Ғаламшардағы қай нəсіл де қай кезеңде де өз ұлтының тəуелсіздігі, еркін ел атануы, бостандығы үшін күресті. Бірақ ол көп жағдайда хан мен қара, би мен болыстың ауызша мəмлесі, тізе қосқан бейбіт келісімімен шешіле қойған жоқ. Біреулердің малы, екіншілерінің жері қызықтырған көршілер бір-біріне атойлап, қару көтерді. Қиылып бас, мертігіп ат қалды. Ат артында жесір, мал соңында жетім кетті. Қан төгілді, ел бүлінді. Сондайда аңыраған бала, азаттық тілеген ана тəуелсіз атқан таңдар мен күлімдеп шыққан күндерді аңсады. Бірақ біз қанша жерден бейбіт өмірді бейбіт жолмен шешкіміз келсе де, оның түп тамырында үлкен күрес, қыруар қақтығыс жатыр. Сондықтан бүгінгі пұшпақталған жеріміз бен ұстап қалған шекаралы еліміз, жоғалмаған тіліміз бен діліміздің қорғаушысы да, қолдаушысы да аталарымыздың білек күші, найзасының ұшы екендігін ұмытпағанымыз дұрыс.
Бұл жолда халқымыздың неше бір тарландары: таңдайы жарылған билері мен тұлпарларының тұяғы кетілген батырлары, ақылгөй абыздары мен елді ұйытқан аналары, астана жұртты артына еріткен хандары мен бектері жетерлік. Қара халықтың қамын ойлау — ханның ісі. Қапы кеткен жерде атқа отырып, ел шебіне қорған болу батырға тəн.
Əрине, батырлық, байлық кімде жоқ. Бірақ өткенді айтып, бүгінге жеткізу, кешегінің сабағын ертеңге ұғындырып, арғы күні атқа қонар ұрпақ өсіру — қазіргінің борышы. Осы орайда Қарағанды өңірінде əрдайым аттары жиі айтылатын батырлар көп. Солардың ішінде шапқыншылардан елін, жерін қорғауда, азаттық үшін күресте айрықша қаһармандық танытқан тарихи тұлғаның бірі — бүгінде 200 жылдығын Қарағанды өңірінің жұртшылығы атап отырған Мəнжі батыр Күржікейұлы. Ол сергелдеңге түскен ел-жұртының жыртығына жамау, жанына жалау болмақ болып алысқан арыстан азаматтардың бірі еді. Мəнжі батыр ХІХ ғасырда өмір сүріп, Кенесары хан Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, қол бастап (жүзбасы жəне мыңбасы болған), қазақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған айтулы ерлердің бірі.
Мəнжі батыр өмірі — тəуелсіздік жолындағы күрес үлгісі. Сарыарқаның ең ірі өзені Нұра екенін білеміз. Батысқа қарай ұмсына ұмтылған, оған қосылуға Байбура, Ащысу, Шерубай-Нұра, Соқыр, Көкпекті, Тентек тəрізді ағын сулар асығады. Қариялар аузындағы сілем-сілем əңгімелерге құлақ түрсек, Қареке руының Байбура бұтағы жазда Байбура, Нұра, Соқыр, Тентек өзендерінің бойын жағалағаны белгілі.
Осы шүйгінді алқапта, ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлға — Мəнжі Күржікейұлының мəңгілік мекені бар. Қазіргі Қаражар аулынан екі шақырымдай жерде «Манжин» фермасы орналасқан. Бұл мекеннің Мəнжі батырдың есімімен аталғаны ешқандай күмəндік туғызбайды.
«Жеріңнің аты — Еліңнің хаты: Энциклопедиялық анықтамалық» атты кітапта мынандай дерек келтірілген: «Мəнжен (Мəнжі батыр қыстауы; зимовье «Манжино») — ауыл орны. Шерубай-Нұра өзенінің аңғарында, Бұқар жырау ауданында» [1].
Мəнжінің шыққан тегі — Орта жүздің Арғын-Қуандық тайпасына жататын Қареке руы. Ол 1815–1911 жылдары өмір сүрген. Батыр жас шағынан ат құлағында ойнаған ержүрек болса керек. Өзі əрі мерген болған. Ел шетіне жау тисе, қолына найзасын алып тойтарыс беруді өзіне міндет санаған.
Бір деректі əңгімелерде Мəнжінің ержүректігіне сай күші де болғандығы айтылады. Ол ат үстінен сəл еңкейіп, қалың өскен жыңғылды жас баланың білегіндей саусақтарымен уыстай тартқанда, жыңғылды тамырымен қиналмай суырып алады екен. Сонан кейін екі қолымен кір сыққандай бұрағанда тобылғы, не жыңғылдың сөлі тамшылап, суы сорғалап аға жөнеледі екен. Бұл не деген қайрат десеңізші! Қазіргі жандар əдіске салмаса, шиді түбінен суыруға да қауқарсыз емес пе?
Дəуірдің қарама-қайшылықтары, мол оқиғалары, əсіресе Кенесары Қасымов басқарған ұлт- азаттық көтерілісіне белсене қатысуы Мəнжі батыр есімінің де кешегі репрессияға ілінуіне үлкен сылтау еді. Кенесарымен бірге оның да аты тарихтан сызылып, құлыпқа салынды. Қазақтың сайын даласын дүбірге бөлеп, дүр сілкіндірген, бар атпал азаматтарын атқа мінгізген Кенесарының елдің тəуелсіздігі, жердің азаттығы үшін арпалысқан ұлт-азаттық қозғалысы көп жылдар бойы тасада қалғандай еді. Коммунистік үлкен саясатпен үндес болғандықтан, ол қозғалыс кешегіге дейін ұлтшыл, феодалдық, хандық дəуірді аңсаған көтеріліс болып бағаланып келді.
Көрген осынау қорлық-зорлығына байланысты ма, қазақ ұлтының психологиясы, бір жағынан, ғасырлар бойы азаттықты көксеген халықтың бойына тəн ерлік пен нарлыққа шақырса, енді бірде «байтал түгіл, бас қайғы» деген ожар сенімге тіреліп, халықты өзіңді-өзің билегеннен гөрі күштілердің билігінде болуға, өзіңнен-өзің үйренуден гөрі басқалардан үйренуге жатпай-тұрмай шақырып келді. Қазақтың мінезіне ғасырлар бойы сіңісті болып қалыптасқан осы бір жалтақ ойлылықтың сеңін 1986 жылы желтоқсанда қазақтың жастүлек жастары сөкті. Қазақтың жастары ол кезде іргесі əлі сөгіле қоймаған империялық бодандыққа қарсы ұмтылып қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған азаттық ұранын өмірге қайта əкелді. Тарихи ұлы оқиғалар уақыт озып, өң бояуы өшкен сайын ол оқиғаға куə болмағандар үшін оп-оңай сезілетіні бар. Жоқ, Желтоқсан оқиғасы кезінде жастар шыбын жанын шүберекке түйіп алып, нағыз аспандағы ай, көктегі күнге жасаған, жанұшырған ұмтылыс еді. Бұл оқиға Империяның тозығы жеткендігін, бұдан былай ұлттардың бас билігін арқандап ұстап тұру мүмкін емес екендігін, қазақ деген өзіндік өр намысы бар халық екендігін дүйім дүниеге паш етті. Бұл ешкім ойдан жасамаған, тек азаттықты көксеген халықтың ыза кегінің асқынып жарылуы, Империяға қарсы 1916, 1929–1931 жылдардағы халық ереуілінің ізгі жалғасы еді.
XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап, егемендікке қолымыз жеткеннен кейін барып, XIX ғасырда ел үшін, жер үшін күрескен Кенесары-Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай, Таймас, Жанайдар, Иман, Жеке батыр сынды ерлердің ізімен Мəнжі батырдың да аты қайтадан қап түбінен шықты. Бірақ ол кісіні көзімен көрген көнекөз қариялар түгіл, солардан қалған əңгімені жүйелеп айтатын адамдарды күндіз шам алып іздесең таппайтын, енді болмаса шала мəңгүрттіктің ұйығына құлаудың алдында тұрған кезінде Мəнжі батыр жөніндегі деректер де сиреп-ақ қалған екен.
Жалпы, батыр жайлы айтқанда, бір нəрсені ескерген жөн сияқты. Егер ертеде өткен кісінің сол өз заманында жасаған істері неғұрлым маңызды, атақ-даңқы əйгілі болса, ол жайындағы əңгімелер де зорайып, кəдімгі ауыз əдебиетінің нұсқаларына айналып кететіні бар. Мəнжі батыр туралы ел аузындағы əңгіме-аңыздардан осындай құбылысты байқауға болады.
Біз білетін эпикалық жырлардың əлқиссасы «Баяғыда пəлен деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты, бір перзентке зар болыпты...» деп басталушы еді. Тарих куə, шындыққа жүгінсек, болашақ батырдың əкесі Күржікей Асанұлы бай да, бағлан да болмапты. Тек бес-он жандығын өріске шығарып, қайтарғанда отындық бұта қайырып, отбасының жылуын сақтап келген момын шаруа екен. Қырыққа келгенше бала көрмей, етегін шеңгел сыдырып, əулие-əмбие жағалағаны да шындық.
Есімі қасиетті тарих бетіне өзіндік айшық-бедерімен түскен Мəнжі батыр бала кезінен-ақ қатарынан озық тұрды. Ол қиянатқа көнбейтін, əділетсіздікке төзбейтін мінез бағдарын он бес-он алты жасынан байқатқан батыр.
... Жиырма шақты түтінді шағын ауылдың бір пысығында қолтығының желі бар, бұт артар жалғыз қылқұйрығы болады екен. Күндердің күнінде бай мырзасының көзі соған түсіпті дейді. Мырза араға кісі салып, жіңішкертіп қана «ат майын» сұрайды. Жазған құлда жазық бар ма, бейшара ойы онға, санасы санға бөлініп тыпыршиды-ай кеп. Берейін десе, жүрегі күпті, бермейін десе, бай баласының айбыны мықты. Қойшы, сонымен бопсалауға шыдай алмай, ақыры дегеніне көнеді. Арада біраз күндер өткенде мал егесі шыдамын түгесіп, мырзаға шет жағалап, сұрау салмай ма?! Сол-ақ екен, «Қасқыр тартып кететін сырты түк, іші бірдеңе жабағыны сөз еткені» үшін бай баласы тас-талқан боп ашуланады. Ақыры адал малы қолынан сусып бара жатқан соң, сорлы кедей мырзаның аяғына бас ұрып, зар илейді. Бірақ бұл төңіректе оның зарына құлақ асатын ешкім болмайды...
Бір қауым уақыт өткенде мырзаның иек қағуымен қызметшілері оны үйден шығарып жібереді. Əкесінің көлеңкеде, шиге арқасын сүйеп отырып, əлдекімге шағынғандай: «Кісіден иман қашқан ғой. Бөтен емес, бөгде емес, өзіңнен қорлық көргенің, сірə да, естен кетер ме?», — деп, түңіле айтқан əңгімесін естігенде, Мəнжі іштен атып шығып, белдеудегі торысына ұмтылады. Ызаға булыққан жас өрен жайдақ атқа қарғып мініп, бай ауылына бір-ақ маңдай тірейді. Бұл кезде мырза бірнеше жандайшабымен əлдеқайда жүргелі тұр екен. Астында əлгі ағайынының дəмелі жүйрігі.
Бірді-екілі жиын-тойларда күреске түсіп, тапқан олжасымен несібесін айырып жүрген Күржікейдің қарғадай баласының мына мінезі бəріне ұнамайды.
– Жау қуғандай, немене сонша, атыңды ойнақтатып! Көзіңді аш! Бəле шақырма басыңа! — дейді осы кезде бірі көлденеңдеп, қамшы үйіріп. Өзгелері де аттарын тебініп, омыраулай қалған екен. Бала жігіт тізгінін тарта беріп, өрекпіген төртеуін қоғадай жапырып, үстіндегі бір киер шапанын қызылдап», ат бауырына түсіреді.
- Ұмытпа, бəле басы сен, — дейді енді мырзаның тізгініне жармасып.
- Түс, аттан! Əйтпесе, осы арада қан жұтқызамын!
Жігіттің қаһарлы үні мырзаны қатты ықтырады. Енді жаны қаншалық қорланса да, аттан түсіп, алды-артына қарамай жөнін табады...
Мына оқиға Күржікей ауылын қатты дүрліктіреді. Бірақ қалай болғанда да мырза қарсы қимыл жасамайды.
Осы кезден бастап қиянатшыл күштің қолын қағып, бетін қайтарған Мəнжі есімі елге тарай бастайды. Ауылдың дуалы ауыз қариялары: «Түбінде ел қорғайтын батырымыз осы болар!» — деп үлкен бəтуа жасап, шеберге торғай көз сауыт, қалқан мен дулыға, қылыш соқтырып, найза жасатып, оны мұздай ғып қаруландырады, өзіне жараулы ат мінгізеді...
Сонымен, бір сөзбен айтқанда, Мəнжі Күржікейұлы — өз заманының көзі ашық азаматтарының бірі болған. Ол аузымен құс тістеген, алдына қара түсірмеген, атқанын құлатқан, қосқанын оздырған, істің ағын ақ деген, қарасын қара деген, ар-намысын ешкімге бермеген, құдайдан өзгеге бас имеген кісі екен.
Арада көп уақыт өтсе де оны халықтың ұмытпайтыны да осыдан болса керек.
Мəнжі батырдың Кенесарыға адал қызмет етуі — хандық тəртіпті түпкілікті қолдау емес, елінің тəуелсіздігі жолындағы күресті ашығынан мойындауы болатын. Ел аузындағы деректерге қарағанда жəне өз əкемнің айтуынша, 1837 жылы Кенесары сұлтан Нұра өзенінің бойына тоқтап, жасағын жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, əр түрлі ұрыс-тəсілдерінен жаттығулар жүргізеді. Сол маңда біздің бабамыздың жайлауы отыр екен. Мəнжі өз еркімен сол жасаққа барып қосылған. Бұл кезде ол кісі 22 жастағы уыздай жас жігіт екен. Кенесары батыр Мəнжінің түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығады. Өйткені Мəнжі жас күнінен садақ тартып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Кенесары жорыққа аттанғанда жас батырды өзімен бірге ала кетеді. Сарбаз Мəнжіні өзіне сенімді серігім деп таниды.
Мəнжінің Ақмола бекінісін алу кезінде басқа қазақ батырларымен ерекше ерліктің үлгісін көрсетуі. 1838 жылдың көктеміне қарай көтерілісшілердің патша жасақтарымен қарулы қақтығысы ұзаққа созылған əскери қимылдарға ұласты. Кенесарының сол жылғы мамыр айындағы Ақмола бекінісін алардағы шабулы айрықша болды.
Қазақ елі тəуелсіздігін жариялағаннан кейінгі ерекше тарихи оқиғалардың бірі — Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың мемлекеттің бас қаласын Ақмолаға көшіруі. Ақмола — талай дүрбелеңді бастан өткерген, тарих қойнауынан ойып орын алатын шежірелі қала. Оған дəлел болатын тарихи деректер баршылық. Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, орта ғасырдың өзінде-ақ «Қазақстан тарихында» атап көрсетілгендей, «тағы бір жол — «Хан жолы» жаңа заманға дейін пайдаланып келді жəне Тараздан Таластың бойымен төмен қарай Мойынқұм мен Бетпақдала арқылы Атасудың жағалауына қарай кетеді» [2], — делінген. Сонымен, Ұлытау арқылы Ұлы даланың түрлі аймақтарына жол тарап, ол күретамыр қазақ халқының қалыптасу тарихымен мейлінше терең байланысты болғанына тарих куə. Орта ғасырда Ұлытаудан керуен жолдарының бірнеше тармақтары Ақмола облысының 1 мың шақырымдай жерін басып өтетін. Есіл өзенін бірнеше рет қиып өтіп, Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс аймақтарына бағыт алған.
Осы жолдардың бірі — Қараөткел жолы еді. Ол орта ғасырда Қазақстанның оңтүстік аймақтары мен Орта Азия елдерін солтүстік аймағымен байланыстыратын ең негізгі керуен жолдарының тармағына айналды. Ал керуен жолдары өтетін жерлерде шағын қалалар мен елді мекендердің болатыны айдан анық [3; 7].
Есіл өңірін, оның ішінде Қараөткел маңын, зерттеуде, келешек Ақмола бекінісінің орнын белгілеуде тау инженері Иван Шангин көп жұмыс атқарды. Экспедицияның басты мақсатының бірі келешекте салынатын əскери бекіністің орнын анықтау болатын.
Ұсынылған үш жобаның біріне 1830 жылы Ақмола бекінісінің іргесі қаланып, 1832 жылы Ақмола сыртқы округі ашылды.
Алғашқыда бекіністі қаладан 30 шақырымдай жердегі Нұра өзенінің Ақмола аталатын жеріне салмақшы болды. Бірақ та Есіл мен Нұра өзені тасыған кезде өте үлкен аймақты су алып кететін болғандықтан, құрылысты Есіл өзенінің бойындағы Қараөткелге ауыстырып, бекіністің атауын бұрынғыша (Ақмола) қалдырады.
XIX ғасырдың 20–30-жылдарындағы реформадан кейін Ресей империясы қазақ даласына тереңдей еніп, солтүстік өңірге белсенді түрде иелік ете бастады. Жаңадан бекіністер салынып, бұрынғы құнарлы жерлер кеңейтіліп, оған Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударушылар, демалысқа шыққан əскери адамдар жəне казактар орналастырылды. Қазақ даласында жаңа əкімшілік реформалар жүргізіле бастады. Бұл іс-əрекеттер өлкеде қазақ халқының наразылығын тудырып, ұлт- азаттық қозғалысының туындауына əкелді.
Осы арада ерекше тоқтала кететін бір жайт, 1837 жылы ұлт намысын жоқтап, патша өкіметінің басқыншылық саясатына қарсы көтерілген Кенесарының ең алғашқы шабуыл жасаған бекіністерінің бірі (1838 жылдың мамыр айының аяқ кезі) осы Ақмола бекінісі болатын [4].
Осы бекініске шабуыл жасауда үлкен мəн жатқан болуы керек. Неге бұлай болды екен? [3; 8].
Біріншіден, сырт елдермен байланыста, үлкен жолдың бойында орналасқан Ақмола бекінісін жаулап алу жергілікті тұрғындардың үлкен күш-жігерін тудырып, патша үкіметіне қарсы күресті жандандыра түсетін еді. Екіншіден, отаршыл өкіметтің тірегі саналған бұл бекіністі қирату, оның стратегиялық жоспарына үлкен соққы болатын еді.
Кеңестік идеология өріс алып тұрған кезде осы оқиғаға байланысты кейбір мақалаларда «Кенесары бастаған бүлікшілер бекіністі ала алған жоқ, оны қорғаушылар керемет табандылық көрсетіп, бекіністі қорғап қалды» деген лепірме пікірлерге жол берілді. Мəселен, Мəскеуде басылған «Как был основан Целиноград» деген мақалада: «Почти неделю войсковой старшина Чириков с 80 казаками оборонялся от многотысячной толпы мятежников Кенесары, им так и не удалось сломить стойкость гарнизона», — деп масаттана жазылды [5].
Ал көрнекті жазушы І.Есенберлин тарихи деректер негізінде осы оқиғаны «Қаһар» романында былай суреттейді: Кенесары ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:
- Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды. Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.
- Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.
Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың əскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кертөбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тəрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дəл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кертөбелін секірте өтіп, қарама- қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дəл көкірек тұсынан дəлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.
Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді. Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды. Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кертөбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:
– Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көкбуырыл бестісін ойната əмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғайланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға əйгілі «Ортеке» аталған сəйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады.
«Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таңсəріден нəр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мəжбүр болды. Əйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің əскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып, азғантай əскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.
Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толастады.
Сөйтіп, Қенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді [6].
Көңілінен шыққан батырларына ат беріп, ерекше ілтипат жасаған Кенесары Ақмола бекінісін алу кезіндегі қаһармандығы үшін Жанайдар батырды «Сұңқарым» деп атаған көрінеді.
Ақмола бекінісіне шабуыл жасағанда Мəнжі небəрі 23 жаста еді. Бірақ ол дұшпанмен жекпе- жекке жас та болса қаймықпай, ерекше ерлік көрсетіп, біраз қарсыластарының көк желкесінен найза шаншып мерт қылды.
Кенесары сұлтан уыздай жас Мəнжінің адалдығына, туралығына, батылдығына, жаужүрек қимылына ерекше риза болды. Сондықтан да Қолбасшы Мəнжі батырды осы шайқастан кейін жүзбасы етіп тағайындады.
Мəнжі батырдың Ақтау бекінісін жоюда көрсеткен ерлігі. XIX ғасырдың орта шенінде саяси жағынан маңызды Ақмола, Аягөз, Қарқаралы дуандарынан артық болмаса кем болмаған Ақтау бекінісінің орнында қазірде жүздеген метрге созылған ор мен құмнан үйілген жал ғана жатыр. Қамалдың ішіндегі үйлер мен казармалардан тек нышан-белгілер ғана қалған. Патша үкіметінің Орталық Қазақстанды отарлау саясатын жүргізуінде елеулі рөл атқарған осы бекіністің тарихы əлі күнге дейін жүйелі түрде зерттелмеген.
Сарыарқаның түстік шегінде, оңтүстігінде Бетпақдала шөлімен ұласатын, шығысында Ортау- Қызылтау, батысында Мұңлы-Қулы таулары орналасқан, теріскейі ұсақ шоқылы жазық дала болып келетін Ақтау таулары Арқа өңіріндегі табиғат маржандарының біріне баланады. Шөбі шүйгін, жайылымы шалғын, қойнаулары бұлаққа толы Ақтау ежелден бері адам тіршілігіне қолайлы қоныс. Академик Ə.Марғұлан зерттеулерінде қола дəуірінің өзінде Ақтау өңірін ежелгі ру-тайпалардың қоныстанғаны айқын көрсетілген.
Ақтау бекінісінің салыну себебі, біріншіден, отарлау саясатына, жергілікті халықты езгіде ұстау ниетіне байланысты болса, екіншіден, Троицк пен Қызылжардан, Ташкент пен Бұхараға баратын керуен жолының үстіндегі қамал ретінде керек болды. Қызылжардан Ақмолаға, Қарқаралыға, одан Ақтауға дейінгі аралықтарда бекеттер болды, бұл жерлерде керуенді күзететін казак отрядтары алмасып отырды. Ал, Ақтаудан Шуға дейінгі керуен жолы бұрыннан Абылай жолы деп аталатын.
Кенесары хан 1838 жылы тұтқиылдан тиіп Ақтау бекінісін қоршап алды. Бірақ та жау жендеттері түтінге түтін қосып, дүркірете атылған оқ бет қаратпады. Т.Аршабеков, Ж.Жұмабеков
«Ақтау бекінісінің ақыры: аңыз жəне дерек» деген мақалаларында Ақтау бекінісінің қалай басылып алынғанын былай баяндайды: «... Шабуыл 22 маусым күні таңғы 7-нің шамасында басталады. Бірақ, алдымен, бекініске шабуылды бастамас бұрын, фольклорлық дерек бойынша, Наурызбай бастаған шағын топ шолғыншы ретінде жіберіледі:
Тоғыз батыр қасында,
Наурызбай батыр бөлінді.
...Жаудың бетін білуге,
Жер байқауға барады.
Наурызбай батырдың шағын тобы түнделете Ақтау бекінісінің қарауылшы тобымен кездесіп қалған болу керек: «Түнде кез боп көп қолға, Абылайлап ат қойып, Түнде қырғын салады». Бұл оқиға Ақтау бекінісінен 2,3 жəне 5 шақырымдық жерлерде орналасқан бекеттерді (пикет) шабуылдауға байланысты айтылса керек, себебі Кенесары əскерлері алдымен осы бекеттерді жояды.
Е.Бекмаханов Кенесары əскерлерінің шашырай шабуылдап, содан кейін ғана бекіністі қоршағанын айтады. Ақтау комендантының көрсетуі бойынша, Кенесары əскерлері бір шақырымдық (верста) жерде айнала шауып жүрді, ал бір сағаттан кейін шабуыл тойтарылды дейді.
Фольклорлық мəлімет бойынша, Кенесары əскерлері толығымен бекіністі басып алады жəне өрт қояды:
Абылайлап Наурызбай,
Өрт салуға Ақтауға,
Шаңқай түсте кіргені.
Ағаш үй жанды өртеніп,
Есепсіз жаудың өлгені.
Аңыз-əңгімелерде көтерілісшілердің бекіністі шабуылдауда, оқтан қорғану үшін ұтымды тəсіл қолданғаны суреттеледі: «Жүз солдат қатар тұрып мылтық атып маңайына жан жуытпаған. Сонда Кенесары да жүз кісімен келген. Қосшы-қолаңшы салықтарын кейін тастап. Сонда бұл жүз кісі баялыш деген отынды (тырбық отынды) шылбырға буып алып, ер басына бір арқа отынды салып алып домалатып, соның тасасымен еңбектеп атқан оққа қарсы келе жатады». Басқа да аңыздық деректер осы сюжетте айтылады: «Көк мылтықпен қаруланған орыстың оғы өтпес үшін қараған- тобылғыдан бума-бума оққағар дайындап, шабуылға шыққан қазақ қолы ашық далада айқас салып, садақ оғын жаңбырша жаудырып, бекініс ішінде өрт шығарды. Осы сəтте өзен бойын жағалай келген Наурызбайдың елу шақты қолы қала ішіне басып кірді. Бұл уақытта Мəнжі, Қашқынбай, Шөмшібай батырлардың ерекше ерлік көрсеткенін ел əлі де аңызға бөлеп айтады» [7].
Ал, ел əңгімесі Ақтау бекінісін алу кезінде Кенесарының екі жаужүрек батырлары — Тілеміс пен Мəнжі — қандай керемет ерлік көрсеткенін былайша сабақтайды.
Тілеміс пен Мəнжі Кенесарының оң жағында, Ағыбай батырмен қатарлас бұғып жатқан еді. Екеуі де жағдайды анық аңғарады. Бұл қалыпта қамалдың алына қоюы екіталай. Тəуекел!.. Олар Ағыбайға да, басқаларға да айтпастан кейін жылжып, жалғыз бөлініп шықты. Жеке қимылдағаннан төтесі жоқ. Оң қолдарына қылышын, ал сол қолдарына шолақ найзасын ыңғайлап ұстады. Ербиген баялыш бұталарын, қурай-қурайды паналай, жау назарына шалынбастан қамалға да жетті-ау ақыры. Ішке қарғып түсті. Қоян-қолтыққа келгенсін-ақ құдайдың бергені. Қылыш пен найза екі қолмен бірдей сермелді...
Тілеміс пен Мəнжінің дауыстарын жазбай таныған, күні бойы дымы құрып, ызаға булығып жатқан Кенесары сарбаздары қос батырдың соңынан бекініске лап берді. Олар қамалға жеткен бойда қарғып-қарғып ішке дік-дік түсіп жатты. Енді мылтық атуға мұршалары келмей, бар артықшылығынан айрылып қалған солдаттармен мидай араласып кетті. Көк сүңгі мен қайқы қылыштың құдіреті басым шықты. Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай, Жанайдар батырлар ақыра тиіп жауды жапырып, олайғысын олай, былайғысын былай жайлап берді...
Ұрыс тынды. Жау жайрап жатты. Қыруар азық-түлік, қару-жарақ қолға түсті. Кенесары ойы орындалды.
Аталары Абылай атасына адал қызмет еткен, ал өзі өзіне адал қызмет етіп келе жатқан Тілемісті Кенесары бұрыннан жанына жақын тартып, үзеңгілес серігінің бірі еткені белгілі. Мына жолғы ерлігі оны тіптен сүйсіндіріп, тəнті етіп жіберген еді.
- Бұл жеке шауып қамал бұзды... Бұдан былай мұның аты Тілеміс емес, Жекебатыр болсын! —деді масаттанып.
- Ал, оған ерген 23 жасар Мəнжі батыр енді мыңбасы атағына ие болсын! — деп ұйғарды Кенесары сұлтан.
Мінекей, Ақтау қамалын шауып алғандағы Арғын руынан шыққан қос батырдың — Тілеміс пен Мəнжінің — ерен ерліктеріне сүйсінген Кенесары сұлтанның дуалы аузынан берілген атақтар осындай!
Мəнжі мыңдығында ерекше ерліктерімен көрінген батырдың сенімді серіктері. Біз кездестірген тарихи құжаттар мен көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Мəнжінің айқастың қиян-кескі қанды майдандарының қалың ортасында жүргенін дəлелдейді. Торғай, Ұлытау, Ырғыз өңірлеріндегі шайқастарда шұбыртпалы Ағыбай, атығай Аңғал, сүйіндік Жанайдар, төлек Жəуке, сары Қошқар, табын Бұқарбай, қыпшақ Басықара, арғын Жеке (Төлебай), арғын, өте сыйлап өткен Таймас (Қареке- Тоқбура тармағынан, Мəнжі — Қареке — Байбура тармағынан тарайды) батырлармен тізе түйістіріп, арғымағын ойнақтатып, өз мыңдығын шабуылға бастап жас батыр Мəнжі Күржікейұлы да жүрген. Даланың барлық ой-қырын бес саусағындай білген Мəнжі батыр өзінің мыңдығының ізімен жүріп келе жатқан əскерді адастырып, бір жерден екінші жерге ұшқыр қаршығадай лезде орын ауыстырып отырған.
Қайсібір сардар, қайсібір мыңбасы болмасын, жауға жалғыз шаппаған. Оның өліспей беріспес жарақты жасағы, қиын-қыстау сəттердің өзінен жол тауып шыға алатындай сенімді серіктері, киелі байрағын арындай, жанындай əспеттеп, ұлықтай білген тубегілері болған.
Мəнжі батыр жорыққа шығарда ең алдымен мықты жігіттерден жасалған жасағына жəне жекпе- жекке шыққанда қарсыласын ат үстінен аударып тастар алапат күш иесі болған мына батырларға ерекше сенеді екен:
- Тиес батыр. Арғын тайпасына жататын Қарпық Қаратоқа руынан. Тиестің бірінші əйелінен: Теберік, Тепеш; екінші əйелінен: Жанқожа, Байқожа, Балқожа, Бекқожа, Аққожа (Бердіқожа), Тоққожа (Делек батыр), Есенқожа (бұларды жеті қожа дейді) [8].
Мəнжі мен Тиес қазақ жерін жат жұртқа бермеу үшін талай ерлік көрсеткен. Бүгінде тарихқа белгілі Наурызбай мен Ағыбай батырлардан кем болмаса керек.
Бір қатты ұрыста Тиес батыр жаяу қалып, жауымен жалғыз шайқасады. Сол кезде Мəнжі батыр атпен шауып келіп, Тиеске «аға баласы» едің деп өзінің астындағы атын мінгізеді. Жан-жақтан қаптаған қалың жаудан тайсалмай, астындағы атын түсіп беріп, досы үшін өлімге бас тігу — жүрегінің түгі бар хас батырларға ғана тəн ерлік екені даусыз.
Мəнжі батыр: «Ел намысын қорғайтын батырсың, елге аман бар. Ал мен дос алдындағы пары- зымды орындап өлсем, арманым жоқ. Елге менің де сəлемімді жеткіз», — деп өзі жаумен жаяу шабысуға кіріседі. Осылайша екі дос қалың жаудың бетін қайтарып, өз тобына қосылады [9].
- Бижан батыр. Арғын-Алтай тайпасына жататын Сармантай руынан. 1790–1875 жылдар аралығында өмір сүрген. Артында ерлігі, тапқырлығы жөнінде көптеген əңгімелер қалған. Соның біреуін профессор, белгілі шежіреші З.Ə.Есмағамбетов «Бабалардың тарихи шежіресі» атты кітабында келтірген: «Ертеде Сармантай елі, қыс қатты жылдары жылқыларын Шу бойына айдайды екен. Қысты сонда өткізіп, көктем шыға елге қарай қайтады екен. Бір жылы 40 қос жылқымен, оның 82 жылқышысына басшы болып Алшағыр батырдың баласы Бижан батыр барады. Көктем туа ертең елге жүреміз деп, жылқышылар қос-қос аттарын дайындап, таңертең ерте қостан шыққанда, қосты 3 мыңдай сарбаз қоршап алғанын көреді. Бижан батыр тез арада шешім қабылдап, Майлыбай дейтін мықты жігітке артқы жағымды қорғап отыр, бір шетінен бұзып шығамыз деп оңды-солды айбалтамен шауып жол ашып, ұрыс салады. Қоршаудан тек Майлыбай екеуі ғана шығып елді бетке ұстай қашады. Сол кезде арттан: «Тоқта қан боласың — мен Отыншы батырмын», — деп қарақасқа айғырға мінген, қолында шашақты найзасы бар, жау батыры қуып жетіп қалады. Бижан батыр Майлыбайға — сен елге жетіп хабар бер, мен мұның жолын кідіртейін деп, Отыншы батырды тосып қалады. Отыншы батыр найзамен шаншуға таянғанда, «апаң сəлем айтты» деп айтқанда, Отыншы батыр найзасын сəл жоғары көтеріп қалады, осы үзілісті пайдаланып, Бижан батыр айбалтамен басынан шауып жібереді. Отыншы батыр аттан құлап түскенде артынан шауып келе жатқан нөкерлері батырдың басында үйіріліп қалады. Бижан батыр қарақасқа айғырдың шылбырын іліп алып, ел жаққа қарай шаба жөнеледі. Жау қолында 80 жылқышы ажалын тауып, екі адам ғана елге аман жетеді. Ол кезде Сармантай елінің биі Байхан батыр еді. Ол елін жинап келесі жазға дейін ұрысқа дайындалуға пəтуəлəсіп, келесі жылы он мыңдай қолмен барып малын қайтарып, көп олжамен қайтқан. Бұл жөнінде Доскей Əлімбаев ақынның «Толғау» деп аталатын поэмасында баяндалады» [10].
Бижан батыр мен Байхан би 1838 жылы Кенесары ханның жасағына (Арғын-Алтай тайпасының Қареке–Мұрат, Сармантай, тағы басқа руларының жасақтарымен) барып қосылады. 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, оны қиратып, өртеп жібереді. Одан кейін Мəнжі батыр басқарған мыңдықтың қатарында бірнеше бекеттерді шабуға қатысады.
- Мəңкі батыр. Арғын-Алтай тайпасының Мұрат руынан. 1821–1899 жылдары өмір сүрген. Мəңкінің атасы Жиенəлі — Абылай хан тұсында аруақты батыр болған. Мəңкі батыр сүйегі Ботақарада қойылған. Ел аузында батыр жайында мынадай аңыз бар. Бір жылы су қатты тасып, Мəңкі қораларын қиратып жайпап кеткен. Жаздыгүні ағайын-туыстары жиналып келіп үйін салып беруге уəде берген екен. Сонда Мəңкі: «Менің үйімді бұрынғы орнынан көтермеңдер. Кіндік қаным тамған, туып-өскен жерім, мына тұрған Ботақара. Менің өмірімнің куəсі, тоқсан жолдың торабы, бір шеті — Қареке — Мұрат — Сармантай, енді бір шеті — Қаракесек, Қаржас елдерінің кіндіктесіп жатқан жері. Осы жерден дүниенің төрт бұрышына жол өтеді, осы жерде жатқаным дұрыс» [11], — деген екен.
Кешегі Кеңес дəуірінде орыс тарихшылары Кенесарыны «ұлтшыл, бүлікшіл, баскесер» деп жерден алып, жерге салып, орынсыз жерге пышақ ұрып жатты. Сондықтан да біз Мəнжі бабамызды, жоғарыда аты аталған батырларымызды ауызға алуға батылымыз бармады. «Аққа құдай жақ» демекші, қазіргі күні сол бір арыстарымызды жалған жаладан арашалап алып, тарих сахнасына қайта шығарып жатқан жайымыз бар. Бұған да шүкіршілік дейік, ағайын!
Мəнжі батырдың соңғы шайқасқа қатысып ауыр жарақаттануы. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күресіне түпкілікті тойтарыс беру мақсатымен Патша үкіметі 1845 жылы: бірі — орынборлық, екіншісі — оралдық деп аталған Торғай, Ырғыз əскері бекіністерін орнатты. Осыдан кейін орыстың Патшасы (Николай Бірінші) құрыштай құрсанған əскерін иен далаға үстемелеп құя бастады. Тұрақты қарулы күшке сүйенген отаршылар бұрынғыдан бетер арандарын ашып, қазақтардың ең шұрайлы жерлерін, өзен бойларындағы егістік алқаптарын тартып алды. Бүкіл Торғай, Ырғыз, Ұлытау аймағында қара шекпенділер жетпеген жер қалмауға айналды. Бұл жағдай Кенесары жасақтарын да жан-жақтан қыспаққа түсіріп, хан қарсылығы тығырыққа тіреліп, барар жер, басар тауы қуырылып-ақ қалды. Хан осынау құрсаудан құтылып, қайта күш жинап, патша отаршылығына қарсы күресті ат тізгінін еркін босатып, құлашты кеңінен сілтеп қашықтан жүргізу мақсатымен Алатау аймағындағы Ұлы жүзге адам жіберіп, жер сұрады. Көршілес Қытай елінен көмек алуды мақсат етті.
Кенесары мұндай қадамдарға шарасыздықтан барды. Өйткені ол Арқада орыс қысымынан көп зардап шекті. Зайыбынан бастап, көп адам Патша түрмелеріне қамалды. Талай сарбазынан айрылды. Ақыры Ұлы жүздегі өз халқы жəне тегі бір қырғыздардың көмегіне сүйенемін деп сеніп, Шу бойына келді.
Қазақ ру-тайпаларының көпшілігі Ханды қолдады. Кенесары қырғызды жау санаған жоқ. Оның басты жауы Қоқан жəне алды мұнда келіп жеткен орыс əскерлері болатын.
Өкінішке орай, 1845 жылы жүргізілген бір шайқаста Мəнжі батыр ауыр жарақаттанады. Тамаша ерліктері үшін риза болған Кене хан Мəнжіге екі айғыр үйір жылқы беріп, қасына бірнеше нөкерлерін қосып, айығу үшін еліне қайтарды.
Ауыр жарақаттан көп уақыт емделген Мəнжі батыр Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысының соңғы шайқастарына қатыса алмады. Сонымен, Мəнжі батыр Күржікейұлы еліне қорған болған бабалардың Ақ жолына дақ түсірмей өткен киелі буынның аса үздік өкілі болды.
Бірде Мəнжі батыр:
Күн артынан күн туар,
Жыл артынан жыл туар,
Ержүрек бабамыз, — деп Мəнжі батырды іздейтін, Артынан қашан ұл туар? — деп торыққан екен. Міне, сол батыр бабасын іздеуге ұрпақтарының енді ғана мүмкіндігі келген тəрізді. Үш жүз алпыс жыл жоңғарлардан, екі жүз алпыс жыл бойы орыстардың бодандығынан құтылу үшін бабаларымыз жан аямай арпалысты. 1986 жылғы азаттық аңсаған қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі де аталарымыздың күресінің жалғасы болды. Сондықтан да қазіргі уақытта Мəнжі батырдың атын халық есінде мəңгі қалдыруға қол жеткізілді.
Мəнжі батыр ерлігіне арналған поэмалар. Мəнжі батырдың көркем бейнесі кейінгі кезеңдерде (əсіресе еліміз тəуелсіздігін алғаннан кейін) жарық көрген бірнеше шығармаларда сомдала басталды. Солардың ішінен екі белгілі ақынның дастандарын атап өтуге болады.
- Ақиық ақын Сəбит Бексейіт «Ел үмітін ер ақтар (Мəнжі батыр туралы толғау)» [12] деген еңбегінде өз ойын оқырманға былай жеткізеді: «Кенесарының қол астында өздерінің ерлік істерімен атақ даңқын шығарып, тарихта із қалдырған Наурызбай, Ағыбай, Иман, Жеке батыр, Бұқарбай, Құдайменді, Таймас есімді батырлар болды. Солардың ішінде Мəнжі батырдың аты ерекше аталады... Ерекше айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 Қаулысы (№ 1 қосымшасы) бойынша Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қаражар орта мектебіне Мəнжі батырдың есімі берілді.
Сонау қилы заманда елі үшін күрескен батыр бабамыздың есімін паш ету үшін оқырман қауымға Мəнжі Күржікейұлының ерлігіне арналған тарихи поэмамнан үзінді ұсынып отырмын [1; 317–322]:
Ат құлағында ойнап бала кезден,
Шабандоз боп ержүрек дала кезген.
Құралайды көзге атқан мерген болған,
Түбі батыр боларын жаңа сезген.
Заман еді күндері аз жайма-шуақ,
Ер жігітті апармас қайда сынақ.
Ел шетіне жау тисе, кідірместен.
Атқа қонған, қолына найзасын ап.
Заманының көзі ашық азаматы,
Мазалаған жазмыштың машақаты.
Күржікейдің Мəнжісі батыр болып,
Қалды, міне, тарихта ғажап аты.
Зіркілдеген зеңбірек,
Көк мылтық гүрс-гүрс атылған.
Жасыл жалау желбіреп,
Қызыл қан судай шашылған.
Көзсіз ерлер еліріп,
Азаттыққа ұмтылған.
Жау тəубесін келтіріп,
Асау жүрек жұлқынған.
Садаға етсе бір жаны үшін малын да,
Ал ары үшін садаға етті жанын да.
Отқа салып, суға салып шыңдаған,
Өршіл рух бар қазақтың бұл қанында.
Жаралған соң текті менен кектіден,
Зəразап боп теперіштен, тепкіден.
Бар бақытым, баға жетпес байлығым –
Азаттығым, тек бас еркім деп білген.
Осы жырды оқығанда сол замандағы бүкіл қазақ даласы көз алдымызға келеді. Елі үшін басын өлімге тігіп, бар ғұмырын жорықта өткізген Мəнжі батыр сияқты халқымыздың асыл ұлдары елестейді. Қанды шайқастар, Хан Кененің ел мен жерді қорғаудағы ұранды үні, тұлпарлар тұяғының дүбірі құлағымызға жеткендей болады.
- Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, əйгілі ақын Солдатхан Орайханұлы (өкінішке орай, марқұм болып кеткен) «Мəнжі батыр. (Тарихи дастан)» [13] атты туындысында былай деп жазады:
«Атақты батыр туралы ел жадында ескі əңгіме көптеп ұшырасады». Соларды ескере отырып, батыр бейнесін былайша суреттегенді орынды санадық:
Ұлттарды ұсақ жаныштап,
«Шаш ал десе бас алған...»
Туылғандай қан ұстап,
Саясат ерте жасалған.
Тобырға тіркеп бөлшектеп,
Достасып, бəлкім, майдалап.
Шайынды құйып өлшеп тек,
Отарлап қалса пайдалы-ақ!
Жүрілген осы саясат,
Николай патша тұсында.
Өтірік құшақ жая сап,
Іске асты Совет уысында.
Оңмен де солға, сермейтін,
Аздық ететін айлалы ер.
Көп жаратыла бермейтін,
Мəнжідей батыл найзагер.
Күн артынан күн туар,
Жыл соңынан жыл туар.
Батыр бабаң Мəнжіні
Іздейтін əлі-ақ ұл туар!...
Деп айтқан екен аманат,
Тапты да күтіп уақытын.
Қазақ Отанын жаңалап,
Ұрпағы құшты бақытын.
Қаланып жатқан сəулеті,
Əлемде барма жас қала.
Асып-тасыған дəулеті,
Ақмола азат Астанам!
Атағын, даңқын ардақтап,
Күржікейұлы Мəнжінің.
Жырлаған қысқа салмақтап,
Алсын деп жұртқа мəнді ұғым.
Қалдырып қалам таңбасын,
Жолында жырдың толғатқан.
Оралман ақын қандасың,
Орайханұлы Солдатхан.
Сөз соңында айтарымыз: Мəнжі секілді батырларымызды қазақ балаларына үлгі ретінде ұсынып, оларды осы негізде тəрбиелеу тəуелсіздігімізді баянды етуге бастайды.
Əдебиеттер тізімі
- Жеріңнің аты — Еліңнің хаты: Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС, 2006. — 808 б.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). — 1-т. — Алматы: Атамұра, 1996. — 499 б.
- Құсайынов Б. Астана — тарихи «Хан жолының» бойындағы қала // Қазақ тарихы. — 2008. — №
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): — 3-т. — Алматы: Атамұра, 2002. — 346-б.
- Евсеев Е.Н., Плетнева М.А. Как был основан Целиноград // История СССР. — 1967. — № 2. – С.
- Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. — 7-т. — 3-кіт. «Қаһар». — Көшпенділер: Тарихи трилогия. —Алматы: Жазушы, 1986. — 151 б.
- Аршабеков Т., Жұмабеков Ж. Ақтау бекінісінің ақыры: аңыз жəне дерек // Орталық Қазақстан. — 2006. — 9 наурыз.— 14-б.
- Бикенов Ж.Б., Жəкенов Ж.М., Исабек Т.К. Тоқа шежіресі. — Қарағанды: «Қарағанды полиграфиясы» ААҚ, 2000. — 309-б.
- Каренов Р.С. Тұғыры биік тұлғалар. — Алматы: Ғылым, 2003. — 424 б.
- Есмағамбетов З.Ə. Бабалардың тарихи шежіресі (Сармантай, Байдəулет руының тарихи шежіресі). — Қарағанды:«Арко» ЖШС, 2012. — 78,79 б.
- Алпысбес М.А., Аршабек Т.Т. Бұқар жырау ауданының тарихы: Монографиялық зерттеу. — Қарағанды: «Tengri» , 2012. — 309, 310-б.
- Бексейіт С. Назым-Насыр. Таңдамалы. — Қарағанды: «Арко» ЖШС, 2003. — 317–322-б.
- Орайханұлы С. Мəнжі батыр. (Тарихи дастан) // Азия-Транзит. — 2004. — № 9 (54). — 4–5-б.