Өлең жолдарындағы ұйқас туралы айтқанда редиф жөнінде айтпай кету мүмкін емес, өйткені бұл құбылыс — ұйқаспен тікелей байланысты мəселе. Редиф — көркемдік тəсіл жəне поэзиялық шығармаларда кездесетін ерекшелік. Бұл турасында профессор С.Негимов: «Ұйқастың буындық құрлысына тоқталғанда өлең эвфониясын арттыратын редифті ұйқас та мол ұшырасады. Редиф дегеніміз — ұйқастан соң бір не бірнеше сөздің тұрақты қайталануы. Ұйқастың редифпен келуі буын мен дыбыс үндестігіне сəйкестелуі өлеңнің музыкалығына кең өріс ашады» [1] дей келіп, бұл қосымшаның əдеби айшықтығын баса көрсеткен. Ал біздің тарапымыздан бұл қосымшалардың тілдік тұлға түріндегі байланыстырғыш рөлі көрсетілмекші.
Ерте заман поэзиясындағы редиф құбылысының мəнін А.Ахметбек былайша көрсеткен: «Ахмет Йассауи хикметтері зікір негізінде туындағандықтан, зікірдің атрибуты қайталамалар (редиф) өте көп кездеседі. Оның «мəнə», «əрміш» сияқты жай редифтермен қатар күрделі бір тармақтық редифтерді қолдануы хикметтердің əуендік ырғақта айтылуына мүмкіндік берген. Бұл редифтер көркемдеу қызметімен қоса əр тармақ не шумаққа мағыналық толықтық пен мəнерлілікті беріп отырған» [2].
Ал орыс ғалымы И.В.Стеблева өзінің «Ритм и смысл в классической тюркоязычной поэзии» деген еңбегінде редифті: «Согласно определению средневековых поэтик, редиф — это одно или несколько слов, следующих за словами с буквой равви (т.е за рифмующимися словами). Редиф должен быть неизменным на всем протяжении стихотворения. Это значит, что слова, образующие редиф, должны употребляться в одинаковой грамматической форме, иметь один и тот же смысл и занимать в бейтах ритмическую тождественную позицию» [3; 89], — деп сөз еткен.
Негізінен, редиф түзеуге ең көп қатыстырылатын элемент — күрделі етістіктің көмекші сыңары. Демек, бұл құбылыс, ең алдымен, баяндауыш мүшелердің құрамында молынан жүзеге асады. Бұл турасындағы пікірімізді нақтылау үшін И.В.Стеблеваның мына тұжырымын ұсынамыз: «Очень часто в редиф ставится вспомогательный глагол, образующий глагольную часть сказуемого, и уж поэтому редиф невозможно было исключить из бейта (или его полустиший), не нарушив смысл, заключенный в их предложениях» [3; 90].
Жыраулар туындыларында күрделі баяндауыштың көмекші сыңары əр сөйлем сайын қайталанып редиф жасайды. Өздері қатыстырылған жолдардың өзгеше өрнегін айшықтайды. Бұл олардың өлең жолдары ішіндегі əуез талабын еселеуші құрал қатарына енуі. Мұнда келер шақ есімшенің жалғауымен келген е-етістігі жиі қолданылады.
Шалкиіз жырау:
Құсты жисаң бүркіт жый,
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас, тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жеміле ғаламға күлкі етер [4; 86].
Етер етістігі өткен шақ есімшенің қосымшасымен келіп, күрделі баяндауыштың көмекші сыңары тұлғасында да редиф жасап тұрады.
Үмбетей жырау:
Қосағың қоса ағармас қосақ екен,
Құдайым осылайда қосады екен.
Тоты құс жарақатқа кенде бопты,
Бұқарым, айтар міне осы-ақ екен [4; 129].
Бұқар жырау:
Тоқсан бес деген тор екен,
Дəйім жаның қор екен,
Қарғиың десең екі жағың ор екен
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмейтұғын неме екен [5; 37].
Жиембет жыраудан келтірген жолдарда есімшенің болымсыз формасымен де келген:
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес... [4; 52].
Бұқар жырау мəтінінен берілген екі сөйлем көлемінде болымсыз формалы де етістігінен болған:
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз... [5; 59].
Осы жыраудың мына жолдарынды редифті бұйрық райлы етістік жасап тұр:
Айтар болсаң алланы айт,
Таңертең азан шақырған
Дауысы сұлу молланы айт... [5; 102].
Үмбетей жыраудың толғауы мəтінінен жедел өткен шақ формасындағы болды етістігінен жасалған редифті көре аламыз:
Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды... [4; 78].
Демек, жыраулар туындыларында көбіне күрделі баяндауыштардың көмекші сыңарлары — редиф жасаудағы өте өнімді тəсіл. Оған бұлардың тармақ немесе сөйлем соңындағы тұрақты орындары негізгі себеп.
И.В.Стеблева баяндауыш мүшелердің редифіне қатысты былай деген: «Следует специально отметить, что редиф, как повторение одного и того же слова на концах полустиший, в тюркоязычной поэзии широко использовался потому, что многие глагольные формы являлись составными, их именную часть образовывали арабские и персидские слова, в качестве вспомагательных глаголов употреблялись слова қылмақ, етпек (делает), согласно же нормативному порядку слов трюкского предложения сказуемое (особенно его глагольная часть) всегда должно находиться в конце предложения. Поэтому использование глагола-сказуемого в качестве редифа для тюркской поэтической речи было вполне естественным, ибо сохранялась правильная синтаксическая конструкция тюркского предложения» [3; 93].
Сонымен қатар бұл ғалым күрделі баяндауыштың көмекші сыңарынан басқа өзге де сөздер редиф бола алатынын айтады [3; 94].
Арнау өлеңдердің көбінде адресаттың аты ұйқас құраушы сөзден кейін келіп, редиф жасайды. Əдеттегі орындары сөйлем соңында келмейтін есім сөздердің ырғақты жолдардың ерекшелігіне сай тармақ не сөйлем соңына түсуінің бір қыры осы жерден табылады. Жыраулардың өздері өмір сүрген кезеңде мемлекет басқару ісіне араласуынан да олардың туындыларынан ел басқарған хандар есімдерінің қатысуымен редиф жасалып тұрады.
Бұқар жырау:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай... [5; 37]
Мына толғаудағы жолдың ең соңында келіп отыратын демеулік шылаудың осы шығарманың құрылымдық тұлғасын өрнектейтінін байқауға болады. Мұндай жағдайда автордың ішкі тебіренісі, толғанысы айрықша мəнде келген.
Енді бір толғаулар жолдарында ел қорғаны батырлардың аттары редиф жасап тұрады. Бұлар да əр сөйлем соңында ұйқас құраушы сөзден кейін қайталанып келіп, сол бойында мəтіннің ден бөлігін қамтиды. Олардың əсерінен туындының ішкі мəні мен сыртқы түрінде белгілі бір үйлесім туындайды.
Үмбетей жырау:
Уа, Алатаудай ақшадан,
Асып тудың, Бөгенбай,
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай!
Құбыла көшкен байтақтың
Ордасындай Бөгенбай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай Бөгенбай!
Қолтығы ала бұғының
Тəйкесіндей Бөгенбай! [4; 131].
Ал мына толғау болса туған жер, өскен ортаға айтылған арнау түрінде келген. Бұл өз кезегінде шығарманың тілдік өрнегін айшықтайды. Солай болғандықтан, жұрт сөзі бұл толғау жолдарындағы ұйқастан соң үнемі қайталанып отырады. Демек, бұл сөз мағыналық маңызбен бірге құрылымдық қатарды тізбектеп тұрады. Соның нəтижесінде олар редиф жасап тұр.
Бұқар жырау:
Ақ сары атан еспелі,
Ел жайлауға шыққан жұрт.
Ақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт.
Мамырласып, бай болып,
Байсал тауып жортқан жұрт... [5; 41].
Мұндай редифтер түзілгенде сол сөз арқылы автор белгілі бір мазмұнға ерекше назар аудартады. Мұнда автор жұрт сөзін нақтылап тұрады. Сол сөз арқылы өлеңнің мазмұнын тереңдетеді, идеялық ойды айшықтайды əрі өлеңге көркемдік мəн үстейді. Демек, олардың шығармада атқаратын көркемдік орамы осындай болып келген.
Келесі толғауларда редиф түзеуші сөздер арқылы шығармадағы іс-əрекеттің мезгілдік дүркінділігі өрнектеледі. Автор бұларды үнемі қайталау арқылы сол сөзге ерекше назар аудартады.
Бұқар жырау:
Қызды ауылды көргенде,
Бұлаңдатқан жиырма бес.
Төстен қашқан түлкідей,
Сылаңдатқан жиырма бес.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды құшқан жиырма бес... [5; 34].
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұрылып ұшар жаз күні.
Боз мойынды сұр үйрек
Көлге қонар жаз күні.
Байлар ұғылы шоралар,
Көл жағалар жаз күні [5; 24].
И.В.Стеблева бұл аталған ерекшелікті редифтер жайында: «В тех случаях, когда редиф является дополнительным средством художественного изображения. Такой редиф приобретает характер припева и используется как ещё одно украшение поэтической формы, призванное осуществить многоступенчатые смысловые связи единой семантической системы произведения» [3; 130], — дейді. Толғаулардағы редиф жасаушы элементтердің келесі түрі — септеулік шылаулар. Септеулік шылаулар — қатар тұрған сөйлемдердің арасындағы құрылымдық байланыс желісін еселей түсетін амалдың бірі. Бұл шылаулар мезгіл, мақсат мағыналы сөйлемдердің сипатын арттыруда қосымша реңк үстейді. Əрі өлеңге көркемдік əсер беріп, қатар келген сөйлемдердің ырғақ желісін, өлшем қатарын сақтап тұрады. Соның нəтижесінде мəтін ішіндегі ерекше əуен үндестігі пайда болған.
Ақтамберді жырау:
Көк көгершін, көгершін,
Көкқұтан ұшар жем үшін.
Тем, тем үшін, тем үшін,
Теңкиген қара саба жоғы үшін.
Көк шекпенін бөктеріп,
Ерлер жортар мал үшін.
Тұтам емшек бие үшін,
Қатын-бала қамы үшін [4; 107]
Бұқар жырау:
Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң.
Құбылып тұрған бəйшешек,
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон,
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай,
Мортық болар бүлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң,
Төресін жаңылар малдан соң... [5; 2].
Демеулік шылау да əр сөйлем жолындағы ойдың қорытынды бөлігінде қайталана отырып, редиф жасайтын жерлері толғаулардан біршама кездеседі. Келесі толғау жолдарындағы сөйлемдердің ішіндегі редиф амалын сұраулық шылаулардың үздіксіз қайталамы жасап тұр.
Доспанбет жырау:
Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұспан жолдан жүргей ме,
Қатарланып, қорланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме! [4; 68].
Ақтамберді жырау:
Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма,
Биенің сүті сары бал —
Қымыздан асқан дəм бар ма! [4; 108].
Осы жыраудың мына толғау жолдарында редиф жасаушы сұраулық шылау сөйлемнің бірінші тармақ соңында келген:
Сары аязда қата ма
Қайнардың аққан тұнығы,
Қап түбінде жата ма
Болаттың асыл сынығы,
Халқы тозып кем болмас,
Əділ болса ұлығы [5; 66].
Бұқар жыраудың мына толғауында қарсылықты (-да), екінші толғауында күшейткіш демеулік (-ай) шылаулар редиф сипатында тұрғанын байқауға болады:
Əлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Əлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат! [5; 175].
Əй, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бəрі күмəн-ай.
Баспақ-тана жиылып,
Фани болған заман-ай... [5; 31].
Ал Шалкиіз жыраудың мына толғауы жолдарындағы ұйқас жасаушы сөзден кейін келген -дүр
қосымшасын да редифке жатқызуды жөн санадық:
Жапырағы жасыл жаутерек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр... [4; 76].
Мұндағы дүр элементі болар сөзін де айырбастайтын сияқты. Дегенмен, мəтін көлеміндегі көркемдік қырына байланысты олар əр тармақ соңындағы редиф болып табылады.
Редиф — тек поэзияда кездесетін ерекшелік. Өлеңді туындының мəтінінде ғана келетін құбылыс. Ол — ұйқас жасаушы сөзден кейін келіп, өлең ырғағын, əуезділігін арттыруда қолданылатын тəсіл. Редиф жасаушы тұлғалар қатар келген сөйлемдердің мағыналық жəне құрылымдық тұтастығын арттырады. Əр түрлі дəрежедегі редиф жасаушы тілдік тұлғалар қатар келген дербес сөйлемдердің əрқайсында келіп, сол сөйлемдердің бір-бірімен байланысын үстейді. Редиф позиция арқылы шумақты шегендейді. Ол көбіне күрделі баяндауыштың қосалқы сыңарын құраушы көмекші етістіктердің қатысуымен жүзеге асады. Əсіресе есімше тұлғалы сыңарлар көп қолданылған. Редиф жасауда осы етістіктің көмекші сыңарлары көп қатыстырылуы баяндауыш сөйлем мүшесінің сөйлем соңында келіп, ұйқас құрауынан деп білеміз. Сөз жоқ, болжам мəнді есімше қосымшаларының бұл тұрғыда көп байқалуы жыраулар шығармаларының ақыл-кеңес, болжам мазмұнды болып келуімен тікелей байланысты.
Толғаулардағы редиф жасаушы элементтердің келесі түрі — есім сөздер. Жоғарыда келтірген хан, батыр аттары бұл сөзімізге дəлел бола алады. Ал мұны болса сол толғаулардың арнау түрінде келетіндігімен түсіндіреміз. Ондағы редифтер сөйлемдер байланысын жүзеге асыруымен қатар жыраулардың сол тұлғаларға деген сүйіспеншілік, құрмет, ізет, ризалық ниетін көрсетеді.
Ал редиф жасаушы шылау түрлері өздері қатыстырылған жолдарға қосымша мəн үстеп тұрады.
Мұнда олардың септеулік, демеулік сияқты түрлерін көре аламыз.
Əдебиеттер тізімі
- Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис, стилистика. Поэтика. — Алматы: Ғылым, 2001. — 263-б.
- Ахметбек А. Қожа Ахмет Йассауи: Көмекші оқу құралы. — Алматы: Санат, 1988. — 101-б.
- Стеблева И.В. Ритм и смысл в классической тюркоязычной поэзии. — М.: Наука,
- Алдаспан. (XV–XVII ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы). — Алматы: Жазушы,
- Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары. — Алматы: Мұраттас,