Ғасырлар бойы жер бетінде тіршілік етіп келе жатқан қай халықтың да күнделікті өмір- тұрмысында жекелеген адамдардың не өзіндік əр түрлі ерекшелігі бар шағын топ мүшелерінің арасында жалпыдан құпиялап, тек өзара ғана пікір алысуында ертеден-ақ пайдаланған шартты сан алуан амал-тəсілдері болып отырғаны — тарихи шындық. Бұлай болуы заңды да, себебі құпиялық құрылысы табиғаттың да адам өмірінің де өзіндік бір маңызды тілі екені сөзсіз. Сондықтан да біз табиғат тылсымдарының, адамның жан дүниесі сырының жұмбақтарын философияның осы құпиялық категориясында қарастырылатындай көреміз. Демек, қоғам мүшелерінің кейбірі арасында болып жататын құпия түсініс үдерісі (процесі) көбіне тек жеке адамдарға ғана қатысты жай құбылыс болуымен бірге кей тұстарда мемлекеттік те сипаты бар проблема болып есептеледі.
Қазақ тіліндегі құпия түсініс сан түрлі амалдармен беріледі. Себебі адамдар өз араларындағы құпия, жасырын əрекеттерін дыбыстық тіл арқылы ғана жеткізіп қоймайды, кей жағдайларда түрлі таңбалар мен ишараттар арқылы да түсініседі. Яғни, сөйлеу актісіне мимика мен түрлі таңбалар қатысады. Мысалы: 1. – Апаспақар, сепін мепініпі кепешіпір. Мепін сепініпі жапықсыпы көпере тұпұрсапам да сепініпің шепешепеңніпің апайтқапан сөпөздеперіпі жүпүрепегіпімдіпі тіпіліпіп өпеткепендепей бополдыпы. Бұл туралы «Қазақ тілі энциклопедиясында» еже тіл «қазақ жұртының өзара құпияласып сөйлейтін сөзі, жастар жаргонының бір түрі» деген анықтама беріліп, «Секін мақығақын кекіл (Сен маған кел)» деген мысал келтірілген. Яғни, бұл сөйлемдегі əрбір сөзді буынға бөліп, сол бөлінген буынның алдына сынама -қі, -қы, -кы, -кі буындарын қосып, жалпыға түсініксіздік туғызып тұр [1]. Бұл тəсілді қолданушылар арасында қатынас құралы қызметін атқарып, жай ғана қызық үшін қолданылмағанын күнделікті тұрмыстан да байқауға болады, яғни, өзгеден жасырмақ болған хабарын жеткізу мақсатында қолданады. Зерттеу барысында мұндай амалдар басқа да тілдерде кездесетіндігін байқадық. Мəселен, орыстың тілші-ғалымдары құпия түсіністің осы түріне байланысты: «От остальных условных языков отличается наличием только общеиспользуемых слов. Особенно часто использовался способ, когда слова расчленялись на слога, к которым добавлялся одинаковый маскировочный элемент, например: -фер (вофердафер — вода) [2]. Демек, қай тілде болсын сөз құрамындағы буындар арасына өздерінің қалауына сай, яғни, жоғарыда келтіргендерден басқа да буындарды қосып сөйлеу арқылы құпия хабарларын жеткізіп отырады. Осы тұста этнограф Е.Р.Романовтың: «Большинство понятий выражались общеупотребляемыми белорусскими словами, затемненными специфическими вставками, приставками: ку-» [3], — деген пікірі еже тілдің құпиялылығын нақтылай түседі. Осыған ұқсас пікірді басқа да зерттеушілердің еңбектерінен кездестірдік: «Самый общеупотребительный и самый относительно старинный язык этого рода есть так называемый разговор по херам, когда слог хер или какой другой, что все равно, вставляется между каждым слогом произносимого слова, причем к началу, а иногда и к окончанию слова также приставляется избранный слог» [4; 234], — деп ертеректе дыбыс арасына буын қосып пікірлесу болғанын пайымдайды.
Демек, еже тіл — ерте кездегі қазақ жұртының өзара құпия түсініс үшін пайдаланған сөз қолданысы, жастар жаргонының бір түрі. Бұл тəсіл бойынша екі жақтың сөзін бөгде адам түсінбеуі үшін сөз ішіндегі буын аралығына қосымша дыбыстар сыналанып айтылады. Олар тілдесуші жастарға белгілі код болуға тиіс. Код кілтін таба алмаған адресат үшін бұл қатынас құралы бола алмайды.
Ерте кездегі жастардың осындай сөз қолданысын қазақ əдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтің өткен ғасырдағы қазақ даласындағы əлеуметтік тартыстарды суреттейтін «Оянған өлке»романындағы Назыкеш пен Сейіт сияқты жастардың құпияласып тілдесуінен айқын байқауға болады.
- Нафа-зыфы-кефеш, мефен сефеніфің тіфі-ліфің-діфі-дефе афа-лафа-сафаң кефе-лефе- жафат-қафанқұфыл-қыфын сафа-сыфы-рыфы-ныфы-қыфы мыфыз-біфіт-тіфі дефеп қафай- тафар-шыфы, — дейді Сейіт.
- Өфе-тіфі-ріфік афайт дефей-сіфіз бефе! — дейді Назыкеш.
- Өфе-тіфі-ріфік ефе-мефес афал-дафай сафал.
- Афал-дафау мефен өфе-тіфі-ріфік ефе-гіфіз-дефе-мефей-тіфін-бефе ефе-діфі.
- Офо-сыфы-ныфың сафа-ғафан қофа-жафайыфынсыфы-ғафа-ныфы-нафа жыфы-ныфым кефе-лефе-діфі!
- Қыфы-мыфыз нефе-гефе жыфы-лыфып кефет-кефен. Сафа-пыфыр-сафаң-шыфы дефе-гефен дафа сыфын ефес-тіфі-гефін-дефе-гефен-дефе қафай-да қафа-шафа-рыфым-дыфы біфі-лефе афал мафай кефе тефем.
Сейіт пен Назыкештің əрбір əріп пен буын арасына -фа, -фе сияқты бір буын қосып жат-жаладан нені жасырғанына көңіл аударайық:
Назыкеш, мен сенің тіліңді ала жүрсін десең, мына келе жатқан құлқын сарыны қымыз бітті деп қайтаршы... — деген ғана сөзі еді.
Өтірік айт дейсіз бе?
Өтірік емес. Алдай сал, — дейді Сейіт қалжыңдап. Алдау мен өтірік егіз дейтін бе еді? — деді Назыкеш. Оның саған қожайынсығанына жыным келеді.
Қымыз неге жылып кеткен? Қорқып кетесіз бе?
Жоқ, естігім келмейді.
Осы үзіндіде Назыкеш пен Сейіт еже тілді не үшін қолданған? Сөз жоқ, мұндағы мақсат — екеуінің құлқын сары түсінбесін деген ниеттерінен туған. Осы секілді сөз арасына буын қосып сөйлеу жастар арасында өте жиі қолданылған тəсіл болғаны байқалады. Еже тілден басқа да құпия хабарды жеткізуші амалдың бар екенін төмендегі мысалдан байқаймыз: Кіші жүздің биі мен Бекболат шешеннің арасындағы ишара: Кіші жүздің биі екі қолын айқастырыпты. – Бекболат «құп болады» депті. Би: Алақанын жұмып-ашыпты. – Бекболат «құп болады» депті. Би: Қолын сермеп-сермеп қояды. – Бекболат «құп болады» депті. Би қолын түйістіріпті. – Бекболат «құп болады» деп он саусағын көрсетіпті. – Би «құп болады» депті. Осындағы бір ғана құп болады деген сөз тіркесінен басқа ешқандай артық сөз жоқ. Бірақ екі адам арасындағы түсініс дыбыстық тілсіз-ақ тек қол, алақан,
саусақ сияқты дене мүшелерін түрлі қимылға келтіру арқылы толық орындалған. Мұндағы амалдар контекстік жағдаятқа негізделген, себебі қолды айқастыру контекске байланысты түрлі мағынада жұмсалуы мүмкін. Айталық, жұмысымды аяқтадым, боспын дегенді білдіруі мүмкін. Сол сияқты, адамның тоңғаны да осы ишарат арқылы беріледі. Бірақ дəл осы контекстік жағдаятқа байланысты алысуға жараймын дегенді білдіреді. Ал осы бейвербалды амалдар тек қарым-қатынасқа түсуші адресант пен адресат арасында ғана толық түсінісу қызметін атқарады. Əрине, тілімізде таза бейвербалды амалдар арқылы айтайын деген ойын тұтастай, толық жеткізуге болатын тұстар да кездеседі. Мұны Т.Аяпова «прототіл» терминімен түсіндіреді [4].
Дыбыстық тіл адам баласының бір-бірімен пікір алысу, қарым-қатынас жасаудағы ең басты құралы болғанымен, олар тек сөз арқылы ғана емес, сонымен қатар дененің түрлі қимыл-қозғалысы арқылы да түсінісе алады. Тіліміздегі осындай бейвербалды амалдар сөйлеу барысында адамның қобалжу, қуану, толқу иірімдерін білдіріп қана қоймай, құпия, жасырын ақпаратты жеткізу мақсатында да қолданылады.
Адам баласының қарым-қатынас жасау қажеттігінен пайда болған дене тілі туралы түрлі пікірлер бар. Мəселен, тілші-ғалым Қ.Жұбанов: «Дыбыстап сөйленген сөздің олқысы, көбінесе ыммен толады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да, ыммен ылаждап түсінуге болады» [5]. Бұл пікірден сөйлеу əрекеті кезінде айтылмай қалған немесе түсіп қалған сөйлемді тыңдаушыға бейвербалды құрылымдар арқылы толықтыруға болатындығын аңғарамыз. Бұл пікірді басқа да ғалымдар құптайды: «Ым-ишара — санамен ұғынылатын көнеден келе жатқан əмбебап сигнал. Ол ақпараттың дұрыс қабылдануына көмектеседі», [6] — деген тұжырымды қазіргі зерттеушілер еңбегінен кездестіреміз. Бірақ бұл амалдардың өзі көп мағыналыққа ие болғандықтан, кей тұстарда ақпарат алмасушылардың арасында түсініспеушілік туғызады. Сонымен қатар құпия хабарды жеткізуде олардың жалпы халыққа таныс мағынасынан ауытқушылық байқалады. Б.Момынова мен С.Бейсенбаевалар «Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігінде «бас шайқау» ишаратының үш түрлі мағынасын көрсетеді: «ренжуді, көңілі толмағандықты аңғарту», «таң қалу, таң-тамаша болу, таңырқау», «біреудің ойымен, пікірімен үзілді- кесілді келіспеуді» [7]. Зерттеушілердің еңбегінде айтылмағанмен, шағын топ мүшелерінің арасында келісімге келу ишаратын білдіру мақсатында қолданылады. Мысалы: Ербол төреші болғандықтан, енді жұрттың бəрі жаттап алған төрелікті өзі тағы бір айтып, өзі ойланып, бас шайқады (М.Əуезов). Жұмекен: «Əй, балам, балам! — деп басын шайқап аз тұрды да. – Ал, жолың болсын, ендеше! — деп қолын ұсынды (С.Ерубаев). Айдын теріс бұрылғанда, Алма Асанға басын шайқады (С.Ерубаев). Мұнысы келістік дегені еді. Келтірілген мысалдың алғашқысында «бас шайқау» ишараты арқылы отырғандармен келіспегендікті білдірсе, екіншісінде «реніш пен көңілі толмағандық», үшінші сөйлемде екі адамның келісімге келу ишараты байқалады. Бейвербалды амалдардың астарындағы мағына мен мəнді шеше алмаса, ол өзгелер үшін құпия, жасырын болып келеді. Бейвербалды амалдардың астарындағы хабарды толық түсіну үшін адресат пен адресанттың қолданылған құрылымдар жөніндегі білім дəрежесі тең болуы қажет. Мысалы: «Не айтасыз, қашан команда бересіз» дегендей, Александр Васильевичке қарап қоямыз (Жау тылында, 139-б.).
Ақ сары жігіт, «Тұра тұр» дегендей, аяғынан тартып қалды. (Жау тылында, 102-б.). Екі сөйлемде де ешқандай артық сөз жоқ тек қана астыртын ымның көмегімен айтар ойларын жеткізіп тұр.
Демек, ым мен ишаратты орайын тауып қолданса, ешбір дыбыстық тілсіз қарым-қатынас жасауға болатынын дəлелдей түседі. Адамдар өз араларындағы жасырын əрекеттерін, құпия хабарларын ым, ишара, емеурін арқылы жеткізу жиі кездесіп отыратын тəсіл. Осындай, ым- ишараның тоғысып келіп, кейіпкерлердің бейнесін ашуда үлкен рөл атқаратынын байқататын төмендегі əңгіме желісіне көңіл аударсақ:
Ерте заманда үш ағайынды жігіт ұзақ жолдан келе жатып, таң алдында көшіп кеткен үйдің жұртына келіп тоқтайды. Осы кезде үйге қыз кіріп келіп, үш жолаушының ортасына бір үлкен кесені төңкеріп шығып кетеді.
Қыз кеткен соң үшеуі: осы кесенің астында қандай зат бар? — деп таласады. Біреуі тұрып мұның астында қызыл зат дейді. Алғашқы білгір жігіт олай болса қызыл анар болды ғой деп, кесені төңкеріп көрсе, шынында да бұзылмаған анар екен. Қонақтарға шай жасауға келген қыз кесе мен анарды алып кетеді де, қайтып келіп, дастархан жайып, шай құйып беріп отырады.
Қызға қарама-қарсы бөстек үстінде отырған алғашқы жігіт қызға қарап, сақалын сипап тарамдай береді.
Мұны байқап отырған бойжеткен жігітке қарап, шашын сипайды. Жолаушы жігіт енді өзі отырған астындағы бөстектің жүнін сыпыра сипайды. Осы кезде қыз жігітке қарап, көзін жұмып тілінің ұшын жылт еткізеді. Ұйқыға кеткен жолаушылар мен үй иелері таңертең төсектен тұрса, сақалды жігіт пен қыздың қол ұстасып бірге кеткенін біледі.
Шаш, сақал, бөстекті сипап, көзін жұмып, тілін көрсету — мəтіндегі пікір алысу, тілдесу қызметінде жұмсалған бейвербалды амалдар. Бұларды қолдануда бірде-бір дыбыстық тіл қатыспаған, бірақ екеуінің арасындағы қатынас үшінші жақтағыларға мəлімделмей толық жүзеге асқан. Осындағы жігіттің қызға қарап сақалын сипағаны — «Əкеңе сақалының түгіндей көп мал берсем бере ме екен?» дегені, қыздың шашын сипағаны — «Шашындай мал берсең, береді» дегені. Бөстектің жүнін сыпыра сипағаны — «Сен үшін малды мына бөстектің жүніндей беремін» деген ой жеткізсе, қыздың көзін жұмып, тілін шығарғаны — «Ел ұйықтаған соң тілдес» дегені.
Бұл əңгімеден ымның тамаша құпия тілдесу амалы екенін айқын аңғаруға болады. Жалпы халықтық түсіністе ер адамдардың сақалын сипауы — бір нəрсе жайлы қатты ойға берілген қалпын белгілейді. Ал, бұл тұста жалпы халықтық түсіністен ауытқып, екі адамның өзара жасырын хабар алысу қызметін атқарып тұр. Дегенмен, күнделікті тұрмыста айтатынымызды сөзбен жеткізу мүмкін бола бермейтін жағдайлар кездеседі. Сондайда тілдегі бейвербалды амалдарды қолдану тиімді. Мəселен, соғыс жылдарына арналған Қасым Қайсенов шығармаларынан алынған: Иван Кузьмич, «Бері жүр» дегендей, маған қолын бұлғап, өзі су жағасымен төмен қарай тартты (113). Иван, «Мынаның өнерін көрдің бе?» дегендей, маған көзін қысып қалды (132). Александр Васильевич,«Əзірге тұра тұрайық» дегендей, үлкен саусағын шошайтып, көзін қысып қалды (160) деген мысалдардан байқайтынымыз, қаншама іс-қимыл, үлкенді-кішілі, жағымды-жағымсыз əрекет, оқиға, қауіп-қатер туралы хабарлар, команда — бəрі де саңқылдаған, сампылдаған сөзбен емес, көбіне ым, көз қысу, қолын бұлғау, саусағын шошайту арқылы жеткізіліп, өзара түсініс, сөзсіз байланыс осылар тəрізді əр алуан амалдармен жүзеге асырылған.
Адам баласының ақпаратты жеткізу үшін қолданатын материалдық объектісі — таңба. Қарым- қатынас құралы ретінде жұмсалатын таңбалардың тілдегі қандай да бір семантикамен алмастырылып, белгілі бір мағынамен қабылданатыны белгілі. Мысалы, жол бойындағы бағдаршамның қызыл түсінен жүріңіз, жасылы арқылы тоқтаңыз, сарысынан дайындалыңыз дегенді түсінеміз. Бұл жердегі əрбір таңбаның тілде қабылданған мағынасы болғандықтан, біз осындай əрекеттерге барамыз. Таңба мағыналық мазмұнға ие категория. Егер адресант пен адресат арасындағы код дұрыс декодталмаса, ол коммуникативтік қызметті атқара алмайды. Мысалы, детективті шығармаларда келісімнің бұзылғанын «терезенің алдына гүл қою» арқылы жеткізсе, қарапайым тұрмыста көбірек күн сəулесі түсіп, гүліміз жақсы өссін деген тілекпен терезенің алдына қоямыз. Демек, таңба құпия хабарды жеткізуде де маңызды қызметке ие. Кез келген жасанды таңба алдын ала белгілеп қойылған бір ғана ақпаратты жеткізеді, коммуникативтік қызметте пайдалану үшін адресат пен адресанттың арасында оның мағынасы жайында келісім болуы шарт.
Осы сияқты түрлі шартты белгілер соғыс уақытында жиі кездесіп отыратындығын соғыс жайлы жазылған шығармалардан аңғаруға болады. Мысалы: Парашютты тез жиып үш рет сигнал береді. Біз де сол сигналды беріп орнымыздан тұрып, үлкен жерден келгендерді қарсы алдық (Қ.Қайсенов). Осы сөйлемдегі «фонардың қызыл түсті жарығы» — солдаттардың табысу белгісі. Бұл жерде де солдаттар өздерінің межелі жерге келгендіктерін жолдастарына хабарлап тұр.
Мысалы: Бір ағашты керосинге малып тұтатып алды да, терезенің форточкасынан үш рет жарқ еткізді (Б.Майлин).
Сөйлемдегі «үш рет жарық жағу» белгілік сипатқа ие. Бұл жерде де солдаттар өздерінің тұрған жерін басқаларға «үш рет жағылған жарық» арқылы жеткізіп отыр.
Тағы бір мысал: Бір кезде Ленаның аяғы жіңішке сымға тиіп кеткенін сезіп, сымды ұстап көрді де, қатты өкінгендіктен басын шайқап, Нинаға соңымнан ер дегендей қолын бұлғап белгі берді де, жүгіре жөнелді (Қ.Қайсенов).
Бұл сөйлемдегі «сым» белгілік қызметке ие, себебі сымның қозғалуы арқылы жақын маңда жау солдаттарының бар екенін анықтаған.
Осы сияқты, бір күні өрістен қайтқан малды жайғап болып, кешкі асты алдымызға енді ала бергенде электр шамы жалп-жалп етіп, сөніп жана бастады.
-Кино! — деп, үйдегілер қуана шу ете қалды.
-Қайдағы кино? — деп шамға таңдана қарап ем, бəрі ду күледі. Үзіндідегі электр шамының жалп-жалп етіп, сөніп-жануды киномеханиктің: «Ауылға кино əкелдім, соны көруге келіңдер!» — деп шақырған белгісі екендігін шығарма контексінен аңғаруға болады.
Аталған мысалдар белгінің қарым-қатынас құралы екендігін дəлелдей түседі.
Ғалымдар таңбаларды бірнеше түрлерге бөлген, соның бірі — дыбыстық таңбалар. Ысқырықтың таңбалық қасиеті туралы Г.Қамашева былай дейді: «Барабан арқылы тiлдесу Батыс, Шығыс жəне Орталық Африка халықтары кеңiнен қолданады. Алайда «барабан тiлi», «ысқырық тiлi» деген ерекше дербес термин жоқ, осындай айрықша тəсiл арқылы белгiлi бiр халық немесе тайпа өкiлдерi өз ойын ерекше өздерi ғана бiлетiн белгiмен жеткiзедi. Қазақ халқы барабан мен ысқырықты арнайы қолданбаса да, мал қайырғанда бос кəуектерді даңғырлату, əлдекімді шақырғанда, əлденеге таңғалғанда ысқырып жіберу, халық назарын аудару үшін керней (немесе басқа үрмелі-соқпалы музыкалық аспаптарды) қолдану, қауіпті жағдайды ескерту үшін (мəселен, жаудың келе жатқаны жайлы) немесе жорыққа аттануды, сонымен бірге ұрыстың аяқталғаны жөнінде ескерту мақсатында дабыл қағу да кездеседі» [8; 89].
Мысалы: Тамақ жеп ел аяғы басылғанда, Жүсіп мұның үйінің алдындағы қос теректің түбіне келіп жылқышы құс сияқты ысқыратын (Е.Қ.). Осындағы «ысқырық» Салтанат пен Жүсіптің табысу белгісі болса, ал халықтың түсінігінде «жылқышы ысқырса, су тасиды» деп деген мағынаға ие. Аз уақыт өткен соң, біздің барлаушыларымыз көкек болып белгі бере бастады (Ə.Шəріпов). Осындағы «көкек болып белгі беру» келісілген жерге жеттік дегенді хабарлап отыр. Ысқырықтың құпия тілдесу мақсатында қолданылғанын дəлелдейтін тағы бір дерек: Алексей кешке таман есік алдына шығып, өздерінің келген атына шөп салып жүрген болатын. Кенет біреудің ысқырғаны естілді. Аты үркіп бір бүйірге жалт беріп еді, Алеша шылбырынан тартып жібермеді. Айнала мүлгіп тұр. Тып-тыныш атына шөп салып болып, үйіне қарай жүре бергенде ысқырық тағы естілді. Алеша тоқтап, жан– жағын байқап, біраз тұрды. Сонан соң: «Біздің адамдар болса, ысқырып белгі бермесе керек еді ғой» деп ілгері қарай жүре беріп еді. Дуалдан топ етіп жерге түскен біреудің сыбдыры естілді. Біреу орысшалап тоқта дегендей болды. Жалт қараса еңгезердей біреу дəл қасында тұр.
-Сен не қылған адамсың? Кім керек, — деді Алеша.
-Сендер жатқан үйге неміс солдаттары түсіпті дейді. Сен екеуіңе жанымыз ашып, басқа бір үйге орналастырсақ деген оймен келіп едім, — дейді əлгі жігіт.
-Олай болса, «мен келе жатырмын» дегендей неге ысқырасың, кімге ысқырдың?
-Көшенің екінші бетіне бір жолдасымды тастап, өзім дуалға шығып, біреу қораға шығатын болар деп күтіп отырғанмын. Ысқырғаным «шықты» деп жолдасыма белгі бергенім ғой.
-Екінші рет неге ысқырдың?
-Екінші рет жолдасыма «кете бер», — деп хабарладым.
Біріншіден, бұл контекстен байқайтынымыз, екі адам «ысқырық» арқылы қарым-қатынасқа түсіп, яғни, біреудің сыртқа шыққаны туралы ақпаратты жеткізсе, екіншіден, «ысқырықты» адамдар басқа мақсатта да қолданатынын аңғардық. Себебі Алеша мен оның тобындағылар арасында бұл «мен келе жатырмын» деген ақпараттың белгісі.
Мысалы: Біреудің орман ішінде жүрген тысыры естілді. Шура көзін алмай, маңайын бақылап отыр. Арқасында жүгі бар, біреу дəп алдындағы дəу қарағайдың түбіне келіп отырғандай болды. Шура тоқылдатуын қайта бастады. Əлгі кісі орнынан тұрып, тура Шураға қарай жүрді. Ол радист Петька екен (Ə.Шəріпов).
Бұл сөйлемдегі «тоқылдатып дыбыс беру» солдаттардың табысу белгісі сияқты.
Тағы бір мысал: Қарабас фарфор кесені ағаш қасықпен қаққылап белгі берді (Жұлдыз. — 2003. — № 12, Ордалы жылан. — 15-б.). Қарабас «фарфор кесені ағаш қасықпен қаққылап» өзінің келгендігін білдіріп тұр.
Құпия тілдесімнің тамаша үлгісі болып табылатын «ысқырық» туралы американдық лингвист Дж. Коуэн мынадай оқиғаны айтады: Бiрде ол Эйсебио деген индеецтiң үйiне келiп, амандасып, хал сұрасып болып жатқанда, Эйсебио таудың етегiмен қап арқалап келе жатқан адамды ысқырып шақырады. Екi индеец ысқырып бiраз уақыт «əңгiмелеседi». Кенеттен қап арқалаған адам Эйсебионың үйiне қарай бағыт алады. Келiп, қабын ашып Эйсебиоға көрсетедi, Эйсебио үндеместен үйiнен ақша алып шығып бередi де, қапты үйiне енгiзiп алады.
Дж. Коуэн Эйсебиодан ысқырықтың мəні жайлы сұрастырып, оны жазып алыпты. «Не əкеле жатырсың?» — деп ысқырып сұрапты үй иесi. «Мен бір қап жүгеріні алып Тенангоға бара жатырмын», — дептi қап көтерiп келе жатқан адам. — «Сен Тенангоға жүгерiңдi сатқалы бара жатырсың ба?» — «Иə, мен оны базарға апарып сатамын». — «Қаншаға сатпақшысың? Маған сатып кетшi». — «Бiр қап жүгерiге 2 доллар 50 цент сұраймын». — «Мен саған 2 доллар 25 цент берейiн. Маған қалдырып кет». — «Бара жатқан жерiмде мен оны бұдан да қымбаттырық сата аламын». — «Алыс жолда шаршайсың ғой». — «Жақсы, сатып ал. Қазiр мен саған көтерiлемiн». — «Ақшаңды қолма-қол аласың» [8]. Ендеше, бұл келтірілген тілдік деректер бізге «ысқырықтың» құпия хабар алысудың құралы екенін байқатады. Адамдар «ысқырық» арқылы алдын ала келісіп, түрлі ақпаратты жеткізуі мүмкін. Тек оның астарында не жасырылғанын шешкенде ғана оның мағыналық кілтін таба алады.
Осы сияқты сабақтың басталғаны немесе аяқталғаны немесе жұмыс уақытының аяқталғаны жөнінен хабар беруде де дыбыс белгілері қолданылады. Адамдар арасында бұл сияқты дыбыс тілінен өзге хабар, пікір алысу құралы жеке адам не, ел басына күн туған тұстарда орын алған.
Мақаламызда сол ата-бабаларымыздың, күнделікті қатынаста қолданған жасырын түсінісу амалына талдау жасадық.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ тілі энциклопедиясы. — Алматы, 1992. — 36-б.
- Головин Б.Н. Вопросы социальной дифференциации языка // Вопросы социальной лингвистики. — Л.: Наука,— С. 22.
- Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. — М.: Сов. энцикл., — 1966. — С.
- Аяпова Т. Сөйлеу онтогенезі. — Алматы: Раритет, 2003. — 280 б.
- Жирмунский В.М. Марксизм и социальная лингвистика // Вопросы социальной лингвистики. — Л.: Наука, —С. 148.
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғылым, 1999. — 26-б.
- Момынова Б., Бейсенбаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2003. — 4-б.
- Қамашева Г.К. Қазақ тілдесімінің көмекші құралдары. — Астана, 2007. — 19–28-б.