Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Жамбыл — ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын

Кіріспе

Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер əрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз — есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!

Ақиық ақынның жыры да, сыры да мəңгілік тақырыпты қозғайды. Яғни, тіршілік жəне адамтану жөнінде! Жыр дүлділі Жамбыл Жабаев есімінің бүкіл жер шарын шарлаған кезі — жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының ортасы. Оның өлеңдері Азия мен Еуропа жəне басқа да континенттер ұлттарының елу шақты тілдеріне аударылған.

Жамбыл Жабаевтың өнегелі өмірінің өрнекті тұстары

Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мəшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында, Ұлы жүздің ішіндегі Шапыраштының Екей руынан шыққан Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген [1; 6].

Əкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабтай деп атап кеткен. Жапаның Ұлданай атты əйелінен Тəйті, Жамбыл, Коман туады. Арғы аталары дəулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың əкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған».

Тумысынан өнерге жақын Жамбыл молдадан дəріс алуды қаламаған. «Батаңды маған бер, əке» [2; 8] деген өлеңінде:

Батаңды маған бер, əке,

Тіліме менің ер, əке,

Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті дер, əке!

Домбыра алып сөйлейін,

Күнде жасап мереке.

Мерекелі болған соң,

Елде болар береке,

Ұрлық түбі – қорлық деп,

Болармыз құр келеке, —

деп өлеңнің соңында ақындық жолға түсуге бата сұрайды.

Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жігіт жастайынан біржолата ақындық жолына түседі. Оған ақынның мына жыр жолдары куə [2; 6, 7]:

...Он жаста ойнап жүрдім бала болып,

Өлеңге бөлдім көңіл алаң болып.

Райыттап тана мініп, қозы бақтым,

Еңбекті иемденгенде шама келіп.

Қойшымен кеңес құрдым қыр басында,

Өлеңмен ермек болдым жолдасыма.

Сол еңбек қалытқыдай кетті алып,

Байлардың жақындатпай мырзасына.

Өленді өркендеттім, өршіп, өстім,

Көргенде жақсы жырды құстай үштым.

«Жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын»

Дегенде, дара болып көзге түстім.

Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,

Тең басқан төрт аяғын болдым жорға.

Он алты желі ұзатты, өрістетті,

Түскендей бұлтартпайтын даңғыл жолға.

Топ десе он жетімде тартынбадым,

Семсердей майдандағы жарқылдадым.

Ақынды ауылға ермек басып озып,

Жұлдыздай көзге түсіп, жалтылдадым.

Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,

Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.

Бір жағы қайнап өскен қалың елім,

Бір жағы атқа мінген бай мен датқа.

Жауларды ел қарғаған жамандадым,

Манапқа жақсы сөзді таба алмадым.

Аз сөзім бай, манапқа арналғанда,

Жалтақтап, ел не дер деп, алаңдадым.

Келгенде жеме-жемге, елде қалдым,

Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.

Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы,

Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым.

Жастайынан ақындық өнерге құмартқан Жамбыл 14 жасында жырдың пірі Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түседі. Сүйінбай Аронұлы – шашасына шаң жұқпаған айтыс ақыны, от тілді, орақ ауызды шешен, қазақ шежіресінің сұңғыла білгірі, өлеңнің қызыл желі. Жамбыл өзінің ұлы ұстазынан осы қасиеттердің бəрін алды.

Қазақ халқының ұлы ақындары Сүйінбай мен Жамбыл — егіз құбылыс. Екеуін бірінен-бірін бөліп қарауға болмайды. Алып бəйтерек тамырдан өседі десек, Жамбылға нəр берген тамыр – Сүйінбай.

Содан да шығар Жамбыл:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы, сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай.

Сүйінбай деп сөйлесем,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай! — деп өмір бойы аузынан тастамай кеткен. Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде, Іле бойында өткен бір үлкен жəрмеңкеде сол кезде орта жастардағы ақын Құлмамбетпен (Құлманбетпен) айтысып, жеңіске жетеді. Содан бастап Жетісудың ең үздік ақынына айналады.

1913 жылы Алматыда Романовтар династиясының 300 жылдық тойына арналған көрме ашылады. Алматының губернаторы патшаны мақтату үшін Жетісу ақындарын жинайды. Осы жиында айтқан «Өстепкеде» деген өлеңінде Жамбыл патшаны мақтауға бармай, керісінше, көрмеге келген ел əкімдерінің жағымсыз мінездерін сынайды [3; 23].

Тарихтан мəлім, 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ұзаққа созылған соғыс зардабынан патшалы Ресей империясы құрамындағы халықтар қатты күйзеліске түсті. 1916 жылы қазақ халқынан Ресей императоры он тоғыз бен отыз бір жас аралығындағы тепсе, темір үзетін атпал азаматтарды соғыстың қара жұмысына алу туралы Жарлық шығарды. Бұл жастағы жітіттер аграрлы қазақ қауымында негізгі асыраушы күш болғандықтан, еркек кіндік атаулыны жаппай майданға əкету қазақ ұлтының əлеуметтік-демографиялық күйреуіне əкеліп соғар еді. Осыны түсінген халық Қазақстанның түкпір-түкпірінде патша өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Көтерілістің негізгі үлкен-үлкен ошақтары Торғайдағы Амангелді Иманов, Жетісудағы Бекболат Əшекеев бастаған ереуілшілер болды. Осы Жетісудағы көтеріліс кезеңінде жетпіс жастағы Жамбыл Жабаев «Патша əмірі таралды (1916 жылғы оқиға)» [2; 20-21] атты өленіңде:

...Патша əмірі таралды,

Оған қылар бар ма ылаж?

Ішке толған зарымды,

Кімге айтармын қылып наз!

Көген көзді қосақтап,

Қалай қиып берерміз?!

Көздің жасы моншақтап,

Көңіл шер боп өлерміз.

Көк жайлауды қалдырып,

Қайда көшіп кетерміз?!

Көкіректі зар қылып,

Қорлықпен қайтып өтерміз?! — деп халық көтерілісінің түпкі мəнін ашып көрсетіп, көтерілістің басты ұраншысына айналады.

Жамбыл патша жандармы бұйрығымен тұтқындалып, жетпіске қараған шағында түрмеге отырғызылады. Халқының ақынына деген сүйіспеншілігінің арқасында ақын абақтыдан босап, бостандыққа шығады.

Кеңестік дəуір кезеңі ақын шығармашылығының жаңа бір дəуірде өзгеше түрленуі болып көрінеді. 1916 жылғы дүрбелеңдер 1917 жылғы атақты революцияға ұласып, бұл тарихи оқиғалардың соңы əлем картасында КСРО атты жаңа алып империяның пайда болуымен аяқталды. Ұлттық құндылықтармен қаруланған Жамбыл рухы бұл кезеңде де жыр жорғасынан жаңылған жоқ.

Ақын жаңа қоғамды үкімет оң қабақ танытпай тұрып-ақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жырға қосты. Жырау 1924 жылы өзінің «Қазақстан тойына» [2; 35] атты жырында:

Халықтың енді міне жетілгені,

Құрыштың білінбейді кетілгені.

Аталып Қазақстан ел боп туып,

Үй тігіп, ірге қалап бекінгені.

Елімді сансыз жылдар қоршап тұман

Өмірінде азап шегіп өкінгені.

Елімнің үкіметі көп жасасын!

Намысты жауымызға кетірмеді.

Болайық үкіметке кедей ұйтқы,

Секілді, темір тіреу көпірдегі.

Жарқырап тұла бойды шаттық кернеп,

Ажарым шырайланды бетімдегі.

Ағытқан бар арынын арғымақтай,

Қиырдан қия шауып лепіргені.

Сенімен туған елім біте қайнап,

Жан емен əңгіменің шетіндегі.

Сондықтан, бабаң Жамбыл əнге шырқап

Қырандай қос қанаттың серпілгені, — деп толғынысқа түседі. Қорғасындай құйылған осы жыр жолдарының бүгінгі тəуелсіздікке қол жеткізіп отырған заманмен ғажап үндестігін көреміз. Сонау өткен ғасыр басында Жəкең Қазақстаннның тəуелсіз ел болып түлейтінін, үй болып ірге қалайтынын болжап отырғандай сияқты [4].

Негізі, Жамбылдың шығармашылық өрлеу жылдары – ХХ ғасырдың 30-жылдар іші. Ақын 1936 жылы Мəскеуде өткен қазақ əдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, орден алды. Дəл осы жылы Жамбылдың Кеңес елі тұсындағы «Туған елім» атты атақты толғауы жарық көрді. Жырдың негізгі лейтмотиві — жаңа заманнан мүмкіндігінше өз үлесін алған, жасарып жаңарған қазақ елінің бейнесі.

Ақын былай жырлайды:

Содан бастап қазаққа,

Қимылдарлық əл кірді,

Кеудесіне жан кірді.

Жан кіріп қана қоймайды —

Ел боларлық сəн кірді.

Сəнді қазақ елінде —

Қартайғанда əн салған,

Өлеңін қойдай тоғытқан,

Тыңдаушысын ұйытқан —

Көретін болдың Жамбылды.

Бұл жолдардан 20-30-жылдардағы қазақ халқының басынан өткен тауқыметіне қарамай, халықтың еңсесін көтеретін асқақ рух екпінін көреміз.

1938 жылы Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдығы мерекеленгенде, дүние жүзінің ұлы ақын-жазушылары Мартин Андерсен Нексе, Ромен Роллан, Анри Барбюс, Рабиндранат Тагор, Катерина Сусанна Ричард, тағы басқаларды ақынды құттықтап хат, жеделхаттар жолдаған. Кезінде ол «XX ғасырдың Гомері», «Халық поэзиясының алыбы» атанды. 1941 жылы «Əлемге аян жырлары үшін» делініп, оған Одақтық дəрежедегі Сталиндік сыйлық берілді [5; 9].

Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері майдан даласын шарлап, жауынгерлерді ерлікке, ел қорғауға шақырды. «Ленинградтық өренім» [2; 81–85] өлеңі Ленинградты қорғаудың нағыз бір ауыр күндерінде шығарылып, ұранға айналды:

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін.

Көпіріне қарасам,

Көмкерген су көлемін.

Өркеш-өркеш жарасқан,

Шоқылардай дер едім.

Сапырылған көк теңіз,

Шомылдырып кемерін!

Шамы күндей жайнаған,

Аспанға үйлер бойлаған,

Арқа тұтып алыста,

Айбыным деп ойлағам!

Жасағам жоқ өмірді,

Жау сойқанын көргелі.

Төккенім жоқ терімді,

Шер қылғалы кеудені.

Жасалған жоқ салтанат –

Жаудың болуға ермегі.

Жауда қалып Ленинград,

Жаралған жоқ көнгелі!

Жасағамын өмірді –

Жау біткенді жеңгелі.

Саудыратып сүйегін,

Топыраққа көмгелі.

Қазақстан жерінен,

Тұтағандай ел кегі,

Жолды кернеп қол кетті,

Сендерге дем бергелі.

Нева алабын қорындар,

Ленинградтың ерлері.

Ұрпаққа үлгі болыңдар,

Заманымның өрнегі!...

Бұл өлең плакатқа басылып Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) көшелерінде ілінген жыр жолдары халықты рухтандырды. Ел еңсесін тіктеді. Солдаттар соңғы күшін жиып, жауға тойтарыс берді.

Жамбылдың ақырғы жыры 1945 жылы 9 мамырда айтылды. Ол жырда неміс басқыншыларын халқымыздың қаһармандықпен жеңгеңдігі дəріптелді.

Жыр алыбы жүз жасқа қадам басқан шағында, яғни 1945 жылы 22 маусымда, дүниеден өтті. Ақынның денесі өз қолымен өсірген бағына жерленіп, ол жер кейіннен Əдеби-мемориалдық мұражайға айналды.

Қорыта келе айтарымыз, жыраудың «Ақын болдым» [2; 28–33] атты керемет толғауында:

Өтірікті сүймедім,

Дүние үшін күймедім.

Алтынына біреудің,

Жолда жатса тимедім.

Жыртық киім кигенім,

Арық, жауыр мінгенім.

Думан топты қақ жарып,

Жастық шақта жүргенім.

Ақ бөкендей желгенім,

Ақынның көріп мергенін.

Өмірменен жанасып,

Жарлыменен санасып,

Ақиқатты сөйледім.

Ақ домбыра ермегім,

Сөздің оғын кезесем,

Алыстан атып жеткіздім.

Дұшпанға арнап кезесем,

Өңменінен өткіздім.

Мерген болдым, атқышпын,

Көздедім көрсең қылаңды.

Шешен болдым, тапқышпын,

Төте жолмен төтелеп,

Елдің сырын жетелеп,

Арқадан арқа қыр асып,

Егескенге шыдасып,

Жамбылдан кім бар шыдамды?!

Он жеті мен он сегіз,

Тал шыбықтай бұралған.

Жас ақын Жамбыл атақты,

Он үштен бастап сыналған.

Жүйесін тапқан жел сөзді

Үйсін, Найман құп алған.

Көрғұлы Сұлтан, Өтеген,

Шежіресін тыңдаса,

Шығушы еді құмардан.

Өлеңді жастан дарытқан.

Малға қашан жарытқан.

Жамбыл ақын нəсібі

Өзімді сүйген халықтан.

Қазынасы кең дүние,

Жамбыл қашан тарыққан... — деген сөздері оның азаматтық та, ақындық та анкетасы сияқты.

Қазақ елі жыр алабының 100, 150 жылдық мерейтойларын салтанатпен атап өтті. Жамбылдың академиялық толық жинағы шықты. Мұрасы əлі де зерттелуде.

Жамбылдың ақындық қызметінде айтыстың елеулі орын алуы

Ауыл арасында ірілі-ұсақ тіршілік əңгімесін өлеңге қосып немесе əлдебіреулердің жақсылы- жаманды мінез-құлықтарына арнау сөз айтып жүрген Жамбылдың ақындық атағын шығарған айтыс болды. Айтыс өнеріне тəн барлық тəсілдерді ұтымды əрі шебер пайдаланған ақын сөзден ұтылмаған. Арғы-бергі тарихты жетік білген Жамбылдың қарсыластарына айтқан уəжі де берік, мығым. Сонымен бірге Жамбылдың айтыстың аламанына түсіп, сөз сауған замандастарының көбінен ерекшеленіп тұрған бір қасиеті – оның айтысты дүние, мал табудың құралы емес, ерекше өнер түрі ретінде қарауында деп білген жөн.

Жамбылдың айтыс өнері тарихындағы бел-белестерін тізіп өтер болсақ, Сайқал қыз (1864-1865), Жаныс ақын (1866), Бөлектің қызы (1870), Бақтыбай (1872), Бұрым (1873), Сара (1875), Сары тəрізді ақындармен арадағы сүре айтыстарын ерекшелеп айтудың жөні бар. Əрбір айтыстың əңгімесі — бір- бір дастан. Бұл айтыстарға суреткерлік, тапқырлық, тереңдік тəн. Сезіміңді жетектейді, ойыңды жарқыратады, тіліңді түрлендіреді.

Жамбыл өзінің ақындық өнерін көбінесе «Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы» [2; 96-108],

«Жамбыл мен Досмағанбет» [2; 108-132], «Жамбыл мен Бөлтірік» [2; 132-133], «Жамбыл мен Айкүміс» [2; 134-136], «Жамбыл мен Шашубай» [2; 137-144] атты айтыстар үстінде көрсете білген.

Жамбылдың айтыстағы бір ерекшелігі — өзінің ақындық өнерін тиісті идеялық бағытта пайдалана білетіндігі, халық атынан сөйлеп, халыққа арқа сүйеп отыратындығы, оның беделін асырып, халық ақыны дəрежесіне дейін көтереді.

Бір айтыста атағы жер жарған, ешкімге дес бермейтін, азулы Құлманбет Жамбылды кемсіту мақсатында өзінің руластарының шылқыған байлығын, беделін асыра мақтап, ал Жамбылдың кедейлігін бетіне басып, Сұраншы, Саурық дегендерің өз ажалынан өлмей, жаудан өлген деп кеміткеніне жауап ретінде Жамбыл Сұраншы мен Саурықтың өлімі, елін, жерін қорғаған ерлік өлім екенін, ерлердің жорық тарихын зор мақтап, батырлықты байлыққа қарсы қояды:

...Сұраншы, Саурық батырым,

Шетіне дұшпан келмеген.

Ақ кіреуке жамылып,

Ат кетпеген кермеден.

Садағын белге байланып,

Жауға қылыш сермеген.

Қамын ойлап халықтың,

Tap кезеңді бермеген.

Бұл сөзді мұнда тастайын,

Сабыр қылып саспайын.

Теріскей тұрсын жайына,

Күнгей жақтан бастайын.

Ол күнгейді жерлеген,

Желмая мініп желменен,

Түрік пенен Түктіқұрт

Сол кісіден тараған.

Байтелі, Қаумен, Дəулетті,

Жəпекпенен төртеуі —

Бəрі бірдей əулетті.

Өнері асып əр жаннан,

Түзеген көшін сəулетті.

Асықпай тыңда, Құлманбет,

Беремін кезек нəубетті.

Онан былай өтейін,

Көзіңді сенің көр қылып,

Көлденеңдеп кетейін.

Ертерек жүріп ентелеп,

Серектасқа жетейін.

Серектасты жерлеген,

Байлығы тасып көлдеген,

Қилыбай ұлы Қожбамбет,

Көк берендей түтеген.

Көкірегіне құдайым,

Тоқымай нұрды бітеген.

Айға білеп азуын

Аспанға қолын сілтеген

Өтеген, Қазыбекке барайын,

Сол жерде жатқан өтендеп,

Атамыз тұрған мекендеп.

Ыбырайымның алты ұлы,

Алтауы да арыстан.

Дұшпанын табанына жанышқан.

Ең үлкені Нұрғожа,

Онан кейін Айғожа,

Онан кейін Байғожа

Райыс, Допас тағы бар,

Алланың берген бағы бар.

Қазақтың қамқор ерлері,

Қарулымен қағысқан,

Азулымен алысқан.

Уа, Құлманбет, сөз тыңда,

Байларым деп салмақтап,

Не қыласың құр мақтап,

Өңкей ақымақ есекті.

Елдің сиқын кетірген,

Кəсіп қып, өтірік-өсекті.

Баймын деп сендей тасыман,

Кедеймін деп жасыман!

Берекелді елді айтам,

Ел қорғаған ерді айтам,

Басымнан сөз асырман!...

Осы айтыста Жамбыл батырлар елді жаудан қорғап өлетін болса, Құлманбеттің ағасы Мақсұтты ағайындарымен ұрсысып, байлық үшін таласып, аяқ-асты даудан өлгендігін бетіне басады. Мені қара күңнің баласы деп кемсітесің, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың деген фактілерді алдына тартады. Құлманбетке Жамбыл:

...Оның рас, таз Құлманбет, —

Сұраншы, Саурық пенен жаудан өлген,

Халық үшін шəйіт болып жанын берген.

Елді қорғап өлгеннің арманы не,

Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.

Қазылық қып кетіп пе еді,

Мақсұт ағаң, Шытыр жеген түйедей көні кеуіп,

Бір сайда іріп-шіріп аунап өлген.

Түлен түртіп отыр ма, таз Құлманбет,

Кəріқұл мен Сақаудан аз

Құлманбет. Алақандай басыңның бір қылы жоқ,

Боласың неменеге, мəз, Құлманбет?!

Құлманбет, мен білемін түбің Уақ,

Арқадан кісі өлтіріп келдің шұбап.

Басыңды осы арада кесіп алсам,

Құныңды алар кісі жоқ, іздеп, сұрап.

Үстіңе жайдың оғын жайлатармын,

Екі қолынды артыңа байлатармын.

«Без белет, кісі өлтірген қашқын жүр» — деп,

Жұртыңа здавайттап айдатармын.

Құлманбет, қызынды төрт ат, жүз теңгеге,

Дунганға сатып жүрсің,

Қызыққа тамашаға батып жүрсің.

Апиын ақыреттік азығың боп,

Соттан сотқа басыңды шатып жүрсің.

Құлманбет, ақын Шаншар, Суанды алдың,

Нашар едің, бұл күнде жуандадың.

Сенің де мақтанатын жайың да жоқ,

Қуарып, үш бешпетпен қуандадың.

Құлманбет, Суанды алдың Албанменен,

Албанды бай болмадың алғанменен.

Байғұс-ау, қай жеріңнен мақтанасың,

Есің жоқ, шашың жұртта қалғанменен.

Арқадан ауып келген ақтабансың.

Елді алдап, акынмын деп мақтанасың... —

деп əрі дəлелді, əрі басым шығады.

Бұл ұзақ сөз тартысында Жамбыл жеңеді. Осы айтысты ұлы ақынның өзі былайша бағалағаны белгілі: «Осы айтысқа екі елдің билеушілері мен ұлықтары 500 сом бəйге тіккен екен. Ондағы жылқы құны 10-15 сомнан аспайтын. Құлманбетті мен жеңуін жеңдім, ақшаны жуандар жеді. Осы айтыстан соң бір жылдан кейін Құлманбет мені ертіп Қырғыз Шабдан ауылына барған еді. Сонда ақындық өнерін бір көрдім. Құлмамнет Айтұлы үлкен ақын еді» [6; 9].

Енді бір үлкен жиында тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып, Досмағанбет деген ақын тасып отырады. Осы елде Жамбыл деген ақын бар дейді, маған соны шақырып келтір деп тілек білдіреді. Сол жиынға шақыртумен келген Жамбыл да, Сүйінбай, Шөжедей бергі ақындық дəстүрді, өзі сол жолды қуған алып екендігін айтып, Досмағамбетпен айтысуға дайын екендігін айтып, айтысып көр дейді. Сол айтыста Досмағамбет Жамбылға қарап өзін таудан аққан бұлақтай сөзі мол, тұлпар аттай жүйрік ақынмын, байлығым, салтанатым сенің аймағыңды он орап алады, Қолдай, Маман, Желдібай байларым бар, маған теңі келер жерің жоқ, елің де, өзің де қу кедей, киер киімің жоқ, келер жерің жоқ, ішер асқа жарымай, өлеңмен қайыр тілеп, күн көріп жүрген қойдың кəпірі азбанындай ақынсың, — деп соқтығады.

Сонда Жамбыл оған қарсы шығады. Өлеңнің асау теңіздей, нажағайдай оқ боп атылатын сөзім бар ақынмын, апшынды қуырып, алды-артыңды орап алайын, елді қорғаған батырың қайда? Еліме шапқан жауға қара түнек орнатып, қару жарағын асынып, Алатауға қарай асынған Қарасайдай ерлерің жоқ, немен мақтанасың? Өзіңе бір тиындық пайдасы жоқ, тайын мінуге бермейтін байды несіне мақтайсың. Сенің молдалығың да байға сатулы, — деп айқасады:

...Молда ақын сонша неге мақтанасың,

Мақтанып, көтеріліп шаттанасың.

Балықтан тапқаныңды шығынға сап,

Старшын, би болысты атқарасың.

Пенде жоқ жақсылыққа таласпайтын,

Мейірсіз бай кедейге қараспайтын,

Би мен қу алдап қанын,

Теспей сорып

Мінез бар иттердің аластайтын.

Байлардың құлқы жаман мақтайтұғын,

Ат мініп, асын ішкен жақтайтұғын.

Нашардың күшіменен пайдаланып,

Жері осы маған байдың жақпайтұғын.

Қу молда, орыны жоқ сарнамалық.

Байлар жүр кедей күшін пайдаланып,

Байды мақтап, нашарды аузыңа алмай,

Мұнымен оңаласың қайда барып?!

Шықпайсың қыр басына мұныменен,

Болды, сөзді сөйлегін құныменен.

Жамбылдың айғай салған даусыменен,

Тау мен тас əн қосады үніменен.

Кетерсің жерге кіріп жынды, антұрған,

Мен саған қаһарлансам шыныменен.

Не тоқталып — не жеңіп, не жеңіліп,

Созылып отырғанша күніменен.

Аз сөздің тəттілігі болар балдай,

Отырсың айтыспақ боп көңілің дардай.

Қабанды Бақтыбаймен ап келсең де,

Келеді шаужайымнан ешкім шалмай!

Көтере көп мақтадың еліңді сен,

Айтыссаң буғын бекем беліңді сен.

Бұл жаққа күліп келіп, жылап қайтсаң,

Табуға қиын болар жеріңді сен.

Əдепті мейман болсаң, сыйың болар,

Сый білмес сиыр болсаң, қиын болар.

Алыстан аңсап келіп, шаршап қайтсаң,

Тағы да бір бас қосқан жиын болар.

Бұл істің уағында болғаны анық,

Айтысты көтерелік жоғары алып.

Сөйлеген көңіліңдегі сөзің болса,

Осымен бір кішкентай доғаралық.

Сөйтіп, бұл айтыста Жамбыл Досмағанбеттің мысын басып жеңіп шығады. Жамбыл мен Шашубай айтысында ақындық қиял-шабыттан туған асыл сөз тізбектері жеткілікті. ІІІашубай ақын қарсыласын ықтыру үшін өзі туралы, ақындық өнері жөнінде асқақ сөйлейді. Бір ретте өзі жайында:

Ақынның сүйір келер тіл мен жағы

Іркілмей осы күнде сөйлер шағы.

Көрмекке бізге уажып нұр дидарың,

Жетісу, аманбысың, ел саңлағы?!

Жайылды Шашубай боп менің атым,

Кеудемде саудырлап тұр жазған хатым.

Бұл жерде дəм-тұз айдап, жүз көрістік,

Жүрмісің, жалпы тегіс, асыл затым?

Жүрмісің аман-есен, молла Сəтім,

Ілгері болыстардан салтанатың.

Сұңқар болып туыпсың Ниязбектен,

Тарайды Есенқұлдан арғы затың.

Жəне де жəрдем болған бабаң Жаныс

Ер дейді, қазы болған жұртқа қалыс.

Шашубай күнде бүйтіп келе бермес,

Теңіздің аяғында, жерім алыс, —деп екпіндейді.

Сонымен бірге Шашубай Жамбылға:

Жайындай өрге жүзген қадамдысың,

Əр жерден атағың бар хабарлысың.

Дулатта мойны озған жігіт дейді,

Алпысбай, Мəңкеменен, аманбысың? —деп оның да өнерін қадірлейтінін білдіреді.

Асылы, сөз майданында өнер көрсеткен ақындар бір-бірімен тең əрі азулы, адуынды болса, олардың аузынан кесек-кесек ойлар, уытты сөздер ақтарылатын сияқты. Бір-бірінің қытықтарына тиіп, намысын қоздырып, шабытын тұтатып, жігерін жанып, жүрек тереңінде жатқан асыл ойларды, түнық сезімдерді, мөлдіреген əдемі, суретті сөздерді оятып қозғайды. Өз кезегінде Жамбыл да есесін жібермейді. Мəселен:

Өлеңнің дария кенімін,

Еділ менен Жайықтай.

Зырқырап Жамбыл сөйлесін,

Өрге жүзген қайықтай.

Сынға түссін сөзіміз,

Осы отырған, халыққа-ай!

Бақ, дəулетім басылмай,

Жетісудың саңлағы,

Тегіс отыр қасымда-ай

Бағып сөйле аузыңды,

Еліре берме, Шашубай!

Ерегіссең менімен,

Тауып ұстас теңіңмен.

Ерегіссең, Шашубай,

Еңсенді үзіп кетермін,

Аспаннан түскен жасылдай!

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай,

Соларға кезек бермеген,

Ұлы жүздің ішінде,

Ұраным менің, Қарасай!

Қарасайдың ұлымын,

Айтулының бірімін.

Нар кілемнің түгімін,

Қызыл тілін безеген,

Найзасын тасқа егеген!

Алды-артынды буамын,

Сені асырмай кезеңнен!

Жамбылдың Шыбыл шалмен қағысындағы бейнелі жолдары ой-қиялды тербетіп, жанды серпілтеді [7; 8].

Шыбылдың да мына бір шумағы өзіндік сыр-сипаттан құр емес:

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызы, домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын.

Жамбыл Шыбылға берген шағын жауабында

«Құмға біткен селеудей, шілше тозып кетіпсің»,

«Төрт құлақты кемедей», «Өрт өшірген немедей» деген сияқты шыншылдық мағынаға құрылған теңеулерді төгіп тастайды.

«Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» [2; 134–136] — қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісі.

Сыйластықтың бен сырластықтың бедерлі белгісі.

Айтысты Жамбыл бастап,

Айкүміске былай деп үн қатады:

Əдейі ат терлетіп келдім тойға,

Айкүміс, əуелден-ақ болдың ойда.

Əуірі басылмаған албырт едім,

Асығыс айтқаныма кінə қойма?!

Айкүміс сыр мен сезімді, ой-сөз жүйесін төмендегіше жеткізеді:

Аптығып, ə дегеннен амандаспай,

Əдепті үйренбепсің, Жамбыл жастай.

Асылға аспандағы қол жетпей ме,

Акылмен қимылдасаң асып-саспай.

Қыз жауабы ойлы.

Сыр мен сымбат айқын.

Əрі астар да, мəн де бар.

Сонда Жамбыл:

Айкүміс, асықпауға шама бар ма,

Жасшылық ұрындырды талай жарға.

Сен үшін, жатсам,

Тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, —

деп түпкі көзқарасын бүкпесіз баяндайды.

«Жамбыл мен Айкүмістің» той үстінде кездесуі жарасты жастықтың символын аңғартып, сөз сайысының келісті, үйлесімді үлгісін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Жамбылдың айтыстарында ой да, пікір де, сөз де мөлдіреп тұр.

Жамбыл ем кеше кім едім:

Дуадақ едім шөлі жоқ,

Аққу едім көлі жоқ,

Сыбызғы едім үні жоқ,

Асыл едім құны жоқ.

Енді, міне, кім болдым,

Елім сүйген жыр болдым! — деп өзі жырлағандай [2;35], шашасына шаң жұқпаған дана жырау ақындық туын əрдайым жоғары ұстаумен өтті.

Түйін

Жамбыл жырларының халықтар жүрегінен өшпес, өлмес орын алуы — оның ұлылығының белгісі. Сондықтан да армян ақыны А. Геворк [8; 5]:

Сенің жырың — миллионның, өз жыры,

Сенің тілің — миллионның өз тілі,

Сенің жырың жатталады

Бүкіл совет елінде.

Мəңгі-мəңгі сақталады

Бақытты Отан төрінде»,

деп жазды.

«Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі», — деп толғанған екен кезінде даңқты жазушы Сəбит Мұқанов.

Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген əділ баға, біздер үшін мəн-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер. Бұл мəліметтер Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді.

Сөз соңыңда айтарымыз, Жамбылдың ақындық мұрасы көп зерттелген. Оның шығармаларының баспа бетін көруіне кезінде С.Сейфуллин араласқан. М.Əуезов, С.Мұқанов бастаған қазақ ақын- жазушыларының көбі Жамбыл жайында мақалалар, естеліктер жазған. Арнайы зерттеулер де бар. Еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін Жамбыл туралы жаңа көзқарас қалыптастыру, оны «социализм мен Сталиннің жыршысы» деген ұғымнан арашалап алу шаралары қолға алынды.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Рақымқызы Р. Бала Жамбылдан дана жырау Жамбыл Жабаевқа дейін // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Жыр алыбы Жамбыл Жабаев (1846-1945). — 2001. — № 8 (20). — 52 б.
  2. Жабаев Ж. Халық менің шын атым. Өлең-жырлары мен айтыс, дастандары. — Алматы: Атамұра, 2008. — 256 б.
  3. Қирабаев С. Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарында тұрды... // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Жыр алыбы Жамбыл Жабаев (1846-1945). — 2001. — № 8(20). — 52 б.
  4. Мырхалыков Ж. Асқар таудай жыр алыбы // Егемен Қазақстан. — 2016. — 24 ақп. — 12-б.
  5. Қирабаев С. Жамбылды жаңаша табу // Егемен Қазақстан. — 2016. — 6 ақп. — 9-б.
  6. Атшабаров Б. Жамбыл мен Құлмамбет айтысының белгісіз беттері // Қазақ əдебиеті. — № 5 (3483). — — 5 ақп. — 9-б.
  7. Негимов С. Суырыпсалма саңлағы // Егемен Қазақстан. — 2016. — 13 ақп. — 8-б.
  8. Жайлаубай Ж., Естай Қ. Əдебиетіміздің асыл кеңі // Егемен Қазақстан. — 2016. — 19 наур. — 5-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.