«Символика» сөзі гректің тілінен аударғанда «белгілі бір қоғам мүшелері мен əлеуметтік топтар үшін ғана түсінікті шартты белгілер» деген мағынасынан шығып, қазіргі күні əр түрлі идеяны, түсінікті, ұғымды, ойды, сезімді, іс-əрекетті білдіретін шартты белгілердің жиынтығы деген мағынаға ие. Символды тану сонау көне замандарға барып тіреледі. Символ жайлы ой айту Аристотель, Платондардан бастау алып, И.Кант, Шлегель, т.б. жалғасып, еңбектерінде сипатталған.
Қазақ ғылымда өз бастауын Ш.Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, Ə.Марғұлан, М.Əуезов, С.Мұқанов еңбектерінен алса, осыған жалғас ғылыми көзқарастарды тілші-ғалымдар І.Кеңесбаев, Ə.Қайдаров, Е.Жампейісов, К.Хұсайынов, Р.Сыздық, Ж.Манкеева, Б.Ахбердиева, т.б. еңбектерінен көруге болады. Этнограф ғалымдардың ішінен Х.Арғынбаев, Ө.Жəнібеков, А.Сейдімбек еңбектері қазақ мəдениетіндегі ұлттық символдар табиғатын тануға, саралауға жол ашады. Ғалымдар қазақ тілінің дыбыс символикалы сөздері фоносемантика тұрғысынан (К.Хұсайынов), қазақ тілі дыбыстарының символикалық мəнін ашу мəселесі (І.Кеңесбаев), түр-түс символикасына қатысты (Ə.Қайдар) т.б. қырларын зерттеген. Ал Қ.Қайырбаева өзінің символға қатысты кандидаттық жұмысында символдың белгілеріне, оның тілдік таңбадан, өзге троп түрлерінен айырмашылықтарына тоқталып, теориялық мəселеге көп көңіл бөлген.
Əр халық дүниедегі заттарды түрліше қабылдап, өзінше түйсінеді. Сол түйсінген құбылысты, заттарды өзінің ұлттық тілінде бейнелейді. Сол арқылы əлемнің тілдік бейнесін жасайды. Əлем бейнесін жасаушы элементтердің бірі — түр-түс атаулары.
Түр-түстердің рухани өмірімізде алатын орны ерекше. Өзімізді қоршаған орта, табиғат əр түрлі түстерден құралғандықтан да, біз олардан шеткері өмір сүре алмаймыз. Əсіресе түр-түс атаулары белгілі бір идеяны, ұғымды, түсінікті беруде, сан алуан мəдени ақпарды жеткізуде алар орны бөлек болатыны белгілі. Халықтың дүние бейнесін жасаудағы рухани құралы — оның тілі. Сол тілде терең түсінікті жинақтаған, өне бойына сан ақпаратты құлыптаған, ғасырлар бойы терең танымның нəтижесінде қалыптасқан түр-түстерден жасалған символдар бар. Бұлар — халық санасының жемісі.
Ұлы жазушы М.Əуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясында келтірілген мына бір дерек кісі өлгенде тігілетін түрлі-түсті тудың қайтыс болған адамның жасынан, əлеуметтік дəрежесінен хабардар ететінін байқатады: «...Байдалы сүйекті орналастырып болысымен, сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің он жақ белдеуіне өз қолымен əкеп қара тікті. Бұл жұмыс өліктің артын күтудің үлкен бір серті еді. Қара дегені — ұзын найзаның басына тіккен ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан болса, сол төрелердің өзді-өз тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы, ала тулы деген төрелердің тұқым-тұқымы, жік-жігі осындайда көрінетін. Ал қарадан кісі өлсе, тудың түсі өліктің жасына қарай болады. Ол жөндерге келгенде Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана араласты. Сүйіндік жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кəрі кісі өлсе ақ болатынын айтып келді де, «Бөжейдің орта жасты кісінің қаралы туы — бір жағы ақ, бір жағы қызыл болу керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы əкеп тіккен ту — қара дегені осы еді, яғни, киіз үйдің сыртына найзаға байланған ақ, қара, қызыл түсті тулар — өлімнің, қазаның символы болған.
Қазіргі таңда да түр-түстер өзінің əлеуметтік маңызын жоғалтқан жоқ. Мысалы, МАИ мен прокуратура қызметкерлерінің киген киімдерінің түстеріне қарап, олардың қандай қызметте істейтінін біле аламыз. Академик Ə.Қайдар бастаған ғалымдар түр-түстер арқылы қабылданған символдық мəні бар белгілерді ең алдымен сол əлеуметтік топтың, ру-тайпалардың, елдің, мемлекеттің, халықтың өздерін басқа өздері сияқты топтардан, тайпалардан, халықтар мен мемлекеттерден айрықша етіп көрсету мақсатынан, ұқсас болмау, қайткен күнде де олардан ерекшелену əрекетінен туған деп есептейді. Сондай-ақ ғалымдар түр-түстердің қоғамдық мəніне қарай символдарды бірнеше топқа жіктеп қарастырған.
Символ деген атаудың əу баста мағынасы басқаша болған. Алғашқыда адамдар гректің бұл сөзімен достықты білдіретін бір нəрсенің сынығын (черепок) атаған. Үйге келген қонақпен қоштасарда үй қожайыны заттың бір бөлігін (екіге бөлінген заттың бір жағын) өзіне қалдырып, екінші бөлігін келген қонағына берген екен. Қанша уақыт өтсе де, сол адам қонақтап келетін болса, ол оны сол сынықтан таныған. В.Маслова айтқандай, көне заманның «жеке куəлігі» [1].
Қазіргі таңда символға қызығушылық тек тілтанушылар ғана емес, философтар, логиктер, əдебиеттанушылар т.б. тарапынан да үнемі байқалып жүр. Сол себепті де символға қатысты көзқарастар сан алуан болып келеді. В.Маслова «Лингвокультурология» атты еңбегінде оларды былайша көрсетеді:
- Символ — таңбаға тепе-тең ұғым (жасанды қалыптасқан тілдерде);
- өмірді өнермен образды түрде игеруді білдіретін əмбебап категория (эстетика мен өнер философиясында);
- мағынасы шартты, басқа нысан мағынасына ұқсас белгілі бір мəдени нысана (мəдениеттануда, əлеуметтану мен гуманитарлық ғылымдарда);
- символ өзінің алғашқы мазмұнын басқа бір мазмұнға форма беруде қолданылатын таңба ретінде (бұл көптеген гуманитарлық ғылымдар — философия, лингвистика, семиотика т.б.) кездесетін символды кең түсіну» [2; 5]. Осы аталғандардың арасындағы төртінші пікірді қолдайтын ғалымның ізімен, біз де осы, яғни, символ өзінің алғашқы мазмұнын басқа бір мазмұнға форма беруде қолданылатын таңба деген тұжырымды қолдаймыз.
Тілдік таңба мен символдың өзара қатысы жайлы Қ.Қайырбаеваның кандидаттық диссертациясында жан-жақты, толық қарастырылған, яғни зерттеуші символдың өзіне тəн көптеген белгілерін көрнекті ғалымдардың (А.Лосев, Ю.Лотман, В.Маслова т.б.) пікірлеріне сүйене отырып, нақтылаған. А.Ф.Лосев тілде таңба шексіз көп контексте қолданылатынын, оның əрқайсысында белгілі бір мағынаға ие болатынын, сонымен қатар таңбаның динамикалық түрде символға өтуін атап көрсетеді жəне де сөз символ болу үшін мəдени мəтінде орын алуы қажет.
Сөз-символдардың бұдан да басқа да белгілерін былайша көрсетуге болады:
- көркем образды тұлғаның болуы;
- символ интуитивті түрде танылады;
- таңбаның мəні көрсету болса, символдың мəні одан кең;
- таңба шартты жəне нақты мағынаға ие бола отырып, тек екінші шартты мағынаға ие болғанда ғана символға айналады;
- символ мағынасын оның образын нақты тану арқылы ұғуға болмайды;
- символ — нақты элемент, ал оның нысаны — абстрактілі;
- символдың өзіндік сипаты — оның уəжділігі;
- символ атауыштық жəне орынбасарлық қызмет атқарады;
- символға архетиптілік сипат тəн;
- символдағы тура мағына өзіндік дербестігін сақтайды, абстрактілі символдық мағынамен салыстырғандағы қалпы тең дəрежеде;
- сөз жəне сөз-символ — екі түрлі таңба емес, сол сөздің өзінің екі түрлі қызметтегі екі түрлі формасы, яғни лингвистикалық таңба символдық қызметті атқарғанда ғана оны символ деп атаймыз» [2; 9].
Сөзімізді мысал арқылы нақтылап көрсетсек. О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повесінде сыбызғыдан шыққан қоңыр үн Сарқынды шалдың өлімін естіртуші символ ретінде жұмсалып тұрғандығын байқаймыз: Сыбызғыдан ең əуелі қоңыр үн шығып, талайға дейін майда, алаңсыз, мамыра халден хабар беріп, өңештен болар-болмас гүжілдеп тұратын жуан үн сыбызғының өзінен шығатын əдемі əуенге қосылып, бейбіт те жомарт өмірдің жайсаң бейнесін алдымызға жайып салды дей келе, автор күйдің əр кейіпкерге қалай əсер еткендігін суреттейді:
...Мен шалдың жұмылған жанарынан ыршып шыққан жас көрдім, əжім торлаған тоң бетті қуалап сақалына ағылды. Мен бұл жасты Аналықтың бота көзінен де көрдім. Ал менің əкем тесілген қалпы үнсіз тыңдап отыр. Дəл осы сəтте менің көз алдыма жаңа туған қара қасқа құлынымды бауыздап жібергенде, ұдайы үш күн азан-қазан кісінеген боз биенің тау айналып шапқылағаны көріністенді, дейді. Күйді əрі қарай тыңдауға шыдамаған Қаршыға «жүрші, тысқа шығайық» деп Оралханды далаға шығарады да, былай дейді:
- Атам өледі, — деді ол танауын қорс-қорс тарта, көзінің жасын жас балаша қолының сыртымен сүртіп. — Атам көп ұзамай өледі, мұндай қаралы күйді ол ешқашан тартқан емес, қорқатын... Осы мысалдағы қаралы күйдің қоңыр үні арқылы жазушы жалғыз Сарқынды шалдың өлімін ғана емес, сол арқылы қазақ деген халықтың мұң-қайғысын суреттеген. Бəйбіше кейпіндегі Аналық, батыр тұлғалы Қаршыға өткеннің бір жұрнағы іспеттес. Өйткені бұл кейіпкерлер бұрынғы намысшыл, кең мінезді қазақ деген халықты елестетеді, қоңыр үн болса, сол халықтың бойына біткен, табиғат сыйлаған қасиетті үн. Ал Кеңестік қызыл заманда осы ұлттық қасиет, кейіп, мінез жоғалып бара жатқанына қайғырған жазушы ұлт трагедиясын Сарқынды тартқан қаралы күйдің қоңыр үнімен оқырманына жеткізуді діттеген секілді. Қоңыр үн — бұл оқиғаның құлақ күйі, ал қалған тілдік бірліктер қосымша фон ретінде соған қызмет етіп тұрғанын көруге болады. Мысалы, Сарқынды шалдың, Аналықтың көздерінен жастың шығуына, əкесінің үнсіз тыңдауына, Орашқа қасқа құлынның елестеуіне себеп болған сыбызғыдан шыққан қоңыр үн екендігін ұғамыз. Сондықтан да бұл жердегі қоңыр үн əдеттегі мағынасынан (құлаққа жағымды) алшақтап, екіншілік номинацияға (өлімнің, рухани қазаның символы) өткен, яғни бұл тіркес символдық қасиетке ие.
Символ — ұлттық бояу ретінде мəдени ақпарды бойына жинақтайды, құлыптайды (кодтайды) жəне де сол ақпаратты ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Символ жайлы түсінік орыс ғылымында түрліше интерпретацияланады. Мысалы, Ю.Степанов символды ғылыми емес, таза поэтикалық түсінік деп қабылдайтынын жəне ол тек белгілі бір поэтикалық жүйеде ғана мағынаға ие екендігін айтады. Мағжанның Желі, Күні, Оты, Жұмекеннің Қоңыры т.б. айтқанымыздың айқын мысалы. Ю.Лотман бұндай символдарды «сюжеттің гені» (немесе негізі) дейді. Алайда В.Маслова солармен қатар тілдік символдар барлығын ескертеді: «...наряду с ними (поэтикалық символдар. — Б.Х.) есть языковые символы, которые порождаются в процессе эволюции и функционирования языка». Тілдің эволюциялық дамуы нəтижесінде пайда болған символдарға архетиптілік сипат тəн. Жоғарыдағы келтірілген мысалда мифтік желі бар деген ойдамыз. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Қыпшақ даласының билеушісі Жошы ханның өлімін найман Кет-Бұға күй арқылы жеткізгені белгілі. «Кет-Бұға ауыр ойдан серпіліп, сылбыр қимылмен қобызын оңтайлады да, Қорқыттың күйіне басты. Қобыздың қыл шегінен созылып шыққан мұңды сарын орданың ішін кернеп кетті. Күй басталғаннан-ақ оның əуенінен сескенген қағанның тынышы қашып еді, көп шыдай алмады:
- Жетеді, — деді бір кезде. Зекіген жоқ, ақырған жоқ, бірақ даусы зілді, əрі пəрменді естілді.
Кет-Бұға бөгеліп қалды, не бұйырасыз деген қалыпта күтіп тұр.
- Басқа бірдеме... Мен бұрын естімеген бірдеме тарт!
Кет-Бұға қобызын ұстаған күйінде төмен қарап отырып қалды. Шарасыздығын енді ғана аңғарғандай еді. Кеудесін бұлдыр бір елес кесіп өткендей болды. Қорқыт... Қорқыт... Жүзі ызғарлы ажалдың өзін қобызының күйімен қырық жыл арбапты-ау, жарықтық... Тізесінде жатқан оң қолы асығыс көтеріліп, қияғы қобыздың қыл шегіне жанасты.
Қу тақтай азынап қоя берді. Əуелде-ақ бесті айғырдың үйірін жоқтап кісінегені сияқты бір дыбыс естілген еді, Шыңғыстың төбе құйқасы шымырлап кетті.... Кет-Бұғаға қарап еді...қобызды тартып жатқан ол емес сияқты, қобызы өзі сөйлеп жатқандай көрінді... Бір кезде манағы қаралы сарын өксіген зарға ауысты. Бұл — лағын жоқтап маңыраған киіктің шері, ботасын жоқтап боздаған аруананың мұңы еді... Қағанның көзіне де жас іркілді. Кенет оның құлағы:
Ақсақ құлан шошыған,
Таудан төмен тасыған
, Балаң өлді — Жошы хан,
Нанбайсың ба осыған! —деген сөздерді ап-анық естіді...
Қаған бұдан арғы сөздерді ұқпады.
Көзінің жасын төге берді...» [3]. Жазушы М.Мағауиннің
«Қобыз сарынындағы» бұл аңыз О.Бөкейдің шығармашылығына əсер етуі мүмкін. Аңыздағы қаралы күй Жошының өлімінен хабар береді. Алайда жазушы О.Бөкейдің шығармасында мазмұны сақталғанымен, формасында сəл өзгешеліктер бар. Символдың мазмұны — суық хабарды жеткізу болса, оның формасы — алғашқы аңыз шығармада бір адамның өлімі болса, жазушы О.Бөкей осы мотивті қолдана отырып, тұтастай ұлт трагедиясын суреттеген жəне жазушы қаралы күйдің қоңыр үніне ерекше акцент берген. Ю.Лотман: «Символ существует до данного текста и вне засисимости от него. Он попадает в память писателя из глубин памяти культуры и оживает в новом тексте, как зерно, попавшее в новую почву» [4], — дейді. Аңыз, сол арқылы қалыптасқан символ көркем мəтінде қаламгерлердің белгілі бір стильдік мақсатына, айтар ойына сəйкесінше қолданылады, сонымен қатар ол жаңа көрікке (формаға) ие болады, бірақ мазмұнын жоғалтпайды. «Кез келген аңызда символ болады, бірақ кез келген символда миф жоқ», — деген А.Лосевтің пікірі де өте орынды. Мифтік əңгімелер негізінде символдар қалыптасады, бірақ əр символда аңыздың болуы шарт емес.
Символдың өзіне тəн тағы бір ерекшелігі — оның уəжділігі. Символ метафора, метонимия, синекдоха тəрізді мағына ауысуының тəсілдері арқылы уəжделеді, пайда болу себептері түсіндіріледі. Қазақ танымында қоңырдың символдық мағынасының бірі — қарапайымдылық. Бұдан қоңыр үй, қоңыр шаңырақ, қоңыр тірлік тəрізді тілдік бірліктер жасалынған. Яғни, бірнеше ауыс мағына жинақталып сөз-символды жасайды. Тағы бір мысал, қара — қайғының символы екендігі белгілі. Оны вербалдайтын тілімізде сан алуан тіркестер бар (қара жамылу, қаралы көш т.б.). Осы сөз- символдың нəтижесінде Кеңес үкіметі заманында қара қағаз деген ұқсатудан жаңа тіркес қалыптасты. Метафоралық мағыналар мəдени коннотацияларды күрделендіріп, символдың жасалуына, пайда болуына ұйтқы болады.
Символға образдылық тəн. Өйткені əр символ халықтың дүние бейнесін жасауға қатысатын элемент, олар терең танымның нəтижесінде, тілдің ұзақ даму, жетілу процесінде қалыптасады. Алайда символ мен образды бірінен бірін ажырату бар. Олар қатты ұқсас болғанымен, ғалымдар символды образдан шығару арқылы қарастырады. Э.Спирова: «Образ всегда имеет автора. Базовые символы носят анонимный характер, они являются продуктами коллективного бессознательного. В этом смысле можно говорить о символах как кристаллизации опыта всех поколений, прошедших по земле. Такой глубиной образ, как правило, не обладает. У него есть создатель» [5], — деп символдың халықтың ой елегінен өтіп барып жасалатынын, авторы болмайтынын, ал образды жасаушы автордың болатындығын атап көрсеткен. А.Ф.Лосев «Проблема символа и реалистическое искусство» атты еңбегінде көркем шығармадағы символдарды бірінші дəрежелі символ жəне екінші дəрежелі символ деп атап, жаңа терминдерді ұсынған. Бірінші дəрежелі символ ол — берілген затты сол күйінде суреттейді, ал екінші дəрежелі символ бұл берілген затты көркем суреттеп қана қоймайды, сол затқа, құбылысқа ерекше мəн беріп, сол арқылы белгілі бір идеяны айтуға бағытталады. Сонда, автордың пайымдауынша, бірінші дəрежелі символ — көркем бейне, екінші дəрежелі символ «нағыз символдың өзі» болып табылады. Екінші дəрежелі символ жайында əдебиет теоретигі: «Он несет с собой не чисто художественные функции художественного произведения, но его соотнесенность с другими предметами. Если художественный образ несет на себе нагрузку, на- пример, соотнесения с той или другой реальной жизнью, а не рассматривается сам по себе, с той или иной идеологией, с той или другой моралью, с той или другой проповедью, с теми или иными призы- вами и воззваниями, с намерением и отражать жизнь и ее переделывать, то все это уже не есть сим- вол первой степени» [6], — деп ойын сабақтайды. Жəне де «нағыз символ» көркем шығарманың шеңберінен шығып кететінін айтады. Автордың айтқанын мысалдар арқылы көрсетсек. «Ауыл əлі уыз ұйқысынан ояна қойған жоқ, иттердің басын басып кетсе де мыңқ етпейтін өлі тыныштық ұйыған. Сиырлар да ертеңгі шақтың тірлігінен қаперсіз, сілекейін шұбыртып, жалмаң-жалмаң күйсеп жатыр, тек ала сиыр ғана орнынан үш ұмтылып созалаңдай тұрды да, керги керіліп, соңсоң тұяғын сыртылдатып өріске беттеді — жалғыз беттеді. Қорадан қора, бақшадан бақша қоймай бүлдіретін ашқарақ, қасқөй қу мүйіз қарасан сыңайлы, көзі тым алайыңқы. Анау бір қора-қопсысы шашыраңқы аласа ағаш үйдің бұрышында алқымына көбік қақтаған ат байлаулы тұр...». О.Бөкей күн ұясынан жаңа ғана көтеріліп келе жатқандағы ауылдың келбетін осылайша бейнелеген. Бұл ауылдың таза көркем бейнесі. Автор осы жерде ешқандайда бір күрделі ойды айтпаған, тек қана көркемдеп суреттеу ғана бар. Яғни, бұл «бірінші дəрежелі символ» (көркем бейне) болып табылады. Мағжанның «Жазғытұры» өлеңінде де таза табиғатты бейнелеу бар:
Су ақты, жетті апрель, қырдан ойға,
Секіріп арық-тұрақ кетті тойға.
Жас бала: «Жазғытұры туды», — десіп,
Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да,
Қуанып жан-жануар, алшаң басып,
Қалмады қайғы-уайым ешбір ойда,
Нұрлы күн алтын нұрын шаша бастап,
Шықсын деп қысқы ызғар өткен бойға.
Əрі қарай Мағжан бұтақтарда əн салған құстарды, күннің күркірін, мəз болған балалардың күлкісін суреттеген. Тағы бір мысал. Сəкен «Көкшетау» поэмасында Қажымұқанның портретін былай береді:
Ожар бет, қара мойын-бейне — құлжа,
Қылад ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дəу, тартқан — құлжа.
Қалың бет, бура төсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай, —
деп ұлы палуанның бейнесін сомдаған. Келтірілген үш мысалдың үшеуі де таза образдылықтың үлгісі, бұлар ешқандай да символдық мағынаға ие емес.
А.Ф.Лосевтың екінші дəрежелі символына мынадай мысалды келтіруге болады. М.Əуезұлының «Қорғансыздың күні» атты əңгімесінде күннің батуындағы пейзаждың символдық мəні бар. Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл. Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сəулесімен нұрланып, қызыл торғынның түсіндей боялып тұр. Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлттардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұрдың буын ғана жалатқандай. Қызғылт сəулесін дүниеге жайып тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. Берірек тұрған аз ғана ала-шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне перде болған жоқ. Күні бойы тыныш жел Күшікбайдың бауырында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу борсындатып тұр. (Күннің қызыл сəулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астынан қызғылттанып көрінеді. Бұл мысал алғашқылары секілді таза табиғат бейнесін суреттеп тұрған жоқ, сол табиғат бейнесі арқылы болар жайттың өлімге ұласатынын меңзеп отыр. Қызыл, одан пайда болған туынды сөздер үзіндіде 7 рет келтірілген. Ал ол түс қанмен ассоциацияланатыны анық. Автор күннің қып-қызыл болып батуы арқылы бір трагедияның болатынын сездіре отыра, халық танымында қалыптасқан дəстүрді (бұрын қазақ халқы жас өлсе, қызыл ту ілген) де өзектендірген. Сол арқылы жас баланың қазасын астарлаған. Яғни, келтірілген мысал екінші дəрежелі символ болып табылады. Бұндай символдар, Ю.М.Лотманның тілімен айтсақ, «сюжеттің гені». Алайда жоғарыда айтқанымыздай, негізгі символдар тілдің ұзақ даму процесінде пайда болып, қалыптасады.
Сонымен қорыта айтатын болсақ, символ ол — белгілі бір идеяны, түсінікті, ұғымды жеткізуші ұлттық код. Символ-сөздер — өне бойына сан алуан ақпарды жинақтайтын, құлыптайтын (кодтайтын) сөздер. Символға образдылық, архетиптілік, уəжділік, ұжымдық қабылдау жəне түсіну, диахрондылық тəн.
Əдебиеттер тізімі
- Маслова В.А. Лингвокультурология. Учеб. пособие для студ. высш. учеб. зав. — М.: Академия, 2001. — С.
- Қайырбаева Қ. Қазақ тіліндегі этномəдени атаулардың символдық мəні: Канд. дис... автореф. — Алматы, — 29 б.
- Мағауин М. Қобыз сарыны. ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары: Монография. — Алматы: Атамұра, 2006. — 17, 18-б.
- Лотман Ю.М. Семиосфера. — СПб.: Искусство-СПБ, 2000. — С.
- Спирова Э. Символ и образ. [ЭР]. Режим доступа: http://www.intelros.ru
- Лосев А.Ф. Проблема символа и реалистическое искусство. — 2-е изд., испр. — М.: Искусство, 1995.