Көдек Маралбайұлы 1888 жылы Алматы облысының бүгінгі Райымбек ауданына қарасты Шалкөде деген жерде дүние есігін ашты. Көдек бала кезінде түрлі себептердің салдарынан мектеп бетін көрмеген. Тек «он үш жасқа келгенде өз жамағайыны Мұқайдан «Əліпбиді» үйреніп, сауатын ашқан. Осыдан кейін ол бұрынғыдан да көзі ашылып, ел ішіндегі ертеден келе жатқан қисса- дастандарды, өнегелі жазба кітаптарды оқып, көңіл сарайы онан ары ашыла түседі. Өз алдына өлең құрап жазатын болады» [1].
Көдек есейе келе, қоғам дертін, тағдыр тауқыметін көп тартты. Көдек басынан кешкен осы ащы- тұщы тағдырлар оның дарынды ақын болып жетілуінің тағы бір негізі, қоғамдық қайнары еді.
1916 жылы Жетісу жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысы (Қарқара көтерілісі) патшалық Ресейдің қанды қырғынына ұшырап, оған қатысушылар қудалана бастағанда, осы көтерілістің бел ортасында жүрген Көдек те ауа көшкен босқын елмен бірге Қытай асып кетеді.
Ел басына төнген осы бір трагедиялы ауыр халді ақын өзінің «16-жыл туралы» дастанында бейнелейді. 1917 жылы Кеңес өкіметі орнап, ақ патша аударылыпты. Ел ес жиып, теңдікке қолы жетіпті деп естіп, елеңдеп қопаңдаған бір бөлім босқын жұрт қайтадан көшкенде, солармен бірге топ басында Көдек те келеді. Ауылдық кеңестің төрағасы болып істейді. Бұл мезгілдерде ақын кедейдің кеңесін жырлап, «Мұғалімдерге», «Кеңес» қатарлы өлеңдерін жазса, тағы бір жақтан шаш ал десе, бас алатын солақай асыра сілтеушілерді шенеп өлең шығарады.
30-жылдарға келгенде əсіре солшылдық күшейіп, елдің бас көтерерлерін қуғын-сүргінге салу, атып-шабу, кəмпескілеу асқына түседі. Осы қатарда ақын Көдек те «Кеңес өкіметіне қарсы шықты» деп айдар тағылып, Сібірге сүргінге айдатпақ болғанда, туған жерінен бой тасалап кетуге мəжбүр болады. Сөйтіп, ол тағы да Қытай шекарасынан жасырынып өтіп, үй ішімен Іле облысы Моңғұлкүре ауданының Ақдала ауылына тұрақтайды. Ол туралы ақын:
Бұл жаққа жанымды алып өтіп кеттім,
Орыстың ілінген соң жаласына-ай.
Ойладым аманымда кетейін деп,
Тура келмей тұрғанда жазасына-ай.
Шошаңдап ақырында қашып тындық,
Мал-жанды қарақшыға тонатып-ай.
Келдік те Аттауында тұрып қалдық,
Не күй бар жайлы қоныс шолатындай, —деп толғайды [2; 153, 154].
Көдектің осыдан кейінгі өмірі де онша мəз болмайды. Өйткені бұндағы əділетсіз өкіметтің озбыр саясаты «қашқын-босқын» елді де едəуір əуре-сарсаңға түсіреді. Алайда құбылмалы заманның қыры мен сырын, дəуір ауқымын сараптай білген өр мінезді, өжет ақын қытымыр қыспаққа мойынсұнбай барынша ширап, отты жырларын селдетеді. Тұтас Іле өңірін — Іле-Текес, Қас–Күністі аралап ақындығын ұштай түседі. «Бұл заман», «Кең Текес», «Сасан ауылына барғанда», «Жауап хат»,
«Тұрғын елді аралау» қатарлы алуан тақырыпты толғаулар жазып, ондағы халықтың аянышты халін, азапты тіршілігін жырына арқау етеді. Оларды оянуға, бас көтеруге шақырады. Осы арқылы өзінің шыншыл да сыншыл реалист ақын екендігін əйгілейді.
Көдек Маралбайұлы 1937 жылы науқасқа шалдығып, көп ұзамай халық арасында жүрген бір емшінің алмаспен қате емдеуінің салдарынан Текестің Мыс деген жерінде 49 жасында жарық дүниемен қоштасты.
Көдек шығармалары өз заманында, одан кейінгі жылдарда да ешқандай басылым көрмеді. Көбірек ел көкейінде жатталып қалды. Оның халық жүрегінен жол табуының басты себебі де ақындық қуаты мен сол қуатты тудырған өміршең жырларының болғандығы еді. Халық арасында бояуы өшкіндемей, таза күйінде сақталып келгендіктен, ақынның бір бөлім мұралары бір ізге түсіп жинақталып, 80-жылдардың басында ғана баспа бетін көре бастады. Бұл игілікті жұмысты атқарған ақынның өз ұлы Айтуған мен белгілі ақын баспагер Тəліпбай Қабаевтың еңбегін айрықша айтуға болады. Міне, осы кісілердің жинақтауы арқылы 1984 жылы Қытайдағы Шынжаң жастар-өрендер баспасы жанынан «Көдек» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Сонан 1988 жылға келгенде бұл кітап ақынның кейін табылған бірқатар өлең, толғауларымен толықтырылып, екінші рет қайта басылды. Осыдан кейінде табылған бірқатар туындылары баспа бетінде жарияланды.
Көдектің бала кезіндегі өлеңдері көбінде тық етпе, əзіл-оспақ негізіндегі бір-бір шумақтан аспайтын қысқа, бірақ нысанаға дəл тиетін қағытпа, ұрма өлеңдер болып келеді. Ат жалын тартып мініп, балиғатқа тола бастағанда өлеңдерінің бет-бағдары əлеуметтік-азаматтық тақырыпқа ойысады.
«Қайынға барғанда», «Бұқараға барып қайтқанда» атты дастандар мен бірнеше кең тынысты, мақамды толғаулар жазады.
Кезінде Ə.Тойғанбекұлының «Көдек өлеңдері — өз дəуірінің айнасы. Ақын өлеңдерінің оқып отырғанымызда əр жік, əр тап, жай бұқараны да, тіпті өзін де көруге болады. Замана да, ел басынан кешкен күндер де мен мұндалап шұбырып өтіп жатады. Əрқайсысын дəл таразылап, өзіндік бағасын, келбетіне шақты, жарасымды қалпағын кигізе, шапанын жаба білген» [3; 60], — деп жазғанындай, Көдек өлеңдерінде өзі жасаған дəуірдің қоғамдық бітімі айқын бедерленді. Ақын заманның сыр- сипатына үңіле отырып, оған өзінің тұрғы-танымдарын, байламын байыптап айтуды дəстүр тұтып, замана сыры, қорлық пен зорлық көріп, азып-тозған ел жайы, халықтың мұң-наласы мен ыза-кегі, арман-мұратының айнасы іспетті көркем туындылар жазды.
Көдектің шыншыл да мұңшыл əрі көпшіл ақын болатыны — сонау Ресей патшалығы мен Қытайдың сол кездегі зорлықшыл саясаты мен елдің басына төнген ауыр да мүшкіл халын бүкпесіз көрсетумен бірге, барша халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білуі. Ол əсте жеке басының күйін шерткен ақын емес. Мысалы, «Албан тарихы» деген толғауда:
Қазіргі патшаның заманының,
Тоғайдай өртең шалған əрі кеткен.
Ордалы жыландай боп шағып отыр,
Халыққа қысымы мен зəбірі өткен…
Қараған патшаға елді көрсең,
Тоғайдай өртең шалған əрі кеткен.
Қыршаңқы қызыл шұнақ ат сияқты,
Сымпиып құйрығы мен жалы кеткен, —
деп «халыққа қысымы мен зəбірі өткен» патшалық Ресейдің отарлау саясатының қиянатын танып, еңсесі түскен қалың қауымның ауыр халін дəл бейнелесе, ақындық биігі мен азаматтық болмысын танытар ұлағатты туындысы «16-жыл туралы» дастанында:
Ақ патша əділеттен тайғаннан соң, Соғысқа бала бер деп қылды пəрман. Өлсек те бұған бала бермелі деп, Қырылды Қарақолда өңшең бағлан. Басшыдан ақыл табар айырылған соң, Сандалып, Бұқарадан кетті дəрман… Бұғымен қатар жатқан Албаным-ай, Құлаштап татыраңға салғаның-ай.
Ош, Мерке, Қайнатпатұз, кең Қарқара
Құлазып бекер босқа қалғаның-ай.
Қырылды Қарақолдың түрмесінде
Кемеңгер жұрт бастаған саңлағым-ай.
Басшыдан ақыл табар айырылған соң,
Албанның бекер босқа сандалуы-ай.
Бір-бірден əр мəліге тозып кеттік,
Шыдайын қайтіп мұны арман қылмай.
Атқылап кез келгенін қырғаннан соң,
Шыдамай қашып кеттік зардабына-ай, —
деп əділетсіз өкіметтің қысымынан босқын болып ауа көшкен елдің тартқан тауқыметі мен шеккен азабын етжүрегі езіле отырып толғайды.
Бұл кез зерттеуші Д.Мəсімханұлының сөзімен айтсақ: «Қытайға барған «қашқын-босқынды» былай қойып, ондағы жергілікті ағайындардың да жетісіп отырмағаны белгілі болатын. Яғни, ол кез Қытайдың жергілікті шенеуніктері мен олардың қазақ қолшоқпарлары халықты қанау мен отаршылдық езгіні ең бір асқындырып тұрған кезі еді» [4]. Сол бір нəубет жылдардағы халықтың басына қара бұлт үйіріліп, күйзелісті күй кешіп отырған жадағай тұрмысын ақын «Кең Текес» атты толғауында:
Меншікті жер мен судың иесі бар,
Кедей мен кембағалға жер жетпеген.
Қысы-жаз, күндіз-түні тыным алмай,
Өмірі барады өтіп бейнетпенен...
Күйі ауған нашар байғұс толып жатыр,
Кетіпті есеңгіреп шығынменен.
Күн қақты қарашалар көп-ақ екен,
Жылқының жауырындай шыбын жеген, —
деп мейлінше шынайы суреттейді. Қытайдағы əділетсіз үкімет қашып барған жұрттың да тұрмысын едəуір тұралатып, оларды əбден титықтатқаны белгілі. Мұны да ақын жасырмай айтады:
Үйі жоқ қашып келген қашқын байғұс, Қыстағы шыдамады борасынға-ай.
Жер қазып, суыр құсап кіріп алған, Жапасы үш сиырдың қорасындай.
Зорлық-зомбылықтан қашып-пысып барған елдің халі осындай. Əуелі көп нəрседен шектеліп те, шеттеліп те, қолындағы барын талатып та күн кешеді. «Тіпті жергілікті өкіметке арқа сүйеген парақор пысықайлар ауған елді олжалап қалуды мақсат етеді.
Талаудан тəуір атың аман келсе,
Сұратып мансаптылар алатын-ай.
Қолынан сұрағанға бермей қойсаң,
Алатын шабарманға сабатып-ай [5; 23].
«Басқа түссе баспақшыл» демекші, мұндай астамшылыққа да, жоқшылыққа да шыдайды. Жабырқап жүріп жанын бағып, күнін көреді. Сондықтан да ақын:
Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шықты,
Мұнысы жақсылық па, сұмдық енді.
Ел болмай осы бойдан кетер ме екен,
Қолына тимей тізгін, шылбыры енді?! —
деп елінің ертеңін ойлап қабырғасы қайысады. Кеңес өкіметінің қорлық-зорлығынан қашып, Қытайды паналап келгендегі көрген күні мынау болғанда, бүтіндігі бөлініп, торғайдай тозған ел қайтадан басы қосылып, өз тізгініне өзі ие бола ала ма дегенге өзінің күдік-күмəнін да жасырмайды. Ауған елдің ауыр тұрмысын көзімен көріп, өзі де басынан кешірген ақынның жаны жай таппай күйзеледі. Алайда талай құқайды басынан өткерген аңғарлы ақынның пайымдауынша, кер заманның кереғарлығы мен зұлымдығына ілігіп, «шықпа жаным шықпамен» тіршілік етіп жата берсе, бодандықтың мəңгілік құлы болып, өмірі өксумен өте береді. Сондықтан:
Оңайлықша бұл азап арылмайды,
Нөсер бұршақ алмаса сел бол келген, —дейді. Тек етек-жеңін жинап серпілгенде, бел шешіп, білек сыбанып бас көтергенде ғана азапты өмірден арылып, еркіндік, теңдікке қолы жететіндігін айтып, жатпай-тұрмай насихаттайды.
Көдек ақын қандай тақырыпқа келсе де, баяғы өзінің шыншылдығынан таймаған. Өктемдік пен келеңсіздікке кектеніп, оны сынаған, елім деп еңіреген тұстары көп. «Көзден жас, көңілден шер кетпеген» елдің күйі мен жан азабын жете түсініп, заман мінезін айыптауды басты нысанаға айналдырған.
«Көдек ақынның тағы бір қыры — сын-сықаққа бейімділігінде. Ол сын семсерін қулардың сұм- сұрқиялығына, зорлықшылардың асқақ астамшылығына қарсы сілтейді» [5; 47]. Əділетсіз өкіметтің жергілікті қол шоқпарлары — ауылдағы ел басқарған атқамінерлердің жағымсыз мінез-құлық, бейне- портрет, іс-əрекеттерін уытты тілімен түйрейді. Мəселен, «Сасан ауылына барғанда» атты толғауында «болғанмен сырты бүтін, іші түтін» Сасан ауылының сыр-сипатын өзек ете отырып, сол кездегі халықтың əлеуметтік жағдайын айшықты бейнелейді. Осы ауылдағы мансап пен байлыққа мастанған «азулы, аты шулы» ел билеушілерді бір-бірлеп таныстырып, олардың жағымсыз образын жасайды.
Дəулеті атасынан үзілмеген,
Шұбар төс, шыншыр балақ шонжарың жүр.
Əлсізге əкіреңдеп, байға шұлғып,
Азулы, аты шулы шомбалың жүр.
Семірген жуан қарын Нүкежанды,
Бір жылқы əрең тартып, зорға алып жүр…
Бір-екі шабарманын мен де көрдім,
Елінен жүйрікпенен жорға алып жүр.
Біреудің пəлен атын əкел десе,
Еріксіз ұрады екен шалманы бір.
Ырыс-құт соятұғын керек болса,
Ілінген қой-сиырға қармағы жүр.
Біреудің қора-жайын былай алып,
Əркімге тиген екен зардабы бір.
«Əлсізге əкіреңдеуді əдетке айналдырған шынжыр балақ, шұбар төс» жуан жұдырықтардың сиқы осы. Олар қара халыққа аяушылық ету дегенді білмейді. Істейтіні зорлық пен қастық, ойлайтыны баюдың, пара алудың амал-айласын жасау. Тіпті осылардың бұйрық-жарлықтарын орындайтын, шаш ал десе, бас алатын шабармандардың халыққа жасайтын ылаңы, əуре-сарсаңы да аз емес. Олар — жүрген жерлерінде шу-шұрқан шығарып жүретін қыңыр-қисық жырындылар.
Біреудің астындағы аты, қорадағы қойы, басындағы үйі, қаптағы тарысы — бəрі əкіреңдеген əкімдердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Жұрттың ыза-кегін қайнататын бұларға ақынның ащы мысқыл, өткір сын семсерін түйрейтіні сондықтан.
Ұлықтан Мақсұт мығым жолықты деп,
Елінің бəрі жылап, зар қағып жүр.
Табанды бай кісідей маңызды емес,
Секілді жемір сиыр жалманып жүр.
Елін зар жылатқан қара жүрек, аранын ашқан тойымсыз ұлықтың сиықсыз кейпін «жемір сиырдай жалманып жүр» деп ащы ажуамен келеке етеді. Енді бірде:
Бір ауыз сөздің жөнін айтар болсаң,
Қақбасқа қамшыменен салғалы жүр.
Шалағай, шатынаған мінезі бар,
Ішіңді ашуланса, жарғалы жүр,–
деп «шатынаған мінезі бар», қоқаңдаған залымдардың, қатыгез қитұрқылығын мінейді. Мұндай əшкерелеу мен мінеп шенеу «Кең Текес» атты толғауында да қомақты орын алады. Мысалы:
Заманын бұ Дұтыңның көріп едік,
Еңбегін бұқараның сіңірмеген.
Шабарман шеріктері жүргенінде,
Жылқыда ат қалды ма мінілмеген.
Жарлының жалғыз атын мініп алып,
Арқасы жауыр болып іріңдеген.
Бір ауыз сөз қайырып жауап айтсаң,
Іліндің бір пəлеге қырын келген.
Нашарға өте-мөте қырын келіп,
Кім қалды ол уақытта сүрінбеген?
Тоңқайтып дүре басып кетуші еді,
Биенің құйрығындай құлын жеген.
Жаныңды ұрған сайын шығаратын,
Бұзау тіс қамшысымен жұмыр келген.
Құйрықтан қан аралас су шығатын,
Бекітіп тоқтатпасаң тығынменен.
К..не көсеу таңба басылған көп,
Жігіттер, ұмыттың ба шыныменен?
Ойларына келгенін істеп, барлық ақыл-айласын қара басының қамы үшін жұмсайтын зорлықшыл жуандардың халықты қан қақсатып, əбден ығыр еткен оспадарлығы мен рақымсыз жауыз кеспірін уытты сатиралық серпінмен ашады.
Демек, талданған өлеңдерде «ақырған мансаптының да, асқан озбыр байлардың да образы бар, зорлық-зомбылығы бар, алдап-арбауы бар. Ал кедей қауымның қасіретке толған аянышты өмірі бар. Ақынның оларға болған ыстық аяушылық сезімі бар» [6; 23].
Көдектің көтерген көкейкесті тақырыбының ендігі бірі — неке еркіндігі туралы. Ақынның бұл тақырыпта 1904 жылы жазған «Қайынға барғанда» атты шағын дастаны бар. Шығармада бұрынғы қазақ қоғамының əдет-салты бойынша сəби балаға бойжеткен қызды атастыруы сынды теңсіз неке заңын əшкерелейді жəне мінейді. Сол тұста жастардың өздерінде ерік болмады. Жас кездерінде-ақ біреуге атастыру, кейде қыздарды қалың мал алып, ұнатпаған адамдарына қосатын келеңсіз əдеттер де болған. Өз теңдеріне қосыла алмай, тағдыры тəлкек болған жастардың өмірі өкінішпен аяқталатын. Əйелдің қоғамдық орны төмендетіліп, оларды кем санайтын. Дастанда, міне, осындай таным-түсініктің көлеңкелі көрінісі өзек өрім етіліп, ескі жол-жосық салдарынан туындайтын неке теңсіздігі сыналды.
Əдебиеттер тізімі
- Қабаев Т. Көдек — демократ ақын // Шынжаң газеті. — 1999. — 17 тамыз.
- Мəсімхан Д. Сарап. — Астана: Елорда, 2001. — 238 б.
- Тойғанбекұлы Ə. Өлең құшақтап өткен ақын // Шұғыла. — 1998. — № 4. — 60-б.
- Мəсімхан Д. Əсет өлді, ал Көдек неден өлді? // Қазақ əдебиеті. — 2000. — 21 қаңт.
- Сейітжанов З. Шыңжаң қазақ əдебиеті. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 185 б.
- Көдек. Шығармалары. — Үрімжі: Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1988. — 142 б.