Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Таңжарық ақынның шығармашылық ғұмырнамасы

Жүрегі жұртым деп соғып, халқының азаттығы мен өркениетке жетуі үшін қаламын қару ете білген, өз елінің бостандығы мен бақыты үшін талантын аянбай арнаған, өмірін құрбан еткен айтулы ақындардың бірі — Таңжарық Жолдыұлының өмір сүрген дəуірі бізге əрі жақын, əрі алыс деуге болады. Жақын болатыны ол тарих қойнауына күні кеше ғана жылжыған ХХ ғасырда өмір сүрді. Алыс болатыны өзге жұртта, бөлек қоғамда жасады. Тағдыр оның маңдайына бұралаңы көп күрес пен азапқа толы өзгеше өмір сыйлады.

Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы наурыздың 15 жұлдызында Шынжаң Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданындағы Қамысты деген ауылда дүниеге келді. Бала Таңжарық он жасында Мыңбай деген молдадан дін оқуын оқып, араб əліппесі негізіндегі шағатай жазуында сауатын ашады. Ауыл молдасынан үш қыс оқығаннан кейін ауылдық медреседен бірнеше жыл үздік- создық оқыды. Ол оқыған оқуына қоса халық арасындағы ауыз əдебиеті мұраларымен танысып, халық ақындарын ұстаз тұтты. Сол өңірде өлең-той, шілдехана, айтыс, бəйіт айту болса, Таңжарық одан қалмады. Сөйтіп, бала күнінен өлең құмарлыққа салынған ол кімнен шешендік өнер мен жақсы əн байқалса, соны жағалады. Кімде өлең кітап болса, жабысып сұрап алып, соны күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып көшірді, жаттады. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Лəйлі-Мəжнүн», «Біржан-Сара», «Мың бір түн» сияқты халықтық жəне шығыстық эпос, жыр, аңыз, ертегі Таңжарыққа сол тұста таныс болды. Оның ақындық өнері сол қазақтың батырлық, ғашықтық эпостарын жаттаумен жарыса 11–12 жаста басталды. Ар жағынан жыр ағыны кернеп тұрған өжет бала алдына не кездессе де тайсалмай, қысылмай соны өлеңге қосты. Бұл тұстағы өлеңдері, əрине, бала Таңжарықтың жасына, жасаған ортасына байланысты еді, дені ауылдағы кейбір сорақылықтар мен өз құрбы-құрдастарына арналған тапқыр да тық етпе дүниелер еді.

Таңжарық 1919 жылы күзде Күре қалашығындағы монғол-қазақ мектебінің қытай тілі сыныбына оқуға түседі. Ол кез Іле өңірін милитаристер билеп тұрған заман, аймақ орталығы Қорғас ауданына қарайтын Күре қалашығы болатын. Іле Дубаны өзінің сойыл соғарлары мен бек-төрелерінің балаларын оқытуға арнап, сол қалашықтан 1910 жылдың орта шенінде жеті жылдық мектеп ашқан. Дубан жағынан осы мектепте оқуға Таңжарық ауылына бір бала салық болып түскенде, қараңғы халық арасынан «баламыз қытайша оқыса, қытай болып кетеді, оқу қаражатын қалай төлемекпіз?» дегендер шығып, балаларын бұл оқуға жіберуден қашқалақтайды. Сонда жоқ-жітік Жолдының ұлы Таңжарық суырылып шығып, сол салыққа мені жіберіңдер деп өзі тіленіп, оқуға кетеді.

Бұл мектепте үш жылдай оқып, қытай тілін, қытай жазуын меңгерген Таңжарық танымдық тұрғыда мүлде биік сатыға көтеріледі. Мектеп қабырғасында жүріп болашақ ақын бергі жақта іргелі қазақ елі барын, өркендеген мəдениет, өскен əдебиет барын біледі. Ерте есейген, көкірегі ояу бала жігіт көзбен көріп, өнеге алмақ, оқып, жоғары білім игермек, əділет таппақ болып, Күредегі оқуын қанағат тұтпай, 1923 жылдың қаңтарында Шапшал ауданының батысындағы Қалжат шекарасынан Қазақстанға қашып өтеді. Келген бойда Нарынқол ауданындағы жұраттас жақыны Кəрібай ауылын паналайды. «Жұратшылап, тағы бір жақтан оқу іздеп келдім», — деп, өзін жергілікті өкіметке мəлімдейді. Сол жергілікті ұйымдардың қамқорлығы жəне туысқандарының көмегімен Таңжарық оқуға түседі. Сол кезде Қазақстан баспасөзіндегі алаш ұранды ақын-жазушылардың шығармаларымен танысады, бұдан тыс қазақ тіліне аударылған əлем əдебиетінің классиктерін оқиды. Əсіресе Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев мұраларына ерекше зейін қояды. Əлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулат сынды қазақ зиялыларының шығармаларымен танысу нəтижесінде жігерін шыңдай түседі. Оқуға қосанжарлатып өлең де қуады. Талай жерді, талай елді аралайды. Көптеген ақын, небір шешен, төкпе жыршылармен, қоғам қайраткерлерімен танысады. Топ жарып бəйге бермей жүрген Қойдым деген əйел ақынмен айтысады. Бұл жақтағы игі жақсылардың өнеге-нысандарымен танысу, жаңаша білім алу, жаңа қоғамды аралап көру Таңжарықтың қоғамдық санасының бір белестен бір белеске көтерілуіне аса маңызды ықпал етті. Ақын ақиқатты ту қып көтеруден тайынбайтын, халық, ұлт намысын ешкімге таптатуды қаламайтын, қырағы, принципшіл азамат болып қалыптасты. Ол ел-жұртын қара түнек қорлықтан құтқаруға, гүлдендіруге, шынайы əділетке кенелтуге, ізденіп тапқан ақиқаттары мен білім санасын өмір бойы сол жолға арнауға берік бел байлайды.

Содан үш жылды өткеріп, 1925 жылдың соңында қоржын толтырып, көркем əдебиеттерін алып, ауылына қайтып оралады. Қазақстанда болған аз уақыттың ішінде-ақ ой-сана, пайым-парасат, жасампаздық позиция жағынан жаңа бір биік белеске көтерілген ақын ел-жұртқа Қазақстаннан көрген-білгендерін, оған қосып əділет, еркіндік, теңдік, бақытты өмір жөніндегі жаңа пайымдарын өлеңмен елге таратты. Поэзиясында сыншыл реализмнің белгілері айқын байқалды. Сол тұстағы қоғамның кереғарлығын, билік басында отырған шонжарлардың жəне қанаушы саясаттың «сойыл- соғары» болған жергілікті бай мен бектердің халыққа жасаған озбырлық қиянаттарын өз поэзиясында аяусыз əшкереледі. Осы «қылмысы» үшін ақын «Таңжарық ел ішінде теріс үгіт жəне «қызыл» орыстың сөзін таратып жүр» деген жаламен ұлықтар тарапынан 1926 жылдың күзінде тұтқындалып, Құлжадағы Даутай Жамбылының зынданына салынды. Алайда ақын оған бола, алған бетінен қайтып жасып кетпеді. Теңсіздік, əділетсіздік, озбырлықты айыптаудан тіл тартпады. Алдағы күндерден күдерін ешқашан да үзбеді. Оған мына өлең жолдары куə:

Тартынба бір есептен жаудан,

Тəке, Болса да бастан бағың ауған,

Тəке. Қызық көп өмір болса көретұғын,

Біткен жоқ осыменен саудаң, Тəке.

 Ей, Тəке, құлағың сал мына сөзге,

Қызығып жүргенім жоқ пұл мен бөзге.

Көңілінде көздегенің шын əділдік,

Ойласам арманым жоқ онан өзге.

Ақындарының тұтқындалуына қазақ елінен наразылық туылады. Ақын да зынданда тек жатпайды. «Ел-жұрттың өлең жаздым атын салып», — деп ел-жұртына жəне «Сəлем де Алпекеңе», — деп, ел ақалақшысы Алпысбайға жазған хатында:

Сыртым сау,

ішім түтін,қапалықпен,

Бұл күнде көңілім жүдеу, қасіретім мол.

Тереңге түсіп кеттім, ұстар тал жоқ,

Ел-жұртым, есіңе алып, жардамшы бол! —деп еліне шағынса:

Бұқараң қай жеріңе мəз болады,

Басына келген дертін қаға алмасаң.

Бұл менің итте болса бұқарам деп,

Бір кезек нең кетеді хабар алсаң.…

Қойшы да баққан қойын түгендейді.…

Келер деп сенен опа ойға алмаймын,

Сонда да сені ойламай қоя алмаймын, —

деп базыналық айта, Алпысбай ақалақшыға да тілек білдіреді.

Ел-жұрты ақынның тілегін жерде қалдырмайды: «Азаматымызды босат, болмаса тартып əкетеміз», — деп ұлыққа арызданады. Қасына азаматтар қосып беріп, əкесі Жолдыны Даутайдың жамбылына жібереді. Алпысбай ақалақшы да ақын базынасы мен тілегінен аттап өте алмайды.

«Таңжарықты босатып бер», — деп ол да өтініш айтып, сол заманның қабындап тұрған өз жосыны бойынша Жамбыл мəнсаптыларының обыр көмейлеріне пара тығындайды. Бір жылға жуық уақыттан соң, Таңжарық ақыры ел-жұртының көмегімен зынданнан да босап шығады. Бұдан былай ақын бай- манаптарды мінеп-шенеумен қоса, күрделі əлеуметтік тақырыпқа да ойысты. Ол халықты ояту тұрғысында ағартушылық сипаттағы өлең-жыр жазып ғана қойған жоқ, қоғамдық, əлеуметтік істерге де белсене араласты. Шығармаларында азаматтық əуен, жауынгерлік рух күшейді. Отызыншы жылдары Шынжаңда етек алған демократиялық қозғалыс ақынның тынысын кеңітіп, оған біраз жол ашқан сияқты болады. Осы тұста Таңжарық көп жұмыстар атқарып үлгереді. Жаңадан шыға бастаған

«Іле газетінің» тұңғыш редакторы болады. Құлжа қаласындағы ұлттық театрдың негізін қалап, оның алғашқы шымылдығын Бейімбет Майлиннің «Шұға» атты пьесасымен ашады. Газет бетінде «Оқып көр газетімді», «Осы таң кімнің таңы», «Мыс қазан» т.б өлеңдерін жариялайды. Бұл туралы мына жолдарды оқып көрейік:

Қалың ел, қазақ, енді аш көзіңді,

Оқып көр газетіңді — өз сөзіңді.

Əділет, шындық жолын үйретеді,

Ашады ашты шайдай аң сезімді.

Айнадай жарқыратып көрсетеді,

Мін бар ма, қолыңа алып көр өзіңді... («Оқып көр газетімді»).

 Осы таң кімнің таңы — жетім таңы,

Күн кешкен күңдікпенен жесір таңы.

Теңдікке қолы жетпей күңіреніп,

Қорлықпен өтіп кеткен есіл таңы.

 Таңы атпай, айы батып, түнек кешкен,

Қатарға ғаріп-қасер келсін тағы.

Көзіңді аш, езілген ел, таң сенікі,

Айырып дос пен қасты жете таны («Осы таң кімнің таңы»).

Бір құптарлық жай сол кездегі Құлжа қаласында қоғамдық сананың оянуы тұрғысынан көпшілікті əдеби-мəдени шараға жұмылдыру, сол арқылы халықтың сауатын ашу, өркениет бағытына жетелеу мақсатында туыстас ұлттарды бөліп-жармай бірлікте іс-қимыл жасау еді. Бұл орайда да Таңжарықтың ұйтқы болып, жақсы істің басында жүргендігі жөнінде Д.Мəсімханұлының:

«Көп өтпей Құлжа қаласына келіп, Аймақтық қазақ-қырғыз ұйымында əдебиет-мəдениет саласын басқарды. Онда, негізінен, мəдени топтар ашу, əдеби кештер өткізу істері жолында белсене тер төкті. Бұл тұста Іле өңірінде əлі де болса қазақ тілінде газет, театр дегендер атымен жоқ еді. Ақын Таңжарықтың белсенділігі мен ұйымдастыруы арқасында Құлжа қаласында «Іле газеті», Қазақ театры дүниеге келді. Бұл 1930-жылдардың орта шені еді. Осы кездерде ақын, бір жағынан, газеттің қауырт редакциялық жұмысымен айналыса жүріп, тағы бір жағынан — қойылымдарда бас ролдерде ойнап жүрді», — деп жазғанындай, ел өміріне мəдениет ұрығын сеуіп, санасын оятуға құлшына кірісті [1]. Бұлардан сырт ақын ауылдық мектептер құруға, оған қазақтан оқытушылар дайындауға қолғабысын тигізді. Осы барыстардың барлығында да ол жауапты міндеттер өтеді. Бірақ бұл уақытша ғана толас болатын. Көп ұзамай Шынжаң аспанында қара бұлт үйіріліп, ел басына ауыр апат төнді.

Төңкеріс пен демократияға опасыздық жасап, милитаризмге бет бұрған Шың Шысай өкіметі халықтың саналы деген азаматтарын қойдай көгендеп, Үрімжі түрмесіне апарып тыға бастады.

Сонымен, Таңжарық 1940 жылдың басында Үрімжі түрмесіне айдалып кете барады. Сол жатқаннан мол жатқан ақын əйтеуір абақтыда өлген жоқ, өлгеннен басқа қорлық пен қинаудың бəрін көрді. Əрине, Гоминдаң билеушілері ақынды абақтыға отырғызу арқылы өздерінің оңбай ұтылғанын білген жоқ. Ол Гоминдаң жендеттерінің қаныпезер қаталдығын əшкерелейтін ең тамаша өлеңдерін осы түрмеде отырып жазды. Жеті жыл бойы ақынның үні бір толастамай, оның өлеңдері ауыздан ауызға таралып, жауларының бетіне қарғыс таңбасындай басылып жатты. Абақтының азапты шындығының нақты суреті жасалды. Ол туралы жазылған ақынның «Түрме халі», «Түрме тарихы» атты шығармалары барша қазаққа əйгілі.

Таңжарық Үрімжі түрмесінде жатқанына 4 жыл шамасы боған кезде Шың Шысай Кеңес Одағымен достық қарым-қатынасын үзеді жəне Гоминдаң орталығы құлау қауіпінде қалған билігін сақтауға жанталасып, халықтың қарсылығы күшейген Шың Шысайды 1944 жылы күзде Шынжаңнан ауыстырып əкетеді. Оның орнына У Жуңшин дегенді Шынжаңды билеуге əкеледі. Өзін бояп халықтан бедел табу үшін ол Шынжаңға келе салып, Шың Шысай кезінде қамауға алынған адамдардың бір бөлігін абақтыдан босатады. Сол қатарда Таңжарық та абақтыдан босайды. Ақын өзінің бұл жолы абақтыдан босауын:

Бір күні жаңадан бір жуши келді,

Түрмені тексерген боп жымси келді.

«Бұл өзі əділетсіздік жұмыс екен,

Барлығын түзетемін», — деп қыңси келді.

Ұзамай қолдарына қағаз беріп,

Шығарды айтқанындай бір мұнша елді.

Қуандық, жолықтық деп жанашырға,

Болмадық түсінгендей арғы сырға.

Өңім бе, не болмаса түсім бе деп,

Солардың мен де шықтым арасында, —деп суреттейді.

Ол кезде Үрімжіде қазақ, ұйғыр жастары мен алғабасар зиялыларының Гоминдаңға қарсы төңкерістік жасырын ұйымы бар еді. Ұйымның мақсаты 1945 жылы мамыр күні Үрімжіде көтеріліс жасап, Үрімжінің шығыс қақпасы Дауаншыңды бекітіп, арғы жағы Құмыл партизандарымен, батыс жақта үш аймақ төңкерісшілерімен тоғысу болатын. Абақтыдан шыға салып, көкіректе қайнап жүрген мақсаттары үшін Таңжарық осы ұйымға қатынасады. Үрімжі қаласында, Нəнсəн тауындағы қазақтар арасында, Манас төңірегінде төңкерістік құпия жұмыстарда болады. Бұл қызметті бірнеше ай жалғастырады. Артынан сатқындар ұйымды əшкерелеп қойып, сол себептен Таңжарық қайтадан тұтқындалады. Осы ұсталған бетінде ол 1946 жылдың күзіне дейін Үрімжі абақтысында қамалады.

Үрімжі абақтысында жоғарыдағыдай екі рет қамауда болған барысында Таңжарық ақын Гоминдаң тұтқындаған көп ұлттың озық ойлы адамдарымен пікірлес болады.

Өлсек те біздің өлмес атағымыз,

Белгілі істеп жүрген шатағымыз.

Алыстан алтын сəуле бір күлімдер,

Болғанмен қазір түнек жатағымыз.

Алатын құнды қуып иеміз бар,

Біз де елміз — шөберелі, аталымыз.

Зұлымға қарсы тұрғанымыз,

Ол да рас құпия ұйым құрғанымыз.

Кекпенен қолымызға құрал алып,

Желкеден Гоминдаңды ұрмағымыз.

Қашан да теңдік алмай тұра алмаймыз,

Бұл ойды басқа жаққа бұра алмаймыз, —

деп əділет, ұлт теңдігі, еркіндік, гүлдену жолындағы өшпес мұратын көк алмастай шыңдай түседі.

Жазып өлең, оқып өл…

Өлейін, өлсем-дағы айтып-айтып.

Шыдайды дəтім қалай тірі жатып?!

Деген ғой «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік»,

Буынар белін біреу бір нығайтып, —

деген жолдардан ақынның жауынгерлік рухының қоғамдық сипат алғанын көреміз.

1946 жылы үш аймақ үкіметі мен Үрімжідегі Гоминдаң билеушілері арасында он бір тармақты бітім жасалады. Сол он бір талаптың бірі ретінде «Гоминдаң түрмесіндегі саяси қылмыстыларды тұтас босату» белгіленеді. Осылайша жұрт қатарлы Таңжарық ақын да ауылына оралады. Ұзамай, ақын өкпе ауруына шалдығып, ақыры осы аурудан 1947 жылы 6 тамызда қайтыс болады.

Аяулы ақын осылайша қамал бұзар шағында, кемеліне келген кезінде мезгілсіз мерт болды. Алайда азамат ақын тар жол, тайғақ кешулі қысқа ғұмырында артына ұшан-теңіз, тозбас мұра қалдырып кетті.

Ендеше, ақын шығармаларының жай-күйіне келер болсақ, бүгінге дейін табылып, жарияланған ақын шығармаларының көлемін ең соңғы түгел тұяғы дей алмаймыз. Ақын шығармаларының бір бөлімі Қытайдағы аты шулы «Мəдениет төңкерісі» кезінде өртелді. Халық арасында ауызша таралып жүргендері «тайлы-тұяғы қалмай» жиналып болған жоқ. Қытайдағы əдебиетші қауым ақын мұрасын жинауды, реттеуді, жариялауды із суытпай əлі де жалғастырып келеді.

Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері 1930 жылдардың орта шенінен бастап жарық көре бастады. Яғни, ақынның сол тұста өзі бас болып шығарған «Іле газеті» жəне «Алға» газетінде «Оқып көр газетімді», «Құттықтау», «Осы таң кімнің таңы?», «Мыс қазан», «Шынжаң нұры», «Жастар таңы», «Жас күнім», «Саңқылдап көкке самғап» қатарлы өлеңдері жарияланды [2]. Бұлар ақынның көзі тірісінде жарық көрген туындылары болып есептеледі. 1949 жылдан кейін де ақын өлеңдері мерзімді баспасөзде бір мезгіл жарияланып тұрды.

Ақынның абақты өмірі бастан-аяқ тасқындаған поэзия өмірі болды. Туындыларының басым көпшілігін абақты ішінде жазды. Өйткені ақынның саналы ғұмырының көп бөлігі қуғын-сүргінде болды, талай азапты көріп түрмеде өтті. Сондықтан Таңжарықты қуғын-сүргінде жүріп есейген, түрмеде түлеген ақын деуге де болады. Сол шығармалары арқылы Шың Шысай Гоминдаң дəуірі дейтін бір кезеңнің, оның адам қаны сасыған қасап түрмесінің бейнесін жəне өзінің нұрлы мұрат- мақсатының құнын мəңгілік жоймайтын рухани архивін жəне нағыз келбетін орнатты. Қазақ тарихында талай ғұламалардың, талантты ақын-жазушылардың ғұмыры абақтыда сорлап сөнген. Таңжарық поэзиясы абақтының жантүршігерлік жауыздық өмірінің күнделігі сипаттас, онда абақтыда күн сайын түлеп, жетіліп отырған өздерінің асыл мұрат-мақсаттарынан хабар беретін жеке өлеңдер бар. Мұндай жеке бір лирикалық циклді құрайтын Таңжарық ақынның мұрасындай мүкəммал мұра сирек. Осындай шыншыл да сыншыл, ұлт жанды, көркемдік қуаты мол ақын поэзиясы түрме ішіндегі түрмелестерін баулудың үстіне, сондай қыспақты шақтарда да, қараңғы түндегі қара бұлттардың жыртығынан əлемге жарқыратып нұр құйған ай сəулесіндей, зындан- түрменің саңлауынан құстай ұшып шығып, кең-байтақ сыртқы қоғамдағы ел-жұртымен, қан майданда əділдік, ұлттық еркіндік, теңдік үшін сайыста жүрген сардар-сарбаздармен іштей, жүрекпен табысып жатты, оларды əділдікке, үмітке, тайсалмастыққа, нұрлы болашаққа сенуге шақырды.

Қай дəуірдің, қай халықтың қаламгері болмасын, егер ол шындықты айналып өтіп, өз жанын ғана күйіттеп, жалғандыққа жол берсе, онда ол адамның қас талант, халық ұлы болмағаны. Егер ол шын талант, үлкен жүректі азамат болатын болса, өзі өмір сүрген дəуірдің шындығын бедерлемей тұра алмайды. Бұл тұрғыдан қарағанда, Қытай қазақ əдебиетінің классигі, əйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы — өз заманының бар шындығын көркем ой, кестелі тілмен өрнектеп кеткен ұлы тұлға. Шындықты шымбайына батыра айтқаны үшін, халық тілегі, ұлт мүддесін жырлағаны үшін, ол теңсіз, сүреңсіз қоғамда əділетсіз үкіметтің тегеурініне ілікті. Ширек ғасырға жуық ат қойылып, айдар тағылып, орынсыз айыпталды. Қуғын-сүргін көрді, жеті жылға жуық түрмеде отырды. Алайда оның бəрі жүрегінің оты бар, өр мінезді, өжет ақынды жасыта алмады. Жігерін мұқалта алмады. Қайта қажырын қайрап, өршелене өрге жүзді. Отты жырларын дауылдата түсті.

Аса дарынды ақын Таңжарық Жолдыұлының қазірге дейін бізге жеткен мұра саны 25858 жол болып, шығармаларының екі томдық толық жинағы Қытайда жəне Қазақстанда 2001, 2002 жылдары баспадан шығып, халқымен қауышты. Осы екі томнан тұратын шығармаларын парақтап көрсеңіз, түрмеде жатып (түрме тақырыбы мен басқа тақырыптарда) жазған өлеңдері жалпы шығармасының жартысына жуығын иеленгенін байқаймыз.

Бұл орайда шығармаларын жинап, зерттеуші О. Егеубаевтың ақын өлеңдері мен поэмаларының отыз мың жолға жуығы сондай үрейлі, тар жол тайғақ кешу, қысылтаяң жағдайда өмірге келгендігін айта келіп: «Ұлтымыздың тарихында арғы бет, бергі бетте қаншалаған бағлан ақындардың жарық жұлдызы абақтыда, айдауда сөнгендігін барлығымыз да қанық білеміз. Бірақ солардан бір-екілі шығармасы болмаса түрме құпиясын, жауыздық сырын, өзінің жан азабын Таңжарықтай түрме түбінде кісендеулі, күлеткілі отырып, қанша мыңдаған өлең жолдарымен қағаз бетіне таңбалап кеткен бірде-бірі болмаған. Таңжарық — бүкіл қазақ əдебиетіне түрме тақырыбын əкелген тұңғыш ақын», — деп түйіндеуі шындыққа сай деп білеміз [3].

Ақынның 1940 жылы тұтқындалуының себебіне келсек, Шың Шысай 1937 жылдан бастап  «тазалау» жүргізеді. Ол тазалаудың басты мақсаты жергілікті халықтың ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар мен, ұлтының мүддесін, еркіндік-теңдігін аңсаған, ұлтын гүлдендіруді мұрат тұтқан азаматтарды — халықтың ардагер ұл-қыздарының көзін жою болатын. «Азаматы алаштың — қайран Тəкең мен едім, Өліп кетсем артымда айтыла жүрер өлеңім», — деп жар салған, халықшыл қайраткер Таңжарық та, əрине, бұл «тазалаудан» тысқары қалмасы анық еді. Сонымен 1940 жылдың басында ақын Үрімжі түрмесіне айдалып кете барады. «Сталин мен Шың Шысай бірлесіп құрған сот алқасының Фаленов, Мұқанбаев (Сталин жіберген), Уголин қатарлы əккі сұрақшыларының тергеу тезіне алынады. Тергеу үш тілде — орысша, қытайша, қазақша жалғасады. Ол үкіметке қарсы ұйым құрған, ұлтшылдықты қоздырған, қазақтарды қоныс аударуға, қару-жарақ тапсырмауға желіктірген, қару-жарақ топтаған, көсемді көзге ілмеген, үкіметтің əмір–саясаттарын сөккен, қазақ тіліндегі газетте жауыққан ой үгіттеп, газет редакциялауда қаталықты күшейіткен, жасап хат жазып, заң қызметкерлерінен өш алу қастандығына барған, қашып кету қауіпі бар, күмəн өте күшті, — деп қорытынды жасайды» [4].

Абақтының сүркейлі, жауыз тұрмысына тізе бүкпей төзе отырып, абақты өмірін, құпиясын, Гоминдаң үкіметінің əділетсіздігін, жауыздығын түрме түбінде кісендеулі отырып, сорғалаған қанымен қағазға жазып кеткен Таңжарықтай жау жүрек ақын жоқ, сірə. Қысқасы, түрме тақырыбын ең көп жазған, кемеліне келтіріп жазған Таңжарық деуге болады. Жеке тақырыптық өлеңдерінің саны бойынша алғанда да, абақты жөнінде жазған өлеңдерінің саны жалпы шығармасының салмақты орнын иелейді.

Ақынның шығармалар жинағындағы «Іле түрмесінен», «Тұтқындалу», «Елмен, жермен қоштасу», «Абақтыда кім жатыр», «Түрме тарихы», «Түрме халы», «Елес», «Елге амандасу», «Жерге амандасу» қатарлы жеке тақырыптарда басылған өлеңдері бір-біріне тұтас желі қуып жазылған. Бұларда жалғасқан, үзуге болмайтын ұзақ бір жүйе жатыр. Яғни, бұл өлеңдерін тұтас бір өмірдің сыр-сипатын, қоғамдық, əлеуметтік мəнін қамтыған лирикалық цикл ретінде қарауға болады. Ал мазмұн жағынан қарастырсақ, жүйелі, кесек дастан деуге де болады. Бұл туралы профессор Зұфар Сейітжанов «Шыңжаң қазақ əдебиеті» атты монографиясында: «Абақты» аймақ əдебиетін қойып, бүкіл қазақ əдебиетінде түрме туралы жазылған алғашқы көлемді шығарма болып табылады», — деген-ді [5].

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Мəсімхан Д. Аңсаған атты таңы Таңжарықтың // Жетісу. — 2000. — 25 қаңт.
  2. Жүнісұлы Ж., Егеубаев О. Ақын өмірі // Іле тарихи материалдары. — Құлжа, 1998. — 13 б.
  3. Егеубаев О. Қытайдағы қазақ əдебиетінің жарық жұлдызы: Халықарал. ғыл.-теор. конф. материалдары. — Алматы, 2003. — 4-б.
  4. Егеубаев О. Таңжарық туралы ақиқат // Жұлдыз. — 2001. — № 4. — 109-б.
  5. Сейітжанов З. Шыңжаң қазақ əдебиеті. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 136-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.