Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан Шоқан Уəлихановтың ғылыми мұрасының зерттелуі

Кіріспе

Тағдырдың тəлкегіне түскен қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов аз ғана ғұмырында аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған дарынды Алаш азаматы. Шоқан Шыңғысұлының көп салалы, əр қырлы бай мұрасы, оның дүниетанымы, қоғамдық, философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары биік деңгейде болғанын танытады.

Заманында дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Ш. Уəлихановтың терең мазмұнды еңбектері, өзінің асыл тұлғасы мен жарқын бейнесі тарихтың əр кезеңінде жоғары бағаланды. Ол туралы замандастары жан тебірентерлік жылы лебіздер қалдырды. Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс жəне француз тілдерінде жарияланды. Мысалы, қазақ ғалымының еңбектері ХІХ ғасырдың əр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде.

Шоқан еңбектеріне алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының берген бағасы

Қазақ жерінің Ресей империясы құрамына қосылған кезеңінде патша əкімшілігінің отарлық саясатына орай жергілікті халықты төмендету, оның құқықтарын барынша шектеу жасалуына қарамастан, қазақ халқының тағдырына ортақтасып, оның болашағын болжаған, нағыз досына айнала білген сол дəуірдегі орыстың озық ойлы азаматтарының есімдерін қазіргі жəне келер ұрпаққа жеткізу уақыт талабы екендігі белгілі.

Олардың үлкен тобы халқымыздың өткенін зерттеп, оның мəдени дамуына, өнері мен салт- дəстүріне оңды баға берді. Келесілері жергілікті халықтың ауыр тағдырын бүкпесіз жазып, отарлық үкіметтің назарын аударды. Тұрғылықты халыққа білім беру, халықты ағарту, т.б. мəселелерді көтеріп, оның орындалуына тікелей үлес қосқандар да болды. Жергілікті халықтың дарынды перзенттерінің заман талабына сай білім алуларына қамқорлық жасады.

Осы тұрғыда қазақтың жастай кеткен ғалымы Шоқан Уəлихановтың қабілеті мен ғылымға деген дарынын дер кезінде ұғынып, дəріптеген, онымен пікірлес, дос болған, шығармаларын Ресей, Еуропа жұртшылығына танытуға үлес қосқан орыс зиялыларының қызметтеріне халқымыз əрқашан риза.

Олар өз шығармаларында Шоқанның Омбыдағы кадет корпусында оқыған кезінен басталған қызметіне талдау жасаған. Оның табиғи талантын, қабілетін сипаттаған. Зерттеушілік қызметін саралаған. Отаншылдығын, өз халқына деген сүйіспеншілігін айрықша атап көрсеткен [1].

Əсіресе дүние жүзі мəдениеті ордаларының бірінен саналатын Петербургты дүр сілкіндіріп,«Ғажап ғалым», «Жас данышпан» атанған Шоқанға берілген бағалар биік, өте асқақ еді. Орыс халқының Н.Г.Чернышевский, Ф.М.Достоевскийдей даналары; В.А.Обручев, А.Н.Бекетов, И.В.Мушкетов, Н.А.Аристов секілді атақты ғалымдары; П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.М.Ядринцев, И.Н.Березин, Г.Н.Потанин, В.П.Васильев, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Григорьев сияқты əйгілі Шығыс зерттеушілері; А.Н.Майков, С.Ф.Дуров тəрізді белгілі ақындары, тағы басқа да көптеген зиялылары оның талантына бас иіп, таңдай қағып, талай тамсанып жазған болатын [2].

Солардың ішінде келесідей белгілі орыс зиялыларының Шоқан Шыңғысұлына берген бағасы біз үшін ерекше қымбат:

  1. Веселовский Николай Иванович (1848–1918) — орыс археологы. 1890 жылдан Петербург университетінің Шығыс тарихы кафедрасының профессоры. Орта Азияның тарихы мен археологиясын зерттеді. 1902 жылы ол орыстың белгілі Шығыс зерттеушілерімен (В.В.Бартольд, И.М.Мелиоранский, В.В.Радлов, т.б.) бірігіп, Орта Азия елдерінің (Қазақстан да бар) тарихын, этнографиясын, мəдениетін зерттеу үшін Орыс комитетін (1919 жылға дейін жұмыс істеді) ұйымдастырды [3].

Н.И.Веселовский өзінің «Аққан жұлдыз» [4] деген естелігінде:

  • Ш. Уəлихановтың қызметіне, алғашқы көзқарасының қалыптасуына кеңінен талдау жасаған. Ол ғалымның өмірден ерте кеткеніне налыған: «Қырғыз хандарының ұрпағы жəне орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы жəне маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы бізді бұл үміттен айырып отыр»;
  • Шоқан Шыңғысұлының Омбы кадет корпусында оқыған кезінен басталатын ғылымға деген талантын ерекше атап көрсеткен: «Батыс Сібір генерал–губернаторы Гасфорт Уəлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады жəне ғылым əлеміне тамаша нəтиже əкелген Қашғар сапарына баруына жəрдемдесті. Уəлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уəлихановқа Петерборға барып-келуіне жағдай жасады»;
  • Шоқан қайтыс болғаннан кейін оның шығармаларын жарыққа шығару мəселесінің қалай шешілгенін жазған: «Уəлихановтың барлық ізденістерінің маңызы соншалық, Орыс географиялық зерттеу қоғамы 1867 жылдың 24 сəуірі күнгі мəжілісінде Ш.Ш.Уəлихановтың соңында қалған барлық мұраларын басып шығаруды ұйғарды. Бұл шешім сол кезде жүзеге аспай, Уəлихановтың өңделуге тиіс біраз мақалалары əркімнің қолында кетті. Мəселен, В.В.Григорьевтің қағаздарының арасынан мен Шоқанның екі дəптерін таптым, біреуі Едіге туралы қырғыз аңызы, екіншісі — оның ықшамдалған орысша аудармасы.

1887 жылы Г.Н.Потанин Уəлиханов шығармаларын басып шығару туралы мəселені қайта көтерді жəне дала генерал–губернаторы Г.А.Колпаковский баспаға қажетті қаржы жайын қарастыруға келісім берді. Бірақ Колпаковский көп кешікпей Петерборға қызметке ауысып, бұл мəселе тағы тоқтап қалды. Сол кезде Г.Н.Потанин менен Уəлихановтың жарық көруге тиіс жинағына редакция жасауымды жəне баспагер табуымды өтінді. Өз жұмысым қиын болса да, бұл істің жеңіл еместігіне қарамастан, Шоқан Уəлиханов аруағының ризалығы үшін жəне шығыстануға үлес болсын деп бас тартпай, оның жазбаларын қарап шығуға келістім. Бұл жұмыс мен ойлағаннан да күрделі болып шықты».

Н.И.Веселовский – Ш.Уəлихановтың бір томдық шығармалар жинаған алғаш бастырып шығарушы (1904) əрі оның редакторы. Оның баяндауы арқылы қазақ ғалымының нағыз талантын, оның жазбаларының ғылым, болашақ үшін керек екендігін Ресей оқымыстыларының ұққандығын көруге болады.

  1. Потанин Григорий Николаевич (1835–1920) — Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ, этнограф, фольклоршы, Шоқанның жан досы. Омбыдағы кадет корпусын бітірген. Осында оқып жүргенде жас Ш.Уəлихановпен достасып, оның жəне корпус оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің ықпалымен қазақ даласын, көшпелілердің тұрмыс жағдайларын, тарихын танып-білуге əуестенген. 1853–1858 жылдары Семей мен Омбыда əскери қызметте болған. 1859–1862 жылдары Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыған. 1861 жылы студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылған [5].

Г.Н.Потанин — Ш.Уəлихановтың Омбы кадет корпусындағы кезінен өмірінің соңына дейінгі досы, пікірлесі, ғылыми зерттеушілік қызметіндегі əріптесі, өз шығармалары арқылы қазақ халқының нағыз жанашыры мен қамқоршысына айналған ғалым. Оның досы Шоқан туралы жазған еңбегінің бірі — «Ш.Уəлиханов туралы өмірбаяндық мəліметтер» [6]. Осы көлемді шығармасында орыс зерттеушісі Шоқан Шыңғысұлының Омбы кадет корпусына оқуға келгенінен басталған өмір жолын саралап, оның табиғи дарынын, ерекшелігін, ғылымға деген құмарлығын; өз халқына деген сүйіспеншілігін кеңінен баяндаған:

  • «Сібір ведомствосы қырғыздарын басқаратын, шекара бастығы, яғни генералдың, қызметіндегі қырғыз тілінің аудармашысы В.И. Дабшинский 1847 жылдың күзінде Шоқанды Омбыға ертіп келді»;
  • «Шоқан орысша бір сөз де білмейтін, сол кездің өзінде қарыңдашпен сурет салуды жақсы көретін. Омбыда Дабшинский Шоқанның салған суретін көрсеткен. Орыс қаласы баланы таңғалдырғаны сондай, ол қарындашпен қаланың бір көрінісін бейнелепті»;
  • «Өзінің орыс жолдастарынан озып, Шоқан өте тез дамыды. Оның табиғат берген ақыл-ойынан басқа да артықшылықтары болатын. Жексенбі күндері қалада таныстары, туыстары бар кадеттерді демалысқа жіберетін. Шоқанның қалада туысы да, танысы да жоқ еді. Оқуға түспей түрып сурет салатын, өзі өте қабілетті қырғыз баласы көбінің көңілін аударды. Мұндай əдеттен тыс құбылысты бағалайтындар оны демалысқа үйлеріне алып кететін»;
  • «Сол кездің өзінде-ақ, яғни Шоқанның 14–15 жасында, кадет басшылығы оған зерттеуші, тіпті ғалым ретінде қарай бастады»;
  • «Кейін менің бір сыныптасымның айтқаны бар: бала кезінде оған Шоқанның армандары таңғаларлық көрініпті. Корпус ауласының Ертіске қараған артқы есігінің алдында бір топ кадет тұрған. Осы жерден Ертістің қарама-қарсы жағасында төселіп жатқан даланың кескіні көрінетін. Бұл көріністе ұшы-қиырсыз жазық дала көкжиегімен өзіңді Орталық Азия шөлінің етегінде тұрғандай армансыз сезінесің. Шоқан топ ішінде тұрып, өз арманын ары қарай жалғастырды: ол осы далаға оңтүстік шетіне дейін енсе, аржағы Қиыр Шығыс, ол жерден жұмбақ Қытай басталады»;
  • «Бұл кезде П.П. Семенов Батыс Сібірде саяхат жасап жүрген еді, алдымен ол Омбы аркылы Іле өңіріне өтіп, Ыстықкөл мен Тянь-Шаньның ең биік нүктесі Хан Тəңірінде болып, қысқа қарай Барнаулға қарай шығып кетеді. Омбы арқылы өткен жолында ол Гутковскийдің үйінде болып, онда Шоқанды көреді. Ол Шоқанның университеттің Шығыстану бойынша курсын тыңдау үшін Петербургке бару ойын құптады. Шоқанға барғанымда ол жаңа ғана келіп кеткен саяхатшы туралы ғажап əсерде отыр екен. Шоқанның бұл таныстыққа қатты қуанатындай жөні бар еді, себебі Шоқан Шығыс тарихына бұрынғыдан да тереңірек, қызыға кіріскен еді. Бұл тарихпен қырғыз тайпасы арасындағы жұмбақ қатынастар, оның арасында үйсін, керей, найман секілді ескі рулардың аталуы — олардың бір ұрпақтың атауы болуы оны ойлануға итеретін, мүмкін, ол Шығыстың көне тарихын əшкерелеуді армандаған болар»;
  • «Əулиеата жорығында орыс əскерінің Шоқанның діндес бауырларына немесе мүмкін руластарына, яғни қырғыздарға, жасаған айуандық істері оны қатты ренжітеді. Ол осыдан кейін бұл жорыққа қатыса алмайтынын көріп, Черняевпен айырылысып кетеді. Сол жерден Верныйға кетіп, одан əрі Құлжаның батыс жағын қоныстап жүрген албандардың (Үлкен Орданың руы) билеушісі Тезек сұлтанның аулына барады»;
  • «Шоқанның қырғыздар туралы жазған əңгімелері өте қызық болатын. Əрине, ол басшылары оның ағалары Саржан мен Кенесары болған қырғыз көтерілісінің тарихын қызықтырақ етіп жаза алатын еді. Осы тарих жөніндегі əңгімелерді қырғыз өлеңдерінен алынған үзінділер, мақал- мəтелдер, халық аңыздары жəне ұлттық салт-дəстүрлермен байытып отырды»;
  • «Шоқан қырғыздар бейбіт сүйгіш халық екенін дəлелдегісі келді, олар — ұры-барымташылар емес, бейбіт сүйгіш бақташылар. Олардың киімдеріне, қару-жарақтарына қараңдар, — деді ол. Оқ-дəрілері бар шекпен, қайқы қылыш, т.б. оларға беймəлім; олардың киімдері — халат, қаруы — табынның ішіндегі жылқыны ұстайтын сырғауыл»;
  • «Шоқанның өз халқын сүйгені анық еді. Қырғыздан шыққан қызметшілерге, қайыршыларға нəзік ілтипатпен жəне ізгілікпен қарай бермейтін, мүмкін қырғыздың қарапайым адамдарына сүйіспеншілік болмаған шығар, бірақ оларға жақсылық жасау жəне өз халқының болашағы үшін қызмет жасау оның арманы болатын. Ол, ең алдымен, қырғыз халқын, содан соң Сібірді, содан кейін Ресейді, сонан соң барып бүкіл адамзатты жақсы көретінін айтатын. Орталық Азиядағы бай адамдар бір-біріне сыйға тартқанды жақсы көретін бірінің ішіне бірі салынған сол күңгірлік сандықтар сияқты бір сүйіспеншілік екіншісімен ұласып жатты. «Егер орыстар қырғыздарды сабап жатса, онда орыстарға қарсы шығамын, — деді ол, — ал егер француздар орыстарға қарсы соғыс ашса, онда менің жүрегім орыстар жағында».

Г.Н.Потанин Шоқанның кемеңгерлігін жоғары бағалаған. Оның қазақ қоғамындағы алар орнын болжаған: «Шоқанның мінезінде Пушкин немесе Лермонтовтың мінезіне ұқсас белгілер бар болатын... Егер Шоқан қырғыз халқының ішінен оқырман ортасын тапса, өз халқының кемеңгері болып шығар еді. Сондай-ақ өз жерлестерінің əдебиеті пайда болуының негізін қалар еді».

Орыс (Г.Н.Потанин) жəне қазақ (Ш.Ш.Уəлиханов) халықтарының атақты екі өкілінің саяхатшы- географ ретінде қалыптасу жолы бірге өткен. Бұл туралы Г.Н.Потанин Н.И.Веселовскийге жазған хатында: «Мен Шоқанмен бар болғаны төрт рет кездесіппін: Омбыдағы корпуста — бес немесе алты жыл; кейін Омбыда офицер болған кезімізде, мен казак офицері болып Казак əскери басқармасында қызмет еттім, Шоқан Гасфорттың адъютанты болған кезінде — екі жыл, содан соң Петербургте бір жылдай жəне ең соңғы рет Омбыда жолығыппын» [7], — деп жазған.

Г.Н.Потанин Шоқан Шыңғысұлы қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған ғылыми мұрасын жинап, бастыру ісіне үлкен үлес қосты. Ол өмірінің соңына дейін Шоқан тақырыбынан қол үзбеген, аяулы досының өмірі мен қызметі туралы баспасөз бетінде жиі мақала жариялап отырған.

  1. Ядринцев Николай Михайлович (1842–1894) — орыс этнографы, археолог, Сібірді зерттеуші, публицист. Сібір мен түркі тілдес халықтарды зерттеуге елеулі үлес қосты. Алтай өлкесіне жүргізген комплексті экспедициялары үшін (1878, 1880) Орыс география қоғамының алтын медалімен марапатталды. Ш.Уəлихановпен жақын таныс болып, ол жайлы көптеген мақалалар жазды [8].

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның шығысы, Батыс Сібір өңірін кеңінен зерттеуші, Ш.Уəлихановтың досы, пікірлесі болған Н.М.Ядринцев. «Шоқан Уəлиханов туралы естеліктер» [9] деген туындысында Шоқанның таланты, қабілеті, ғылымға бейімділігі, оның қоғамдық белсенділігі, туған халқының тарихына қызыққандығы туралы былайша суреттеген:

  • «Шоқан Уəлиханов корпуста ізденімпаздық жəне асқан қабілеттілік танытты, ол көп оқыды жəне оның сүйікті авторлары Диккенс пен Теккерей болды. Бұл авторлар оған ерекше ұнады, себебі Уəлихановтың өзі керемет əзілқой болды...
  • Петерборда мен Шоқан Уəлихановпен Қашғар сапарынан кейін даңқы жайылған офицер ретінде кездестім. Шығыстанушылар онымен таныстықта болып, мен оның əр түрлі шығыстық қолжазбалар мен карталармен айналысып жүргенін көріп жүрдім»;
  • «Оған түркі əдебиеті саласы оңайға түсетінін байқадым, себебі ол қырғыз тілін еркін меңгерген еді. Ол қытай тілін білмеді, бірақ қытай авторларының аудармаларын қызығып оқыды»;
  • «60-жылдары Уəлиханов орыс өмірінің қозғалысы мен жаңаруын бақылап отырды, ең жақсы журналдарды оқыды, Костомаров сүйікті профессоры еді, Уəлиханов оны тыңдау үшін университетке баратын. Тап осындай қызығушылықпен Уəлиханов Орыс географиялық қоғамында не боп жатқанын бақылап отыратын, қырғыз даласы туралы географиялық мəліметтермен қамтамасыз етіп, қырғыздар жайлы этнографиялық зерттеулер жүргізіп, материал дайындады»;
  • «Ол толыққанды білім алған, зиян əдеттерден аулақ адам еді жəне білімі мен мəдениеті жағынан төмен тұрған қандастарына астамсып қарамайтын. Ол өзін қоршаған орыс ортасын түсінді жəне еуропалық өркениеттің негізінде онымен етене болуға əзір еді. Бұл оның өмірінің жаңа қағидасы еді»;

«Біз онымен 1863 жылы Омбыда қайта кездескенімізде, Г.Н.Потанин қатысқан Струве экспедициясынан оралған болатын. Осы кездесуді атап өтіп, біз бір кеш жиналып отырдық. Шоқан да осы отырыста болды. Эдуард Струве қырғыздардың казактарды жек көретіні жайлы əңгіме қозғады. Кенет Уəлихановтың еріндері кекесінмен дір етіп, өзінің ең жақын досы əрі мектептес жолдасы, бұрынғы казак сотнигі Г.Н.Потанинге сондай мейірлене көз тастап, Струвенің алдында тұрып былай деді: «Мен қырғыздардың казактарды жек көрмейтініне куə келтіргім келеді. Сондықтан да қырғыз ретінде казак досымды құшамын жəне оған арнап тост көтеремін». Осылайша, ол Потанинді ыстық ықыласпен құшақтап сүйді».

Өмірден ерте кеткен Шоқанның атқара алмаған істеріне Н.М.Ядринцев қынжылады, оның арманының орындалмағандығына өкінеді:

«Қырғыздың киіз үйінде бесіктен шыққан дарынды қырғыз өмірінің соңғы сəтінде өз отанына оралып, туғандарының арасында тыныш өмір кешеді. Бұл дарынды туманың өзге өмірді, өркениетті көріп, білім алып ақыры, осының бəрінен безініп келген тағдырының бір көрінісі. Бұл безінуде өзге елдің мəдениетіне сенбеу, қауіптену, өз-өзін сақтап қалуға деген ниет жатыр. Дəл осы сезімнің жетегімен Шоқан Уəлиханов туған жеріне оралса керек. Ескі орта, əдет-ғұрып, туған ел жүректен оңай кетпейді, Шоқан өзінің еліне, жеріне адал, халқын сүйетін азамат болып қала берді. Оның арманы халқын сақтай отырып, оны еуропалық біліммен сабақтастыру еді.

Көп жыл өткеннен кейін біз Шоқан Уəлихановтың бейітіне арнап ескерткіш тұрғызу жайлы сөйлесуге келген Шоқанның туыстары, екі қырғыз қартты көрдік. Олардың бірі сұлтан Мұса Шорманов болатын. Бұл тілекті генерал-губернаторлардың біреуі айтса керек. Жоңғарияға саяхат жасаған, География қоғамының мүшесі бұған, əрине, лайық болатын.

Қариялармен əңгімелесе отырып, біз қазақ даласының өкілдері — қарттардың көз жасының куəгерлері болдық. Шоқан өз ұлтының мақтанышы жəне сүйікті ұлы болды. Жəне ол естеліктерде де осылай қала бермек», — деп жаза отыра, орыс зерттеушісі қазақ халқының ғұлама ғалымының шығармашылығының өз халқы, жалпы өркениет пен ғылым үшін өлместігін атап көрсеткен.

Исатай мен Махамбет, одан кейін туысы Кенесары бастаған қарулы көтерілістің жеңілісінен кейін өзінше ой түйіндеп, қазақ қоғамына эволюциялық дамудан басқа жолдың жоқтығын түсінген Шоқан өмірінің соңғы кезеңінде өз сенімдерінің дағдарысқа ұшырағанын сезінген. Мұны маңайындағылар да байқаған. Мысалы, Н.М.Ядринцев оның Түркістан жорығынан əбден қалжырап қайтқан кезін былай деп еске алады: «Ерекше дарынды əрі білімді, Орта Азия географиясын зерттеумен шұғылдаған, өз халқының сүйікті ұлы, қырғыз Ш.Уəлиханов офицерлік ортада алаңсыз өмір кешіп, асқан ақыл жəне тамаша тапқырлық қасиетке ие бола тұрып ол орыс өркениетіне күйінішпен қарады, бұратана халыққа жасаған қиянаттарын көріп, қапаланған ол түркістандық саяхаттан күш-қуаты сарқылып, далада, қазақ үйінде, көшпенді туған–туыстары арасында, оларға болашақта жақсы өмір сүру туралы үмітін де айтуға шамасы келмей, өкпе ауруынан қайтыс болды» [10].

  1. Ш.Уəлихановтың саяхатшы-географ ретінде қалыптасуына Орыс география қоғамы өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болуының игі əсері аз болған жоқ. Олардың ішінде Шоқан Шыңғысұлының саяхат жазбаларының жарық көруіне Орыс география қоғамының хатшысы Ф.Р.Остен-Сакен қамқорлықпен қараған. Бұл екі ғалымның достық қатынаста болғандығын Шоқанның 1863 жылы 20 маусымда К.К.Гутковскийге жазған хаттарынан айқын аңғарамыз.

Шоқанды Қазақстан мен Орта Азия халықтары əдебиеті нұсқаларының, сирек кездесетін ежелгі қолжазбаларының, өнер ескерткіштерінің көрнекті жинаушысы ретінде бағалай келіп, Ф.Р.Остен- Сакен «Шоқан Уəлихановты еске алу» деген мақаласында [11]: «Бұл материалдарды жинау үшін Уəлиханов еш аянбастан өз халқының аңыздарын, əңгімелерін, поэмаларын ерінбей жазып алып, ортаазиялық сөйлеу мəнерін жаттап, жергілікті адамдар тапқан көне дүниелерді қымбатқа сатып алды; өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан будда шіркеуіне кіріп, ол жерден сирек жазбаларды алды. Осынау құнды дүниелердің ғылым үшін зор маңызды болғандықтан, текке кетпес деп үміттенеміз», — деп толғанған.

  1. Мушкетов Иван Васильевич (1850–1902) — орыс геологы, географы. 1874–1875 жылдары Тянь-Шаньға, Қаратауға, Сырдария бойында (Қазалыға дейін) экспедицияға шығып бірнеше пайдалы қазыналар кендерін ашып зерттеді. 1877–1880 жылдары Орта Азияда жүргізген зерттеулерінің нəтижесін «Түркістан» атты еңбегінде (1886–1906) жариялады [12].

И.В.Мушкетовтың байқағанындай: «1858 жəне 1859 жылдары Шоқан Уəлиханов көпес ретінде сауда керуеніне еріп алғаш рет Верный қаласы мен Ыстықкөлден Зəукі асуы арқылы Тянь-Шаньның барлық жоталарын кесіп өтіп, Шатыркөл көлінен асып Қашғарға барды.

Уəлиханов мырза өз саяхатының барлық нəтижелерін жариялап үлгермеді; ол тек маңызды ғылыми мəні бар, автордың сирек кездесетін байқампаздығы мен мол білімін танытатын бірнеше мақалаларын жарыққа шығарды; шыққан тегі жағынан — қырғыз, ол жергілікті халықтардың тілін жақсы білді, сондықтан жергілікті халықтардан əр түрлі жəне толық мағлұматтарды одан артық ешкім жинай алмайтын еді, егерде ол Қашғардан қайтып келген соң көп ұзамай қайтыс болмағанда оның еңбектерінің нəтижелері тіпті жемісті болар еді» [13].

  1. Семенов (Семенов–Тянь-Шанский) Петр Петрович (1827–1914) — орыс географы, статистик, қоғам қайраткері. 1856–1857 жылдары Тянь-Шаньді зерттеп, алғаш оның бет-бедері мен биіктігінің сызбасын жасаған. Орталық Азияға бірнеше ірі экспедиция ұйымдастырып, басшылық еткен. Орта жəне Орталық Азиядағы, Кавказдағы, Аляска мен Шпицбергендегі бірқатар географиялық нысандар; сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың 100-ге жуық жаңа түрі Семенов–Тянь-Шанскийдің есімімен аталады [14].

Ш.Уəлиханов көрнекті ғалым, Орыс географиялық қоғамын басқарған П.П. Семенов–Тянь- Шанскиймен 1856 жылы Омбыда Тянь-Шаньға бара жатқан сапарында танысқан. Бұл кездесу қазақ ғалымының бүкіл ғылыми ғұмырын айқындап берді. Жиырмадан енді асқан жас ғалымның Қазақстанның шығыс жəне оңтүстік-шығыс аудандарын, Тянь-Шань мен Ыстықкөл маңын зерттеген алғашқы еңбектері Семенов–Тянь-Шанскийдің қолдауының арқасыңда орыс географтарының наза- рына ілікті. 22 жастағы Шоқан дүниежүзіндегі ең таңдаулы Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. Саяхатшы-ғалымның көптеген зерттеу жұмыстары Семенов–Тянь-Шанскийдің тікелей араласуымен қолдау тапқан. Басқасын айтпағанның өзінде, аты шулы Қашқар саяхатына ұсынған жəне саяхаттың бағдарламасын жасауға басшылық жасаған да осы Семенов–Тянь-Шанский болатын.

Ол туралы орыс ғалымы өзінің «Батыс Сібірдегі жəне Жетісу өлкесіндегі кездесулер» атты естелігінде: «...Мен оған қазір Орыс жəне Берлин географиялық қоғамдарын жəне де бүкіл көзі ашық қауымды алаңдатып отырған д-р Адольф Шлагинтвейттің өлімі туралы дəлелді мəліметтер жинау жəне сол материалдардан, күнделіктерден ең жарамдысын іріктеу үшін поручик Шоқан Уəлихановты ұлттық киіммен Қашғарға аттандыру, ал кейін Уəлиханов қайтып оралған соң, генерал- губернатордың қарамағында қалдыра отырып, Қырғыз даласы туралы оның жинаған құнды этнографиялық жəне тарихи материалдарын өңдеу үшін Петербургке ұзақ уакытқа жібере тұру тура- лы өтініш жасадым. Бұған қоса мен Уəлихановқа Географиялық қоғамның үлкен қамқорлығын жəне жəрдемін уəде еттім [15].

Өзіне осындай қолдау білдірген ұстазымен Шоқан өле-өлгенше достық қатынасын үзген емес. Ол өмірден өткенде Семенов–Тянь-Шанский Орыс географиялық қоғамының атынан көңіл айтып, оның ғылымға сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. «Аққан жұлдыздай» жарқырап өте шыққан аяулы ғалымның артында қалған қолжазбаларының жарық көруіне үлкен еңбек сіңірді.

  1. Достоевский Федор Михайлович (1821–1881) — атақты орыс жазушысы. Оның бес жыл (1854–1859) өмірі қазақ жерінде — Семей қаласында өтті. Ұлы жазушының творчестволық өмірбаянында бұл дəуір елеулі орын алады. Жоғарғы қауымнан өгейлік көріп, қапастан қиналып шыққан адамға қазақтың кең даласы шипалы əсер етті. Оның Шоқан Уəлиханов сынды ұлы перзентімен достасты. Шоқанмен ол 1854 жылы Омбыда танысқан. Сол жылы көктемде Семейге кел- геннен бастап өте жақындасып кетті. Бұл табысу Шоқанның да өмірі мен творчествосында үлкен із қалдырды. Достоевскийдің Шоқан жайындағы, сол арқылы қазақ халқы жайындағы лебізін«Жазушының күнделігі» мен хаттарынан оқуға болады [16].

Орыс жазушысы өзінің белгілі хатында [17] Шоқанға: «Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен еш қысылып-қымтырылмай-ақ, сізге ғашық болып қалғанымды жасырмай айтамын. Мен ешқашан, ешкімге, тіпті туған бауырымды да сізге құштар болғандай жақсы көрмеппін, қалай бұлай болғанын, бір Құдай біледі...

Өз халқыңыз туралы жерлестеріңнің арасында алғашқылардың бірі болып айтып жеткізу, бұған қоса өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқының жоғын жоқтаушысы болу қасиетті іс, ұлы мақсат емес пе? Сіз еуропаша толық білім алған тұңғыш қырғыз екеніңізді еске алыңыз. Тағдыр бұған қоса сізді тамаша адам етіп жаратты, сізге жүрек пен кеңпейілділік берді», — деп жазған.

Сол кезде Ф.М.Достоевскийді өзіне ғашық еткен Шоқан не бəрі 19 жаста еді. Орыстың əйгілі жазушысының өзінен осындай сөздерді тудырған Ш.Ш.Уəлиханов бүгінде тарихтың ірі тұлғаларының, жарық жұлдыздарының біріне айналды.

Түптен келгенде, Шоқан Шыңғысұлы Уəлихановтың өмірі, қызметі, шығармашылығы туралы бүкпесіз жазып, оның қызметін ресейлік, еуропалық ортаға таныстыруға өлшеусіз үлес қосқан, осы арқылы патша үкіметінің отарлық саясатына қарамастан, сол кезде-ақ ұлттар арасындағы қатынасқа, əділетсіздікті басынан кешкен қазақ халқының тарихына, болашағына ниеттес болған Н.И.Веселовский, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, Ф.Р.Остен-Сакен, И.В.Мушкетов, П.П.Семенов– Тянь-Шанский, Ф.М.Достоевскийді халқымыздың нағыз достары деп ұғынып, олардың есімдерін көпұлтты Отанымыздың қазіргі жəне келесі ұрпақтарына таныстыру — баршамыздың борышымыз.

Қазақстандық ғалымдар мен жазушылардың шоқантану мəселесіне арналған еңбектері

Кезінде кеңестік шектеу саясаты шоқантануға зиянын тигізді. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін жарияланған қазақ басылымдарындағы Ш.Уəлиханов жайлы мəліметтер кеңестік дəуірде пайдаланылмады. Олар сынға ұшырады. Ə.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, тағы басқа арыстарымыздың Ш.Уəлиханов туралы жазғандары ескерусіз қалды. Ғалым жазып алып, жоғары бағалаған «Едіге» жырын сөз етуге тыйым салынды. Шоқан шығармаларының ана тілімізде толық жарық көрмей, түрлі сылтаулармен бүркемеленіп келуі де талай құпия қатпарлардан сыр аңғартса керек.

Тəуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана көне жазбалар, пайдалануға тыйым салынған əдебиеттер жарық көре бастады. Оларды Ш.Уəлихановтың əдеби мұрасын талдау барысында кеңінен пайдалануға, сөйтіп, ғалымның төл əдебиетіміз туралы еңбектерін тиянақты зерттеуге мүмкіндік туды.

Шоқантану саласындағы іргелі еңбектердің авторлары: М.Дулатұлы «Шоқан Шыңғысұлы Уəлихан» («Қазақ», 1914, № 71, 73, 76, 77); Ш.Сəтбаева «Шоқан — əдебиетші» (Алматы, 1989); Р.Бердібаев «Шоқан Уəлиханов» («Қазақ фольклористикасының тарихы». — Алматы: Ғылым, 1988, 47–91-б.); Х.Сүйіншəлиев «Шоқан Уəлиханов (1835–1865)» («Қазақ əдебиетінің тарихы». Алматы, 1997, 813–836-б.) т.б. Бұл еңбектерде Шоқанның əдебиеттанулық ой-пікірлері жалпы қарастырылған.

Ғалымның «Манас» дастанын зерттеген еңбегі өте маңызды М.О.Əуезов Шоқанның бұл саладағы еңбектерін жалғастырып, «Манасты» жете зерттеген арнайы еңбек жазып қалдырды. Мұны М.Əуезовтің «Əр жылдар ойлары» (1959) атты кітабынан оқуға болады.

Атақты жазушы С.Мұқанов та Ш.Уəлиханов шығармашылығын зер сала зерттеп, соны еңбектер жазды. Мысалы, оның «Жарқын жұлдыздар» монографиясы — Шоқан мен Абай шығармашылығы туралы соны зерттеу. Жазушы қаламынан туған «Шоқан» пьесасы мен «Аққан жұлдыз» трилогиясы тамаша ғалымның көркем бейнесін жасап, оның есімін кейінгі ұрпаққа паш еткен туындылар болып отыр.

Ш.Уəлиханов мұраларын зерттеуде академик Ə.Марғұланның атқарған еңбегі аса зор. Оның басшылығымен жиылып-теріліп, тыңғылықты түсініктемелерімен екі мəрте жарық көрген Шоқан Шыңғысұлының бес томдық шығармалар жинағы — айрықша құнды қазына.

Ə.Марғұланның қызы Дəнел ол туралы өз естелігінде былай дейді: «Əкем үшін Шоқан Уəлиханов — баға жетпес ұлы тұлға. Ол — қазақ арасынан шыққан еуропалық деңгейдегі тұңғыш ғалым. «Білімдінің күні жарық» дейді ғой. Ол жаққан жарық — мəнгілік жарық! Ол өз білімін қазақ мүддесімен байланыстыра білді. Рас, оның əлемді тануы қазақтан өзгеше болды. Шоқан нағыз патриот еді. Бала күнінен Айғаным əжесінің ертегі, жырларына қанып өскендіктен, болмысы, санасы таза қазақы қалпын сақтады. Ол — этнограф та. Нансаңыз, оны өмір бала жастан ғылым жолына бұрды. Қазақтың тұрмыс-тіршілігін, жырларын қағазға түсіріп, жаза берді, жаза берді. Яғни ол ғалымдық жолын бұғанасы қатпаған бала күнінен бастады десек болады. Ғасырлар бойы жинақталған ұлтымыздың əдебиетін, өнерін, тарихын қаймағы бұзылмаған кезінде көріп, сол қалпында жазып кеткендігі үшін де біз оған қарыздармыз. Шоқан шығармалары — ата-бабаларымызға қатысты ілімнің қайнар көзі.

Шоқан туындылары 1960-жылдардан бастап жинақтала бастады. Əкем көп жұмыс істеді. Бір ғана əкем емес, қаншама ғалымдар осы жолда тер төкті. Əлкей Марғұланның ұйымдастыруымен, жетекшілігімен, жанкешті еңбектің арқасында Шоқанға қатысты 5 томдық кітап жарық көрді.

Шоқанды іздеу, Шоқанды тану жұмыстарын əкем сонау студенттік кезеңдерден бастады. Ленинградтың мемлекеттік университетінде студент боп жүргенде де, кейін де ол талай мұрағат, кітапханаларды кезіп жүріп, инемен құдық қазғандай еңбек етіп, Шоқан еңбектерін жинақтаған. Бірде Шоқанға қатысты өткен жиында бір ғалым маған арнайы келіп: «Айналайын, əкең Шоқанды зерттемесе, тамшылатып жинамаса, 5 томдық та болмас еді, біз Уəлихановты білмес те едік, оны танымас та едік», — деп ағынан жарылған еді [18].

Ə.Марғұлан басшылығымен басылып шыққан Ш. Уəлихановтың бес томдық академиялық шығармалар жинағы тамаша ғалымның тұлғасын көз алдыңа толық келтіреді. Шоқан шығармаларының баспа бетінде түгел шығуы оның талантының жаңа қырларын тани түсуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Əлкей Хақанұлы Марғұланның Шоқан Шыңғысұлына деген, оның мұрасына деген ықылас-пейілін, сүйіспеншілігін қалың қауым оның «Шоқан жəне Манас» [19] деп аталатын зерттеу кітабынан тағы да анық көз жеткізді.

Жазушы, географиялық көптеген кітаптардың авторы С.Н.Марков Орта Азияның атақты зерттеушісі Ш.Уəлиханов туралы баяндайтын «Шыңдарға бет алғандар» («Идущие к вершинам») деген тарихи-географиялық повесть жазды. Онда XIX ғасырда Орта Азияны мекендеген халықтар мен тайпалардың өмірі мен тұрмысы, салт-дəстүр, əдет-ғұрпы жазылған жəне Верный қаласына ерекше тоқталып, оның болашағының үлкен екендігі туралы əңгімелейді. С. Марков өзінің жас ғалым-қазаққа деген сүйіспеншілігін мына өлең жолдарымен білдіреді [20]:

Чужая жизнь безжалостней моей Зовёт меня... И что мне делать с ней? Ведь можно лишь рукою Великана

В лазоревой высокогорной мгле Куском нефрита выбитъ на скале Рассказ о гордом подвиге Чокана.

Өлеңнің қазақша мазмұны [21]:

Қыршын кеткен басқа жанның өмірі

Шақырады мені өзіне...

Не істесем екен енді мен жай табу үшін көңілі?

Тек Алыптың қолымен ғана

Жартасына жақұт таудың шыңы асқақ

Шоқанның ерен ерлігі жайлы əңгімені

Асыл тастармен ғана жазуға болады оны растап.

Қазақтың ұлы ойшылы Шоқан Уəлихановтың ғұмыры мен шығармашылығын түбегейлі зерттеп, оның сапарларының ізімен жүріп өткен, өмір сүрген жерлерін арнайы аралаған, соның нəтижесінде бірнеше кітап жазған белгілі қаламгер — Жарылқап Бейсенбаев. Мəселен, өзінің «Жасын-тағдыр жарқылы. Тарихи-ғұмырнамалық хикаят» [22] атты кітабында қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы- демократы бітіміне ол ғұмыр кешкен мекендер арқылы көз жіберген. Автор əр мекеннің өткені мен бүгініне, сол орталардағы Шоқан тағдырына тікелей қатысты көптеген жайларға назар аударған. Тарих, архив деректерін пайдалана отырып, ғалым өмірінің бұған дейін мəлімсіз тұстарына барлау жасаған.

Сонымен, халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Ш.Уəлихановтың қысқа ғұмырында тындырған тарихи, əлеуметтік, əдеби еңбектерін; халқы, болашақ ұрпағы жайындағы ой-толғаныстарын; парасатты пікірлерін айтудан, жазудан оның замандастары да жалықпаған, шəкірт ұрпағы да ешқашан жалыққан емес, жалықпайды да.

Сөз соңы

Шоқан Шыңғысұлы Уəлихановтың ғылыми мұрасы 100 жылдан астам уақыт бойы зерттеліп келеді. Ол туралы жазылған кітаптар өте көп-ақ.

Əйтсе де, бұл (Ш. Уəлиханов туралы əдебиеттердің көптігіне қарамастан) оның өмір жолы, ғылыми жəне қоғамдық қызметі түгелдей зерттелді деген сөз емес. Мысалы, бүгінгі күнге дейін зерттеушілердің қайсысы болса да оның туған жері мен қалай қайтыс болғандығы жөнінде нақты бір тоқтамға келген жоқ. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Шоқанның көзқарасы əлі толық зерттелген жоқ.

Ғалымның талай хаттары мен зерттеулері сол күйі таптырар емес. Олардың Ресейдің құпия қоймаларында бүркеліп жатуы да мүмкін. Əрине, талайының ұшты-күйлі жоғалғаны — амалсыз мойындайтын ақиқат. Шоқан мұраларын тəуелсіздік заманы талабы тұрғысынан зерттеу жағына да онша көңіл аудара алмай жатқан сияқтымыз. Осының барлығынан шығатын қорытынды — Ш.Уəлихановтың өмір жолы мен қызметіне, шығармашылық мұрасына қатысты зерттеулерге нүкте қою əлі ерте.

Сөз соңында айтарымыз, ХІХ ғасырдың өзінде орыс ғалымдарынан жоғары бағасын алып,«Шығысты зерттеу əлемінің аспанынан аққан жұлдыздай өте шыққан» Шоқан ХХІ ғасырда да ғылым үшін маңыздылығын мысқалдай да кеміткен жоқ. Өз халқы үшін оның ағартушылығы мен этнографтығы, ауыз əдебиетін жинаған еңбегі тағы бір төбе. Қамшының сабындай аз ғана ғұмырында халқына мол мұра қалдырған Шоқанды қай қырынан да жан-жақты, терең зерттей түсу, аша түсу — бүгінгі жəне кейінгі ұрпақтың ең қасиетті міндеттерінің бірі болып қала бермек.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Қарасаев Ғ. Ресей зерттеушілері Шоқан Уəлиханов туралы (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы) // Қазақ тарихы. — 2009. —№ 1. — 35–37-б.
  2. Жолдасбеков М. Асыл арналар: Зерттеулер, мақалалар. — Астана: Күлтегін, 2012. — 295-б.
  3. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 3-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл.» Бас ред., — 23-б.
  4. Веселовский Н.И. Аққан жұлдыз // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т. / 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 69–71-б.
  5. Қазақ Совет энциклопедиясы. 9-т. / Бас ред. М.Қ. Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 321, 322-б.
  6. Потанин Г.Н. Ш.Уəлиханов туралы өмірбаяндық мəліметтер // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. 5-т. / 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 340–363-б.
  7. Г.Н.Потаниннің Н. Веселовскийге жазған хаты (1893 жылғы 3 желтоқсан, Иркутск) // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 5-т. / 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 220–221-б.
  8. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 12-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энцикл.» Бас ред., 1978. — 521-б.
  9. Ядринцев Н.М. Шоқан Уəлиханов туралы естеліктер // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т. / 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 81–84-б.
  10. Ядринцев Н.М. Орыс шығысындағы бұратаналардың оқу-ағарту ісі // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 5-т. / 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 283–284-б.
  11. Остен-Сакен Ф.Р. Шоқан Уəлихановты еске алу // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 5-т. / 2-бас.
  12. Алматы: Толағай групп, 2010. — 269–270-б.
  13. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 8-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 196-б.
  14. Мушкетов И.В. Шоқан Уəлиханов жəне оның геологиялық коллекциясы // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т. / 2-бас. — Алматы: «Толағай групп», 2010. — 74–75-б.
  15. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 10-т. / Бас ред. М.Қ. Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 123-б.
  16. Семенов-Тянь-Шанский П.П. Батыс Сібірдегі жəне Жетісу өлкесіндегі кездесулер // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 5-т. / 2 – бас. — Алматы: «Толағай групп», 2010. — 231–237-б.
  17. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 4-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 29-б.
  18. Ф.М. Достоевскийдің хаты (1856 жылғы 14 желтоқсан, Семей) // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы.— 5-т. / 2-бас. — Алматы: «Толағай групп», 2010. — 172–175-б.
  19. Марғұлан Д. Əкем жайлы ізденсем, Шоқанға жолығамын // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Шоқан Уəлиханов (1835– 1865). — 2011. — № 12 (24). — 40–41-б.
  20. Марғұлан Ə. Шоқан жəне Манас. — Алматы: Жазушы, 1971. — 164 б.
  21. Марков С.Н. Идущие к вершинам: Историко-биографическая повесть. — Алма-Ата: Жазушы, 1981. — С.
  22. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 130-б.
  23. Бейсенбаев Ж. Жасын-тағдыр жарқылы. Тарихи-ғұмырнамалық хикаят. — Алматы: Жалын, 1987. — 288-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.