ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы ғылыми-техникалық қарыштау, адамдар санасының ақпараттық тасқындар астында қалуы, технократтық өзгерістер мен жаңалықтар алдыңғы қатарға шыққан кезең болды да, адам феноменіне қатысты күрделі мəселелерді күн тəртібіне шығарды. Соның нəтижесінде адам тұлғасын қалыптастырудағы, қоғамның адамгершілік негізін нығайтудағы гуманитарлық саланың, мəдениет пен өнердің рөлі, қажеттілігі жайында пікірлердің молая түскендігін көріп жүрміз. Бұл орайда адам баласының ақыл-ойы мен сезімінің, эстетикалық дүниетанымын қалыптайтын əдебиеттің орны айрықша.
Адам факторы, оны зерттеп-зерделеу əдебиеттің айнымас мақсаты, мəңгілік тақырыбы ғана емес, жалпы көркемдік дамудың басты бағытын айқындайтын адастырмас темірқазығы. Əдебиет қоғамдық-тəрбиелік, эстетикалық категориялар тұрғысынан табиғат əлемін, қоғамдық құбылыстарды, жеке адамның рухани-психологиялық болмысын өзіне обьект етеді. Ішінара бөлшектеніп кететін бұл мəселелердің əдебиет арқауы ретіндегі орны үнемі өзгерісте болады, дамиды.
Сайып келгенде, əдебиеттің қоғамдық жəне эстетикалық маңызы адам, оның танымы мен тағдырынсыз ашылмайды. Əдебиеттің басқа өнер түрлерінен айырмашылығы мұндағы образдардың, яғни адамның, көркем сөзбен сомдалатындығында. Сондықтан да адам жанының диалектикасының ашылу дəрежесі сөз өнерінің интеллектуалдық жəне эстетикалық байлығының өлшемі болып қала береді.
Қазақ халқының рухани-келбет болмысы мен ұлттық табиғаты оның ғасырлар бойы қалыптастырған өнерінде, əдебиетінде, фольклорында, мифологиялық дүниетанымында, этнографиясында айшықталып келді. Əдебиеттегі ұрпақ тəрбиесі мəселесі қойылысының ерекшеліктерін көрсетуіміз үшін адам туралы ойлардың осындай ғылыми негізін, тарихи-мəдени алғышарттарын ашу аса маңызды. Өйткені əр халықтың рухани дамуы барысында адам мəселесінің өзгеріп, əлеуметтік-тарихи, өмірлік тəжірибелермен байыпталып отыратындығы, өмір мен адам мұраттарының өзара байланысы түрленіп отыратындығы белгілі.
Байырғы қазақ ауыз əдебиетіндегі халықтық дүниетаным табиғат пен адамды тұтастық күйде қарастырады. Мұнда адам табиғатқа қарсы қойылмайды, қайта адамды табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі деп есептеу басым. Қазақ сөз өнеріндегі бұл ерекшелік əлемдік ауқымда алғанда антик дəуіріне, ортағасырлық кезеңге де тəн.
Мəселен, фольклор жанры — ертегілердің негізгі сюжеттерінің дені мифтік санада туды. Көбіне адам іс-əрекеттері телінетін мифтік бейнелер — Таусоғар, Көлтаусар, Желаяқ, Жарғаққұлақтар адал істің, ерліктің дем берушілері. Мұнда ежелгі қазақ танымының адамға деген гуманистік көзқарасының негізі жатыр. Яғни ауыз əдебиеті мұраларындағы ұғым-түсініктер бойынша адам — ең басты құндылық.
Сол тəрізді бүкілəлемдік гуманистік ойдың құрамдас бөлігі болған жыраулар поэзиясы өсиеттік желілерді жетілдіре отырып, адамның өзіндік дамуы қоғамдық дамумен деңгейлес болуы шарт екенін айта бастады. Яғни қоғамдық қатынастардың дамуы мен адамның рухани байлығының арасында теңсіздік тумауы тиіс. Асан, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқарлардың мұраларында осы жай ерекше ескеріліп адамның іс-əрекеті мен табиғи болмысын сол кездің тарихи ерекшелігімен, қоғамдық қозғалыспен етене біріктіріп, тұтастырып отырды. Осыдан келіп елдік, бірлік идеялары дəріптеле бастады.
Өскелең ұрпақ тəрбиесінде əлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан Ы. Алтынсарин шығармалары қоғамның кереғар құбылыстарын, адам бойындағы жалқаулық, талапсыздық, білімсіздік, ынсапсыздық, салақтық, талғамсыздық, көрсеқызарлық т.б. сияқты мінездерді əшкере етеді. Ең басты назар аударатын мəселе — адам мен оның əлеуметтік ортасының кемшіліктерінен арылуда ұлы ағартушы ашық күреске шақырмайды, төңкерісшілдік амалдарды ұсынбайды. Бұл — ағартушылардың барлығының дүниетанымдық қырларына қатысты жағдай. Ыбырай əлемдік ағартушылар қалыптастырған идеялық бағдар — адамды тəрбиелеуге болатынына, оның ортасын тəрбиелеу арқылы адам бойындағы ізгі қасиеттерді қалыптастыруға болатынына, бір сөзбен айтқанда, сана эволюциясына иек артты. Ы. Алтынсариннің көркем шығармалары таза педагогтық мақсаттан туындауы себепті олардағы дидактизмге бірінші көңіл бөлінді.
Мектеп, жоғары оқу орындарының бағдарламаларында қарастырылып келе жатқан Абай, Шəкəрім кезеңін оқытуда мына жайттар басты назарда болуы тиіс деп ойлаймыз. Абай творчествосына айрықша көңіл бөлінген мəселе — ойшылдың адамды жеке индивид, жеке рухани құндылық ретінде қарастырғаны. Басқа да ағартушылар сияқты əдебиеттің қоғамды түзеу мен адам мінезін тəрбиелеу сияқты маңызына айрықша мəн берді. Басқа елдер қол жеткізіп жатқан білім мен мəдениетке жақындау, жастарды игі жолға шақыру жаңа талаптағы əдістемелер арқылы сауаттандыру арқылы іске асатыны жөніндегі ұстанымы оның өмірлік кредосы мен шығармашылығының бұлжымас идеялық бағытына айналды. Яғни əлеуметтік орта адамның рухани жағынан қалыптасуының ең негізгі факторы. «Адам баласын заман өстіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бəрі виноват» («Отыз жетінші сөз») тұғырнамасын негіздеді. Абай қоғамды адамгершілік қағидаларына сай жасақтау мен адам бойындағы кемел қасиеттерді қалыптастырудың төңкерістік формасын таңдаған жоқ. Қара сөздердің идеялық арқауында сананы бірте-бірте қайта қалыптастыру, адам мінезін тəрбиелеуге болатынына деген сенім жатты. «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» принципі идеялық бағыттың мызғымастығына қызмет жасады.
Ал бұл мəселеге келгенде Шəкəрімнің басты нысанасы — адамның интеллектуалдық ерекшелігі. Ақынның ғылым мен адам арақатынасының мəнісіне үңілген шығармаларында адамның ақыл-ой артықшылықтары жөнінде күрделі түйіндер жасалады.
Əсіресе Шəкəрімнің ғылыми философияға ден қоюы, жеке тұлғаның интеллектуалдық қасиеттерінің рөлі жайындағы ойлары бұл мəселеге шын мəнінде жаңаша келудің үлгісі ретінде қымбат. Шəкəрім поэзиясына үңіле отырып, мына бір жайға көз тоқтатпау мүмкін емес. Ол ақынның адам ақыл-ойының жемісі — ғылымға деген көзқарасы. Бұл турасында Шəкəрім Құдайбердіұлы өзіне дейінгі айтылған, дəстүрге айналған ағартушылық бағытты ұстана отырып оқшау ой айтады. Ақын ғылымды насихаттаудағы, оның рөлін танудағы бүкіладамзаттық гуманистік принциптерді басшылыққа алады.
Оның пікірінше, ғылым адамзатқа игілікті міндет бола тұра, кері əсерін тигізетін, қауіпті ахуал да туғызады. Бұл тікелей адам феноменіне қатысты. Ғылым тек адамзат қауымының рухани дамуын ескере даму керектігі жөніндегі ақынның ойы қазақ əдебиетінде маңызды идея болды.
Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар,
Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды хайла етер [1], — деп жырлаған Шəкəрім адамның интеллектуалдық артықшылықтары тек гуманистік арнадан табылуы керектігін ескерте отырып, адамның нақты-тарихи мəнін адамгершіліктік творчестволықпен сабақтастырады.
Қарап отырғанымыздай, қоғамның əрбір даму кезеңі адамға, оның өміріне ақыл-ойына деген бірін-бірі толықтырып отыратын сан алуан көзқарастар туғызып келді. Ғасырлар бойы толастамаған адамның мəн-маңызы жайлы ой-толғамдардың тарихына шолу барысында адам мен өнердің бір- біріне тікелей қатыстылығы, біртұтастығына тағы да көз жеткіземіз. Сонау көне дəуірдегі өнер мен адам қарым-қатынасына бөлекше тоқталған себебіміз қадым замандардан бастап атом заманына дейінгі болған адам тұлғасын қалыптастыру ұлттық эстетикалық ойды əу бастан толғандырған іргелі мəселе болғанын таныту еді.
Əдебиетіміздің ертедегі бастауларынан ХХ ғасырға дейінгі дəуірде ұрпақ мəселесі көркем ойдың əрбір тарихи белесінде өз жаңашылдықтарымен көрініп отырғанына куə боламыз.
Ал ХХ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған, автоматика мен кибернетиканың ғасыры болды. Адам ақыл-ойдың нəтижесінде космосты игеруге, оны зерттеуге жол ашты, түрлі есептеу машиналарын, компьютерлерді дүниеге əкелді. Физика, химия, медицина, биология, техника т.б. ғылымның салаларында ұлы жаңалықтар туды. Адам баласы ядролық реакторды, атомдық бомбаны ойлап тапты. Гендік инженерияда жануарлар мен өсімдіктердің жаңа түрлерін тудыра бастады. Адамдардың дене жұмыстарына роботтар мен манипуляторларды қолданысқа енгізу тəжірибелері жасалды. Қысқасын айтқанда, ғылыми-техникалық қарыштау қоғамдық-əлеуметтік сананың барлығында ықпалын күшейтті.
Қысқа уақытта болған орасан зор өзгерістер адамның табиғи болмысына əсер етпей қалмады. Ғылыми-техникалық төңкеріс адамның материалды өндіріс дəрежесіне игі ықпал еткенімен, рухани құндылықтар жөніндегі мəселелерге тірелді. Түрлі қырып-жою қаруларының жасалуы планетарлық апаттың болу мүмкіндігін күшейтті. Адамның ойлау қызметін алгоритмдеу, ойлау процесіне жүктелген кейбір міндеттерді есептеу машиналарының үлесіне берудің нəтижесінде ойлау процесінің формалды сипаттары барынша қалыптаса бастады. Бұл адам факторының барған сайын орны төмендей бастауына алып келді.
Осыншалық көкейкесті мəселелердің қордаланып қалуы ендігі уақытта гуманитарлық сфераның — мəдениеттің, əдебиеттің тарихи-рухани даму процестегі жетекші рөлі туралы жаңаша көзқарастарды туғыза бастады. Қазір көркем шығармашылықтың адам тұлғасын қалыптастырудағы мəні қайта қарастырылуда. Өйткені мəдениет пен көркем өнердің бұрын-соңды болып көрмеген қажеттілігі сезіліп отырғандай.
Адамзат дағдарыстың осыншалық шегіне жете бастаған кезеңде əдебиеттің орны жайлы басқа да ғылым салаларының өкілдері баса айтады. Мəселен, физика маманы, академик А.Б.Мигдал: «Сегодня нравственный закон внутри нас стал вопросом жизни и смерти человечества. Мы начинаем понимать как отстала общественная мораль от развития науки, и долг литературы — уменьшить этот разрыв, утверждая нравственные ценности» [2], — дейді.
Жаһандану дəуіріндегі адамға деген түрлі қарым-қатынасты Батыс Еуропа, Америка жазушылары қазіргі кезеңдегі ең күрделі мəселе ретінде зерттей бастады. Мұнда белгілі бір заңдылық та бар. Өйткені шапшаң дамыған экономика ең алдымен адам санасындағы өзгерістермен сəйкеспей отыр. Кейінгі жылдары қазақ əдебиетінде де дəуір талабына сай ұлттық кейіпкерді сомдау қажеттілігі айқын сезілуде.
Жаһанданудың адам тұлғасының гуманистік жəне ұлттық өлшемдеріне тигізер ықпалына төтеп беру үшін бізге алаштық тұғырнамаға, Алаш əдебиетінде қалыптасқан құндылықтарға негізгі бағдар ұстану қажет. Өйткені өскелең ұрпаққа əдебиет арқылы тəрбие беруде нақты бір тұжырымдама жасап алуымыз тиіс.
Əдебиеттер тізімі
- Құдайбердіұлы Шəкəрім. Жолсыз жаза: өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жалын, 1988. — 87-б.
- Мигдал А.Б. Что я читаю сегодня: Ответ на анкету // Лит. газета. — М., 1989. — 4 янв.