатынаста болатын кезде емес, балалық шақтан бастап сіңірілуі керек. Өкінішке орай, ересек адамдар бұл дағдының қалыптасуына мүмкіндік жасамайды. Керісінше, олардың кінəсінен ұлдар мен қыздар көбіне бірігіп ойнамай, бір-бірін жатырқап байланысатын жағдай болса, əсіресе қыздар сенімсіздік көрсетеді. Көбіне ересектер жоқ кезде ұлдар мен қыздар тым жақсы ойнап отырады да, үлкендер болса өзара келіспей қалады, «мен қыздармен (ұлдармен) ойнамаймын» деген сияқты пікір білдіріп, ойындарының бұзылатынын жиі байқауға болады. Бұл олардың ұлдармен араларының осындай байланыста болуын, ересектер қалайды деген түсінігінен туындайды.
Еңбекті бөлудің қоғамда қалыптасқан түрі еркектер мен əйелдердің белгілі бір іске бейімділіктері кейінгі ұрпаққа да өз əсерін тигізеді, себебі белгілі бір жағдайда ұлдар еркектерге еліктеп, олардың іс-əрекеттерін үйренсе, қыздар да əйелдердің іс-əрекеттерін үйренеді. Өз жынысына жататын адамды өзіне үлгі тұту — барлық адамдарға ортақ қасиет, ал оның жүзеге асуы əрқилы, себебі олардың іс-əрекеттері өзгеріп тұрады.
Сондай-ақ бір жынысқа жататын адамдар да бірдей болмайтынын ескергеніміз жөн. Олар тек жұрттың бəрі мойындап, ешкім күмəн келтірмейтін қабілеті, ақылы, бейімділігі жағынан ғана емес, сонымен бірге еркек немесе əйел жынысына жататындығымен де ерекшеленеді. Кез келген қоғамда, түрлі белгілеріне қарап неғұрлым əйелдік нəзіктігі басым немесе төмен əйелдерді, еркектік қасиет белгілері неғұрлым басым немесе төмен еркектерді бөліп айтуға болады. Жалпы бұл терминдер еркек немесе əйел жыныстылардың жақсы қасиеттерін сипаттайтын ортақ мінездемелер болып табылады. Адамзат қоғамында табиғи сұрыптау өз күшін жоятыны белгілі. Алайда жыныстық іріктелу өз маңызын жоғалтқан жоқ. Адамның басқа жыныс өкілдері үшін тартымдылығының іс жүзіндегі маңызы зор.
Қоғамда неғұрлым еркіндік жəне ондағы адамдар тең құқылы болған сайын соғұрлым олардың жеке бас ерекшеліктерін көрсету мүмкіндігі де мол. Керісінше, регламентация қатаң болған сайын олар əйелдер мен еркектерге койылатын жалпы талаптарға сəйкес болуға мəжбүр болады. Бұрын əйелдер өздерінің бейімділіктеріне қарамай тек айналасындағы істермен, көбіне үй шаруасымен айналысуға мəжбүр болса, бұл олардың басқа да кейбір мəселелермен айналысқысы келмегендіктен емес еді. Ал қазір олар өз қалауы бойынша кез келген істі таңдауына мүмкіндігі бар жəне бұған қоғамда ешқандай шек койылмайды.
Өзінің қай жынысқа жататынын білу (дəлірек айтсақ, сол жынысқа жататынын белгілі дəрежеде сезіну (үш жасқа дейін, бала өзін кісі деп сезінген кезде толық қалыптасып бітеді. Бұл орайда үйретудің ролі зор, өйткені анасы жəне басқа адамдар онымен сөйлескенде үнемі «сен ұлсың», «сен қызсың» деп атап айтып отырады. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл тек білу ғана емес, сенім де, ол, мысалы, біреудің атын есінде сақтау сияқты ғана емес, ұмытылмастай жанында тұту қасиеті арқылы өзінің жұмысына тəн белгілеріне талдау жасау негізінде қалыптасады [4].
Өзінің белгілі бір жынысқа жататындығын білу сезімі, қалыпты жағдайда екінші дəрежелі əсер- ықпалдардың барлығына қарсы тұра алады. Өзінің қай жынысқа жататынын білу осы қоғамда əйел немесе еркек жынысында қабылданған мінез-құлықты айқындайтын психикалық құрылымның қалыптасуына негіз болады, сондықтан да тəрбие жұмысының алдында тұрған міндет қыздар немесе ұлдардың бойжеткен немесе бозбаланың мінез-құлқының тиісті дəрежедегі ұғымын қалыптастыру болып табылады.
Ерлер сəні неғұрлым сыпайы да кертартпалау болады. Бəлкім, бұл оның еркек жынысына жататындықтан жəне соған орай өзінің шектен шығып кетемін деп корықпай нақты іс-əрекетімен белсенділік көрсететін мүмкіндіктерінің болуынан шығар. Керісінше, еуропа мəдениетінде еркектің белсенді əрекетіне қайшы келетін болғандықтан, түрлі əшекей-безендіру оларға лайықсыз деп есепте- ген.
Жоғарыда атап өткеніміздей, еркектің бойында əйелді қызықтыратын белсенділік, жігерлілік, батылдылық, сондай-ақ логикалық ойлауға қабілеттілігі болған. Ер адам ой толғауда, логикалық ойлауға əйелден күштірек, ал əйел, керісінше, сезім-күй деңгейі, оқиғаны қабылдауы, сезімталдығы жағынан одан асып түседі. Сондықтан да ер адамның логикалық, абстрактылы ойлаудағы қабілеттерін əйелдер еркек күшінің соншалықты айқын айғағы деп бағалайды. Əдетте ер адам сөйлеп, əйел тыңдайды (рас, үйленгеннен кейін бұл көрініс керісінше болады, бірақ бұл түсініспеушіліктің аясындағы жай), қошамет сөзді де ер адам əйелге айтады (керісінше емес) жəне бұл (əрине, егер орынды, жылы қошамет болса) — олардың көңіл-күйін өздеріне аударудың белгілі əдісі.
Мектептердегі жыныстық тəрбиенің мақсаты — оқушыларға адамгершілік норма мен жыныс қарым-қатынасы жəне жыныстық қажеттілік саласындағы нұсқаулардың мəнін дұрыс түсіндіріп, оларды жан-жақты іс-əрекетте басшылыққа ала білуге баулу. Қыз, жасөспірім жəне бойжеткенді осы мақсатта тəрбиелеу арқылы бүкіл қоғамда маңызды əлеуметтік нəтижеге ие болуға мүмкіндік туады. Басқа жыныс өкіліне тəн ерекшеліктерді білуден, соларға ұмтылып, ескере, қадірлей білу нəтижесінде бірлесе атқарған іс-əрекеттен көңілдегідей еңбек етуге мүмкіндік туады. Жеке қарым- қатынастарда адамгершілік нормаларын сақтау жалпы қоғамның жоғары адамгершілік сапасын айқындайды. Ерлі-зайыптылардың отбасында бала санын қоғам мүддесіне сай реттеуі мемлекеттің демократиялық саясатты тиімді түрде жүзеге асыруына мүмкіндік жасайды. Жыныс қарым-қатынасы мəселелеріндегі адамгершілік норма мен нұсқауларды дұрыс түсініп, оларды жыныс өкілдері арасындағы қатыста басшылыққа алу еліміздегі азаматтардың рухани жəне денсаулық дəрежесінің жоғары екенін көрсетеді.
Жыныстық тəрбие процесінде қажетті əлеуметтік нəтижеге жету үшін бірқатар нақты педагогикалық мəселелерді шешіп алу керек. Олардың қатарына мыналар жатады:
- еркек жəне əйел жынысы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың жеке басына тəн қай- қайсысын да, тіпті тікелей жеке басына тəн мəселе болса да, əлеуметтік жауапкершілікпен сезіне білуге тəрбиелеу, өйткені адам етене қатынаста болған кезде де қоғамнан тыс қалуға тиісті емес, жыныстар арасындағы қарым-қатынасты «жеке» жəне «қоғамдық» деп бөлуге келмейді;
- қоғамның қазіргі талабына сай келетін: əке-шешенің тең құқылы болып, бірнеше бала өсіруіне, оларды қоғам алдындағы, ата-анасы мен балалары алдындағы парызын өтеу ретінде саналылықпен жəне жауапкершілікпен тəрбиелей алатын берік, дені сау жəне тату-тəтті отбасы тəрбиелеу;
- өзге адамдарды түсіну қабілетін жəне оларды тек адам ретінде ғана емес, сонымен бірге еркек жəне əйел жыныстылар өкілі ретінде құрметтеу сезімін, бірігіп атқарған қызмет барысында олардың жынысына тəн ерекшеліктерін ескеріп, кұрметтеу қабілетін тəрбиелеу;
- жынысын ескере отырып, өзге адамға қатысты өз қылығын бағалай білуге, осы қарым- қатынаста жақсы жəне нашар қылықты түсіне білуге тəрбиелеу;
- өзінің жəне басқа адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға; жыныстық жақындасуға ерте араласудың зиянды жəне қауіпті екеніне иландырып, басқа жынысты адамға жауапсыздық жəне жеңілтектік жасауға болмайтынына көз жеткізу.
Əдебиеттер тізімі
- Исаев Д.Н., Коган В.Е. Половое воспитание и психогигиена пола у детей. — Л.,
- Колесов Д.В., Сельверова Н.Б. Физиолого-педагогические аспекты полового созревания. — М.,
- Хрипкова А.Г., Колесов Д.В. Ұл есейсе, қыз өссе. — Алматы: Мектеп, 1988. — 167–221-б.
- Оразбекова К.А. Жеке ұлттық тəрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері. — Алматы, 2001. — 68–73-б.