Сал-серілер дəстүрді ұстанған, адамзаттық құндылығы бар, танымдық, тағылымдық мұраларға бай жан-жақты өнер иелері — қазақ сахарасының рухани келбеті. Дəл нақты кезеңі белгісіз, сал-сері типі ескі дəуірден сақталған. Тарихи-археологиялық мəліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың зерттеуінде андронов дəуірі кезеңінде, б.з.б. ХIV–XIII ғасырларда, ру, тайпалардың өз ішінде отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал жəне сері типінің пайда болуы мифологияның жаңғыруы нəтижесінде «даралану», яғни, құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы төркінінде жатса керек.
Зерттеуші Е.Тұрсынов «сал» мен «серінің» кейде қатар айтылатынын, серілер салдардан кейін пайда болған богема сарындарын жырлаушы өнер адамдары деген қорытындыға келеді.
«ХIX ғасырда сал дəстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана кейбір элементтерін сақтап қалған Біржан секілді жаңа сапалы салдармен қатар, серілер тобына жататын Ақан сияқты өнер иелерінің пайда болуына жəне осы кезде «сал», «сері» деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы мен дəстүрлерінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады. Генезисі жағынан алғанда, серілер ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан «фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тəн негізгі сарындар- богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр» [1]. Ендеше, сал-серілер — музыкалық шығармаларды, əн-күйді қазақ даласында өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше қасиеті — ақындығы, əншілігі, күйшілігі, елді əн мен сəнге бөлейтін, адам жанына ізгілік нұрын себетін зиялығы.
Ғасырлар бойы қалыптасқан əдет-ғұрып, салт-дəстүрге сай өнердің даму сатысында хас таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше дарындылығы — өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың əрқайсысы халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана қойған жоқ, əлеуметтік тұрғыда ой қозғап, қоғамдық мəселелер көтерді. Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу — ғасырдан ғасырға жеткен сал-серілер өнернамасының негізі болмақ. Қазақ əдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында сал-серілік дəстүр былайша сипатталады: «Сал-серілік дəстүрі бірте-бірте ұмтылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға ғана байланысты сақталып отыр. Сал жəне серінің айырмашылықтарын тап басып, ажырату үшін де этнографиялық айғақтарды ашып көрсеткен орынды... Серілер таза, əдемі киіну, кербез паңдық мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, сақылық, білімдарлық қасиеттерімен айналасына өнеге шашатыны, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық саясатшылықпен айналысып жүрген.
Елбасы Н. Назарбаев ұлт мəселесіне басты назар аударып, егеменді мемлекет пен тəуелсіз ұлттың дамуында ұлттық сипаттың мəнін атап көрсетті. «Кеңес кезінің өзінде шын ұлттық мемлекеттілік таптық сипаттан ұлттық сипатты жоғары қою жолымен жүзеге асатынына көз жете бастады. Өмірдің барлық саласына, жаңа тарихи қауымдастық — кеңес халқының моральдік кодексін күштеп енгізу адамдардың ұлттық сезімін, халықтардың өзінің этникалық тегін тануға ұмтылысын жойып жібере алмады» [2].
Ұлттық əдебиет пен халықтық музыка мəдениетінің көрнекті өкілдері — сал-серілер мұрасы мен дəстүрі ерте дəуірден осы заманға дейін сақталған.
Көп уақыт дəріптеліп келген коммунистік жүйе ұлт тəуелсіздігінің, жекелеген ұлттың жойылып кету қауіпін туғызды. Уақыт өткен сайын коммунистік партия саясаты, шовинистік идеяның тар шеңберінде біртұтас мемлекеттің, ұлттың болашағы үшін күрескен қазақ қоғамындағы ірі тұлғалар есімі жалаң, жалпылама түрде айтылып келді. Ендеше ұлт тəуелсіздігі жеке тұлғаны қалыптастырған қоғамдағы тарихи шындықты, рухани сабақтастықты биік деңгейге көтерді.
Ғалым Р.Нұрғали ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетінің қазақ қоғамындағы рухани құндылығы, шынайлығы тұрғысында: «Саясаттан қашу, тоталитаризм құрығынан құтылу үшін қаламгерлер шыншыл сөз өткізудің сан алуан тəсілін тапты: бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына сүңгіді: астарлы емеурін ой айту амалдарын меңгерді: сөз өнерінің табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың рухани игілігіне айналды: еліміздің тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге жұрттарға таныстырды», — деп пайымдау жасады [3].
Заман талабы халықтың да санасын оятты, бүгінгі уақыт еншісінде өткенді зерделеу арқылы тарихқа, ұлттық əдебиетімізге деген жаңа көзқарастар пайда болды.
Сал-серілер тұлғасы — ғасырлар бойы ұлт мақтанышы болатын, жаратылысында дарынды, қазақтың өзгеге ұқсамайтын дара болмысын жаһандану үрдісінде жарқырата көрсететін сегіз қырлы, бір сырлы, импровизаторлық, синкретті өнерді дəріптеуші, дарынды өнер иелері. Ұлт əдебиеті қазақтың халықтық музыка мəдениетінде өзіндік орны бар ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Құлтума, Естай, Қанапия, тағы басқалар.
Е.Ысмайыловтың, Ə.Марғұланның, Е.Тұрсыновтың, А.Сейдімбектің, М.Мағауиннің, С.Кенжеахметұлының, С.Негимовтің, Қ.Əбдезұлының ғылыми еңбектерінде сал-сері феноменіне жан-жақты анықтамалар беріліп, құнды пікірлер айтылды. Академик Ə.Марғұлан сал жəне сері типінің өзгешелігі мен ұқсастығын жан-жақты талдап көрсетеді: «Бір айтатын ой, сал мен сері бір типті емес, екеуі алуан, екі дəстүр өрнектері. Олардың бірінен-бірінің өзгешелігі — тұрмыс көрінісінде, типінде. Ең алдымен, сал, сері деген сөздер қалай туған? Осыдан бастайық. «Сал», еуропа тілімен айтқанда, эксцентрик немесе өз бағытымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді əдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бəрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ертоқымның өзі де басқаныкіндей болмайды, алтынмен, күміспен өрнектеліп, ерекше салтанатпен жасалады.
С.Жүнісов сал-серілер тобының көш салтанаты сияқты сəнін, өзгеге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігін «Қазақтың кең сахарасында бұлайша топ-тобымен жүру, бүгінгі күнгі бір мекемеге бағынған артистер ұжымы секілді гастрольдік сапармен жүру салты бұрын-соңды тап осындай болды ма екен? Бұл топ — орыс халқының трубадурларына да, француздың жонглерларына да, испандық хугларлерге де, немістің шпильмандері мен тəжіктің масқарапаздарына да ұқсамайтын, тағдыры, сүйегі жағынан паяцтарға, өзбектің қызықшыларына, Шолом Алейхан жазатын еврейлік «қаңғырған жұлдыздарға» аздап жақындайтын, тіршілігі жағынан тек қазаққа ғана тəн Ақан сері, Біржан сал атымен байланысты өзінше бір жаңа серілер, салдар тобы еді» [4].
Академик Ə.Марғұлан сал-серілік дəстүр жайында нақты деректер келтіреді. «Тарих көзімен қарасақ, серілік ту бастан Түрік қағанаты кезінен шыға бастаған. Серілікті əдет қылған ойшы кісінің бірі – Иоллық тегін деген кісі. Ол өзі ғажайып аңшы, мерген, атты күтіп ұстайтын бапкер, сонымен қатар асқан ақын, жырау болған дейді. Ағалары Білгі хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап, эпикалы оқиғаларды əдемілеп құрып, тасқа жазып қалдырған. Түрік қағанатының асқарлы биі Тоныкөк терең ойшыл кемеңгер білгіш кісі болған өлерінде басына қоятын құлпы тасқа атақты жазуды ол өз қолымен жазып қалдырған... Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт ескі дəуірдегі серілікті бастаушының бірі. Ол атақты шешен, ел басқарушы, онымен қатар дүлдүл жырау, асқан күйші, бірінші рет қобыз жасаушы, қазақ музыкасының атасы. Қорқыттың қобызы мен музыкасын өзіне мұрат еткен ұрпақтары — əл-Фараби, Нысан абыз, Қойлыбай, Балақай, Жанақ ақын, тағы басқалар» [5; 173, 174].
Сал-серілердің даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар спорт, жонглер, плоди өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық, жыршылық, орындаушылықпен қатар, драмалық элементтерді ұштастырған. Мимика, ишара, яғни бет-жүзін құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып бірнеше қимылды кезекпен сəтті орындау негізінен салдарға тəн құбылыс. Адамзат баласы өмір сүрген уақыт, өткен дəуір тарихи фактілерімен құнды.
Тарихи деректерге қарағанда, сал-серілікті насихаттаған, дəріптеушілердің бірі Жошы хан болған. «Қыпшақ даласында серілік пен салдықты көп таратқандардың бірі — Жошы хан. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал-серілерді, əнші-күйшілерді топтап, бірыңғай сауық үстінде жүреді екен. Оның серілікті жақсы көруі сонша, əкесі жыл сайын Балқаш төңірегіндегі Құлан-ойнақ даласына əдейі аң аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат, он мың қара ат тарту етіп отырған. Жошының аңда жүріп көп шыққан биік жері Ортаудың сұңқар ұя салатын ұшар басы. Ол жерді Жошы ерекше қадірлеген, сұңқардың ең алғырын осы арадан ұстайтын. Ол биік шыңды қазақтар осы күнге дейін «Жошының қиясы» деп атайды. Оның серілік өмірінен туған атақты күй «Ақсақ құлан», «Жошы хан қазақтардың есінде осы күнге дейін сақталған» [5; 174].
Сал-серілік дəстүр əр алуан өнер өз ортасынан оқшау тұратын өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз сүйіспеншілігінен, ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше сөздік қоры бай қазақ тілінің көркемдігінен бастау алып, «сал» мен «сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек. Адам мен қоғам арасындағы тарихи сабақтастық өткен дəуірден сыр шертеді, адам баласының сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді. Сал-серілерге тəн ұлттық сипат уақыт пен кеңістік аясында əрқилы дамып, қоғамның ілгері дамуында дара тұлғалардың ұлттық болмысын жан-жақты көрсетіп, ұлт өкілі ретінде халық арасында болатынын айғақтайды.
«Ұлттық сипат — бір қалыптан өзгермейтін, қатып қалған нəрсе емес. Өмірдің ілгері басуына, қоғамның дамуына сəйкес ол да дамиды. Ұлттың тарихи һəм əлеуметтік өмірлеріндегі дамулар нəтижесінде, адамның сана-сезімінің, түсінуінің жаңаруына ықпал ететін соны қатынастар тумақ. Солардың арқасында адамның затты, құбылысты тануы, түсінуі мен сезінуі бұрынғы қалыптағысынан тереңдей түспек» [6].
Олай болса, сал-серілердің ұлттық келбеті, болмыс-бітімі ұлттық менталитеттен туындайтын қазақ ұлтының даму диалектикасымен тығыз байланысты. Салдық пен серілік өнерінің биік тұғыры қазақ дəуірі «Қазақ хандарының көбі өздерінің бабалары Жошы, Орда ежендердің серілік дəстүрін жалғастырған. Ең бірегейі — əз Жəнібек. Ол атақты аңшы, құладынға қу ілдірген саятшы болып, ойын-сауықты көп қуып, ел-елді аралап қалыңдық іздейді екен... Қасымханның баласы Ақназар да атақты серінің бірі болған. Бірақ серілікті ол бір сұлулық үшін, елге үлгі ету үшін пайдаланған. Серілікті аса биік сатыға жеткізген — Есімхан. Оның қамқа тоны, басындағы бөркі, аяғындағы қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп отырған. Құстың да ең қырандарын — сұңқар, лашын, тұйғын, Алтайдың ақ иық бүркітін ұстаған. Абылай мен Əбілқайыр ханның ұрпақтарына дейін серілік пен сал өнері үздіксіз дами береді. Абылайдың жауынгер батырлары, Уақ Баян батыр — атақты серінің бірі» [5; 175].
«ХІХ ғасырдағы аты шулы Біржан сал, Ақан сері, Толыбай, Жаяу Мұса, Ағашаяқ, Əздембай, онан бергі Шашубай, Естай сал, тағы басқалары əншіліктің, халық өнерпаздығының дəстүрін дамытып, қалыптастырған қазақтың əнші ақындары, сал-серілері, өнердің тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар... Бұрын да, қазір де сал, сері ақындарға тəн негізгі ерекшелік əн мен өлеңнің үнемі түйісіп, ұштасып айтылмайтындығы дедік, осы ұштасудан əнші ақындар тыңнан өлең, жыр ғана шығарып қоймай, əнді де шығарып айтатын халық композиторлары болды. Атақты Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Мəди — барлығы да əнші, ақын ғана емес, өзінің шығарған тың əндері бар композиторлар» [7; 66]. Зерттеуші ақындық, музыкалық, өнерпаздық дəстүр жағынан сал мен серінің арасында үлкен айырмашылық болмағанмен, қимыл-əрекетінде, жүріс-тұрысы, киім киісінде, мінез- құлқында өзгешелік бар екенін айтады. «Салдарға тəн салтанаттылықты сауықшылдықты айта келе, профессор Е.Ысмайылов «сал» сөзін «салдырату», «салтанат» сөздерімен түбірлес сөз деп тапқан» [7].
Сал-серілердің ішінде өмірі жұмбақ ертегідей ел еркесі, ұлт мақтанышы, сұлулық пен пəктіктің символына айналған Ақан сері Қорамсаұлы болды. Ол жастайынан домбыраның үнімен жанын тебірентіп, қазақ музыкасына ден қойып өсті. Серіге тəн кербездік, жинақылық, сезімталдық Ақанға тəн. Серіліктің алғышарты сыртқы формасы (пішіні) — əсем киіну болғандықтан, өзінің дене бітіміне, денесіне киімнің сай келіп, жарасуына, оны жұрт қабылдап, ерекше назар аударуына Ақан қатты көңіл бөлген. Рыцарь кейпіндегі қазақ серісінің ат спортына да қызығушылығы кейбір деректерде кездеседі. Эстетикалық идеалы, талғамы жоғары Ақанның адам ретінде өмірді тануы, қабылдауы ғажап құбылыс. Сондықтан ол өз ортасынан оқшау. Ақан серінің өзгелерде қайталанбас эмоциялық, психологиялық ерекшеліктері оның жеке индивид ретінде қалыптасуына себеп болды.
Жазушы С.Жүнісов Ақанның қоғамдағы ролін оқырман сұранысына сай дер кезінде көркем шығармаға арқау етіп, ұлттық тұлғаны биік деңгейге көтерді. Сал-серілердің жинаған байлықты саналы ғұмырына, сəнді де мəнді тіршілігіне жұмсау қазақ халқының ежелден келе жатқан дархандығы, жомарттығы болса керек.
Сəкен Жүнісовтің əлеуметтік мəселелерге арнайы тоқталып, шымыр жазу мəнері қанау мен əлеуметтік теңсіздік жайлаған қоғамда, нағыз творчество адамының қиын тағдыры бүкілхалықтық трагедияға айналатындығын айқын көрсетеді. Аса көрнекті халық композиторы, əрі əнші Ақан серінің өмірбаянын қазбалап жатпай-ақ, автор халықтың жасампаз рухының сарқылмас күші мен жеңілмейтіндігін, оның бостандық сүйгіш қасиеті мен талантын ешқашан өлтіруіне мүмкін еместігін білдіретін барынша шыншыл шығарма туғыза алған.
Ұлттық рухта ұрпаққа эстетикалық нəр беретін көркем туындыдағы Ақан тұлғасы тарихи факт негізінде қаламгердің дүниетанымы мен ізденуінің жемісіне айналды. Адамды зерттейтін көркем туынды жеке адамдардың өмірі арқылы қоғам тынысын, əлеуметтік тұрмыстың ахуалын ой таразысына салады.
Жаһандану, яғни əлемдік үрдісте ұлттық сананың оянуы, ұлттық зерденің жаңғыруы, — ұлттық менталитет ерекшеліктерін айқындап береді. Ақан — ұлттық болмыс тұтастығын жинақтаған ұлттық образ. Қаламгер танымдық тұрғыдан таразылап, Ақан бейнесі арқылы қазақ қоғамындағы қоғам мен адам арасындағы байланыс проблемасын көтерді, өз қаһарманын поэтикалық деңгейге көтеру арқылы жазушы ұлттық болмысты, өнер адамдарына тəн асыл қасиеттерді жарқыратып көрсете білді.
Қазақтың өнерпаз ұлы тұлғалары жайлы жазылған көркем шығармалар жайында зерттеп жүрген ғалымдар қазақ жазушыларының өз туындыларында қазақ тарихында, қазақ қоғамында елеулі орын алған тұлғалардың елдігіміз, ұлттық бірлігіміз, рухани ынтымағымыз үшін сіңірген еңбегін əдеби кейіпкерлер арқылы жарқыратып ашуы оқырман назарын бірден өзіне аударды... Қазақ қаламгерлері осынау əдеби тұлғалар арқылы қазақ тарихының тереңіне бойлады. Ұлтымыздың, халқымыздың тəуелсіздік, азаттық жолындағы сан тарапты күрес-тартысын нақты оқиғалар арнасына сыйғызуға мүмкіндік алады деп қарастырады.
Сал-серілік дəстүрден, олардың өнер жолынан өткен дəуір оқиғасын бүгінгі күн тұрғысында зерделеу, ұлттың асыл қасиеттерін биікке көтеру — ұрпақтың еншісі. Ғалым А.Сейдімбектің пікіріне сүйенсек, халық өміріндегі елеулі оқиға, рухани сабақтастық ешуақытта өз маңызын жоймайды.
«Тарихта болған, жекелеген оқиға халық өміріндегі маңызды, күрделі басқа құбылыстармен тығыз байланыста, сабақтастықта бейнеленеді. Халықтың өткен өмірінде айтарлықтай үлкен маңыз-мəні жоқ шағын оқиға ірі құбылыстармен байланысты, сабақтастықта бейнеленіп қана қоймайды, сол байланыс пен сабақтастықтың нəтижесінде өмір құбылыстарына тəн ең басты, мəнді белгілерді айқындап, толықтырып, ажарын аша түсуге қызмет етеді» [8].
Сал-серілер заман ағымымен, əр алуан тағдырымен сыр шертеді, өнер туындылары өзекті оймен гуманизм тұрғысында шынайылықты білдіреді. «Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі — олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып көрінуі. Олардың сыртқы сипаты, киім киісі, жүріс- тұрысы қарапайым кісіге ұқсамайтын. Олар жүргенде ылғи қойқаңдай басып, кербез жүреді. Сөзі асқақ, еркін, өзінен басқа жан бар деп ойламайды, болса да олардан иығы асып отыруына кəміл сенеді. Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нəуетек, кербез, бойкүйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық ер көңілді келеді. Шоң, Торайғыр би, Дəулеткерейлер бұрынғы ата дəстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды еркелетіп қызық көрген...
Сал-серілер тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік – қазақтың ұлы даласын, өзгеге ұқсамайтын төлтума мəдениетті, ұлттық болмыс тұтастығын көруге болады. Бұл ретте ғалым Ш.Ыбыраев «Уақыт пен кеңістік ұғымдарының дəстүрлі ұлттық сипатта, алдымен фольклорда сақталатыны айтып, көркемдік ойлаудың тарихынан уақыт пен кеңістік туралы ұғымдардың қалыптасу тарихын бөліп алуға болмайтынын ескертеді» [9]. Ерте дəуірден басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты. Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық əкеледі. Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер — тіршіліктің иесі — адам. Қоғамның жаңғыруы, уақыттың алмасуы сал-серілер өміріне əсерін тигізбей қоймайды.
«Сері мен салдың көп тараған жері — Көкшетау төңірегі. Олардың бұл өлкеде көп екенін бірінші рет айтып жазған түрік елдерінің тілін жүйрік білетін офицер-ғалым Услар деген кісі. 1840 ж. Усларды Кенесары көтерілісін басқаруға жіберген. Бірақ ол қазақ тұрмысын зерттеуге айрықша көңіл бөледі. Оның бақылауынша қазақ тілі əзербайжан тіліне жақын, айырмасы тек дыбысты өзгертіп сөйлеуінде. Қаланың іші толып жүрген қазақ. Солардың ішінде өзгеше киінген көп қазақ салдарын көреді. Олардың бəрі франт — сылқым, форсим – кербез. Кигендері ылғи жібектен тігілген қырмызы, не жасыл шапан, аса кең, басында шошақ бөрік, аяғына кигені көксауыр шоңқайма етік. Олар əдемілеп кестеленген, түсі не қызыл, не жасыл болып кездеседі» [5; 179].
Жалпы адамзаттық құндылығы бар төлтума мəдениетімізді қалыптастыратын өнердің өміршеңдігі, жан-жақтылығы адамзат баласының қоғам мен тарихқа деген объективті көзқарасынан бастау алады.
Ұлттық психология мен халықтың санасы қоғам дамуы мен тарих заңдылығынан тыс қала алмайды. Рухани құндылықтар ел санасына сіңіп, жаңғырған бүгінгі таңда өткенге үңіліп, ұлт тəуелсіздігі жолындағы сал-серілердің қоғамда, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде өзіндік орны бар екенін айта аламыз. Біржан əндері, өнері жайында А.В.Затаевич, С.Мұқанов, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Қ.Қаңтарбаевтың зерттеу еңбектерінде бар.
Сал-серілер қашанда халықтың ойын-сауық өнерін жаңа көркемдік сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық игілігіне жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну — сал-серілерге тəн қасиет. Табиғатынан ерекше, текті өнер адамдарының сыртқы келбеті мен жан əлемінің кіршіксіз тазалығының үйлесуі заңды құбылыс. Ел алдында актер болып, сайқымазақ ретінде əзіл мен қулық элементтерін жетік меңгерген сөз тапқыш, суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері, ел аралап, биік парасаттылықты, адамгершілік негізін, ұлт келбетін көрсете білген.
Қазақ қаламгерлері өз туындылары арқылы тарих қойнауына, ғасырлар көшіне барлау жасады, ұзақ мерзім бойы салтанат құрған ұлттық болмысқа, ұлттық болмыс аясындағы салт-дəстүр, əдет- ғұрыпқа, əлемде теңдесі жоқ құбылыс — сал, серілер феноменіне зерделеу жүргізді. Белгілі бір тарихи оқиға, құбылысты бейнелегенде оны сол тұстағы қоғамдық-əлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттардан, рухани өмір санасынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Олай болуы заңды да, себебі əдебиет — адамтану ғылымы. Адамдар тобы қоғамды құрайды. Сол қоғамда өзіндік заңдылықтар қалыптасады. Ендеше, тарихи сипаттағы көркем шығармалардың танымдық, тағылымдық мəні ерекше.
Бүгінгі тəуелсіздігіміздің негізі заман шындығын көрсете білген ата-бабаларымыздың ігі мұраттар жолындағы өмірі, əлемдік өркениетке бет алған Қазақстан мемлекетінің өткен тарихы, қазақ халқының ұлттық рухани мұрасы деп танимыз.
Əдебиеттер тізімі
- Тұрсынов Е. Қазақ ауыз əдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. — Алматы: Ғылым, 1976. — 148-б.
- Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. — Алматы: Өнер, 1996. — 129-б.
- Нұрғали Р. Қазақ əдебиетінің алтын ғасыры: Зерттеу. — Астана: Күлтегін, 2002. — 8-б.
- Сəкен сері (Жүнісов С.) Ақан сері — алыптардың бірі // Егемен Қазақстан. — 1993. — 31 шілде. — 2-б.
- Марғұлан Ə. Күйді ерттеп, əнді мінген кемеңгерлер... Қазақтың сал, серілік дəстүрі // Жұлдыз. — 1983. — №
- Ғабдуллин Н. Қаһарман жəне ұлттық сипат // Жұлдыз. — 1971. — № 10. — 129-б.
- Ысмайылов Е. Ақындар. — Алматы, 1956. — 149-б.
- Сейдімбеков А. Қазақ əлемі. Этномəдени пайымдау: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1997. — 40-б.
- Ыбыраев Ш. Эпос əлемі. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1997. — 14-б.