Дарынды ғалым, дүйім елге танымал білікті зерттеуші, публицист, шежіреші атақты алаштанушы, ұлағатты ұстаз Р.С. əл-Карени (Каренов) 70 жасқа толып отыр. Рашит Саттарұлы — ғылыми, педагогтік, ұйымдастырушылық, қоғамдық қызметті ғылымның бірнеше салаларымен шебер ұштастыра білген ғұлама ғалым. Күнделікті қат-қабат əкімшілік жұмыстар мен қыруар тірліктің қайнаған ортасында жүрсе де, бойына біткен таланты мен ізденгіштік, еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында ғылымның бірқатар саласында зерттеулер жүргізіп, үлкен жетістіктерге жетті. Оның қаламынан туған 1500-ге тарта ғылыми, ғылыми-əдістемелік, ғылыми көпшілікке арналған еңбектері көтерген мəселелерінің өткірлігімен, нақтылығымен, жаңалығымен ерекшеленеді. Оның ішінде ғалымның жеткілікті дəрежеде көп айналысқан саласының бірі – қазақ əдебиеті жəне оның тарихы мəселелері, ондағы кейбір «ақтаңдақтарды» тың тұрғыдан зерттеп қарастыру.
Ғалымның барлық шығармашылық еңбектерін ірі-ірі үш бағытқа бөліп қарастыруға болады.
Алғашқы бағыт — оның тарихи тұлғаларға, батырларға, билерге, Алаш қайраткерлеріне арналған еңбектері: «Мəңгілік құндылықтар саңлақтары (2000); «Əрі көсем, əрі шешен Байдалы би» (2002); «Қазақтың үш ұлы көсемі» (2002); «Азаттық қаһарманы Мəнжі батыр» (2005); «Алаш азаттығының ақиығы Имам Əлімбеков» (2010); «Жұмабек Тəшенов – Алаштың жүз жылда біртуар алып тұлғасы» (2014); «Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жиырма көшбасшылары» (2014).
Бұл еңбектердің кейбірі қазақ халқының сан ғасырлық əдебиетінен, мəдениетінен, тарихынан деректі мəлімет беретін мақалалар, эсселер жинағы түрінде жазылған. Оларға енген мақалалар негізінен орталық басылымдарда, мерзімді баспасөздерде жарық көріп, оқырман қауымның сарабынан өткен.
Ғалымның қалың оқырман қауымына ұсынылған бұл кітаптары Қазан төңкерісіне дейінгі жəне одан кейінгі Қазақстанда жəне басқа да жерлерде шыққан «Айқап», «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеті», «Сарыарқа», «Қазақ», «Қазақстан» «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ əдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» газет-журналдарының бетінде жарық көрген қазақ елінің сол кездегі тарихынан, мəдени өмірінен, əдебиетінен көптеген мəлімет беретін материалдары негізінде жазылған. Бұл кітаптар қазақ сияқты ұлы да қайсар халықтың маңдайына жазылған біртуар, жүз жылда бір келер жарқыраған жұлдызы, шуақ шашар күні, жарық берер сəулесі, қайталанбас тұлғалары туралы жүрекжарды ыстық лебіздер, естеліктер, қимастық, сыйластық сезімдер сыйлайды.
Қазақ елінің əдет-ғұрпын, тарихын, əдебиетін, мəдениетін, саяси өмірін, ғылымын мазмұндататын бұл кітаптар қоғам ғылымдарын зерттеуші-ғалымдарға, жоғары оқу орындарының тарих, педагогика, философия жəне филология факультеттерінің оқытушыларына, магистранттары мен студенттеріне қосымша құралдар ретінде қызмет ете алады.
Ғалымның орыс тілін жетік білуі оның орыс тілі мен қазақ тілін салыстыра зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік берді. («Творцы немеркнущих ценностей» (2000), «Азаттық қаһарманы Мəнжі батыр» (2005) т.б.
Автордың бұл зерттеулерінде қазақ көгінде жарқырап көрінген жұлдыздардың, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жиырма көшбасшыларының ұлықтығы мен кішіктігін, олардың өздерінен кейінгі жамырай өрген дарынды толқынның дүр етіп, жаңбырдан соңғы көк шалғындай қаулап өсуіне игі əсерін тигізгенін қарастырған. Автордың зерттеп көрсеткендей, XX ғасырдың алғашқы ширегінде- ақ қазақ зиялыларының қатары А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Ə. Бөкейханов, Қ. Сəтбаев, Ж. Аймауытов, Б. Қаратаев, М. Тынышбаев, М. Шоқай, Ə. Диваев, М. Дулатов, С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, М. Əуезов, Ə. Ермеков сияқты тағы да басқа саясат, əдебиет пен мəдениет, ғылым саласындағы ондаған демократиялық бағыттағы Алаш ардақтыларымен толықты. Оларда бір ғана ұлы мақсат болды. Ол халықтың санасын ояту, орта ғасырлық мүлгуден арылтып, өнер-білімді меңгеріп, дамыған халықтардың қатарына қосылу арқылы ұлттың тəуелсіздігіне қол жеткізу еді. Олар бодандық бұғауының əйтеуір бір уақытта үзілетініне сенді. Сондықтан да сол күнге туған халқын жеткізуге бар күш-жігерлерін жұмсады.
Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі ғылымға емес — утопияға, демократияға емес — авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен Алаш партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы —
«Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аймақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады. Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, əдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге нысан бола алмады. Оларсыз қазақ тарихы — тұл, алтын дегені күл еді.
«Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, «Алашорда» үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, «Алаш автономиясынсыз» Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихын жасау, мемлекеттік тіліміздің тарихын қалыптастыру мүмкін емес еді.
Сондықтан да соңғы жылдары Алаш көсемдері мен көшбасшылары туралы едəуір жазылды. Ғылыми зерттеулерден бөлек көркем шығармалар да бар. Дегенмен де, олардың мемлекет қайраткерлігі істерінде əлі де түйіндей түсетін, анықтап, ашығын айтатын жайлар жетерлік.
Əсіресе 1937–1939 жылдары ерекше қарқын алып, халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессия саясаты – ұлттық тарихымыздың ең қаралы, ең қасіретті беттері қатарынан орын алады. Табанды зерттеуші өз еңбектерінде ұлтымыздың зиялы қауымын, барша көзі ашық азаматтарын баудай жапырған «ұлы террордың» əлі де айтылмай жатқан көлеңкелі беттері аз емес екендігін ашып жазған.
Əл-Карени еңбектеріндегі кейіпкерлер мен тұлғалар адамдық, имандылық, төзімділік, қайсарлық жағынан ылғи да жоғары тұрады.
Бірақ бəрінен де бізге қымбаттысы — əл-Карени еңбектеріндегі биік рух. Ол қай тұлғаны жазса да, бірінші орынға рухты шығарады. Жазушы ғалымның зерттеп жазған кейіпкерлері рухы биік адамдар. Осы құдіретті күш оларды кез келген уақытта кез келген тығырықтан алып шығады. Мысалы, Алаш қайраткері Имам Əлімбеков жайында жазылған «Алаш азаттығының ақиығы Имам Əлімбеков» атты кітабы соның айғағы. Себебі Имам Əлімбеков өткен ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысының рухы биік өкілдерінен болатын, жəне ол туралы жазылған шығармалар некен-саяқ- тын. «Азаттық қаһарманы Мəнжі батыр» еңбегі де осы айтылғандарды қуаттай түседі. Демек, Əл- Каренидің есімі қазақ оқырмандарына өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарынан бері таныс. Мысалы, оның «Мəңгілік құндылықтар саңлақтары» атты кітабы 2000 жылы жарық көрді.
Бұл еңбегінде автор ұлттық мəдениетімізге, тарихымызға асыра үлес қосқан жазушыларымыздың, жезтаңдай жыраулар мен адуан ақпа ақындарымыздың, ойшыл ғалымдарымыздың, қажырлы да қайсар батырлар мен қайраткерліріміздің жалпы адам баласының тарихындағы орындарын ашып көрсеткен. Кітапта дəуір тұлғалары қосқан тарихи үлестер қазіргіге сəйкес жан-жақты баяндалған.
Автордың ойынша, өмірдің күнгейінен көлеңкесін, тəттісінен ащысын, жеңілінен ауырын көп көрсе де мойымаған тегеуріні мықты, рухы өжет Алаштың көсем жандарының адами болмыс-бітімі кейінгі буын ұрпаққа ғибрат, үлгі-өнеге болуы керек.
Зерттеуші-ғалымның шығармашылық туындыларының екінші бағыты — шежіре, этнография, генеалогиялық мəселелерге арналған еңбектер: «Қарекелер (Шежіре)» (2000); «Тұғыры биік тұлғалар» (2003); «Жеті атасын білген ер...» (2008); «Аралбай руының шежіресі» («Аралбай батыр: Шежіре») (2011); «Үш жүздің шежіресі жəне Арғын-Алтай тайпасының Қареке-Мұрат рулары: энциклопедиялық анықтамалық (Екі томдық. Бірінші кітап)» (2014); «Үш жүздің шежіресі жəне Арғын-Алтай тайпасының Қареке-Мұрат рулары: Энциклопедиялық анықтамалық (Екінші кітап)» (2014).
Шежіре — халқымыздың асыл қазынасы, барша қазақтың арғы-бергі күллі ұрпағын бір кісінің баласындай туыстырып, ұйыстырып келе жатқан алтын тін екендігін тағы да қайталап айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Қазіргі көкірек көзі ояу оқырман тек өз ру-тайпасының өткенімен шектеліп қалмай, жалпы шежіре атаулыға қызығушылық танытуы мұндай туындылардың сол ұйыстырушылық қызметіне, халқымыздың тарихына тамшы болып қосылар тағылымдық тартымдылығына байланысты болса керек.
Ғалымның аталған кітаптарында халқымыздың тарихи тізбегін үзбестен, ұланбайтақ аймақта тайпалық одақ құрып, сол мекендерде үрім-бұтағының туын тігіп кеткен тарихи тұлғалар тұрғысынан мəліметтер беріліп, оның ұрпақтарының шежіресін жасаудағы мақсаттары жан-жақты түсіндірілген. Бұл тарихи шежіре жай əшейін ата-баба атын жаңғырту үшін жазылған аңыз-əңгіме, жалған дақпырт емес екендігін айта отыра, осы еңбектердің ішінде келтірілген əрбір деректердің қазақ халқының болмыс-бітімін тану үшін, күллі қазақ халқының тұтастық сипатын айғақтайтын соны деректері мен құндылығын баса айтуды жөн көріп отырмыз. Автордың бұл кітаптарын өскелең ұрпаққа тарихи ғибрат беретін құндылықтар деп санауға болады.
Тарих сабақтарын ұмытпайық, өркениеттісінен үлгі алайық, өкініштісін қайталамайық дегенді меңзейді автор. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың ұлы көшіндегі тапқанымыз бен жоғалтқанымызды саралай келе, соның себеп-салдарына үңілдіріп, ұлт рухын сақтаудың озық үлгілеріне назар аудартады бұл еңбектер.
Қазақ елі — өте бай ауызша тарих айту жəне оны сақтау дəстүрі мен мəдениеті бар халық. Өткен өмірінде көшпелі өмір салты басымдық танытқан қоғамда ауызша тарих айту дəстүрі, белгілі дəрежеде, отырықшы өркениетті елдердегі архив пен кітапхана міндетін атқарды, халықтың рухани өмірі ұрпақтан ұрпаққа осы негізде жетіп, ұласып отырды.
Қазақ қоғамында ауызша тарих айту дəстүрінің қалыптасуы үшін қажетті алғышарттардың барлығы да болды деп айта аламыз. Қазақ фольклорының бізге дейін жеткен бай туындылары, ауыз əдебиетінің шығармалары, тарихи əңгімелер, тарихи жырлар, дастандар, ауызша айтылып қалдырылған шежірелер қазақ халқының есінде өзінің өткені туралы мəліметтер мен білімдер жиынтығының сақталып, белгілі бір жүйе бойынша қазіргі заманға жеткізілгенін дəлелдейді.
Шежіре жайлы жазылған бұл шығармаларында зерттеуші-ғалым шежірені қазақ халқының ауызша тарих айту дəстүрінің өте маңызды туындысы деп қарастырған. Себебі қазақ шежіресі əдебиет пен тарих ғылымдарындағы халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы. Шежіренің қазақ, түрікмен, монғол, қырғыз жəне т.б. халықтар арасында ауызша сақталғандығы дəлелденіп, біздің ата-бабаларымыз үшін де шежіре тарих қызметін атқарғандығы пайымдалған. Ол халықтың этникалық құрылымын анықтауға, тұтастығын көрсетуге мүмкіндік беретін төл тарихымыздың нұсқасы, ұлттық рухани мəдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылған. Қазақ қоғамында ауызша айту дəстүрі туындыларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын арнайы адамдар болған. Ел арасында өткен өмір тарихын жақсы білген «шежіреші адамдар» болған. Олар қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дəстүрін, заңдарын, əдет-ғұрпын, ай-күн есептерін жақсы білген, көшпелілердің танымын жете түсінген, небір аңыз-əпсана, жырларды жадында сақтаған. Егер қазақ мəдениеті біртұтас дейтін болсақ, онда шежірені де осылай қарастыруымыз керек деп дəріптейді автор. Яғни, шежіренің ішінде аңыз бен шындық та, ертегі мен əпсана да, өнер мен ғылым да бар, ал дəстүрлі қазақ мəдениетінен оның біреуін бөліп қарастыру мүмкін емес деп зерттеуші ғалым ой түйген.
Автордың пайымдауынша, шежірені көшпелілердің ауызша тарихи аңыз, қария сөз үлгісінде жалғасатын тарихи дəстүр деп түсінген жөн.
Қазақ халқындағы ұрпақ пен ұрпақ арасын үнемі жалғап ұстап тұратын қымбат та ғажап дəстүрдің бірі — ата-баба əруағын өзгеше құрмет тұту, құрмет тұтқанда — есімін естен шығармай, шамасы жеткенше жадына тоқып, ол білгенін өзінен кейінгі буынға үйретіп кетуге ұмтылу. «Өлі риза болмай — тірі байымайды» деген мақалды тудырған халқымыз оны ризалаудың жолын кейбір мұсылман елдеріне ұқсап, тек Құран бағыштаумен шектеп қоймаған, жетісін, қырқын, жылын берген, егер ұзақ жасап армансыз өткен кісі болса, соңғы жиынын үлкен думанға айналдырып, ат шаптырып, балуан күрестіріп, бəйге таратқан. Бірақ бұның да өткінші ғана оқиға боларын терең түсінгендері шығар, əруақтың басына күмбез тұрғызып, ескірмес ескерткіш орнатқан.
Əйтсе де, бұл секілді өзгеше құрмет екінің біріне бұйыра бермейді, екінің бірі түгіл мыңның біріне де бұйырмақ емес. Дегенмен, соңына əлеуетті ұрпақ қалдырған кез келген ата-ана дəл осындай болмағанмен, өзінің əлеуметтік дəрежесі мен орнына лайық құрмет дəметуге хақылы. Əлбетте, оны тұрмыс пен жағдай шешеді. Мұндай тілекте де, ниетте де пендешілік басымдау жататыны рас. Соны түсінгендей, біздің қанағатшыл ата-бабамыз бас-басына құлпытас қойғыздырмай-ақ, бас-басына күмбез тұрғыздырмай-ақ, мəңгілік ескерткіш орнатудың – яғни келер буын жадынан мəңгі өшпеудің өте оңтайлы жолын тауып, соны ұрпақ санасына ана сүтімен бірге сіңіріп кеткен. Ол — шежіре тарату дəстүрі.
Шежіреші əңгімелеген тұлғалар өмірбаяны мен тарихы олардың ата-тегін көрсететін кесте, туған жері, қыстау орны, жерленген жері, моласына тұрғызылған ескерткіштер, ескерткіштеріне жазылған жазу деректерімен расталған.
Қазақ даласында көптеп кездесетін осындай ескерткіштер сол адамдарға, сол жерлерге байланысты шежірелердің куəсі болып келеді. Шежіренің ішінде бір руды талдай отырып, сол рудың ішіндегі атақты адамдар, олардың басынан өткен кейбір оқиғалар туралы тарихи əңгімелерді көптеп кездестіруге болады. Ал тарихи жырларда басты кейіпкерге байланысты, оның ата-тегі туралы шежірелік мəліметтер ұшырасады. Бұдан қазақтың ауызша тарих айту дəстүрі туындылары өзара тығыз байланысты болған деген қорытынды жасауға болады.
Зерттеуші шығармаларының үшінші бағыты — əдебиеттану мəселелеріне, ақиық ақындарға арналған еңбектері: «Көмейінен жыр төгілген Ахметбек ақын» (2008); «Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын» (2011); «Ақын-ақ еді (Мақсұт Байсейітовтың поэзиясы хақында)» (2012); «Алаштың жиырма жыр алыптары»: екі томдық: Бірінші кітап (2012); «Алдаспаны Алаштың ақын Мағжан» (2013); «Алаштың жиырма жыр алыптары»: екі томдық: Екінші кітап (2013).
Өткен тарихымызды бұрмалаусыз, тура қорытудың бірден бір жолы, халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күресте өткізген зиялыларымыздың артында қалдырған рухани мұрасын оқырманның, əсіресе жас ұрпақтың қолына жеткізу болса керек. Сондықтан да зерттеуші автор біртуар азаматтарымыздың өмірімен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың əрқайсысын халық арасында насихаттау — бүгінгі күн тəртібінде тұрған көкейкесті мəселе деп біледі.
Зерттеуші-ғалым өз еңбектерінде жыраулар мен билердің, сал мен серілердің мұраларын едəуір қарастырғанымен, негізінен ақындар, оның ішінде белгісіздеу ақындар шығармашылығын зерттеуге ден қойған. Қазақ халқының өзі ақындарды дəріптеп, əулие санап, əлпештеп төбесіне көтерген. Ол тегіннен тегін емес. Себебі ақын аузынан шыққан жалғыз ауыз сөз ұрпақтан ұрпаққа жеткен.
Ақындардың тасқа қашалып, ақ қағаз бетіне түскен өлең-жыры түгіл, оқыста аузынан шығып кеткен жалғыз ауыз сөзі мəңгілік ел есінде қалған.
Ғалымның қаламынан туындаған шығармалары көпшілігінің бір ерекшелігі — тағдыр тауқыметінің салдарынан есімдері елге етене таныс бола қоймаған ақындардың еңбектерін жарыққа шығаруға атсалысуы жəне мұны олардың мерейтойларына орай жариялап отыруы. Мысалы, XIX жəне XX ғасырлардың тоғысында өмір сүрген өрен де ерен көрнекті ақындардың бірі Байсалбайұлы Ахметбектің туғанына 130 толуына орай Рашит Əл-Карени (Каренов) «Көмейінен жыр төгілген Ахметбек ақын» кітабын жарыққа шығарды. Кітапта автор ақынның бүкіл саналы өміріне қалың бұқара халық жағында болып, оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мүддесін қорғап өткендігін, ақынның өмір сүрген кезіндегі қоғамдағы келеңсіздікті, халық басындағы ауыртпалықты, сол дəуірдегі көкейкесті мəселелерді өз жырының тақырыбы еткендігін тұңғыш рет кең көлемде ғылыми- публицистикалық, танымдық тұрғыда зерттеп жазды. Ақиқатты айтуға келгенде, əл-Карени ғалым əділеттің жағына шығып отырады. Мысалы, туындылары ешбір жерде жарық көрмеген осы Ахметбек ақынның шығармаларын ерінбей, тірнектеп жинап өлендер жинағын жарыққа шығарды ақынның кейбір өлеңдерін басқа ақынға теліп, əдеби баспасөзде шу шығарған журналшыларға да ақын шығармаларының өзінікі екендігін зан жолымен дəлелдеп бергенін де көзі қарақты оқырман қауым біліп отыр («Жұлдыз» журналы, 2006, № 1).
Жалпы осы тұста айтылуы тиіс жайт, өткен ғасырларда өмір сүрген бірқатар қазақ ақындарының, қаламгер жазушыларының көптеген туындыларын ұзақ уақыт заман тезіне орай жұртшылыққа кеңінен жария ете болмауы, əдеби-ғылыми айналымға кеш қосылуы, сондай-ақ ұстанған бағыт-бағдары кеңестік идеологиямен үйлеспеген кейбір шығармашыл тұлғалардың еңбектерінің жарық көрмеуі, жалпы əдеби мұра мəселесінің игерілуін біршама қиындатқаны айдай анық. Ел тəуелсіздігімен жарыса жеткен жаппай жариялылық бұрынғы мұндай жасанды кедергілердің бəрін алып тастады. Қолдан жасалып келген күллі керте іс кері ысырылды. Нəтижесінде – асыға күтіп, аңсай қауышқан мол қазынаға киліктік. Талай арыстардың ашылмай келген еңбектері есігін аштық. Бірақ бүгінде біреудің шығармасы біреуге телініп, бұрыннан белгілі шығармалардың жаңа авторы табылып дегендей, сырт көзге білінбесе де осы салаға қатысы бар адамдар сезіп жүрген қызық «қойыртпақтар» да көрінбей қалып жатқан жоқ. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бастапқы ширегінде өмір сүрген кейбір ақын-жыраулардың соңында қалған мұралардың осыған сабақтасатын мысалдарын кездестіре аламыз. Қайталанбас көрнекті ақын Байсалбайұлы Ахметбектің мұрасы да бұдан сырт тұра алмайды.
Туындылары жеке кітап болып шықпаған айтыс ақындарының бірі — Құлтума ақын. Ғалымның «Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын» атты кітабында Құлтума Өтемісұлын өзі жасаған заманның перзенті, өзі өмір сүрген дəуірдің өнерпазы: ақыны, əншісі, композиторы ретінде жоғары бағалаған. Табанды зерттеушінің пайымдауынша, өнер адамның өрге жүзуі өз бойындағы шығармашылық күшке, өзі өскен ұлттық ортаға, өнер-білім дəнін сепкен жанға рухани азық беріп, ой-қиялын дамытқан туысқан халықтартардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. Асылы, қазақ топтарындағы озық бұқарашыл идеялардың қарыштай дамуына ең күшті себебі өркениетті елдер мəдени жетістіктердің арқасы, XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған революцияшыл демократтар идеясына сүйенген орыстың бай класикалық əдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған əдеби орта қандай десек, Біржан, Ақан, Кұлтума, тағы басқа өнерпаздардың жетістіктері де сол қауымға ұштасады. Автордың көрсеткеніндей, ұлы Абай қазақ поэзиясында жаналық жаршысы болып, оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ торыпағандағы жаңа бағытын Біржан, Ақан, Құлтума бастап береді. Бұлардың өнерімізді дамутудағы əсерлері, олардың өскен орталары, алған өнегелері шығармашылықтарының қайнар көзі – бəрі сабақтас деп ой түйіндейді автор.
Қазақ əдебиетіндегі тұнығы майланбаған өзіне тəн қуатымен арнасына сыймай буырқанып тасып жатқан сондай таза бұлақтардың бірі — Мақсұт Байсейітов поэзиясы. Кеңестік кезеңнің уақыт уысынан шығармай, шығармашылықты тар шеңберге қалап қойған кезінде де, елдің, қоғамның өсіп- өркендеуіне кесапатты кесірі тиген кертартпа тіршілігін астарлап болса да, ретін тауып қиыннан қиыстырып жалғанның жарығына шығарған шайырлар болғаны белгілі. Солардың қатарында қайсар ақын Мақсұт Байсейітовтың да болғанын зерттеуші-ғалым мақтай, мадақтай жазды. Ғалымның бұл еңбегіне дарынды ақын Мақсұт Байсейітовтың өмірі мен саяси-əлеуметтік лирикасы, табиғат пен махаббат лирикалары көптеп табылатын шығармалары арқау болды. Ғалымның бұл ғылыми-əдеби монографиясын Арқаның ақберен ақынын əрқашанда қадірмен тұтатын оқырмандарына татымды тартуы деп санауға болады.
Əл-Каренидің (Кареновтың) қай шығармасын алсаңызда бəрі де тың, бəрі де ерекше. Рекең сөз өнеріндегі алғашқы туындысынан бастап, жуырда жазған қос томдық «Энциклопедиялық анықтамалығында» да, жалпы, барлық шығармаларының қай-қайсысында да өмір шындығы шынайлылығымен, сенімді де нанымдылығымен өзгеше көзге ұрып тұрады.
Қазіргі кезең біз өз тарихымызды жалтақсыз зерттеп, тіліміздің, өнеріміздің терең тамырларын тануға кіріскен кез. Енді біз мəдени өмірімізге қара таңба салған, ұлы азаматтарымызды қиянаттап ластаған, пəле-жала жабу арқылы қырғынға ұшыратқан сұмдықтарды ашық жариялаймыз. Сонда өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай рахат қуанышқа бөленеміз. Мінеки, сол қайта тірілген, қайта жанған отымыздың бірі — даңқты жырлардың авторы, жарты ғасырдан аса атын да атауға рұқсат етілмей келген Мағжан Жұмабаев. Зерттеуші əл-Карени өзінің «Алдаспаны Алаштың ақын Мағжан» атты кітабында Мағжан поэзиясының түпкі, өзекті ерекшеліктерін қазіргі тəуелсіз таным тұрғысынан қарастырған орынды деп санайды. Автордың пайымдауынша, мағжантану дегеніміз — қазақтану, ұлтты, өзімізді танып білу деген сөзбен пара-пар.
Мағжантанудың бел ортасында Əлихан Бөкейхан, Мұхтар Əуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сəдуақасов, Қошмұхамбет Кемеңгеров, Нəзір Төреқұлов, Ғаббас Тоғжанов, Сəбит Мұқанов, тағы басқалардың тұрғандығын айта келіп, автор «осы тізімнің өзі-ақ аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ əдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ, Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың жəне қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады» деп қорытынды жасаған.
Егемендігіміздің жиырма жылдығына арнап зерттеуші-ғалымның қазақтың «Көмекей əулиесі» Бұқар жырау Қалқаманұлынан (1668–1781) бастап, «поэзияны адам жанының шырылы» деп бағалаған Мұқағали Мақатаевқа (1931–1976) дейінгі есімдері XVII ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырда кең тараған ақындардың шығармашылық жолдары, қаламгерлік қуаты жəне туындыларының тарихы баян етілген «Алаштың жиырма жыр алыптары» атты екі томдық кітабын жарыққа шығарды. Автордың ондағы мақсаты халқымыздың ұлттық зиялыларын, сондай-ақ елеусіз қалған есіл ерлерімізді көпшілікке насихаттау.
Рашит Саттарұлы əл-Каренидің (Кареновтың) қаламынан туған шығармалардың барлығы құнды. Тіпті ең жай ғана деген дүниесінің өзінен оқырман жуық арада жадынан өшпес, есінен кетпес не бір тарихи-əлеуметтік оқиғаға, не бір ерекше тұлғаға жолығары сөзсіз. Нəтижесінде тағы да бір тұлғаны жақыннан білуге жол ашылады. Осы ерекшелік Р.С. əл-Каренидің (Кареновтың) бүкіл əдеби туындысына тəн ортақ қасиет десе де болады.
Рекең өз шығармаларында жеке адам мен қоғамның қатынасында адамның жаншылып қалмауы керектігі, адамгершілік мұраттардың əрдайым жоғары тұруы жайлы жар салады. Жан-жақтан əркім өз құндылығын тықпалап жатқан жаhандану заманында біздің құндылықтарымызды, өз болмыс келбетімізді сақтап қалу, ол үшін адамзаттың бастан кешкен осынау тағылымдарын ескеру, сабақ алу, міне — заманымыздың ойшыл ғалым, сөз зергерінен алар пайымымыз. Оның туындылары əдебиет қана емес, əмбебап сипаты бар жалпыға бірдей əлеуметтік-эстетикалық құндылыққа айналды.
Қай ғалымның болса да өмірбаяны оның шығармаларында. Ғалым ғұмырының бөлінбес бөлшектері, тағдырының кейбір сəттерінің қайталанбас кезеңдерінің көріністері оның шығармаларынан, сөз жоқ, өз орнын табады.
Дарынды ғалым Рашит Саттарұлы əл-Каренидің (Кареновтың) еңбектерін оқып зерттегенде оның бүкіл ғаламның қасіреті мен қам-мұңын өз жүрегімен қабылдап, адамзат азабын арқалауға ұмтылысында өзгеше бір ерекшелік бар екендігін байқаймыз.
Өркениет заманының өрелі ғалымына тəн жан-жақты терең білім, үлкен эрудиция, ел тағдыры — өз тағдырым деп қарайтын кең құлаш, адам баласына деген кең бауырмалдық, басқаның мұңын бөлуге бейім ақжарма пейіл оның шығармаларының түпқазығына айналғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр.