Біздің елімізде отбасы дегеніміз — махаббат, достық, өзара құрмет сезімі біріктірген, ортақ шаруашылық ұстап, бір-біріне материалдық жəне моральдық сүйеу бола білетін ер адам мен əйел адамның одағы. Бала тəрбиелеу олардың дене тəрбиесі мен рухани күшін, Отанға берілгендік, демократиялық мемлекет құрылысына белсене араласу рухына байланысты дамыту отбасының маңызды міндеті болып табылады. Отбасы — күнделікті тіршілігіне қалыпты жағдай тудыру, денсаулықты сақтау, бала туып, тəрбиелеу, өмір тəжірибелерін алға апару, ұрпақтар жалғастылығын жүзеге асыру мақсатында еркек жəне əйел баласының бірге тұруының ғасырлар бойы қалыптасқан формасы. Отбасылы адамдардың отбасыз жандарға қарағанда түрлі ауруға ұшырау деңгейі төменірек те, ал ғұмырының ұзақтығы жоғарырақ екені белгілі. Жанұяның қоғам жəне жеке бас үшін мəні зор, сондықтан оны қоғам мүддесі үшін нығайтады.
Адамзат пайда болғалы бері жұптасып өмір сүру дағдыға айналған. Кейде көп əйел алушылық белең алса, тарихтың бір дəуірлерінде əйелдер үстемдік етіп, көп еркекке иелік еткені де мəлім. Бірақ бұл матриархат өзін ақтамағандықтан, бүгінде жалғасын таппаған. Ал қоғам дамуына қарай жұптасып өмір сүру əр кезеңде əйелдің жұптасудағы орнын əрқалай өзгертіп отырған. Оған сол ұлттың діни сенімі, қалыптасқан дəстүрі үлкен əсер еткен [1]. Тіпті аталған халықтың тарихи өмір белестерінің қалыптасуы да үлкен роль атқарған десе де болады. Мысалға, отырықшы мəдениетке əйел затын төмен санап күң ретінде қарауға дейін алып барса, кейде тіпті құдайларына құрбандық ретінде шалып отырғанын білеміз. Есесіне көшпенді өмір мəдениеті əйелге деген өзіндік көзқарасымен ерекшеленеді. Онысы жоғарыда айтылып кеткен өмір белестерінің қалыптасу ерекшеліктеріне қарай əйелге көзқарастың өзгергендігіне жатқызуға болады. Бұны өзіміздің ата- баларымыздың көшпенділік мəдениетінен қалыптасқан əйел затына деген көзқарастан байқауға болады.
Көшпенді қазақ халқы тарихында талай-талай тарих тағылымын бастан өткерген. Жан-жақтан жау анталап тұрған кезде ұлт болып сақталып қалу үшін жерін, елін найзаның ұшымен, білектің күшімен, азаттық рухтық биіктігімен, патриоттық сезімнің жоғарылығымен ғана сақтап қалуға болатынын жақсы сезінген, ал ондай əрбір сəті қиындыққа толы халық адамның жартысы, еркектің жарын төмен етек күл-күң етіп қойып, одан туған ұлдан да, қыздан да жоғарғы деңгейдегі рух пен патриоттық күте алмас еді. Сондықтан да көшпенді қазақ халқы ананы қастерлеген. Жарын сүйген. Қызын қырық үйден тыя отырып, алақанына салып, еркелеткен. Қызды қашанда жат-жұрттық деп, жас күйінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тек тəрбие берген. Сол дəстүрдің арқасында Билік Анасы атанған талай əйелдердің есімі бізге жетті. Ал қыздарымыз Тұмар ханшалардың ерлігі, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гауһардың, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Бопайдың күйі күні кеше Əлия мен Мəншүктің ерлігіне ұласты. Кеңес өкіметі күйрердегі желтоқсанда ұлы ерліктің туын жықпаған қыздарымыз қаншама. Бұның бəрі ата салт-дəстүріміздің тəрбие жолының дұрыстығын көрсетсе керек [2].
Қай қоғамда болса да, əйелдің ерік құқы қаншалықты болғанына қарамастан, əйел еркектің меншігі ретінде қаралып келген. Ал еркек оған өз тарапынан меншігіне қарағандай қатынаспен қараған.
Қазақ халқының əдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуін «ұл туғанға күн туған» деп ерекше бақыт санаған. Оның себебі отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Жас нəрестенің, əсіресе ұл баланың өмірге келуі отбасы мүшелеріне, əкесі мен атасына, нағашы жұртына үлкен қуаныш əкелген. Əкесі немесе атасы үй ішін асырау қамымен мал соңында немесе аңда жүргенде жас нəресте дүниеге келсе, қуанышты хабарды тез жеткізу үшін ат ерттеп мініп, түзде жүрген атаның немесе əкенің алдынан шығып, сүйінші сұрайтын болған.
Сүйіншіге хабаршы не сұраса соны берген. Ол, біріншіден, арнайы ат терлетіп қуанышты хабар əкелушінің еңбегін бағалау болса, екіншіден, жақындықтың белгісі болып саналған. Тіпті үстіндегі киімін, сауыт-сайманын, астындағы атын да сүйінші сұраушыға сыйға тартқан мырзалар өмірде кездеседі. Бұндай салт-дəстүр көбінесе бала көрмей жүріп, ұл бала туғанда соның құрметіне жасалған.
Бала туғанда баланың əкесінен, атасынан немесе нағашы жұртынан сүйінші сұрай алдынан шыққан адам ұл болса, «ат ұстар» деп, қыз болса «қырық жеті» деп хабарлаған. Кейінгісі қызды қалың малға беруге, «жат жұрттық адамы» деп қарауға байланысты туған ой-пікірлердің көрінісі.
«Ұлдың ұяты əкеге, қыздың ұяты шешеге» деп қараған халқымыздың ұл баланы тəрбиелеуді аталар мен əкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тəрбиелеу əжелер мен аналардың ісі болып саналған.
Ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбек сүйгіш, малсақ, жауынгер, əнші, күйші, аңшы, құсбегі- бесаспап азамат етіп тəрбиелеуді мақсат еткен. Жігіттің бойына өнер мен еңбекті, ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жолын тартып азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден, темірден түрлі тұрмыстық қажетті бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлігіне, баулыған. Əсіресе əкелері мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап, шаруаның алуан тəсілдерін үйретіп баққан. Мысалы, малды ерте ергізу, саулатып қоя бермей, алдын кес-кестеп қайырып, тоқтатып жаю, шаңқай түске дейін жусатпауды тапсырған.
Буаз малды ауылға жақын жаю, туа қалса төлін алып жылы қораға тез жеткізу, қойдың қозысын ауыздандыру (енесін дұрыс емуге үйрету), жаңа туған жас төлді аяқтандыру, т.б. əдіс-тəсілдерді баланың жасынан білуін қадағалаған. Ат суыту, аттаң ыстығын шығару үшін аяғының күретамырынан қан алу, еркек малды пішу, қойды қырқу, тоғыту, мал сою, түйе қомдау, түйеге жүк арту, ер-тұрман əзірлеу, қайыс илеу, сіреден таспа тіліп, айыл, қамшы, жүген, шідер өру, қой қосақтау, түйе матау, кесек құйып, қора салу, құрық салып, асау ұстау, оны үйрету, қазақ үйді жығу, оны тігу — міне осының бəрі ер баланы жастайынан еңбекке тəрбиелеудің өзегі болған. Ежелден мал бағып, айға қарап, жұлдыз санап күн кешкен қазақ халқы өз ұрпағын өсімдіктің түр-түсін ажырата білуге, қараңғы түнде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдар белгілеп, қоныс-суды дəл табуға үйреткен.
Қонақ күту, үлкенге иіліп сəлем беру, əн айтқызу, домбыра тартып күй шерткізу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш-жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, сайыс, көкпар, күрес сияқты ұлт ойындарын үйрету тəрбиенің басты шарты болып есептелген.
Отбасындағы ұл тəрбиесінде əке мен аталардың рөлі ерекше. Əке — үйелменнің басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Əкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса, «оның əкесі немесе атасы жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайтыны сондықтан. «Əкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Əке — бəйтерек, бала — жапырақ», «Жас — кəрінің көзі, кəрі — жастың тезі», «Ата — балаға сыншы» деген мақалдар да осы пікірді халықтың қуаттауынан туған.
Отбасында əкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйретіп, олардың өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қолөнер шебері немесе əнші, күйші, ақын етіп тəрбиелеуге көңіл бөлген. Ата өнерін баласының қууы, оны мирас етуі ежелгі ел дəстүрі болған. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін мергендік, аңшылық немесе ұсталық, күйшілік, емшілік өнерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Осындай əке мұрасын жалғастырушы өнерлі жастарды дəріптеу қазақ ауыз əдебиетінен өзекті орын алған.
Аталары балалары мен немерелеріне ертегі, аңыз-əңгіме, мақал-мəтелдер айтып беріп, шешендікке, тапқырлыққа тəрбиелеген.
Қазақ ауылында бала тəрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, əсіресе қарттары араласқан. Үлкендер ауылдастарының балаларының өрескел мінез-құлқын көрсе, ұрсып, зекіп тыйым салуға, ақыл айтуға, тіпті ретті жерінде ұруға да құқылы болған.
Əн айтуға, күй шертуге, зергерлік өнеріне бейімі бар балаларды əке-шешесі, атасы ел ішіндегі аты шыққан əнші, күйші, ұсталардың жанына қосып, шəкірттікке беруі ата дəстүрі болып саналған. Ал шəкірттің ұстазын ұлы əкесіндей сыйлауы, оның өнерін жалғастырып, көпке тарату немесе жақсының жанында жүріп, өнегелі шешен, ақын, билердің, көпті көрген қариялардың батасын алу олар үшін парыз боп есептелген. Сол мектептен тəлім-тəрбие алған өнер адамдары ұстаздар жолын қуып, өнерін жалғастырған.
Өнегелі, өнерлі, «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысқор азамат тəрбиелеу аталар арманы болған. Ал аталар жолын қуып, өнері мен өнегелі ісін жалғастыру жастарға да үлкен сын болып саналған.
«Ата көрген оқ жонар» деген мақал соны мегзейді.
Ал қыз баласының тəрбиесіне қатысты айтатын болсақ, қай ата-ананы алсақ та, қызының ертең барған жерінде «балдай татып, судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, əдепті келін, аяулы ана болуын армандайды.
Қасиетті ана қызының тəрбиелі жан болып өсуі үшін жасынан ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсіреді. Халқымыз «Келіннің — аяғынан, қойшының — таяғынан» дегенде, жаңа отаудың береке-құтын, ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделін, болашақ ұрпағына дұрыс тəлім-тəрбие беруін келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеген [3].
Қазақ халқы келіннің келген жерінде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты əйел болуы, біріншіден, оның өскен ортасына байланысты десе, екіншіден, келген жеріне де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен жас келінге енелері қонақ күту, ас ұстау, бала күту, т.б. мəселелерде үнемі ақыл-кеңес беріп үйретіп отырады. «Келіннің жақсы болмағы қайын ененің топырағынан» деп, ененің жас келінге қамқоршы болуын талап еткен. Сондықтан да «Жақсы ауылға келген келін — келін. Жаман ауылға келген келін келсап болады» деп текке айтпайды.
Əйел қандай биік дəрежелі жұмыс істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті — өмірге ұрпақ əкелу, бала тəрбиелеу. Көп жағдайда отбасының беріктігі əйелге байланысты. Əйел сабырлылығы, кешірімділігі, сыпайылығымен, тек жақсы қасиеттерімен үй-ішіне береке əкеп, шаңырақ бақытын орната алады.
Қоғамның алға дамуы барысында əйелмен де санасу қажеттілігі арта түсіп, уақыт өте ерлі- зайыптылардың арақатынасын, мүліктік қатынасын, мұрагерлік құқықтық нормаларын анықтайтын заң актілері дүниеге келе бастады. Мұның ең бастысы, еркек пен əйелдің жыныстық қатынасына рұқсат беретін некелесу, яғни жұп болып табысқанын рəсімдейтін əдет-ғұрып іс-шараларының жүзеге асырыла бастауын айтуға болады. Əрине, бұл іс-əрекеттің заңдастырылуы əйел затына белгілі жаңа құқықтар мен міндеттемелер жүктейді. Расын айтқанда, əйел құқығы ерінің, тұрмысқа шыққан ел-жұртының алдында қандай дəрежеде болмасын оның балалары алдындағы (сол əулеттің мүшесі болатындықтан) анасының табиғи тылсым күші арқылы (баланы құрсағында жетілдіріп, емшек сүтін беріп өсіргендіктен), балаларымен ең жақын адам боларын ескерсек, онда əйелді қанша жерден құқықтан айырғанмен балаларының жетілуімен, жасының егделенуі əсерінен əйел де қоғамдық процестерге үлкен əсер ете алу мүмкіндігіне ие бола алатынын байқауға болады.
Мұны небір патшалар, хандар тарихынан оларға аналарының ықпалын қаншалықты өтімді болғаны жөнінде айтылған тарихи деректерден білуге болады. Жалпы алғанда, бұл психологиялық фактор. Яғни қанша жерден əйел құқын жерге таптағанмен, оның Ана ретіндегі құқын таптап басып өтіп санаспау мүмкін емес. Осы фактор қоғамдағы əйел затының табиғи өз орнын, соған сай құқықтарға иеленуіне жол ашады.
Сонымен, қоғамдық қатынастың дамуының өзі-ақ əйелдің құқын өз дəрежесіне көтеруге мəжбүр екен. Алғашқы қауым кезінде қалыптасқан жұптық өмір дағдысы уақыт өте арнайы некелік рəсім жасау салты мен сол арқылы туындайтын міндеттер мен құқықтарға алып келді.
Қазақ халқы неке тазалығына, қалыңдықтың арын сақтап, қыздың қасиетін жоғары ұстауына өте зор мəн берген. «Қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын» деп, ата-бабаларымыз қыздың ар- абыройын бүкіл ауыл-аймақ болып қорғаған.
«Ақ неке түні» қазақтың дəстүрлі үйлену тойындағы — қыз үйіндегі тойдың ең маңызды, əрі жауапты сəті. Бұл түні қыз жеңгелері қалыңдық пен күйеуге арнап төсек салып, үстіне ақ шүберек (неке жаулып) төсеп, тілеуін тілеп, екі жасты жеке қалдырады. Қалыңдық ата үмітін ақтап, абыройлы боп шықса, жеңгелері шүберекті орап алып, күйеу жəне қыз аналарынан сүйінші сұрауға асығады.
Ал бұрындары күйеудің осы кездесуінде қалыңдық таза болмай шықса, күйеу жолдас (таңертең ерте) шындыққа көзі жетісімен күйеудің ерттеулі атын жарып, тəуір киімдерін турап, ер-тұрманын шапқылап, қиратып тастаған.
Күйеу жігіт бас құда болып келген адамды ертіп, қыз əкесінің алдына барып, «алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез болды» деп, қалың малды қызға емес — əйелге төлегенін айтып, наразылық білдірген.
Қыз əкесі жақын туыстарын шақырып, ақылдасып, қызының кіммен байланысын анықтаған күнде, масқараланған қызын да, оның дəстүрді бұзып, көңіл қосқан жігітін де жазалайтын болған. Кейбір жағдайда қыз əкесі күйеу жігітке кісі салып, кешірім сұрап, айып төлеген немесе басы бос басқа қызын беруге келіскен. Екі жақ бір-бірімен келісе алмаған жағдайда би алдына жүгінген. Неке тазалығы болашақ шаңырақты осындай қолайсыз жағдайда қалдырмау үшін бой жеткен қыздарды жеңгелері үнемі қорғап жүрген. Айт пен тойға бірге барып, жалғыз жібермейтін болған. Ар тазалығы үшін күресті жоғары санаған ата-бабаларымыз «Қыз қылығымен» деп, əдепті, инабатты, арлы болуын қалаған. «Жаным — арымның садағасы» деп санаған [4].
Ар тазалығы отбасы беріктігіне де себепкер болған. Төңкеріске дейінгі отбасында айрылысу, баланы тірі-жетім ету дегеннің болмауына да осы ар тазалығы үлкен əсер еткен.
Қазіргі күнде де неке тазалығы — болашақ шаңырақтың беріктігінің, татулығының ұйтқысы, жұбайлардың нəпсіқұмарлыққа салынуға имандылық жағынан да, əлеуметтік жағынан да хақы жоқ, ал кездейсоқ кездесулер — ол гигиеналық тұрғыдан өте қауіпті.
Əрбір мемлекеттің уығы жеке отбасылар десек, шаңырақтың мықты болуы сол уық тектес əрбір отбасының жарасымды ынтымақты болуына тікелей бағынышты болатынын байқаймыз.
Ұлттың адаспай ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі, бəрі-бəрі соңында келіп əйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тəрбиеленетініне байланысты. Яғни мемлекеттік қоғамдық басқару жойылмай некелік жұптасу арқылы жүзеге асатын отбасылық өмірге қойылатын талаптың əлсіреуі мүмкін емес. Есесіне бұл талап босаңсыған мемлекет ел болудан қалып барады, ыдырау, іріктелу алдында деп айтуға болады.
Қазіргі кезде қоғам ажырасу саны көбейген кезеңді бастан кешіп отыр. Тарихта ажырасу санының күрт өсуі кезеңдері белгілі болғанмен де, олар ұзаққа созылмай, ажырасу саны төмен кезеңдерімен алмасып отырды. Бірақ осы бағыттардың ешқайсысына қарамай, жанұя жоғарыда аталған талаптарды қанағаттандыратын еркек жəне əйел баласы өкілдерінің бірге тұруын жүзеге асыратын бірден-бір тəсіл болып табылады.
Ажырасуды əлеуметтік құбылыс ретінде талдаған кезде, біріншіден, ерлі-зайыптылар психикасына ауыр жарақат салып жанұяның ыдырауына алып келетін келіспеушілікті, екіншіден, олардың əлеуметтік қағидаларды бұрмалап, үйреншікті өмірді бұзуы, ажырасудан кейін əдеттенген рөлінен айрылуы жəне тағы басқаларды ескеру керек. Ажырасудың өзі — жанұяның ыдырауын заңмен тиянақтайтын заңға сəйкес жасалған акті. Ажырасушы адамдардың өмір ұзақтығы орта көрсеткіштен төмен, ал жалпы ауруға ұшырауы мен өлім-жітім деңгейі жоғары екені кездейсоқ емес: бұларда күйзеліске бой ұру, ішімдікке салыну, сондай-ақ өзін-өзі өлтіру жиі кездеседі. Жесір қалған жəне жеке басты адамдарда бұл көрсеткіш жанұялы адамдарға қарағанда жоғарырақ болғанмен, ажырасып кеткендерге қарағанда айтарлықтай төмен болуы кездейсоқ жағдай емес, тіпті жолдасының ауыр науқасына немесе қазасына байланысты туындаған күйзелістің өзі ажырасудан оңайырақ тиеді екен.
Ажырасқаннан кейінгі адамдар күйзелісі ерекше болады. Олардың көпшілігі мазасызданып, кейбіреуі тұйық күй кешсе, енді біреуінің əлеуметтік құлшынысы күрт арта түсіп, өз деңгейіне барабар бола бермейтін адаммен жолығуға ұмтылады. Бұл жағдай адамның қызметінің кез келген істе табысты болу-болмауына да əсер ететіні түсінікті.
Тағы бір маңызды сəтті ұмытпау керек. Ажырасудың 80 проценті үш жылдан астам бірге тұрған некелесушілердің үлесіне тиетіндіктен, сондай-ақ сəбидің алғашқы екі жылда дүниеге келетіні белгілі болғандықтан, көптеген балалардың қалыпты жағдайда өмір сүріп тəрбиеленуіне мүмкіндік болмай қалады. Ажырасып кеткендердің балалары өзгелерден өзін төмен санайтындықтан, қияли ауруларға жиі ұшырайтыны байқалады. Оның үстіне ата-ананың сəтсіз некесі болашақта балаларының ажырасу мүмкіндігін арттырады. Бұрынғы кездерде қоғамды жанұя іс жүзінде өз мəніне сəйкес келмесе де заңға сəйкес ыдырауына кедергі келтіретін көптеген факторлар болды. Үйленуге күйеу мен қалыңдықтың келісімі қажет етілмейтін кезде некенің неғұрлым «тұрақты» болуы кездейсоқ жағдай емес: мұнда бəрін де ата-аналар шешетін. Алайда ол кезде жанұя бақыты туралы сөз болмайтын. Ал бүгінгі күнде неке тек өзара сүйіспеншілік пен ілтипатқа негізделеді.
Қазіргі кезде неке сүйіспеншілікке негізделетін болғандықтан, бірлесіп өмір сүру барысында осы сезімді сақтап, дамытудың маңызы зор. Алайда бұған ең алдымен бойжеткендердің болашақ күйеудің бірге өмір сүруге қажетті қасиеттерімен топ ішінде уакыт өткізе алатын жағымды қасиеттерін ажырата алмай қалуы кедергі жасайды. Олардың мінез-құлық сипатын, адамгершілік қасиеттерін ажырата алмайды, өйткені оларға мұны ешкім де үйретпейді, тіпті оның қажеттілігі туралы мəселе ескертілмейді.
Екінші бір кемшілік — отбасын дұрыс түсіне білмеу: бойжеткендер отбасының жай ғана еркек пен əйелдің бірге тұруы емес, шын мəніндегі қоғамдық ұя екенін түсіне бермейді.
Əйел адам табиғатынан нəзік, сезімтал əрі əлсіз. Сол себепті жанұялық өмірде оларға еркектермен бірдей міндет артуға, еркектерден талап еткендей талап қоюға болмайды. Оның күш- қабілеті мен ақыл-ойының мүмкіндіктерін ескеріп, одан осы шамада ғана талап ету керек.
Аңыздарға үңіліп көрсек, əйел қисық қабырғадан жаратылған деген. Əрине, бүгінгі жас қыздардың көбі бұның мəнісін түсінбейді. Алғаш жерде Адам ата жаратылған соң ол жаратушыдан өзіне серік керектігін айтып өтініш жасапты дейді. Адам атаның өтінішін қабыл еткен жаратушы Адам атаның қабырғасынан алып Хауа (Ауа, Ева, Ұмай) ананы жаратқан екен. Барша адамзат Адам ата мен Хауа анадан тараған дер болсақ, онда барша əйел затының түп анасы Хауа ана еркектің қисық қабырғасынан жаратылған екен. Əрине, адамзат баласының қабырғасы қисық бітіп, ол сол қалпында қалады. Табиғаты солай нəрсені күштеп өзгертем деп əрекет ету оны сындыру, бүлдіруге алып келмек.
Яғни еркек екенмін, əйелді түзеймін, жолға саламын деп шектен тыс қыспаққа алу араздыққа, ажырасып отбасының бұзылуына соқтыруы мүмкін. Бір жағынан, əрдайым тізгіндей берме, оның жаратылысы солай дегенді түсіндіргісі келеді. Болмысынан сезімтал əйел заты барынша қиялға беріліп, тұспалды ой жетегінде болса, еркек заттық тұрғыдан нақты шешімдер жасауға бейім. Ал қоғамдағы өмірде тұрмыстық қиыншылықтар аз болмасы анық. Ондайда тез шешім ету еркектің болмысына бейім. Отбасының иесі ретінде сезімдерге берілмей жасаған еркектің шешімі əрқашан жанұяны қиындықтан алып шықпақ.
Өмірде жақсы мен жаман қатар жүреді. Жақсы болу да, жаман болу да адамның өзінен.
Өз болмысы жөнінен əйел заты кеңістіктегі ғарыштық түрлі энергетикалық толқындарды тез қабылдап алатыны туралы түрлі ғылым саласында айтылып жүр. Ал келіп түскен көп ақпараттың бəрі сезім арқылы адамның жүйкесіне əсер етіп, мінез-құлықтан көрініс береді.
Бұл жөнінен қыз балаларға көп сақтануы керек. Өзін тежей алатын тыйым тəрбиесі кем болса, ондай қыздар ойнақы алдамшы сезімдердің буына елігіп кетуі əбден мүмкін.
Уақыт сəті келгенде қыздар тұрмысқа шығып, келіншек болады. Бұл тұста қыз күніндегі білгені мен ұстанғанына қоса, тағы да ерімен қалай болу жөніндегі талаптарды білу қажет болады. Көбінде өмір тəжірибесі аз қыздар келін болғанда да қателіктер жасап, уақыт ете онысына опынып жататыны бар. Оның бір себебі əйел мен еркек тең деген кеңес дəуірінен санаға сіңірілген ұғымға елтіп, не бол- са да ерінің шажбауына жабысып, орынды, орынсыз отағасына тиісті мəселелерге араласып жататы- ны бар. Əркімнің тəндік болмыс ерекшелігіне қарай атқаратын міндеттері мен соған сай орны болмақ. Америка мен батыс қоғамы əйел теңдігі деген мəселені бетімен жіберген. Бүгінде ондағы шексіз ерікке ие болған əйелдер өздерінің болмысындағы əйелдік қасиеттен айрылып, кім боларын білмей жүр. Еркекпен тайталасамын деп əйел затына деген еркек тарапынан болатын сыйлаудан мүлде ада болуда.
Əйел қанша теңмін дегенмен еркек болып қайта тумақ емес. Орынсыз іс қылып өз болмысын қор еткен, уақыт өте өкінген əйел заты қаншама.
Күйеу мен қалындықтың өте жас кезінде ерте некелесуі онша берік болмайтыны кеңінен мəлім. Адамды тану, өз сезімін талдау ұлғая келе қалыптасатын қасиет екені түсінікті. Қазіргі кезде жас ұрпақтың биологиялық əлеуметтік сəйкессіздігі туралы сөз қозғалып жатыр, бұл сəйкессіздік адам дамуының маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Егер махаббат тек қана құштарлық белгісі болса, онда бозбалалар мен бойжеткендерді жанұялық өмірге барынша дайын деп ойлап некелердің беріктігі арта түсер еді. Алайда қазіргі некелердің əлсіздігі некелесушілердің дерексіз «əлеуметтік кемелденуінен» емес, олардың шын мəнінде сүю қабілетінің əлі де жетілмегендігін айғақтайтын нақты фактілерге байланысты. Бозбала махаббаты (дұрысын айтсақ, бозбалалық елітушілік) қиялға негізделетіні белгілі ғой: оның сүйген адамының бейнесі — шын мəнінде ондай қасиет жоқ болса да өзі ойлаған ерекшеліктермен байытылып елестейтін бейне. Бозбалалық махаббаттың берік болмайтыны табиғи нəрсе, көп жағдайда түкке тұрғысыз бір себептерден аңсары ауған адамнан жерініп, ғашық адам аяқ астынан шындыққа бас иеді. Көптеген əйелдердің ажырасуы күйеуінің аңсаған аңсарына, шын мəніндегі немесе өзі аңсаған қасиеттерге сəйкес келмеуіне негізделуі кездейсоқ жағдай болмаса керек. Мұның бəрі махаббаттың əлеуметтік болмысы мен əлеуметтік мəнін тағы да айқындай түседі.
Некеде көптеген əйелдер күйеуінің əдеттеріне шыдамсыздық танытып, оны өзіне бағындыруға ұмтылғаннан, махаббатқа деген тұтынушылық қатынасынан жəне өзінің осындай талпыныстарының сəтсіздігінің нəтижесі ретінде немесе өз күйеуінің мұндай талпыныстарына қарсылық ретінде де одан көңілі қалады. Мұндай талпыныстар мен мақсаттың жалпы басқа адамдарға деген қате көзқарастардан белгілі бір жанұя жағдайында көрініс беретін бейнесі екені түсінікті.
Отбасылық өмірде əйелдер ұсақ-түйектердің мəнін орынсыз ұлғайтып, шектен тыс көңіл бөледі, тым жалпылама түрде түсіндіреді. Шын мəнінде адамдар арасында келіспеушіліктердің болуы əбден мүмкін, адамның жан-дүние қасиеттерінің маңызды өлшемі ретінде оның осы келіспеушілікке деген көзқарасы, оны басқа адамға зардабы тимейтіндей етіп шешуге болатынын көпшілігі түсіне бермейді. Кез келген келіспеушілікте жеңіске ешкім жетпейтінін-келіспеушілікке қатысушылардың екеуі де бұдан ұтылыс табатынын да түсінушілер аз. Күйеуін ырқына көндіруге талпынушылық адамға деген сенімнің жеткіліксіздігінен туындайды. Қай адамда болса да аздаған кемшілік болатынын түсіне отырып, оған төзе білген орынды болады. Егер кемшілік көбейіп кетсе, оған дер кезінде назар аудара білу керек.
Бойжеткеннің қандай күйеуге шығуы осы заманда көбінесе өзіне байланысты: оның өзі ұнатқан адамына тұрмысқа шығуына мүмкіндік болмаса да, өзіне ұнамаған адамға ешкім де зорлап күйеуге бере алмайды. Мұндайда күйеу баланы болашақта түзеледі деп ойлап, оны «қайта тəрбиелеуге» үміттенудің жөні жоқ. Көп жағдайда шектен тыс сенгіштік те осыған əкеп соғады: əдетте бойжеткен үйлену соңынан «түзеліп» кетеді, мысалы, ішімдіктен тыйылады деген уəдеге сенгіш келеді. Алайда мұның бəрі керісінше болатыны өмірде сансыз рет дəлелденді: үйленгенге дейін ішімдікке салынғандардың кейін бұл əдетті қойғандары тым сирек, оның есесіне көбінесе үйлену əсерінен болмаса да еркектердің жанұялық өмір басталған соң іше бастайтындары көп. Күйеуін «қайта тəрбиелеуге» ұмтылу — өзін-өзі алдау. Күйеуді əйел өз талғамына қарай «қайта тəрбиелеуге» мəжбүр етпейтіндей етіп таңдап алмаса, көп жағдайда нəтижеге қол жете бермейді. Тіпті, нақты келіспеушіліктер болмаған күнде де мұндай жанұялық өмірден жақсылық күтуге болмайды.
Кейбіреулер ер адамның ықылас қойып, көңіл білдіріп жүргендегі мінез-құлқын болашақта да өзгермейді деп ойлап, кейіннен оған қатты өкінеді. Болашақ күйеуді басқа адамдармен қарым- қатынаста жалпы адам тұрғысынан бағалауды, оның сүйіспеншілігіне дəлел іздеу керектігін бойжеткендердің санасына сіңіру қажет.
Көптеген əйелдер бұрынғы күйеу жігіттің той өткен соң күрт өзгеруінен азап шексе де, кей кезде оның өзіне бұрынғыдай қарым-қатынаста болуына олардың өздері жағдай жасамайды. Тұрмыс құрғаннан кейін, көп жағдайда дүниеге сəби келгеннен кейін, көптеген əйелдер салақсып кетеді.
Кейбір бойжеткендер өзіне лайық сыңар табылмаған күнде, əйтеуір «кешігіп қалмау» үшін, ал екіншілері — туған қаласынан немесе оқып жүргенде бауыр басып қалған қаладан кетпеу үшін, үшіншілері — құрбысының үлгісімен, төртіншілері — өзіне көңіл бөлмеген адамға «ерегісіп», бесіншілері ата-анасына өз бетінше өмір сүре алатынын көрсету үшін күйеуге шығады.
Неке беріктігі тағы неге байланысты болуы мүмкін? Күйеуінде бойжеткендердің өзі жете түсіне алмаған, алайда ата-аналарының тəрбиесіне немесе саналы қарым-қатынасына көндігетін қасиеттерінің болуы айтарлықтай роль атқарады. Мұның алдында да біз əйелге тəн нəзіктік туралы сөз еттік. Ол некенің берік болу проблемаларына тікелей қатысты.
Шындығында «əйел əлсіздігінде» үлкен күш бар. Темекі тарту, шектен тыс «еркін» болу сияқты«сəнді» əдетке еліктеушілер де əйелдің əлсіздігі. Олар өздеріне алдыңғы қатарлы, заман талабына лайық жандар боп көрінгенімен ер адамға əйелге тəн құдіретімен ықпал ету мүмкіндігінен өздері айрылады. Бұл, біріншіден, еркектер психологиясын түсінбеушіліктен, əйелдің тап қандай қасиеттері еркекті қызықтыратынын, екіншіден, еркек жынысты өкілдер арасында өздерін емін-еркін ұстауға мүмкіндік беретін қасиеттердің некеге тұрғанда жəне ерлі-зайыптық өмірде еш қажеті жоқ, тіпті зиянды екенін білмегендіктен туындайды. Еркектерге ұқсас əдет-қылықтар кейде əйелдің еркекпен емін-еркін араласуына, олармен достық қарым-қатынаста болуына жағдай жасайды, бірақ бұл қарым- қатынастардан ешқашан да нағыз махаббат пайда болмайды. Мəселе мынада, егер əйелдің сол ортада болғаны еркекке əсер ететін болса, оның мінез-құлқы еркінен тыс, аз да болса өзгергенде ғана əйел ер адамға тартымды болады. Басқаша айтсақ, əйел ер адам үшін еріксіз жете түсінуге тұрарлық немесе қол жетпес арман болуы керек. Ал еркектердің əдет-қылықтарына бойы үйренген əйелдер бұл мүмкіндіктен айрылып, оның орнын ешқашан да толтыра алмайды.
Əдетте тап осындай əйелдер психологиялық жағынан икемсіз, бұларға кəдімгі əйелге тəн инабаттылық, мейірімділік, əйелге тəн нəзіктік жетіспейді. Əрине, əйелге тəн нəзіктік дегеніміз — табиғат тарту еткен сый, дегенмен мұны да жетілдіре түсуге немесе басып тастауға болады.
Некенің тұрақты болуы үшін ерлі-зайыптылардың өзара түсінісушілігі, бір-бірін толықтыра түсуі маңызды рөл атқарады, бірақ өзара түсінісушілік дегеніміз өздерін қоршаған ортаның сыртқы əлемнің əлдебір оқиғасына көзқарастарының сəйкес келуі емес. Мұнда ең əуелі жанұядағы əдетте болып жататын тəртіпті, өте қарапайым; болар болмас іс-əрекетті өздігінен өзара түсінісіп, қабылдай білу керек. Себебі жанұя дегеніміз — əрқайсысының түрлі ерекшеліктері, қасиеттері бар адамдар араласуының барлық түрлерінің ішіндегі неғұрлым тығыз байланыс. Негізгі үндестік некелесуге дейін танып-білінеді, бірақ бұған дейін көп нəрсені нақтылы білу мүмкін емес.
Бірге өмір сүріп, күнбе-күн, жылма-жыл, тіпті бүкіл ғұмыр бойы өзара қарым-қатынаста болатын ерлі-зайыптыларға қойылатын талаптардың қаншалықты жоғары екенін түсіну қажет.
Сонымен, отбасы құру екі кісінің ерікті түрде келісімі арқылы жүзеге асып, өмірдің қызығы мен қайғысын бірлесе бөлісіп, барша туындайтын мəселелерді ортақ мүдде тұрғысынан қарап шешуге міндеттейді. Бұл жағдайлардың ынтымақты түрде келісіммен шешілуі отбасы шаңырағының берік те мықты болуының кепілі болмақ. Тату-тəтті жарасымдағы отбасында қашанда береке болып, өңі бал- бұл жанған нəрестелер өсіп жетілмек. Ал ол өз кезегінде болашақ, жақсы отбасы құра алатын жастың тəрбиеленуінің алғы шарты болса, екінші жағынан, жақсы тəрбие көрген балалар қоғамның ырғақты дамуының кепілі болмақ.
Ел ішінде отбасын жоспарлау үрдісінің орын алып бара жатқан жасырын емес. Бүгінде кəрі қыздар қатары көбеюде. Деректерге көз салсақ, қазіргі таңда Қазақстанда 300 мыңға жуық кəрі қыздар бар екен. Ал ұрпақты болудың аса қолайлы кезеңі 35 жасқа дейін емес пе? Мұның сыры ертеңге деген сенімнің жоқтығынан болса керек. Көпшілік жастар қазір оқу қуып, үй-жай, көлік мəселелерін шешіп алып барып үйленуді ойлайды.
Бүгінгі күні күн көрудің қиыншылығынан отбасын асырау үшін əйелдер бала туу мəселесін тұрмыстық жағдайды жасап алудан кейінгі орынға қояды. Көп ата-аналар қазіргідей заманда 10 бала туып, оны асырай алмағаннан гөрі, 3–4 баланы тəрбиелеп, қатарға қосқан дұрыс деп есептейді. Ал кейбір əйелдер мүлдем дүниеге ұрпақ əкелгісі келмей, одан да билікті, мансапты ұнататыны да бар.
Демограф-мамандар халық өсімі əр отбасында үшінші жəне төртінші бала өмірге келсе ғана көбейеді деп отыр. Əрине, халықтың əлеуметтік ахуалы жақсы болса, бала туу артады. Көпшілік жұртты қынжылтатын бір нəрсе, еліміз қазынаға бай бола тұра, халқымыздың көп мəселесі əлі де шешілмей келеді. Демографтар «халықтың əлеуметтік тұрмысы түзелмей, демография мəселесі де шешілмейді» деп дұрыс айтады. Экономикамыз жақсарып келе жатса, ана мен балаға неге жағдай жасамасқа?
Президентіміздің халыққа арналған Жолдауында елдегі дамографиялық ахуалды жақсартуға арналған бағытқа көп көңіл бөлінген еді. Онда республика халқының санын 2015 жылға дейін 20 миллионға жеткізу жөнінде айтылған болатын.
Демографиялық жағдайдың өзі туу, өлім, некелесу, ажырасу, көшіп-қону процестерінен тұрады. Осының барлығы қалыпты жағдайда болғанда ғана халық саны өседі. Алайда бүгінгі күні демография мəселесі үлкен бір проблема. Бұрынғы қазақ əйелі 10–12 құрсақ көтеретін. Қазақ қызын тұрмысқа ерте берген. Ал қазіргі қазақ қызы 25–30 жасқа келгенше тұрмысқа шықпайды. Осы орайда Орталық Азия университетінің ректоры белгiлi демограф-ғалым, саясаттану ғылымының докторы, академик Мақаш Тəтімовтың мəліметтеріне зер салсақ [5], соңғы 55 жылдың ішінде, бұл 1944–1999 жылдар арасындағы, демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқандығын айтып, статистикалық мəліметтер бойынша, қазақтың саны төрт есе өскені жайлы айтады. Негізінен халықтың саны тек табиғи өсіммен ғана көбейетінін көрсетіп, ең соңғы 2004 жылғы санақ бойынша, Қазақстан халқының саны 14951302-ге жеткендігін, оның ішінде 9 миллионға жуығы қазақтар деп, мұны жақсы көрсеткіш деп білді. Осыған қоса оралмандардың да еліміздің санын арттыруда қосып жатқан үлесі бар дейді. Көші-қон барысы əлі 10–15 жылға созылып, 2015 жылға дейін табиғи өсіммен 2 миллионға жетсек, қалған 3 миллион оралман қандастарымыздың есебінен толығатындығына көз жеткізеді.
М.Тəтімов отбасындағы əлеуметтік тұрмыстың төмендігін əлеуметтік жағдаймен байланыстырмай, дүниеге бала əкелу халықтың пиғылына байланысты дейді. Жалпы қазақ əйелінің бала тууы 2,3-ке жетті деп, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының алда келе жатқандығын мақтаныш етеді. М.Тəтімовтың болжамы бойынша, 2012–2015 жылдары елімізде дүниеге сəби əкелуге мүмкіндігі бар əйелдердің саны 300 мыңға артуы тиіс [5]. Табиғи өсімді сақтау үшін əрбір отбасында кем дегенде 3 баладан болу керектігін айтады. Ал халық санының қандай факторларға байланысты көбеймей жатқандығын əйелдердің туудан бастартып, жасанды түсік жасатуынан деп біледі. Жасанды түсік бүгінгі күні екі есе қысқарған күнде де, елімізде жылына 150 мың жасанды түсік жасалады екен. Мұны бірінші себеп деп тауып, екінші себепті кəрі қыздар мен сүр бойдақтардың өсімінің көбейуінде деп табады. М.Тəтімов: «Менің зерттеуім бойынша, Қазақстанда 250 мыңдай кəрі қыздар бар екен. Кəрі қыз деп жасы 25-тен асқан қыздарды, жігіттерді 30-дан асса, сүр бойдаққа жатқызамыз. Сондай-ақ бір баламен шектелгендер де демографияны тежейді. Мəселен, азаматтық некемен көбінше жастар отау көтереді. Ал олар көбінше балаларының болғанын қаламайды. Жас кезде мемлекеттік некемен тұрған дұрыс. Бұл да халық санының өсуін тежейтін факторлардың бірі. Мен мына мəселені қадап айтамын, демографияны өсіретін де, өшіретін де əйелдер. Сол себепті, əйел адам қашан да өзінің аналық міндетін ұмытпағаны жөн», — дейді.
Бүгінгі қыз — ертеңгі жар, болашақ ана, отбасының ұйытқысы болар жандар өз болмысын қатаң қадағалап, өзін-өзі жарасымды тəрбиеге баули білуі керек. Кейде бір бетпақ қыздар өз тəрбиесін, мінезін тыймай, маған лайық бір ынжық, айтқаныма көніп, айдауыма жүретін кісі табылар деп көкитіні де бар. Олар қоғамға, ұрпағына, еріне, елімізге де жоғарыда аталғандай теріс əсер беріп қана қоймай, ерін де азапқа салады.
Сонда мінезі шытымыр, өзімбілер ананың тəрбиесін көрген ұл мен қыздан жақсылық күтуге болмайды. Əрі ол отбасында тыныштық та болмас. Міне осындай үлкен қатер төндіретін шатақ мінез-қылық өте жағымсыз деп танылған.
Егер əйелге жақсы тəрбие берілмесе, ол отбасының, бүкіл қоғамның күйреуіне себепкер болады деп білеміз. Ерлі-зайыптылық сəттіліктің маңызды бір шарты күнделікті тұрмыстағы өте қарапайым əрекеттерде өзара түсінісушілік, бірін-бірі ұғынып, қабылдай білу екенін жоғарыда сөз еттік. Мұнда əлдебір оқиғаға, құбылысқа ортақ көзқараста болу жеткіліксіздік етеді.
Белгілі бір жағдайда ұқсас сезім-күй кешу де аз. Бұл сезімдерді білдіру тəсілдерінің сəйкес келуі қажет жəне рухани үйлесушіліктің мынадай тағы бір ерекше маңызды қасиеті бар: əйел əрекетін өз мүддеңдей сезініп, мінез-қылығын еркін түсіне отырып, оның ойын жалғастыра білу керек. Бұл əйелдің психологиялық икемділігін құрайтын маңызды ерекшеліктердің бірі боп табылады.
Қазақ халқы: «Əйел қырық шырақты» деген. Адамның тағдырына бөтен кісінің билігі жүрмейді. Өмірден түңіліп, болашақтан үмітсіз қалу əлсіздігіміз болар еді. Қазақ қызының бойында шыдамдылық пен мейірім көп. Сол шыдамдылық шырағымызды жағып, мейіріміз болашағымыздың баяны болсын.
Отбасының күйбеңі ортақ болған соң, кездескен ауыртпалықты тең етіп көтерген жөн. Отбасындағы кездесіп жатқан қиындықтардың бəрі неден бастау алады, онда да үлкен мəн бар. Əрбір қиындықтың бір жеңілдігі болғандықтан, қандай қиындық болсын одан аман шығатын жолдар да бар, тек ерлі-зайыптылардың асқан шыдамы мен парасаты сондай қиын сəттерде шамшырақ болып жол көрсете алады.
Ислам ер мен əйелге тең құқық берген, сондықтан олардың қоғамдағы орны да тең. Əйелдің ақыл-парасаты мен ой-өрісі, қызмет істеу қабілеті жоғары болса, ол кез келген ерден жоғары тұрады. Қоғамда əйелдердің үлкен орын алуы əйелдердің іске қабілеттілігі мен тиянақты əрі жауапкершілікті жете сезіне алатындығында. Əйел табиғаты адалдықты сүйетіндіктен, əйел басшылар қулық, сұмдық, алдау-арбау секілді теріс қылықтарды аз жасайды. Əрбір ісінің тиянақты, мақтауға тұратындай етіп жасалуын өзі қадағалайды.
Ер азаматтарымыз қаламын түзеп, отбасына ие болғанда ғана ол үйге береке, бірлік кіреді. Ару əйел. Ана. Адам баласы бар тəтті сөзін, бар мейірімі мен махаббатын арнап əн еткен əйел қашан да əйел болып қалмақ.
Қазақ əйелді қашанда болса көкке көтерген Т.Тоқбергенов «Айбалта» атты ғұмырнамалық эссесінде Манат есімді жеңгесін төмендегі теңеулермен сипаттайды: «Əйел тек ерінің жары болмауы керек, ол əлемнің жары, тотықұсы болуға тиіс. Қойны қуанышқа толы əйел — жақсының жұбы, көптің көз құртын алатын нəрі, жеңімпаздың сүйіктісі, сұлу ердің аққудай серігі, батырдың бойтұмары, билік иесінің нақсүйері, байлықтың базары, құлай сүйгеннің, қолы жетпестің Қыз Жібегі, көңілі кеткеннің періштесі, жары болуы керек» [6].
Əдебиеттер тізімі
- Ақтаев С. Қазақ ханымдары. Тарихи эсселер. — Алматы: Жалын, 2001. — 104-б.
- Қалиев С., Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дəстүрлері. — Алматы: Жалын, 1994. — 222-б.
- Бекжігіт А., Ыстыбай Ə. Қыздарға мұсылмандық тəрбие. — Шымкент, 2003. — 44-б.
- Қазмағамбетов А.Г., Исабекова А.О. Қыз жəне ер балаларының мінез-құлқын тиісті дəрежеде қалыптастыру —жанұялық өмірге дайындаудың негізгі жолы // ҚарМУ хабаршысы. — Педагогика сер. — 2005. — № 4. — 153–159-б.
- Тəтімов М. Дүниеге бала əкелу халықтың пиғылына байланысты //Айғақ. — № 19. — 18 мамыр. — Шымкент.
- Тоқбергенов Т. Айбалта. –Алматы: Жалын, 2005. — 536-б.