1822–1824 жылдары қазақ жерінде отаршылықтың жаңа кезеңі басталды. Хандық билік жойылды. Қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құрамына енді. Қазақ елінің бір бөлігі — Бөкей Ордасы Нарын құмында резервацияға айналды. Енді Астрахан, Сібір, Орал казактарының əскери отаршылдары қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, кіндігінен, қолқасынан алып, шұрайлы жерін тартып ала бастады.
Қазақ елінің басына күн туды. Міне, осындай сəтте тарих сахнасында Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есеттей, Жанқожадай, Кене хандай ұлы перзенттер көрінді.
1822–1824 жылдары хандық билік біржола жойылған кезде хан Кене Қазақ хандығы үшін күресті, өйткені бұл кезеңде Ресей патшалығы қазақ елінің ішкі саясатына құныға араласа бастады. Қазақтың көптеген би-болыстарына шен беру тəсілі арқылы бір-біріне айдап салып, қарсы қоюға күшін жұмсады. Соның кесірінен ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Кенесары хан Қасымұлына аға сұлтандар, би болыстар толық тірек бола алмады. Осындай қиын шақта Кенесары ханның əскері де, бар тірегі де Ағыбай, Таймас, Иман, Басықара, Жанайдар, Бұқарбай, Жəуке, Жекебатыр, Бұғыбай секілді халық арасынан шыққан ержүрек батырлар болды. Сол замандағы қазақ батырлары өздерінің жасақтарымен Кенесарының қасында болып, оның бұйрықтарын екі етпей орындап, жеңіске жетіп жүрді. Бір аңызда былай делінеді: Кене ханның қол астына қазақтың батырлары бастаған 14 мың қол жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай- Қарпықтың ортасы — Құланөтпеске тікті. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып жатты.
Тағы бір мəтінді оқып көрелік:
Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер Тамадан Жолдыаяқ батыр, Өмірзақ Тоғалақ батыр, Құшақ Бəйтелі батыр, Тарақты Құлжан батыр бастаған батырлар 10 мың əскермен Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына қосылды. Əскері көбейіп, күші артып, енді Николайға ойран салуға ойлады [1].
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан, аттары аңызға айналған кейбір батырларымыздың туған жерлері мен олар туралы шағын мəліметтер беруді жөн санадық.
Кенесары басқарған көтеріліске қатысқан белгілі Ұлы жүздің батырлары. Халық əңгімесінде Ұлы жүзден шыққан көптеген батырлар қол бастап, халқының тəуелсіздігі үшін аянбай қызмет еткен. Олардың ішінде өте-мөте айрықша көзге түскен Ұлы жүздің келесі батырлары [2]:
- Саурық Стамбекұлы. Бұқар жыраудың «Қалданменен ұрысып...» деген өлеңінде [3]:
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жəнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Тігеден шыққан Сатай, Бөлек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен Дəулет қасында,
Бақ-дəулеті басында, —деген жолдар бар. Осы толғауда айтылған Дəулет батыр Саурықтың үлкен атасы. Өз əкесі Стамбек, оның əкесі Қашке де батыр болған адамдар. Кенесары Іле бойына келгенде Саурық қол түзеп Кенеге барып қосылғанда, Саурықтың қолының ішінде əкесі Стамбек те болған. Саурық Кенесарының тапсыруымен елшілік қызмет те атқарады. Ұрыста қол бастап алдыңғы қатарда болады. Кенесары қолға түскенге дейін қасында болып, ұрыспен шегінеді. Өштескен манаптар кейін аңдып жүріп, жасырын жасақ жіберіп, абайсызда Саурықты қайғылы қазаға ұшыратқан.
- Бəйсейіт Тойшыбекұлы. Ұлы жүздің Дулат тайпасына жататын Ботбай руының шағатайы болады. Бəйсейіттің əкесі Тойшыбек, оның ағасы Кəрім — «Қос батыр» атанған адамдар. Кенесары келгенде олар қарсы алып, оның əскеріне қосылған батырлар. Патшаның отарлау саясатына, онымен қатар манаптардың сатылушылық істеріне қарсы аянбай күресіп, Бəйсейіт кейін Қоқанд (Қоқан) бектеріне қарсы күресте қаза тапқан.
- Орман Бимембетұлы. Батырлықпен бірге Ормандағы айрықша бір қасиет шешендік болған. Сондықтан да Кенесары хан Орманды елшілік қатынас жағына көбірек пайдаланған. Халық əңгімелері Орман Бимембетұлының Қытайға жəне Қырғыздарға бірнеше рет елші болып барғанын айтады.
- Сұраншы Ақынбекұлы. Саурық пен Сұраншы немерелес. Екеуінің əкелері Стамбек пен Ақынбек бірге туған адамдар. Сұраншы да кейін Қоқанд бектеріне қарсы күресте қаза тапқан.
- Бұғыбай Тезекбайұлы (1812–1893). Ұлы жүз құрамындағы Ысты тайпасынан шыққан батыр. Қазақ халқының азаттық жолында күрескен Кенесарының сенімді серігі, бас батыры болған. Елдегі көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Кенесары хан XIX ғасырдың 46 жылдары Ұлытауда Ресей отаршылдарына қарсы күреске жасақ құрып жатқанда, Шу өңіріндегі атақты Бөлтірік биге: «Ат, ер- тоқым, қару-жарағымен жүз жігіт берсін немесе жүз жігітке татитын, жол бастайтын бір жігіт берсін», — деп кісі жібереді. Сонда Бөлтірік би ақ батасын Бұғыбайға беріп, Кенесарыға жіберіпті. Ұлт-азаттық күреске қатысып, ерлігімен көзге түскен Бұғыбайдың ерлігін Нысанбай жырау«Кенесары–Наурызбай» дастанында, арқалы ақын Шашубай Қошқарбаев «Наурызбайдың Саржанды жоқтауында», Доскей ақынның «Кенесары» дастанында жырға қосқан. М.Əуезовтың «Хан Кене» аталатын пьесасында Бұғыбай батыр бейнесі негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде берілген. Батыр баба қорғаны Аңырақай тауының солтүстік-батысындағы Сарыбас тау деген жерде.
- Тойшыбек Қасаболатұлы (1783–1868). Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Ботпай руынан шыққан батыр əрі би. Тойшыбек батыр Қоқанд хандығының басқыншыларына қарсы соғысқан. Кенесары ханның сенімді батырларының бірі аталған. 1846 жылы Кенесары қолының Ұлы жүз жеріне келген кезде, əділ би əрі батыр Тойшыбек Кене ханға барынша қолдау көрсеткен. Кенесары қырғыз жерінде жеңіліс тапқан соң, Тойшыбек батыр орыстардың отаршылдық саясатына қарсы шыққан. Батырды Шу өзенінің бойында жерлеген. Ұрпақтары Жамбыл, Алматы облыстарында тұрады [4]. Жоғарыда есімдері аталған атақты батырлар туралы Жетісудың саңлағы атанған, Жамбылдың ұстазы Сүйінбай Аронұлы қырғыздың ақыны Қатағанмен айтысқанда былай деген:
Қазақ, қырғыз егесіп,
Шабысып, ұрсып, шегесіп,
Елші түнеп қаңтарда,
Екі Орман сөйлесіп,
«Қосылайық Кенеге
Ел-жұрт болып бірлесіп», —
Дегенде сенің
Орманың Қысы бойы болмаған.
Саурығым мен Бəйсейіт
Сонда найза қолға алған.
Қолды бастап Бұғыбай
Лашындай самғаған.
- Байзақ Мəмбетұлы (Байзақ датқа). Оңтүстік өңірде Қоқан хандығына жəне Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы батыр. Ол Тараз аймағында елді отырықшыландыруға көп күш жұмсаған. Оңтүстік өңірді Қоқанд хандығы басып алғаннан кейін, ағасы Бəйтерекпен бірге сұлтан Рүстем Асфендиярұлы бастаған 1821 жылғы көтеріліске қатынасады. Көтерілісшілер қатты жазаланса да, Байзақ беделді адам ретінде, өз руластарына датқа болып тағайындалады. Байзақ Мəмбетұлы Қоқанд отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тəуелсіз саясат жүргізуге ұмтылады. Отаршыларға қарсы күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде танылады. Оның сарбаздары Кенесары қолына қосылып, 1841 жылы Қоқандтың бірнеше бекінісін алады [5]. Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Бəйсейіт, Орман, Таятай, тағы басқа Ұлы жүз батырлары, Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген. Олар да қоршауда болған (дала жағынан). Бірақ та соғыс арқылы таумен шегініп, құтылып кеткен. Кене ханның қолға түсуінің негізгі себебі: «Соғыста жаудан қашқан хан, хан бола алмайды. Сайдан шыққанымыз — майданнан шыққанымыз, қашқанымыз. Қашсам мен хан емеспін», — деушілігі болу керек.
Кенесары басқарған көтеріліске қатысқан атақты Орта жүз батырлары. Кенесарының қасында қазаққа белгілі Орта жүздің мына батырлары болған:
- Ағыбай батыр Қоңырбайұлы. Руы — Арғын тайпасына жататын Шұбыртпалы. 1802 жылы туған Ағыбай батыр — Кенесары ханның бас батыры дəрежесіне көтерілген қолбасшы. Ол патша əскерімен шайқастарда ұтымды əдіс-айла, тосын тапқырлық қолдану арқасында əрдайым жеңіске жетіп отырғандықтан, «Ақжолтай Ағыбай» атанған. Халық арасында оны руын көрсетіп, Шұбыртпалы Ағыбай деп те атайды. Батырдың сарбаздары дұшпанға «Ағыбайлап» шабатын болған. Ағыбай батыр Кенесары көтерілісі тұсында орыс бекіністеріне үзбей шабуылдар ұйымдастырып отырған. Оның қолының Қарқаралы, Ақтау, Ақмола жəне т.б. орыс қамалдарына жойқын шабуылдарға қатысқаны белгілі. Ағасы Саржанның қарулас досы əрі өзінің құрдасы болғандықтан, Кенесары Ағыбайды жақын тартып, «Көсе» деп атайды екен. Ағыбай батыр шүңірек көзді, биік денелі, қолы ұзын болыпты. Жүзіктермен əшекейленген найзасын құланның терісінен жасалған белдікпен байлап жүреді екен. Бірде Кенесарыға: «Басқаларға мың басы, бес жүз басы деп лауазым беріп жатасыз, неге Ағыбайға мұндай шен бермедіңіз?» — деп сұрағандарға, Кенесары: «Менің алдыңғы сапымдағы сарбаздарым соғысқа «Абылайлап!» кіргенде, басқалары «Ағыбайлап!» шабады. Сондықтан батырға бұл шендер лайық деп ойламаймын» [6], — деп жауап берген екен. Атақты импровизатор-ақын Иса Байзақов «Қойшының ертегісі» атты тарихи жырында [7] Ағыбайдың қайсар тұлғасын былайша суреттейді:
Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай,
Баяғы Кенесары заманында
Ерлігін көрсетіпті елге талай.
Білмеген Ағыбайды ел болмаған,
Тең келіп, қарсыласар ер болмаған,
Ағыбайдың Үш жүзге даңқы кетіп,
Ол кезіп, ол бармаған жер болмаған.
Ағыбай ешбір жанға бас ұрмаған,
Басынан дұшпан ісін асырмаған.
Жалғызы Ағыбайды бөгеген жоқ,
Қандай жау есіл ерге тор құрмаған.
«Ақжолтай Ағыбай батыр» кітабының авторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры М.Əбсеметов даңқты батыр жайлы мынадай тың деректер ұсынады [8]: «Кенесары хан Қырғыз Алатауындағы бір-екі соғыстан кейін «жердің жайын білмейді» деп талай соғыста бас батыр болған Ағыбайды қолбасшылықтан алып тастайды. Оның орнына Шапырашты Бұғыбайды сайлайды. Бұған дəлел Нысанбайдың жырында Ағыбай көп қайрат көрсеткенімен, жай батыр есебінде соғысып жүреді. Бірақ Қырғыз Алатауында соғыс сəтсіз болып, көтеріліс жеңіліске ұшырады. Бұл соғыста Наурызбайдың астындағы Ақауыз атқа оқ тиіп, Наурызбай жаяу қалып, Қортайлақ деген ат шабысқа жарамай, қырғыздар қалай болғанда Наурызбайды қолға түсіруге қамағанда, Ағыбай батыр бастаған сегіз кісі жауды Наурызбайға өткізбей алып шыққан. Ақыры Кене хан қолға түскен соң, Наурызбай, Ағыбай, Меңдібай, Дулат, Бұқарбай, Үкілі Қошқарбай, Шəкір, Жəуке, Толыбай, Нысанбай, тағы басқа батырлар жаудың қоршауында тұрып кеңес құрады. Ағыбай, Үкілі Қошқарбай мен Толыбай тауға көтеріліп, жаудың салған қамалын, оған қосылған қалың əскерін көреді. Арқаның сайдағы шұңқырына дейін білетін Ағыбай батырға Алатау бір жұмбақ болатын. Ағыбай шымыр Байұзақ пен дулат Бəйсейітке сенуші еді. Жолбасшы Бұғыбайға сенген Кенесары өзі қолға түседі. Сонда Наурызбай қайраттанып: «Не де болса қалған 300 қолмен қоршауды бұзып, Кене ханды құтқарайық», — деді. Ағыбай батыр: «Науанжан, жау Кенені өлтірмес, құрылған қақпаннан аулақ болайық, жауға жем болмайық, аз ғана күшімізді жиып қоршаудан шығып, қырғызға елшіні жіберейік. Олай болмаса, жаудың зеңбірегінен қанымыз төгіледі. Əркім бет-бетімен қашады, тұрымтай тұсына, балапан басына», — дейді. Науан: «Ей, Ағеке, — деп жылап тұрып айтыпты, — бұрынғының сөзі бар ғой,
«Екі қатынның баласы — екі ру ел» деген, мен Кене ағамды не жаудан арашалап алайын, не бірге өлейін, елдің өсегінен қашып», — деп, Наурызбай есіл ерлермен қоштасып, Кене хан тұтқынға түскен жерге бет алады. Ағыбай бастаған 300-дей батыр қоршаған қамалды бұзып, көбі мерт болып, 80 батыр зор ерлік көрсетіпті. Қырғыз Алатауынан қайтқан Ағыбайдың қолын Абакумов пен Черняевтің əскері қоршап алып, зеңбіректерімен атады. Сөйтіп, Америкадағы үндістерді қырған ағылшындардың қанды ісін қайталайды. Талай қазақ өз топырағында үлкен қырғынға ұшырайды. Сол кезден бастап қазіргі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының «Айдарлы» мен «Көктерек» кеңшарларының аралығында Шу өзенінің оңтүстік жақ беткейін ел екі атпен атайды. Біреуі «Арғын қырылған» дейді, екіншісі «Арғын өткелі» дейді. Көтеріліс біткен соң, 1847–1849 жылдар аралығында Ағыбай батыр орыс отаршылдарымен қанды майданда тайсалмай соғысады. Бұл жылдары Абакумов пен Черняев жəне оларға ергендерді үш рет шабады. Кенесары-Наурызбай кегі үшін қырғыз манабы Кəрібоздың басын шауып, Жантай мен Жанқараштың алдына тастайды. Кейін қырғыздың ханы Орманды Ағыбайдың досы, қырғыздың Балбай батыры мерт қылады. 1849 жылы Ақ патша Ағыбайды мойынсұнуға əрекет жасайды. Бірақ 1855 жылы, қарқаралы шенеунігі Трусовтың дерегіне қарағанда, Ағыбай батырға ерген ел «бұл қырғыздар мойынсұнуға əлі көндікпеген жəне басқаларға қарағанда шетінен жауынгер, барлық үйде дерлік найза, көбінде оқ-дəрімен атылатын қару бар», — деп жазылған еді.
Ағыбай батыр қартайған шағында Бетбақдала шөлі мен Балқаш өңірі аралығындағы Тайатқан- Шұнақ атты жерде егіншілікпен, балықшылықпен айналысқан. 1885 жылы Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша əкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи (Ясауи) кесенесіне жерлеуге рұқсат бермеген. Батыр өзі өмірінің соңғы кезінде мекендеген сол Тайатқан-Шұнақтағы Босаға өзенінің алқабында жерленген. Ағыбайдың кіндігінен Аманжол, Аманбай, Сопы, Дуана сынды ұрпақтары тараған. Батырдың шөбересі Тарғын ақсақалдың айтуынша, Ақжолтай Ағыбай батырдың шешесі Қойсана — Тарақты Байғозы батырдың қызы. Қойсана бəйбіше Ағыбайға екіқабат күнінде көшіп келе жатқанда алты қарақшы ізіне түседі. Қолында бақаны бар Қойсана алтауын ұрып түсіре береді. Жау бірін-бірі сүйеп, жалғыз əйелден жеңілген соң біреуі тұрып: «Қайтайық, бұл əйелдің күші емес, ішіндегі арыстанның күші ғой», — деп жүріп кеткен екен [9].
Ағыбайдың шешендігі мен ақылдылығы «Үйсін Бөлтірік батыр», «Көтібардың асы», тағы басқа тарихи аңыз-əңгімелерден жан-жақты көрініс тапқан. Ағыбай Қоңырбайұлының сан қырлы тұлғасы М.Əуезов, І.Есенберлин, Д.Əлімбаев, И.Байзақов, Ж.Алтайбаев, тағы басқа ақын-жазушылардың шығармасында сомдалған. Ақжолтай Ағыбай батырдың ел тарихындағы алатын орнын айқындап, құнарлы зерттеулер жүргізуде Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, З.Ахметов, тағы басқа ғалымдардың еңбектері өнегелі жол, игілікті қадам болып табылады.
- Иман батыр Дулатұлы (1780–1847). Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Кедел руынан шыққан батыр. Ресей отаршылдарына қарсы көтеріліс қайраткері, Амангелді Имановтың атасы. Арғы атасы Қосай, өз əкесі Дулат жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсеткен батырлар болған. Торғай, Жыланшық өзендерінің аңғарын жайлаған. Иман батыр Кенесары əскеріне 1839 жылы қосылды. Есіл өзені жағасындағы Көкалажар қамалын Кенесары əскері қоршауға алғанда гарнизондағылар көтерілісшілерді жақындатпай ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді. Шайқас аяқталған соң Кенесары сарбаздарын жинап, ерлігіне таңданғанын айтып, «менің қасымда жолбарыстай қайратты, түлкідей айлалы Айекеңнің болғанына өте ризамын» дейді. Сонан кейін Кенесары құрметінің белгісі ретінде батырды «Айеке» деп атап кетіпті.
1844–1845 жылдары Кенесары басқарған ұлт-азаттық көтеріліс шын мəнісіндегі шайқасқа айналып, өзінің шарықтау шыңына көтерілді. Иманның осы тұстағы қимылдары туралы халық ақыны О.Шипин 1942 жылы баспадан шыққан көлемді, тарихи деректері мол «Амангелді» дастанында:
Адырлы, Байтоқ деген қос қалаға,
Бас болып Иман батыр асыр салды..., —
деп жазды. Осы шайқаста Иман мыңдығы дұшпанның 300-дей адамын тұтқын еткен. Бұл жауды тас- талқан етіп жеңді деген сөз. Иман батырдың ақыл-парасатын, адалдығы мен əділдігін, өткірлігі мен табандылығын жоғары бағалаған Кенесары оны Ағыбай батыр, Шоқпар шешен, Сайдақ қожа, інісі Наурызбаймен бірге хан Кеңесінің мүшесі еткен. Иманның жасақ арасындағы беделін құрметтеп, есімін атамай «Айеке, Көсем көк, Бозжорға» деп атаған. Осы атақтарына сай Иман батыр да ханға берген сертіне адал, дұшпанына қатал бола білген, қашан да хан жорығының ынтымағы мен бірлігін сақтауға күш салған.
1847 жылы бірқатар қазақ батырлары аттарының басын кері бұрғанда берген антынан таймай, ханмен бірге қырғыз манабы Орманға қарсы Кекілік тауының шығыс беткейіндегі шайқаста, қазіргі Тоқмақ қаласының маңындағы Майтөбе деген жерде қолға түсіп, қаза тапқан. Осы соғыста Иман батырмен бірге оның туған бауырлары Тауық, Кейкі, Қарауыл жəне үлкен ұлы Бердəлі де мерт болған. 2000 жылы қыркүйекте Қостанай облысының Амангелді ауданының орталығында Иман батырға ескерткіш орнатылды [10]. Сонымен, талай-талай шайқастарда қасарысқан қас дұшпанды қаусата жеңген Иман батырдың ісі аңызға, аты ұранға айналған.
- Таймас батыр Бектасұлы (1786–1870). Арғын-Алтай тайпасына жататын Қареке руынан. Ол өз заманында ел бостандығы үшін өлшеусіз үлес қосқан қолбасы. Бұл туралы көрнекті тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов өзінің еңбегінде былай деп жазады: «Баянаул округтік приказындағы Төрткүл болысының көтеріліске шыққан қазақтарын Таймас Бектасов басқарды. Кейіннен Кенесарының жанында елеулі рөл атқарды жəне оның əскери мəселелер бойынша ең жақын кеңесшілерінің бірі болды. Таймас Бектасовты Кенесары қатты сыйлап, жақсы көрді. Сол уақыттағы ресми үкімет құжаттарында Таймас Бектасов туралы былай делінген: «Ол Кенесарыдан бір елі қалмайтын жəне орыс отрядтарына шабуыл жасаған сайын істің басы-қасында болып, орыстарға қалай қарсы тұру керек екенін айтып, Кенесарыға көбінесе жөн-жоба көрсетіп отырды, сонысы үшін Кенесары оны жақсы көретін жəне онымен бір табақтағы тамақты бөліп жейтін» [11]. Таймас батырдың асқақ бейнесі ерлерін қадірлейтін елі барда қазақ баласының жүрегінде мəңгі сақталады. Бұл жөнінде көрнекті жазушымыз Ілияс Есенберлиннің тарихи «Көшпенділер» трилогиясында нақты айтылады:
«Бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі Кенесары. Қасындағылары Таймас пен Əбілғазы.
Қасым хан дəуірінен бастап қазақ жерінде таққа отырудың өзінің ерекше дəстүрі болған. Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды Маймене, сол жағындағыны Майсара деп атаған. Маймене мен Майсара ең беделді рулардан, ханның оң қолы мен сол қолы тəрізді сенімді адамдардан сайланған. Қасым ханнан бастап Абылайға дейін қазақ хандарының Маймене орнына Арғын, Майсара орнына Қыпшақтан шыққан беделді би, бекзадалары отырып келген. Кенесары хан болғаннан бері, тек Абылайдың ала туын өзінің жасыл туына айырбастағаны болмаса, көбіне ата дəстүрін берік ұстауға тырысқан. Сондықтан — Маймене мен Майсараны хандық соғыс істерінде ең жақын, ең сенімді серіктері Таймас пен Əбілғазыға берген. Таймас Арғын руынан болғандықтан, оны Маймене, сұлтан тұқымынан шыққан өзінің немере інісі Əбілғазыны, нағашы жағынан Қыпшақ болғандықтан, Майсара еткен. Бұл екеуі қай жерде жүрмесін, осы тəртіпті бұзбайтын. Міне, қазір де Таймас ханның оң жағында, Əбілғазы сол жағында отыр» [12; 301, 302].
Таймас батыр Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы ыдырағанша Қаратау, Сыр бойында Кене ханмен бірге болып, бірге күрес жүргізді. Ол туралы «Қаһар» романында былай деп жазылған: «Кенесары соңынан қуғыншы шықпасын деп отырған жерінен қыс түсе көшті. Кенесарының соңынан мың қаралы үй ерді. Қалған қалың бұқара қаны қарайған ханнан іргесін аулақ салып, өз қоныстарына тарады. Көш алды қара құрымданып ылдиға түсіп кеткенде, Кенесарымен бірге төбе басында тұрған Досқожа ақын шыдай алмай, домбырасын қағып-қағып жіберіп, көзіндегі жасын іркіп алды да, қарлыққан дауыспен жыр тоғытып қоя берді:
Қалдың деп қайран елім, кең қонысым,
Қамығып тұрды Кене жұртын ойлап.
Кене хан енді көшті «я, құдайлап!»
Тұрған соң хан қамығып, ел жабығып
Досқожа толғай берді кегін қайрап....
Көш ұзаған сайын, жыр да ұзай берді. Шыдай алмаған Кенесары алға қарай асыға шаба жөнелді.
Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман, Құдайменді, Наурызбай, Бопай, Таймас, Əбілғазы, тағы бір топ кісі аттарын борбайлай қамшылап, соңынан ерді. Осыдан жеті жыл бұрын, көтеріліс басталған сəттен-ақ Кенесарыға қосылған бұл батырлардың ішінде ел билігін қайтадан қолына алған Жоламан сұлтан ғана жоқ еді» [12]. Таймас батыр Кенесары көтерілісі ыдырағаннан кейін Сарыарқаға қайта көшіп келген.
- Жанайдар батыр Орынбайұлы (шамамен 1818 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген — ХІХ ғасырдың 70-жылдары). Арғын тайпасына жататын Сүйіндік руынан. Ол 1837 жылы Ақмола дуанына қарайтын Арғын тайпасының Қуандық, Сүйіндік, Төртуыл, Қойлыбай, Қалқаман, Темеш, Тінəлі руларының жасақшыларын бастап Кенесары əскеріне келіп қосылады. Кенесары Ақмола бекінісіне шабуыл жасар алдында Жанайдарды бас етіп бекіністі барлауға шолғыншылар жібереді. Шабуыл кезінде ерлігімен, мергендігімен көзге түскен Жанайдар Кенесарының сенімді серігі, қол бастаушы батырларының біріне айналады. Жанайдар Орынбайұлы өзінің бауырлары Жанатай, Бектұрған, Өтебайлармен бірге Кенесарыға еріп, он жыл бойы азаттық жолындағы шайқастың бел ортасында жүрген. Жанатай осы жорықта қаза табады. Кенесары мен Наурызбайдан айырылып, көтеріліс тығырыққа тірелген тұста Жанайдар батыр амалсыздан ат басын Арқадағы еліне бұрады [13].
Кенесары бастаған жорықта жүргенде Жанайдар батырдың Баяндағы ата-қонысын өзге рудың адамдары иеленіп алады да, кері қайтара қоймайды. Жер үшін ағайынмен араз болғысы келмеген Жанайдар батыр қазақтың өзге де беделді игі жақсыларымен бірге Петерборға, Ақ патшаның өзіне барады, жер сұрайды. Он жыл бойы өзіне қарсы күрескен батырды сол сəтте қамауға алса да, ешкім патшаның жолына көлденең тұра алмас еді. Бірақ Ақ патша Жанайдардың ел арасындағы абырой, беделі тым жоғары екенін білетіндіктен, қарамағындағыларға оның талабын орындауға тапсырма береді. Сөйтіп, батыр соңына ерген жұртын осы күнгі Терісаққан ауылдық округінің аумағына əкеліп қоныстандырады, Терісаққан болысын ұйымдастырып, болыстық құрады. Ол əрі батыр, əрі əділ кісі болса керек. Сондықтан, ел аузында «Жанайдар хан болмаса да хан орнына, би болмаса да би орнына жүреді» деген сөз тараған.
Атақты Біржан сал Сарамен айтысында: «Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы, Алты жүз жас бота мен тайлағы бар», — деп жаужүрек батырдың байлығын, парасаттылығын тілге тиек еткен. Жанайдар Меккеге барған қажылық сапарынан қайтып келе жатқанда 1870 жылы жол үстінде қайтыс болған. Атақты батырдан тараған əулеттен қазақ тарихынан ойып орын алған тұлғалар шықты. Жезқазған қаласының бір көшесіне Жанайдар батырдың есімі берілген.
- Жəуке батыр Назарғұлұлы. 1822 жылы туып, 1904 жылы ұзақ жасап өз ажалынан қайтқан кісі. Тегі — Арғын, арғы атасы Ермектен Бөлтірік, Шағыр туады. Бөлтіріктен Сырлыбай, Сарыбай; Сырлыбайдан Қараман, Төлек, Мəмбетəлі тарайды. Жəуке осы Төлек тармағына жатады. Оны Төлек Жəуке деп атауының да мəнісі осында. Оның ата-бабасы ежелден Ұлытаудың бергі терістік бетіндегі Сарыторғай, Қараторғай, Ашутасты, Мойылды мен Дəмді бойын жайлаған. Ал Сарыбайдан тарайтын Қырықмылтықтар Ақкөл, Шошқакөл, Шұбалаң, Сужарған, Мұқыр, Шобанкөл, Қазанбасы, қазіргі Рудный қаласы тұрған Сарыбай көлі жағын мекен етіп, Ресей шекарасына дейін шығып кеткен. Сан жағынан көп тараған бұл рулар бүгінде қыз алысып, құдандалы болып кетсе де арғы атамыз Сырлыбай-Сарыбай деп өздерін бір-біріне жақын тұтады. Жəуке Назарғұлұлы Кенесары хан жасағының сапында қол бастап, өшпес даңққа бөленген. Ол хан əскерінің қатарына 16 жасында қосылған. Жастайынан жорық жолында шыныққан Жəуке батыр 1840–1844 жылдардағы Өлкейек өзені бойындағы, Ор қамалы беттегі Толыбай, Ордақонған жақтағы жəне Екатеринск станицасына шабуыл кезіндегі шайқастарда батыл қимылдап, айрықша көзге түскен [14]. Төлек Жəуке батыр Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің бəріне бастан-аяқ қатынасқан адам. Жорықта Жəукені алға саларда Кенесары хан:
Тұрғысы асық тəйкесі,
Ұрыстың келді сəйкесі.
Қамал бұзар батырым,
Қайдасың?
Төлек батыр Жəукесі, —дейді екен. Досқожа мен Нысанбай жырларында да, əйгілі «Наурызбай – Ханшайым» дастанында да, берісі Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» поэмасында да Жəукенің ерлік істері айтылмай қалмайды. Атақты тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов та өзінің зерттеу еңбектерінде Жəуке есімін құрметпен атайды. Таяуда арқалықтықтар қала күнін үлкен қуанышпен қарсы алды. Тағдырдың мехнатын көп шеккен шаһар өзінің 57-ші күзінде үлкен тарихи тұлғаның ескерткішімен толықты. Енді Арқалыққа келушілерді темір жол вокзалынан түскен кезінде Ер Жəуке батыр қарсы алады. Бұл ескерткіш қалаға рух беріп, еңсесін көтеріп тұрғандай. Себебі Жəуке батыр Кенесары ханның ұлт-азаттық жолында күрескен қаһарман сардарларының бірі, Наурызбай батырдың досы. Төлек руынан шыққан Жəуке Назарғұлұлының ескерткішінің бой көтеруіне ұрпақтары демеушілік жасады.
- Жекебатыр Сарыбасұлы (Сарыбасов). Кенесары хан жасағы сапында ерен ерлігімен айрықша көзге түскен батырлардың ішінде Жекебатыр (шын аты — Тілеміс) Сарыбасұлының есімін естен шығаруға болмайды. Кенесары небір қиын тапсырмаларға жұмсағанда оларды мүлтіксіз орындап, жеке дара көрсеткен батырлығына орай Жекебатыр атанған атақты батырдың Кенесары көтерілісі тарихында өзіндік орны бар. Тілеміс 1805 жылдар шамасында Ұлытау төңірегінде туған. Хан Кененің сəтсіз жорығынан соң, оңтүстіктен оралған ол, елімен Көкше өңіріндегі Кылды-Ноғай болысына қоныс аударады. Сол болыста би болады.
Зерттеуші Тортай Сəдуақастың «Ел мен жер» атты кітабында Жекебатыр Сарыбасұлына қатысты мынандай мəлімет келтірілген: «Жекебатыр туралы архив құжаттарының бірі 1849 жылғы 18 наурызда тіркелген. Бұл аға сұлтан Маңдай Тоқтамысовтың Сібір шекара басқармасына берген рапорты. Кенесары мерт болып, көтеріліс сəтсіз аяқталғаннан кейін жұрттың көбі елге оралған. Бұлар 1848 жылы Қаракеңгірге келеді. Байман Имановты Көкшетауға жіберіп, туған жерге, Майлыбалта болысына оралуға рұқсат сұрайды. Артынша Қаратаудан бірге оралған белгілі би Бөгенбай Құттықадамовтың ауылымен бірге сол Қылды-Ноғай болысының құрамында қалуды жөн көреді. Алдымен Ресей өкіметінің құзырына қайтадан өтіп, ант қабылдайды. Сөйтіп, оларға кешірім жасалған. Құжатта анттың мəтіні келтіріліп, соңына Тілемістің өзі бастап үлкендер қол қойған. Бүгінгі кейбір шежіре-сыр шертушілердің оларды Көкшетау іргесіндегі ауылдар сидырмады, арыз жазған дегені (олардың көп жылқысынан айрылып, ашынып отырғаны рас) жаптым жала, жақтым күйенің кері.
Бұдан əрі ол ауыл ағасы Тілеміс би деп аталады, қарамағындағылар (өзімен 28 адам): Нақы, Көкжал, Байты, Текей, Күсеміс, Күсеп Сарыбасовтар, жесір Ербекті Бердіғожина, Есілбай Жырғалдин, Тəуке Есілбаев, Түгелбай Жырғалдин, Самсы Түгелбаев, Бөгенбай Жырғалдин, Қарауыл Жырғалов, Жанікісі, Бижан Баяновтар, Тəңірберген Жанкісин, Байжан Иманов, Байтөлек Ақжолов, Жанғабыл Боқаев, Аманжол Исин анасымен, Жантелі Құлекин, Наурызбай Талов, Қарымсақ, Тоқбай Мысықовтар, Жанболсын Тасболатов, Жəутік Білеков бауыры Мұжжанмен, Байсары Жетібаев. Ендігі бір дерек 1866 жылы 12 шілдеде тіркелген. Онда Тілеміс Сарыбасов өз ауылының старшыны, Қайыңқалған деген жерде тұрады. Жасы 60-та деп көрсетілген, сонда ол 1805 жылдар шамасында туған деуге болады» [15].
Жекебатыр Сарыбасұлының қайтыс болған жылы белгісіз. Кенесары жасағында болған белгілі батырдың Арғын тайпасына жататын Атығай руының ішіндегі Қырғыз атасында жақын ағайындары бар. Өзі де қол қойғанда Арғынның көз таңбасын салған. Көкшетау өңірінде Жекебатыр атағы бұрын да болған дейді.
- Шəкір батыр Қараманұлы. Ол — торғайлық. Руы Қыпшақ (Торы Қыпшақ), оның ішінде Түйішке. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Бектемісов «Шəкір Қараманұлы жайлы не білеміз?» деген мақаласында мынандай деректер келтіреді: «Тарихи деректерге жүгінсек, Қыпшақ руы «Тоқсан екі баулы» деп аталады. Қазақ халқының Қыпшақ тайпасы Ұзын, Торы, Қарабалық, Бұлтың, Көлденең болып жіктеледі. Сол себепті Қыпшақтарды «Бес таңбалы Қыпшақ» деп те атайды. Торы Қыпшақтар ірі-ірі төрт арыс: Қитаба, Түйішке, Көкмұрын, Шашты болып бөлінеді. Шəкір Қараманұлы бабамыз осы Түйішке тармағынан тарайды. Ол 1819 жылы атамекені саналатын Жанкелдин ауданының Көкалат ауылында өмірге келген. Туған жылына қарап, оның ұлт-азаттық көтерілісінің һас батыры Төлек Жəуке бабамызбен түйдей құрдас болғанын көреміз. Батыр Шəкір бабамыздың аталарына тоқталатын болсақ, Түйішкеден — Қарамолла, Сарымолла. Қарамолладан — Қойсары, Қойсарыдан — Досым, Есім, Ыстыбай, Жетім (егіз), Ыстыбайдан — Көшекəлі, Көшекəліден — Қараман, Түмен тарайды. Шежіреге сүйеніп, сəуегейлік айтушылар, Қараманнан туатын Шəкір бабамыздан ұрпақ қалмағанын айтады. Осы орайда балалық балғын шағымда Бектеміс атам айтып отыратын, мына бір əңгіме есімде қалыпты. Атам Кенесары хан мен оның інісі Наурызбай қырғыздардың қолынан қаза тапқаннан кейін, Шəкір бабамыздың елге келіп, 40 жасында өз ажалынан о дүниеге аттанғанын айтып отыратын. Сондай-ақ атамның аузынан Шəкір бабамыз бұл фəниден бақилыққа аттанғанда, сол үйдегі əжеміз Кіші жүз Жаппас руының бір жігітіне тұрмысқа шығып, Шəкір бабамыздан қалған 5 жасар ұл баланы ертіп кеткенін естігенмін» [16]. Келешекте жоғарыда аты аталған Орта жүз батырлары жайында толығырақ мағлұматтар жарияланып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Кене хан басқарған көтеріліске қатысқан даңқты Кіші жүз батырлары. «Көне сарай кең дүние, кімдер бір келіп кетпеген», — дейді біздің қазақ. Кеткен көп, келетін ұрпақ та аз емес болар. Ал кеткендер арасында тарихта тек есімі қалғандар ғана емес, сол тарихтың өзін жасап кеткен кесек тұлғалар бар. Осы орайда он жылға созылған соғыста Кенесары ханмен бір тудың астында болып, тұтас қазақ даласына өшпес ерлігімен танымал болған атақты Кіші жүз батырларын атап өткен жөн сияқты:
- Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774–1860) — Кіші жүз құрамындағы Əлім тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Жанқожа батырдың есімі қазақ баласы үшін аса қадірлі де қастерлі есімдердің бірі. Əрі батыр, əрі би бабамыздың ерлік өмірі жайында əрісі орыс, берісі қазақ тарихшыларының ғылыми еңбектерінде соңғы бір ғасырдан аса мезгілде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ.
Жанқожа батыр туралы тарихи жырларда сол замандағы халықтың басынан кешкен түрлі қиыншылықтар, Хиуа, Қоқандтың залым бектерінің елге салған ауыр салығы, зорлық-зомбылығы, орыс отаршылдарының сұғанақтығы, сонымен бірге сыртқы жауға сатылып, оларды ел ішіне енгізіп, өз елін дұшпанға талатқан опасыз жандар мен осы зобалаң, іштей іріген топалаңға тойтарыс беріп, елдің еңсесін тіктеген ерлер мен билердің қажырлы күресі терең суреттеледі. Жаулардың құрған қанды қақпанын басып, шырқы бұзылғанымен, ел басына бұлт үйірілген шырғалаң шақта бір тудың астына, бір батырдың қасына жиналып, тез арада береке-бірлікке келіп, сол арқылы даңқты жеңіске жеткен ел татулығы мен қайсар рухының көрінісі жырда шынайы сомдалады [17].
Сонау XVIII ғасырдың соңғы жылдарында өткен қазақ-қарақалпақ қақтығыстары тұсында, бар жоғы 17 жасында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа содан кейінгі 70 жыл ғұмырында тұлпарынан түспей, азаттық киелі Ақ туын қолынан түсірмей, қартайған жасында да қас жауларымен айқасып өткен. Өзінің ұзақ өмірінде Қоқанд, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет сұрапыл шайқастар өткізді. Жанқожа батыр сол ұрыстардың барлығына да қолбасшы əрі басты ұйымдастырушы ретінде қатысып, теңдессіз ерлік, көзсіз батырлық көрсеткен болатын. Сонысымен жанына ерген жауынгерлеріне үлгі болды, халқына қайрат, «елім» деген ерге ерік-жігер берді.
Көнеден жеткен куəгерлердің айтуынша, Жанқожа батыр 1841 жылдың шамасында Кенесары ханмен тізе қосып, атақты Созақ қамалын қоқандықтардың қолынан азат етуге тікелей қатысқан. Хан əскеріне он сегіз күн бойы алдырмаған бекіністі, Кенесарының соңғы үміті — Жанқожа бастаған Шекті батырлары атойлаған шабуылдарымен шеп бұзып алған дейді.
Жанқожа батыр жайында 10-нан (12 мың жол) аса тарихи жыр-дастан шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Нұрмағамбет, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Ізжан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атауға болады. Мəселен, Мұсабай жырау нұсқасын Қазалы бекінісінде қызмет атқарған орыс офицері И.Аничков оның өз аузынан жазып алып, жариялады. 1894 жылы осы зерттеушінің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты тарихи очеркі жарық көргені мəлім. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ə.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, тағы басқа ғалым-əдебиетшілер зерттеді [18].
- Жоламан батыр Тіленшіұлы. Кіші жүз құрамындағы Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан батыр. Қазақ халқының XIX ғасырдың 20–30-жылдарындағы Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі. XIX ғасырдың 20-жылдарының басында Ресей империясының Орынбор əкімшілігі Елек өзенінің бойындағы Табын руының жерлерін тартып алып, бекіністер сала бастайды. Орал, Елек, Құрты өзенінің бойында 29 бекініс бой көтеріп, ол Жаңа Елек шебі деп аталды. Ресей империясы əкімшілігінің мұндай отарлау саясатына қарсылық білдіріп, Жоламан бастаған бір топ Табын руының адамдары 1823 жылы 3 қыркүйекте Орынбор генерал- губернаторы Эссенге хат жолдайды. Қазақтардың жер мəселесіне қарайтын комиссия төрағасы Шерғазы хан олардың бұл талаптарын заңсыз деп танып, наразылық қимылдарына қарсы əскер күші қолданатынын ескертті. Мұндай өктем жауап Жоламан батыр бастаған Табын руы қазақтарының қарулы көтеріліске шығуына түрткі болды. XIX ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап Жоламан батыр Кенесары Қасымұлы жасағымен бірігіп, отаршыл саясатқа қарсы күрес жүргізді. XIX ғасырдың 40-жылдарының басында Жоламан батырдың өзі Бұхараға қоныс аударады. Одан кейінгі жылдары белгісіз [19].
- Қыстаубай Жиенəліұлы (шамамен, 1814–1845) — Кіші жүз құрамындағы Əлімұлы тайпасының Шөмекей руынан шыққан батыр. Сыр өңірі қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы күресіне, XIX ғасырдың 40-жылдарының Кенесары Қасымовтың Созақ жорығына Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлармен бірге қатысқан.
Қыстаубай батырдың ерлігі туралы Балқы Базар, Т.Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, тағы басқа ақын-жыраулар көп жырлаған. Батырдың мəйіті Сырдария ауданы Көктөбе деген жерге қойылған.
- Бұқарбай батыр Естекбайұлы (1822–1898). Кіші жүз құрамындағы Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан батыр, шешен. Бұқарбай батырдың есімі елге 1827–1829 жылдар аралығындағы Күмісқорғанға шабуыл кезінде əйгілі болған деседі көне деректер. Кейін қазақтың соңғы ханы, ұлт- азаттық аталатын үлкен жорықтың көсемі Кенесары баһадүр ханға еріп басқыншы жұртқа қарсы күрескен, тірескен, талай рет жан алысып, жан беріскен. Хан Кененің ерке де, қол бастаған серке інісі Наурызбай батырмен, шұбыртпалы Ағыбай батырмен Бұқарбай баһадүрдің есімі қатар аталады. Ерекше ерліктерімен өзгелерді тамсандырған батыр Бұқарбайдың — Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендері бойындағы шайқастары мен сол замандағы Созақ, Ақмола бекіністерін алған шабуылдағы алапат қимылдарын қазына қариялар əлі күнге əспеттеп, жүйелеп, майын тамыза отырып, əңгімелеп бере алады [20].
Бірде сексеннен асқан шақта айналасындағы көпті көргеннен сөз естігісі келетін ел ағалары батырға: «Бір кезде қол бастадыңыз, көш бастадыңыз, көпті көрдіңіз, сізден бір ғибратты сөз естігіміз келеді», — деп сауал қойған көрінеді. Сонда батыр: «Бұрынғыдан қалған сөзден артық мен не дейін. Онға келдім — асау тайды бас білдіріп ойнадым. Сол ойынды жиырмаға дейін қоймадым. Жиырмаға келдім — найза менен құрықты қолымда билеттім, саусағымды соған əбден үйреттім. Жиырма бесте — жауларыммен тірестім, тəуелсіздік алу үшін күрестім. Отызға келгенімде — қыран құстай саңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым. Қырықка келдім — қайратым қамал бұзды, еріттім қалың мұзды. Елуге келдім — елеулі белес екен ел басқардым. Алпысқа келдім — алдымда алты тарау жол жатты, өз жолыңнан өзгер деп маған тіл қатты, бірақ тыңдамадым. Баяғы найзам мен құрығымды қолдан түсіргем жоқ, жау алдында бас иіп кішіргем жоқ. Жетпіске келдім — жетпіс жеңді, қолымдағы найзаны балама алып берді, менде құрық қалды. Қазір сексенге келдім — бірақ əлі де құрық сілтейтін қуатым бар. Алда тоқсан тұр, амандық болса оған да жетем, Алла жазса, құрығыма сүйеніп одан да өтем, одан соң менің жаным сірі емес, бұл дүниеден де кетем. Сендерден бір тілегім бар, менің сол тілегімді ақтаңдар, найзам менен құрығымды қатар сақтаңдар! Найза қорғаныс, құрық тірлігіңе қолғабыс. Тірліксіз дүние — тұл, тал түске дейін керіліп жатпай, əмəнда ерте тұр. Сонда ғана адам болып қаларсың» [21], — деген екен. Бұл Бұқарбай батырдың өмірінің соңғы жылдарында айтқан өсиеті дейді.
Бұқарбай батырдың ерліктері ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ.Бердəулетовтың «Бұқарбай» кітабында көрініс тапқан [22].
Жыр жүйрігі Балқы Базар жырау:
...Ордадан бөкенді айырған
Қанадан асып қайраты
Ерегіскен хандарды
Алтын тақтан тайдырған.
Қысқа күнде қырық шапқан
Жанқожа, Есет, Қыстаубай,
Қасым, Сейіл, Бұқарбай,
Сəмет пен батыр Тоғанас!
Солардан да өткен сұм заман! —деп Сыр бойының атақты батырларын жырға қосса, Нысанбай жырау:
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы.
Кеудедегі шыбын жан —
Ар-намыстың құрбаны!..
Меңдібай, Дулат, Ағыбай
Арғыннан шыққан үш жігіт
Шəкір, Жəуке, Толыбай...
Аянбай бүгін іс көрсет,
Табыннан Қабан, Бұқарбай!.. —деп толғанған [23].
Бұқарбай батырға жиен болып келетін, қарасөзге қаймақ тұрғызған халық жазушысы Əбділдə Тəжібаев «Бұқарбай батыр — нағашым» атты толғау шығарған [24].
Қаншама қамал бұзып, қаншама шайқасты басынан өткергенімен, егде жасында еліне оралған Бұқарбай бабамыздың бағы, басы басқа жақта қалмай, өзінің туған жеріне аман-есен оралып, ағайын- туғандарының ортасында, өз ажалынан көз жұмуының өзі Құдай берген ерекше қасиет болса керек.
Қорыта келе айтарымыз, тарих тəуелсіздік жолы — қиын жол екендігін дəлелдейді. Өйткені үнемі 70 жылдан астам уақыт біреуге жəутеңдеп қараудан танбаған мойынның оңайлықпен өз орнына түсуі қиынның қиыны болғаны рас. Бірақ бір үлкен қуаныш бар. Ол — рухани қуаныш. Яғни өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып дегендей, халық қанында қалған азғантай ұлттық намыстың оянып, өзіне қорек тұтатын нəрді бір кездегі рухани қуат көзі болған, алдындағы ұлағатты өнегесі үлгі болған, ел басқарған небір марқасқалары мен батыр, би, көсем, ақсақалдарының даналық жолын қайта тірілтуге талпынып, құлшыныс жасағандығына қуанышымыз қойнымызға сыймай жатқаны ғажап. Бұл деген халқымыздың езіліп біткен мəңгүрттігінен оятатын бірден бір қуатты күш екендігінде сөз жоқ.
Алдағы уақытта біз тəуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын аса қадірлеуіміз қажет. Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері — бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік осы. Осы қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы, жалпақ тілмен айтқанда, жердің асты, үстіндегі бар байлығымыз — тағы да осы батырларымыздың бізге аманаттаған жан сыры, жүрек нұры. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз.
Қазақ батырлары жəне олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз батырлар жырындағы, тарихи жыр, аңыз, дастандардағы тереңнен тамыр тартқан туған жер туралы идеяны бірінші қатарға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы осы идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы — бізге жеткен барлық тарихи, əдеби мұралардың алтын арқауы.
Əдебиеттер тізімі
- Қасқабасов С. Алаштың арман-аңсары (Кенесары хан халық əдебиетінде) // Егемен Қазақстан. — — 24 желт.— 6-б.
- Дилебаев Ə. Кенесары қозғалысы туралы // Қазақ тарихы. — 2005. — № 2. — 55–57-б.
- Қалқаманұлы Бұқар жырау. Ай, Абылай, Абылай!: Толғаулар. — Алматы: Жалын, 1993. — 96 б.
- Махаева А.Ш. Тойшыбек би жəне оның заманы. — Алматы: Баянжүрек, 2006. — 202 б.
- Оңтүстік Қазақстан облысы: Энцикл. / Бас ред. Б.Ғ.Аяған. — Алматы: Қазақ энцикл., — 560 б.
- Бердалы О. Кенесары (біз ол туралы не білеміз?) // Алтын Орда. — 2011. — № 42. — 20 қазан. — 15-б.
- Байзақов И. Қойшының ертегісі // Ақжолтай Ағыбай батыр. — Алматы: Ғылым, 2002. — 354–363-б.
- Əбсеметов М. Ағыбай Кенесарыға деген адалдығынан айныған емес // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21(33). — 44-б.
- Əбсеметов М. Шұбыртпалы Ағыбай жəне оның батыр бауырлары // Жаңа Сарыарқа. — 2007. — № 5. — 58–65-б.
- Иман батыр // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — — № 21 (33). — 21-б.
- Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1994. — 416 б.
- Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. — Т. 7. — 3-кіт. Көшпенділер: Тарихи трилогия. — Алматы: Жазушы, 1986. — 328 б.
- Қазақстан: Ұлттық энциклопедия: 3-т / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2001. — 720 б.
- Ахметов Қ. Ұлытау. — Астана: Фолиант, 2006. — 344 б.
- Сəдуақас Т.Қ. Ел мен жер. Көкшетау — Қызылжар — Омбы — Құсмұрын — Ұлытау — Астана аймағы: Тарихи- танымдық жин. — Алматы: Дайк-Пресс, 2003. — 566 б.
- Бектемісов А. Шəкір Қараманұлы жайлы не білеміз? // Қазақ. — — № 31–32 (597–598). — 3–10 тамыз. — 5-б.
- Тойшанұлы А. Эпос əлемінде — Ер Жанқожа // Ана тілі. — — № 25 (1231). — 26 маусым — 2014. — 2 шілде —9-б.
- Оңалысқызы Г. Ел қорғаны // Орталық Қазақстан. — 2014. — 21 маус. — 5-б.
- Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. — 4-т / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2002. — 720 б.
- Баймаханов Қ. Ертеде еңіреген бір ер өткен... // Егемен Қазақстан. — 2012. — 29 қырк. — 8-б.
- Оспан С. Ел мақтаны — Бұқарбай // Жұлдыз. — 2012. — № 7. — 196–199-б.
- Қазақстан: Ұлттық энциклопедия: 2-т. / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1999. — 720 б.
- Мақсудов С., Айбосынов Ш. Бұқарбай батыр // Егемен Қазақстан. — 2012. — 26 қырк. — 9-б.
- Жанаев А. Сайын даланың сардары (Бұқарбай батырдың туғанына — 200 жыл) // Егемен Қазақстан. — — 11 қырк. — 9-б.