Кіріспе
Осыдан 180 жыл бұрын қарашада хан шаңырағында дүниеге келген текті ұл — Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов — күллі əлемге өзін де, қазақты да мойындатып кетті. Оның туған елге, əлемдік ғылымға қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Ш.Ш. Уəлихановтың өмірі мен қызметі ХІХ ғасырдың 30–60-жылдарымен тұстас келді. Қазақстан тарихында XIX ғасырдың ортасы Ресейдің өлкені түпкілікті қарамағына алуымен жəне Далаға жаңа капиталистік қатынастардың енуінің басталуымен, ескі феодалдық құрылымдардың бұзылуымен ерекшеленеді. Бұл патша отаршыларының реакциялық саясатына табанды қарсылық көрсеткен қазақ халқының тарихындағы атаулы кезең болды.
Осыған байланысты Уəлихановтардың отбасында қарама-қайшылықтар жиі-жиі туындайтын. Шоқанның əкесі патша əкімшілігінің қолдауына ие болған Шыңғыс аға сұлтан болып тағайындалды жəне полковник шенін алды. Сонымен бірге ол білімді адам болды, орыс ғалымдарына қазақ халқының фольклоры мен тұрмысын зерттеуге көмегін көрсетті. Шоқан өзінің дамуында кадет орпусының қабырғасынан шыққан аңғал монархистен демократ-ағартушыға жəне атақты ғалымға дейінгі күрделі қарама-қайшылықты жолдан өтті [1].
Ш.Уəлиханов өмір сүрген ХІХ ғасырдың ортасы жəне екінші жартысы — қазақтың билігі өз қолынан сусып, бодандыққа толықтай мойынсұнған «қарағай басын шортан шалған» заман болатын. Осындай дəуірде өмір сүру маңдайына жазылған Шоқан Шыңғысұлының өзі тұрғылас ғалымдардан жоғары болғанын қазірде күллі əлем мойындады. Əрине, əлі де мойындалады. Кемеңгер Шоқан сан- салалы қырымен, ашқан жаңалықтарымен, өлшеусіз еңбегімен ерекшеленеді.
Қазақтың ұлы ойшылы Уəлихановтың өмірі мен қызметі жайлы деректер
Кемеңгер ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов 1835 жылы қазіргі Қостанай облысы аумағындағы Сарыкөл ауданы, Күнтимес қыстауында дүниеге келген. Бабасы Абылай Қазақ Ордасының, атасы Уəли Орта жүздің ханы болған. Ал Шоқанның əкесі Шыңғыс аға сұлтан ретінде Аманқарағай округін билеген.
Шоқанның азан шақырылып қойылған аты — Мұхаммед-Ханафия. Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы хазірет Əлидің ең батыр ұлының құрметіне əрі «Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» деген тілекпен Қалқай ишан балаға осы атты қояды. Бірақ анасы Зейнептің оған тілі келмей, сəбиін «Қанаш» деп, ал былайғы жұрт «Шоқан» деп атап кетеді [2].
Шоқан əкесі Шыңғыс 1842 жылы ашқан Құсмұрындағы бірінші қазақ мектебінде білім алған болатын. Бұл мектепте тарих, география, математика, шығыс тілдері, қазақ эпосы пəндері бойынша сабақтар жүргізілген. Осы мектепті бітірген Шоқан əдебиеттен, тарихтан, түркі тілдері поэзиясынан білім алып шығады.
Сонымен, қазақ сөзінің сиқыры мен поэзиясының саз гармониясы Шоқанды бала кезден баурап алған: ол қазақтың бай ауыз əдебиетінің үлкенді-кішілі үлгілерін, «Едіге батыр», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сияқты жырларын тыңдап өскен. «Есейген» (əлі отызға жетпесе де) шағында 1861 жылдары ауырып ауылға келгенде, ол Шөже, Тоғжан, Орынбай, Арыстанбай, Ажар қыз сияқты ақындарды тыңдап, сүйсінген. Шығыстың классикалық поэзиясымен де ауылда танысады, оларды да жаттап, оқып үйренеді. Осындай қазақша, мұсылманша тілдік таным қоры бар, бірақ бір ауыз орысша білмейтін Шоқан 12 жасында, 1847 жылдың күзінде Омскдегі əскери оқу орны — Сібір кадет корпусына оқуға түседі [3].
Ұғымтал Шоқан орыс оқуын тым жетік меңгеріп, үлкен ілтипатқа қолы жетті. Жиырмаға толар- толмаста «жарты патша» атанған Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағының генерал- губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленді. Сонымен қатар Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оған айрықша тапсырмаларды орындайтын офицер ретінде қараған.
1855 жылы Г.Х.Гасфорт Орталық Қазақстанға, Жетісу мен Тарбағатайға əскери инспекциялық сапарға шықпақшы болып, бірнеше адамнан тұратын жасақ құрады. Сол жасақ құрамына жас болса да Шоқан Уəлихановты қосқан. Өйткені жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігін, тұрмыс-салтын, тіршілігін, тарихын, мəдениетін одан жақсы білетін оқыған, көзі ашық жан жоқ еді. Гасфорт осы сапарында Шоқанның нағыз ғалым екеніне көзі жетіп, еңбегін жоғары бағалайды. Содан бастап оның атағы Батыс Сібір əскери ғалымдарының арасында ғана емес, жалпы орыс ғылымының ортасына енген азиялық жаңа есім болып таныла бастаған. Келер жылы полковник М.М.Хаментовский бастаған экспедиция Ыстықкөл мен Алатау қырғыздарына, одан əрі Қытайдың Құлжа өңіріне сапарға шықпақшы болады. Хаментовский бұл сапарына Шоқанды арнайы шақырған екен. Орыс ғылымына бұл өлкелер əлі де өз сырларын толық аша қоймаған еді.
Ш.Уəлиханов 1856 жылы орыс экспедициясымен Ыстықкөл бойына келіп, қырғыздардың мəдениеті мен тарихын үйреніп қайтады. Ресей империясының бірінші барлау тапсырмасын ойдағыдай орындаған Шоқан, 1856 жылы арнайы тапсырмамен Құлжаға келіп, онда үш ай тұрып, көптеген мəліметтерді жинап, Омбыға келеді. Шоқан алып келген мəліметтер жоғары бағаланып, ол 1857 жылы Императорлық орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданады.
Шоқан Уəлихановтың 1858–1859 жылдары Ресей империясы үшін сол кезге дейін мүлдем белгісіз болып келген Шығыс Түркістандағы Қашқарға жасаған сапары аса қауіпті əрі аса маңызды болды.
Ержүрек саяхатшы бұл сапарда талай-талай қиындықтар мен кедергілерден өтеді, жалған атпен Əлімбай болып керуен басының туысы ретінде аттанады, Тянь-Шань биіктерінің бірі Сырт деп аталатын қауіпті əрі адам қадам баспаған биік асуларында түтекке тұншығып, суыққа тоңып, қарлы жаңбырда тайғанақтаған ат-түйелері де біраз шығынданып, кейде алыс ауыл тұрғындарының қауесет-сенімсіздіктеріне де кездесіп, талай бөгеттерді өткеріп, керуен 1858 жылдың 27 қыркүйегінде Қытай шекарасынан өткен. Қашғарияда Шоқан 1858 жылдың 1 қазанынан 1859 жылдың наурыз айының ортасына дейін болған кезде бұл аймақты — Қашғар қаласы мен Алты шаһар елін терең зерттейді. Қоқан ханының Қашғардағы сауда консулы, əрі саяси резиденті, егде тартқан ресми адаммен Шоқанның сыйлас, құрметтес болуы сапар нəтижелерінің өнімді де пайдалы болуына едəуір жəрдемдескен.
Ш.Уəлиханов Қашғарияның экономикалық-саяси құрылысын, тарихын, этнографиясын, рухани өмірін зерттеген, бұл аймақтың өткені мен сол кездің қалпын жақсы білетін адамдарымен, ғалымдарымен, ақындарымен де кездесіп мағлұматтар жинаған, шығыс қолжазбаларының бірсыпырасын қолға түсіріп алған, нумизматикалық жəне тау жыныстарының коллекциясын, гербарий жасаған.
Солардың бірінде Мирджай тауы мен Қарақаш өзені аңғарынан шығатын нефрит асыл тасының текшелері болған. Зерттеуге қажет деп саналған талай бұйымдар да жиналған. Сөйтіп, бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, əскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да пайдалы бай материал мен сирек деректерді жинап, қиыншылықтар мен қауіп-қатерді көп көріп Шоқан керуені 1859 жылдың сəуірінде елге оралған [4].
Шоқан Шыңғысұлының осы сапарда Орталық Азияның тарихы, географиялық орналасуы, экономикасы, қорғаныс күші, сондай-ақ этнографиясы жайында жазған қолжазбалары орыс ғылымына Шығыс Түркістанның ішкі сырын ашып берді.
Ш.Уəлиханов 1860 жылдың наурыз айында Петербургке келді. Ол мұнда жылдан аса жұмыс істеді. Ресейдің сол кездегі ең озық ойлы азаматтарымен танысты. Олармен пікірлес, сырлас болды.
1860 жылдың 8 сəуіріндегі Үкімет жарлығымен Шоқан Шыңғысұлына штабс-ротмистр əскери атағы, 4-дəрежелі Ізгі Владимир ордені жəне бір жолғы көмек ретінде 500 сом күміс ақша берілетін болды. Петербургтегі ғалымдар, Бас Штаб пен Сыртқы істер министрлігі Азия мəселесі жөнінен Ш.Уəлихановты үлкен бедел тұтты. Солардың ұсынысымен Александр ІІ қазақ ғалымын Азия департаментіне қалдыру туралы 1860 жылы 15 маусымда бұйрыққа қол қойды.
Петербургке келген Шоқан бірнеше мекемеде қатарынан жұмыс істеді. Петербург университетінде лекция тыңдады. Бас штабтың əскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын жасады. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», т.б. дайындалды. Орыс география қоғамы мүшелеріне Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Жетісу тақырыбы бойынша лекция оқыды.
Уəлиханов Петербургтің ғылыми, əдеби қауымымен тез танысып, достасып кетті. Ескі досы Достоевскиймен кездесті. Орыстың Шығысты зерттеуші-ғалымдарымен, əсіресе «Орыс география қоғамы жазбаларының» редакторы профессор А.Н.Бекетовпен, Азия департаментіндегі Е.П.Ковалевский, Ф.С.Остен-Сакенмен, Петербург университетінің профессоры, Құлжада консул болған И.И.Захаровпен тығыз байланыс жасады. Захаровпен бірге Азия департаментінің жоғары мектебінде түркі тілінен сабақ берді. Алғыр ойы, əр нəрсе жайында өз пікірі, өз пайымдауы бар дарынды қазақ ғалымының пəтеріне В.Б.Григорьев, В.П.Васильев, В.В.Вельяминов-Зернов секілді шығыстанушы-ғалымдар жиі келіп тұрды [5].
Шоқан Шыңғысұлы Петербургте болған бір жыл ішінде көп тыңдады, сөйтіп, көп үйренді, көп ұқты. Федор Достоевский мен Сергей Дуровтың пікірлесі бұрынғысынан да озық ойға, биікке құлаш сілтеді. Оның алдында биік көрінген нысандай боп, игі мақсаттың ойлы азаматтары тұрды.
Науқасы меңдеген Шоқан дəрігерлердің кеңесімен 1861 жылы туған еліне қайтты. Өкінішке орай, ол Петербургтен оралған бойда ойға алған көптеген ой-арманын, мақсатын іске асыра алмады. Атағы шығып кеткен дарын ісіне торма-тосқауыл көп болды. Ел ішінде тұрып, қазақ халқының езгідегі тұрмысын көрген Ш.Уəлиханов 1862 жылы Атбасар округінің аға сұлтаны болуға ниеттенді. Алайда аға сұлтандыққа сайлана алмай, Омбыға кетіп қалды.
1864 жылы Шоқан полковник М.Г. Черняевтің əскери экспедициясына шақырылды. Верный (қазіргі Алматы) бекінісінен шыққан, Черняевтің басшылығымен жорыққа аттанған əскери жасақ, құрамында 68 офицер, 2571 солдат жəне 400-ден астам жергілікті қазақтардан құралған милиция тобы, 22 қарулы зеңбірегі бар отряд Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елді мекендер мен қалаларды күшпен жуық арада Ресейге қосуды мақсат етті. Сөйтіп, Ресей мемлекеті Орта Азия мен Қазақстанды отарлауды сол жолы толық аяқтауға тиіс болды. Бұған шетелдерден Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері департаментіне астыртын жеткен суық хабар себеп болды. Онда Ұлыбритания отаршылары Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағын жаулау қызметтерін жандандырып, Қоқан, Бұхара, Ташкент шаһарларына басып кіріп, онда бекем орнығып алу саясатын мақсат еткені жайлы еді. Бұл ақпарат сол кездегі Ресей басшыларын қатты қобалжытып, тезірек өздерінің ертеден келе жатқан отаршылдық жоспарын іске асыруға итермеледі. М.Г.Черняев өзінің əскери жорығына күшпен отарлап алған сол өлкелерді ғылыми негізде түбегейлі зерттеп, географиялық картасын жасау үшін ғалым-зоолог Н.А.Северцевты, этнограф Ю.Д.Южаковты, суретші М.С.Знаменскийді шақырды. Сол ғылыми-зерттеушілер тобының құрамында талантты да білгір ғалым-географ, сұлтан, поручик Шоқан Уəлиханов та болды. Патша үкіметі М.Черняевқа жорық алдында мүмкіндігінше Əулиеата, Шымкент, Ташкент қалаларының басқарушыларымен, «жергілікті қырғыздармен» өзара келісімге келіп, шу-жанжалсыз, қақтығыссыз, соғыссыз, қантөгіске бармай-ақ Ресей мемлекетіне бейбіт түрде қосылуды ұсынуды тапсырды. Ол тапсырманы орындау үшін патша үкіметі М.Черняевқа «қазақ жəне татар тілін жақсы меңгерген, тапқыр да білімді штабс- ротмистр Шоқан Уəлихановты пайдалануға» кеңес берді [6].
Осы əскери жорық «Түркістан сапары» деп аталып 1864 жылдың 1 мамырында Верный бекінісінен оңтүстік аймаққа аттанды. Бірақ Черняевтің бұл сапардағы қанқұйлы қаталдығы Шоқанды ғана емес, бүкіл Ресейдің алдыңғы қатарлы азаматтарының жанын түршіктірді. Ондай қанқұмардың қол астында болғысы келмеген бір топ офицерлермен бірге 1864 жылы шілдеде Ш.Уəлиханов Верныйға қайтып кетті. Черняевтің шағымы бойынша бұлардың көбі жазаға тартылды, əскери атақтары төмендетілді.
Верный қаласына оралған Шоқан одан əрі əскери қызметтен мүлдем бас тартып, денсаулығы нашарлай бастаған соң, болашақтағы қатерді сезіп, ауасы таза, жері шұрайлы, суы шипалы жер жаннаты Жетісу өңірінің сол кездегі беделді азаматы Тезек Нұралыұлы сұлтанның ауылына қоныс аударады. Осы жерде ол Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Бірақ ауыр өкпе ауруынан айыға алмаған Шоқанның денсаулығы бірте-бірте нашарлап, ол сол дертінің асқынуынан 1865 жылдың 4 сəуірінде Алтынемел маңындағы Тезек ауылында 30 жасында көз жұмады да, сол жерге жерленеді. Сөйтіп, Алаштың ұлы ғалымы мəңгілік тыныштықты Жетісу жерінен тапты.
Ғалымның зираты басына Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның тапсыруымен мрамор тастан биік ескерткіш орнатылды.
ХІХ ғасырдың озық ескерткіштер қатарына қосылатын Шоқанның əдебиет саласындағы еңбектері
Ұлы зерттеуші халықтың рухани қазынасына ерекше мəн берген, оны жинап, зерделеген. Қазақтың «Едіге батыр» дастанын, қырғыздың «Манас» жырын алғаш қағазға түсіріп, орысшаға ең көркем тұстарын аударып, жат елдерге таныстырған. Тəттіқара, Бұхар, т.б. көрнекті ақын- жыраулардың шығармаларынан орыс тіліне тəржімалағандары қаншама. Ол қазақ ауыз əдебиетінің барлық түріне ғылыми сипаттама берген. Халықтың рухани бейнесін сол халықтың өзіне түсіндіріп, өзін-өзіне танытуды мақсат еткен.
Ғалым «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» [7; 236–241] деген əйгілі еңбегінде қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттеген. Оның пайымдауынша, қазақ даласында төмендегі жыр түрлері бар:
- Жыр. Оның мағынасы сазды шығарма. Жырламақ етістігінің мағынасы əуендетіп айту. Барлық дала жырлары қобыздың сүйемелдеуімен əуендетіп айтылады. Əдетте жырдың арқауы өмір немесе ертедегі белгілі бір батырдың ерліктері болып табылады. Айта кететін жай, батырдың өмірі, ерлігі, бір сөзбен, баяндау қара сөзбен, проза тілімен айтылады, ал жыр жолдары тек басты кейіпкер немесе кейіпкерлер сөйлеген кезде қолданылады.
- Жоқтау — қайтыс болған адамға арнау. Оны əдетте əйел адамдар шығарады жəне көбінесе жанынан шығарылады. Өлшемі жырдағы сияқты.
- Қайым — үйлену тойларында айтылатын, сұрақ пен жауаптан құрылған жастар арасындағы өлең. Ол төрт жолдан тұрады, алғашқы екі жолы төртінші жолмен ұйқасады. Бұл өлеңдер əр түрлі жұмбақтар, эпиграммалар, шектен шығып кететін бəдік қалжыңдарды қамтиды.
- Қара өлең — қарапайым өлең, төрт шумақтан кұралады, шумақтардың əрқайсысы жеке тақырыпты сөз етеді. Бұл өлеңдер негізінен ашық дауысқа арналған. Көп жағдайда шумақтардың мағынасы болмайды.
- Өлең — бұл форманы қазір барлық жаңа ақындар табан асты тауып айту үшін де, терме-жыр үшін де қолданады.
Ш.Уəлиханов «Қырғыздар туралы жазбалар» [8; 8–105] еңбегінде қырғыз фольклорын үшке бөледі:
- біріншісі — ертегілер (жұмоқ, жумук) жəне халықтың шыққан тегі туралы, атақты ру басыларының өмірінен алынған тамаша оқиғалар туралы аңыздар. Ертегілерде көбінесе рухтар (жын-шайтан, дию, перілер) əлемі мен сол əлемнің шын болмысқа қатысы туралы айтылады. Ертегілерінің түрі проза болғанымен, айтқан кезде əрқашанда нақышты сөздер мен ұйқасты, күлдіргі мəтелдер көп араласып отырады. Тарихи аңыздары да фантастикалық элементтерден алшақ емес;
- халық поэзиясының екінші түрі тайпалар соғысы мен батырлардың ерлік істері туралы эпикалық хикаялардан, поэмалардан немесе батырлық қиссалардан құралады;
- халық шығармашылығының үшінші түріне əдетте қысқа мазмұнды болып келетін əнге қосылып айтатын өлеңдер мен ойын өлеңдер жəне тұрмыс-салт өлеңдер жатады.
- Əлемдік əдебиет пен мəдениеттен мол хабардар болған Шоқан Шыңғысұлы қырғыз елінің «Манас» жырына айрықша көңіл бөлген. Ол өзінің мынадай белгілі еңбектерінде «Манасқа» кең тоқталып, өз бағасын берген:
- «Ыстықкөл сапарының күнделігі» еңбегінде келесідей дерек ұсынады: «26 мамыр күні менің қасымда қарақырғыз жыршысы болды. Ол Манас поэмасын біледі екен. Поэманың тілі, ауызекі тілге қарағанда, түсінуге əлдеқайда жеңіл. Поэма қаһарманы Манас — ноғайдан əйел жинаудың қайтпас қайсар батыры. Оның барлық өмірі соғыс пен сұлуларды іздеуден тұрады. Тек оның мінезі шығысқа тəн емес — ол өзінің əкесін жиі балағаттайды, малын қуып əкетеді, онымен дөрекі сөйлеседі. Бұл жағы түсініксіз. Барлық көшпенді халықтар қарттықты құрметтейді, ақсақалдар ерекше сый-құрметке ие» [9; 279].
- «Жоңғария очерктері» деген туындысында автор Манас жайлы толық мəліметтер келтірген:
«Қарақырғыздардың ноғай жырларының қатарындағы бір ғана жыры бар, ол — «Манас». «Манас» бір уақытқа келтірілген жəне бір ғана тұлға — батыр Манастың маңына топталған барлық қырғыз мифтарының, ертегілерінің, аңыз-хикаяларының жиынтығы. Бұл жазық далалық Илиада тəрізді. Қырғыздардың өмір салты, дəстүрі, мінез-құлқы, географиясы, діни жəне медициналық білімі осы үлкен эпопеяда көрінісін тапқан. Біздің ойымызша, бұл поэмаға қосымшалар қосылған жəне өзгертулер қазіргі заманда жасалған. Шамасы, оның проза күйіндегі жумуктардан (ертегілерден) біртұтас ырға айналдыру соңғы уақытта жүзеге асырылған болуы тиіс. «Манаста» тұтас түрдегі жеке- жеке көптеген эпизодтар бар. «Саметей» атты басқа дастан «Манастың» жалғасы болып табылады, жəне ол — буруттық Одиссея. Қырғыздар «Манасты» тыңдап шығуға үш түн де жеткіліксіз дейді, «Саметейді» тыңдауға да дəл сондай уақыт керек дейді, бұл асыра айтқан болуы керек. Поэманың басты кейіпкері батыр Манас, Йакубтың ұлы, алдымен Шудан Таласқа дейін ноғайлардың билеушісі, ал поэманың кей жерінде əндіжандық, кейде самарқандық сарт деп аталады. Шығу тегі бойынша Манас ақсүйектер (яғни Шыңғысхан ұрпақтары) қатарына жатпайды, бірақ оның күші хандардан кем түспейді. Оның əкесі Йакуб: «Мен Шудан Таласқа аты шыққан жас Манастың əкесімін, хан емеспін, бірақ ханнан кем емеспін, мен хан Йакубпын» дейді. Манас қаһарлы да сезімтал дала жігіті қылып көрсетілген. Оның мінезі поэмада былайша суреттеледі: «Ол [Манас] Əндіжанда жартылай піскен нанды жеп жəне Əндіжанның жасыл алмасын кеміріп əбден семірді, 12 жасында садақтан оқ атты, 13 жасында қолына найза ұстап, жауларын жеңді, ер үстінен балаларды алып кетті, қырмызыдай қызыл қыздарды ұрлады, ер жүрек батырларды «көкелетті» (қырғыздардың ауырсынғанда айғайлап айтатыны), 14 жасында шатқалда жатқан ауылдарды тонап, биік таулар арқылы жаулардың табындарын қуып кетті, 15 жасында сан жетпес халықтың билеушісі болды. Тұлғасы биік Манастың қасы көтеріңкі, түсі салқын, қаны қара; бірақ денесі ақ, қарны шұбар, арқасы көк. Ер Манас кімге ұқсайды? Ол жүні тікірейген көкжал қасқырға ұқсайды». Ашуланғанда Манас одан да қорқынышты. Оның сақалы мен мұрты тік тұрады, көзінен от, аузынан жалын шығады, оның тал бойы алачугтей үрлене бастайды (қырғыздар көш-қонға ыңғайлы киіз үйлерді осылай атайды; ал қайсақтар джуламейки дейді, орыс сөзі «лачуга» осыдан шыққан).
Поэма жас Манастың əкесін Қараханның қызы Ханікейге құда түс деп жібергенінен басталады, қыздың «беті аппақ қардай, бетінің ұшы албыртып, қарға тамған қандай». Бұл ханшайым 15 жасқа толыпты, шашы тілерсегіне түсіпті, иісі жұпар, тісі інжу».
Манастың əкесі Йакуб ұлына қалыңдық іздеймін деп, ұзақ жол жүреді, «аты ырғайдай, биті торғайдай» болыпты. Ақыры ол керек ауылға жетіп, хан оның сөзін қабыл алмайды: «Менің қызыма хан баласы сай, ал сенің ұлыңа қарапайым би қызы жарайды», — дейді хан. Манас соғыс бастап, хан қызын күшпен алады. Бұл бөлімде Манастың əрекеті əдептен тыс шығады, ол өзінің əкесін тонап, шал Йакуб пен кемпір-шешесін тақырға отырғызып кетеді. Келесі бөлімдерде біз оны əлсіздерді жақтаған, қалмақтармен соғысқан жəне Жоңғарияның ішкері жерлерінде ерлік көрсеткен батыр ретінде білеміз. Қырғыздардың айтуынша, Үрімшінің жанындағы Манас қаласы мен осы атты жоғарғы Ертістегі сай осы батырдың атымен аталған.
Кукотай-ханның үшін беру туралы хикая «Манастағы» ең тамаша бөлім болып табылады. Бұл хикаяда ноғай ханы Кукотайдың баласы Бук-Мурун əкесінің үшін беруге Ыстықкөлдің маңынан көшіп, Қара Иртышқа, Алтайға жəне Хинганға монғол ханы Джулайдың қол астына барады. Асқа келген Манас жəне басқа да мұсылман көшпелілер кəпірлердің қысымына шыдамай, төбелес шығарады. Содан соғыс басталады. Манас Джулай ханды жеңіп, мерт қылады. Қытай батыры Қоңырбай да оның қолынан сол соғыста қаза табады. Кейінірек Манастың өзі монғол ханы Наз Қарының қолынан ажал құшады. Манастың ұлы Саметейдің əкесінің өлімі үшін кек қайтаруы қырғыздардың екінші эпопеясында əңгімеленеді.
«Манас» поэмасының эпизодтарының бірін, атап айтқанда, Кукотай ханның асын мен қырғыз жырауының аузынан жазып алдым. Бұл қағаз бетіне түсірілген бірінші қырғыз сөзі болуы тиіс. Мен қырғыз поэзиясының осы шығармасын аударумен айналысып жүрмін жəне шығыстанушыларды осы күнге дейін белгісіз болған тіл диалектісімен таныстыру мақсатында кішкентай сөздік жасамақшымын» [10].
- «Қырғыздар туралы жазбалар» деген көлемді шығармасында ғалым Манас туралы былай деп жазады: «...Поэманың қаһарманы Манас өз əкесін аямай, оған мейірімсіз қаталдық істеп отырады. Қарт Жақып оның небір қиын тапсырмаларының бəрін де орындап, бір сұлудан соң бір сұлуды айттырып, елден ел кезіп, дүниені шарлайды да жүреді. Сол жақсылығы үшін ол баласынан не рахат көрді? Жан дегенде жалғыз ұлы Манас оны сəтсіз құдалығы үшін қатты жазалап, барша малын айдап, қарт əкесі мен қарт шешесіне қайтадан мал біткенше, ішеріне қымызын, жеріне етін де қалдырмай кетеді. Əкесіне ол ылғи да өрескел тұрпайы түрде бұйырып отырады: «Мен талай халық, талай жер көрдім, сол көргенім жетер енді. Менің ержетіп, үйленер кезім келді. Əкеме айтыңдар, ел ішін аралап, маған сұлу қыз тауып берсін», — дейді. Жақып оның бұйрығын екі айтқызбай, атын ерттеп мінеді де, елден-ел кезіп, атының мойны ырғайдай, əйгілі қанқұмар жəндігі торғайдай болғанша шарлайды да жүреді. Жақып кездескен жанның бəрінен: «Таластан Шуға дейін даңқы жайылған ер Манастың əкесі Жақып бай мен болам. Мен хан емеспін, бірақ ханнан кем емес — хан Жақып деген мен болам. Жалғыз ұлым Манасқа лайықты жар таба алмай, айналып өттім көкжиекті. Қайтпас қайсар Манастан əбден азап шектім», ел ішінде көрген жоқсың ба сұлу қызды?» — деп сұрайды.
Поэманың жалпы сипаты, міне, осындай. Бұл дастанның тамашалығы тілінде жəне баяндалып отырған жерлерінің географиялық жағынан өте дұрыс көрсетілуінде. Тарихи жағынан алғанда бұл поэма қарақырғыздардың өткендегі əдет-ғұрыптары мен ұғымдарын дұрыс бейнелейтіндігімен жəне Таластан Ілеге дейін, одан əрі Қашғарға дейінгі жерлерде мекендеген түрлі халықтарды кездесіп отыратындығымен құнды. «Манаста» Талас пен Шу бойында — ноғайлылар, Əндіжанда — қарақырғыздар, Сарысуда — қайсақтар, Іле мен Ыстықкөлде — қалмақтар көшіп-қонып жүреді. Қалмақтарға шапқыншылық жорығында халықтардың баршасы да соқтығысып отырады, бірақ ноғайлылар мен қырғыздар жəне қайсақтар өзара тату болады. Қырғыздардың «Манастан» басқа поэмалары жоқ» [8; 83–84].
Сонымен, «Манасты» тереңнен нəр алып, ұзақ замандар бойы дамыған халықтық эпос, сахараның «Илиадасы» секілді деген ғұлама ғалым. Біз əрдайым «Манасты» өркениетті елдерге тұңғыш таныстырушы, жырдың ең құнды бөлігін алғаш орыс тіліне тəржімалаушы Ш.Уəлиханов екенін мақтан етуге тиіспіз.
Шоқанның «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» жырын кереметтей қастерлеуі
«Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» — қазақтың лиро-эпостық жыры. Шамамен XIII–IX ғасырларда пайда болған. Бұл жыр Қозы мен Баян арасындағы ғашықтық жайлы сюжетке құрылған. Халық Қозы мен Баян тарихта болған адамдар деп ұғынады. Аякөз маңындағы халыққа белгілі зират Қозы мен Баяндікі деп аталады. Жырды Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, т.б. ақын-жыраулар əр түрлі нұсқада (жыр нұсқасы жиырмаға жуық) жырлаған. Жыр Сарыбай мен Қарабайдың ежеқабыл құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Баянды құлай сүйген Қозы мен зорлықшыл Қодар, қара жүрек Қарабай арасында шиеленіскен тартыс арқылы зұлымдық пен махаббат күресі, ескі салт-сананың азабы баяндалады. Барлық нұсқаларда жыр Қозы мен Баянның қайғылы қазасымен аяқталады [11].
Ш.Ш.Уəлихановтың алты томдық шығармалар жинағының 2010 жылы жарық көрген бірінші томында «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» жыры жарияланған. Бұл жырда бұрынғы нұсқаларға қарағанда елеулі өзгешеліктер бар: оқиғасы аса тартымды, қысқа да мазмұнды.
«Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» атты еңбегінде [7; 236–241]: «Көне жырлар жаңа буынға түсініксіздеу болғандықтан, жыл өткен сайын ұмытылып барады жəне оны жақсы білетін жыршылар да аз қалды. Оларды жинау да өте қиын. Қанша тырысқаныммен, Қозы-Көрпештің толық мəтінін, Едіге мен Орақ туралы жырдың шағын үзіндісін ғана таптым, дегенмен жақында танысқан бір ақыннан олардың барлық көне жырларын табармын деп үміттенемін» [7; 241], — деген Шоқан сарыла ізденудің нəтижесінде «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» лиро-эпосының көптеген нұсқасын қағазға түсірген.
Кейбір зерттеушілердің деректеріне сүйенсек [12], Шоқан 1851 жылы (бұл кезеңде ол 16 жаста) өз əкесі Шыңғыспен Құсмұрында осы жырдың өздері естіген алғашқы нұсқасын қағазға түсірген. Ал бұдан кейін де Шоқан белгілі жыршы Жанақтан осы жырдың екінші нұсқасын да жазып алған. Сондай-ақ 1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың экспедициясына аттанар алдында бұл аңыздың тағы бір үшінші данасын, ақын Шөженің айтуы бойынша, жазып алуға мүмкіндік тапқан.
Ғұлама ғалым «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» поэмасы жөнінде мыналарды зерттеп анықтаған:
«Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» туралы жыр Орта Азияның барлық татар жəне монғол тайпаларында бар, бірақ, əрине, оқиғаның өткен жері мен кезеңі əр түрлі айтылады. Профессор Эрдманн Қозы- Көрпешті түсініктемелерімен парсы тілінде жариялапты, бірақ мен оны оқыған жоқпын, себебі парсы тілін білмеймін. Кейін Қозы-Көрпешті Орынборда біреу башқұрт тілінен аударып жəне шығарма аздаған данамен жарық көрген.
Қырғыз даласында жыр ауыздан ауызға тарап айтылады. Қырғыз поэзиясы мынадай: өлең — жаңа шыққан немесе танымал əнші шығарып, домбыра, қобыз немесе ишарамен бастапқы түріне мейлінше жақындатылып айтылатын əн. Əнші туындыға өз бетінше кіріспе немесе соңын қосуға ерікті. Осы аудармадағы — бастапқы төрт шумақ Қаракесек руының Қамбар елінен шыққан Жанақ ақынға тиесілі, қалғандары — көне дəуірдің беймəлім ақынының шығармасы» [7; 240].
Бұдан біз зерттеушінің бұл поэманың аса көне үлгісін жазып алғанын көреміз. Атақты поэма былай басталады [13]:
Жоғартынан көрінген сары ноғай
Еділ суға таласқан бұ не тоғай?
«Қозы-Көрпеш» дегенің біраз өлең,
Ептеп айтқан кісіге тым-ақ оңай.
Жігіттер, кісіге сөзді кен етелік,
Жер ортасы жекенді белгі етелік.
Жақсының аруағы қалмай ма екен,
Қозы-Көрпеш, Баянды тебіретелік.
Еділ-Жайық бойында жолдас болды,
Бірін-бірі екі бай танымайды.
Ат сұрамақ бұрынғыдан қалды дейді,
Сарыбай Қарабайға кімсің? — дейді.
Қарабай мен Сарыбай аңға келді,
Алдынан буаз марал душар болды.
Екеуі бір-бірінен өтінгенде,
Сарыбай атайын деп тұра келді.
Қарабай Сарыбайменен аңға шыққан,
Екеуінің дəуірлеп даңқы шыққан.
Екі бай қосылған соң, келе жатса,
Алдынан буаз марал тұра қашқан.
Жақсы, жаман болмағы құдайдан-ды,
Бір бұлт жауайын деп шыр айналды.
Алдына буаз марал келгеннен соң,
Атқалы Қарабай мылтықпенен оңтайланды.
Мекен іздеп, жігіттер, кел кетелік,
Ортасында Көктөбе белгі етелік.
Азаматтар, ерінбей тыңдасаңыз,
Қозы-Көрпеш, Баянды тебіретелік...
Келтірілген жыр жолдарында соңғы төрт шумағы Арғын — Қаракесек тайпасының Қамбар руынан шыққан Жанақ ақындікі. Ал қалғандары ерте замандағы бір белгісіз ақынның аңыз-əңгімесі.
Шоқан Шыңғысұлының «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» жырын кереметтей қастерлегені соншалық, ол «Ыстықкөл сапарының күнделігінде»: «Мен Аягөзді өте жақсы көремін жəне сүйсінемін. Баян сұлудың алтын айдарлы Қозы-Көрпешке деген махаббаты туралы аңыздың оқиғасы осы жерде өткені де бұған аз себеп болмаса керек.
Сапарымыздың желісін ары қарай тарқатайық. № 2 бекетте біз оң жағалауға ауыстық. Бұл кезде түн болатын. 4-ші нөмірге жетпей, 10 шақырымдай жерде қырғыздар жырында айтылатын əйгілі Қозы-Көрпештің моласы тұр. Біз поэманы жақсы зерттегенбіз, сондықтан олардың моласын көргіміз келді. № 2 бекеттен шыққан уақыт бойынша Қызылқия бекетінен түнде өтуіміз керек болатын. Бірақ біз таңертең сонда тұрып, молада шай ішкіміз келді: жолда шай ішкен жақсы, əсіресе ескі қирандылар мен молаларда. Өткен туралы ойлайсың, бүгінгіңді аялайсың. Осы мақсатпен жəмшікке тек таңертең, күн көтерілген кезде, бозторғай алғашкы əнін шырқап, түн пердесі түрілгенде, түнгі бұлттар солтүстікке ауып, батыстан таңғы қызғылт күн көтерілгенде, жарық ағаштардың бұтағына түсіп, су керемет тамаша түске енген кезде, осындай поэтикалық сəтте моланың басында болуды тапсырдық.
Адам жобалайды, бірақ Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары жеңіл арбаның шатырын ұрғылап тұрды. Шаршаған аттар, батпақта аяқтарын əзер басып жүріп келеді. Тек шыбықтың шартылдаған дауысы мен шаршаған аттардың пысқырынуы, делбешінің айғайы ғана жаңбырдың бірсарынды дыбысын бұзып тұрды.
Нашар түн болды, сондықтан жүру де қиындады. Жаңбыр ойлаған жоспарымызды бұзбасын деген күдік, алаңдаумен жəмшікке бірнеше рет: «Қалай, аспан ашылмады ма?» деп сауал тастадым. Суық сүйегіне дейін өткен делбеші «Жоқ!» деп күңкілдей жауап берді де, тағдырға назаланғандай «Не боп кетті, брр...» деп тізесіне жиналған суды төкті. Менің оған жаным ашыды, тезірек жүрсек, ол баяғыда жылы пешке қыздырынып отырар еді. Баян сұлудың естелігін көрмей кету де обал.
Осылайша біз бір сағат жүрдік.
- Мəртебеңізге құлдық, — деді жəмшік, — міне мола!
Мен басымды шығардым. Күннің көзі түнерген бұлттардан шығып келеді, аспанды сұр бұлт басқан, бұрынғысынша жаңбыр жауып тұр, көбіктенген аттар батпақты сортаң жермен əзер жүріп келеді, өзеннің сол жағында тобылғылардың арасынан моланың үшкір басы көрінді: ол қызыл кірпіштен қаланған болып көрінді. Мұндай ауа райында шай ішіп, қазақтардың ескерткішін тамашалау туралы ойлаудың өзі артық еді.
- Шамасы, өзен де арнасынан шығайын деп тұр, жоғары мəртебелім, — деді жəмшік менің ойымды оқып қойғандай.
- Олай болса, жүре бер, қайтар жолда қарармыз, — дедім мен, сосын тонға оранып, ұйықтап алайын деп көзімді жұмдым» [9; 260–261], — деп жазған.
Шоқан Ыстықкөл сапарынан келе жатып, «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» кесенесіне соққан. Зерттеу еңбегінде кесененің жалпы келбетін, бүтін сақталған төрт мүсінді сызып қалдырған. «Қозы- Көрпеш — Баян сұлу» ескерткішінің жанындағы тас мүсіндерде қасиетті құты ұстаған үш əйел мен бір еркектің бейнесі суреттелген. Халық аңызында үш əйелдің бірі — Баян сұлу, екіншісі — сіңлісі Айғыз, үшіншісі — апасы; ер адам — Қозы делінеді. Қазір тас мүсіндер жоғалып кеткен.
Ғалым сол жердегі жыршылардың аузынан «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» жырының тағы бір нұсқасын жазып алған.
Жас Шоқанның он төрт тармақтан тұратын ғылыми очеркі
1852 жылы Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезде Шоқан қазақ халқының тарихи аңыздарын жинауды ойлаған еді. Потаниннің естеліктерінде оның қазақ халқының аңыздары мен ертегілерін зерделеу арқылы Шығыстың көне тарихына жаңалық енгізуді үнемі армандап жүретіні айтылады. Шоқан қазақтың ертегілерін, өлең-жырларын жинап қана қоймай, бірінші болып зерттеді. Ал «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-əңгімелер» [14] деген шығармасында (тарихи очеркінде) бабасы Абылай ханға байланысты көптеген аңыздар мен жырларды топтастырған. Ол онда ханның жəне оның кейбір жортуылшы батырларының басынан кешкен оқиғалар туралы аңыздарды мысалға келтіреді. Бұл аңыздарда ол Абылайды да, оның батырларын да мадақтап, дəріптеуді мақсат тұтпайды. Қайта халықпен байланыстағы қайсыбір тұстарына сыншыл көзқараспен қарайды. Зерттеуші сол материалдарды 14 тарауға бөліп, Абылай туралы аңыз-жырлардың мазмұнын орысша баяндаған [15]:
- Шығармада отыздан астам тарихи адамның аты аталады. Олардың екеуі жырау (Бұқар, Тəттіқара) — ел басына күн туған қысылтаяңда халықты рухтандырушы, батырларға күш-қайрат қосушы ақылгөй кемеңгерлер. Екеуі би (Қазыбек, Ерден); қазақ ханы Абылай мен жоңғар (ойрат) ханы Галдан-Церен; өзгелері кілең ел қорғаушы асқан батырлар, бұған қоса жауынгерлер, бұқара халық.
- Оқиға жоңғар шапқыншылығына қарсы алдын ала аттандырған 1000 адамдық барлаушылардың кешігуінен, олардың тағдырына алаңдаған Абылайдың жанындағы Бұқар жырауға тіл қатуынан басталады. Барлаушылар екі топқа бөлінген: оның бірін — Қанжығалы қарабұжыр Жантай батыр, екіншісін — Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр бастап кеткен.
Олардан ұзақ уақыт хабар болмаған соң, Абылай Бұқар жыраудан батырлардың тағдыры жайында сұрайды. Сонда жырау: «Жантай барады, барып ұлысты шабады, күлін көкке ұшырып, Жантай əкелген ақша бет қызды хан Абылай алады», — деген екен. Кейіннен Абылай: «Бұқардың айтқаны келгенде, төбем көкке жеткендей қуандым», — депті.
- Бірде Абылайдың жасағы қытайларға қарсы ұрыста қорқып қаша бастапты. Сонда Тəттіқара жырау қазақтарды жырмен жігерлендіре келіп: «Жау қытайлардың аттары болдырды, жоқ хан Абылай қашпады, «қашты» деген дұрыс емес, ол тек қиғаш тартты», — депті. Осы сөзді естіген бəсентиін Сырымбет батыр жəне уақ Баян батыр кескілескен ұрыс салып, жеңіске жетіпті.
- Абылай үйсін биі Ерденді бір қателігіне бола жазалау үшін оның ауылын шабуға қол жинайды. Бұл жолы ханның қатулы болғаны соншалық, қасына жақындауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сонда халықтың өтінішімен хан алдына Бұқар жырау барып, былайша толғайды:
«О, Абылай, Абылай! Сенің сөздерің арсы мен гүрсі сияқты таумен таласып гүрілдейді; сенің босатқан құлдарыңның бес қақпасына да сыймайды. Алатауға барыңыз, ашуыңызды басыңыз, ашуыңызды бассаңыз, боз шекпенді құлыңыз Ерден сіздің алдыңызға 80 түрлі ат-шапан айыбымен келмей ме?» — деген екен.
Сонымен, жыраулар бейнесі, олардың тапқырлығы Шоқанның бұл туындысында келісімді шешім тапқан.
- «Аңыз бойынша, Түркістаннан шыққан Абылай бірде ең жақын туысқаны Əбілмəмбет ханның ордасына туысы Оразбен бір атқа мінгесіп келеді жəне біраз уақыт бойы қарауыл руынан шыққан дəулетті қырғыз жақсылық Дəулетбайдың қызметінде болып, жылқысын бағады. Дəулетбайдың əйелі жат жерліктің өздері ұсынбайынша, ешқашан да тамақ сұрамайтынын байқайды, ұсынған тамақты да ықылассыз алатынына жəне ешқашан кір ыдыстан ас ішпейтініне қатты таңданады. Бұл қырғыздарға мүлдем тəн қылық емес. Бұған қожайын да назар аударады, сонда ол Оразды тергеп, оның шыққан тегін білген соң, ең жақсы атын мінгізіп, Əбілмəмбет ханға алып барады. Бұл ат əйгілі Шалқұйрық болатын...Абылайға батыр атағын əперген осы Шалқұйрық болатын».
- Абылай үлкен айқастарда, шешуші сəттерде жекпе-жекке өзі де шығып отырғаны белгілі. Жоңғарлармен соғыста Галдан-Цереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтірген Абылай тұтқынға түседі. Онымен бірге бірнеше би, атығай руының атақты батыры Жапақ сүйікті баласының қазасына қайғырып отырған Галданның алдына əкелінеді.
«Менің ұлымды қай жерде өлтірдің?» — деген сұраққа Абылай былай жауап береді: «Сен мені айыптап отырсың, бірақ оны өлтірген халық, мен тек сол халықтың қалауын орындап Шаршының (Шарыштың) басын алдым», — депті. Галдан бұл жауапқа разы болыпты.
- Үш ордадағы барлық батырлардың ішінен ең құрметтейтінің кім? — дегенде, Абылай:
«Өзімнен бұрынғылардан Қалданның (Галдан-Цереннің) тұтқынынан 90 адам алып шыққан қаракесек Қазыбек пен өз адамдарын тұтқыннан босатып алған уақ Дербісəліге қатты таң қаламын. Біріншісі, Қалданның алдына өзі барса, екіншісі, ауылында отырып, жауын ықтырған. Менің батырларымның ішінде бəсентин Малайсары байлығы мен батырлығы жағынан, ал уақ Баян ақылы мен ержүректігі жағынан барлығынан артық», — деп жауап қайтарыпты.
- Абылай хан тұтқынға түскенде, Галдан-Церен одан: «Қай патшаны жоғары санайсың?» — деп сұрапты. Ол сонда: «Қондакерді, орыстың ақ патшасын, Ежен ханды, содан кейін өзімді», — депті.
«Мен ше, мен?» — деп кеудесін ұрыпты Галдан.
«Аз халықты басқарсаң да, көп халыққа бергісізсің», —деген екен Абылай.
- Қашқан торғауыттардың соңғы жортуылына қарсы күрес халық аңызында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Оған сансыз көп адам қатысқан. Хан өзінің орнында қозғалмай тұр; ол басқа батырлардың көңіліне келетініне карамастан, ержүрек Баян батырды тағатсыз күтуде. Ақырында 540 адамымен оралған ол ханның алдына келіп: «Қайда, не бұйырасың, мен орындаймын», — дейді. Хан халыққа арнап: «Міне, менің Баянды неге ұзақ күткенім», — деп түсіндіреді. 500 əскерімен 10 мың қалмаққа қарсы тұрған Жантай батырдың қаһармандығын, өлер алдында атынан түсіп баласы Тоқышқа бергенін, тірі қалған 8 адамға: «Үйге қайтыңдар, мен жауымды тосып қалайын», — деп барып құлап түскенін естігенде, Абылай: «Қайран қайыспас қара болатым-ай!», — деп көзінің жасын тия алмайды. Бұл басшы мен батырдың, батыр мен халықтың арасындағы мүдде бірлігін танытар көркем шешім [16].
Қорыта айтқанда, ғалым бұл еңбегінде тарихи жырларда, аңыздарда есімдері зор сүйіспеншілікпен айтылатын тарихи тұлғаларға, олардың қаһармандығына ғылыми дəлдікпен көркем барлау жасаған. Он төрт тармақтан тұратын ғылыми, тарихи очерктің көтеретін жүгі, берер мағлұматы қайсыбір «роман», «повесть», деп айдар тағылып жүрген қалың кітаптардан əлдеқайда салмақты. Қорғасыннан құйылғандай шып-шымыр, көлемі шапшағын осы бір алтын қазыналы туынды əзірге өз бағасын ала қойған жоқ.
Шоқан Шыңғысұлының қазақ тарихына қосқан үлесі
Ш. Уəлихановтың Шығыс, Батыс халықтарының тілдерін білуі əр түрлі қайнар көздерге сүйеніп, көне жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындықты ашуға мүмкіндік туғызды. Ғалым өз ойын нақты дəлелдеу үшін Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген Жолбарыс əулетінен шыққан Əбілғазының «Түрік шежіресін» [17] толықтыра түсу мақсатында «Қырғыз (қазақ) шежіресі» [18; 163–184] еңбегін жазған.
Ғалым: «Қазақтар қазақ даласында пайда болған тайпалар одағына қосылды деуге болады. Көшпелі далалық тайпалардың жалпы қасиеті мен мұрасы — көшпелі дала тұрмысы мен жаугершілікке бейімділіктен жаңа одақ — олардың жаңа ұрпақтары қазақ қалыптасты. Бұл ұғым
«Шайбанинаме» деректеріне қарап сол кезде құрметті деген мəн-мағынаға ие жəне Еуропадағы рыцарлыққа сəйкес келетін — көтеріңкі рухты, парасаттылықты білдіреді деуге болады.
Далалық көшпелі өзінің қалалық көрші туыстары, өзбек, ноғайлардан айырмашылығы — көшпелі, даланың еркін адамы қазақ деген атты мақтаныш тұтқан [18; 167], — деп баяндап, сол кездегі көптеген автордың еңбектеріне шолу жасады. Олардың деректерін шежірелермен салыстырды.
Шоқан Шыңғысұлы қазақтың төл шежірелерінен бастап, əлемдік жəне орыс шығыстанушыларының еңбектерінен қазақтың шығу тегі мен «қазақ» атауының түп-тамырын көп іздеген. Зерттеу барысында ол өз мақаласында «Алаш» ұғымын қазақтың жалпы есімі деп тапқан:
«Ерте ертеде, Тұранда Абдулла есімді хан болыпты, басқа бір аңыздарда оны Абдул-Əзиз хан деседі, осы ханның алапес ауруына шалдыққан Алаша есімді ұлы болыпты. Осы жұқпалы аурумен ауырғандардың барлығын елден аластатын көнеден келе жатқан салтты орындай отырып, əкесі алапес баласын елден аластатады. Сол заманда Абдулла ханның асқан қаталдығына төзбеген ашыққан адамдар Сыр өзенінің солтүстігіндегі далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына кетіп, қазақылық жасай бастады. Олардан шыққан батыл да ержүрек батырлардың саны үш жүзге жетіп, тез арада қуатымен жəне байлығымен танымал болды. Бірнеше жылдар өтіп, күйзеліс басталады: қазақтардың қонысы көршілермен ұдайы болған соғыстарда жеңіліс табады. Даланың еркін елі аштықты сезініп, ағайын арасында бассыздық пен алауыздық оларды ыдыратып, өзара соғысқа алып келеді. Ыңғайлы уақытты пайдаланып Абдулланың өзі бейбақтықты соңына жеткізудің жолын қарастырды, оларды біржола құрып кетуден көрегендіктің күші ғана құтқарды. Осындай қиын- қыстау жағдайда екі жүздіктің ішінен Алаш (жат жұрттық) деген дана қарт шығып, соншалық көңілге қонарлық сенімді ақылды сөз айтқаны сондай, қазақтар оны өздерінің рубасы, қазысы етіп сайлайды жəне оның ақыл-кеңесімен Абдулла ханның елден аласталған алапес ұлы Алашты шақырып хан сайлайды. Осылайша, даланың кезбе қазақтары енді салауатты қоғам мен ұлтқа (егер көшпелілерді осы сөзбен атауға лайық болса) айналады, өздерінің жеке тəуелсіздігі құрметіне өздерінің ханы Алаш пен рубасы əрі қазысы Алаштың есімдеріне естелік үшін Алаш немесе жүздіктің санына (үш жүз) қарай Үш Алаш атанады (Алаштардың тым шебер қосылуы). Бірақ олардың сырттай қайта құрылуына қарамастан, көршілері мен Абдулланың өзі де əлі де болса оларға кезбе қарақшылар сияқты қарады, Алаш, Алаштың ұлы, тұтастай үш жүз барлығы Абдулла еліндегі аштық пен ауруды пайдаланып, өздерінің тəуелсіздігін жазбаша мойындатқан уақыттан қазақ деген олардың атауы қалған. Осылайша, Алаш ел болды. Алаша сол елдің ханы болды» [18; 173].
Ол осы еңбегінде қазақты сұлтан, қожалардан айырып көрсеткен: «Қазақтарда Шыңғыстың ұрпақтарын сұлтандар мен хандарды — ақсүйектер, ал Мұхаммедтің ұрпақтарын қожалар деп атаған. Ақсүйектерден айыру үшін жай халық өздерін қара халық деп атаған. Сұлтандар ешқашанда Алаш қауымының адамы қатарына жатпаған. Сол замаңдарда болып тұрған халықтық жиындарда «Алаш» деп айқайлаған ұранға тек таза қанды қара қазақтардың барлығы көтерілген, ал сұлтандар мен олардың əрдайым қалмақтар мен қазақтардан құралған құлдары бір шеңберге жиылып, «арқар» деп ұрандаған. Дегенмен, қазақтардың: «Сұлтансыз ел болмас, уықсыз үй болмас» деген мақалы жеке халыққа, елге жеке билеуші қажет деген халықтың пікірін байқатады, бірақ көпшілікке сұлтандардың ешбір əсері болмаған. Қазақтар: қожалар — сарттар, ал сұлтандарда мал бағуға, қорқытуға тиісті... жəне көзделген мақсаттың орындалуы үшін қойылғанын тұспалдап түсіндіре отырып, осылай құлға ұқсатып сұлтандар біздің құлымыз, — дейді. Шынында, халықты рубасылары басқарды, хандар халықтың қалауын орындайтын болған. Қара халық наразы болған жағдайда оларды орнынан алып тастайтын» [18; 175].
Шоқан XIV ғасыр тарихшысы Рашид ад-Диннің парсы тілінде жазылған атақты шежіресін XVI ғасырда түрлі түсініктемелермен толықтырған. Халқымыздың дəстүрлі шешендік өнерін жақсы меңгерген қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыридың «Жəми-ат-тауарихын» тарихи құнды мұра ретінде бағалап, оны жан-жақты зерттеген Шоқан Уəлиханов кітаптың негізгі тілі қазақша екенін нақты деректер келтіре отырып, бұлтартпастай дəлелдеген.
Еуразия халықтарының ішіндегі ең көне, ең батыл, ең дархан халықтардың бірі — қазақтар көптеген тарихи-этникалық даму сатыларынан өтіп, бірігудің нəтижесінде пайда болды. Іріктеліп, сұрыпталған жауынгер қазақ ру-тайпалары біртіндеп тарих сахнасына шығуға бағыт алды. Шу бойында Қазақ хандығының құрылуы қазақ атымен аталатын мəдениетті, өнерді, əдебиетті туғызуға негіз қалады. Бұл туралы Ш.Уəлиханов өз еңбегінде былай жазады: «Аласапыран замандарда, Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылар алдында, талап-тонау, бүліктер нəтижесінде жан-жаққа жəне əр түрлі елдерге бөлшектелген Алтын Орда мен Шағатай ұлыстарының алғашқы тайпалары өздерінің қоныстанған жерлерінде өздерінің құқықтарын қамтамасыз ету үшін одақтар құрған жəне Шыңғыс тұкымдарынан əйтеуір бір ханзаданы шақырып, хан көтерген. Осылайша, [шығу тегінен] тəуелсіз əр түрлі тайпалардан тұратын рулардан өз алдына бөлек саяси қауым құрылады. Сарайшықта — Ноғайлы, Моғол ұлысы — Ташкентте, Сейхун даласында — Қырғыз [Қазақ] хандығы ордаларының негіздері қаланып құрылды. Осы болжам, шындығында, қазақ руларының тамаша құрамын құрайды, олардың арасынан сіз Алтын Орда қыпшақтарын да, Шағатай ұлысының арғындарын да, ұйғырлар мен жоңғарлардың көршілестері үйсіндерді де кездестіресіз...
Қырғыз [қазақ] халқы (өздерін осылай атайды, көршілес қырғыздар да оларды солай атайды) үш жүзге бөлінеді; орыстар оларды Үлкен Орда, Орта Орда, Кіші Орда (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) жəне жол үлкендігіне қарай Ұлы, Орта жəне Кіші жүздік деп атаған.
Ұлы жүзді, немесе Орданы, төрт негізгі рулар құрайды: дулат, жалайыр, абден (албан), суан; барлығы біртұтас ортақ атаумен өздерін үйсін деп атайды; кейіннен жоңғарлар мен ұйғырларға қосылған, осы орданың жоғарыда аттары аталған рулар одағына кірген қуатты тайпа үйсіндердің атымен аталуынан шыққан; олардың қалдықтары қазір де бар, сонымен қатар бір бөлімі ретінде дулат руының құрамына енген, сары үйсіндер деп аталады.
Орта Орда қайсақтарын құрайтын рулардың негізгілері — арғын, қыпшақ, қоңырат, найман; осы жүзге кейін қосылған екінші дəрежелі рулар жетіру қазақтарда уақ пен керей деп аталады. Кіші Орданы: əлімұлы, байұлы атты екі үлкен бірлестік пен жетірудың бірі құрайды; Ұлы жүздегі үйсіндер сияқты алшын — бүкіл Кіші жүздің ортақ атауы» [18; 165–166].
Сонымен, сөз соңында айтарымыз, Ш.Уəлиханов зерттеулерінің үлкен бір саласы қазақ халқының шежіре, аңыз-əңгімелерімен сабақтасады. Шоқанның бір ерекшелігі — ол үнемі өзі жүрген, аралаған жерлердің тарихын, этнографиясын, жаратылысын, салт-дəстүр, əдет-ғұрпын түгел қамтып жазады да, сол еңбектерді үнемі қызықты шежіре, тартымды аңыз-əңгімелермен толықтырып, безендіріп отырған. Мұның өзі ұлы ғалымның еңбектерінің тереңдігіне де, көркемдігіне де үлкен əсерін тигізген.
Ғалымның Ресей патшасының сот реформасын қатты сынға алуы
Шоқан Уəлихановтың «Сот реформасы туралы жазба», «Жоңғария очерктері» жəне басқа да аса құнды еңбектері оны саяси қайраткер ретінде танытты. Ғалымның ардақты есімін əлемге жайды.
Мəселен, «Жоңғария очерктері» [10; 341–371], ғылыми, əдеби, тарихи, публицистік құнды еңбек ретінде, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Еуропа ғалымдарын, шетел баспасөзін, əсіресе неміс зиялыларын елең еткізген. Онда саяси-əлеуметтік мəні бар оқиғаларды ғалым жалынды публицистикаға тəн сипатта шебер баяндайды; философиялық терең ой түйіп, батыл пікірлер айтады; сөйтіп, ғылыми очеркті саяси деңгейге көтерген. Ал өзінің аса көрнекті мұрасы «Сот реформасы туралы жазбада» саяси көзқарасын бұрынғыдан да тереңдете түсті.
1864 жылы Омбы қаласында, Сібір қазақтарының шекаралық басқармасында жауапты қызмет атқарған Ш.Уəлиханов қазақ заңдарының жинағын құрастыруға қатысып, Ресей патшасының əкімшілік жəне сот реформаларын қатты сынға алды. Ол Ресей империясы жүргізіп отырған жендеттік пиғылдың шынайы сиқын əшкерелейтін атақты «Сот реформасы туралы жазба» деген еңбегін [19; 83–113] жазып, 1864 жылғы ақпанның 28 жұлдызында патшалық ашкөз билеушілердің алдына көлденең тартты.
Оқымысты өз еңбегінде халық өркендеудің қандай сатысында тұрса да қарапайым өсу жолында: өздігінен даму, өзін-өзі қорғай білу, өзін-өзі басқара білу қажеттілігін басшылыққа ала отырып, билер сотын бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалдыруды талап етті. Пікірін бұлтартпайтын деректермен қорытындылады:
- Билер сотының басты құндылығы, біздің пікірімізше, қағаз жүзділігінің жəне толып жатқан ресми кертартпа тəртібінің жоқ болуында. Бидің рөлі оның беделіне негізделген жəне бұл атақ сот тəжірибесінде берілетін патент сияқты.
- Билер сотының артықшылығы жеке бидің өз бетімен сирек болуы тұрғысынан анықталады; өйткені сот ісінің қаралуы кезінде көпшіліктің қатысуына шек қойылмайды, ал кейде сайланылған би қосшыларының қатысуына жол беріледі; оның шешімі шағымдануға жатады.
- Билер сотының ең тамаша қасиеті, əрине, келесі салттан көрінеді: айыпкерге қарсы ашық айғақ болмай, тек қатты күдік қана болса, онда билер ара ағайындыққа оның əділ аталастарына жүгінеді. Олар антпен сотталушыны кінəлайды не ақтап шығады. Сот ісіне қатысушылардың саны жəне оларды сайлаушы алқа қаралатын істің маңыздылығына қарай анықталады. Сөйтіп, сот ісіне қатысушылар сотталушының жақын руластарынан да, ал кейде тұтас болыстықтан не тұтас округтен алынады.
- Билер соты ауызша, көпшілік алдында жүргізіледі жəне барлық жағдайларда қорғаушылық қызметке жол беріледі. Оның халық арасында құрметке ие болғаны соншалық, бүгінгі күнге дейін ешқандай тəртіптік шара қолдануды талап етпеді жəне етпейді де.
- Орта жүз қырғыз-қайсақ ордасы қоныстарында округтік приказдар құрылғанға дейінгі далада болған билер соты, міне, осындай.
Қайсар қайраткер өзінің сот реформасы туралы тарихи жазбасында: «Ресей империясы құрамына енетін барлық бұратана тайпалардан саны жағынан, байлығы жағынан жəне, бəлкім, келешектегі дамуына сенімі жағынан бірінші орын бізге — қырғыздарға тиесілі. Біз біртұтас кең байтақ территорияны алып жатырмыз, ал басқа бұратаналар, керісінше, орыс тұрғындарының ішіне шашыратылған...
Біздің халқымыз бай поэтикалық құндылықтарды сақтаған өсімтал əдебиетке ие, ол осы тектес шығыс шығармаларына қарағанда, үнді-герман эпостарына көбірек жақын. Ақыры соңында, бəрінен де маңыздысы, олар жоғарғы мəдени даму нəтижелерімен ұқсастық тауып жатқанда, біздің қоғамдық даму формамыз əлі де сол табиғи қалыпта. Осы дерек тұрғысынан біздің келешекке деген барлық сеніміміз негізделеді» [19; 87], — деген көрегендік болжам жасады.
Шоқан осы туындысында барымта мəселесіне көп көңіл бөлген. Оның пайымдауынша, барымта — қылмысқа қарсы қолданылатын ұжымдық шара. Егер қылмыс жасаған жақ би үкіміне көнбесе немесе кешіктірсе, даугер жақ өз тарапынан барымта ұйымдастырады. Барымта — ең алдымен, малды айдап алу, оның талабы — белгіленген (бидің алдында кесілген) көлемнен шықпау. Осы тұрғыдан барымта қоғамдық қатынастарды реттегіш деп есептеуге болады. Зəбір шегуші жақ, ең алдымен, ақсақал, билердің алдынан өтіп, ал малды айдап келгеннен кейін қанша мал əкелгенін баяндайды. Айдап əкелінген мал үкіммен берілген айыпқа немесе құнға сəйкес келуі керек. Барымта ашық түрде жасалады. Барымтаға қатысқан адам жорықта өлетін болса, зəбір шеккен жақ құн төлеуді талап етуге хақылы.
Барымтаның түрлері — ұрлық жасалып, ұры малды сіңіріп алса, біреудің кісісі өліп, өлтіруші жақ тез арада алты жақсысын алып алдарына жығылмаса, біреудің қорық жеріне өзгенің малы жайылып, істен шығарса. Сонымен қатар неке мен отбасы мəселелерінен өрбитін: қалың малын төлемей қыз алып қашу, біреудің заңды некесін бұзу, ортаға түскен олжадан сыбаға бермеу, қонақасы дəстүрін бұзу [19; 5].
Шоқан Шыңғысұлы: «Біз барымтаны қырғыздардың өз түсінігіндегі мəнісі бойынша түсіндіруге тырысамыз. Қырғыздарда барымтаға кейде заң жүзінде де жол беріледі. Ұрлық, тонау, айдап əкету үшін айып салынса, барымта үшін еш жаза қолданылмайды. Барымта деп өзгенің малын немесе өзгенің затын, жалпы өзгенің меншігін төленбеген қарыз-қалың немесе құн үшін басып алып кетуді айтады. Ескілікте күшті ру жағынан шыққан қырғыздың кісі өлімі үшін құн немесе өзінен əлсіздеу бір қырғызды қорлағаны үшін айып төлемеген кездері, немесе кісі өлімін жасап, немесе қаңдасқан өкпе тудырып алып, сотқа барғысы келмеген жағдайлары орын алған. Сол кезде рулық сейм (парламент) шешімімен, жəбір көріп қорланғандар барымтаға барып, қатты бататындай сес көрсетіп, көкірек керген зорлықшыны заңды айыбын төлеуге мəжбүр еткен. Бітімге келгеннен кейін барымталанған мал ешбір айыпсыз толығымен қайтарылған.
Барымта қасақана ашық, яғни күндіз, зорлықпен, қажеттілік туғанда құпия түрде немесе ұрлықпен жүзеге асырылған. Соңғы жағдайда барымташы 3 күннің ішінде барымтаның өз тарапынан жəне не үшін жасалғаны жөнінен өзінің қарсыластарын хабардар етуі тиіс. Əйтпесе басып алынған нəрселер ұрлық болып есептеледі. Ашық барымтада барымташыны даярланған қарсы тойтарыс күтіп тұрады, төбелес, кісі өлімі болады. Алайда мұның барлығы малды айдап əкету кезінде де болады, бірақ ол қылмыстық іс деп саналмайды» [19; 104–105], — деп тұжырымдайды.
Өкінішке орай, Шоқанның жалынды, қаһарлы үніне самодержавие итаршылары құлақ асқан жоқ. Оның тарихи еңбектерін жоққа шығаруға тырысты. Ғылыми басылымдарына кедергі келтірді. Қашғар сапарының нəтижелерін бұрмалады. Жала жапты.
Айналасы бір жылдың ішінде самодержавие түрлі айла-шарғымен оның сілікпесін шығарып, көзін жойды. Ұлтының келешегін ойлаған, қорлыққа ұшыраған халқына араша түскен асқақ тұлға лап етіп жанып, күйіп кетті. Бірақ ұлы ғалымның өшпес рухы ұлтымыздың қозғаушы күшіне, намыс символына айналды.
Əдебиеттер тізімі
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 128-б.
- Рақымқызы Р. Бала Қанаштан – Шығыс жұлдызы Шоқан Уəлихановқа дейін // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Шоқан Уəлиханов (1835–1865). — 2011. — № 12 (24). — 5–9-б.
- Сыздық Р. Шоқанның тілтанымдық тұлғасы // Қазақ əдебиеті. — 2010. — № 41 (3205). — 22 қаз. — 10 б.
- Сəтбаева Ш.Қ. Шоқан Уəлиханов // Ұмытылмас есімдер / Құраст. Б. Ысқақов. — Алматы: Қазақстан, — 147–161-б.
- Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. — 8-т. / Бас ред. Б. Аяған. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2006. — 648 б.
- Ордабеков С. Шоқанды зерттеп болдық па? // Түркістан. — 2013. — 3 мамыр. — 11-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т.
- 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 236–241-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Қырғыздар туралы жазбалар // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 2-т. — 2-бас.
- Алматы: Толағай групп, 2010. — 8–105-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Ыстықкөл сапарының күнделігі // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т.
- 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 259–306-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Жоңғария очерктері // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 3-т. — 2-бас. —Алматы: Толағай групп, 2010. — 341–371-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 6-т. / Бас ред. М.Қ. Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 585, 586-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Қозы-Көрпеш – Баян сұлу (Құсмұрын тізімі) // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-т. — 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 9-б.
- Зұлхаров Ғ. Шоқанның ізі қалған Аягөзде // Түркістан. — 2013. — 7 ақп. — 96-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-əңгімелер // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т. — 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 186–191-б.
- Ақбай Н. Шоқан жазып алған аңыздар // Қазақ əдебиеті. — 2011. — № 8 (3224). — 25 ақп. — 7-б.
- Қанафияұлы Н. Шоқан мұрасы – дəуір шежіресі // — Егемен Қазақстан, 2014. — 12 сəуір. — 9-б.
- Əбілғазы. Түрік шежіресі. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 208 б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Қырғыз (қазақ) шежіресі // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 2-т. — 2-бас. —Алматы: Толағай групп, 2010. — 464-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Сот реформасы туралы жазба // Уəлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. — 4-т. — 2-бас. — Алматы: Толағай групп, 2010. — 496 б.