Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Сəбит Мұқанов жəне кеңестік сын

ХХ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарында сын мен əдебиеттану ғылымы маркстік- лениндік əдіснаманы түпкілікті басшылыққа ала отырып, дəуір талабы жүктеген келелі істерді қолға алуға, яғни өзінің өткен жолын біржақты терістей отырса да, жаңа бағыттағы ізденістерге ден қоюға мəжбүр болды. Бұл жерде ұлттық əдебиеттану, соның ішінде əдеби сын идеологиялық қыспақ пен теперішке толы 1937–38 жж. қасіретінің қиянатын өткергенімен, 1940 жж. өзінің жетілу, қалыптасу кезеңіне қадам басқанын атап өткен жөн. Ашығын айтсақ, ұлттық əдеби сын өзінің тарихи туу жолындағы қиын-қыстаулы кезеңдерінде ерінбей-жалықпай, тіпті, ұлтшыл атандыратынын біле тұра, басын бəйгеге тіккен сын сардарлары мен сарбаздарының 1940 жылдардан басталатын жаңа дəуіріне қадам басты. Профессор Т.Кəкішев оны «қазақтың ұлттық əдеби сынының қалыптасу дəуірі» деп атағаны мəлім [1]. Оның алғашқы қадамдары отызыншы жылдардың соңында-ақ белгі бере бастағаны анық. Біріншіден, А. Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқышы» ғылыми қолданыстан шығарылып тасталса да, ұлттық əдеби-теориялық ой-пікірде ізденістердің жалғасып жатқанын дəлелдеген Қ.Жұмалиевтің «Əдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Əдебиет теориясының мəселелері» (1940) секілді еңбектері жарық көрсе, екіншіден, мектеп оқулықтары мен оқу құралдары жазылды. Сондай-ақ қазақ əдебиеті тарихын жасау, дəуірлеу мəселесіне қатысты Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев мақалалары, классикалық мұра, соның ішінде С.Торайғыров, М.Өтемісұлы, Ш.Уəлиханов, Нарманбет, Əріп, Ақмолла сынды ақындарға қатысты 1939–40 жж. жарық көрген мақалалар əдебиеттанудың өзекті мəселелерін көтерумен қатар, оның ғылыми сипатынан таза айрылып қалмағанын аңғартты.

Отызыншы жылдардың аяқ кезінде əдеби сынның көлемі азайып, «жауынгерлік» сипаты төмендегенімен де, оның зерттеушілік жағы, ғылыми сипаты анықтала түсті. 1939 ж. «Əдебиет майданы» журналы «Əдебиет жəне искусство» аталып шықты. «Журнал бетінде «Сын жəне библиография» деген айдар ашылып, онда сыни мақалалар жүйелі түрде жариялана бастады.

Сонымен қатар отызыншы жылдар соңына қарай жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын жазу жұмыстары қолға алына бастады. «Оған басты себеп — Қазақ ССР Оқу халық комиссариаты 1939 жылы «Орта мектептердегі 8–10 кластардағы əдебиет сабағы 5–7 кластардағыдай əдебиеттік оқу болмай, тарихи əдебиеттік курс ретінде жүруі қажеттігіне» шешім қабылдап, жаңа жүйедегі оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасауды талап етті. Осыған сай алғашқы барлау ретінде əдебиет пəнінен бағдарламалар жобасы жасалып, соның негізінде хрестоматиялар құрастыру қажет болды» [2].

Саясат шылауында жасалған жаңа бағдарламада халық ауыз əдебиетінен бастап кеңес дəуіріндегі əдебиет аралығының тарихын оқытудың өзі ұлттық сөз өнерінің тарихын кезең талабына сай зерттеуге мүмкіндік жасап қана қоймай, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің жандануында үлкен маңызы болғанын терістей алмаймыз. Бұл мəселеге тоқталуымыздың себебі — сын əдеби даму үрдісіне қатысты ғана емес, əдеби жəне классикалық мұраны сын тезінен өткізуден де шет қала алмайды. Жəне де əдебиеттанудың қалыптасу барысында сын мен əдебиет туралы ғылым қанаттаса дамығанын да назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Өз кезегінде əдеби өркендеу үрдісі үзілген жерде сынның да дамуы тежелетіні, дағдарысқа ұшырайтыны мəлім. Қазақ əдебиеті тарихында есімдері ерекше аталатын Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Б.Майлиндердің атылуы, М.Əуезовтің қуғын-сүргін көруі, ұлттық сөз өнерін дағдарысқа ұшыратқаны, оның көркемдік дамуына зор нұқсан келтіргені — бүгінгі əдебиеттануда аз айтылып жүрген жоқ. Ең бастысы, əдеби өркендеудегі тарихи сабақтастыққа, дəстүр мен жаңашылдық арнасына сызат түскені ұлттық сөз өнерінің шынайы даму бағытына, жанрлық сипатының кемелденуіне кереғар əсер етуінде десек, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды қаламгерлердің əр саладағы ізденістері əдебиетімізді заман талабынан туған осы дағдарыстан арылтты. Бұл мəселеге байланысты қазіргі əдебиеттануда 1937-38 жылдардағы ойранға дейін де жəне одан кейін де көркем сөз өнері, оның ішінде, əрине, проза тұйыққа тірелді деу – артық. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды алыптарынан айрылып, əдебиет тоқырау індетіне душар болса да, мүлдем тосылып қалған жоқ. Алдыңғы буын айта алмай кеткен өрелі ойды, аяқтай алмай кеткен іргелі істі С.Мұқанов, М.Əуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин есімді көрнекті жазушылар одан əрі жалғастырды. Əңгіме, повесть, роман жанрларында елеулі-елеулі шығармалар жазылды деген байыпты пікірлер айтылуда.

Ал поэзияда Т.Жароков, Ə.Сəрсенбаев, Ə.Тəжібаев, Қ.Бекхожин, Ж.Саин, Қ.Аманжолов, Д.Əбілов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Əбдіқадыров, Ж.Сыздықов, И.Байзақовтар жаңа өлең, поэмаларымен көрінсе, 1939 ж. Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», С.Мұқановтың

«Ботагөз» романдары жарық көрді. Шынын айтқанда, 40-жылдардан бастап қазақ əдебиетінің қай жанрда болса да жазылып жатқан туындылары социалистік реализмнің əдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы секілді қағидаларын басты назарда ұстануына мəжбүр болды. Кеңестік идеология талап-тілектері əдеби сынды да осы қағидаларды негізге алуына, кез келген шығарманы талдап-талқылауда, баға беруде саяси жəне социологиялық тұрғыда келуіне мəжбүр етті. Мұндай келеңсіз құбылыс тұтас кеңес əдебиетіне де тəн еді десек, «...біздің өміріміздің бір ерекшелігі 30- жылдардан бастап əлеуметтік-мəдени «дəстүрдің» я барлық ерекшеліктерін бойына сіңірген партия саясатына сын айтуға болмады. Керісінше, партия саясатын жоғары дəрежелі «позиция» ретінде қабылдап, осы саясатқа идеология, теория, шығармашылық көркем өнер де толық бағындырылды» деген орыс əдебиетші-ғалымдарының пікірімен келісуге болады [3]. Бұл тек қазақ əдебиетіне ғана емес, тұтас кеңес əдебиетіне де тəн құбылыс болатын. Қазіргі кезде сол тұстағы идеологиялық өктемдікті орыс əдебиеттануы «Кеңес империясы құлағаннан кейін кеңестік əдебиет империясы да біржола құлады» деп түсіндіреді [4]. Ал қазақ кеңес əдебиеті де саясат шоқпарының құқайын аз татқан жоқ.

Қазақ кеңес əдебиетінің əр жанрдағы серпілісі, өрісі тарылып солақайлыққа ұрынуы — əдеби сынның заман талабына сай жаңаша жандануына белгілі бір дəрежеде ықпал етті. Мысалы, 1930 жж. ортасындағы əдеби сындағы формализм мен натурализм туралы, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармалары туралы сыншылдық пікірталастың репрессия тұсында желісі үзілсе, мұндай үрдіс 1939 ж. қайта жалғасын табуға ұмтылыс жасап, əдеби-теориялық тұрғыда талдаудағы ізденістерге мұрындық болды.

Мəселен, 1939 ж. 3 маусымда С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романына əдеби талдау болып, сыншы Е.Ысмайылов шығарманың тақырыптық-идеялық жəне көркемдік сипаты туралы баяндама жасады. Ал баспасөз бетінде Б.Кенжебаевтың «Жұмбақ жалау», Е.Ысмайыловтың «Жұмбақ жалау туралы», Ж.Жұмахановтың «Жұмбақ жалау» атты сын мақалалары жарияланып, романның жетістіктері, кемшіліктері сөз болды. Əрине, аталған туындының таптық сипатына баса назар аударылғанымен, көркемдік мəселесі де өткір қойылды. Бұны əдеби сынның репрессиядан соң өзінің шын мəніндегі табиғатын, басты мақсатын, яғни туындыны теориялық жəне ғылыми негізді сын тезінен өткізу болып табылатынын байыптаған талпынысы еді деп бағалауға болады.

Əдеби сында орын алған солақайлық пен олқылықтардан арылу жолында оған белгілі бір дəрежеде қозғау салтын сын жанрлары қатарында проблемалық сын мақалалардың алар орны маңызды. Бұл орайда Ғ.Мүсіреповтің «Өсер əдебиетке өсірер сын керек», С.Мұқановтың «Проза жəне сын туралы», М.Əуезовтің «Жақсы сынға жан пида», Е.Ысмайыловтың «Келелі үш мəселе» мақалалары сынды жандандыру, оған эстетикалық сипат дарыту мақсатын көздеуі де соның нақты дəлелі болса керек.

М.Əуезовтің ғылыми, сын еңбектерін зерттеген К.Сыздықовтың мына бір тұжырымы осы бір мақаланың құндылығын аша түседі: «Əдебиет сыны, көркем өнер туралы ғылым əрқашан да дəуір тынысын, заман ерекшелігін, замандас қажетін, қоғам талабын танып, аңғарып, соны өтеу жолында қажетті тақырыптарды жəне солардың мүмкіндіктерін, жалпы заңдылықтар аясында сарапқа салып отыруға міндетті» [5].

Егер де отызыншы жылдар ортасында, яғни репрессиялар тұсындағы, сында полемикалық мақалалар табиғаты «халық жауларын» əшкерелеу, шығарманың «ұлтшылдығы» мен «буржуазиялық» белгісін айқындау тұрғысында өрбігенін айтар болсақ, отызыншы жылдар соңында ондай басты кемшіліктен арылуға деген талпыныс айқын байқалды. Мысалы, Ғ.Мүсірепов «Өсер əдебиетке өсер сын керек» мақаласында «Сыншы емеспін, жазушымын, сынаушы емен, сыналушымын. Бірақ, сыншы кім оны да білгім келеді» дей келіп, сынның ғылыми сын, халық сыны түрлерін нығарлай ескертеді. «Арзанқол, құр айқай» сынның орын алуы, оның əдеби дамуға тигізген зардабын байыптай кеп, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов баяндамаларындағы əдебиет мəселелеріне қатысты кейбір үстірт пікірлерімен ғылыми негізді, эстетикалық сипаттағы полемикаға түседі.

«Мəдениетті əдебиет болсын деген адам мəдениетті ғылыми сынға ұмтылсын» деп ескертуі де əдеби сынға қойылар талап пен талғамды ұштау қажеттігіне биік жауапкершілікпен келгенін де танытады [6]. Полемикалық сынның эстетикалық арнаға бет бұруының ендігі бір көрінісі «Жақсы сынға жан пида» атты М.Əуезов мақаласы болды.

М.Əуезов С.Мұқановтың «Проза жəне сын туралы» сыни мақаласындағы кейбір даулы мəселелермен ой бөлісіп, өзінің байыпты пікірін білдірді. Жазушы полемикалық сынның тамаша үлгісін таныта отырып, өзінің «Айман-Шолпан» пьесасына қатысты айтылған С.Мұқанов пікірімен келіспейтін тұстарын дəлелдеп көрсетеді. Қаламгер халық ауыз əдебиетіндегі «Айман-Шолпан» жыры мен өз пьесасының сюжеттік желісі, тартыс сипаты жəне кейіпкерлер сомдау ерекшелігіне салыстырмалы тұрғыда баса назар аударады. Əсіресе Көтібар бейнесіне қатысты ғылыми пікірлер түйеді. Лироэпостағы, либреттодағы, пьесадағы жəне нақты өмірдегі Көтібар болмысының ара-жігін ашуда С.Мұқанов тарапынан кеткен ғылыми алшақтықты парасат пайымына, ғылым тезіне салады.

«Сынай көрме» деп сенің қаламыңа ешкім жармаспайды. Бірақ айтқанын дəлелдеп, таратып алып, объективті келіп қорытсақ болмай ма?» деген пікірінен де ғылыми нақтылыққа шақыруын көреміз [7; 155]. Дүдəмал ділмарлық емес, парасатты пайымға шақырған М.Əуезов туындап отырған дəйексіздікті түзету қажеттігін лироэпос, либретто жəне пьеса негізінде ғылыми екшеу арқылы жүзеге асыру керектігін де ескертеді.

«Тек сын атынан қиястық жүрмесін, дəлел орнына далбай жүрмесін» деген пікірі қатты айтылғанына қарамастан, С.Мұқанов пікірінің үстірт топшылауын сын тезіне салудағы М.Əуезов байыптылығын тағы бір дəлелдей түседі [7; 156].

Ғ.Мүсірепов М.Əуезовтің полемикалық мақалалары, біріншіден, ендігі кезекте сын əдебиеттің мүддесін көздеп, ғылыми-зерттеушілік, əдеби-теориялық нақтылықты темірқазық етіп ұстану қажеттігін көтерсе, екіншіден, сынның объективтілігі, эстетикалық, ғылыми негіздеріне үңілуге жəне оған нақты бағыт-бағдар беруімен ерекшеленеді. Шын мəніндегі сын табиғатына қатысты Ғ.Мүсіреповтің «өткір сын», М.Əуезовтің «жақсы сын» деген анықтамалары да ғылыми жəне эстетикалық сынға ғана жүктелер келелі міндетті күн тəртібіне өткір қоюымен де дараланады.

Елуінші жылдың басында қабылданған қаулы-қарарлар шешімінен туындаған қателіктер қазақ əдебиеттануы мен сынында мына мəселелерге қатысты анық байқалды: Абайдың ақындық мектебі мен ақын шығармашылығын зерттеу; Кенесары-Наурызбай туралы тарихи жырлар мен көтеріліске қатысты əдеби мұраларды мансұқтау; ХІХ жəне ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті тарихының көрнекті өкілдерінің өмірі, туындыларындағы отаршылдыққа қарсы күрес сарыны; М.Əуезовтің «Абай» романы, С.Мұқанов, Қ.Аманжолов, Ə.Тəжібаев, Қ.Бекхожин жəне өзге де ақын-жазушылар шығармашылығындағы керітартпалық пен «ұлтшылдық» жəне қазақ эпосына қатысты нигилистік көзқарастар.

Идеология майданындағы «ұлтшылдыққа» қарсы алғашқы күрес 1950 ж. Қазақстанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың мəн-маңызын байыптаған еңбектерді терістеу арқылы көрінді. «Ол ― əрбір халықтың тарихындағы ұлттық қозғалыстарды қаралап, — деп жазады Р.Бердібай, ― тек Ресейдің мəртебесін көтеретін құбылыстарды ғана қолдау арқылы бағынышты елдердің санасын мəңгүрттендіру мəселесін шешу болатын» [8]. Осы ұлт-азаттық қозғалыс туралы Т.Жұртбайдың мына пікірі де сол заман шындығын аша түседі. «1941–1953 жылдардың арасындағы отандық тарих ғылымы мен кеңестік идеология дүбірлерінің бастапқыда домалақ арыз, жай арыз түрінде ұйымдастырған, кейіннен ашық пікірталасына түрткі болған Кенесарының іс-əрекеті ақыры жаппай жазалау науқанына алып келді. Панкратова, Греков, Державин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье, Вяткин іспетті ғұлама ғалымдардың табанды қарсылығына қарамастан, үнемі арандату арқылы тобырды «қырағылыққа шақырып» дəніккен отарлаушы, «коммунистік-колонизаторлық» саясат Яковлев, Морозов, Юшков, Айдарова, Шойынбаев, Якунин, Толыбеков, Ақынжанов, Нұрышев, Ким іспетті заманға бейімделгіш жалтақ та жарамсақ жандардың жандайшаптығына сүйене отырып, Кенесарыға жəне сол арқылы, ұлт-азаттық идеясына қарғыс таңбасын басты» [9]. Бұл ретте 1950 ж. 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниннің «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» мақаласының жариялануы қатерлі роль атқарды. Ол 1951 ж. өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ Пленумында Ж.Шаяхметов жасаған баяндамаға басты арқау бола отырып, саяси билік жүйесінде түпкілікті қолдау тапты.

Баяндамашы: «Идеологиялық жұмыста, əсіресе тарих ғылымы, əдебиет жəне искусство саласында əлі де ірі кемшіліктер, саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар бар. Бұл қателер, əсіресе Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде айқын көрінді», — дей келіп, тарихшы Е.Бекмаханов, əдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, қаламгерлер М.Əуезов, С.Мұқанов, Қ.Бекхожиннің Кенесарыға қатысты еңбектері мен шығармаларын идеологиялық тұрғыда өткір сынға алып, «ұлтшылдық» таңбасын басты [10]. Сонымен қатар Қ.Əбдіқадыров, Қ.Аманжолов, С.Бегалин, Ə.Əбішев, Ə.Тəжібаев шығармаларындағы ұлт тарихына тамыр тартқан идеялық арналардан «қателіктері» теріліп, олардың «кемшіліктерін» көрсете кетуі де назардан тыс қалдырмады. Бұл кеңестік қоғам орнағаннан бастап саясаттың «қол шоқпары» болып қит етсе, жау іздеуге əбден дағдыланып алған, əшкерелегіш жолды қатты ұстанған əдеби сынға жаңа нысана тауып беруге жасалған бағыт-бағдар десе де болады. Коммунистік идеология осы қаулы-қарар негіздеріндегі ұлтшылдықты əшкерелеу жұмыстарына бұрынғыдай əдеби сынды тағы да кеңінен пайдалануға ұмтылды.

Сондықтан да қазақ əдебиеттануы мен сынында Кенесарыға, Наурызбайға қатысты зерттеулер мен көркем туынды жазған ғалымдар, қаламгерлердің бəрі де «ұлтшыл» атанып шыға келді. Мəселен, Е.Ысмайыловтың «Кенесары Қасымовтың қазақ халқын азат ету жолындағы күресі туралы» мақаласы, Қ.Бекхожиннің «Батыр Науан» поэмасы, М.Əуезовтің «Хан кене» драмасы мен «Ақын ағасы» романы, С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі, Қ.Жұмалиевтің «Батыр Мəлік» мақаласы саяси өлшеммен қаралғандықтан, «қара тізімге» алынып, қауіпті шығармалар сипатында танылды. Əдебиет пен өнердегі «саяси ауа жайылушылықты» барынша əшкерелеуді мақсат еткен Ж.Шаяхметов: «Қ.Аманжолов «Дауыл» деген өлеңдер жинағында қайдағы бір ежелден келе жатқан, жапа-жалғыз «Қазақстанды» жырлайды. Ол Қазақстанды «ата-бабаларының жері» деп сүйеді. Ол үшін Қазақстан «Жер мен көктің бірден-бір жұмағы», ал Ертіс өзені ― «бостандықтың бесігі». Ə.Тəжібаев «Жас қазақ» деген өлеңінде елеулі ұлтшылдық қате жібереді. Ақын Бекхожин «Мария Жагорқызы» деген поэмасында халықтар достығы туралы маңызды тақырыптағы тарихи шындықты бұрмалайтын өрескел қателерге жол берді», — деп əдеби сынның ендігі ұстанар бағыты мен мақсатын да «айқындап» берумен қатар, «ұлтшыл» ақындар қатарын жаңа есімдермен толықтыра түсті.

Идеология кеңес саясатының қол шоқпарына айналған жағдайда республика басшысы Ж.Шаяхметовтың Кенесары сынды тарихи тұлға туралы пікірін мың құбылтуы ― таңғаларлық жағдай емес. Нақты айтсақ, 1944 ж. айтқан «майдандағы қазақ жауынгерлерін Абылай, Кенесары, Наурызбай рухы қолдасын» деген өз пікіріне қарсы шығып, оны қателік деп табуы ― соның бір ғана мысалы бола алады. Ұлт тарихына қатысты соны ізденістерді, кемшіліктер орын алған деп тауып, себебін сол кездегі ҚК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшы І.Омаровқа арта салуы да дəуір кескінін көрсететін шындық еді.

Ал «Идеологиялық жұмыстағы бұрмалаушылықтар мен қателіктердің бір себебі мынау: ұлтшылдықтың қайталаған жеке белгілеріне қарсы республика партия ұйымдарының күресі нашар болды, партия ұйымы тарихтағы жəне əдебиеттегі ұлтшылдық əрекеттерге тиісті маңыз бермеді» деген Ж.Шаяхметовтың тезистік бағдарын əдеби сын іліп əкетті де тіптен даурықтырып жіберді [10; 13]. Соның салдарынан əдебиет тарихын зерттеу саласында көркем шығармаларды əдеби- теориялық талдау мен сыни тұрғыда бағалау барысында əсіре бұрмалаушылықтар орын алды да, оны əдеби сын кезекті дəйексіздік пен біржақтылық көзқараста насихаттауды қолға алып, идеологиялық тұрғыда негіздей бастады.

«Əдебиет тарихының көп беттері «ақтаңдақ» күйінде қалды, социалистік реализм теориясы əдебиеттік əдісімізді біржақты, жалаң мадақтаудан аса алмауы салдарынан əдебиет сыны да өз міндеттерін ойдағыдай орындаған жоқ», — деп академик С.Қирабаев атап жазғандай, əдеби сын саяси науқанға белсене араласып, ғылыми-теориялық сипатынан жəне танымдық-эстетикалық табиғатынан қол үзе бастады. 1951 жылдың 20 сəуірінде Қазақстан Кеңес жазушылары Одағы жанындағы партия ұйымының ашық жиналысында «Правда» газетіндегі «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген мақала мен ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы мақала жөніндегі Қаулысының шешімдерін талқылауда, оны жүзеге асыруда əдеби сын саяси «белсенділік» танытты.

Баяндамашы Қазақстан Кеңес жазушылары Одағының жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов Кенесары туралы жазылған мұралардың бəрін тұрпайы социологиялық көзқараспен қарап, əдебиеттің таптығы сияқты қағиданы алға тарту арқылы елеулі қателіктерге бой алдырды. И.Байзақовтың «Қойшының ертегісі», М.Əуезовтің «Хан Кене», Қ.Бекхожиннің «Батыр Науан» туындыларының көркемдік сипаты емес, саяси бағыты басты орынға қойылды да, олардың саяси-идеялық

«кемшіліктері» қазбаланды. Ал ғылыми-зерттеушілік ізденістегі М.Əуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев еңбектері сын нысанына алынып, ондағы бисаясаттық, таптық көзқарастан алшақтау мəселелеріне баса назар аударылды. Кеңес саясатына жат істерді ұйымдастырушы, дем берушілер есімдерінің нақты аталуының өзі де баяндамашының басты мақсатын танытады. Мəселен, «Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын əдебиетте дəріптеудің жаңа толқыны 1939 жылдардан басталды. Бұл мəселеге КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының сол кездегі əдеби секторы ұйытқы болды да, сол сектордың сол кездегі басшысы Е.Ысмайылов ұйымдастырушы болды», — деп табады [11; 56]. Мұндай келеңсіз көрініс қазақ зиялыларының халық тарихы мен əдебиетін ұлттық мүдде тұрғысынан таныту жолындағы береке- бірлігіне түскен сызатты ғана емес, бірін-бірі даттауға, ғайбаттауға душар еткен кер заманның керағар келбетін де таныта түседі. Бұған бірінші кезекте сол тұстағы өктем саясат кінəлі дегенімізбен, қазақ зиялыларының бір-біріне жасаған қиястықтарының негізінде басараздық, өш алу жолында өзінің жанрлық сипатында көріне алмай отырған əдеби сынды да мол пайдаланғанын көреміз.

Аталған талқылауда баяндамашылардың қазақ тарихы мен əдебиетіндегі Кенесары тақырыбы аздық етердей, Абайдың ақындық мектебі, оның шəкірттеріне қарай ойыса берулері де тек осымен шектелмей, алдағы уақытта идеологиялық талапқа сай кезекті талданар жайттың да бағыт-бағдарын айқындай түсті. Мысалы, баяндамашы Қ.Жармағамбетов С.Мұқановтың, Қ.Жұмалиев М.Əуезовтің өткендегі «қателіктерін» термелеп, ұлтшылдық жаңаша сипатта көрініп отырғандығын дəлелдеу үшін сөз арасында іліп-шалып өтулері əдеби сынның сынампаздыққа, ашығын айтқанда, саясаттың сойыл соғарына айналғанын дəлелдей түсті.

Сын ызғары С.Мұқановты Кенесарыға қатысты өз қателігін ашық мойындауға мəжбүр етсе, М.Əуезовті өзіне қарсы айтылған негізсіз қате пікірлерден қорғануына, еріксіз ақталуына душар қылды. Ал қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салған саяси билік жүйесі олардың пікір қайшылығына дем бере отырып, идеологиялық науқан барысын өз уысынан шығармай, бұл жолда əдеби сынның жауынгерлік жəне ұшқырлық қасиетін тиімді пайдаланып отырды. Бұл орында Ə.Тəжібаевтың Қ.Бекхожиннің «Батыр Науан» поэмасындағы саяси қателіктерді сын тезіне алуы, ол өз кезегінде Қ.Бекхожиннің Ə.Тəжібаевтың «ұлтшылдығын» «дəлелдеуі» айтуға оңай болғанымен, сынның сынампаздыққа, əшкерлегіш, қаралағыш сипатқа қалай ойысқанын жаңа бір қырынан аңғартады. Сынның тұрпайы социологизм теориясын басты темірқазық етіп ұстануынан «ұлтшылдық» қателіктерді «мойындату» сияқты 1937–38 жылдар ойраны кезінде орын алған көрініс те талқылау барысында айтылмай қалмады. Мысалы, «Исмайылов өзінің сөзінде Кенесарыны мадақтаушыларға дем бергенін батыл мойындаудың орнына, келешекте сол саяси қателерін қалай түзететінін айтудың орнына, «адал жұмыс істеуге уəде етемін» деген жалпылама сөзуарлыққа салынды» деген саяси қырағылық соның нақты бір дəлелі бола алады [11].

Осы Кенесары-Наурызбай тақырыбындағы зерттеу жұмыстары мен көркем шығармаларға байланысты ғана көрінген əдеби сынның алған бағыт-бағдарын бағамдасақ, елуінші жылдардың алғашқы жартысындағы əдеби сынның кескін-келбетін жан-жақты көрсетуге негіз болған төмендегідей мəселелердің бетін аша алар едік.

Біріншіден, 1947 жылғы аты-шулы қаулылардан бастап сын ұлттық əдебиеттану ғылымының жеке бір саласы ретіндегі өзінің ғылыми сипатынан көп төмендеді, əдіснамалық, теориялық ізденістерінен айырылды. Көркемдік дамуды бағамдап отыратын жетекшілік рөлінің ұлттық рухани өмірдегі мəн-маңызынан айырыла бастады. «Сойып салу», «тас-талқанын шығара» сынау үрдіске айнала бастауының салдарынан қалың жұртшылықтың, оқырман қауымның сыншылдық-эстетикалық талғамы төмендеді. Саяси қателігі əшкереленген шығармалар мен еңбектерді іздеп жүріп оқып, көркем өнер саласындағы идеологиялық саясат талабына сай саяси қырағылықта сын тезінен қаға беріс қалған зерттеулер мен туындылардан маркстік-лениндік əдіснамаға сай келмейтін кемшіліктер іздеу белең ала бастады. Ал бұл ― ұлттық əдебиеттің жанрлық, тақырыптық-идеялық, көркемдік тұрғыда өсіп-өркендеуіне, дамуына керағар ықпал етті.

Екіншіден, сын «халық жауларын» əшкерелеу науқанынан бастап 1947 жылғы Қаулыға дейінгі əдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің ұлттық мүддеге тамыр тартатын, маркстік-лениндік əдіснамаға, оған сүйенген кеңестік идеологияға сəйкес келмейтін азды-көпті соны ізденістерін толығымен жоққа шығаруға ұмтылды. Бұл ― ұлттық əдебиеттанудың əдебиет тарихын толықтай түгелдеуге деген тың қадамдарын тежеуге, əдебиет теориясы саласындағы ізденістерін социалистік реализмнің əдебиеттің таптығы, халықтығы аталатын қате қағидаларының тар шеңберінде қарауға мəжбүр етіп қана қойған жоқ, əдеби сынның өзінің де дағдарысқа ұшырауына əкелді. Осы кезге дейінгі қол жеткізе алған ұлттық əдеби сынның туып, енді қалыптасу дəуіріне қадам басқандағы жауынгерлік жетекші позициясынан кері шегініп, «тұрпайы социологизм» теориясы ықпалындағы батпаққа қайта бата бастады. Сондықтан елуінші жылдардың басындағы əдеби сынның кескін-келбетін таразылау жолында заман талабына сай қателіктерге бой алдырған сыншы, əдебиетші ақын-жазушыларға айып таға бергеннен гөрі, алдағы талдауларда ұлттық сынның бұндай жағдайға душар болуының тарихи, саяси-əлеуметтік жəне əдіснамалық себептеріне баса назар аударған абзал болмақ.

Үшіншіден, қырқыншы жылдардың алғашқы жартысында ғылыми-зерттеушілік, сыншылдық ой-пікірде төңкерісшілдік ұстаным сипатындағы «əр ұлтта екі түрлі мəдениеттің элементі» болатындығы туралы қате қағидасы назардан тыс қала бастаған болатын. Əдебиетші-ғалымдардың ұлт əдебиетінің өткен жолын тарихи шындыққа сай түгелдеуге жасаған ұмтылысы, əдебиет теориясы мен сынның бар мүмкіндікті сарқа пайдалануға деген қадамдары — оған анық дəлел. Оны «батысқа бас июшілік», «саяси көрсоқырлық пен ауа жайылушылық» деп бағалаған кеңестік идеология осы қағиданы қайтадан күн тəртібіне қойды. Нақты айтар болсақ, 1947–53 жылдары алынған қаулы- қарарлардың негізінде осы қате қағида жатыр. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы əдіснамалық тұрғыда да, көркем əдебиетте де, көркемдік əдісте де маркстік-лениндік əдіснамасының, оған сүйенген социалистік реализмнің əдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы қағидаларының басшылыққа алынуын талап етті. Ендеше, əдеби сын да бұдан алшақ тұра алмады. Керісінше, өзінің жанрлық ұшқырлығына сай белсене кірісті. Оған оң-солына қарап, дұрыс-бұрысын таразылап алуға уақыт талабы, саяси науқан ешқандай мүмкіндік бермеді.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Кəкішев Т. Қазақ əдебиеті сынының тарихы. — Алматы: Білім, 1994. — 3-б.
  2. Смағұлов Ж. Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихы. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 330, 331-б.
  3. Плиев А. Политика и художественная литература // Вопросы литературы. — 1989. — № 10. — С. 67–89.
  4. Иванова Н. Литература последнего десятилетия — тенденции и перспективы // Вопросы литературы. — Вып. ІІ. — 1999. — С.
  5. Сыздықов К. Мұхтар Əуезов — əдебиет сыншысы. — Алматы: Білім, 1973. — 124, 125-б.
  6. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. — Алматы: Жазушы, 1970. — 139-б.
  7. Əуезов М. Жиырма томдық. — 19 т. — Алматы: Жазушы, 1985. — 496 б.
  8. Бердібай Р. Мұхтар шыңы. — Алматы: Ана тілі, 1997. — 117-б.
  9. Жұртбаев Т. Талқы. — Алматы: Ел-шежіре, 2012. — 63-б.
  10. Шаяхметов Ж. Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы жəне оны жақсарту шаралары туралы // Əдебиет жəне искусство. — 1951. — № 10. — 1–14-б.
  11. Кенесары — халықтың қас жауы // Əдебиет жəне искусство. — 1951. — № 4. — 54–64-б.

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.