Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Алты Алаштан «сері» деген ат алған Ақан сері Қорамсаұлы

Кіріспе

Арқаның ардагері атанған Ақан сері — өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Асыл өнерімен де, жеке бас əдет-мінездерімен де, сəн-салтанатымен де даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Жақсылық пен əділеттік жолына белін бекем буған, ақыл-парасаты биік саналы гуманист. Ол ақынның айтқыры, əншінің саздысы, сазгердің наздысы, серінің сейдіні.

Ақанның туған жері — жасыл желек жамылған қалың нулы, көл-көсір өзен-сулы табиғаты бар, қалың қарағай мен ақ балтыр аққайың бой таластыра өскен Көкшенің кербез сұлуы атанған қасиетті жер. Болашақ ақын 1843 жылы Көкшетау уезінің Шалқар болысында үлкен Қоскөл жағасында дүниеге келді.

Оның əкесі Жақсылық Қарауылдан (Орта жүз Арғын тайпасына жататын ру) тарайтын Малтабардың бес ұлының бірі, Құдайқұлдың немересі. Жарқынның жалғызы — Қорамса. Ол бұлаң құйрық заманынан үлесін қағып қалу үшін жастай сауда-саттықпен айналасып, дүрілдеген мол дəулет жинайды. Сол дəулеті шалқыған шаңыраққа ие болар перзент күтсе, жары Жаңыл жылара бір қыз тауып, ат ұстарға зар қылады. Ақыры, ақ тілеуі қабыл болып, бес қыздан кейін дүниеге Ақжігіт атты ақмаңдайлы ұл келеді. Көп күттіріп көрінген ұлын еркелетіп ата-анасы Ақан атандырып жібереді. Ақаны ақжолтай болып артынан Мұхамбет, Рамазан, Əйберген деген тағы да үш ұл туады. Ізі-жолы құтты болған үлкен ұлын Қорамса беттен қақпай еркін, ерке етіп өсіреді. Балаларға қара танытып, хат білгізу үшін ауылда арнайы ұстаған Күнту молдадан Ақан да алғаш қадимша сабақ алады. Ұстазының айтқанын қағып алып, табанда қайталап беретін зерек бала молданың бірсарынды дəрісінен зеріге бастайды. Өзінше ойлап, көрген-білгенін өзінше бағалай бастаған ол бірде ұстазымен бір шариғатқа таласып қап, таяқ жейді де: «Шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын», — деп тайып тұрады.

...Бір саудагерге еріп Қызылжар кетіп қалады да, онда барып Уəли ахун медресесіне түсіп, екі- үш жыл білімін байытады» [1; 106].

Азды-көпті дəулеті бар Қорамса мұсылманша сауат алған Ақанды ауыл молдасы етпек болады. Бірақ бала кезінен домбыра тартып, əнге, өлеңге құмар болып өскен Ақан, басына сəлде орап, мешіт ұстаудың орнына қайда жиынтой, шілдехана, алтыбақаны бар жерге аңсары ауа береді. Бойшаң, келбетті, əдемі ашық үні бар жігітті қай жерге барса да құрметпен қарсы алатын болған.

Сонымен, Ақан 16–17 жасында өнер жолына түседі. Тарихтың алтын парағына анасы Жаңыл еркелетіп қойған Ақан есімін мəңгі өшпестей етіп қалдырады. Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген серілік өмірі басталады.

Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың ойын- тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15–20 жігітті өзі тəрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында — бұлғақтаған үкі, қолында — домбыра, аузында — əн... Жігіттердің бəрі балуан, бəрі əншіл. Бірақ Ақанның əні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан əн шырқаса, би билігін, кемпір өрнегін, сұлу кестесін қойып, тыңдай қалады. Қарауылдың қалың көздері:

«Ақанның əні-ай!» — деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың Қарауыл Ақанға «Сері» деп лақап есім береді. Солай жүргенде Ақан бұрын атастырып қойған қалыңдығы Жұмат қожаның қызы Бəтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бəтимадан бір ұл, екі қызы болады.

Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бəтима өледі. Серіліктің соңында жүрген Акан Бəтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Əлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базаралы деген итті алады. Қалың Қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады. Тап сол кезде Ақанның қолына алты Алашқа аты шыққан Құлагер түседі [2].

Сол кездегі дала өмірінің аса қызық түрі: жүйрік ат, қыран құс, алғыр тазы ұстау еді. «Сері» деген атаққа осы шарттар лайық-тұғын.

Ақанның ақындық жолының қалыптасуы

Серінің ақындық жолы басқа халық ақындары сияқты дəстүрлі жолмен қалыптасады. Ақан өз шығармаларын жазып та шығарады. Сонымен бірге жатқа айтып, ауызекі де таратады.

Ақын еңбектеріндегі көп жырланған тақырып — жастық, достық, махаббат, əйел тақырыбы. Ол қалдырған мұраның бəрі — жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары. Оның поэзиясы — адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия. Əрбір сөзі азамат басына төнген қалың қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана емес, нөсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ақша бұлттары. Мұндай қасиеттер ең алдымен ақынның ғашықтық лирикаларына тəн.

Ақан серінің ғашықтық лирикаларының бір тобы аттары аталып, түстері түстелетін өзінің ғашықтары. Олар Ақтоқты, Ұрқия, Жамал, Балқадиша, Мақпал сияқты белгілі адамдарға арналған.

Ақынның ғашықтық жырларының енді бір тобы белгілі адамдарға немесе өзі ғашық болған қыздарға емес, жалпы қазақтың сұлуларына арналған.

Бұл еңбектерінде Ақан сөз құдіретімен сұлу бейнелерін бірінен-бірін асыра мүсіндеп бере алды. Жалпы саны 40 шақты өлеңді қатар қойып оқығанда бəрі де қыз сұлулығына арналған шығарма бола тұра, бірін екіншісі қайталамайды. Əрқайсысы өзіне ғана тəн өзгеше туынды болып қабылданады.

Мəселен, «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы» өлеңі [3; 99, 100] арқылы сері аңсаған арулардың бейнесін жасауға болады:

 Сен болсаң алқызыл гүл, асыл еркем,

 Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы.

Құрбыңа назарыңды бір салмайсың,

Кер тағы сияқтанып құландағы,

Қалқыған дариядағы сен бір кеме

Ішінде бір шамшырақ бұрандалы.

Қайратпен қаһарманша бекінсең де,

Тəуекел майданында тұрам дағы.

Жайықтың сіз қоңыр қаз қырындағы,

Біз сұңқар, сізге тиген ұрымдағы.

Барып ем ілейін деп, суға түсті,

Қаз екен дарияның Сырындағы.

Болмаса ақ тұйғынның балапаны,

Қай құстар іле алмаған бұрындағы.

Сен болсаң адамзаттың асылысың,

Біз қанжар алтындаған қыныңдағы.

Ұнаса көңіліңе, перизатым,

Жүре бер беліңе алып буындағы.

 Ақынның «Əйелдер сипаты» жырындағы [3; 101–109] болаттан құйылған, қиыннан қиысты- рылған мынадай жолдар серпінді ойларымен, мінсіз сымбатымен ерекшеленеді:

 Əйелдің ақылдысы қолға түссе,

Адамның барып тұрған ақ маңдайы.

 Бұлттан шыққан күндей көрсең жүзін,

Сөйлесер əрбір түрлі күймен сөзін.

Толғанып оқ жыландай толықсыса,

Ешкімге білдірмейді басқан ізін.

 Ал сонда түгел болар ажар, көрік,

Мінезі ажарына болар серік.

Алыстан мекеніне лебі тартып,

Боп кетер қызыққандар оған жерік.

 Əйелді сыйлау керек ескеріп біз,

Оларға айту керек орынды сөз.

Жақсы əйелге көз салып бір қарасаң,

Алып кете жаздайды қиғаштап көз.

 Ішпей, жемей тойғызып түріменен,

Көрінгенді бəстес қып өзіменен,

Шығып кете жаздайды денеңнен жан,

Көзінің қойса қарап қырыменен.

 Танимыз осылайша əйел жүзін,

Мінезін, ақыл, көрік, бал мінезін.

 Жалпы алғанда, Ақан «Балқадиша», «Сырымбет», «Əйелдер сипаты», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы» деген өлеңдерінде сұлулықты, əдемілікті жырлайды. Əйелді жер дүниенің ең бір сұлу, əдемі жаратылыстарына балайды. Азаттықты, еркін махаббатты аңсайды.

Сері шығармаларында сұлу қыздардың мінез-көркі қаншалықты əдемі жырланса, сондай-ақ қазақ жігіттерінің бейнелері де айтарлықтай дəрежеде суреттеледі.

Ақан қазақ жігіттеріне, жас замандастарына қаратып жазған арнауларында ақыл айтып, жақсылық жолға үндеп, өнерге баулиды. «Адамның біліміне ақыл серік» деген шығармасында [3; 103] жастарды «бос селтеңнен», мəнсіздіктен, жағымсыз мінез-құлықтан сақтандырады:

 Тірлікте тырбанып қал сайран етіп,

Ажал келмей тұрғанда шауып жетіп.

Құрметсіз зайыбыңмен өмір сүрсең,

Қотыр бұзау секілді қалдың өліп.

Тұрмысқа тірі күнде бол себепкер,

Отырма құр үйіңде бойға сеніп.

Талап қыл, азды-көпті жұмса ойды,

Əр істің ақырын ойла көңіл бөліп.

 Ақын жақсы жігіттерге тəн адамгершілікті, жайдары-жайсаң мінезді, ақыл-парасаттылықты, халқына деген адал ниет, ақ пейіл, қажыр-қайратты дəріптейді. «Жігіт сипаты» атты туындысында [3; 109] өзі армандаған осындай өткір жастардың асқақ бейнесін термелейді:

 Наркескен қайрылмайтын қылыш болса,

Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.

Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт,

Жорғадай тілі майда жүріс болса.

Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,

Еткені берекелі жұмыс болса.

Бұл айтқан ақылымда жалған бар ма?

Көріңдер миға салып бұрыс болса.

 «Асыл мен жасық» өлеңінде Ақан пайдалы, пайдасыз ұғымдарды қатар алып əңгімелейді.

 Аққудың астығы жоқ шайнағанмен,

Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен, —  деген жолдарда өнімсіз іспен шұғылданатын берекесіздікті сынайды. Көркем бейнелі ауыстырулар арқылы, яғни асыл-алтын, жібек-асыл тас, сұңқар-тұлпар болса, жасықты неліктен шошқа, жез сиыр, сауысқан, күшігенге балайтындығы түсіндіріледі. Жалпы, өлеңнің өмірді таныстырарлық əсерінің мол екендігі айтылды.

Ақан сері «Айтамын замандасқа біраз кеңес» деген толғауында [3; 103–107] өз кезіндегі жастардың 13 түрлі қылық-мінездерін санап көрсетеді.

Бірінші орындағы жігіт — əрі сері, əрі дарын иесі. Ол келешекке мысал болғандай абзал жан. Екінші қатардағы жігіт — бойында өзіне лайық қайраты, жігері бар жан. Ол қаз ілер қаршыға сипатты қыран. Үшінші жігіт — аузымен орақ орған, кеудесіне нан пісердей, өр мінезді адам.

«Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр, асыл зат ажар берген өңі тəуір...». Бесінші жігіт сыртқа өзінің сырын алдырмай, аңқауларды «бітеу союға» бар. «Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған...». Ол — «ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған». Жетінші жігіт бос сөзді, «ұшпа бұлт секілді» баянсыз. Ол — өмірін опасыз өткізетін жас. Сегізінші жігіт — жалған айтпайтын, сөзге ділмар, əркімнің тілін тапқыш. Тоғызыншы жігіт — алуға даяр, беруге сараң, ақылын айлаға жұмсайтын жымысқы. Оныншы жігіт əйелінің қолтығына кіріп алып, не айтса соның бəрін мақұлдайды. Жетекшіл ат тəрізді. Он бірінші жігіт — өтірікші, өсекші. Он екінші жігіт — өз-өзіне адамсыған, кердең-кербез. Басқаның ақылын құлаққа ілмейді. Кісіге жақын жүрмейді. Он үшінші жігіт — ұр да жықтың өзі. Биязылық оған жат.

Осынша жігіттердің мінез-құлқын сараптай келіп, ақын келешектен үмітті жастарға ақыл-кеңес береді. Оларды ақыл мен арды таза ұстап, білім-ғылымға бой ұрып, өшпес еңбек етуге үндейді:

 Айтайын замандасқа біраз кеңес,

Жігіттік талап еткен жаман да емес.

Өнермен талпынам деп орға түссе,

Өкініп өз ісіне қайғы жемес.

Атағы артта қалған кей сабаздың,

Өлсе де, оның сөзі өлмек емес.

Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,

Бақ қонса ғажап емес ертелі-кеш.

Келгенде оралыңа ойнақтап қал,

Келмейді қайта айналып бұл жиырма бес.

Жастықта əр тараптың басын шалсаң,

Қармақты тəуекел деп суға салсаң,

Еңбегің еңбектеген кетпес зая,

Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.

 Ақан «Жақсы мен жаман» өлеңінде өмір құбылыстарын суреттейді. Ол қысылшаң шақта ел бастайтын жақсы ұлдарды армандайды. Жастарға достықты берік ұста, қиянатшыл болма, ғылым мен өнер үйрен деген өсиеттер айтады.

Сері жігіттердің де, əйелдер мен қыздардың да əр түрлі болатынын айтады. Осыдан барып адам баласы екі жікке бөлініп, «жақсы», «жаман» деген атқа ие болады дейді. Жақсыны жанымен жақсы көріп, оларға сүйсіндіреді («Жақсы қатын»). Ал, керісінше, «Жаман қатын» деген өлеңінде ең мінсіз əйелдің типтік бейнесін көз алдыңа тартып, одан жирендіреді [4; 777].

Ақын суреттеген жақсы мен жаманның өлшемі — адамның еліне пайдалы болуында. Ол жақсы жолдасты жарқырата мадақтайды. Жақсы адамды үлгі тұтады («Жігіттерге» атты толғауы [3; 112–113]):

 Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп

, Қайғыңа ортақ болар мойнын бұрып.

Тастамас жау қолына қысылғанда,

Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.

Шырқырап шыбын жанын бірге салар,

Мойныңа бір дұшпаннан түссе құрық.

Айнымас, кетпес толқып, жаннан қорқып,

Бəйгеге басын тігіп қалар тұрып.

Құзырға қырық кісінің бірі жарар,

Біткен жоқ қой жақсы адам елден құрып.

Адамға мал мен мансап жолдас емес,

Байлықпен шайқап төгіп, ішсең үріп.

Қазына басқан байлық арылғанда

Алғандай қолдың кірін сумен жуып...

Жамандық жақсылыққа бірдей болып,

Жолдасың іші-тыстан болсын жуық.

Шын жүрек, таза тілек табылмайды,

Болмасын сырты күлкі, іші қулық.

Құданың бұйырмаған нəрсесіне

Кіріптар боп жүреді адам мұңлық.

Болмайтын өзі жалтақ, сөзі өсек,

Дос қайда айрылмастай тап мың жылдық...

 Ақан сері қазақтың неше бір ақындары үлгісінде адамның жас ерекшеліктерін де өлеңге қосқан.

«Торыны таң асырып мінген қандай» [3; 95–96] деген өлеңінде:

 Торыны таңға байлап мінген қандай,

Үкілеп əсемдетіп жүрген қандай.

Тұсынан қызды ауылдың əн шырқатып,

Сыбанып ақ білекті түрген қандай.

Күнінде уағда еткен қалқажанның

Жетуге ынтызар боп желген қандай.

Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,

Жүгіріп сайлау жермен келген қандай.

Атыңды бір тасаға байлап тастап,

Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.

Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,

Құрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай.

Ишарат əзілменен сөз қатысып,

Қыз сырын жеңгесінен білген қаңдай.

Алаңдай, алабұртып тұрғаныңда,

Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.

«Құрбыжан, ебін тауып келдің бе», — деп,

Ақсиып күрек тісің, күлген қандай.

Қалқажан күле қарап, «жүр» дегенде,

Ақ үйге есік ашып енген қандай! —

 деп жастық шақтың сиқырлы сырын жырға қосады əн падишасы Ақан.

«Жастық шақтар» [3; 110], «Кəрілік» [3; 111], «Заманға қарап» [3; 111] атты өлеңдерін шыға- рады. Адамның балалық дəуірінен бастап, жігіттік кезі, одан кейін қартайған шағы туралы толғанады. Өзіндік сөз айшықтары арқылы адамның өсу жолын бейнелейді.

Сонымен, Ақан сері жырларында сұлулар мен абзал азаматтар сипаты осылайша жан-жақты ашылады. Ақынның кейбір шығармаларында өз бойындағы басқа замандастарынан артық қасиеттері əр тұста жарқ етіп көрініп, асқан өнер иесі, ақ жарқын, адал жар ретінде, үлгілі бейне болып жырланады. «Арқаның ақиығы Ақан сері», «Үш жүзге атым мəлім Ақан сері», «Оралдың мен ақиығы қырандағы», «Мен бұлбұлмын сайрап тұрған Иран бағы», «Біз сұңқар, сізге тиген ұрымдағы», Біз қанжар алтындаған қыныңдағы», «Аспанда біз ақ бүркіт қағып кеткен», «Болғанда сіз — бақ иран, біз — сандуғаш», «Аспанда біз ақ сұңқар қырандағы», т. б. өлең-əндерінде Ақанның өз бейнесі ерекше көзге түседі [4; 773].

Кейбір айтыс, тіл қақтығыстарында да өзіне арналған жолдар бар.

Ақан сері əншілік-композиторлық өнерімен танылған дарын иесі ретінде

Ақан сері Қорамсаұлы — өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, əншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ-даңқының шартарапқа жетуі — əншілік-композиторлық өнерінің жемісі.

Ақиық ақын Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, əсерлі музыка үніне бөлейді. Осы əншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына əнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, əнші, серілердің бəрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-əншілер Ақанның ең жақын достары болған. Олардың бəрі Серінің əншілік өнеріне игі əсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дəстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Қазақ мəдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-поэтикалық мұрасы енді [5; 168].

Қорыта айтқанда, ақынның шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл- күй жəне махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нəзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістік — кең тыныстылық, əн иірімдерінің нəзіктігі, əуен əсемдігі, интонациялық суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы.

Ақынның əндерінде шынайы махаббат рухының ту етіп көтерілуі

Ақан сері — ең алдымен адам сұлулығына ғашық суреткер. Оның «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет», «Майда қоңыр» т.б. əндері əйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Кеңінен танымал бұл əндер шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді.

Ақанның бірінші əйелінен туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым) тілсіз, мылқау болған. Оған ақын жазу-сызу үйреткен.

Бəтима өлген соң, аз күн отасқан əйелі Тінəлі қызы Ұрқияға Ақан сері «Ұрқияжан» деген өлеңін [6; 121] арнаған:

Ұрқия, шашың — жібек, қанжар — қасың,

Көрінер тамағыңнан ішкен асың.

Жаманға сені қор ғып қия алмаспын,

Тірлікте, аман болса ғазиз басым.

Күмістей он саусағың тартқан

сымға, Құрайын тұзағымды тартып жымға,

Құрысын Ақан атым жете алмасам,

Қор қылсам қапияда сені сұмға.

 Айырар асыл зада жігіт парқын,

Жүрекке жара салдың, қалқам, алтын.

Махаббат екеумізде қайнаған су,

Ішімді жандырады, сыртым салқын.

 Ұрқия сұлу келбетін бейнелеудегі ақын қолданыстары айшықты. «Ұрқияға айтқан аужары» деген тамаша толғауында [3; 102–103] ол:

Аққу кетіп, Қоскөлдің қазы қалды, жар-жар-ай,

Қысы кетіп мешіннің, жазы қалды, жар-жар-ай.

Біраз назым тотыға айтпай болмас,

Көбі кетіп дəуреннің, азы қалды, жар-жар-ай.

Түйін болып көңіліме кетеді ғой, жар-жар-ай,

Бір айтатын серінің назы қалды, жар-жар-ай.

 Кеше туған жас қызды шалдар алды, жар-жар-ай,

Толғанатын оларда несі қалды, жар-жар-ай.

Ғашықтықтың қисабы асып еді,

Ескеретін қалқаның несі қалды, жар-жар-ай.

 Ақ қағаздың бетіне тарттым сия, жар-жар-ай,

Жібересің сұлуды кімге қия, жар-жар-ай.

Мəликедей ақ жарқын жан едіңіз, жар-жар-ай,

Кеткенің бе алысқа сен, Ұрқия, жар-жар-ай?

Бұл жалғанда бөтенге кетпес деуші ем, жар-жар-ай,

Енді есен бол, қарағым, уа, дариға, жар-жар-ай.

 Оратылған жібектей қолаң шашың, жар-жар-ай,

Қандай сұлу қиылған екі қасың, жар-жар-ай.

Сұлу көркем лəззат пен бəрі бірдей,

Бағаланар қай затқа сенің басың, жар-жар-ай.

 Ақ көйлектің жағасын ырға тартқан, жар-жар-ай,

Машинамен қандай қып шырға тартқан, жар-жар-ай,

Көп қыздардың ішінде тоты дана, жар-жар-ай,

Қия жүзі асылдың хорға тартқан, жар-жар-ай,

Қарақат көз, ақ маңдай, сүйген сəулем,

Нəзік белің секілді сымға тартқан, жар-жар-ай,

Көлбеңдеп дəл алдымнан өткенің бе,

Жүйрік аттай бағалы сыйға тартқан, жар-жар-ай,

Бар назымды жеткіздім бір өзіңе, жар-жар-ай,

Жазылғанын білесің қандай хаттан, жар-жар-ай, —  дей келіп, Ұрқияы «Көп қыздардың ішінде тоты дана» деп басқаша бейнелейді.

Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасыретке орала бастайды. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді.

Ақан серінің тірідей айырылған сүйген қызы — Ақтоқты. Бұл арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі ақынның шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары.

Ақан қалай да Ақтоқтыны алмақ болды. Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен. Қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Сері сықақ қылып улы өлеңдер шығарады:

 Бəрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа,

Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдан артық Құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа...» — деп мысқыл қылады ақын [7; 196, 197].

Ақанның Ақтоқтының атынан шығарған қайғы-мұңға толы «Ақтоқты», «Ақтоқтының аужары», «Ақтоқтының зары» атты əндері де оның Ақтоқтыға деген шексіз махаббатын білдіреді.

 Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын салып тұруынан.

Дүниеде қыздан сорлы жан бар ма екен,

Айрылып кете барар руынан?!

Ахау, ахау, арман,

Айхай, жалған дүние-ай!!! —

 деп келетін «Ақтоқтының аужары» атты əні [6; 109] сол замандағы қазақ қыздарының басындағы ауыр тағдырын бейнелейді.

Ақырында Ақтоқты берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді:

 Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,

Тар жерде бал берушең тіліңменен.

Кез болдық дарияның қайраңына,

Зарланып əн шырқаймын үнімменен.

 Алдында есігіңнің балдырған жоқ,

Көңілді сұлу қыздар қалдырған жоқ.

Түсімде ұйықтасам да жанымдасың,

Ояна тұра келсем, дəнеме жоқ, —

 деп («Ақтоқты» əні [6; 108,109]) ашулы зар шығарады Ақан сері.

Ақан өмірінде қанша əйел кездескенімен де дəл Ақтоқты оқиғасындай шиеленісті, шытырман болмаған секілді. Бұл Ақанның Ақтоқтыға деген махаббатының биіктігін, беріктігін танытады [8].

Өзінің туындыларында Ақтоқтыны «Қыпша бел, бəйгі кердің жарауындай» дей келіп, «Барлық қыздың туындай асыл еркем», «Тартылған телеграмма сымындай қылып» деп оны ерекше мүсіндейді. Ақтоқтыны жан-жақты суреттей келіп, ол:

Оралдың ақ иығы аңға тартқан,

Шолпанның жұлдызындай таңға тартқан.

Жамбы мен алтын балдақ жарқыраған,

Секілді Үргеніште ханға тартқан, —

 деп нəзік сұлудан биік тұлға шығарады. Аңға түсер ақиық сұңқарға, таңғы шолпанға ұқсатады. Ал сұлу жүзін əмірі күшті ханға ғана сый-таралғы болар жарқыраған жамбыға, асыл алтын балдаққа балайды.

Не деген төгілген өрнек, құйылған əсем сөз? Ақынның сұлуға деген жүрегі қандай бай?! Ақан сері қолданған поэтикалық тілдердің байлығы, жаңалығы, жарқындығы таңдануға да, арнайы сөз етуге де тұрарлық [4; 790].

Құс салып, ит жүгіртіп, атын бəйгеге қосып, көңілін көтеріп жүргенде Ақан Жүсіп төренің үйінде оның Жамал атты сұлу қызына көзі түседі. Екеуі біраз сырласып, көңіл қоспақ болады. Ақын «Жамал қыз» атты əнін [6; 112] шығарады:

 Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң,

Қалайша ғашық отқа сабыр қылам.

Бірге өскен кішкенеден қимас сəулем,

Басы «жем», ортасы «мем», аяғы «лəм».

 Жамалжан, етің аппақ мақтадайсың,

Əр уақыт мені есіңе сақтағайсың.

Тұсынан ауылыңның əн саламын,

Сол кезде шырт ұйқыда жатпағайсың.

 Өкінішке орай, ескі қазақ салты бойынша бұрыннан айттырылып, қалың малы төленіп қойған қыз əке-шешесінің ықтиярын аттай алмайды. Тойы болып, ұзатылғалы жатқан қыздың ауылы сыртынан Ақан түн ортасында атақты «Сырымбет» əнін шырқайды [6; 118, 119]:

 Ауылым қонған Сырымбет саласына,

Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасың ба?

 Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,

Артық туған бала едің ел бағына.

Бидайыққа лайық дейтін сəулем,

Бөктергінің іліндің тырнағына.

 Алтын қайық жарасар күймесімен

, Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.

Қоскөл жаққа таныса киіп барған,

Бешпетіңді беріп кет түймесімен, —

 деп, Жамалдың күйеуінің жаман,: жасық екенін, амалы жоқ малға сатылып кете барғанын, өзінің бұдан басқа жасайтын қайраны жоқ болғансын, өлеңнің, музыканың тілімен ішіндегі шерін сыртына шығарады. «Сырымбет» əнін білмейтін кісі аз. «Қарындас-ау, енді есен бол», — деп аяқталатын бұл əн талай əншілердің орындауында тыңдаушылардың жүрегін қозғап, сезімін оятқан.

Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі — «Мақпал əні» [6; 115]:

 Үйірі қысырақтың мақпал қара,

Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.

Алыстан ат аямай келгенімде,

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!

 Үш жүзге атым мəлім Ақан сері,

Келгенім Мақпал қыздың туған жері.

Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,

Бір көріп қайтайын деп, Мақпал, сені.

 Біз қайтып елге таман бастық қадам,

Сымбатың хатқа сыймас айтсам тəмам.

Ей, қалқам, мұнша неге зарланасың,

Елге алып қайтпас па едім келсе шамам.

 Біраз күн Дəнетінге салдым салық,

Артымда зарланамын Мақпал қалып.

Қосылған ғашық болып қайран құрбым,

Қасіретің өзегімді кетті жарып! —

 деген сөздеріне қарағанда, мұнда да баяғы əңгіме: бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіттің заман заңы бойынша қосыла алмауы.

«Мақпал» — терең сырлы, ішінде мұң да, үрей де, арман да, өкініш те бар əн. Ақынның бұл туындысының қандай жағдайда шығуы жайлы анық дерек жоқ. Осы əн туралы І.Жақанов былай толғанады: «Ақан сері социалистік идеология қаһарына ə дегеннен ұшырады ғой. Сол себептен

«Шəмшіқамары», «Маңмаңгері», «Кербез сұлуы», «Мақпалы», «Көкшетауы» Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтарға телінді. Ежелден Ақан серінікі деп шырқалған бір ғана «Мақпалдың» өзін дəлелдеп жатудың өзі қандай қиямет...» [9].

Өмірінің соңғы жылдарында Ақан сері ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны əр саққа жүгіртіп, өсек таратады. Бірақ ақын өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Осы тұстағы əн-өлеңдерінің елеулісі — «Балқадиша» [6; 111]:

 Қызы едің Ыбыкеңнің Балқадиша,

Бұралған белің нəзік тал, Қадиша.

Жиылған осы тойға қалың қыздың,

Ішінде қара басың — хан, Қадиша.

 Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың.

Боласың қандай жанға жар, Қадиша.

 Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша

Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша,

Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша.

 Ақынның бұл шығармасы — өз теңіне атастырылған əдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған əн.

«Балқадиша» əнінің тарихын зерттеу барысында Балқадишаның ұрпақтарынан сыр тартқан жазушы І.Жақанов Балқадишаның қызы Нағиманың айтқан сөзін былайша жазады: «Анамыз бен əкеміз жарастықты ғұмыр кешті. «Балқадиша» əнін ел жыр ғып жатқанда екеуі қызыға тыңдайтын-ды. Мен еркелеу боп өстім бе, анамнан əр кез Ақан серіні сұрай беретінмін. Сонда анам: «Е, балам-ай, Ақан серідей адамның сыртынан кім сүймейді» деп қана күлетін. Сол күлкісінде қанша лəззат бар еді.

«Балқадиша» əнін ыңылдап айтқанда адамды өзгеше бір қиял дүниесіне алып кететін..., — деді» [10].

Құлагер қайғысынан біраз уақыт өткеннен кейін, шығармашылық шабытқа қайтадан оралған Ақан сері махаббат мəселесін музыкада тағы көтереді. Жасы елуден асқан шағында, ақын бірде үш сұлу қызды көріп, оларды былай мадақтайды [6; 122]:

 Біз бұлбұл қызыл гүлге тартқан сада,

Наркес көз, қалам қасты лағыл бала.

Иранның Құсни-зия тотысындай,

Гауһардан шыққан нəсіл тудың зада.

 Топ көрсе қырындайтын біз бір тұлпар,

Бұлбұл құс қызыл гүлге болып іңкəр.

Қадиша, Ғалия мен Нұркүлəндам,

Сіздерді неге ұмытсын көрген сұңқар.

 Ақанның бұл əні халық аузында «Үш тоты құс» атанып кетеді.

Қорыта келе айтарымыз, Ақан сері — махаббаттың мəңгілігін, оған қарсы еш нəрсенің бөгет бола алмайтынын бар даусымен жар сала ұрандап өткен өлмес, өшпес Серінің өзі.

Құлагер — Ақан серінің атағы əйгілі, жүйріктігі жыр болған тұлпары

Кезінде Ақанның жас та болса жан-жақты дарын иесі екенін таныған алыс ағайындары оған жүйрік тай сыйлайды. Осы тайды «Құлагер» деп атаған Қызылжар қаласы мен Омбы қаласының арасындағы Үлкен Қарой деген көлдің жағасын мекен еткен атақты Зілғара шешеннің баласы Əлібек екен.

Ол туралы М.Мұқатов «Құлагер» атының шығуы» деген мақаласында [11] мынадай қызық мəліметтер келтірген: «...Əлібектің күтуші адамдары: «Сыртта басында үкісі, үстінде салтанатты киімі, қолында үкілі домбырасы, астында қара бедеу аты бар, бір құла ат жəне жетегінде үш-төрт саяқ ерткен екі адам түсуге рұқсат сұрап тұр», — деп хабарлайды. Əлібек паң адам болу керек, бірсыпыра ойланып отырып, дəуде болса Атығай-Қарауылдың Ақан серісіне ұқсайды, қонақ үйге түсіріп ас беріңдер, маған ертең жолықтырыңдар деп, қонақ үйіне түсіреді. Астан кейін Ақан сері əн шырқап, əні мен өлеңі Əлібектің құлағына жаққан болу керек, Ақанды өзі отырған үйге алдырады. Өлең-əн айттырып, артынан бұйымтайын сұрайды.

Ақан сері жүйрік атым бар еді, елдегі бəйгеге қосып жүрмін, үш жүздің асына қосам ба деген оймен сізге келген едім дегенде, Əлібек тұрып, менде де жүйріктер бар. Əкем Зілғара жылқысының санын білу үшін, Үлкен Қаройдың ортасында өткелді арал бар екен, соған бүкіл жылқыны қамап, қайтар өткелде санағанда, жылқысының саны отыз екі мың бопты, одан кейін санағымыз жоқ. Олай болса, аттың терін алдырайық деп, бір жетіден кейін қырық шақырымнан Құлагермен он бір ат жібергенде Ақанның Құлагері алдында бір шақырым бұрын келеді, енді бір жетіден кейін елу шақырымнан жібергенде екі шақырым алдында, енді бір жетіден кейін алпыс шақырымнан жібергенде үш шақырым алдында келеді.

Əлібек: «Ақан сері, атың шын жүйрік екен. Астың бəйгесіне Əлібектің аты боп қосылсын, егер атың озып келсе, үш жүзге атыңның атын шығарайын», — дегенде, Ақан сері: «Маған одан артық ештеңенің керегі жоқ», — деп уəделескен екен. Келесі жылдың жазында Əлібекке еріп Жағалбайлы еліне барады.

Бəйгеге үш жүз төрт ат тіркеліп, Əлібек апарған жеті аттың үшеуі тізімге ілігіпті. Əлібек Омбы губернаторынан жүз солдат алдырып, бəйгеге қосылған аттарға жолда жамандық істемесін деп, ат шабатын жолға екі шақырымға бір солдаттан қойғызған екен. Əлібек өзі орысша сөйлей білетін сауатты адам болыпты. Бəйгеден Құлагер алдында келеді. Əлібектің өзге қосқан екі атының біреуі мүше тістеп келін бəйгеге ілігеді. Екі аттың бəйгесі 75 жылқы болады. Сонымен Əлібектің дəрежесі көтеріледі.

...Əлібек ас басқарып жүрген ақсақалға: «Мына той жалпақ елдің игі жақсыларының бас қосқан жері екен. Сізден сұрайтыным, ертең ана төбенің басына асқа келген адамдар түгел жиналсын. Мен бір парасатты адамға берген «Антым» бар еді, соны халыққа естіртейін», — дейді.

Сол уəдемен ертеңінде төбенің басына халық жиналады. Түйенің үстіне шатыр орнатып соның астында тұрған Əлібек: «Мынау Ақан сері жетектеген құла ат кешегі бəйгеден озып келді. Бұл ат — серінің меншікті аты. Серіге берген сертім: атың жүйрік екен, бəйгеге менің атым боп қосылсын. Егерде атың озып келсе, үш жүздің жиналған жақсыларының алдында ат иесі Ақан сері еді деп айтпақ едім. Ат озып келді, антымды жұтпай орындадым, куəгер сіздер, бұрын құла ат болса, енді Ақан серінің «Құлагері» болсын, — деп сөзін аяқтаған екен».

Тай кезінен баптап-күтіп, жаратқан Құлагер ат бəйгесінің алдын бермейтін жүйрік болып шығады. Атығай, Қарауыл деп аталатын Арқадағы қалың ел ішінде қандай жарыс болса да, Құлагердің шаңына ілесетін қылқұйрықты табылмайды. Құлагердің даңқы Ақанның əншілік атағымен қоса шығады. Аққошқар Сайдалы деген кісінің бес болысқа сауын айтқан асында Құлагер үш жүз аттың алдында қара үзіп келеді [12].

Бірақ осы аста бір көңілсіз əңгіме болып қалады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады [7; 196].

Ереймен жақта Керей руынан шыққан Сағынайдың асына арнайы шақырылғанда, күндеушілері көп Ақан барғысы келмеген деседі. Бірақ ауыл-елдің беделді адамдары кеу-кеулеп, Ақан сері Құлагер арқылы тағы бір абырой алмақ болады. Осы уақиғаны С.Жүнісов өзінің белгілі романында былай суреттейді: «Кейінгі жылдары қайғыдан қайғыға ұшырап, Ұрқияның қазасынан соң, туыстарының ішінде ала-бөтен ақынның өзіне тартып жаңа ержете бастаған ең сүйікті інісі, əнші Əйберген аттан құлап өлгелі Сері əбден қажып, жиі-жиі төсек тартып, шерменде боп жатып алатын күйге ұшыраған. Оның үстіне, ел арасындағы «кие соқты, ант атты» деген қожа, моллалардың сөзі шынға айналғандай болып, Ақан көпке топырақ шаша алмай, іштен тынатын еді. Ең жақын серігі — əнін ел арасында еркін шырқап айта алмай, дəтке қуат санаған жалғыз Құлагерін ұлы бəйгеге қосып қызығын көре алмай, үйде тобан аяқ боп отырып қалды. Осыны сезген ет жақын досжар жандар Сағынай асына алыстан барып, бір серпіліп қайтуын мақұл көрген. Оның үстіне, алыстан Біржаннан, Мəшһүр Жүсіптен арнайы хабар келген. Біржан: «Мен болсам, кейінгі кезде ауру-сырқаулы болып, үйден шыға алмайтын халге ұшырадым. Тегі, осы жиынға да бара алмаспын. Ақын — елдің ақыны, оған қарауыл, керей деп екі араны бөлер деңгей жоқ. Халықтың шөлін қандырып, бас қосқан жиынның көркі болу, жаңа əн, жаңа сəнмен күйге қосу — ақын парызы. Ақан барса екен, тым құрмаса екі ел арасындағы караңғы араздыққа аз да болса шырақтай» деп сəлем айтып жіберіпті. Мəшһүр Жүсіп те хат жолдап, аяғында былай депті: «Ақан, сенің бұлай қан жұтып, қайғы арқалап жатып алуың атыңа лайық емес. Сен қайғырсаң да, ел қайғырмасын. Қалың ел сені де, əніңді де жоқтап отыр. Жоқтатпа қауымыңды. Серпіл, жаным». Кіші жүз Мөңке би: «Ер қайғысын сұлудың құшағы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы алады» деген екен. Ендеше үйде жатып басылу ел еріне жараспайды. Көтер еңсеңді. Қосыл жұртыңа. Сал думанды. Сағынай асында амандықпен көрісейік...».

Ақан енді ештемеге алаңдап тоқтар емес. Атын əдейі баптап, алыс сапарға жүргелі жатыр» [13].

Сонымен Ақан сері Сағынайдың асына Құлагерді қосады. Ол кезде бүгінгідей айналып шабу жоқ, аттар ұзаққа жіберіледі. 313 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішінде қан қатқан Барақбай қамыс ішінде жасырынып тұрып, Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді.

Соңғы жұбанышы, қызығы болып жүрген сəйгүлігінің бұл өлімі онсыз да қам көңіл Ақанды зар еңіретеді. Ол айтқан «Құлагер» əні [14; 329–332] осы күнге дейін тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратады:

 Жел соқса қамыс басы майда деймін,

Атыңды, ат айдаушы, айда деймін.

Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,

Жығылмаса, Құлагер қайда деймін?!

Түбінен дəйекшенің тұрдым тосып,

Алушы едім бəйгеңді талай қосып.

Отыз ат уəделі өтіп кетті,

Сол жерде тұра алмадым денем шошып.

Міңдім де Саралама тұра шаптым,

Бəйгі алам деп бұл істен залал таптым.

Намазшам, намаздыгер арасында

Баланы жылап жатқан əрең таптым.

Құлагер, айналайын шабысыңнан,

Атағың елге шыққан дабысыңнан.

Біліп ем өлеріңді, Құлагерім,

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан.

 Құлагер, шешең сұңқар, əкең тұлпар,

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.

Сен өлсең, орның басар көк бесті бар,

Болады Құдай қосса о да тұлпар.

 Құлагер, жаз жайладым, күз жайладым,

Тұсына қызды ауылдың көп байладым.

Өлді деп Құлагерді естігенде,

Бір тұрып, бір отырып ой ойладым.

 Құлагер, құлыныңнан керім едің,

Нағашым сұрағанда беріп еді.

Жылқымды Жыланшыққа айдағанда,

Бір сыншы көзің шыққыр көріп еді.

 Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай,

Жарасар келте жібек құйрығың-ай.

Түбіне Ерейменнің айдап келіп,

Құдайдың қарай қойшы бұйрығын-ай.

 Тұлпардың аунағаны туған жерің,

Биеден туа бермес сендей құлын.

Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ,

Бір жолда əперіп ең ердің құнын.

 Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім,

Салбырап саптаяқтай төменгі ернің.

Баспа-бас қызға бермес жануарым,

Басылмас бір шырқамай менің шерім.

 Құлагер, нұрың қандай, даңқың қандай,

Тұрушы ең тоғыз шелек суға қанбай.

Бəйгеге жүз шақырым айдағанда,

Жүруші ем ауыздықпен тоқтата алмай.

 Құлагер, жерді жарған дабысың-ай,

Өлгенше бүзылмаған шабысың-ай.

Өлімің адамзатпен бірдей болып,

Кетті ғой қалың елге дабысың-ай.

 Адамзат даңқыңды естіп қайран қалған,

Атағың Орта жүзге мағлұмданған.

Құлагер, мен қайтейін қайғыланбай,

Шырқатып пластенке əнге салған.

Құлагер, құланыңнан жайлатқаным,

Басыңа ноқта, жүген сайлатқаным.

Тартыншақ жаман əдет қыла ма деп,

Артыңнан бір балаға айдатқанмын.

 Құлагер, айналайын, тұлпарым-ай,

Бір көрмей тұра алмаймын, сұңқарым-ай.

Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,

Бір көрсек деп тұратын, іңкəрім-ай.

 Қапыда өліп кеттің, жануарым,

Жібектей күлтеленген құйрық, жалың.

Өлді деп, жануарым, есіткенде,

Шықпады уақыт жетпей шыбын жаным.

 Қарағым, айналайын, Үркеккерім,

Шықпаған қанша шапсаң ащы терің,

Бір сенің жолыңда боп жұрттың көзі,

Тілегіңді тілеуші еді жұртың сенің.

 Құлагер, саған келген бұл бір керім,

Үш жүзді сайран қылған Ақан серің.

Сібірден сегіз дуан қоймай озған,

Қой мойын, қоян жақты, сандал керім.

 Күйдірдім отқа салып ашу тасты,

Не көрмек əлі де болса басым жас-ты.

Тұсында ешбір жүйрік ілесе алмаған,

Күйігі Құлагердің басылмас-ты.

 Құлагер, сені өлгенше міне алмадым,

Өлгенше сайран етіп жүре алмадым.

Өлді деп Құлагерім естігенде,

Ой ойлап орнымнан тұра алмадым.

 Бағаңа ділдə беріп алдым сатып,

Ойнатып қызығыңа жүрдім батып.

Бəйгеден жалғыз дара алда келіп,

Жүріп ем бар халықты таңырқатып.

 Аузыңа қос ауыздық салып едім,

Сені алып ел шетіне барып едім.

Бір жолы бəйгесіне Құлагердің

Он жылқы, екі жамбы алып едім.

 Қолымда ақ қағаз бен қалам, сия,

Кетуші ем сен барыңда елден қия.

Артыңнан тағы шығар бір аягөз,

Көзімнің шүкір қылдым жасын тыя.

 Менің атым сұрасаң Ақан серің,

Хазірет Ғали дүлдүлі тұлпар керім,

Дүниеде оған жетер ат бар ма еді,

Өлді ғой мен қайтейін, Құлагерім.

 Ор болып қалушы еді шапқан жерің,

Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.

Атығай, Қарауылға олжа салған,

Бота тірсек, қыл сағақ, сандал керім.

 Құлагерді өлтіргендей алдым несін,

Əркімнің Тəңірім берген несібесін.

Қас қылған жануарым Құлагерге,

Жауызға, бар тілегім, өлім берсін.

 Бұл оқиғаны дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров «Құлагер» атты поэмасында [15] былай бейнелеген:

 Тұрғаны тығырықтау жердің шаты,

Ақ мылтық — астындағы ақбоз аты.

Ұрымтал жерден оқтай ұмтылғанда,

Бала да білмей қалып, болды қапы.

 А, құдай-ай!, бере көр! — деп ұмтылды,

Ұйтқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.

Қыспақ жол, Жыландының жырасында

Қақтығып бір-біріне ат тығылды.

 Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,

Бере бер, балам, бері шылбырыңды!

Жанасып Құлагерге қалғанында,

Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды...

 Шапшып қан шекесінен шыр айналды,

Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.

Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,

Тек бала жерге доптай домаланды.

 Құлагер шапшытқанда көкке қанды,

Тек бала шыр-шыр етіп аттан салды.

Жоқ болды ақбоз атты, қара киім,

Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.

 «Бай-бай, Құлагерім!..»

 Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,

Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.

Шіреніп төрт аяқты, танау қағып,

Ыңқылдап өліп барады ат қырқырап.

 «Аттандап» өткен жанға қолын былғап,

Баласы Құлагердің жүр шырқырап.

Қалың шаң қаптай шапқан қара-құрық,

Балаға бұрылмайды ешкім бір-ақ.

 Десеңдер қайда Ақандай қыран құсты,

Ол тастап аста тұрған жиылысты;

Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,

Қылаң ат қылт еткенде-ақ бермен ұшты.

 Қөргенде ол мынадай сұмдық істі,

Үстіне Құлагердің құлап түсті.

Білмеді не болғанын айрылды естен,

Аймалап Құлагердің басын құшты.

 Иə, Ақан сері басындағы трагедиялық күй кез келген жүректі толқытады. Əсіресе «Құлагердегі» экспрессивті интонация, толқыған мұңлы əуен, драмаға суарылған қайғылы оқиға шынайылығымен баурайды. Əн ақын өмірінің трагедиялық сəтін бейнелеумен қатар, сол қоғамдағы өнер адамдарының тағдырын қамти отырып, өзі өмір сүрген қоғамның əділетсіз бет-бейнесін ашады.

Арнау өлеңдері Ақан мұрасында жанрлық түрдің бірі ретінде

Поэзия сырттай қарағанда біртұтас көрінгенімен, оның да жанрлық түрлері көп екенін байқаймыз. Мəселен, Ақан сері мұрасындағы жанрлық түрдің бірі — арнау өлеңдер.

Арнау түрінде жазылған өлеңдер əлем əдебиетінде, соның ішінде қазақ поэзиясында баршылық. Қазақ арнау өлеңдерінің бұлақ көзі тереңнен арна тартады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда [16; 17], сонау VI–VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерінде «Түркі халқы, тыңдаңдар!» деп басталатын арнау өлең бар екені белгілі.

Ақанның арнау өлеңдері не бірыңғай мақтаудан, не бірыңғай даттаудан тұрмайды. Көбіне адамдардың жақсы мінез-құлығына сүйініп, ризалық білдіреді.

Бірде Көкшетау еліне келін алуға ақмолалық құда-күйеулер «Əнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп шырқайтын Ғазиз əншіні ала келген екен. Той жасалып, ақындар, əншілер, қобызшы- домбырашылар жиналады. Сол үлкен тойға Көкшетау елі Ақанды алғызыпты.

Ойын-тойдың гүлі Ақан сері келіп жеткенде, Ғазиз «Құлагер» жырын күңірентіп қоя береді.

Əннің бітер тұсында Ғазиз:

 Ай, Бөрібай, Ай, Бөрібай.

Беу, Құлагерім-ай. Қайран, серім-ай, —

 деген қайырма қосады [17].

Ғазиздің іші-бауырыңды елжіретіп, ішкі сарайыңды, санаңды баурап айтқан əнін естіген Ақан сері:

Басасыз шаттандырып «Құлагерді»,

Басқан сайын ашасыз ішкі зарды.

Ақмола уезінің өнерпазы

Мадақтамай болмайды Ғазиз ерді.

 Жігіттің дүрри жауһар дүрі екенсіз,

Дүние жаннатының гүлі екенсіз.

Нағашы атаң дұрыс айтқан бəрімізге

Əншінің барып тұрған сыры екенсіз, — деп бағалайды əн дүлдүлін.

Ғазиз ақын:

– Құлагерден де жүйрік бір ат тауып берсем, қайғыңыз сейілер ме еді? — деп тіл қатады. Серінің сондағы айтқаны [18]:

 Биеден енді тумас ондай құлын,

Табылмас жинасаң да дүние-пұлың.

Шерімді іште жатқан қозғаған соң,

Əншейін айтқаным ғой көңіл мұңын.

Ғазиздің азаматтығын лайықты бағалап, жиын-тойдың гүлі, «жігіттің дүрри жауһар дүрі екенсіз» деп тегін айтпасы кəміл. Себебі халық əншісі, ақын, композитор Ғазиз Файзоллаұлы — өз дəуірінің саналы, санаулы саңлақтарымен қатарлас шыққан өнерпаз, сері. Өзінің төлтума əндерін он екі тілді гармонмен орындаған. Мұндай қасиет екінің біріне бұйыра бермейді. Сондықтан Ақан сері оған құрметпен қараған, өнеріне ден қойған:

 Дəм айдап Көкшетауға келіп қапсыз,

Жақсымен танысуға жыр екенсіз.

Елдегі ақын-əнші екеу болса,

Дəл соның қатарында бірі екенсіз.

 Бұл — Ақан секілді атақты өнер иесінің Ғазиз ақынға берген əділ бағасы [16; 17].

Ақанның арнау өлеңдерінің көлемі шағын болып келеді. Ол «Бименде болысқа» деген арнауында [19]:

 Əуелі сөзі бастайын бір Құдайдан, Құдай егіз жаратқан —

Арғын, Найман.

Басқа жүзден Орта жүз дара шығып

Дүниеге өсіп-өніп қанат жайған.

Екінші сөз сөйлейін —

Абылайдан Хандықпен аты шыққан əрбір жайдан.

Ұранға атын қосқан Абылайдың,

Сөйлейін Төлекұлы Сандыбайдан.

Сандыбай шыққан еді асыл тектен,

Қарадан хан боп өткен ақсүйектен.

Қара қалмақ Тортайдың басын кесіп,

Бақ алған он жетіде жекпе-жектен.

Ерлігі үш алашқа мағлұм болып,

Ұранға аты шыққан сол себептен.

Атасы Сандыбайдың Тулақ-Төлек,

Ішінде Орта жүздің заты бөлек,

Жеті атадан келеді билік құрып,

Бəрін де келістіріп айту керек.

Жарасар не десем де асыл затқа,

Құдайдың қалауымен жеткен баққа,

Кез болдым Би-екеңе Атбасарда

Айтайын біраз мақтау аруаққа.

Бақ қонып, аруақ қалап,

Құдай сүйген,

Ту ұстап, тұлпар мініп, берен киген,

Кешегі Сандыбайдың Ерден батыры,

Қоқанның хандығына жалғыз тиген.

Сондай ер өтіп кетті жұртқа қорған,

Қаймықпай Сібір менен Орынбордан,

Айнабұлақ басында соғысқанда,

Қоқанды қорқыратып қойдай қырған... —

 деп, атақты Ерден Сандыбайұлының батырлығын ерекше бағалайды.

Ақан серінің арнау өлеңдерінен түрлі адамдардың мінез-машығын байқауға болады. Көп еңбектері кейбіреулердің теріс əрекет-қимылын ашуға арналған. Мұндай өлеңдер өткір сын, əжуа түрінде болып келеді.

Құлагері Сағынайдың асында опат болып, қатты қайғырып елге оралғанда Есіл бойының ірі байы, қабырғалы биі Қылышбай:

  • Апырай, Ақанжан, бəйгеге ат апара жатқанда менен бата алып та кетпеген екенсің!? — деп өзеурегенде, Ақан:
  • Дүлділі орға жығылып, зүлпіһары ұңғысынан омырылып, Ғазіреті Ғали қолға түскенде сізден бата алмай кеткен бе екен! — деп табанда тойтарып тастапты.

Ақан сері бірде бір үйге түссе төрде мұрнынан сорасы, аузынан сілекейі ағып, алжыңқырап қалған шал отыр екен, Қонаққа тартқан басы бұрын сойылып тұрып қалған болса керек. Сонда дəм қайырып бата берген Сері:

 Жиіркендірер жас берме,

Миы ашыған бас берме.

Күле кіріп, күңірене шығар

Ағайыннан қас берме, —  депті. Сол сөзі іле елге тарап кетіпті [1; 107].

Ақан серіні дін иелері жек көрген. Олар қайтсе де ақын өнеріне тосқауыл, кедергі жасап отырған. Солардың бірі Атбасар уезінде молдалық құрған Смағұл деген екен.

Құлагерден айырылып, қасірет шеккен Ақанды мұқатпақ болып, Смағұл молда: «Сен жын- шайтанның жолына түсіп едің, ақыры осылай болдың», — деп табалап, өлеңмен ақынға мынадай хат жазады:

Ғиззатлу, сəлем жаздым Ақан саған.

Ғақлаят жауап қайтар жазып маған.

Болса да аспан — қағаз, теңіз — сия,

Болмайды сөз аяғы түгел тəмам.

Өзіңді дариядай көтергенмен

Көрінді шұқанақ боп маған тамақ,

Бір кезде Қарауылдың серісі едің

Жоқтаумен жалғыз тайды кетті бағаң.

 Хат жаздым қара сия қолыма алып,

Күллісі жиырма тоғыз екен əріп,

Қайыр хош, Ақан саған, жазған хатым

Сəлəмəт бір кісіден келсін барып.

Үш жүздің үлгісімен деп айтасың

Ессіз, надан екенсің білдім анық,

Беліңді ескен жіппен буа салып,

Үстіңе киінгенің шекпен шарық.

Ібіліс есуасына жолдас болдың,

Оныңды недейді екен кітап, халық.

Алмайтын кітап тілін не жының бар.

Етіңіз енді оған ризалық.

 Ылғи ойда жүресің адыры жоқ,

Сайды тəуір көресің бұдыры жоқ.

Ескі қыстау-мекенің, күн көрісің,

Ақаным, бұл мінездің кəдірі жоқ.

 Баласы Қорамсаның Ақан сері,

Белгілі бір жақсының баласы еді.

Күйзелген қайғысы боп Құлагері,

Бұл күнде əурелеп жүр жынмен пері.

 Ат емес, айғыр емес тай Қодыға,

Жылға емес, өзен емес сай Қодыға,

Рулы ел жиналса да жете алмаған,

Ішінде əкем менің Айқодыға.

Ақан сері Құлагерінен айырылса да, ақындық шабытынан айырылған жоқ еді:

 Жақсының жолдас болдым данасына,

Үш жүздің сөзім жетті баласына.

Жылында мың тоғыз он екінші,

Сөз жаздым Атбасардың қаласына.

Молласы указный Қызылкөлдің.

Смағұл бай Қодыға баласына.

Өзін мақтау тірі өлім деген қайда,

Мақтаған өзін-өзі жараса ма.

 Дүниеде Қарынбай да бай боп өткен,

Жер жұтып, о да біраз

мехнат шеккен.

Атандым мен жасымнан Ақан Сері

, Уəлаят жеті ықламға аты кеткен.

Атаңды айға ұқсатып мақтаймын деп,

Жүрмеңіз кəпір болып бұл реттен.

 Бастысы əзəзілдің бұл Смағұл,

Түк жұқпас жұттан шыққан

қу Смағұл.

Ауызда ғайбат айтқан тазалық жоқ,

Ауызың арам болды жу, Смағұл.

 Өзіңше мені қыпсың «тағаң — Ақан»,

«Білмеген дəнеңені надан Ақан».

Бастасаң сен сөзіңді «бісмілладан»,

Сөз етсін ғылым жайын ағаң Ақан.

 Өлеңді жас күніңнен жаттадың ба,

Басқа жан айтысуға таппадың ба?

Айтасың ұлы атаңның маған жəйін,

Айтуға өз əкеңді батпадың ба?

Əкеңді сен жазыпсың Ай Қодыға,

Ішінде рулы елдің бай Қодыға.

Қодығадан қодық та туушы еді,

Шырағым, əкең сенің қай Қодыға? —

 деп Смағұл молдаға өлеңмен өлтіре жауап береді [20].

Ақан сері бір жиында қожа-молдалар арасына түсіп қалады. Олардың арасында Балуан Шолақ та бар екен. Балуан Шолақ домбыраны қолына алып, шертіп отырады. Шалқыған көңіл мен қалықтыған əнді, өмір туралы сөзді жақтырмаған молдалардың бірі Балуан Шолаққа: «Домбыраны таста, күнə болады. Одан да жұмаққа қалай баруға болатыны жайлы шариғат сөзін айтыңдар», — дейді. Ақан сонда Балуанның қолындағы домбыраны жұлып алып, қағып-қағып жібереді де, өлеңдете жөнеледі:

 Қожалар құр кеудесін көтереді,

Паңданып, маңғазданып жөтеледі.

О дүние бұ дүниеден жақсы болса,

Алдымен қожа-молда кетер еді,

Сен бе едің, көксеркесі төмен елдің,

Асықсаң ақретіңе жүре бергін,

Жайланып жұмағыңда жатпайсың ба

, Сандалып Көкшетауға неге келдің.

Қожалар күндіз жатып түнде өреді,

Ұрлықты түнде істеген кім көреді,

Талапты жігіттерім іс қылыңдар,

Дем салып қожекемді үшкіріңдер.

Сүннетін пайғамбардың көп айтады,

Бас салып, өзін енді піштіріңдер, — дейді [21; 86].

Жігіттердің күлкісінен қатты қысылған қожа сыртқа ата жөнеледі.

Ақан сері ел аралап жүріп, Сағындық-Сүйіндік еліне келіп, Мейрам қажының үйіне түседі. Қажы алты баласының ортасында отыр екен. Қажының ен үлкен баласы Сейілбек Омбыда гимназияда оқиды екен. Үйге кіріп келген Ақан сері сəлем береді. Мейрам қажы орнынан ұшып тұрып, Ақанмен құшақтасып амандасады. Қажының баласы Сейілбек айғайлап, «неге» отырып амандаспайсың, Қарауылдың қара шалын əйелдерше құшақтағанша депті. Сонда Ақан сері тұрған қалпында былай деген екен:

 Атандың Мейрам қажы

 Атағың шығып кетті, бала жастан, алты Алаштан.

Өз басың артық туған адам едің,

Сағындық-Сүйіндікке үлгі шашқан.

Ақ сұнқар үйде болмай түзде болып,

Бір нəрсе балауызға 

Сəлемді не алмайды,араласқан. не бермейді

, Алланың рахматынан безіп қашқан.

 Бір келген жолаушыға сыр білгізіп,

Болмай ма, тəкаппардың қасы дұшпан.

Əкеге бала тартып

Туған ба балалардың туу қайда, бəрі жолдан.

Қажыға бармасам да  жаным таза,

Ішпейді Ақан сері арам

 Қырқылып қызыл тілім астан. қалмаса егер,

Айтарым Жанайдардан етіп дастан деп жүріп кетіпті. 

 Өз ренішін ашық айтқан Ақан үйден шығып кетеді. Іле-шала Мейрам қажы да үйден шығып, оған «үйге кір ат-шапан айыбым бар» деп баласының қателігін мойындапты. Сонда Ақан ат үстінде тұрып:

 Қажеке, адам едің асыл аға.

Атаққа дақ салады, ақымақ бала.

Сіз бердіңіз жүз сомды мен алмаймын.

Жүргем жоқ аймақтарға айып сала, —

Шыңғыстың атқұмар баласы Жақып төре Ақан ауылына келгіштеп, Құлагерді сұрай беріпті. Ол мазалап болмаған соң Ақан сері: «Ақындықпен Орынбайдың даңқы шықты. Аға сұлтандықпен əкеңнің даңқы шықты. Жүйріктікпен Құлагердің даңқы шықты. Осы сөздерімді əкеңе барып сынатшы, содан кейін Құлагерді ала бер», — депті.

Қуанып кеткен Жақып əкесіне келіп Ақанның сөздерін жеткізеді. Сонда Шыңғыс төре: «Ой, ақымақ балам-ай! Ақанның Құлагері мал да болса, аға сұлтан əкеңмен пара-пар, ақын Орынбаймен пара-пар деген сөз емес пе? Біреу əкеңді сұраса берер ме едің?» — депті [21; 85].

Осыдан кейін Жақып төре Ақан ауылына жолауды қойыпты.

Бір күні Ақан сері жолаушылап жүріп, Нұрила деген жеңгесінің үйіне қонады. Сонда Нұрила жеңгесі серіні қызға жібермей, есікті тас бекітіп қояды. Содан Ақан [17; 96–97]:

 Нұрила, мен қайтейін бөстегіңді,

Жалғанда ғашық болған төстегіңді.

Əншейін, көңілім ауып келіп едім,

Есікке дайындапсың кескегіңді.

Ойласам, ойдан, сірə, қалар емес

Кешегі қыздар қонған кештегіңді.

 Таудағы ақ киіктің таңын қорғап,

Қыранның ілетұғын аңын қорғап

. Отырған қапастағы тоты құстың

Өміріне өң беретін қанын қорғап,

Ішіне құрт-майыңды салушы ма ең,

Бір келген жолаушының қабын қорғап, — деп, сайрап қоя береді.

Бірде Ақанның жолдасы: «Сері, мынау «Сарыала» мені ренжітіп тұр. Бұрын қасқырдың иісін сезіп аңсырайтын осы сұм, бүгін көкжалдың қарасын көре тұра бармады. Таңмын, таңмын, бұған не болды екен?» — деп таңырқанады. Сонда Ақан сері:

  • Е, мынау саған арыз айтып тұр ғой, естімейсің бе? — дейді.
  • Нендей?

 Бұрынғыдай денемде ет қалмады,

Мойында күш, аяқта еп қалмады.

Көженің қоюы да қалмаған соң

Қасқырға менде қарар бет қалмады, —

 деп тазының бабы жетіспей тұрғанын əзілмен жеткізген екен [21; 85, 86].

Ақанның Оспан деген досы Серінің науқастанып жатқанын естиді де, көңілін сұрамаққа əдейілеп жолға шығады. Оның қасына сол ауылдан Мұқаметжан деген кісі ереді. Кезінде оның Ақанға тіл тигізген қиянаты болса керек, кешірім сұрап қалайын деген мақсатпен шығады ол. Олар келсе Ақанның науқасы қатты, қасында екі шал күзетіп отыр екен. Бұларды көрген Cері қасындағыларға ымдап, «басымды көтер» деген белгі береді. Сонда Ақан бойына күш жиып:

«Қалайсың, қыраным, асылым?» — деп отырған Оспанға бір, одан кейінірек тізе бүккен Мұқаметжанға бір қарап алады да, оларды иегімен нұсқап:

Мынау келген Оспан ғой,

Оны Ақанға жасынан

Тағдыр дос қып қосқан ғой.

Əрқашан да ол маған

Ақ ниетін тосқан ғой.

Арғы отырған дұшпан ғой,

Оспан келе жатқан соң,

Қолтығына қысқан ғой, — дейді.

Мұқаметжан бұғып, шөккендей болып қалды. Сонда Ақан ентігіп отырып: «Тіл тигізген қиянатың бар еді, соныңа кешірім сұрағалы келіп отырсың ғой, Мұқаметжан, кештім», — дейді де, жымиып қана күледі. Мұндайда ол қарқылдап тұрып күледі екен, бірақ оған шамасы келмепті» [18; 180].

Ақан серінің «Сараң əйелдің еріне» деген өлеңінде [16; 19] əйел затының қонақ күте білмейтін сараңдығы сыналады. Бірақ арнау еріне қарата айтылған:

 Қуарыңқы тартыпты сақал-мұртың,

Жеңгейдің ұнатпадым ниет-құлқын.

Тұрмысың, тұрпатыңның бəрі жақсы,

Кім еді түсіндірші қайын-жұртың? —  дейді.

Мұндай ниеті мен пиғылы төмен əйелді қайдан тапқансың дегендей ой танытады. «Кім еді түсіндірші қайын-жұртың» деп сараң əйелдің шыққан тегіне назар аударады. Қонақты дұрыс қарсы алмау əдепсіздік, көргенсіздік саналады. Жоғарыдағы өлең жолдары пейілі тар сараң əйелге де, оның еріне де берілген мінездеме деуге болады. Себебі, арыдан келе жатқан дəстүрлік əдепті бұзуға болмайды. Ақын ойын тағы жалғастырады:

 Бұл жеңгейді жақсылап бағу керек,

Шырағын жұрттан асыра жағу керек.

Мейманға сараңдығын қоймас болса,

Азуын алты қарыс қағу керек, —  деп, бекер қағытып отырған жоқ. Қонаққа сараңдық көрсету ата-баба салтына қайшы келеді. Мұны əрбір адам білуге тиіс. Қонақты дұрыс қабылдамау халықтың жақсы қасиетін сыйламау болып табылады. «Халқымыз ежелден ақкөңіл, қонақжай, меймандос ел болған. Меймандостық бейбітшіліктің символы іспеттес. Көшпенді ата-бабаларымыз қашан да бейбітшілікті аңсаған. Өз бетімен ешкімге ұрынбаған [22].

Ақынның «Сараң мырзаға» атты арнауы да пейілі тар, қолы қатты адамға арналған [16; 19]. Бірде Ақан сапар шегіп, жолжөнекей Жақып төренің үйіне түседі. Жақып шықбермес Шығайбайдай сараң екен. Ол Ақан серіге көтерем тоқты сойып береді. Ас пісіп, алдына келгенде, көтерем тоқтының етін көрген ақын мына өлеңді сойылған тоқтының сөзі етіп суырып салған екен:

 Жаңа май жан денеме шашып едім.

Көк шыққан соң көзімді ашып едім.

Тамыз бен шілдеде сойылғанда,

Ауызға алмайтындай жасық едім.

Не бетіммен ілбиіп көрінем деп,

 Меймандардан қорғалап қашып едім.

Жақып мырза бір қиял бастап алдың,

Үш жүз қойдан əдейі қастап алдың.

Қорғалап талдан талға қашсам дағы,

Босатпай жұлдыз туа ұстап алдың.

Өзіне берілген қонақасыға разы болмаған ақын мырзаны əзіл-шынын араластыра шымбайына батыра шенейді. Осы үйге келгеніне өкініш білдіреді. Абзал ақын түйінді сөзін байға былай деп тікелей айтады:

 Жануардың енесі имеді ме?

Емшектен аузына сүт тимеді ме?

Қойшысы əлде мұны бақпады ма?

 Иесі əлде сауып қақтады ма?

Ыңғайлы қонақ бұрын келмеген соң,

Мен келер деп əдейі сақтады ма?

 Сөзден жеңілген Жақып төре Серіге қайтадан семіз қой сояды. Сонымен Ақан сері Қорамсаұлының арнау өлеңдері көбіне белгілі бір адамдарға қарата айтылған сын-сықақ түрінде болып келеді. Ақын өз дəуіріндегі қоғамдық ортаның қыр-сырына үңіліп, кейбір кереғар өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырып отырған. Адам бойындағы кем-кетікті бетіне айту үшін сын-сықақты күрес құралына айналдырған. Халық мүддесін қорғап, əділдікті жақтаған. Қандай жағдайда да адам адамдық қалып-қасиетті сақтау керек деп тұжырымдаған.

Көңіл айту Ақан əндерінің бұрын-соңды терең зерттелмеген бір қыры

Əр халықтың өмір-тұрмысы, əдет-салтынан туындап жататын «Сүйінші», «Шілдехана», «Тойбастар», «Жар-жар», «Беташар», «Бесік жыры» сияқты халықтың шат-шадыманды қуанышты кездері мен «Қоштасу», «Естірту», «Жұбату», «Жоқтау», «Көңіл айту» тəрізді қайғылы мұңды хал- ахуалдарын күйттейтін жыр үлгілері болады.

«Өмір бар жерде өлім бар». Демек, басы бар нəрсенің аяғы да болмақ. Адам баласының ең қымбаты өмір болса, өмірден кету — ең ауыр сəт. Ақырғы сапар жолында адам қиын да жауапты, абыройлы кезеңді басынан кешпек. Бұл ақ өлімге, ер өліміне, топырақты өлімге соқтыруы тиіс. Өлімнің де абыройлы, абыройсызы болған, бар да. Сұраусыз өлім де болады. Ал қазақ халқы өлімнің де жөнелуін нысанада ұстаған. «Өлместі Құдай жаратпайды, сынбасты, тозбасты ұста соқпайды»,

«Тумақ — хақ, өлмек — хақ» дейтін қазақ халқы өлімнен қорықпаған. Жасы келген қарт, сырқат адам, бой жазудағы азамат кейінгілермен арыздасып, бақұлдасады.

Адам дүниеден өтер жолында естірту, жылау, жұбату, тоқтау айту, қоштасу, көңіл айту, жоқтау, кейіннен еске алу, бата оқу рəсімдері болады. Кісі қайтқаннан кейін азалау күні (кей өңірлерде үші, жүзі өткізіледі), «жетісі», «қырқы», «жылы», «асы» өткізіледі. Марқұм отбасынан шалғайда немесе ұзақ жолда қайтыс болған болса қайғылы хабарды жанашыр адамдары туыстарына естіртеді.

«Естірту», «Көңіл айту», «Жұбатудың» көбінесе көпшілік болып жинала барып айтылатыны тұрмыста белгілі дəстүр. Сонда сөзді көпшілік ортасынан жасы үлкендерге бастатады. Немесе термелеп, пернелеп сөйлейтін ақын, жыршыларға, сөз білетіндерге жол береді. Сол қарияның, яки ақынның, айтқаны өзге көпшіліктің сөзі болып шығады [23].

Кісі дүние салғанда оны естірту, жоқтау, жұбату бəрі-бəрі белгілі бір əуенмен, əнмен айтылған.

Оған көп мысал боларлық мұралар сақталған. Сол мысалдың бірі Шоқанның қазасына байланысты.

1865 жылы дарынды ғалым Шоқан Уəлиханов Алтынемелде Тезек төренің үйінде қайтыс болады. Сырымбеттегі егілген ел өз ортасынан Жаулыбай есімді көсем қартты, Тулақ, Қанқожалардай қобызшыларды, Ақан серідей гауһар сөзді əншіні шығарып, Шыңғыс төренің үйіне келеді. Қабағы түскен елдің мына түрінен секем алған сұңғыла ойлы Шыңғыс төре:

  • Қаңқожа, бір күй тартшы, — дейді дір-дір етіп. Қанқожа қобызы ботасы өлген іңген боп боздайды.
  • Жоқ, басқа бір күй тарт! — дейді Шыңғыс төре басын шайқап. Қаңқожа қобызы енді жоқтау созған əйел боп уһілейді.
  • Тоқта, Қанқожа! Қобызды сен ал, Тулақ! — деп Шыңғыс төре дегбірден айырылады.

Тулақтың қобызы ə дегеннен ішін тарта өксіп-өксіп қалғанда Шыңғыс төре іштей түйіліп, бар сұмдықты сезіп:

  • Ə, дүние, Шоқанымнан айырылдым ба? — дейді дымы құрып, — соны естіртіп отырсың ғой, Жаулыбай!

Сол шақта Ақан сері көкіректі қарсы айырған азалы толғаумен: «Шыңғыстың сүйер ұлы Шоқан еді, Империя, патша жұртын тамам көрді. Өнері жұрттан асқан жігіт еді, Құдайым сапар жолда қаза терді», — деп сарната жөнеліп, көңіл айтады.

Дін оқуына терең Ақан сері жалғанның пəнилігін, ғұмырдың қас-қағым сəт екендігін, пешенеге не жазылса соны көру, тағдырдың салуы, дəм-тұздың бітуі Алланың ісі, жазмыштан озмыш жоқ деп, тəуба сөзімен келтіреді. Сабырға шақырып, орны толмас қайғыға душар болған Шыңғыс төренің есін жиғызады [24; 176].

Сері ғұлама Шоқанды Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді. «40 темірдің қылауы қосқан өнерпаз» деп бағалайды [5; 168].

Аза тұтып отырған Шыңғыс төре бір жолы Ақан серіні шақыртып алып:

– Серім, менің халім мынау... Шүкір, тəуба дегізіп, əл бердің, Алла разы болсын саған. Менің Шоқаным қайтқалы бері қасымнан бір елі кетпеген Сəлімгерей де (заты — Жауар Қарауыл) жалғызынан айрылып, шерменде боп қалды ғой. Көп күн бопты, нəр сызбай, күйік тартып, о дүниені тілеп, жан баласына тіл қатпай, теріс қарап жатып алыпты. Мен тұрайын енді, серім. Мені Сəлімгерейге апар, көңіл айтайын. Менің сөзімді өзің айт, серім! — дейді.

Сонда Ақан сері мұңды, əм өткір мақаммен тірі өлік боп жатқан Сəлімгерейге былай деп көңіл айтады:

 Дейсіз бе, бұл дүниеде өлмеген бар,

Алланың құдіретіне көнбеген бар,

Алладан қаза, тағдыр келген шақта,

Ата-ана, туыстарын көрмеген бар.

 Қазақта Шорман ұлы, аты Мұса,

Бір жігіт сондай болар бақыт қонса.

Омбының қаласында тағдыр жетті,

Не қиын бір Аллаға сондай қылса.

 Қанжығалы Меңдекей Шəңке болған –

Ішінде Орта жүздің даңқы болған.

Қызылжар қаласыңда Төкеш қайтты

, Бұл дағы жақсылардың арты болған.

 Шыңғыстың сүйген ұлы Шоқан еді,

Қазақтың ең бірінші ғалымы еді.

Үстінде ұзақ жолдың тағдыр жетті,

Жазуы бір Алланың солай еді.

Сөзімнің осы айтқан жалғаны жоқ,

Дүниеде өлмей, сірə, қаларың жоқ.

Басқа жастық, аузына сусын берген.

Үйінде қайтқан жанның арманы жоқ.

 Қанаты бүтін сұңқар жоқ қайырылмаған,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ майырылмаған.

Алладан қаза, тағдыр келген шақта,

Кімдерден кімдер жылап айырылмаған.

 Ей, өлімнен үлкен жау бар ма,

Бұдан қалған сау бар ма,

Бұлсыз береді, құнсыз алады,

Аллаға айтар дау бар ма?!

 Жаны жаралы Сəлімгерей сартап боп сарғайған қалпы үндемей жата береді. Оның шері Ақан сері жүрегінен енді мүлде басқа бір зат күйін шығарып, ол «тəуба... шүкір» дегізуге жан сала əрекет қылады, удай ащы əуезбен:

Қуаныш ренішпен жұбай дейді,

Шаттығы бола бермес ұдай дейді.

Пəлеме риза, қазама сабыр қылмаса,

Бір Алла қаһарланып былай дейді:

«Қолыңа мылтық алып атшы дейді

, Болмаса қылыш алып шапшы дейді,

Менен басқа құдайды тапшы дейді…».

Олай болса құдайды атпақ қайда,

Қолыңа қылыш алып шаппақ қайда,

Жер, көктен шығып кетіп, кəпір болып,

Мұнан басқа құдайды таппақ қайда?! Көтер,

Көтер басыңды! — деп жоқтайды.

 «Иə, Алла! Иə, тəуба... шүкір... шүкір, жалғызымызды мен ғана емес, ел жоқтайды екен. Тəуба... Тəуба!» — деп Сəлімгерей байғұс Ақан серінің үкілі домбырасын сүйеді. Басын көтереді. Өзіне-өзі келеді...[24; 176, 177].

Ақан серінің көңіл айтудағы бай қиялы, соған орай əуенді түрлендіріп, сөз əсерін күшейте түсуі ағыл-тегіл импровизациясының шексіз мүмкіндігін танытады. Оны Ақан серінің Науан хазіретке көңіл айтуынан [25] байқауға болады:

 Мен мұны жек көрмеймін бір себептен,

Сүйікті жан өткен жоқ Мұхаммедтен.

Алланың өзі сүйген достысына,

Əбужəһил-Мүшрек қастық еткен.

Екі жиһан шырағын қорлаймын деп,

Ақыры солар-дағы не боп кеткен?

Болар деп артқы жағы сол секілді,

Сүйініш қып қуанам Хазіреттен.

Жүз қабат Имам ағзамға қамшы соғып,

Зынданға Мансұр патша хүкім еткен.

Кемеден Жүніс пайғамбар жығылғанда

Қырық күн балық қарынын мекен еткен.

Ферғауын қанша əскермен қамағанда,

Мұсаға Ніл дариясы жол боп кеткен.

Намұрут Ибраһимді отқа атқанда,

От оған Гүлстан боп құрмет еткен.

Он екі жыл зынданда Жүсіп жатып,

Құданың құдіретіне шүкір еткен.

Сол Жүсіп ақырында қандай болды?

Мысырға патша болып хүкім еткен.

Алты жыл Əюбті құрт шаққанда,

«Нағм-үл ғабдү» атанып сабыр еткен.

Рəхима бір бұрымын нанға сатып,

Атпастай ақырында қалды дауға.

Ақырында Рəхима қандай болды,

«Сабыр түбі сары алтын» шыдағанға.

Хазірет қайғы боп тұр Атығайға,

Тимей тұр Қарауылдан ешбір пайда.

Адамын бұл заманның не қыласың,

«Дінге бұрып бермеген ықыласын».

Атығай, Қарауыл мен Керей, Уақ,

Жоқтамай жатыр əлі ел ағасын.

Дүние жарық емес күн болмаса,

Қадір жоқ күнде өткен түн болмаса.

Əлібек пен Бекең мырза...

Солар-дағы болмады-ау тым болмаса.

Кезінде Науан хазірет (1843–1916) Көкшетауда мешіт, медресе жəне оның жанынан балалар жататын арнайы орын (интернат) ашқан. Медреседе еңбек пен оқуды сол кездің өзінде ұштастыра жүргізеді, ауыл-ауылдан оқу үшін келген шəкірттер малдың жаз шөбін шапса, қыста оны күтіп өз күнкөрістерін өздері көреді. Мұнда діни оқумен қатар жаратылыстану сабақтары, шығыс əдебиеті жəне қазақ ақындары мен жырауларының еңбектері, математика, орыс тілі, тіпті əн-күй дəрістеріне дейін оқытылды. Оның шəкірттерінің ішінде Ақан сері мен белгілі дін жəне қоғам қайраткері Ш.Қосшығұлов та болды. Араб тілін өзбек Інгəм қари, орыс тілін қазақша судай білетін, социал- демократ Петр Гарлышев деген кісі оқытқан. Науан хазірет араб, парсы, орыс тілдерін жақсы меңгергендіктен, шəкірттерін шығыс пен батыстың ғұлама ғалымдарының, əдебиет, мəдениет салаларының еңбектеріне сусындатып отырған [26].

Көңіл айту — бұл Ақан сері əндерінің бұрын-сонды байқалмаған, зерттелмеген, əлі де мұқият ізденістерге меңзейтін бір қыры екендігін сездіретін қызықты құбылыс.

Ақанның елдің қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері

Ақан серінің жер-судан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері өткірілігімен ерекшеленеді.

Қазақ баласының жасыл жібек жайлауларынан, шүйгінді қоныстарынан, сулы-нулы жерлерінен айрылып қалғанын Ақанның сезімтал жүрегі өткір де терең түсінеді. Ол отарлық езгіге қарсылық көрсетіп, өлеңдерімен қарғыс оғын жаудырады.

 Қоныс жоқ жан-жағыңнан тарылмаған,

Патша отыр, жұтамын деп, бір əбжылан.

 Қазаққа айдап салды шенеунігін,

Соқамен қазақ жерін жырымдаған, — деп ашына сөйлейді.

Əсіресе ақынды XX ғасырдың басындағы Столыпиннің жер реформасы қатты ойландырады. Ол қазақ жерін орыс переселендерінен сақтап қалу үшін көп еңбек атқарған. Осы уақытта Ақан сері жайында мына дерекке назар аударуға болады: «1906 жылы көшіп келетін шаруаларға жер өлшеп кесіп беру үшін жоғарғы жақтан келген Еличев, Мельников деген екі инженерді Ақан ауылы Қараталға атпен алып бардым, біз Баялы байдың үйіне түстік, кешікпей Ақан да келді. Көркем, орта бойлы, қызыл шырайлы адам екен, басына құндыз бөрік киген, жібек шапанның сыртына жібек белбеу буынған. Ақан екі инженерге өзінің атамекен жерінен көшірмеуді, басқа жерге орналастыру керектігін айтты» [27].

Бұдан байқайтынымыз, қарт ақынның ата қонысының жайын ойлап тыныштық таппай жүргендігі. Осы жылдары сері ел ішінде патшаның сойылын соғып жүрген əкім-болыстарға сықақ өлеңдер көп жазады. Ақанның «Нұртазаға», «Шойырмаққа», «Шар таласы», «Парашыл оязной»,

«Шалабай болысқа», «Бір болысқа», т.б. өлеңдері қазақ арасындағы отаршылар орнатқан болыстық билікті сынауға арналады. Болыстардың отарлаушыларға қосыла қанауы, қараулық іс-əрекеттері, екіжүзділіктері, жалтақ мінездері, қулық-сұмдықтары таразыға тартылады. Онсыз да бірлігі бұзылып, тірлігі кеміп жатқан қазақ елінің берекесін кетіріп, лаң салып жатқандарынан толық мəлімет береді [4; 779].

 Көкшетау дуанында сайлау болды...

Шаймұрат, Шернияздай екі мырза

Жұртына би қой деген байлау болды...

Немесе

Шалабай, болыс болдың малды айдап,

Соғыстың досыңменен алақайлап.

 Столыпин ылаңы тұсында елдің жер-судан, қоныстан айрылуына наразылық білдіргенін ақынның азаматтық сарындағы əндерінен айқын байқаймыз. Ол туралы Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қызметкері Н.Оразбек былайша жазады: «Мен Ақанның басқа өлең, толғауларын былай қойып, бір ғана патшалық Ресей отаршылдығы туралы бірнеше өлеңін «Патша өкіметі туралы» деген ортақ атаумен ұсынып отырмын. Ол өлеңдер Сəкен Сейфуллин құрастырған жинақтан алынды. Олар Ақан серінің 1935 жылдан кейінгі жинақтарына енгізілмеген. Тек Кəкімбек Салықов ағамыз құрастырып, 2008 жылы жарық көрген жинаққа ғана кірген» [28; 11]:

... Патша алыс, жете алмаймыз Петерборға,

Жəне де сегіз санат алыс қия...

Мал өсірген халықпыз, егін екпей,

Аз жерге сия алмаймыз сызғандай-ақ.

Шеттен келген төрелер порым қылған,

Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.

Петербордан шапқатты санат келсе

Патшадан жарлық алып, құдай қалап,

Қазақ үшін қайғырып жылар еді,

Ол мейірбан ел болса, ұялмай-ақ.

«Қойдан қоңыр не қылған халық ед!..» деп,

Көз жасын, қайтар еді, тия алмай-ақ...

 Барабар крестианға тең болмадық,

Тартылып қай жараға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дəм болмадық?

Орыс, ноғай, сарт, сауан саудагерге

Қалайша малмен, жермен тең болмадық?..

Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,

Кайырсыз патшамызға ел болмадық.

Құр мен қоян секілді алуға оңай,

Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық?..

Қазақ малы азайса халқың азар,

Қалайша бай көпестер дүкен жасар?

Патшалық дүкендердің бірі кемір,

.......................................

 Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,

Соятын крестианға ылақтай боп.

Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,

Шетке шығып қалдық қой брактай боп...

Қор болып крестианның табанында

Қалайша күн көреміз дəурен кешіп?

Темір айыр, ақ балта қолдарында,

Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп.

Іштен келген тоңмойын, надан халық

Бұл жұртты ойран қылмай ма төбелесіп!

Осы күйде мағұлұм сұрасаңыз,

Талай жанның тастап жүр басын кесіп.

Қасиетті ата-баба зияратын,

Үстіне егін салды жайлап есіп,

Тірі түгіл өлінің көрін алып,

Былайша іс қылады ерегісіп.

Қай Дума, кəмəсие болсадағы

Бұған зəкүн сұраймыз төрелесіп.

Жетпіс екі миллетте жол бар ма екен,

Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп?

Құдайдан кітап келген халық болса,

Іс қылмас айуандарша көрді тесіп.

Русия патшасының низамында,

Мұндай іске Інжілде зəкүн нешік?

Бұларға патша низам білдірмеп пе?

Надандықпен қыла ма гуілдесіп?

Бір орыстың тимейді моласына

Қазаққа əдейі қыла ма дүрілдесіп?

Қазақтың халқынан да крестианға

Ит баласы қадырлы бір көк күшік.

Жыртқыш айуан мінезді халықпенен,

Қалайша отыр дейсіздер біргелесіп?

Қалайша күнін көрсін қазақ байғұс,

Күнде сот, күнде бунт боп илесіп?..

Сөзімнің дəлеліне салсаң назар,

Қазақ малы кемісе, бəрі кемір.

Ірбіт, Мəскеу, Мəкерже — күллі базар

. Сиыр, қой, жылқы қылы, май, терісі,

Пəбрик те асыл пұлды жүннен тозар.

Шолақ мəстек, қу бөшке крестиан

Қазақтың байлығына болмас ажар.

Сендер үшін қазақ малы азайды деп,

Пəбриктер крестианның шашын күзер.

Зияраттың тақтайларын ұрлап алып,

Айуанша қараңғыда қазып мазар,

Үстіне егін шықса қырқып алып,

Аузына не тигенін итше қажар.

Біз солдат патшаға бердік дейді

, Омырауға салады өңкей ожар.

Қай жауды əскер беріп мұқатыпты,

Соғыста солдаттары жүреді азар.

Күллі халық қасыбы қазақпенен

Қисап неге қылмайды думашылар?

Пайдасы крестианнан кейін бе екен,

Қазақтың қайран малы көлге жүзер!

Əскерге де ат керек, тамақ керек,

Данышпандар қисапты қылса сезер.

Жер, суын, баққан малын алдыңыз да,

Қазақтан бұл уақытта болдың безер.

Дариға, дертті заман келгеннен соң,

Қаламда жөн қалмайды тізгін тежер!..

Бостаншылық берсе егер басымызға

Патшамыз мархамат қып ризаласып,

Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп, Т

ынышты жай іздер едік арып-ашып.

«Құрметті» крестианға жер кеңісін,

Орнымызды сол алсын əһілесіп.

Өлтірсе құн, сатылсақ пұлымыз жоқ,

Қор елді не қыласыз «құрметтесіп.

Осы «Патша өкілеті туралы» атты толғаудың соңғы шумақтары мынадай:

 Мархамат патшамыздан ала алмадық

Иə Бұқар кетеміз бе, иə Түркия?

Ородниктің (урядник) астында қалғаныңша,

Тіршілікте іздеңіз исламия,

Бір үш кез жер тимейді өлгеніңде,

Бұ не кеп, бұ не қасірет қамкіния!

 Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын Ақан сері халық атынан айтады. Мемлекеттік екінші думаға шағынады [5; 168]. Əділдік, үміт күтеді. Қазақтың ел тағдырын ойламай бейқам, қарекетсіз жайбарақат жатқанына өкініш білдіреді.

Ақанның сындары тек болыстар үстемдігін ғана əшкерелеуге арналмайды. Ол өмірде кездесетін жұғымсыздықтардың бəрін де болғызбауға тырысып, адамгершілікті жақтайды.

Ақанның терең ойлылығын танытатын нақылдар, дидактикалық тұспалдар

Ақанның халықтық шешендікті жіті игерген əрбір сөзі ұстамды нақыл, өнегелі өрнекті, адамгершілік дидактикаға толы келеді. Ол өмірден түйген тəжірибелерін қорытып, асыл ойларын жинақтап, өзіндік нақылға айналдырған. Түйінді озық пікірлер ұсынып отырған. Ал мына бір сөздерін тұнып жатқан философия демеу қиын («Адамның біліміне ақыл серік» деген шығармасы [3; 103]):

 Адамның біліміне ақыл серік,

Ақыл кен таусылмайтын жанға көрік.

Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер,

Қалай айтып сөйлесең өзіңде ерік.

Денеге аяқ басшы, ой жетекші,

Рақат таппақ адамзат көзбен көріп.

Жақсы менен жаманды сезбек үшін

Біздерге қойған жоқ па мұрын беріп?

Жаман, жақсы əр сөзді естіген соң,

Бəрі дағы тұрады құлаққа еніп.

 Ақынның «Ұзатылайын деп жатқан қызға» [14; 310,311], «Көңіл сыры» [14; 314,315], «Əйелдер сипаты» [14; 321,323], «Достарыма» [14; 326], «Жігіттерге» [14; 326,327], т.б. өлеңдері тұнып тұрған ақыл-нақылдар:

Адамға мал мен мансап жолдас емес,

Байлықпен шайқап төгіп, ішсең үріп.

Қазына басқан байлық арылғанда

Алғандай қолдың кірін сумен жуып...

* * *

Жиырма бестен артық жас бар ма,

Ұйқыдан жаман қас бар ма?

Еріншектен жаман нас бар ма.

* * *

Ер пайдасы тиеді сасқан жерде.

Ел жаңылып етегін басқан жерде.

Дəулетің барда досың толып жатыр,

Тауық көп тары, бидай шашқан жерде.

* * *

Аққудың астығы жоқ шайнағанмен,

Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен.

Көнбейді жаман адам ынтымаққа,

Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.

* * *

Алтынды қорлағанмен жез болмайды,

Жібекті жуғанменен бөз болмайды.

Мысалы əр нəрсенің бəрі сондай,

Жаманның көкейінде көз болмайды.

* * *

Зат білер зат қадірін замандардан,

Жақсыны дұрыс болмас жамандаған.

Жаманға қадір білмес бір сөз айтсаң,

Тырысып болмас іске табандаған.

* * *

Адасып жаман бала қалар жолда,

Үлгімен ата жолын қуа алмаса.

Қараны көрінбеген болжау қиын,

Белеске биік-биік шыға алмаса.

* * *

Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды,

Шын болат жасығанмен жез болмайды.

Ит үреді жақсыға, жаманға да,

Сары алтын қалыбынан қозғалмайды.

* * *

Шірімес алтын жерде жатқанменен,

Оқ жетпес ажалсызға атқанменен,

Жалқауға сөз, жаманға таяқ өтпес,

Тас жібімес дарияға батқанменен.

* * *

Жақсыға дəулет бітсе бақ айналар.

Жаманға дəулет бітсе əуайланар.

Басына ер жігіттің бір іс түссе,

Арасы қас пен достың абайланар.

* * *

Пасықтың пиғылы лас — қараңғылық,

Артылып сол қалпынан мəз болмайды.

Жамандар жауда жəрдем бермек түгіл,

Тар жерде басын бақса аз болмайды.

* * *

Көңілі соқыр наданнан шықпас көсем.

* * *

Аққуды қарға қылар көре алмаған.

 Көбелек өлім іздеп отқа түсер.

* * *

Ой деген — терең дария,

Қанша құйсаң толмайды.

* * *

Əлпештеп өсіреді ата-анасы,

Кей қыздың ұлдан артық дəрежесі.

Сүюге ұл мен қыздың бəрі бірдей,

Туған соң бөтен емес өз баласы.

* * *

Сұлу қыз жаңа піскен алма-дағы

Гауһартас жасырылған тауда бағы.

Қадірін өз басының білген қыздар

Қарамас көзін салып жанға-дағы.

Ақынның философиясы — өлеңінің пафосы (шабыты). Поэзиясына жан беретін де оның пафостылығы демекпіз.

Түйін

Қазақтың классикалық əн үрдісінде Ақан сері оқшау, озық əрі дара тұр. Ол ұлы ұстаздары ұстанған халықтық табиғи дəстүрді ілгері дамытып, əннің құбылысын, ажарын, түрін, мазмұнын, жалпы бітім- болмысын байытып, сымбатын сұлуландырған, тек өзіне тəн үн-бояуларымен қайталанбас тылсым көркемдік дүниесін жасаған аса құдіретті дарын, кемеңгер талант иесі.

Аяулы Ақан сері. Ақынның аңыз өмірі. Ол тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ал Ақанды аңызға айналдырған оның қиыншылыққа толы өмірінің өнердегі таңбасы. Ақан серінің өмірінде кездескен ауыртпалықтары аз болған жоқ. Бəтима, Ұрқия сынды жарларынан өлідей айрылса, Ақтоқтыдай сүйгенінен тірідей айрылу, өмірінің қызығы, мəні болған Құлагерінен, құмай тазысы Базаралысынан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен Қара торғайы — бəрінен бірінен соң бірінен айрылып, ең ақырында ата қонысынан айрылуы — бір адамның басына, «бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей қиын тағдыр болды. Бірақ Ақан осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді.

Ақан сері өмірінің қайғылы, шиеленісті тағдыры Құлагерге байланысты. «Құлагер» əні — Ақан шығармашылығының шыңы.

Ақанның алты алашқа атағының жайылуы, біріншіден, өнері болса, екіншіден, осы Құлагердің ат шабыстарында бəйгенің алдын бермеуі еді.

«Баспа-бас қызға бермес жануарым» деуінің өзі Ақан үшін Құлагерінің қаншалықты қымбат екендігін білдіреді.

Сайып келгенде, Ақан сері Қорамсаұлының ақындық-əншілік мұрасы — біліктілік пен білімнен, сыршылдық пен сыншылдықтан, əдептілік пен əдемілікке құмартудан, көрегендік пен көсемдіктен, қуатты шабыт пен құдіретті қиялдан өріліп туған, өрнектеліп тоқылған саф таза поэзия.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. 1 Есжанов С. Ақан сері (1843 — 1913) // Ақиқат. — 2010. — № 6. — 106 — 107-б. 2 Жұмабаев М. Ақан сері // Қазақ. — 2008. —№ 22 (379). — 30 мамыр. — 4–5-б.
  2. Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 2004. — 528-б.
  3. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.
  4. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. — 1-т. / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1998. — 720-б.
  5. Қазақ əндерінің антологиясы: Екі томдық. — 1-т. / Құраст. Ж.Кəрменов. — Алматы: Өнер, 1990. — 336-б.
  6. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы: Ауд., ғыл. еңб., мақал. — Алматы: Жазушы, 2003. — 232-б.
  7. Жанпейісова С. Ақан сері əлемін əспеттеген// Ақиқат. — 2008. — № 3. — 84-б.
  8. Жақанов І. Əн тағдыры// Жұлдыз. — 1991. — № 11. — 198-б.
  9. Жақанов І. Аққулар қонған айдын көл: Деректі əңгімелер, эсселер. — Алматы: Жазушы, 1988. — 74, 75-б.
  10. Мұқатов М. «Құлагер» атының шығуы // Жұлдыз. — 1990. — № 7. — 201–203-б.
  11. Тарихи тұлғалар: Таным.-көпшілік бас. / Құраст. Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. — Алматы: «Алматыкітап» ЖШС, 2006, 239-б.
  12. Жүнісов С. Ақан сері. Роман. — 1-кіт. — Алматы: Жазушы, 2003. — 276, 277-б.
  13. Бес ғасыр жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары: Үш томдық. — 2-т. / Құраст. М.Байділдаев, М.Мағауин. — 1984. — 336-б.
  14. Жансүгіров І. Құлагер. Поэмалар мен өлеңдер / Құраст. Б.Сахариев. — Алматы: Жазушы, 1974. — 365, 366-б.
  15. Қастеева Т. Ақанның арнау өлеңдері // Қазақ тарихы. — 2010. — № 3 (102). — 17–19-б.
  16. Негимов С. Қазақтың сал-серілері: Ғылыми эсселер. — Алматы: Ана тілі, 2005. — 78, 79-б.
  17. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз əңгімелер / Құраст. Б.Адамбаев, Т.Жарқынбекова. —Алматы: Жазушы, 1989. — 368 б.
  18. Елеусізов М. Ғасырдан астам жасаған // Жұлдыз. — 2004. — № 2. — 168-б.
  19. Сəкен Сері (Жүнісов). Хаттар, хаттар // Жұлдыз. — 2004. — № 2. — 20-б.
  20. Сөз тапқанға қолқа жоқ: Күлдіргі əңгімелер, шешендік сөздер, толғау термелер / Ел аузынан жин. А.Бейсенғалиева, С.Əбілғазин, С.Қарамендин. — Алматы: Жазушы, 1988. — 608-б.
  21. Жарықбаев Қ. Аталар сөзі — ақылдың көзі. — Алматы: Қазақстан, 1980. — 93-б.
  22. Сүйіншіден көңіл айтуға дейін / Құраст. Н.Төреқұл. — Алматы: Қазақстан, 1998. — 11-б. 24 Жақанов И. Əн тағдыры // Жұлдыз. — 1991. — № 10. — 173–178-б.
  23. Ескі сөздер. Жин. С.Сауытбек // Жұлдыз. — 2008. — № 9. — 200-б.
  24. Кəкен А. Ұлттық сана мінездемесі // Жұлдыз. — 2010. — № 9. — 140–147-б.
  25. Баймұратұлы С. Ақан сері мен Мəмбет Əлі // Түркістан. — 2011. — 20 қаңт. — 10-б.
  26. Оразбек Н. Қай заманда айтылған байлам екен? // Қазақ əдебиеті. — 2013. — № 27–28 (3348). — 5 шілде. — 11-б.

 

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.