Əйгілі айтыс ақыны Зият Көбегенұлы 1945 ж. 12-айдың 25-күні Шыңжаң өлкесінің Санжы облысы Мичуан ауданы Отынқозы ойындағы Қаратөбе деген жерде Зəңгі Мажырұлының отбасында дүниеге келген.
1956 ж. бастауыш мектепті сəтті тамəмдаған ол сол кездегі өрістің тарылып, қоныстың кішіреюі себебінен отбасымен сол жылдың 11-айында Алтайдың Бурылтоғай ауданы Жетіарал деген жеріне ірге тебеді де, 1978 ж. 5-айдың 16-күні өзінің бұрынғы туған жері Отынқозыға қайта көшіп келеді.
Тума талант Зият Көбегенұлы өздігінен үйіреніп, жоғары орта білім дипломына қол жеткізеді. Аласұрған саясаттың салқыны тиіп, жазықсыз жазаланған əкесі Көбеген 1958 ж. қамауға алынады да, мəдениет төңкерісі кезінде Зият Көбегенұлына да қалпақ кигізіліп, мектептен қудаланады. Саясат оңалып, атақ-абыройы қайтадан қалпына келген Зият Көбегенұлы 1980 жылдың соңынан 1994 жылдың орта шеніне дейін Отынқозыда қыстақ бастығы болып қызмет жасайды.
Зияттың ақындық жолын ұстанып, өнерлі де қарымды азамат болуына əкесі Көбегеннің ықпалы ерекше күшті болады, текті жанұядан шыққан Зият «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады» дегендей, халықтың қалаулы ері болып жетіледі. Зияттың əкесі Көбеген Мажырұлы 1891 ж. төменгі Алтайдың Аққаба деген жерінде дүниеге келген. 1967 ж. 4-айдың 17-күні Бурылтоғайдың Жетіарал ауылы Малақай қыстағында 76 жасында дүниеден өткен. Зияттың ата-тегін айтар болсақ: Зият←Көбеген ←Мажыр← Биекен ← Қожас← Қазыбек т.б.
Халқымызда «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген киелі мақал бар. Міне, осыған байланысты Биекеннің əкесі Қожас Қазыбекұлы кезінде ақсүйек төре əулетінен адам əкелуге барған салауатты кісі болған. Осы жолы төре əкелуге барғандар: Қазыбек баласынан Тауасар батыр, Шұбаш батыр, Қарақастан Байқан батыр. Қожас Қазыбекұлы қатарлы 9 адам барып Тұмар ханымнан туған Көгедəй, Сəмен, Жабағы қатарлы Əбілпейіздің үш ұлын Керейге алып келген. Кейін уақыт өте келе Көгедəй ержетіп Манжурияға мансап белгісін алуға барғанда Қожас та бірге барған. Манжурия патшасы оған көк тас беріп, қалпақ кигізіп, бір рудың билігін жүргізуге толымды жігіт деп сыйлап қайтарған. Кейін Көбегенге көк тасты билік қалпағы тиіп, шағын Қожас руының зəңгісі болған. Содан ел ішіндегі талас-тартысты ақылмен шешіп, ел құрметіне бөленіп отырған. Еліміз азат болғаннан кейін, Көбеген елдің сүттей ұйыған қаймағын бұзбай, елге басшылық қызмет жасайды.
Əкесі Көбеген — ұсталық, өрімшілік сынды сан өнердің иесі, алқалы елі аға тұтар жігерлі де қатаң болған адам. Сауатын діни кітаптармен ашып, өздігінен талаптанып жүріп орыс жазуын танып, орысша, түрікше романдарды оқып, білімін кеңейтіп алға басар идеяны қалыптастырған адам екен.
Көбеген Мажырұлы жасында домбыра ұстап, өлең айтып айтысқа түсіп, «Аумалы дүние» атты ұзақ дастан жазып, Ақшымпу деген қызбен айтысқан делінеді. Өкінішке орай, бұл еңбектері бізге жетпей қалған.
Көбеген тап бермеде тауып айтатын кісі болса керек. Əкесі Көбеген туралы ел арасында мынадай əңгімелер айтылып жүр. Көбеген түскі демалыстарында тыныш қарап отырмайтын, пышақ соғып, ұсталық жасайтын адам екен. Бір күні түсте есік алдында ағаштан астау шауып отырғанда малақай отрядының бастығы руы Ителі Дəлелхан Шалабайұлы қасына келіп: «Түсте демалмай жекелік істейсің бе, коллектив еңбекке əсер жеткізесің. Мынауың не? Гуəнсəй (қабыр сандығы) ағашың ба?» — депті. Сонда Көбеген:
Бар едік Жетіаралда қос қара шал,
Құдай-ау алар болсаң, байсалаңды — ал.
Байсалаңның гуəнсəйі жоқ боп қалса,
Мына итаяқты үстіне төңкере сал, —дегенде дəлелқан теріс айналып мұның тілінде у бар екен деп, жүріп кетіпті.
Көбегеннің кемпірі Ителі руының қызы екен. Сондықтан əзіл-қалжың ретінде айтса керек. Бурылтоғай аудандық шикізат мекемесінде істейтін Ителі Құрманғали батыр дейтін адам Көбегенге:
Сенің атың — Көбеген,
Бүркіттей көзің көреген.
Алдыңа барса тістеуік, — дегенде,
Көбеген:
Артыңа барсақ тебегенсің, —
Алдында жүрем тұстастың,
Қартайған кезде ұшқастың.
Əліңді білмей əлек боп
, Менімен бекер ұстастың.
Керемет ерге кең қолмын,
Дұспандық еткен жандардың,
Жағын қарыстыратын,
Болаттан соққан қышқашпын, —деп тойтарыпты.
Демек, əкесі Көбеген ел басқарған көсем, сөз бастаған шешен болған адам болса керек. Көреген əкенің қағылез көзінен аршындап келе жатқан жас баланың жалынды таланты қағыс қала қоймайды, ендігі бар үмітін ұрпағы болған Зиятқа артады. Зият та əке үмітін жерде қалдырмай, топ арасында сөз бастайтын ақиық ақын болып жетіледі.
Ақын Зият Көбегенұлының шығармашылық жолы жəне шығармалары Зият Көбегенұлы қаршадайынан əке өнеріне мұрагерлік етіп, үйінен үзілмейтін көрген-білгенді, шешен-шежіре адамдардың кеңесіне ден қойып, олардың нəрлі сөз, қисса-дастандарын көңіліне тоқиды. Осы бейімділікпен ауыл арасының сауық-сайранына зауқы бұрылып, өлең-жырға елігетін, тамаша ақындық сезімнің жырын ауыл арасына, құрбы-құрдастарына байқата бастайды. Жас болса да, жалыны зор, дарыны бар, мінезі жайлы, əзіл-қалжыңшыл жасты ел ендігі жерде ойын-тойынан, салтанатынан қағыс қалдырмайды. Ол сонау бастауыш мектеп оқып жүрген кезінен бастап қара тақтаға өлең жазып сабақтастары мен ұстаздарының көзіне түсе бастайды. 1958 ж. қарашадан бастап ел иесі Көбегеннің баласы деген жаламен ауыр еңбекке жегіліп, айдауда жүрген қиын-қыстау кездерінде қағаз-қаламын тастамай, сарала домбырасын жүгінің арасына жасырып, оңашада дыңылдатып, бірталай еңбектер жазған. 1962, 1963 жж. тұңғыш рет «Сарала тегеш» атты ертегі кітапты 577 шумақты өлеңге айналдырып жазып шығады. Сонымен қатар «Сар кезең», «Қиядағы қыспақ» атты екі дастан жазған. Енді ғана ес жиып, еңсе көтерген ақынның өлеңдерін əсіре солшылдық қимылы тоздырып жоғалтты. Ол тұстан қолжазба нұсқа да, басылым көрген өлеңдер де болмады. Ақынның көптеген дастандары, толғау өлеңдері мəдениет төңкерісі кезінде, отқа жағылып, күлге айналған.
Ақынның «Жетей қоңыр», «Арман ағынында» қатарлы деректі дастандары, «Əнімнің қайырмасы қырық бунақ» атты өлеңдер жинағы бар. Бұлар «Ақындар айтысы» деген кітапқа енгізілген.
Ақынды туа білген халық ардақтай да біледі. Əсіресе дарынды дəріптеп, өнер адамын өрге жебеп отырған компартия басшылығындағы бүгінгі тамаша таңда тіпті де солай болмақ. Партияның 11-құрылтай 3-жалпы мəжілісінен кейін ақынның көзі қайтадан ашылып, жоғалғаны табылып, өлгені қайта тірілді, көп өмірін тар заман, тауқыметті жылдарда зая өткізген ақын неше жыл ұмыт болған өнерімен қайта қауышып, топтық ортада бұлбұлдай сайрай бастайды. Ақын шабытын тұсайтын да, шарықтататын да орта ғой, 1980 ж. шілдеде Санжы Хұйзұ автономиялы облыстық I Ақындар айтысына қатысып, жүлдегер сыйлығын иемденеді. Бұл сапарлары ақын шабытына қанат, жырына тиек болды. Осыдан бастап Санжы Хұйзұ автономиялы облысының 1985, 1987 ж. Санжы Мөргу фермасында, 1990 ж. Шонжы ауданының Дабанқу жайлауында, 1994 ж. Құмыл аймағы Бəркөл ауданының 40 жылдық тойына қатысып марапатталып қайтады. 1995 ж. Шонжының Алтынқол жайлауында болып өткен ақындар айтысында бас бəйгені ұтып алған. 1996 ж. автоном райоауданының ұйымдастыруында Іле қазақ автономиялы облысының Тоғызтарау ауданы Шашы жайлауында өткізілген солтүстік Шыңжаң малшылар мəдениет апталығына қатынасып, ел алқауына бөленіп, даңқпен оралады.
1998 ж. Алтай аймағының ақындар айтысы Ертістің екі өзенінде өткізіледі, ақын осы айтысқа ұсыныспен қатысып ерекше сыйлықтың иегері болып, ақ боз ат мініп, оқалы тон жамылып қайтады. 1999 ж. Үрімжіде өткізілген автономды аудандық I-кезекті Ақындар айтысына қатысып, Шыңжаңдағы төрт ардагер ақынның бірі деген даңқты атаққа қол жеткізіп қайтады. Шонжының Аттіс жайлауында өткізілген 2001 ж. Санжы облысының VI-кезекті Ақындар айтысында құрмет сыйлығына ие болады.
Бұдан басқа аудандарда, ауылдарда өткізілген ақындар айтысына үнемі қатысып, ерекше сыйлықтың иегері болып бағаланып отырған. 2010 ж. автономды аудандық III-кезекті Ақындар айтысында 30 жылдан бері əдебиет саласына еңбегі сіңген əйгілі өмірлік ақын атағын еншілеген.
Ақиық ақын Зият Көбегенұлының 88-ге жуық өлеңі, 28 əдеби мақаласы, естеліктері 1980 жылдардан бастап «Шалғын» журналы, «Алтай аясы», «Іле айдыны», «Боғда» журналы, «Шыңжаң» газеті сынды газет-журнал, ақпарат салаларында жарияланып, оқырман қауымның жақсы бағасына ие болған. Ақынның көп тақырыптағы өлеңдері, дастандары 2003 ж. «Ақындар айтысы» деген тақырыппен «Шыңжаң» халық баспасы жағынан жарық көрді. Қазір ақынның əр тақырыпта жазылған екі жинағы қаржының жетіспеуі, қолдың қысқалығы себепті баспа көре алмай тұр, оның ұзақ өлеңмен поэтикалық романы жазылу үстінде.
Зият, сонымен қатар, ауызы дуалы батагөй ақын. 1994 ж. Баркөл қазақ автономиялы ауданының 40 жылдық торқалы мерейтойында болған айтысының соңында Жамыш ақынға:
Ырысжандай, сары қызым, алымды бол,
Сараланған сарадай жалынды бол.
Əкеңдей сансыз іске сабыр сақтап,
Ел-жұртыңа үлгілі, нанымды бол.
Мүдірмейтін бықыштың тілін берсін,
Көмейіңе бұлбұлдың үнін берсін.
Жүрегің қайтпас болсын Ақшолпандай,
Таңжарықтың тартымды жырын берсін.
Жəмішке бата берген əкесі кеп,
Кешір, сөздің болса егер қатесі көп.
Жақса егер айтқандарым көңіліңе,
Айтып жүр əкем берген батасы деп, —
деп жырын төгіп-төгіп жібереді. Ақынның баталары ел көңіліне терең ұялап, тəрбиелік құны өте жоғары болып отырған. 1995 жылдан бері қарай топтық, жеке тойларда айтылған баталарының ұзын саны 60 тан асады екен. Мұның ішінде 20 батасы «Халық баталар жинағына» енгізіліп, халық баспасы жағынан жарық көрген. 11 термесі «Халық термелер жинағына» енгізіліп, халық баспасы жағынан жарық көрген.
Зият ақын ғана емес, күй шертудің майталманы, халық күйлерін тамылжыта шерте білетін адам жəне өз жанынан да көптеп күйлер шығарған күй жасампазы да болған. Ол халық арасында шертіліп жүрген тарихи күйден 35-ін, жаңа күйлерден 5-ін орындаған. Оның өзі шығарған күйлері — 4,
«Жұңғар керуені» атты күйі нотаға түсіріліп жарияланған. 2009 ж. «Өмір-ай» деген күйді жаратқан. Ал музыкалы əн жинақтарынан екеуі, жазған əн мəтіндерінен 21 бар.
Жинақтай келгенде, Зият Көбегенұлының 1980 жылдан бастап 2010 жылға дейінгі 30 жылдан бері Еренқабырға, Боғданың əрқайсы аудан, ауылдарында, облыстарда, аймақтарда, жүйеден қазақ баласы ірге тепкен өңірлерде төккен жырлары əн болып айтылып, өлең болып қалықтауда, бұл жырлар халық жүрегінде мəңгі сақталары даусыз.
Зият Көбеген ұлының айтыс өнеріндегі осы жетістіктері арқылы алысқанды жығып, айтысқанды жеңген ақын ретінде ел-жұртқа жастай таныла бастайды. Өлеңге, домбыраға елітеді, ышқырынан асық кетпеген балалық шағынан бастап, самайын ақ шалған ақсақалдық дəуіріне дейін əріптесіне дес бермеген Зият ақын ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, белдескеннің белін опырып отырған. Ақынның ел арасында таралған айтыстары сансыз, біз бұл еңбегімізде Шыңжаң халық баспасы жағынан жарық көрген: «Ақындар айтысы» [1–4]деген кітаптағы уəкілдік шығармаларынан мысал келтіруді жөн көрдік.
1990 ж. шілденің 15 күні Санжы облысының IV-кезекті Ақындар айтысында (бұл Шонжы ауданының Дабаңқу жайлауында болған) Зият ақын Бижамалмен жыр додасына түседі. Екі ақын өлең арқылы бір-біріне шабыт беріп, намысына тиіп, шабытын келтіріп, жебеп отырады. Өлең таудан аққан тас бұлақтай өрши түсіп, арнасына сыймаған асау толқын іспетті жағасын шарқ ұрып, аласұрған дауыс алысқа кеткендей болады. Сол сəттерде сөз кезегін алған шашасына шаң жұқпаған Зият ақын иығын қомдап алып, сұлу жырын былай деп ағытады:
Ала сұрған дегенің не дегенің,
Осы ма мен құрбыңды жебегенің?
Келмей жатып ақынды шиыратып ап,
Ұшы тиіп кетпесін селебенің.
Келмей жатып ат қойып айдар тақпай,
Болғаның жөн жаршысы өнегенің.
Күлкілі іс емес пе ақын жанын,
Оп-оңай сөз құндаққа бөлемегің.
Көп іздеп қиналыпсың бер таман кел,
Қырандай алдыңда отыр көрегенің.
Сөзім кіріп ішіңе толғатқанда,
Басын санап қаларсың керегенің, — дегенде,
Бижамал:
Ақыным, сені қашан сыйламадым,
Жөн болмас бір сөзіме ширағаның.
Бірде қанжар, біресе қыран болып,
Батып кетті жаныма тырнағаның.
Жаралған затым əйел болғаннан соң,
Емес пе ана жолын бұлдағаным.
Келмей жатып түсірген керіс сөзге,
Зікеңнің де табармын бір амалын.
Береді сөз кезегін өзіңізге
,Мінеки, əріптесің — Бижамалың.
Бұл өлеңде екі ақын айтыс бастала салған жерде-ақ бірінің сөзін бірі қағып əкетеді де, өздерінің оңай əріптес емес екендігін ескертеді. Бұрыннан-ақ топтық ортада бөгелмей өлең айтатын сөз майталманымын деп əріптесінің десін басуға тырысады.
Зият Көбегенұлының өлеңдерінде халық арасында сақталып отырған зұлымдық, надандық, тоғышарлық, бейбастықтарды шенейді, оларды сын тезіне алады, партияға, халыққа, армияға алғыс жаудырады, мұндай мазмұндар ақын жырларында айқын айшықталып отырады. Мұнда ысырапшылдықты жою, байлығын бұлдап тарихта жоқ жол шығаруға қарсы тұру, үнемшілдікпен отбасын басқару, той бəсекесін жүргізбеу, арқандай адамдар шамасына қарай шарықтау, қазақ ұлтында жоқ салт жасап жасанды жол шығармау, өлім-жітім істерінде лайықты істеу, аста-төк болмау қатарлы мазмұндар айтылады. Зият ақын Бижамалмен айтысының бір жерінде шектен асқан жебірдей құдалыққа қаны қайнап, қызды мал орнында сатып отырған адамдардың ертерек идеясынан қайтып, теңін тауып тегін беру жағын дəріптейді. Мəселен,
Бижамал:
Сен айтпай-ақ бұл істі ел біледі,
Қалам хаты қайралған ер біледі.
Шектен асқан жебірдей құдалықтың,
Ауылыңда қандай бар белгілері?
Зият:
Біреуінен барады біреуі асып,
Көрсетпек боп байлығын бас таласып.
Құдасының құлқыны тоймаған соң,
Кетіп жатыр кейбіреу алып қашып.
Біреу байға құда боп сыйланып жүр,
Өмірлік мол қазына жиғалы жүр.
Кедейлердің мұң болып бас құрауы,
Жоны терлеп, бұрлығып қиналып жүр.
Кейбіреулер бітіспей соттасып жүр,
Жеті атасын қалдырмай боқтасып жүр.
Қызын тартып аламыз бермесе деп,
Оннан, бестен жиылып топтасып жүр.
Кісі өлтіріп, мал шауып кетер еді,
Заңнан ғана именіп тоқтасып жүр.
Тірелгенін тұйыққа бір байқамай,
Жер орнына кейбіреу шоқ басып жүр.
Бүйте берсе кетпей ме жазаланып?
Іздегені шыныдай азап анық.
Қысылған жастарды көріп тұрып,
Кейде ұйықтамай кетемін назаланып.
Ақын бұл өлеңдерінде құрғақ атақ пен қу байлықтың құлы болып жүрген мақтаншақтықты қатты масқаралайды, «бай мен байдың арасына жорға жүреді, кедей мен кедейдің арасына дорба жүреді» демекші, қолы жеткен төрт түлігі шалқыған байлар ақшаның көзіне қарамай, қалың малды еселеп беріп, қыздарды сатып алғандай болып жатса, кедей байғұстың балалары берерге түгі жоқ, қу басын құшақтап бойдақ жүргендері, «қызы барлар қыраң асатын, қызы жоқтар тыраң асатын» жексұрын салт-дəстүрдің тамырына əлі де балта шабылмай отырғандығына қатты ызаға булығады. Қыз алып қашудың себебіне нақтылы талдау жасайды, ақшаны құр бекерге шашпай, өнер үйренуге насихаттайды.
Бижамалмен жыр додасында өліспей-беріспейтін қайратына мініп, ақындық шабытын жанып, ерлігін шыңдай түскен қыран ақын өлеңін тіпті де арындата түсіп:
...Өз ауылымның шалымды жүйірігімін, —
Деп ойлама, бөркемік, саспақ қара,
Қыз қуардың ұшқыры деп ойлама,
Шыдаймын ұзақ сонар аш-тоққа да.
Түлеп ұшқан боғданың қыранымын,
Құтқармастан ұстайтын бас сап қана.
Тоғысай деп ойлама түлкі алмайтын,
Сенімім зор, мақсатым тіпті де айқын.
Бүкпей-ақ айтарымды айтып салар,
Əдетім бар ішіме ірке алмайтын.
Көдек созбен түйгіштеу əдетің бар,
Жылы созбен құрбыңды жылта алмайтын.
Мейлі қысқарт, мейлі сөз айтарыңды,
Қанаттымын мың ұшсам бір талмайтын.
Əлі келмес істерге əлек болып,
Мен емес тай, байталша тыртыңдайтын.
Жаратсаң жақсы сөзбен əзілдессем,
Жас емеспін шымшылап жыртыңдайтын... —деп жырлай келіп, өзін қанаты талмас қыран етіп көрсетеді, ол көкте шарықтаған қыран секілді, жерге қонса да жемтікке қонбайды, өз қару-қайратына сүйенеді, көкке ұшса жел аудармайды, ол — өлеңінде «тоғысай деп ойлама түлкі алмайытын, мен емес тай, байталша тыртыңдайтын» деген сияқты көп сөзділікті ерекше ықшамдай білген шешен ақын. Бұл жолдардағы теңеу, эпитет, салыстырулар жарастығы өз алдына, мазмұны да мəнерлі.
Айтыстың бір ерекшелігі — өлең арқылы тəлім-тəрбие беру болса, енді, бір жағынан, ақынның тап бермеде тауып айта алатын қабiлетін сынау болмақ, сан мыңдаған көз тігіліп қарап отырғанда əріптесінің сұрағына дəлме-дəл жауап тауып, сүрінбей өтіп кету кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Міне, соның мысалы ретінде Бижамал мен Зияттың айтысын айтуға болады. Сөз кезегін алған Бижамал:
Құдалыққа кім болды қормал бүгін,
Қорғалды кім, некеде қорланды кім?
Неке ісінің осынша бұлғануы,
Айтып кет қайсы жақтан болғандығын.
Зият:
Соны білмей тұрсың ба, сиқыр қатын,
Ұмыттың ба қанған соң ұйқың қатын?
Аударылмай сұм заман тұрған болса,
Бұл күнге шек болар ең, типыл қатын.
Бəйбішелік саған жоқ, тоқал болып,
Кеберсіп кетер еді сиқың, қатын.
Күйбіңмен күндестік күнің өтіп,
Қайыстай созылар ет тұрқың, қатын.
Сол қоғамның қалдырған уы емес пе,
Салып кеткен наданды қу егеске.
Дəуірінің ұмыттырған қамқорлығын,
Ап-айқын аз байлықтың буы емес пе?
Ұрпақтарым теңдікті аңсап туған,
Өзін-өзі көрсетер мансап қуған.
Кезіксе басты жағы надан байдан,
Болып жатыр бір жағы мансаптыдан.
Арақ ішіп сөйлейді қызып бастап,
Заң-жарлықты жоқ қылып сызып тастап.
Түйе менен биені місе тұтпай,
Отырат көп машина тізіп тастап.
Ауызда айтып зарлаған неке заңын,
Атақ құмар, парақор, ұры, залым.
Саясатты ауызда қорғағансып,
Айдап жатыр астыртын қалың малын.
Ақын бұл өлеңінде қара түнек қоғам мен жаңа дəуірді салыстыра келіп, партияның абзал саясатына алғыс жаудырады, шектен асқан парақорлықты, мансапқұмарлықты, арақкештікті, жағымпаздықты қатты сынайды, ауыз жүзінде көлгірсіп, артынан жалғанды жалпағынан басатын көз бояушылыққа сөгіс айтады.
Қазақ айтысының енді бір ерекшелігі — əзіл-қалжыңда. «Əзілің жарасса, атаңмен ойна» деп атамыз қазақ айтқандай, айтыс майданына шыққан үлкен-кіші, кəрі-жастың — барлығы жарасымды қалжыңдарын айтысып, сөзбен қағысады, бірін-бірі жебеп, демеп отырады. Мұндайда тартыну, қысылып-қымтырылу деген өте аз ұшырасады. Мəселен,
Жəміш:
Түсінемін, ағатай, алыбыңды,
Ерентауға ақынсыз танылулы.
Үйіренейін деп келдім өзіңізден,
Үлкенмін деп баспаңыз арынымды...
Зият:
Сөзіңізге болмаймын əрі-сəрі,
Қарамайды өнерге жас пен кəрі.
Өнер, шіркін, жарасар иесімен,
Көп адам айырмай жүр мұны əлі ...
Мұнда Зият ақын мен Жəміш жас парқына қарамастан, əзіл-қалжыңын араластырып, өнер алдында барлық адамның тең екендігін айта келіп, бірі ұстаз, бірі шəкірт болып айтыс сахнасында додаға түседі.
Жинақтап келгенде, қазақ халқы қазақ болғалы өлеңнен қол үзген емес. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, өлеңді жанындай жақсы көретін дана халқымыз айтыс өнерін де ардақтап, көзінің қарашығындай қорғап келген. Жоғарыдағы айтыс ақындары да дəл осындай қазақ өнерін жалғастырып, кейінге жалғаушылар, олар халқымыздың көңілінде мəңгі сақтала бермек.
Əдебиеттер тізімі
- Касейұлы Б. Айтыс – сөз барымтасы. — Бейжің: Ұлттар баспасы,
- Байболатов А. Қазақтың байырғы айтыстары. — Шыңжаң: Жастар-өрендер баспасы,
- Қазақстан: XIX ғасырдағы қазақ ақындары. — Алматы: Ғылым,
- Қалиұлы Ə. Қазақ ауыз əдебиеті туралы. — Шыңжаң: Шыңжаң халық баспасы