Шет тілін үйрену жаһандану кезінде заман талабына айналды. Қазақстанда ағылшын, неміс, қытай тəрізді шет тілдер үйретілсе, Еуропа мен Америкада қазақ тілі үйретіледі. Кейінгі он жылдың ішінде қазақ тіліне деген қызығушылық артып, бірқатар мемлекеттің университеттерінде шет тіл ретінде оқытылып жатыр. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілі көршілес Қытай Халық Республикасы мен Түркиядан басқа, Германияда, Польшада, Швецияда, Венгрияда, Оңтүстік Кореяда, сонымен қатар Америка Құрама Штаттарында Орта Азия немесе Түркітану бөлімдерінде оқытылады. Оның басты мақсаты — студенттерді қазақ тілі, мəдениеті, тарихы, салт-дəстүрлері мен рухани құндылықтарымен таныстыру жəне оларға жан-жақты білім беру. Осылайша жан-жақты білім алып, қазақ тілін үйреніп жүрген студенттерге болашақта халықаралық деңгейде мансабы жоғарлауға орасан мүмкіншіліктерге жол ашылады.
Тілдік орта болмаған жағдайда тілді қалай үйретуге болады деген заңды сұрақ туындайды. Ең алдымен, тілді сөйлеуші мен тыңдаушының өзара түсінісуге арналған қарым-қатынас құралы ретінде қарастырғанымыз жөн. Екіншіден, оқыту үрдісінің қаншалықты жүйелі жəне мазмұнды ұйымдастырылғандығы назарымыздан тыс қалмауы қажет. Үшіншіден, үйренушілердің ынтасы мен уəждемесі орасан рөл атқарып, тіл үйрету үрдісін жеңілдете əрі жеделдете түсетіні бəрімізге белгілі. Төртіншіден, тіл үйренуші мен оқытушының ортақ мақсатына жетуіне, яғни, үйренушінің тілді неғұрлым жатық меңгеруіне жағдай жасау. Дəлірек айтсақ, оқытушы шығармашылық өнерімен үйренушіні қазақ тіліне баурап, үйренушінің лингвомəдени құзыретін қалыптастыруға, яғни, лингвомəдени білімін толықтыруға өз үлесін қосуы абзал [1].
Тіл — қоғамдық құбылыс. Тіл — қоғам өмірінің танымы мен білімін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші құрал, ал сөйлеу болса іс-əрекеттің бір түріне жатады. Қоғамдағы іс-əрекеттер белгілі мақсатқа негізделген. Сол сынды сөйлеу əрекеті де бір мақсатты көздейді. Кез келген сөйлеу əрекеті қандай əлеуметтік байланыста іске асып, қай қалыпта жəне қандай үмітпен орындалатыны туралы құзырет өзара түсінісу үрдісін табысты болуына жауапты [2]. Жеке тұлғалар қоғамдағы іс- əрекеттерге белсене араласып, алдына қойған мақстаттарына ұмытылады. Шет тілін меңгеру де үйренушінің көздеген мақсаттарынан, ал мақсат қоғам мүшесінің қажеттіліктерінен туындайды. Сондықтан тіл үйрету үрдісі ең əуелі дара тұлғаға бағытталып, ересек тіл үйренушінің іскерлік сапаларын, коммуникативтік құзыретін, əлеуметтенуге бейімділігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатады.
Есин Иллери өзінің «Түрік тілі шет тілі ретінде» атты еңбегінде дара тұлғалар тілді қызмет орынында жəне бос уақытарында басқалармен қарым-қатынас жасау үшін меңгеретіндігін айта келе, шет тілдерді үйрету əдістерінің тарихына шолу жасап, коммуникативті-прагматикалық əдіске төмендегідей сипаттама береді. Шет тілі — қарым-қатынас, яғни коммуникация, құралы. Ал коммуникация сөйлеуші мен тыңдаушы, олардың коммуникациядағы өзіндік рөлі мен бір-біріне деген қарым-қатынасы, сондай-ақ берілген жағдаят, ой-ниетті сөйлеу актісі сынды компоненттерден тұрады. Сонымен қатар тілді үйрету барысында оқу материалы емес, тіл үйрену үрдісі мен сол үрдістің субъектісі болып тұрған үйренуші маңызды орын алады. Автордың айтуы бойынша, шет тілі сабағының мақсаты – коммуникативті дағдылар мен шеберлікті, сондай-ақ тыңдап-түсіну мен сөйлеу дағдыларын дамыту. Тіл үйретудің коммуникативті-прагматикалық əдісі XX ғасырдың жетпісінші жылдарында қолдана бастады. Ханс-Еберхард Пиефо неміс тілді аудиторияға ағылшын тілін шет тілі ретінде үйретуде коммуникативті əдісті негізгі мақсат етіп, шет тілін үйрету үрдісінде тілдің өзін емес, оның қолданысы мен мазмұнын нысанаға алған. Ханс-Еберхард Пиефоның пікірінше, грамматика тек қосалқы рөл атқарып, шет тілін үйрету мен барынша жетік меңгеру мақсатына жету амалы ретінде пайдаланған.
Қазақ тілін неміс тілді аудиторияға үйретуде коммуникативті əдісті қолдана отырып, қатысымдық тапсырмаларды пайдаланамыз. Осы тапсырмалар кешенін жағдаяттық тапсырмалар, жұптық жəне топтық жұмыстар, рөлдік ойындар, пікірталас пен шығармашылық жұмыстар құрайды. Аутентикалық жағдаяттық тапсырмалар үйренушілердің талаптарына, тілдік білім деңгейіне байланысты мақсатты түрде құрастырылып, мəнмəтінге сай берілуі қажет. Ал жұптық жəне топтық жұмыс жасау барысы үйренушіге қазақ тілінде өз ойын жеткізіп, біреудің айтқанын түсіне алатын дəрежеге жету мүмкіншілігін арттырады да, тіл үйрену үрдісінің қызықты өтеуіне себепкер бола алады.
Сабақта берілетін коммуникативті тапсырмаларды орындау барысында үйренуші тілдің құрылысымен танысып, жағдаятқа байланысты оның қолданысы мен ішкі мағынасын түсінуге талпынады. Осылайша ол тілдің өзіндік ерекшеліктерін ажырата бастайды. Оқытушының міндеті – үйренушілерді берілген тақырыпқа байланысты көбірек ақпарат алуға сұрақтар қоюға, басқалардың айтқан ойлары дұрыс екендігін құптауға, сондай-ақ талқылап жатқан жағдаятқа баға беруге талпындырып, тілдік əрекеттің мағынасын түсінуге қол ұшын беру. Сонымен қатар вербалды жəне нонвербалды амалдар арқылы үйренушіге қолдау көрсету. Тілдің коммуникативті функциясын грамматикалық форма мен сөздер жиынтығы арқылы емес, керісінше, іс-қимыл арқылы оңай үйретуге болады. Берілген жағдаяттар, берілетін тапсырмалар мен сабақта қолданылатын материалдар мəнді жəне шынайы өмірге жанасатын болса, тілді үйренуге тиімдірек болады. Үйренушілердің уəжінің қалыптасуына келетін болсақ, оның бірнеше жолдары бар:
- баспасөз материалдарын оқу, оқығаны туралы пікірталас жүргізу;
- үйренушілердің тілдік деңгейіне байланысты ғаламтор торабынан қазақ тілінде телебағдарламалар көріп, оларға талдау жасау;
- ұлттық тағамдарды дайындау кештерін ұйымдастыру;
- қазақ фильм кешін өткізу;
- қазақ тілін үйрену жедел курстарына қатысу;
- Қазақстаннан келген студенттер мен қонақтармен кездесу өткізіп, əңгімелесу.
Сондай-ақ сабақ барысы қатаң түрде емес, керісінше, көңілді өтсе, үйренушілердің тапсырмаларды белсенді орындауға жəне табысты болуына жағымды əсерін тигізеді. Қазақша əндер үйретіп, ұлттық би элементтерін қолдана отырып, үйренушілердің зейіні мен жаңа ақпаратты қабылдау, есте сақтау функцияларын арттыруға болады. Осылайша тіл үйренушілердің өздеріне деген сенімдері, қызығушылықтары арта түседі. Қазақ əндерін үйретуде 2012 ж. «Ұлас-Электрон» жиіс нарыққа шығарған электронды қазақ үйін пайдалануға болады.
Грамматика — негізгі мақстатқа жету құралы. Олай болса, тілдердің құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, неміс тілі флективті, ал қазақ тілі агллютинативті тіл, неміс тілді аудиторияға қазақ тілінің грамматикасын формулалар арқылы оқыту өте тиімді. Дайын формуларды тіл үйренуші есте сақтайды да, осы формула арқылы кез келген өзі білетін, сөздерін грамматикалық дайын қалыптарға салып, оларды тіркестіріп, сөйлемдер құрай алады. Мысалы: ауыспалы осы шақтың формуласы төмендегідей:
Тілдік орта болған жерде коммуникативті шынайы өмірге лайық тапсырмаларды кеңінен пайдалануға болады. «Танысу» тақырыбын өтіп, оны машықтау үрдісінде тіл үйренушілермен бірге көшеге шығып, кез келген адаммен танысуға болады. Мұндай тапсырма үлгілерін Қазақстанның бірнеше қалаларында өткен Германия университеттерінің студент, магистрант жəне докторанттарына арналған қазақ тілін үйрену жедел курстарында жүргізген болатынбыз. Тілдік орта болмаған жағдайда не істейміз? Мысалы, «Сауда үйі» атты тақырыбын машықтау барысында «Карштадт» сауда орталығына барамыз. «Карштадт» сауда орталығы Германияның кез келген қаласының əр ықшам ауданында бар. Үйренушілерге берілетін тапсырма бірнеше кезеңнен тұрады:
- тақырып бойынша алдын ала беріліп қойған сұрақтарды оқып, түсіну;
- «Карштадт» сауда орталығының мекенжайын анықтау;
- сауда орталығына барып, бөлімдерін аралау;
- сауда бөлімдерінің тауарларымен танысу;
- тапсырманың 1,2,3 жəне 5 сұрақтарына жауап беріп, айтатын ойды жүйелеу;
- 4 сұрақ бойынша құрбыларымен рөлдік ойын ойнау.
Міне, осындай коммуникативті тапсырмалар тіл үйренушінің өз ойын жүйелеуге, еркін сөйлеуге, сондай-ақ қазақ тілін тереңдетіп оқуға үлкен үлес қосады.
Сонымен қатар қазіргі кезеңде компьютерлік технологиялар қоғамдық өндіріс, ғылым жəне білім саласында белсенді қолданылады. Компьютерлік технология дегеніміз — компьютерлердің көмегімен ақпаратты жинақтауды, өңдеуді, сақтауды, таратуды жəне көрсетуді қамтамасыз ететін əдістердің, өндірістік үдерістердің жəне бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы. Компьютерлік технологиялар типтік бағдарламалық-бағдарланған бағдарламалық құралдармен қамтамасыз етілетін операциялардың белгіленген топтарында іске асырылады. Осы бағдарламалық құралдардың арасында мəліметтердің мəтіндік, кестелік, графикалық өңделуін жəне ақпараттың (мəліметтер базасының) жинақталуы мен сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалар, электрондық коммуникация құралдары, компьютерлік баспа жүйелері, автоматты аудару жүйелері, білім берудің əр алуан салаларының сараптамалық жүйелері жəне т.б. бөлініп шығады. «Ақпараттық- коммуникациялық технологиялар білім беру жəне оқу өнімі болып табылмаса да, оқыту құралдары жүйесінің құрамына кіреді. Оларға мыналар жатады: Интернеттің қолданбалы электрондық ресурстары (анықтамалық-ақпараттық, ақпараттық-білім беру жəне мəдени), Интернеттің білім беретін электрондық ресурстары, инструменталдық құралдар (электрондық оқу материалын жасауға болатын бағдарламалар), Интернеттің коммуникациялық қызметтері (e-mail, форум, чат)» [1].
Оқытудың ақпараттық (компьютерлік) технологиясы түсінігінің астарында білім алушыға компьютердің көмегімен ақпаратты дайындау жəне беру үдерісі жатыр. Компьютерлік технологияға оқытудың əр түрлі əдістері кіреді: бағдарламаланған оқыту, интеллектуалдық (проблемалық) оқыту, сараптамалық жүйелер, оқу коммуникациясы жүйелері жəне т.б. оқытудың ақпараттық технологиясының маңызды сипаттамалары мыналар:
- компьютерлік жүйелерді меңгерудің теориялық негіздері (бағдарламалау, проблемалық оқыту, тестілеу);
- қолданыстағы оқыту құралдары (гипермəтін, мультимедиа, байланыстың компьютерлік құралдары);
- инструменталдық жүйелер (бағдарламалау тілі, авторлық жүйелер, мəліметтер базасы, мəтіндік редакторлар, электрондық пошта жəне чаттар, мультимедиа, бейнеконференциялар).
Оқу үдерісінде компьютерді қолданудың негізгі бағыттары мыналар:
- модельдеу, тілдік, тілдесімдік, əлеуметтік-мəдени құбылыстарды немесе үдерістерді көрнекті көрсету жолдары арқылы оқыту мақсатында қолдану;
- оқу материалын қолдануда дайындықты (іскерлікті, дағдыны қалыптастыру) ұйымдастыру;
- дағдыны, іскерлікті, білімді бақылау жəне бағалау;
- статикалық ақпаратты жинақтау, өңдеу жəне сақтау;
- оқу үдерісін ұйымдастыру үшін ақпаратты автоматтандырылған түрде іздеу;
- оқытушымен, оқыту орталығымен диалогты жəне компьютерлік желілер арқылы коммуникацияны қамтамасыз ету.
Компьютерлік технологиялар негізінде оқытуды ұйымдастыру үшін, үш негізгі компонент қажет, олар: аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз ету, дайындығы бар педагогикалық кадрлар жəне электрондық оқу материалдары (мысалы, желілік ресурстар, мультимедиа, тренингтік компьютерлік курстар, тесттік жүйелер жəне т.б.). Бұл компоненттердің барлығының маңызы бірдей.
Компьютерлік технологиялардың оқытудағы ерекше қыры оқытуда əр алуан қолданбалы бағдарламалардың — мəтіндік редакторлардың, орфографияны тексеру бағдарламаларының, кестелердің, мəліметтер базасының, электрондық энциклопедиялардың жəне кітапханалардың, электрондық баспа жүйелерінің, ойын бағдарламаларының жəне т.б. қолданылуында болып табылады. Арнайы дайындалған оқу материалдары білім беру үдерісінде сирек қолданылады.
«Компьютерлік лингводидактиканы қазіргі кезеңде дамытудың басты ерекшелігі интеграцияланған компьютерлік оқыту ортасын құру мақсатында əр түрлі типтегі (оқу, қолданбалы, инструменталдық, телекоммуникациялық) компьютерлік бағдарламаларды жаппай жəне мақсатты қолдану болып табылады, сол арқылы білім алушылар тілді оқытатын ортада толық жұмыс істейді жəне білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігі тиімді дамиды» [2].
Тілдерді оқытуда қолданылатын дербес электронды-есептеуіш машина (ДЭЕМ) қолданудың бірнеше негізгі бағыттарын бөліп көрсетуге болады:
- Бірінші бағыт ақпаратты жылдам өңдеуге, жадының үлкен көлеміне негізделген, оқыту үдерісін ақпараттық қолдауға есептелген (электрондық сөздіктер, мəліметтер базасы, электрондық кітапханалар).
- Екінші бағыт тілдерді меңгерумен жəне оқытумен байланысты əр алуан интеллектуалдық үдерістерді модельдеуді көрсетеді. Мысалы, оқу материалын түсіндіру жəне тұсаукесер жасау, тіл иелерімен қарым-қатынасты модельдеу, тілдік ортаны модельдеу, тілді меңгеру деңгейін бақылау жəне бағалау жəне т.б. (электрондық оқулықтар, компьютерлік жаттығулар, тесттер).
- Үшінші бағыт байланыстың компьютерлік сызықтары арқылы оқытушымен немесе оқу орталығымен оқу ісі бойынша өзара əрекеттің ұйымдастырылуын көрсетеді (форумдар, чаттар, бейнеконференциялар).
Тілдерді оқытатын қашықтық курстарында бұл бағыттардың барлығы қандай да бір дəрежеде іске асырыла алады.
Қазақ тілін оқытуда компьютерлік оқу бағдарламаларын жасау жəне қолдану бірқатар мəселелерді қарастыруды жəне шешуді қажет етеді. Соның ішінде:
- педагогикалық мəселелер (педагогикалық үдерістегі, оқытушы жəне білім алушы қызметіндегі, тұсаукесер формаларындағы жəне оқу материалын дайындаудағы өзгерістер);
- əдістемелік мəселелер (компьютердің қазақ тілі сабағындағы функциялары, бағдарламалардың жəне жаттығулардың типтері, компьютерлік бағдарламалардың басқа оқу құралдарымен өзара əрекеті жəне қатынасы, оқытуды компьютерлік қолдаудың тиімділігі жəне т.б.);
- білім алушылардың, оқытушылардың компьютерлік бағдарламалармен, бір-бірімен байланыстың компьютерлік сызықтары арқылы өзара қатынас жасаудың психологиялық мəселелері;
- кəдімгі тілде компьютермен диалогты ұйымдастырудың лингвистикалық мəселелері;
- ұйымдастырушылық мəселелер (компьютерлік зертханада сабақты ұйымдастыру, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру) жəне т.б.
Компьютерлік жүйемен өзара əрекет етудің қандай да бір аспектілері бірінші орынға шығуы мүмкін:
- ақпаратты алу;
- коммуникацияны ұйымдастыру;
- бақылауды ұйымдастыру;
- оқу үдерісін ұйымдастыру.
Бұл мəселелердің барлығы компьютерлік технологиялар тұрғысынан оларды шешудің ерекше тəсілдерін, жолдарын жəне кезеңдерін көрсетеді. Компьютерлік технологиялар саласындағы мамандар əдетте компьютердің көмегімен шешілетін міндеттерді қарастыруды жəне шешудің келесі негізгі кезеңдерін бөліп көрсетеді:
- оқыту мақсаттарын, оқыту міндеттерін қалыптастыру, пайдаланушылар ортасын жəне сипатын анықтау;
- кіріс жəне шығыс мəліметтерді формалдау, мəліметтерді өңдеу үдерісін сипаттау;
- міндеттерді жеке топшаларға бөлу;
- міндеттерді шешудің əр түрлі модельдерін сипаттау;
- шешілетін міндеттердің практикада қолдану технологияларын, əдістемелерін сипаттау;
- болжалды нəтижелер.
Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда қолданылатын бағдарламалардың бірнеше негізгі топтарын бөліп көрсетуге болады:
- меңгерілетін материалдың формалданған дайындығы негізінде құрылған компьютерлік жаттықтыру бағдарламалары;
- Интернетке негізделген коммуникациялық бағдарламалық құралдар;
- тесттік жүйелер;
- ақпараттық сипаттағы мультимедиа жүйесі (энциклопедиялар, елтанымдық материалдар, мультимедиалық тұсаукесерлер);
- электрондық оқулықтар;
- мəліметтердің ақпараттық базасы жəне «Қазақ тілі» пəні бойынша анықтамалық ресурстар. Тілдерді оқытуда бағдарламалардың əр түрлі типін қолдануға болады [3]:
- оқыту мақсатында құрастырылған оқыту бағдарламалары;
- құжаттамамен жұмыс істеуге арналған офистік бағдарламалар: мəтіндік редакторлар, мəліметтер базасы, телекоммуникациялық бағдарламалар;
- «ақпараттық» бағдарламалар – электрондық кітапханалар, энциклопедиялар, каталогтар;
- көңіл көтеру бағдарламалары – ойындар (оқиғалық, модельдік).
Оқыту үдерісін ұйымдастыруда компьютерлік бағдарламалардың интерактивтілік, оқытудың диалогтық сипаты сияқты мəнді қасиеттерге ие болуы маңызды. Бұдан басқа компьютер төмендегідей параметрлер бойынша тестілеуді тіркеуге (статистикалық ақпаратты жинауға) жəне жүзеге асыруға қабілетті:
- жеке оқушының жаттығуды немесе тапсырманы орындауға жұмсаған уақыты;
- қателер саны жəне сипаты;
- тапсырмалар мен жаттығуларды орындауға ұмтылу саны;
- білім алушы орындаған жаттығулар мен тапсырмалардың жалпы саны;
- оқу мəтіндерінің типтері, сипаты жəне олармен жұмыс істеу реттілігі;
- оқу материалдарына жүгіну саны, оқыту уақыты жəне т.б.
А.В. Осиннің [4] пікірінше, компьютерлік электрондық басылымдар жəне ресурстар келесі негізгі сипаттарға ие: интерактив, мультимедиа, моделинг, коммуникативтілік, өнімділік. Моделинг — шынайы нысандар мен үдерістерді оларды зерттеу мақсатында модельдеу. Коммуникативтілік — тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігі, ақпаратты ұсыну жылдамдығы. Өнімділік шығармашылық емес операциялардың автоматтандырылуын білдіреді. Мысалы, ақпаратты жылдам іздеу, мəтінді өңдеу, есептеу.
Зерттеушілер Е.С. Полат, А.Н. Богомолов Интернетте ұйымдастыруға болатын оқу қызметінің бірнеше түрін ұсынды жəне сипаттап берді [4]:
- ақпаратты іздеу – браузерлермен, мəліметтер базасымен, анықтамалық жүйелермен жəне т.б. жұмыс істеу;
- қарым-қатынас жасау, тілдесу — электрондық пошта, чаттар, сілтемелер тізімі, форумдар, бейнеконференциялар;
- желідегі жарияланымдар — веб-бет, сайт, блок ашу.
Компьютерлік технологиялардың дидактикалық мүмкіндіктері тілдерді қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруда ерекше үлгіде іске асырылады. Олардың негізгілері мыналар:
- оқу ақпаратын жүйелі жинақтау, ақпаратты Интернетте редакциялау жəне сақтау, оны статистикалық жағынан өңдеу;
- білім алушы мен оқытушының, білім алушылардың бір-бірімен, сонымен қатар басқа елдегі серіктестермен интенсивті коммуникацияда болу мүмкіндігі;
- оқытушыға оқу үдерісін оперативті, дистантты басқару құқығын беру;
- білім алушының жағдайды, уақытты жəне оқыту қарқынын таңдау мүмкіндігі.
Интернеттің технологиялық мүмкіндіктері қазақ тілін меңгеретіндер үшін шынайы тілдік ортаны құруға мүмкіндік береді. Мұндай орта тіл иесімен кейінірек (электрондық пошта, off-line- телеконференциялар) немесе сол мезетте (телеконференциялар, Сһаt, бейнеконференциялар) қарым- қатынасқа түсудің арқасында пайда болады. Бұдан басқа бұл жеке ақпаратты жариялау, жеке web- бетті құру, ақпараттық ресурстарға қолжетімділік, мықты іздеу жүйелері арқылы желіде жаңдандыру мүмкіндігі болып табылады. Аталған бірегей мүмкіндіктер шын мəнінде қашықтықтан оқыту формасында қазіргі оқу үдерісін ұйымдастыруға барлық жағдайды тудырып отыр.
Қашықтықтан оқыту (ҚО) нұсқасы, бір жағынан, білім алушыға оның жеке мүмкіндіктері мен қабілетіне сəйкес көлемде қажетті білімді ұсынады; бірақ, екінші жағынан, мұнда есту дағдысына сүйену, яғни білім алушылардың бір мезгілдегі кері байланысында ауызша практикаға сүйену шектеулі. Бұл заңдылықты практикада тек бейнеконференциялар ғана іске асыруға мүмкіндік береді. Барлық ақпарат клавиатураның көмегімен, жеке жағдайларда дауыспен енгізіледі. Сол сияқты мəтін немесе дыбыс түріндегі ақпарат қабылданады. ҚО туралы сөз болғанда жаттығуларды ауызша орындау, жанды қарым-қатынас мəселесі əзірше желілік жəне басқа да ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерінен тыс қалып отыр. Сондықтан егер оқыту мақсаты тек грамматикалық жəне лексикалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар фонетикалық дағдыларды; сондай-ақ тек оқылым, жазылым, тыңдалым дағдыларын ғана емес, айтылым дағдыларын да қарастырса, онда қашықтықтан оқыту модельдерін интеграциялау анағұрлым дұрыс болып табылады. Мұндай жағдайда дағдыны қалыптастыру, мəтінді оқу жəне басқа да жазбаша қызмет түрлерін қашықтықтан оқыту формасына ауыстырып, ал дəрісханада оқытушы мен білім алушылардың арасындағы тікелей көзбе-көз байланыста айтылымға (монолог, диалог, полилог) көп көңіл бөлу қажет. Егер оқыту мақсаты айтылым саласында елеулі нəтижелерге қол жеткізуді көздемесе, онда оқытудың өзге модельдерін, соның ішінде тек желілік модельдерді қолдануға болады. Егер қалыптастырылып отырған коммуникативтік құзыреттіліктің деңгейі жеткілікті дəрежеде жоғары болса, онда фонетикалық дағдыларды қалыптастыру жəне оларды жетілдіру туралы айта кету керек. Мұның барлығы фонетикалық дағдыны, яғни операциялық бақылауды қалыптастырған жағдайда да жанды, тікелей байланысты талап етеді. Пəннің ерекшелігі осындай. Тілдік қызметтің басқа да түрлерін қатар меңгеру қажетті дағдыларды қалыптастыру тиімділігіне, сөзсіз, əсер етеді, дегенмен, жазбаша қарым- қатынас қаншалықты қарқынды болғанмен, ол айтылым дағдысын сəтті қалыптастыруға көмектеседі. ҚО табыстылығы жəне сапасы көп жағдайда тиімді ұйымдастыруға жəне қолданылатын материалдардың əдістемелік сапасына, сондай-ақ осы үдеріске қатысатын басшылыққа, педагогтардың шеберлігіне байланысты болады. Егер оқытудың бұл түрін тиімді деп есептейтін болсақ, онда олардың кез келген түріне тəн бірқатар сипаттамаларды бөліп көрсетуге болады:
- қазақ тілін қашықтықтан оқыту курстары білім алушының қызметін өте ұқыпты жəне егжей- тегжейлі жоспарлауды, оны ұйымдастыруды, оқытудың мақсаттары мен міндеттерін нақты қоя білуді, алдыңғы тапсырмалардың орындалуына қарай қажетті оқу материалдарын жеткізіп беруді қарастырады;
- интерактивтілік — ҚО білім беру бағдарламаларының негізгі ұғымы. Қазақ тілі бойынша ҚО курстары білім алушы мен оқытушы арасындағы интерактивтілікті, білім алушы мен оқу материалы арасындағы кері байланысты максималды дəрежеде қамтамасыз етуге, топтық оқыту мүмкіндігін ұсынуға міндетті, себебі пəн ерекшелігі үнемі қарым-қатынас жасауға, үдерістің интерактивтілігіне негізделген;
- білім алушылар білім алу жолындағы іс-əрекеттерінің дұрыстығына сенімді болуы үшін, тиімділігі жоғары кері байланысты қарастыру аса маңызды. Мұндай кері байланыс операциялық, оперативтік (дағдыларды қалыптастыру кезеңінде) жəне оқытушы тарапынан сырттай бағалаудың кейінге қалдырылған түрінде болуы керек;
- уəжділік — кез келген ҚО курсының маңызды элементі; қазақ тілі бойынша курстарда оған көп жағдайда мəдениетаралық компонентті есепке алудың негізінде, сондай-ақ табиғи тілдік ортаны қалыптастырудың негізінде қол жеткізіледі;
- ҚО курсын құрылымдау модульды болуы керек, себебі білім алушы өзінің модульдан модульға дейінгі даму деңгейін саналы түрде сезіне алу, өз қалауы бойынша немесе білімді меңгеру деңгейіне байланысты жетекші педагогтың қарауы бойынша кез келген модульды таңдай алу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақ тілі бойынша ҚО курстары, бір жағынан, қашықтықтан оқытудың жоғарыда айтылған барлық моделін көрсете алады, екінші жағынан, олар пəннің ерекшелігіне қарай құрастырылады. Нақтырақ айтқанда:
- қазақ тілі бойынша оқушыларға арналған негізгі курс;
- барлық тілек білдірушілерге қазақ тілі курсы;
- бизнес-курстар;
- тереңдетілген курстар.
Қашықтықтан оқытудың тиімділігі оның болашағы маманның психологиялық ерекшелігіне, іскерлігіне байланысты. Бұдан шығатын басты талап субъектінің мəн бере оқуы, жеке бастың даму диагностикасы, жағдайларды жобалау, ойлы ізденістер диалогы, оқу-əдістемелік кешендегі тапсырмаларды өмірмен байланыстырып беру.
Қазіргі уақытта қашықтықтан оқыту жүйесін қолдану тілді оқытуды жандандыруға мүмкіндік береді.
- Қашықтықтан оқытуда оқытушы оқу бағдарламасын беру арқылы тіл үйренушіні өзіндік оқуға жетелеу.
- Оқу-əдістемелік кешенге материалдарды мамандыққа байланысты сұрыптап беру.
- Қашықтықтан оқыту курсында тілді жеке немесе топтық меңгерту.
- Тіл үйренушілердің тілді білу деңгейін бақылау жəне бағалау.
- Тілді үйрену уақытын үнемдеу.
- Əр түрлі компьютерлік ойын элементтері арқылы тіл үйренуге қызығушылығын арттыру.
Қашықтықтан оқытуда тіл үйретуші мен үйренуші қарым-қатынасы үзілмейді. Қашықтықтан оқыту уақыты жоқ адамдарға қызметтен қол үзбей тілді меңгеруге мүмкіндік береді. Қашықтықтан оқытуда өзіне керек білімді меңгеретін, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзін-өзі басқара алатын, белсенді тұлға қалыптастыру көзделеді. Қазіргі таңда қашықтықтан оқытудың осындай мүмкіндіктерін мемлекеттік тілді үйретуде кеңінен қолдану қажет. Бұл тіл үйренушілерге өте тиімді технология, өйткені қашықтықтан оқыту кезінде тыңдаушы өзіне қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді қарқында өз бетінше жұмыс құрай алады. Яғни, топта оқу мен сабақ кестесі өзіне тиімсіз деп санайтын жұмыс жасап жүрген ересектер үшін сырттан ақпарат алуға мүмкіндік беретін қашықтан оқытудың пайдасы орасан зор деп айтуға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Ehlich Konrad, Rehbein Jochen. Wissen, kommunikatives Handeln und die Schule. In: Goeppert, Herma C. (Hrsg.) Sprachverhalten in der Zur Kommunikation von Lehrer und Schüler in der Unterrichtssituation. München: Fink, 1977, p. 36–114.
- Massakowa G. Rezeptive Mehrsprachigkeit in der intertürkischen Kommunikation. — Münster: Waxmann Verlag,
- İlleri Esin. Türkisch als Fremdsprache. Geschichte und Voraussetzungen. In: Fittschen, Maren & İlleri, Esin (Hrsg.) Türkisch als Fremdsprache unter sprachwissenschaftlichen Gesichtspunkten. — Wiesbaden: Harrassowitz Verlag, 1994. — Р. 1–29.
- Piepho, Hans-Eberhard. Kommunikative Kompetenz als übergeordnetes Lernziel im Englischunterricht. — Dornburg- Frickhofen: Frankonius,