Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қожа Ахмет Ясауи — сопылық поэзияның негізін салушы ақын, Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы

Кіріспе

Мұсылман əлемі — шексіз əлем. Ал Ислам діні — ғаламшарға тамырын терең жайған көшбасшы діннің бірі. Ислам мен мұсылман əлемінің ұстанымы лаңкестікпен де, экстремизммен де, фундаментализммен де үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Мұсылмандардың киелі кітабы — Құранда жамандықты уағыздайтын сүре немесе аят мүлде кездеспейді.

Құранның 60-сүресінің 8-аятындағы: «Алла дініңе қарсы соғыс ашпаған, баспанаңнан айырмаған адамдарға қайырымды болуға тыйым салмайды. Алла əділетті пенделерді сүйеді», — деген мəнді сөздер ислам дінінің нағыз толерантты дін екенінің нақты дəлелі. Ең бастысы, Алладан Құран түскеннен бері он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, киелі кітаптағы 114 сүре мен 6346 аяттың бір əрпі де өзгеріске ұшыраған емес. Олар еш уақытта бұрмаланған да емес.

Ислам мəдениетінің казақ жеріндегі ірі ошағы — Сыр бойы, Сығанақ, Отырар, Сайрам, Түркістан (Ясы) қалалары болды. Осы өңірден əл Фараби, Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Сүлеймен Бақырғани сынды ғұлама ғалымдар мен ақындар, Ақсақ Темірдей атағы əлемге жайылған əскербасылары шықты.

Қожа Ахмет Ясауи — ақын, ойшыл, ұстаз, бүкіл түркі жұртына имандылық нұрын шашқан діни қайраткер, ағартушы, жаңа сопылық ағымның ғұламасы, пірі.

Орта ғасырда Ясауи оқуының пайда болуына бұрын дəуірлеп келген араб халифатының күйреуі мен əлсіреуі негізгі себеп болса керек. X–ХII ғасырларда ұлы араб халифатының батыс бетін Еуропа əмірлері билеп, шығыс бетін қытай, парсы, түрік билеушілері, кейін монғолдар өз ықпалына алады. Қарахан мемлекеті кезінде дəуірлеп келген мұсылманшылдық идея енді біраз əлсірей бастады. Оның болашағы тұйыққа тіреліп, мистика сарыны күшейе түседі. Бұрыннан айтысып келген діни ағымдар енді ашық тартысқа шығады. Осы бір дəуірдің қоғамдық санасының жемісі ретінде Қожа Ахмет Ясауи оқуы пайда болады [1].

Оның 90 мыңдай шəкірт — мүриттері болған. Олар ұстазының ілімін Орта Азияға таратып əкеткен. XIII–XV ғасырлар арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуренаһр, Анадолыға дейін жеткен. Түрік жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтқаны соншалық: «Мəдинада — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет», — деген.

Қожа Ахметтің өмірбаян өрнектері

Тарих табалдырығын аттаған əрбір ұлы адам тек қана еселі еңбек қалдырмайды. Өзі де жұмбақ ғұмыр кешеді. Олардың əрқайсысы өздері өмір сүрген кезеңнің төл перзенті бола тұрып, бір мезгілде ғасырларды көктей алға озып кетуі де, бір мезгілде өзінен бұрын өтіп кеткен көне дəуірлермен іштей үндесіп жатуы да мүмкін...

XII ғасырда Түркістан қаласының орнындағы Ясы атты кішкене қыстақтың Ясы шаһары деп даңқы шығуы Қожа Ахмет Ясауи əулие атымен тікелей байланысты. Өйткені Əзірет Сұлтанның көзі тірісінде-ақ оны киелі адам деп мойындаушылық көп болған. Бұған жұпыны киініп, сəн-салтанаттан аулақ өмір кешуі, ақын болуы, түрік тілінде жазған негізгі шығармасы «Диуани Хикмет» атты керемет кітабының жүрекке жылы тиетін, имандылыққа шақыратын жеке тараулары мен шумақтары, қалың бұқараның аузынан тастамайтын ғазалына айналуы үлкен себепші болған.

Бұған біз келесідей анықтамаларды қосқанды жөн көріп отырмыз:

  1. Қожа Ахмет Ясауидің шыққан тегі жайлы құнды деректі оның шəкірті, жолын қуушы, ұстазының жолымен сопылық-дəруіштік поэзияны дамытушы Сүлеймен Бақырғани қалдырған. Оның туған жылы белгісіз, 1186 жылы қайтыс болған. Оны жұрт Хакім ата деп атаған [2; 192].

Сүлеймен Бақырғанидің «Ақыр заман кітабы» жəне «Бибі Мариям кітабы» деп аталатын екі дастаны бар. Олар негізінен діни аңыз-əңгімелер сюжетіне құрылған. Сопылық-мистикалық ой- пікірлерді уағыздайды. Хакім ата өзінің «Ақыр заман кітабы» атты дастанында былай дейді:

Ысқақ бабтың жұрыны (яраны),

Ибраһим ата құлыны.

Шайқылардың ұлығы,

Шайқым Ахмет Ясауи!

  1. Қожа Ахмет Ясауи туралы ең алғашқы жазылған еңбек Ақсақ Темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шарафаддин Алаяздың (Ғали Иаздидың) «Зафарнама» деген кітабы. Бұл еңбек 1424–1425 жылдары жазылған. Онда Қожа Ахмет туралы: «Темір Сейхуннан өтіп, Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін тоқтап, əскеріне арнап үй салдырды. Содан кейін «Иассы» ауылына барып, сондағы Иассауи бейітіне зиярат етеді. Иассауидің Мұхаммед-Ханафияға туыстығы бар еді» [3], — дейді.
  2. Мұнан бөлек Қазақстан Ұлттық кітапханасының қорында Ясауи бабамыздың үрім-бұтағын талдайтын шежіре «Нəсабнама» («Насаб-нама») сақталынған. Қожа Ахметтің шыққан тегі жайлы жазылған еңбектердің барлығы осы Маулана Сафи ад-дин Орұң-қойлақы «Насаб-намасындағы» шежірені мойындайды [4].

«Нəсабнаманың» соңында жапырақ тектес етіп жасалынған Ясауидің өз мөрі соғылған. Осы шежіренің орта тұсында: «Мен Хасан Хожа Бабаның оғылы Ибраһим Ата» деген дерек жолығады.

«Нəсабнамада» Ясауидің түп-тамыры былай берілгенін көреміз: «Ұлы атасы Əзірет Ғали (Əзірет Əлі), одан Мұхаммед-Ханафия» — делінген. Шарафаддин Ғали Иаздидың «Зафарнамасындағы»:

«Иассауидың Мұхаммед-Ханафияға туыстығы бар еді» дейтіні осы болса керек. «Нəсабнама» одан əрі: «Хазірет Əли Шаһімарданның» Хазірет Фатимадан үш ұлы болған. Бұдан басқа Хазірет Əлидің Иамана (Иемен) патшасы Жафар ибн Қайс қызынан Мұхаммед-Ханафия туған» [3; 60], — дейді.

  1. Қожа Ахмет бабамыздың «Диуани Хикметін» кітап етіп шығарған, алғысөз жасаған М.Жармұхамедұлы, С.Дəуітұлы, М.Шафиғилар былай деп анықтама береді: «Жаңадан табылған бұл шежіреге («Нəсабнама») зер сала қарасақ, ақынның ұлы атасы Əзірет Ғали, одан Мұхаммед-Ханафия болып жалғаса келіп, оның жетінші атасы əйгілі Исхақ баб екенін көреміз. Сонда оған Мұхаммед- Ханафия он төртінші, ал Əзірет Ғали он бесінші Ата боп шығады» [5; 9].

Мұхаммед Пайғамбардың дінін ең алдымен қабылдаған, қолдау көрсеткен, ісін алға алып барғандардың ішінде бірінші халиф Əбу-Бəкір, екінші халиф Омар, үшінші халиф Оспан болса, соларды тұйықтаған төртіншісі Əзірет Ғали (Əзірет Əлі) болды. Оның басқалардан үлкен айырмашылығы Мұхаммед Пайғамбардың немере інісі, əрі сүйікті қызы Фатимаға үйленген туған күйеу баласы еді.

  1. Қазақ халқының ауыз əдебиеті, оның ішінде діни тақырыпқа арналғандары Əзірет Əлі (Əзірет Ғали) туралы көбірек сөз қозғайды. Əсіресе оның қылышын «Зұлпықар» деп дəріптейді. Мінген атын

«Дүлдүл» дейді. Қожа Ахмет өз кітабындағы 55-ші хикметті Əзірет Ғалиға арнаған:

Төртіншісі жар болған құдай шері Ғали дүр,

Миғражда да жар болған құдай шері Ғали дүр.

Айтқан сөзі рахманды, көрсең жүзі нұр еді,

Кəпірлерді қыратын құдай шері

Ғали Күш-қайраты белінде, иман-жады

Зұлпықары қолында құдай шері

Ғали Мініп шықса

Дүлдүлге жерге түсер

Кəпір құтын қашырған құдай шері

Бет қаратпай дұшпанға кəпірлерді

Батылдықпен қайтпаған құдай шері Ғали дүр 

Рахмет қылсын бір құдай, не істесе де еркі бар,

Қожа Ахметке медеткер құдай шері Ғали дүр.

  1. Келесі кезектегі мəселе Қожа Ахмет Ясауидің өмір сүрген кезеңін анықтау болып отыр.

Көптеген энциклопедияларда, құзырлы басылымдарда Ясауиді 1165–1166 жылдары 63 жасында дүниеден өткен деп жазып жүр. Мəселен, Хамза Көктəнді «Түркі теберігі — Түркістан» атты еңбегінде мынадай дерек келтіреді: «Əзірет Сұлтан шамамен 1103 жылы Сайрамда туып, 1166 жылы Түркістанда дүниеден өткен. Əкесінің аты — Ыбырайым, анасынын аты — Қарашаш. Бұл күнгі Сайрамда сағаналары тұр.

Сондай-ақ басқаша өмірбаяндық желі бар. Мұнда ежелгі жəдігер кітаптар жазған деректерді терсек, Қожа Ахметтің əкесі Мұса шайықтың қызы Айшаға үйленеді. Одан Гауһар, Шаһназ жəне Ахмет жəне інісі Садырқожа туған. Бес-алты жасында əкесі Ыбырайым шайық өмірден өтеді де апасы Гауһарға еріп (бəлкім, əпкесі осы Түркістанға тұрмысқа шыққан жəне ең қисынды өмірбаян осы сияқты), Ясыға келеді. Кейін Бұқараға барып, аса білімдар гұлама Жүсіп Хамаданиден дəріс алады, оны пір тұтынады, уақыт өте үш орынбасарының бірі болады» [6; 58–60].

  1. Қожа Ахметтің «Диуани Хикметте» өзі баяндаған өмірбаяны да аса қызықты. Жеті жасында Арыстан бабаның батасын алады. Дəруіш-диуанамен бірге жүреді, аузынан Алла түспейді.

Жиырма екі жасында барша əулие қаумалап аян береді. Жиырма жеті жасында пірін табады, бірақ көргенін ішке бүгіп жасырады. Алпыс үш жасында Көктен: «Жаныңды, ет-жақыныңды қи, жерге ен!» — деген дауыс естілді. Сосын таң бозарып атып келе жатқанда жер асты — қылуетке түседі. 125 жыл өмір сүреді (22-ші хикмет):

Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,

Алпыс үште сүндет деді естіп білдім.

Жер астында бар жаныммен құлдық

қылдым, Естіп оқып жерге кірді Құл ҚожаАхмет.

Жарандардан пайда, көмек ала алмадым,

Жүз жиырма беске кірдім, еш нəрсе біле алмадым.

  1. 1990 жылдарға дейін Əзірет Сұлтан 1103 жылы туылып, 1166–1167 жылдары қайтыс болды деген пікір қалыптасқан-ды. Одан кейінгі жылдарда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына көзқарастың өзгеруі бұл бағыттағы зерттеу жұмысын жүргізушілер санын көбейтті. Қазір бұл мəселеде əр түрлі пікірлер айтылуда. Бірақ бұл пікірлер əлі бір арнаға тоғысқан жоқ.

Қазіргі уақытта бір деректе 73 жас, бірде 85 жасты айтады. Халық аңыздарын негізге ала отырып, Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлы Қожа Ахмет 125 жыл өмір сүрді деген [7].

Зікірия Жандарбек өзінің мақаласында былай деп жазады: «Насабнама» нұсақаларының барлығында дерлік, Қожа Ахмет Йасауидің 120 жыл өмір сүргендігі айтылады. Соған қарағанда, Қожа Ахмет Йасауи ұзақ ғұмыр кешіп, 1080 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1200 жылдар шамасында өмірден озған болуы мүмкін» [4; 28].

Белгілі жазушы Аян Нысаналин зерделі де зерек зерттеуші Əбсаттар қажы Дербісəлінің деректеріне сүйене отырып, өз ойын былай түйіндейді: «Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық поэзияның көрнекті өкілі, дуалы ауыз данышпаны, кемеңгер ақын Ахмет Ясауи 1093–1094 жылдары Исфиджаб (Сайрам) қаласында туған. Оның ата-анасы Ибрагим Ата мен Қарашаш Ана осында тұрып, осы жерде қайтыс болған. Олардың зиратына орнатылған күмбездер осы Сайрамда тұр.

Ахметтің əкесі өз заманының сауатты, көзі ашық адамы болғанын көпшілік атап өтеді. Тіптен балауса бүлдіршін балаға араб, парсы тілдерін Таяу Шығыстағы Исфаһан, Бағдат шаһарларынан ұстаздар жалдап үйретеді.

Құл Қожа Ахмет бабамыздың нақты қай жылы, қай күні туғандығын ешкім тап басып айта алмайды. Бұл жайында зерттеушілер еңбектерінде алшақтық болып жатса, оған таң қалуға болмайтынын ескерте кету айып емес» [8].

Сонымен, жоғарыда келтірілген деректердің өзі-ақ «Ясауи танушылардың» əзірге дұрыс жолда келе жатпағандарына күəлік береді. Сондықтан да келешекте бұған дейін айтылған, жазылған дүниеліктерді қайта қарауды талап етеді.

Ясауидің атақты ұстаздары

Қожа Ахметтің екі атақты ұстазы болған — олар Арыстан баб пен Қожа Жүсіп Хамадани.

Ұстаздардың ұстазы Арыстан баб — Қазақстан мен Орталық Азия аумағында ислам дінінің таралуына ықпал еткен, исламның сопылық бағытының негізін салушылардың бірі жəне Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Ясы (Түркістан), Сайрам, Отырар өңірлеріндегі сопылардың рухани ұстазы болған белгілі тарихи тұлға. Арыстан бабтың өмірі Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тілдес тайпалар арасында ислам дінінің таралу, жайылу кезеңімен сəйкес келеді. Оның бабтардың ұстазы деген мəртебесіне қарап, исламның таралуында ерекше рөл атқарғандығын аңғару қиын емес [9].

Арыстан бабтың өміріне қатысты деректер мүлде аз. Тек қана Ясауидің «Хикметтерінде» Арыстан баб туралы бір-екі мəлімет қана кездеседі. Бұл жөнінде мынадай аңыз бар: «Мұхаммед пайғамбардың (ол Алланың мəңгі шапағатына бөленсін) кезінде 33 дінді білген Арыстан баб ұстаз өмір сүріпті. Мұхаммед пайғамбар бүкіл халықтың көзінше оған аманатын — Исламның белгісі саналатын құрма сүйегін берген. Арыстан баб аманатты бүкіл өмір бойы алып жүрді жəне өмірінің тек соңғы кезеңінде ғана жоғалтып алмау үшін оны аузына салып сақтады. Ол Исламның белгісіне, өзінің аманатына лайықты адамды ұзақ іздеді, бірақ оны таба алмады. Аузына салған сүйек азая берді жəне жұқара түсті. Бірде далада келе жатқанда ол бір баланы кездестірді. Бала оған жақындап келді де: «Ақсақал, аманатымды беріңіз», — деді. Сол бала осы Қожа Ахмет Ясауи екен» [10].

Қожа Ахмет өзінің «Диуани Хикмет» атты еңбегінің 1-ші хикметінде өмір жолын баяндай келе, Арыстан бабпен кездесуін былайша жырлайды:

Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам,

Мұстапаның аманатын бер деп маған.

Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,

Нəпсім тыйып Аллаға бет бұрдым, міне.

 Құрма беріп, басым сипап, назар салды,

Бір сəтте ол дүниеге сапар салды.

Қоштасып бұл əлеммен кете барды,

Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне.

Жергілікті халықта мынадай аңыз бар. Əмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып əкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол, ең алдымен, Ахметтің ұстазы Арыстан бабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі. Қажылыққа келгендер алдымен Арыстан бабтың басына түнеп, содан кейін барып Ахметке тəу еткен [11].

Ясауи өзінің бірінші ұстазы қайтыс болғаннан кейін Бұқараға аттануға шешім қабылдайды. Сонымен, оның есейіп, ержетуі, бесаспап білімдар азамат болып қалыптасуы сол тұстағы Шығыстың дін мен білім орталығы Бұқар қаласымен тікелей байланысты. Ол сонда Ж.Хамаданидің медресесінде оқып, мол білім алады. Ұстазы қайтыс болған соң біраз уақыт сол медресеге басшылық та жасаған. Ел аузындағы аңыз-əңгімелерге қарағанда, оның айрықша қабілетіне қызыққан бір ірі ғалым Иранға ертіп əкетіп, жеке оқытқан сияқты. Сөйтіп, ол Шығыстың талай ғұлама ғалымдарынан дəріс алып, білімін байытқан. Білім үшін өмірден баз кешіп, дəруіштік жолдың қиындықтарын да көп көрген. Шығыстың атақты қалалары мен діни орталықтарын көзбен көріп, Хорасан, Шам, Ғират шаһарларын аралап, көңілге көп дүние түйеді. Діни мұраттарды жүзеге асырудың сол тұстағы тəсілі сопылық жолға түсіп, дін ақыны ретінде өзінің басты еңбегі — «Диуани Хикмет» атты кітабын жаза бастайды. Диуан — жинақ, Хикмет — Алланың құдірет-күшін, яғни, «Алланың ақ жолын баяндайтын кітап» деген мағынаны білдіреді. Өйткені ол «менің хикметтерім — құдіреттің даналығы» дей отырып, пəни жалған мен бақи арман жайындағы ойларын ортаға салады. Мəңгілік махаббатты, жанпида ғашықтықты, риясыз адалдық пен асқақ адамгершілікті жырлайды.

Солардың бəрінің де негізі өмірге деген ұлы сенімде, оның алтын өзегі дінде жатқанын айтады. Оның жырларында Құранның қағидалары, Шариғаттың шарттары, Пайғамбар хадистері менмұндалап тұрады. Олардан Алланың досы Мұхаммед пайғамбардың, оның ұлы серіктері Ғазіреті Ғалидың, ғаділ Ғұмар мен ғұлама Ғұсманның өміртарихын да табасың. Тіпті кейбір хикаяттары түгелдей Құран сүрелерін өлеңмен өрнектеп түсіндіруге арналып, жұрттың көзін ақиқатқа жеткізуді мұрат тұтады [12].

Ясауи шығармасының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген орыс ғалымы А.К.Боровковтың пікірі бойынша [2; 189], «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген əдеби туынды.

Кезінде ақынның өлеңдері қарапайым көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Ғұлама ойшылдың Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі ұланғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының бəріне де түсінікті болатындай ауызекі сөйлеу тілінде жырлағаны дау тудырмайды. Бірақ бертін келе жинақты көшірушілер оған өз тарапынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген сияқты.

«Диуани Хикмет» — Қожа Ахмет Ясауидің өз халқына қалдырған əйгілі мұрасы

Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» атты ұрпаққа ғибратты дүние қалдырды. Аталған еңбекте жомарттық, қанағат, достық, сүйіспеншілік, ғылым-білім, адал еңбек, бейбітшілік, жақсылық пен жамандық, əділетсіздік, көрсеқызарлық, адамзаттың асыл арманы, күндестік, өсек-аяң — бəрі-бəрі жан-жақты кең қамтылған. Бұл шығармада жақсы тəлім-тəрбие, өз басын ғана емес, өзгені ойлайтын кеңдік пен парасаттылық, асыл тектілік бар. 1934 жылы «Диуани Хикмет» ҚазССР Ғылым Академиясы мен ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорына тапсырылған.

«Диуани Хикмет» жинағының түпнұсқасы сақталмаған. Оның бізге тек XVI–XVII ғасырлардағы көшірмелері ғана жеткен. Профессор Кемал Ераслан өзінің зерттеулерінде осындай көшірмелердің тоғыз қолжазбасын көрсеткен [13; 10].

«Диуани Хикмет» уақыт озған сайын көп түзетулерге, толықтыру-қысқартуларға ұшырап отырғаны анық. Сондықтан қазіргі жағдайда қай хикметтер автордың өз қаламынан туындап, ал қайсы хикметтері көшірушілер болған ізбасар-оқушыларынан туғанын айыру қиын. Сондықтан Ясауидің жалпы хикметтер көлемін дəл көрсету мүмкін емес. Мысалы, ғалым Н.Келімбетов «Ежелгі дəуір əдебиеті» деген оқулығында былай дейді: «Ахмет Ясауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмат (хикмет) берілген. Соның 109 хикматы Ясауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шəкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек» [2; 189]. Өзбек ғалымдары 76 хикметін нақты Ясауидікі деп, осы көлемде кітап қылып бастырып шығарған; түрік ғалымдары бірнеше нұсқаларды салыстыра жүріп, ішіндегі 70 хикметін Ясауидікі деп таныған [13; 11].

Біз өз тарапымыздан ясауитануға шама-шарқымызша үлесімізді қосуда Қожа Ахметтің «Диуани Хикмет» шығармасының қазақ нұсқасына тоқталуды жөн көрдік. Өйткені М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының Əдебиет тарихы бөлімінің жоспарлауымен іске асырылған бұл нұсқа əзірше көлемі жағынан ең үлкені болып табылады. Сондай-ақ бұл кітап «Диуани Хикметтің» алғаш қазақшаланған түрі ретінде ғалымдарды аударма жағынан да қызықтырары күмəн туғызбайды.

Біз 70 хикметтен тұратын осы жинақ [5; 262] төңірегінде Ясауидің поэзиялық шығармаларына зерттеу жүргіздік.

Ғұлама хикметтері — оның дүниетанымының қағаз бетінен тіл қатқан рухани дүниесі

Ясауи мұрасын жете түсіну үшін оның хикметтерін тақырыбына қатысты екі сипатта қарастырған жөн сияқты. Біріншісі — сопылық философияның, сопылық оқудың мазмұнын көркемдік тұрғыда жырлаған хикметтер тобы. Бұған уағыз-насихат, өсиет үлгісінде жазылған тəлім- тəрбие (дидактика) сипатындағы хикметтер жатады. Ал екінші тобы — Ясауиді қоғам қайраткері ретінде, ақындық тұрғыдан байыптайтын хикметтер (яғни, сыни əдебиет үлгісіндегі лирикалық шығармалар жинағы).

Ясауи хикметтері дегеніміз оның дүниетанымының сөзбен нақышталған өлең əлемі болғандықтан, біз ғұламаның біраз хикметтерін ғылыми тұрғыда байыпты зерттегенді жөн көрдік:

  1. Қожа Ахмет өзінің 70 хикметтен тұратын жинағының 1 хикметінде былайша сөз бастайды:

«Бісміллə» деп баян еттім хикмет айтып

Шəкірттерге дүр мен гəуһар шаштым, міне.

Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып.

Мен «Дəптер сəни» сөзін аштым, міне.

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,

Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.

Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,

Діні қатты халайықтан қаштым, міне.

  1. Адам жасын санамалап айтуда Қожа Ахмет бабамыздың шеберлігі ешкімде жоқ десе болғандай. Ол кісі бір жасынан бастап қалай ғұмыр кешті, не істеп, немен айналысты, кімді дос, кімді қас тұтты, ішінің қырындысына дейін түгін қалдырмай бəрін ақтарып толғаған. Өз ел-жұртына күннен күнге құрметі артып, сыйлы да сымбатты, инабатты да үлгілі болып өскенін, жеті жасында Арыстан бабқа кездесіп, Алланың ақ жолына түскенін айтады:

Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты,

Əр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.

Арыстан Бабам ислам дінін баян қылды,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Осы екінші хикметінде сегіз жасында құдіреттің күшімен ғайыптан хабар алғанын əдемі жеткізеді:

Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,

Хикмет айт деп басыма нұр шашылды.

«Билхамдиллаһи» Пір маған шарап ішкізді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Ұлы ақын сегіз жасымнан бастап «хикмет айт деп басыма нұр шашылды» десе, оның хикметті сегіз жасынан хатқа түсіре бастауы мүмкін.

  1. Бар ғұмырын Алланың ақ жолына арнаған құдіретті жан өзі жазған «хикметтің» қадір-қасиетін барынша түсіндіруге, егжей-тегжейлі ұғындыруға көп еңбек еткен (3 хикмет):

Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,

Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.

Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,

Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.

Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,

Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.

Сол себептен хақты айтып іздедім мен,

Жан-тəнімді оған пида еттім, міне.

 Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге.

Не қылғайсың күнəларың таудан да ауыр.

Қиямет күн азап берсе раббым қадыр,

Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.

  1. Сопы ақынның сырға толы 6 хикметін оқи отырып, еріксіз ойға шомасыз:

 Құл Қожа Ахмет, ер болмасаң, өлген жақсы,

Қызыл жүзің қара жерде солған жақсы.

Топырақ сипат жер астында болған жаксы,

Заты ұлық ием, сиынып келдім саған.

«Құл Қожа Ахмет, ер болмасаң, өлген жақсы» деген жолдарда əдемі көрініс тапқан. Расында, ер адамның тірліктегі əрбір іс-əрекеті, жасаған еңбегі, біреуге берген қол қайыры кəкір-шүкір жай нəрсе емес. Естігеннің жаны сүйсінетін, көргеннің көңілі толатын ерлікпен ғана ол көптің алғысын алып, мол құрметіне бөленбек.

  1. Ақын хикметтерде əруақтар бір жасында аян беріп, екі жаста пайғамбарлар келіп көрді, үш жаста ғайып ерен қырық шілтен үйге келді, төрт жаста хақ Мұстафа құрма берді дейді. Содан бес жасынан дін жолын ұстағанын айтады. Жеті жасында Арыстан бабаны іздеп табады. Бұдан кейінгі хикметтерде өз өмірінің əрбір жылын санамалап, Алланы тану баспалдақтарын баяндап береді. 7 хикметте өз ойын былай түйіндейді:

Алпыс екі жаста Алла мені жерге тартты,

Бастан-аяқ надандықтан азат етті.

Жан мен ділім, ақыл-есім Алла деді,

Бір жəне Барым, дидарыңды көрермін бе?!

  1. Қожа Ахмет пайғамбар жасына келгенде, бар дүние-мүлкін кедей-кепшіктерге, ғəріп- міскіндерге таратып беріп, қылует (фəниден жалғыздықта күн кешу) жасауға бел байлайды. Ол өмірінің ақырғы он жылын жер астында жасалған мінəжатханада өткізеді. Сопы: «Алпыс үшке келдім, енді былайғы өмірім күпірлік, пайғамбардан аспақ күнə», — деп өзіне бір тоқтам жасайды. Қылуетте (халуетте) тіршілік еткен ақын өмірдегі жиған-терген, естіген, көрген, оқыған, білгендерін сарапқа салып, қияли күй кешеді.

Ясауидің жер астына түсуінің бір сыры, айналасын қоршаған надан, зұлымдар тобынан оғаштау, олардан аулақ, шын ниеттен зікір салу болса, екінші бір сыры, оның пайғамбар жасына жеткесін-ақ өлім қорқынышы зəресін алып, үрейін ұшыра бергендігі сияқты. Діншілдерге тəн ерекше қорқыныш үрейімен ақын өткен өмірін түгел еске алып, сол өмірінің ішіндегі істегендеріне 9 хикметінде өзінше мынадай баға береді:

Қан жұтып Алла дедім, рахым етті.

Дозақ ішінде қалмасын деп қамым

жеді, Шаттықпенен жер астына кірдім міне.

Жасым алпыс үшке жетті, ойым тұнық,

Уа, дариға, хақты таппай көңілім сынық.

Жер үстінде сұлтанмын деп болдым

ұлық, Ризалықпен жер астына кірдім, міне.

 Шайыхпын деп уағыз айтып жолда қалдым,

Сəлдемді соқыр тиынға сатып келдім.

Нəпсім мені алдап кетті, жолда қалдым,

Алаңсыз жер астына кірдім, міне.

Басым топырақ, өзім топырақ, тəнім топырақ,

Хақ пайғамбарға жетемін деп рухым аңсап.

Күйдім-жандым бола алмадым əр кез шапақ,

Терлеп-тепшіп жер астына кірдім, міне. Пірмұған ықлас етті, шарап іштім,

Шəбліге ұқсап зікір айтып жаннан кештім.

Масаң болып ел-жұрттан танып қаштым,

Зəмзəм болып жер астына кірдім, міне.

  1. 7. Аллаһтың құдіретін бар жанымен жырлаған Ясауидің 10 хикметіне еріксіз үңілсек, ол:

 Білгейсің бұ дүние барша елден өтер,

Малға да сенбе, бір күні қолдан кетер.

Ата-ана, қарындас қайда кетті ойлап көр,

 Төрт аяқты шабан ат бір күн саған жетер.

Дүние үшін қам жеме, хақтан өзгені деме,

Сират көпірі тұрар кісі малын жеме.

Ел-жұрт, туыс ешқайсысы болмас жолдас,

Мəрт болғайсың: ғұмырың желдей өтер, ғарыб бас.

 Құл Қожа Ахмет, тағат қыл, білмейсі өмірің неше жыл,

Асыл тегің су менен күл, тағы айналып боларсың күл, —

дейді. Шынында сопы ақын дəл тауып айтқан. Мынау «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» кімге ес қатқан? Патша да, бай да, бағылан да жарық дүниені қимай-қимай, артына қарайлай аттанғаны анық.

  1. Əзірет сұлтан бар өмірін Аллаһты шын ықыласымен есіне алып мадақтаумен өткізген. Ақын өзінің жұртқа машһүр өлеңмен жазылған 12 хикметінде терең толғап:

 Құл Қожа Ахмет, хақтың атын есте сақта,

Хақтан қорқып тынбай жылап, түнде жатпа.

Намаз оқы, ораза ұста əр ақшамда,

Солай болып мұратыма жеттім, міне, —

дейді. Біз ақынның екі дүниені бірдей ойлап дамыл таппағанын, күндіз-түні бір Аллаһты есінен шығармай «жарғақ құлағы жастыққа тимегенін» көреміз.

  1. Білім қуып, оқудан тапқаны Құдай жолына құлшылық ету болғандықтан, Қожа Ахмет əулиешілік-сопылық жолына белін бекем байлайды.

Өзінің айтуы бойынша, ол қырық жасынан кейін-ақ бозбалалық ермекті түгел доғарып, тақуалыққа бой ұрады. Ал, алпыс үш жасқа жеткесін дүниеден мүлдем қол үзіп, жер астына түсіп, сонда тағы он жылдай тіршілік етеді. Айналасын қоршаған жаманшылық атаулыдан өз бойын осылайша ғана адал сақтауға болады деп ұғады ақын өзінің 15 хикметінде:

Наданменен өткен өмірің тозақ болар,

Надан барса, дозақ та одан қашар,

Наданменен дозаққа қылма сапар,

Наданмен қазан айындай солдым, міне.

 Дұға қыл надандарға мойын бұрмай,

Хақ тағала қолдаса, тіптен оңай,

Надандар сорласа, жүре бер халін

білмей, Надандардан жүз мың жапа көрдім, міне.

Жер астына қашып кірдім надандардан,

Қолым жайып дұға тілейін жомарттардан.

Ғарып жаным жүз тас аттық даналардан,

Дана таппай жер астына кірдім, міне.

  1. Орта ғасырда ғұмыр кешкен Ясауи сол дəуірдің перзенті болғандықтан, Алланы бір, Мұхаммед пайғамбарды хақ, Құранды шын деп білген ғұлама. Ол Алланы, пайғамбарды бар жанымен жырлаған кемеңгер. Қожа Ахметтің Мұхаммед (Мұхаммет) пайғамбарға арнаған бірнеше мадақ хиқметтері жеті буынды өлең түрімен жазылған. Сопының ең көркем мадағы 23 хикмет болып табылады:

Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан

Мұхаммет, Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммет.

Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммет,

Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммет.

Түнде жатып көз ілмей тілейтұғын Мұхаммет,

Ғарып пенен жетімге құрмет қылған Мұхаммет.

Жолдан азған күнəһарға қамқор болған Мұхаммет,

Күні түссе, əркімге пана болған Мұхаммет.

  1. Ғұлама шығармасындағы негізгі бір желілік ой — ғашықтық. Сопыны Ақиқат жолына махаббат итермелейді. Бұл ғашықтық дерті жайлы Қожа Ахмет 27 хикметінде былай дейді:

Ғашық болсаң, күйдіреді жан мен тəнді,

Ғашық болсаң, ойран қылар дүние, малды.

Ғашық болмай танып болмас, Алла сені,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пəруардігар.

Ғашық дертін көтердім, дəрменім жоқ,

Ғашық жолында жан бергеннің арманы жоқ.

Осы жолда жан бермеске амалым жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылғыл,пəруардігар.

  1. «Хикметтер» кітабы адамдық, ізгілік жолына үндейді. Ясауи 28 хикметінде адамдардың пейілі бұзылып, заман азды деп қиналады:

Үлкен, кіші адамдардан əдеп кетті,

Қыз, келіншек, нəзік жаннан ұят кетті.

Мұсылман мұсылманға болды қатал,

Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл.

Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын,

Ғажап сұмдық замана болды, достар.

  1. Алланың алдында кімнің күнəсі жоқ? Періштелердің ғана күнəдан пəк екені анық, өйткені олар ішпейді-жемейді, дүние-мүлік жинамайды. Ал адам баласы пенде, əр қараған көзінде, əр сөйлеген сөзінде, əр істеген ісінде ағаттық мол. Осы себепті де Қожа Ахмет 30 хикметінде:

 Көзім жасты, көңілім қайғы, жаным күйік,

Қандай амал істерімді білмен, достар!

Бұл қасіретті бастан кештім жасым келіп,

Қай тарапқа барарымды білмен, достар. 

Түрлі-түрлі ғаламаттар келді қайдан,

Жүрегімде жарақаттар болды пайда.

Бұл дүниеде бірден азамат болмақ қайда,

Қандай амал істерімді білмен, достар, —

Ясауи өзінің жер бетіндегі бір күнəһар жан екенін сезінген сайын бар жанымен Аллаға жалбарынады. Одан əрбір ағаттық кеткен істеріне ғафу өтінеді.

  1. «Диуани Хикметте» Əзірет сұлтан өз ілімінің негізгі əдіснамалық принциптерін айқындайды. Негізгі принциптердің қатарына — Ақиқатқа, Абсолютке, рухани жаңғыруға — жеткізетін жолдарды іздеу жатады. Осы мақсатқа сəйкес адам мынадай сатылардан өтуге тиіс: «шариғат» — ислам заңдары мен əдет-ғұрпының жинағы; «тарихат» — сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты; «мағрипат» — дін жолын танып, оқып білу; «хақиқат» — Құдай жəне оған жақындау. Əрбір сатының өз тұрағы бар. Ол туралы ақын 32 хикметінде былай деген:

Өтті ғұмырым, шариғатқа жете алмадым, Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым. Ақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым, Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар.

 Ол тағы бір жерде (66 хикметте):

Шариғаттың шапанын кимейінше,

Тарихаттың пырағына мінбейінше,

Ой əлеміне беріліп батпайынша,

Хақиқаттың майданына кіріп болмас, —

Ясауидің ойынша, «шариғатсыз» «тарихат», «тарихатсыз» «мағрипат», «мағрипатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады [2; 190].

Барлық сатылардан сопы ақырында хақиқатқа келіп жетеді. Бұл кезеңді Ясауи «нақты, шынайы болмыс» деп атаған. Бұл кезеңде тұлға адамның өмірінің уақытша, өтпелі екенін түсініп, тек қана Абсолюттік ақиқат əлемінде ғана мəңгілікке қол жеткізудің жолы — құдайлық мəннің қыр-сырын түсінуге тырысу екенін пайымдайды. Бұл мəңгілік өмір сүруге апаратын жол деп түсінілген.

Сонымен, сопының пікірінше, Хақиқат Абсолюттің шынайы табиғатын тануға, сондай-ақ адамның өзін-өзі толық тануына жол ашады. Мұндай сопы өзі туралы «Анал–хак» (Мен — ақиқат) деуге құқылы (11 хикмет):

«Əна Əлхақтың» мағнасын білмес надан,

Дана керек бұл жолдарға пəк, мардан.

Ақылды құлдар хақ жолын жадына алған,

Жаннан кешіп жаратқанды сүйдім, міне.

Ясауидің дүниетанымы бойынша, абсолютты ақиқатты тануға ұмтылған адам селқос қана өмір сүретін «кұдайдың құлы» емес, ол, керісінше, белсенді түрде танымның əрбір сатысынан ізденіс, талпыныс арқылы өтетін өмірге өте құштар адам. Ол əрдайым жетілген тұлға деңгейіне көтерілуге тырысады [14].

  1. Кемеңгер ойшылға көз жіберсек, ол адам баласы іші-сыртын бірдей жөндесін, сырты қалай көрікті болса, іші де сондай мөлдір болсын дейді. 33 хикметте сыпайы ғана өз пікірін сабырмен айтады:

Сыртың жөндеп, ішің түзеп ғалым болсаң,

Махшар күні қолыңды ұстар таңда барсаң.

Өкінішпен қайғы жұтып жолда қалсаң,

Жан мен ділде хақ зікірін айтқын, достар.

 Ғалым сол дүр: намаз оқып бой ұсынса,

Хақтан қорқып ақыреттің қамын жесе.

Құран оқып, хақтан қорқып зар еңіресе,

Жан мен ділде хақ зікірін айтқын,достар.

  1. Адам психологиясын жетік білген Қожа Ахмет жаңсақ басып, адасқандар, əйтеуір, ерте ме, кеш пе өз қателіктерін түсініп, білместіктен болған жаңылыстарын түзету үшін тырысатынына сенеді. Ал бірақ саналы түрде тура жолды тастап, біле тұра бұзық жолға ауытқушылар еш оңалмасын біледі.

Дүние жалған. Адам өз əрекеті, пиғылы, мақсат-мүддесі үшін Алла Тағала алдында жауап беретінін ұмытпауы жөн. Ақын 46 хикметін о дүниеде көретін азаптарды қайта-қайта еске салуда күнəһарларға бір тоқтау салу, ес жиғызу, бақилық жайында ой ұялату үшін айтқаны байқалады:

 Дүние менікі дегендер — жаһан малын алғандар,

Құзғын құстай арамға белшесінен батқандар.

Молда, мүфтий болғандар — жалған жала жапқандар,

Ақты қара қылғандар: ол тамұққа түседі.

Қазы, имам болғандар — нақақ жала қылғандар,

Есектей болып жегіліп жүк астында қалады.

Пара алған əкімдер — арамдықпен жүргендер,

Өз бармағын өзі шайнап өкінішпен қалады.

Жылы жұмсақ жегендер, əсем киім кигендер,

Алтын тақта отырса да, топырақ астына түседі.

Сенген құлдар — адалдар, садақамен тұрады,

Дүние-мүлкін сарп етіп жұмақ хорын құшады.

Құл Қожа Ахмет, білгейсің, хақ жолына кіргейсің,

Хақ жолына кіргендер: хақ дидарын көреді.

  1. Ақын шығармасында негізгі философиялық ұғым — тəуба. Тəуба — жолдың басы, кез келген құбылыстың өлшемі. Тəубашылдық — адамның ішкі жан дүниесінде болып жататын құбылыстардың жəне өзгерістердің негізі. 49 хикметінде Қожа Ахмет былай толғанады:

 Тəуба қылып хақты тапқан ғашықтарға,

Ұжмақ ішінде төрт арықша шəрбəт бар.

Тəуба қылмай хақтан тайған ғапылдарға,

Тар лахатта қатты азап, қасіреті бар.

  1. Ғұлама ғалым еңбегінің соңында (67 хикметте) өмірдің ақыры таяу екендігін, енді о дүниеге пейіл беру керектігін жазады. Ақынға құлақ ассақ, ол:

Жасымда жаспын деп айтар едім,

Қол жеткенді аз ғой деп байқар едім.

Əрбір іске дау-дамай қылар едім,

Енді отырмын бұл істің таппай емін.

 Бар дүние менікі деген сұлтандарға,

Ғалам малын сансыз жиып алғандарға,

Өмірі сауық-сайран құрғандарға,

Өлім келсе, бірі опа қылмайды екен.

 Құл Қожа Ахмет, өлеріңді біле көргіл,

Ақыреттің əрекетін қыла көргіл.

Даярмын деп жол басында тұра көргіл,

Ажал келсе, еркіңе қоймайды деп.

 Қорыта келе айтарымыз, Қожа Ахмет өз еңбегінің ғалам дастаны екендігін тұжырымдады. Ол хикметтерінің кемел, құдіретті пір екендігін, ғалам тылсымын ұғуға ұмтылған əр шəкіртті жебейтіні анық деп сенді.

 Жазған адам əр кез көркем жазсын,

Көркем жүзіп, көңілі судай тассын, —

деген ғұлама сол кездегі ақындарға, жалпы түрік көркем өнер дүниесіне, бүгінге дейін жеткен көркемдік əдістер енгізді. Шығармашылық отында жанқиярлықпен күресіп оқырман мен шəкіртке болашақпен жалғасу үлгісін көрсетті. Нағыз шығармашылық иманын, ақыл мұратын, ғалым сипатын қалыптады.

Бірақ Ясауидің мұрасын толық, жан-жақты танып білу — əлі алдағы үлкен іс. Осы орайда Қожа Ахметтің өзіне сөз берейік те, ой түйіндейік:

Менің хикметтерім — құдіретті бір пір,

Естігендердің көңілі толқып ұйып тұр.

 Тірі болса, бұл жаһанда қор болмас,

Оқыған пенделер ешнəрседен зар болмас.

Егер хикметімді оқысаң, ей, сүйікті пенделер,

Шəкіртім сен, перзентім сен, ісің маған жөн келер.

Менің хикметіме қойса кім бас,

Өлерінде болсын иманы жолдас.

 Иасауи хикметін даналар естісін,

Естіген жандар мұратына жетсін.

 Сонымен, Əзірет сұлтан шығармасы көкірек, көзі ашық əр адамға имандылық нұрын түсірер құдіретті шығарма.

Ясауидің даналық ойлары

Қожа Ахметтің даналық ойлары Баласағұни мен Абай пəлсəфасының орта тұсында жатыр. Сондықтан да осы үш ойшылдың көзқарастары өте ұқсас. Үшеуі де бір арнадан бастау алып, бір дəстүрден сусындаған. Ол — қазақ əдебиетінің терең тамырлары. Мысалы, Ясауи де, Баласағұни де, Абай да бес нəрседен қашық болуды айтқан [15].

Ғұлама «Хикметтер» кітабында өмірде не нəрсе құнды, неден қашу керек, неге асығу керек деген мəселелерге жауап берген. Ол сақтандырған бес нəрсе мыналар.

Біріншіден, Алланың ақ жолын мойындамаудан қашық бол (16 хикмет):

Алла дерті сатылмайды сатып алсаң,

Пірмұған қызметінде ақ болмасаң.

Хақ жолына кіріп болмас пəк болмасаң,

Əр қашан да хақтан сабақ алдым, міне.

Ғашық патша, ғашық пақыр қайта оралмас,

Хақтан пəрмен болмайынша сөйлей алмас.

Құдай сөзін естіген дүние қумас,

Əрқашан да хақтан сабақ алдым, міне.

 Құл Қожа Ахмет, жеті жаста алдым

сабақ, Сегізімде дүние қызығын қойдым талақ.

Тоғызымда бір Құдайды көңілім қалап,

Əрқашан да хақтан сабақ алдым, міне.

 Екіншіден, менмен, тəкаппар болма (33 хикмет):

Ессіз ғалым бой ұсынбай жолда қалар,

Оқып ұқпай дүние малын қолға алар.

Менмендіктен есіл өмірін зая қылар,

Жан мен ділде хақ зікірін айтқын, достар.

 Үшіншіден, дүние-мүлік үшін арыңды сатпа (35 хикмет):

Дəруішпін дер дүниеқоңыз жаны жалған,

Дүние үшін сауық-сайран құрды, достар.

Естен танбай сауық-сайран құрып

болмас, Жаратқан иеден оған иман болмас.

Төртіншіден, еріншек болма (58 хикмет):

Көп адамдар дау шығарар нəпсі бағып,

Ішіп-жеп хайуандардай түнде жатып.

Ораза тұтпас, зекет бермес, ұйқы

бөлмес, Хақ тағала қадірін қашан білер?

 Бесіншіден, арамдықтан аулақ бол (63 хикмет):

Тіліменен үмбетпін деп жалған сөйлер,

Кісі малын алмақ үшін арбап сөйлер.

Адалын мұнда тастап, арам көздер,

Надандарға осыларды айтқым келер.

 Əділ болмақ адамға нəпсіні тежей білу — алғашқы бір шарт, дейді ақын. Өйткені 48 хикметінде айтқанындай, нəпсіге құл болу — сайтан ісі.

Нəпсіге сен ерік берсең не тілемес,

Еңіресең де Алла саған мойын бұрмас.

Қолға алсаң, жаман құстай қолға қонбас,

Қолға алып, түнгі ұйқыны төрт бөліңдер.

 Нəпсі жолына кірген кісі рəсуа болар,

Жолдан азып-тозар, жұртта қалар.

Жатса, тұрса шайтанменен бірге болар,

Нəпсіні теп, нəпсіні теп, ей, патшағар.

 Нəпсің сені ақырында торға салар,

Діннен қуып, жақсылықтан ада қылар,

Өлер кезде иманыңнан жұрдай қылар,

Ақылға ерсең ит нəпсіден безер болғай.

 Ерекше ескере кететін жайт, «Диуани Хикмет» — бастан-аяқ ақыл-өсиет, үлгі-өнеге айтуға құрылған қасиетті кітап. Мəселен:

1 хикметте:

Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,

Көре қалсаң, мүсəпірді сырлас болғыл.

 12 хикметте:  

 Тарихаттың жолы болар азап, ұлық,

Несіп қылған пендесіне болар жуық.

 Немесе:

 Махаббаттың бағын кезбей ғашық болмас,

Қарлық-зарлық тартпайынша нəпсің өлмес.

30 хикметте:

Бəйшешек ашылар ма су бермесе,

Диқан емес кетпен шауып нан бермесе.

31 хикметте:

Ғашық азабын басқа түскен ғашық білер,

Танымасын тас лақтырып оған күлер.

33 хикметте:

Сөзің — шырақ, халің — пілте, майы — жасың,

Неше айтсам да баһра алмас көңіл хошың.

34 хикметте:

Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен,

Күнəлі ол өз бетіммен келдім деген.

36 хикметте:

Сапар шекпе жол мəнісін түсінбей,

Жолға түскен мұратына жетер, достар.

38 хикметте:

Рух құсын татар болса бал берейін,

Самғап ұшып ғарыштан ғарышқа қонар, достар.

39 хикметте:

Махаббаттың майданында жанын қиған,

Хақиқаттың дариясынан гəуһар алған.

47 хикметте:

Сөз өнерін меңгеріп, өмір іліміне жетіңдер,

Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар.

48 хикметте:

Кімдер хақ құлы болса хаққа жақсын,

Хаққа жақпас менменшіл əрі барсын.

51 хикметте:

Жетімді көрсеңіз жəбірлемеңіз

Ғарышты көрсеңіз əмірлемеңіз.

57 хикметте:

 Жаннан кешпей ғашық сырын біліп болмас,

Малдан кешпей менмендікті қойып болмас

 60 хикметте:

Білдіңіз бе өлмей адам қалғанын,

Бұл дүниенің опасызын, жалғанын.

Немесе:

Іші-сырты жалған жанға əсте сенбе,

Арың таза болса, əр кез жеңіс сенде.

70 хикметте (мүнəжатта):

Үнемі дұғада болса əр мұсылман,

Өлер кезде беріледі нұр иман.

Немесе:

Шын ғалымның жастығы тастан болды,

Ғылымын əлемге жайса көңілі толды.

Немесе:

Қасиетсіздер қасиетті боп көрінбек,

Тіліменен қол ұшын беріп, ішіменен бөлінбек.

Ясауидің даналық ойлары кемеңгер Абай поэзиясында жалғасын тапты. Сондықтан да Қожа Ахмет хикметтері қазір қазақ тілінде кең тарап кетті. Оны халық дана сөз, имандылыққа тəрбиелейтін өте құнды шығарма деп біледі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салынуы жайлы

Əзірет сұлтан дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тəуеп орнына айналады.

1389, 1391, 1394 жəне 1395 жылдардағы қан төгіс ұрыстарда Əмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы — Сарай-Беркені өртеп жібереді. Міне, осы жеңістің құрметіне Қожа Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына жаңа, зор кесене орнатуды ұйғарады. Осы тұрғыда Əмір Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге жəне дала жақ ту сыртының сенімді болуы үшін де қажет еді [16].

Ал ел аузында сақталған аңыз бұдан əлдеқайда басқашалау: Темірдің туған шешесі Сақыпжамал осы баласына екіқабат кезінде түс көріпті. Түсінде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейіп, айдаһар бопты. Алдымен ол өзінің туған анасын жұтыпты, артынша сол кездегі Сырдария (бұл өзеннің түрікше атауы, ал македондықтар «Яксарт», арабтар «Сейхун» деп атаған) билеушісі Тоқалақты жұтыпты. Бұл түсін екіқабат келіншек үйіне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпірге жорытыпты. Кемпір сатқындық жасап, бұл түсті Тоқалаққа айтып қойған. Қатал хан екіқабат əйелді алдырып, өз қолымен ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сіңлісі Теккене жеті айлық, тірі жатқан баланың кіндігін тісімен қиып, баланы алып кеткен. Əлі беті ашылмаған, бейкүнə он алты жасар қыздың емшегінен сүт шыққан. Баланы өсірген. Ақсақ Темір өмірбақи шешем, анам Теккене деп кеткен. Бірақ шын тарихын өскен соң естіген. Демек, Ясы қаласында, Қожа Ахметтің шикі кесектен тұрғызылған мазарының қасында Ақсақ Темірдің өз шешесінің сүйегі жатты, бұл жерге оның өзінің кіндік қаны тамған еді. Шындығы аз, жай аңыз бола бермейді. Демек, Қожа Ахмет басына сағана-ғимарат салуды ойлағанда, ол бұл жайды да еске алған [17].

Əмір Темірмен бірге болып, тарихын жазушы Шарафаддин Алаяздың «Зафарнама» атты кітабының дерегінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылысы 1397 жылдың күзінде, Темірдің Ясыға келуіне орай қолға алынған. Бірақ Ақсақ Темір Қожа Ахмет басына кесене тұрғызбақ болғанымен, сүйегі дəл қайсы нүктеде жатқанын білмей қиналыпты» дейді ел аузындағы əңгімелерде. Сол шақта бір көпті көрген қария: «Бір қора қойды осында айдап əкеліп иіргенде қойлар əулие сүйегі жатқан жерді баспайды» деп кеңес береді. Шынында да солай болып шығады — қалай, қайтіп иірсе де, қойлар ошақ орнындай нүктені баспайды. Сосын, дəл сол жерге Қожа Ахмет əулиенің көктасы тұратын орын етіп ғимараттың іргетасын құя бастапты [6; 66, 67].

Құрылысты жүргізуді Темір өз дуанында игілікті істермен шұғылданатын Мəулен Убайдулла Садырға жүктеді. Мавзолейді салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Негізгі жəне қосалқы бөлмелерді салу кезінде де құрылысшылар қолдарындағы архитектуралық сызбалар мен ғимарат жобасына сүйеніп отырды. Архитектуралық көлемдер мен олардың бөлшектерінің асқан шеберлікпен салынғандығының себебін тек осылай ғана түсіндіруге болады. Темірдің болашақ мавзолей жобасын жасауға тікелей қатысып, құрылысшыларға нақтылы нұсқау бергендігін əр түрлі жазба деректер де дəлелдейді [18].

Жұмыс қолының көптігі сонша, кесенеге Ясыдан отыз шақырым жердегі Сауран шаһарынан күйдірілген кірпішті қатар тұрған адамдар бір-біріне қолма-қол жеткізген. Кірпіш өндірген құмданның орыны осы кезде де көрініп жатыр.

Кірпіш жөнінде ел аузында келе жатқан аңызда «Сауранның топырағын түйенің сүтіне илеген» делінеді.

Темірланнан (Ақсақ Темірден) кейінгі хандар да, əсіресе қазақтың атақты хандарының бəрі, Ясауи сүйегі жатқан жерді аруақ тұтып, өлерде өздерінің сүйектерін Ахмет мазарына жерлеуді өсиет етіп кеткен. Ал діншіл қауым — молла, ишан біткен өзі-ақ бұл жерді, Ясауи ескерткішін «қасиетті» Меккеден кем уағыздамаған. Міне, осындай үгіт-насихат нəтижесінде Ясауи «Əзірет əулие (сұлтан)» атанып, оның аты барлық жерге жайылған.

Түйін

Сөз соңында ойымызды жинақтай келе айтарымыз мыналар:

  1. Болашақта Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен одан қалған асыл мұралары əлі де көп ізденістерді, ғылыми зерттеулерді керек етеді. Өйткені ғұламаның хикметтерінің қат-қабат сырлары əлі түгел түгелделіп ашылып болған жоқ. Себебі əр ғасыр, əр заман əрқалай оқып бағасын береді. Мəселе «Диуани Хикметтің» көпқырлы соқпағында, көпқабатты қыртыстарында жатса керек.
  1. Халық жолында күн кешкен ұлы бабамыздың хикметтерін оқып үйрену, оқулық, хрестоматияларға енгізу, басқа тілдерге аудару келешекте жалғаса беретін тірлік болса керек. Алдағы уақытта кемеңгер ойшылдың даналық сөздерімен біздің балаларымыз да мектеп қабырғасында таныса алатын болады деген үмітіміз зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың өзі Ясауи ілімін терең насихаттау қажеттігіне баса мəн беріп отыр.
  2. Өлең ырғағы тұрғысында Ясауи хикметтері қазақ халық поэзиясына өте жақын. Сондай-ақ осы екі поэзия үлгісінде тілдік бейнелеу құралдарының да ортақтығы мол. Содан болса керек, туыстас халықтардан шыққан ғалымдардың өзі Қожа Ахмет Ясауиді қазақ ақыны деп айтқан кездері бар. Осыған қатысты Х.Сүйіншəлиев былай дейді: «Татар зиялылары да Йасауиді жақсы білген. Əсіресе мұсылманша оқығандары ақын сөздеріне ерекше назар салған. Олардың ішінде Ахметті дана ғұлама санағандары да болған. Кейбірі — Ахмет Йасауидей данышпан адамды туғызған қазақ халқына рақмет айтуға тиіспіз деген. Сөйтіп, олар Ахметті қазақ санаған. Мұндай пікірлерді біз «Шора» журналынан кездестірдік» [19].

Сондықтан да келешекте Ясауидің «Диуани Хикметі» мен қазақ фольклоры туындыларының тілдік тұрғыдағы байланыстарының бұдан өзге де мысалдары көптеп табылатыны даусыз сияқты.

  1. Қазіргі таңда өткен тарихымызды қайта қарап, талдап-таразылап жатқан кезімізде бұрын есімі белгілісі бар, белгісіз болып келгені бар атақты тұлғалардың есімдерін білудеміз. Бірақ кейбірінің аттары бұрмаланып жазылып жүргені көзді де, көңілді де қарықтырады.

Ғұлама Ясауи есімін сан-саққа құбылтып жазып келдік: Жасауи, Иасау, Иассауи, Йасауи, Иссауии деп əркім əрқалай атады. Қай басылымда қалай жазылғанына мысал келтіруге бір еңбекте мүмкін емес екенін ескеріп, қысқа қайыруға тура келді. Бұған академик Ə.Қайдар өз дəлелдерін келтіріп, Ясауи (немесе Яссауи) деп жазу керек деген байламын айтып еді. Соны көзі шалған, түсінген адамдар солай деп жүр. Қазір Ясауи атындағы Түркістан халықаралық қазақ-түрік университеті де бар. Демек, осыған табан тіреп, əр түрлі атап құбылта бермеуіміз керек.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 129-б.
  2. Келімбетов Н. Ежелгі дəуір əдебиеті: Оқулық. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 264 б.
  3. Боранбай Ж. Қожа Ахмет Яссауи — сопылық поэзияның көрнекті өкілі əрі ағартушысы // Ақиқат. — — № 7. — 59–64-б.
  4. Жандарбек З. Қожа Ахмет Йасауи жəне Йасауийа ілімінің дүниеге келуі // Алаш. — — № 1(34). — 23–35-б.
  5. Иасауи Қожа Ахмет. Диуани Хикмет (Ақыл кітабы) / Жинақты баспаға əзірлеп, қазақшаға ауд.: М.Жармұхамедов, С.Дəуітұлы, М.Шафиғи. — Алматы: «Мұраттас» ғылыми-зерттеу жəне баспа орталығы, 1993. — 262 б.
  6. Көктəнді Х. Түркі теберігі — Түркістан. — Алматы: «Қасиет» ЖШС баспасы, 2008. — 192 б.
  7. Тəжікова К., Шағатаева Ш. Қожа Ахмет Яссауи / Қазақ: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 1994. — 147-б.
  8. Нысаналин А. Абыз Ахмет Яссауи хақында // Жалын. — 2011. — № 4. — 52–55-б.
  9. Кəрібаев Б. Арыстан Баб // Егемен Қазақстан. — 2010. — 2 қазан. — 1,5,6-б.
  10. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 81-б.
  11. Қазақтар. — ІІ-т.: Тарихи тұлғалар. — Алматы: «Білік» баспа үйі, 2003. — 34-б.
  12. 12 Есжанов С. Қожа Ахмет Иасауи (1103–1128) // Ақиқат. — 2011. — № 5. — 108–109-б.
  13. Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи: Көмекші оқу құралы. — Алматы: Санат, 1998. — 112 б.
  14. Нысанбаев Ə. Қожа Ахмет Иассауидің дүниетанымы мен философиясы / Қазақ даласының ойшылдары (ІХ–ХІІ ғғ.). — Алматы: Ғылым, 1995. — 136-б.
  15. Қыраубаева А. Ежелгі əдебиет: Бес томдық шығармалар жин. — 2-т. / Томды баспаға əзірл.: Г.Асқарова, Н.Мəтбек. — Алматы: Өнер, 2008. — 180-б.
  16. Түркістан. Халықаралық энциклопедия / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2000. — 428-б.
  17. Түркістан: Фотоальбом / Құраст. Р.Насыров. — Алматы: Өнер, 1993. — 10-б.
  18. Нурмухамедов Н.Б. Мавзолей Ходжи Ахмеда Ясауи: Альбом. — Алма-Ата, 1980. — С.
  19. Қорғанбеков Б. Қожа Ахмет Ясауи хикметтері мен қазақ фольклорындағы сабақтастық // Жұлдыз. — 2010. — №— 176–179-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.