Қазақстанды XVIII ғасырдың аяғы — XIX ғасырдың алғашқы жартысында ғана ашқан еуропа ғалымдары сақарада өздері мүлде күтпеген жайттарға ұшырасты. Мұның ең бастысы — көшпенділердің рухани өміріне қатысты еді. Əуелде «жабайыларға» жоғарыдан қарап, олардың сөз өнерінен махрұм еместігінің өзін үлкен жетістікке балаған саяхатшылар мен этнографтардың көп ұзамай қазақ халқының ақындық дарынына бас июіне тура келген. Бұл ретте белгілі ғалым Рашит Əл- Каренидің (Кареновтың) екі томдық «Алаштың жиырма жыр алыптары» атты кітабын алдымен атап өту парыз.* Ол кітаптың құндылығы — есімдері ел арасында кең тараған жиырма ақын- жыраулардың шығармашылық жолы, қаламгерлік қуаты жəне туындыларының тарихы тың тұрғыдан баян етілуінде. Кітаптың қызығушылық туғызатын тағы бір тұсы — осынау жиырма жыр алыптарының өмір сүрген кездеріндегі тарихи оқиғалар, олардың өздері жəне замандастары жайлы соны деректердің алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылуында.
Қос томдықтың бірінші кітабында есімдері үш жүзге кеңінен мəлім болған Бұқар жыраудан бастап Ақан серіге дейінгі белгілі ақын-жыраулар мұрасы қамтылған.
Екінші томда қалың елі қазағының өнерлі жұрттың қатарына қосылуын армандаған кемеңгер Абайдан бастап дүйім дүниеге танылған Мұқағалиге дейінгі ұлы ақындардың мұрасы жайлы деректер жеткілікті дəрежеде терең талданып кең көлемде қарастырып жазылған.
Екі кітапқа да ортақ алғы сөзде қазақ əдебиетінің қай кезеңі болмасын бəрі де белгілі тарихи əлеуметтік жағдайларға байланысты дамитындығы көрсетіліп, əр дəуірдің əдебиеті өз кезеңі ұсынған басты мəселелерге үн қосып, өмірдің өзекті сұрақтарына жауап беруге атсалысып отыратындығы пайымдалған. Мысалы, XVIII ғасырда өмір кешкен суырыпсалма ақындар мен шешен би, жыраулар шығармашылығы да өз замананының келелі мəселелері бағытында бой көрсеткені айтылған.
18 ғасырдағы қазақ əдебиетінің ең көрнекті өкілі — Бұқар жыраудың бүкіл қазақ халқының басын біріктірген, басқыншы жауларға үлкен тойтарыстар берген батыл, дарынды хан. Абылайдың басты кеңесшісі болып, оның саясатын қолдаған, өз шығармаларында Абылайды қайтпас батыр, ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелегені жоғары пафоспен паш етілген. Оның басты себебі, Бұқар бабамыздың қазақ жырауларының ішінде өзіне дейін өмір сүрген əулие ғұламалардың руханиятын ұғынып, соның ізін жалғастырған, қазақ жырауларының ұлттық идеяларының ұлт мəдениетіндегі ізін даналығы, əулиелігі арқылы ұлы жолға айналдырған, болашаққа қарымды ұлттық идеясын қалдырған руханияты мен кісілігі өз алдына биік шың.
Кітаптың басқы тарауларында өз шығармаларында заман талаптарына жауап бере алған тарихи ұлы тұлғалар жайлы да сөз қозғалған. Расында да XIX ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи жағдай Қазақстанның қиыр бір шетінде Махамбетті берсе, екінші бір шетінде Дулатты берді. Дулат пен Махамбет толғаулары өзінің суреттілігімен, екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленіп, толғау формасын идея жағынан да, түр жағынан да жаңартты деп баға берілген.
Өкінішке орай, Дулат шығармалары көп уақытқа дейін оқырман назарынан қағаберіс қалып келгені көрсетілген, жыраудың шығармаларын зерттеуші автор Дулаттың қазақ жырына жаңа тұрпат əкелгені, көркемдік өрнегін түрлендіргені, қазақ əдебиетінің реалистік бағытын нығайтып, көркемдік бояуын күшейткені, жазба поэзияның басы деп сипаттағаны жайлы байыпты байлам жасалған.
Кітапта автор «əр уақыт өз ақынының тудырады» деген ойдың дəлелді мысалы ретінде ұлттың рухы, қайсарлық пен жігердің, намыс пен тектіліктің ұраны, кезінде Исатай Тайманов бастаған ұлт- азаттық көтерілістің рухани көсемі болған Махамбет есімін алға тартады. Өйткені бүгінде ғұлама Абайға дейінгі қазақ поэзиясында Махамбет Өтемісұлынан асқан ақын жоқ деген шындықты əр қазақ та, бар қазақ та түгел мойындап болған. Академик Зейнолла Қабдолов жазғанындай: «Махамбет өлеңі — қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Əрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» (Қабдолов З. Ерлік пен елдіктің өшпес рухы // Егемен Қазақстан.— 2001. — 7 тамыз).
Осы пікірді дəлелдеу үшін Махамбеттің тек бір өлеңінен («Толғау» өлеңі») ғана үзінді келтірген:
Өлең айтып толғадым,
Көкірегімді басарға.
Махамбеттей мұңдыға
Енді келер күн қайда
Ханға құрған шатырды
Сүңгімен түртіп ашарға?
Осы аз ғана аумақты элегиялық күйде көрініс беретін ер арманы тағдыр талқысына мойын ұсынбағанын, тіпті əлдеқалай күн туса кешегі қаһарына бүгін қайта мінерін айқын аңғартып, поэзияға тəн барлық қасиеттерді қабат қаусырып тұрғаны анық. Мұны өзге тілде дəл осы алты жолмен түсіру қиынның қиыны, бəлкім, мүмкін емес. Сондықтан жырдың əуезділігі мен ішкі серпінділігін дəл беру үшін бірер жолды «ереулі ат» етіп алудан өзге шара жоқ. Əйтпесе ой толық жетпейді, жетсе де Махамбеттің сөзі күйінде танылмайды.
Жауынгер ақынның кез келген өлеңі жас жеткіншектерді жақсы қасиетттерге баулып, жаман əдеттерден жирендіреді. Өскелең ұрпаққа ақын ел алдымен елдің дана қарияларын үлгі етеді. Қарт адамдар көпті көрген, олардың өмірден алған тəжірибесі мол. Бұлардың аталық сөздерінің, ойлы пікірлерінің, нақыл өсиеттерінің тəрбиелік мəні зор. Ондай сөздер жастардың бойында көңілге қонымды, психологиялық қасиеттердің қалыптасуына себепкер болады. Адасқан адамды тура жолға түсіруге жəрдемдеседі. Осылайша автор жас жеткіншектерді патриоттық рухта тəрбиелеуде, оларды халқына адал қызмет етуге баулуда Махамбет өлеңдерінің маңызы жоғары екендігін көрсеткен.
Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезов өзінің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеу мақаласында: «Бақыт іздеп, ғасырлар бойына сахараны шарлап, шарқ ұрған мұңдар жолаушы — қазақ халқы бізге архитектура мен скульптураның, сурет өнерінің ескерткіштерін қалдыра алмады. Бірақ ол бізге ең асыл мұра — жыр мұрасын мирас етті. Жыршы халық, ақын халық есте жоқ ескі замандардан бастап дарыған ақындық даналығын қапысыз жұмсап, өзінің рухын ұмытылмас эпостық дастандарында, сан-сан, əр алуан түрлі жырларында белгіледі деген болатын. (Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. — 17-т.: Мақалалар, зерттеулер. — Алматы: Жазушы, 1985. — 157-б.).
Демек, М.Əуезов сынды үлкен ғалымдар мен əдебиетшілер ауыз əдебиетінің мұрасын жоғары бағалаған. Аталмыш кітаптар авторының бұдан жасаған қорытындысы, бүгінгі ұрпақ халық мұрасын құм ішіндегі алтын түйіршіктеріндей іздестіріп, көздің қарашығындай сақтай білуге тиіс.
Алғашқы томның ортаңғы тарауларында автор Шөже, Орынбай, Шортанбай, Сүйінбай, Құлтума сияқты суырыпсалма ақындар бүкіл қазақ даласын өлең-жырға толтырғандығын зор мақтаныш тұта суреттеген. Олар тек туған жұртына ғана емес, сақараға ат ізін салған орыс жəне еуропа ғалымдары мен оқымыстыларына да кеңінен танылып, көшпенділердің ақындық өнерінің жайсаң тұлғалары ретінде мəшһүр болды. Жетісуда Сүйінбай Аронұлы өзінің отты да өткір жырларымен бұқарашыл ақын ретінде танылды. Шөже, Орынбай, Шортанбай, Сүйінбай, Құлтумалар сан алуан лироэпикалық, батырлық дастандарды жаңа ұрпақтарға табыс етті. Өздері де көптеген өлең-жырлар тудырды.
Кітап авторы ұлтымыздың əдеби-мəдени өмірінде сал-серілердің рөлі айрықша болғанын мəлімдеген. Олар бірнеше өнерді бір басына сəтті түйістіріп, тоғыстырған жəне олардың əрі ақын, əрі əнші-сазгер, əрі жыршы-əңгімеші, əрі орындаушы болғандығы дəріптелген.
Мезгіл тұрғысынан алып қарағанда бізге біршама жақын заманда жасаған, сондықтан есімдері сақталумен қатар, өнер туындылары, өмір кешулері де əжептəуір таныс сал-серілердің ішіндегі ең атақтылары — Біржан, Ақан жəне Үкілі Ыбырай.
Біржан сал қазақ рухани мəдениетінің тарихында ақын, композитор əрі əнші ретінде белгілі. Қазақ даласының əсем табиғаты, көшпендінің дарқан жаны, сыршыл сезімі мен сырбаз мінезі шебер көрініс тапқан Біржан əндері қазақ музыка өнерін жаңа сатыға көтерді. Ал оның өз шығармаларын ғана емес, өзіне дейінгі қазақ композиторлары мен музыкалық фольклор үлгілерін орындаудағы əншілік мəдениеті сақарада бағзыдан қалыптасқан əншілік дəстүрді одан əрі жетілдіре түскені туралы түйінді ой-пікір айтылған.
Қызығынан — қайғысы, дуынан — шуы басым, бірақ мəнді де мағыналы ғұмыр кешкен ақын, композитор жəне əнші Ақан серінің артында қалған ақындық мұрасы идеялық-тақырыптық жағынан алғанда негізінен екі топқа бөліп қарастырылған. Мұның біріншісінде (көбіне ақын өнернамасының алғашқы кезеңінде туған) Ақан жастық шақтың қуанышын қызықтайды, аңшылық, саятшылық төңірегінде жыр етеді. Ал Ақан өмірінің екінші кезеңінде жазылған шығармаларда мұң басым.
Əн сөздерін өзі шығарып отырған Ақан серінің асқақ əуенді əндері қазақ музыка мəдениетінің асыл қорына енгендігі туралы зерделі ой қорытындыланған.
Жоғарыда айтылып өткендей, қос томдықтың екінші кітабында қазақ халқының бай көркем қазынасының ұзақ та күрделі даму жолында, XIX ғасырдың екінші жартысындағы жəне XX ғасырдың жазба əдебиеті қомақты орын алатындығы айтылған. Бұл кезеңдегі əдебиет қайраткерлері өткен ғасырларда қалыптасып, орныққан рухани ақыл-ой ізденістерінің тəжірибесін, жетістіктерін пайдалана отырып, идеялық-көркемдік деңгейі биік асыл мұралар жасады. Жаңа тарихи жағдайларда оларды жалғастыра дамытты.
Екінші кітаптың алғашқы тарауында автор XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап əдебиетімізде жаңа бетбұрыс басталғандығын жария етеді. Бұл кезеңде Абай Құнанбаев негіздеген жаңа реалистік əдебиет бой көрсетіп, ол қазақтың төл көркем де бейнелі жазба əдебиетін кəсіби дəрежеге көтерді.
Өзінің зор талантына орай, қазақ халқының ғасырлар бойы жасалған рухани мəдениетін санасына жинақтаған, көне тəжік-парсы, шағатай-түркі поэзиясының жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, сонымен қатар орыс жəне Батыс Еуропа əдебиеті мен алдыңғы қатарлы ой-пікірінен тағылым алған Абай ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, қазақ əдебиетінің ұлы реформаторы ретінде қалыптасты.
Ойшыл Хакім Абай (Ибраһим) Құнанбаев Орта жүздің ел ұстап, билік құрған шынжыр балақ, шұбар төс ірі шонжар, шешен биінің отбасында дүниеге келіп, жұрт жиі жиналатын ортадан ауыз əдебиетінің мəйегін ерте еміп, халықтың салт-сана, əдет-ғұрпының озық дəстүрлерін бойына жастайынан сіңіріп өсті. Одан мұсылман медресесінде оқып, Шығыс əдебиетінің інжу- маржандарымен зердесін нұрландырып, жыр əлемін барлап көрді. Өз бетімен орысша да білім алып, озық ойлы орыс əдебиетінің кəусар бұлағынан сусындады. Батыс пен Шығыс мəдениетінің киелі қайнарынан қанып ішіп, ол қазақ жырын қайта түлетіп, соны сөз, сұлу суретпен байытып, соныдан соқпақ салып, жаңа жазба əдебиетіміздің іргетасын қалап берді.
Осының бəрін ол сонау қатыгез заманда, керітартпа қоғамда мыңмен жалғыз алысып, жалаңаяқ, жар кешкендей омырауын жасқа бояп жүріп жүзеге асырды.
Автор қазақ кеңістігінде Абайдан кейінгі соқпақпен жүріп өз өрнегін салған дарынды суреткер тұлғаларға — Шəкəрім Құдайбердіұлына, Мəшһүр Жүсіп Көпейұлына Үкілі Ыбырай Сандыбайұлына, Нарманбет Орманбетұлына арнайы тоқталып, олардың əрқайсысының шығармаларын қарастыруға бүтіндей тарау арнаған.
Абайдың дүниетаным əлемінен жалғасын тапқан Шəкəрім ой-дүниесі. Екеуінің өзіндік ерекшеліктері мол даралықтары да, стильдік айырмашылықтары да жеке дүние екені сөзсіз. Олардың дүниетанымдық көзқарастары бірлесіп, ортақтасып жататын тұстары да көп. Абайда «адамды сүю», «Алланы сүю», иман, адамгершілік мəселелері сөз болатын болса, Шəкəрімде бұлардың барлығы өз жалғасын тауып жатады.
Абай дəстүрінен үлгі алған Шəкəрім шығармашылығының тынысы кең, көтерген проблемаларының да ауқымы үлкен.
Оның сопылық мақамдағы өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа ұғым, небір жаңа ойлау жүйесін, жаңа терминдер енгізіп, қазақ тілінің бай табиғатын кеңейтіп, сөздік қорына өзіндік үлесін қосты. Шəкəрімнің шалқар шабытын айқындайтын тұсы да осы — «Жаратушы» адам, дін, өмір, өлім, жан, ақыл ой дүниелері.
Кітапта автор осы мəселелер төңірегінде жазылған Шəкəрім өлеңдерінің Абай дүниетанымымен үндестігін, пікір ортақтастығын шеберлікпен көрсетеді. Алайда Шəкəрім өзіндік қолтаңбасын көрсететін, ой тереңдігін, өлең өлшемінің өзгешелігін танытатын дара да тұлғалы ақын.
Автор жоғары ілтипатпен ден қойып зерттеген тағы бір ұлы тұлға — Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы өлеңдерімен бірге көптеген уытты мысалдар, Шығыс үлгісіндегі бірнеше дастан жазып қалдырған. Мəшһүр Жүсіптің қазақ ауыз əдебиеті мұраларын жинаудағы еңбегі орасан зор. Бұл ретте автор оның ел аузынан көптеген батырлық, ғашықтық жырларды, тарихи жырлар мен айтыстарды, шежірелер мен аңыздарды, атақты ақындар мен жыраулар мұраларын жинап, хатқа түсіргенін көрсетеді. Абайды өзіне ұстаз тұтып, оның ағартушылық идеясы мен ақындық дəстүрін жалғастырушылардың бірі болғандығы, Абай өлеңдерін жаттап алып, ел ішіне таратқаны, Абайдың тірі кезінде оның өлеңдеріне алғаш рет талдау жасап, əділ бағасын берген Мəшһүр Жүсіп болғандығы тағы бір еске алынады.
Ол өз шығармаларында Абай сияқты сол кезде əлеуметтік топ ретінде пайда болған ел ішіндегі пысықтарды, ұлықтарға арқа сүйеген жағымпаздарды аяусыз сынайды, ел бірлігін ойлап, Абай жолын берік ұстанады. Өз жазбаларында Абай туралы: «Бұл — біздің соңғы пайғамбарымыз», — деп жоғары баға береді.
Ұлы Абаймен танысып, поэзиясынан нəр алған Нарманбет ақынның өмірге, өнерге, қоғамдық- əлеуметтік жайлардағы құбылыстарға өзіндік көзқарасы қалыптасады. Қоғамдық ортаға жаңаша мəн беріп, азаматтық тұрғыдан саралай бастайды. Ақынның бізге жеткен мұралары оның өз халқына қалтқысыз қызмет ету үшін тер төккен уытты азаматтық əуенін паш етеді. Өз дəуірінің көлеңкелі қайшылығын барынша əшкерлейді. Қоғамдық өмірдегі əділетсіздікті, халық басынан кешкен озбырлықты жыры арқылы жеткізеді. Сол кезді қаз-қалпында көрсетуге тырысады.
...Аждаһаның ауызында
, Айырылып қалдық қоныстан.
Берекелі мизам шықпай тұр,
Əлі бізге орыстан, —
деп ашына айтып, патшалық отарлау саясатының бар тауқыметін кешкен халқының мұңын мұңдауға ұмтылады. Кейіннен «алашшыл» ақын болып қалыптасады. Туған халқын жанымен сүйген «алашшыл» ақынның қай туындысын оқысақ та елім, жерім деген азаматтық үні айқын естіледі.
19 ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, жан-жақты талант дарыған қазақ өнерпаздарының ең соңғы тұяғы — Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы. Қазір қазақ музыкасының алтын қорына енген Үкілі Ыбырайдың əндері өзінің сыршылдығымен, тереңдігімен көзге түседі. Оның əндерін орындау үшін диапазоны кең, ғажайып сазды тамаша дауыс, əрі үлкен орындаушылық мəдениет керек. Үкілі Ыбырай артында қалған ақындық мұра да елеулі.
Қазақ əдебиетіндегі ең бір күрделі кезең — XX ғасырдың басы. Осы уақыт — қазақ халқы үшін жер бетінен жойылу мен тарих аренасында қалу дегендей алмағайып халді алға тартқан күрделі кезең. Бұл кезеңге орыстың отарлау саясаты шеннен асқан қысым болып жетті.
20 ғасырдың басындағы қазақ поэзиясына тəн бір ерекшелік, бұл кезде қазақ ақындары тыңдаушыға арналып, ауызша тараған жырлардан тасқа басылып, қағаз бетіне түскен сөздің
артықшылығын əбден түсінген еді. Петербор, Орынбор, Қазан, Уфа, Ташкент сияқты қалалардан əр түрлі мазмұндағы қазақ кітаптары көптеп шығып жатты. Алғашқы қазақ романдары жарық көрді. Казақша дербес газет, журналдар шыға бастады. Бұлардың беттерінде ақын, жазушылардың жаңа шығармаларымен қатар, əлеуметтік теңсіздік туралы, қазақ халқының бүгінгісі мен болашағы туралы мақалалар жарияланып тұрды. Халықтың өткеніне — тарихқа, материалдық жəне рухани мəдениетке ықыласы артты. Монографияға татырлық бұл зерттеу кітабында автор əдебиет тарихында орын алып тұратын сапалы күрт өзгерістерге мəн берген. Дəлел ретінде 1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап шыққандығын алға тартады. Оның бірі — Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», үшіншісі — «Оян, қазақ!» атты Міржақып Дулатұлының қазақ елінің манифесіне айналған публицистикалық-лирикалық жинағы. Жақаң еңсесі түсіп езіле бастаған қазақ халқының тарих сахнасына шыққан революциялық күрестер мен шайқастар дəуіріне дəлме-дəл келді. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның отты шығармашылығы — қазақ халқының бостандығы мен теңдігі еді. Ол ұйқыдағы ұлтты ояту үшін жан дауысымен, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. «Оян, қазақ!» — деп қалың ұйқыдағы қазақ даласын оятуға талпынды. «Оян, қазақ!» жинағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифесіндей зор роль атқарған кітап болғаны ақиқат.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиетінің тақырып ауқымының кеңейіп, идеялық тұрғысының биіктеп, көркемдік қасиетінің жоғарылауы, бір сөзбен айтқанда, жаңа сапаға ие болуы қазақ халқының көгінде жарық жұлдызша ағып өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров есімімен байланысты. Кедей, кембағал ортадан шығып, өз бетімен іздену нəтижесінде терең де тиянақты білім алған ақын өзінің күрес үстінде өткен қысқа ғұмырын бір-ақ мақсатқа — туған халқына қызмет ету жолына арнады.
Сұлтанмахмұт аз жасаса да, артына қазақ əдебиетін жаңа белеске көтерген, қоғами мəнді, əдеби кемел туындылар қалдырды. Ол қазақ əдебиетіндегі сыншыл реализм дəстүрін одан ары дамытты, қазақ поэзиясындағы əлеуметтік, ойшылдық сарынды тереңдете түсті, азаматтық лириканы бұрын болмаған биікке көтерді, қазақ романының, қазақ əдеби сынының негізін салушылардың бірі болды. Сұлтанмахмұт өнернамасы қазақ əдебиетінің өрісін кеңейтті.
Зерттеуші Рашит əл-Каренидің пікірі бойынша, қазақ поэзиясында үлкен орны бар аса талантты ақын — Мағжан. Автордың ойынша, Мағжан Жұмабаев — XX ғасырдағы аса көрнекті ақын. Ол қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Бұл ретте оны ұлы Абаймен ғана салыстыруға болады. М.Жұмабаев шығармашылығы — бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ қазынасы. Сондықтан да оны түркі тектес халықтарының барлығы да өздерінің төл перзенті, төл ақыны ретінде құрметтейді.
Жалпы, М.Жұмабаевтың ақындығын сөз еткенде, Ж.Аймауытовтың айтқан мына бір пікірін есте ұстаған жөн дейді кітап авторы: «Қазақ əдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес: орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазақшаға аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты» (Мəшһүр-Жүсіпов Қ. Мағжанның шеберлігі // Жұлдыз. — 1991. — № 11. — 142-б.).
Автордың пайымдауынша, Мағжан — гауһар тас сияқты сан қырлы ақын. Іздеген адам оның поэзиясынан бəрін табады. Əсіресе Мағжанның елін, жерін, халқын сүю сезімі ерекше. Əрбір қазақ Отанды, елді, жерді сүюді Мағжаннан үйренуі керек.
Халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезов Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық шығармашылығын жоғары бағалап, оны қазақ ақындарының арасында Абайдан кейінгі тұлға ретінде танығаны белгілі. «Мағжан — əлемдік мəдениеттегі ұлы ақын» деген Əуезов пікірі оның əлемдік əдебиеттегі орнын айқын аңғартса керек.
Мағжанның «Ертегі», «Жүсіп хан», «Қорқыт», «Тоқсанның тобы», «Батыр Баян» поэмалары ақынның өткені мен бүгінгіге көзқарасын бейнелейді. «Жазды күні қалада», «Шойын жол», «Айда атыңды, Сəрсен-бай!» өлеңдерінде туып-өскен ауылын, оның табиғатын, қазақ даласын суреттейді. Өткен ғасырдың 20–30-жылдары М.Жұмабаевтың осы өлеңдері жаңаға қарсы ескішіл ақын деп кінəлауға себеп болды.
Зерттеуші əл-Каренидің қазақ поэзиясында Абай дəстүрін жалғастырушылардың бірі деп бағалаған ірі тұлға — Қасым Аманжолов. Ол қалың оқырмандар жұртшылығы мен əдебиетші қауымға от сезімді, шұрайлы сөз, соны тіл, дауылды жырдың ақыны болып танылды.
Қасым өзі айтқандай, табиғаттың өзі өлеңнен құя салған жан еді. Оның өлеңдерінен табиғаттың өзіндей балалықтың, табиғаттың өзіндей даналықтың лебі есетін. Қасым көп жыл бойы тау етегінде, бұйра бұлақтың жағасында тұрды. Қасымның кішкене үйін жасыл жапырақтар жасырып тұратын. Қарсы алдындағы қырқада көктем туысымен-ақ алуан түрлі жеміс ағаштары құлпыра тербелетін. Соның бəрі Қасым жүрегіне көл-көсір жыр болып құйылып жататын. Кейде Қасым тəкаббарлықты таудан алса, өлеңнің сан құбылып келетін сазды үндерін көкала толқынды бұлақтардан алғандай болатын. Табиғаттың тамаша құбылыстары Қасымның жыр дəптерлерінде қайтадан бір тоғысып, шебер суретшінің кестесімен кем-кетіктері түзеліп, ажарлана құлпырып, торғындай толқып, түрлене түсетін.
Қасымның ең үлкен қасиеті — ол жалған айтып жалтармайтын, өмірде де, өлеңде де шыншыл болатын. Сол шыншылдығы оны жылдар сынынан жоғары алып шықты. Қасым шындықтың қараңғы аспанды найзағайдай қақ жарып мерейі үстем болып жарқылдап шығатынын көрсетті.
Автор қазіргі қазақ поэзиясының мəселелеріне тоқталып, поэзия — адамның дүниеге, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы; ол бостандықты, еркіндікті талап ететінін байқаған.
Поэзия түрлі жағдайлардың қуат-əсерін жоққа шығармайды, бірақ оның еркіне бағынбайды. Ол арқылы адам өзінің ішкі жан дүниесінің толғанысын, пікірін білдіреді.
Осыған сəйкес, қазіргі қазақ ақындары дүниеге көзқарасын өзінше білдіреді, бірақ бəрі де өздерінің өлеңдерінде адам, сүйіспеншілік, табиғат, Отан, ана тілі сияқты дəстүрлі тақырыптарды бірдей жырлайды.
Мəселен, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ана тілі туралы тақырыпты одан əрі өрбітті. Ол орыс тілінің саздылығын жəне қазақ тілінің əуенділігін түсініп, оларды жалғастыра алды.
Мақатаев Блоктың өлеңдеріне тəнті болды, оны «орыс поэзиясының алыбы» атады. Ол Блокты қазақшаға аударды. Поэзия оны Блокпен, Шекспирмен жəне Уитменмен жақындастырды, олардың шығармаларын ана тіліне тамаша аударды.
Мақатаев əлемдік поэзиядан көп нəрсені үйренді, бірақ еліктеген жоқ.
Қалқам, Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі — құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Ол халықтан, оның аңыздарынан алғанды ғана кері қайтарамын деді.
Қазіргі таңда Мұқағали поэзиясы бүкіл қазақ даласын өлеңге орап, əнге бөлеп тамылжытып тастағандай.
Ақын қаламынан туған дүниелер ресми салтанат пен мерейлі думандарда, отбасылық тойларда, тіпті қайғылы халде де оқылатыны таңғалдырады.
Ақын да, əкім де алқалы жиында сөз алса, оның өлең шумақтарынан мысал келтіріп, əнші мен жыршы өнер көрсетуге шықса, оның сөздеріне саз арнап орындауға құштар.
Себебі Мұқағали Мақатаев — бүкіл Алаштың ақыны, халқының арда туған айрықша тұлғасы. Сөз соңында айтарымыз, қазақтың жиырма алып ақын-жырауларының, сал-серілерінің өлең- жырларын жинақтап жарыққа шығарған көрнекті ғалым Рашит əл-Каренидің бұл еңбегін уақыт талабына жауап берер шығарма деуге болады. Бұл еңбек қазақ поэзиясының өсіп-өркендеу жолына көз жіберуге мүмкіндік береді деген ойдамыз.