Тіршілікте ғұмыр кешіп, өмірде де, ғылымда да өз орныңды табу — үлкен бақыт. Қарымды еңбек етіп, өз жөніңді, өз жолыңды білу — ол да бір берекелі іс. Адам болып аяқ басқан соң, азамат боп қалыптасу — əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған ғалым, əрі ұстаз Тұрмағанбет Төлешұлының өмірі мен шығармашылық жолы ізденіске толы.
Университетіміздегі қара шаңырақтың бірі — филология факультеті қазақ тіл білімі кафедра- сының доценті, белгілі лингвист-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Тұрмағанбет Төлешұлы Пірімбетов жақында алпыс деген асқардың шыңына шықты.
Т.Т.Пірімбетов 1954 жылдың 24 қаңтарында Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде, яғни Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Аққорған ауылында қарапайым теміржолшының отбасында дүниеге келген. Шорнақ ауылындағы 10 жылдық орта мектепті үздік аяқтап, екі-үш жыл əке-шешесінің ұсақ-түйек жұмыстарына қолғабыс жасаған жас жігіт жоғары білім алу мақсатында 1974 жылы ҚарМУ филология факультетінің «Қазақ тілі мен əдебиеті» мамандығына оқуға түседі. Сол кезеңде ата-ана үшін баласының жоғары оқу орнына қабылдануы үлкен абырой, зор жетістік саналатын. Жасынан ойы ұшқыр, мінезі алғыр, білім-ғылымға жаны құштар Тұрекең бірден ұстаздарының көзіне түседі. Қазақ тіл білімі кафедрасының негізгі тірегі болған Қалжан Тұңғышбайұлы, Төлеубай Қордабаев, Əбжан Құрышжанұлы, Фатима Кенжебаева, Қайролла Нұрмұқанов, Сəбила Төлекқызы, Ұлбек Оспалақова, Сұлтан Ыбыраев сынды ғалымдардан өміріне қомақты азық болар білім алады.
1979 жылы университет қабырғасын тəмамдаған соң, сол кезеңдегі жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарға арналған тəртіп бойынша 3 жыл «оқу өтемін» қайтару үшін бұрынғы Жезқазған облысы Ұлытау ауданына қарасты шалғайдағы Шеңбер, Терісаққан ауылдарына мұғалімдік қызметке жіберіледі. Осында жұбайы Алтын тəтемен бірге (жеңгеміз Алтын орыс тілі мен əдебиеті пəнінің маманы ретінде орыс тілінен сабақ береді) ауыл мектебінде қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен сабақ жүргізіп, мол тəжірибе жинақтайды.
Қазақ тілі проблемаларын зерттеп-зерделейтін маман кадрлардың тапшылығына байланысты кафедра меңгерушісі Қ.М.Нұрмұқанов 1982 жылы Т.Пірімбетовті кафедраға шақыртып алып, жолдамамен Алматыға аспирантураға аттандырады. Ел ордасы Алматыда 1982–1985 жылдары жоспарлаған ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақытында аяқтап, түркі əлеміне белгілі тіл маманы, академик Рабиға Сыздыққызының жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі қарапайым сөздер табиғаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын орыс тілінде жазып қорғайды. Мектеп қабырғасында 10 жыл, университетте 5 жыл ана тілінде білім алған жас жігіт үшін орыс тілінде күрделі ғылыми еңбек жазып, оны көпшілік алдында тосылмай, үлкен абыроймен қорғап шығуы шынында да жетістік еді. Зерттеуде қазақ тіл білімінде лексика саласы бойынша арнайы тақырып ретінде зерттеле қоймаған тілдік мəселенің бірі — қарапайым сөздер табиғаты, сөйлеу тілі элементтерімен арақатынасы, қарапайым сөздердің шығу негіздері, жасалу жолдары, қарапайым сөздердің эмоционалды-экспрессивті бағалама қызметі, семантикалық топтары мен көркем мəтіндегі кейбір қолданыстары алғаш рет ғылыми тұрғыда сөз болып, көпшілікке таныстырылды. Ғалымның осындай тың еңбегін академик І.Кеңесбаев бастаған əйгілі зерттеушілердің өзі мойындап, жетістіктеріне оң бағасын береді.
Міне, 1974 жылдан бастап табаны күректей 40 жыл бойы доцент Т.Т.Пірімбетов білім-ғылым саласында талмай еңбек етіп келеді. Осы мерзім ішінде ол қаншама шəкірт тəрбиелеп, қазақ тілі мен əдебиетінің шын жанашыры, білікті маманы болып шығуына өз үлесін қосып келеді.
Доцент Т.Пірімбетов — «Қазақ тілінің сөйлеу тілі элементтері (қарапайым сөздер)» (Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. — 163 б.) деп аталатын монографияның, 12 оқу-əдістемелік құралдың, 2 электрондық оқу құралының, 150-ге жуық ғылыми мақаланың авторы.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы, туынды сөздер, қазіргі қазақ тілінің морфологиясы, сөз құрамы, Абай шығармаларының тілі мəселелеріне арналған.
«Қазіргі қазақ тілі сөзжасамы» деп аталатын зерттеуі де — тіл ғылымы саласында жəне студент, магистрлер арасында үлкен сұранысқа ие еңбек. Мұнда ғалым қазақ тілі сөзжасамының қызықты да күрделі категория екенін, сөзжасамды тіл білімінің бір саласы деп тануда оның тұлғалық-құрамдық жағынан емес, семантикалық тұрғысынан қарау керектігін көпшілік алдына жайып салады. Қазақ тілі лексикасын сөз таптарына жіктеуде де тың, соны пікір білдіруі лингвистер ортасында қызу талқылау (резонанс) тудырды. Сөздерді сөз таптарына қарай бөлуде қандай мəселелерді басшылыққа алу керек, қандай негізгі критерийлерге сүйену қажет деген мəселелері де қазіргі ғылыми басылым беттерінде жиі-жиі көтеріліп жүр.
Т.Пірімбетов — ресми түрде доцент болғанымен, əріптестері ортасында баяғыда-ақ бейресми түрде профессор деп танылған тіл білімінің білгір маманы. Өйткені ол зерделі ғалым ретінде қозғалатын мəселенің əбден байыбына барып, оң-солын таразылап, салмақты шешім қабылдай алады. Сабақ барысындағы болсын, ғылыми жұмыстарды қорғау үстінде болсын, тіл ғылымына қатысты туындап жататын ғылыми дау-дамайларды шешуде əріптестері доцент Т.Пірімбетовтің төрелігіне жүгініп жатады. Ал білікті ғалымның көтерілген мəселенің мəнісіне терең бойлап, туындаған сұрақтарды ғылыми тұрғыдан сараптаудан өткізіп барып, тұшымды жауап қатуына бірнеше мəрте куə болдық.
Жалпы, қазақ тіл білімінің көсегесін көгертем деп тер төккен атпал азамат Тұрмағанбет Пірімбетов əріптестері мен шəкірттері арасында зор беделге ие. Ол əрбір сабағына үлкен дайындықпен келеді, өзекті мəселелерді жан-жақты пайымдап, ғылыми материалды қарапайым жатық тілмен түсіндіріп, жеткізе алады. Оны озық тəжірибелі ұстаздың өткізген күнделікті дəрістері мен ашық сабақтары дəлелдейді. Осындай қажырлы еңбегінің арқасында ол университет басшылары, деканат тарапынан бірнеше мəрте алғысқа ие болды. Ректордың Құрмет грамотасымен де марапатталды.
Тұрекеңнің ғылымнан өзге тағы бір қыры — саламатты өмір салтын насихаттайтын сергек спортшы екендігі. Шахмат тақтасын мейлінше меңгерген спортшы ретінде түрлі спартакиадаға үзбей қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. «Шахмат ойнау логикаңды жетілдіреді, ақыл-ойлау қабілетіңнің мүмкіндіктерін аша түседі, адамның бойында сабырлық, шыдамдылық жəне қырағылық сынды қасиеттердің барлығының тоғысуына жол ашады», — дейді шахматты асқан ұстамдылықпен ойнай білетін, жеңіске жетудің хас шебері.
Қолы қалт еткенде айналысатын негізгі хоббиі — балық аулау, яғни əуесқой балықшылық. Балық десе, Тұрекең ішкен асын жерге қояды. Қысы-жазы балық аулаудан бір жалықпайды. Қашан əңгімелесе кетсең, ғылымнан бөлек екінші тақырыбы бірден балыққа ауысып жатады. «Жалпы, табиғат-ана жаңынды жадыратып, тəніңді сергітеді. Бір сəт шаршағаныңды басып, тың күш, жаңа идеялардың туындауына əсер етеді, — дейді Тұрмахан ағам демалыс жайын сөз еткенде.
Негізі, Тұрмахан аға — «сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол — физикпен физика тілінде, математикпен «сандар əлемінде», химикпен «реакциялар тілінде» тайсақтамай, еркін пікірлесе алатын бесаспап маман. Техникаға жаны құмар жан өзінің бір сəт темір тұлпарсыз тұра алмайтындығын да айтып қояды. Мұндай жан-жақты азаматтың білімді де, ғылымды да, техника мен спортты да бірдей қатар алып жүруі кемде-кем жайт. Техникаға деген шынайы құштарлығын ұлдары Мəрлен мен Мəуленнің бойларына дарыта білген. Техника тіліне жақын болғандығынан да болар, кезінде Тұрекең ТСО-дан (оқытудың техникалық құралдары) да сабақ жүргізді.
Тəжірибесі бай, білікті маман ретінде қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарып, ана тіліміздің қарыштап кең қанат жаюына азды-көпті үлесін қосты.
Тұрмахан аға — отбасының ұйытқысы, қамқоршы, үлгілі əке. Жұбайы Алтын екеуі — перзенттерінен тараған 5–6 немеренің ақылшы ата-əжесі. Ол — ешқашан да еш нəрсеге мойымайтын, рухы мықты, бойында күш-қуаты зор, интеллектуалды азамат. Сабырлы да салмақты, байсалды да білімпаз, ізденімпаз, «ақырын жүріп анық басатын, еңбегі далаға кетпейтін» Тұрмаханбет Пірімбетовтей абзал азамат қандай мақтауға да лайық. Ендеше ұстаздық келбеті кең, ойы терең, əркез ашық ақжарқын мінезімен көптің көңілінен шыққан зерделі ғалым Тұрмаханбет Төлешұлын бүгінгі
60 жылдық мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, асар асуларыңыз əлі де көп болсын демекпіз. Тілтану ғылымының биігіне шығып, іргелі еңбектерімен ел сеніміне ие болған Тұрекең əлі талай ізденістің нəтижесіне қол жеткізері сөзсіз. Озық білім беріп, үлгілі шəкірт тəрбиелеуде де өнегелі жол көрсетіп, өрісті бағытқа көтерілері де даусыз. Сондықтан білімнің биігіне, ғылымның асқарына талмай, өрлей беріңіз.