Тілдің қай саласын алсақ та, оның пайда болу көзі көне дəуірден басталатыны белгілі. Қазіргі таңда Елбасымыздың «Мəдени мұра» бағдарламасында да тарихи жазба жəдігерліктерді зерттеу қажеттігіне баса назар аударылған. Сондықтан жазба жəдігерліктің тілін қарастыру — үлкен мəселелердің бірі. Олай болса, біздің мақсатымыз көне түркі тіліндегі сөз тіркестерінің қолданысын, сөздердің байланысу тəсілдері мен формаларын, олардың ерекшеліктерін қарастыру болып табылады. Алфавиттік жазудың пайда болу тарихы, шығу тегі өте күрделі де, шешілмеген жұмбақтарға толы. Өйткені алфавиттік жазу — дүние жүзі мəдениетінің қол жеткен табысы болса, бұл мəдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа мирас еткен. Алғашқы əріп жазуының бір тармағы руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер— көне түркі тайпаларының жоғары тіл мəдениеті мен білім өресінің ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіші.
Көне түркі руникалық жазуы арғы ата-бабаларымыздың 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екендігі ешқандай күмəн туғызбайды. Бұл алфавит б.з.д. 1 мың жылдықтың ортасынан біздің заманымыздың 1 мыңжылдығының аяқ кезіне дейін өмір сүрген.
Көне түркі руникалық таңбаларының шығу тегі басқа көне алфавиттердің шығу тарихымен тамырлас. Руникалық жазудың о бастағы түпкі негізі біздің заманымызға дейінгі ІІІ–ІІ мың жылдықтағы беймəлім идеографиялық немесе алфавиттік жазу болуы ықтимал, ал басқа көне алфавиттермен ішінара ұқсастықтар олардың арғы тегіндегі бастауы бір екендігін көрсетеді [1].
Қазақ тілі — көркемдігі мен мүмкіндігі жағынан дүние жүзіндегі теңдесі жоқ тіл, көне түркі тілінің мұрагері. Тілдің тарихы халықтың тарихымен тығыз байланысты. Халық тарихы, шежіресі көне, орта түркі жазбаларында көрініс тапқан.
Ешбір байланыссыз синтаксистік конструкциялардың болмайтындығы белгілі. Жеке сөздің екінші сөзбен тұлғалық жағынан байланысуы, негізінен, сөз тіркесінде болатын құбылыс.
Сөздерден — сөз тіркесі, сөз тіркестерінен сөйлем құралады. Сөз де, сөз тіркесі де — сөйлем құраудың негізгі материалдары. Сөздердің синтаксистік байланысын сөз еткенде, оның екі тəсілі болатынын ескеру керек. Олардың біріншісі — аналитикалық, екіншісі — синтетикалық тəсіл. Сөздер аналитикалық тəсіл арқылы байланысқанда, олар қосымшаны қажет етпейді, ол сөздердің байланысуына интонация, сөздердің орын тəртібі жəне шылау көп көмегін тигізеді.
Ескерткіштер тіліндегі сөйлем ішінде кездесетін сөздер қалай болса, солай айтыла бермейді. Олар белгілі бір тəртіп бойынша өзара мағыналық жəне тұлғалық жақтарынан бір-бірімен байланысып келеді. Олар белгілі сөз тіркестерін жасайды. Бірақ сөз тіркестерінің құрамында кездесетін сөздер əр уақыт тең дəрежеде байланыспайды, бірі екіншісіне бағынып байланысады. Осыған орай олар не салаласа, не сабақтаса тіркеседі [2; 108].
Қазақ тіліндегі сөздер салаласа байланысқанда, басыңқылық-бағыныңқылық қатынаста емес, тең қатынаста, қатар байланысады (боран мен аяз, сүйкімді, мақтаулы, ағын да, қарасын да)… Сөйлем құрамынан алынып қалғанда, бірыңғай мүшелі сөз тіркестері түсініксіз болып шығады, яғни сөз тіркестерінің бұл түрі сабақтас сөз тіркестерімен салыстырғанда, сөйлемнің «құрылыс материалы» екендігін сенімді дəлелдесе керек. Салалас сөз тіркестеріндегі синтаксистік қатынастардың сан жағынан сабақтас сөз тіркестерінің сан мөлшерінен артық болуы өзінен-өзі түсінікті болса керек, өйткені бұл бірыңғай мүшелердің тіркесі болғандықтан, сөйлем мүшелерінің мағыналарын еске салады [3; 589–590]. Дəл осы тəріздес сөз тіркесінің түрі бізге көне түркі тілінен жеткендігі даусыз. Оны мына мысалдардан аңғаруға болады. Түрк будун қанын болмайын Табғачда адырылты, қанланты — Түркі халқы ханы болмай Табғаштан бөлінді, ханданды. Қаны сүсі тірілміс — Ханы, əскері (түгел) жиналды. Сөйлемдердегі адырылты, қанланды (бөлінді, ханданды) немесе қаны сүсі (ханы, əскері) сияқты тіркестер салаласа байланысқан.
Сабақтаса байланысқан сөз тіркестері бағыныңқы жəне басыңқы сыңарлардан тұрады. Сабақтаса байланысқан сөз тіркестері жалғаулар, шылаулар, сөздердің орын тəртібі арқылы байланысады.
Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің жалғаулар арқылы байланысуы синтетикалық байланыс деп есептеледі. Жалғаулардың ішінде ерекше қызмет атқаратыны — септік жалғаулары. Септік жалғаулары сөз бен сөзді байланыстырып қана қоймайды, əр түрлі синтаксистік қатынасқа түсе отырып, тұтас сөз тіркесінің қатынасын тудырады. Мысалы: Қағаныма өтүнүп сүлетдім — Қағаныма өтініп, соғыстым. Ол сабығ есдіп — Ол сөзді есітіп. Йарыс йазыда он түмен сү тірілті тір — Йарыс жазығында он мың əскер жиылды. Оғуздантан көрүг келті — Оғыздан елші келді. Қағанымын сүлетдіміз — Қағаныммен бірге соғыстық. Сөйлемдердегі қағыныма өтүнүп (қағаныма өтініп) барыс жалғаулы, сабығ есідіп (сөзді есітіп) табыс жалғаулы, йазыда тірілті тір (жазығында жиылды) жатыс жалғаулы, оғуздантан келті (оғыздан келді) шығыс жалғаулы, қағанымын сүлетдіміз (қағаныммен соғыстық) көмектес септік жалғаулы сөз тіркестерін жасап тұр.
Тəуелдік жалғаулары арқылы да сөз тіркестері байланыс жасай алады. Олар сөз тіркесінің соңғы сөзіне жалғанады. Тəуелдік жалғаулары матаса байланысқан сөз тіркестерінің бағындырушы сыңары болып, ол сөзді ілік жалғаулы сөзбен ұштастырады. Бенің будунум анта ерүр тіміс — Менің халқым да сонда болар еді. Бенің будунум (менің халқым) матаса байланысқан сөз тіркесінің қазіргі қазақ тілінен еш айырмашылығы жоқ. Кейде ілік септігі түсіріліп те қолданылады. Түрк будун Табғачда көрур келті — Түркі халқы Табғашқа бағынатын еді немесе Табғаш қаған йағымыз ерті — Табғаш қағаны жауымыз еді.
Жіктік жалғаулары сөйлем ішінде баяндауыштың тұлғасын көрсетіп отырады: мен оқимын, сен көресің т.б. Жіктік жалғауы қиыса, меңгеріле, қабыса байланысқан сөз тіркестерінің басыңқы сыңарларына жалғанады. Əрине, жіктік жалғауын қабылдауға бейім сөз етістік, сол сияқты есімдер де жалғауды қабылдап, баяндауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы, Білге Тоникуқ бен өзүм Табғач іліңе қылынтым — Білге Тоникуқ мен өзім Табғаш елінде тəрбиелендім. Мұнда мен тəрбиелендім сөз тіркесі қиыса байланысып тұрса, Өңре қытанығ өлүртечі тірмен — Шығыста қытанды қырар дермін деген сөйлемде қытанығ өлүртечі тірмен (қытанды қырар дермін) сөз тіркесі меңгеріле, Өзүм қары болтым улуғ болтым — Өзім қартайдым, үлкен болдым дегенде улуғ болтым (үлкен болдым) қабыса байланысқан сөз тіркесін жасап тұр.
Көптік жалғаулары сөйлемнің бастауышы мен баяндауыш мүшелерінің қиысуына қызмет етеді. Көптік жалғауы зат есімге, заттанған сөз таптарына жалғанады. Бұл жалғау арқылы қиыса байланысқан сөз тіркестері жасалады. Мысалы: Түрк беглер түрк атын ыты, табғачы беглер табғач атын тұтыпан, табғач қағанқа көрміс — Түрк бектері түркі атын тастап, табғаш бектердің табғаш атын ұстап, табғашқа бағынды.
Шылаулар арқылы да сөздер байланысқа түседі. Мұны көне түркі тілінің фактілері де дəлелдейді. Анта кісре теңрі біліг бертүк үчүн — Содан соң тəңрі білік бергені үшін. Анта өтрү оғуз қопын келті — Содан соң оғыз түгел келді. Темір қапығқа тегі ертіміз — Темір қақпаға дейін қудық. Осында кісре (соң), үчүн (үшін), соң (соң), тегі (дейін) шылаулары сөз тіркестерін жасауға қатысып тұр.
Сөйлемдегі сөздердің орын тəртібінде белгілі бір жүйелілік болады. Сөз тіркесінің сыңарлары қалай болса солай тіркесе салмайды. Олар белгілі тəртіппен орналаса тіркеседі. Синтаксистік байланыстың бұл амалы сөздердің жалғаулар арқылы байланысуынан кем түспейді. Біздіңше, қайта жалғаусыз тұрған орнына қарай байланысқан сөздердің байланысы берік болады [3].
Сөздердің орын тəртібі арқылы байланысты ескерткіштер тілінен көптеп кездестіреміз. Түрк будун қанын болмайын — Түркі халқы ханы болмай. Біз екі бың ертіміз — Біз екі мың екенбіз. Қызыл қаным төкті — Қызыл қанымды төктім. Сөйлемдердегі түрк будун (түркі халқы), екі бың ертіміз — екі мың екенбіз, қызыл қаным сөз тіркестері ешбір жалғаусыз орын тəртібі арқылы жəне түрлі сөз таптарынан (зат, сан, сын есімдерден) жасалған.
Кейде сөздердің арасындағы мағыналық байланыс интонация арқылы да жүзеге асады: Улуғы шад ерті — Үлкені шад еді. Йағмысы бен ертім — Жақында дегені мен едім [2; 109].
Қазіргі қазақ тілінде сөздердің байланысу түрлері беске бөлінеді: қабысу, қиысу, меңгеру, жанасу, матасу. Осы байланыс түрлері көне түркі жазбаларынан бізге ешқандай өзгеріссіз жеткен деп айтуға болады. Соның айғағы ретінде оларды төмендегіше қарастырдық.
Қиысу — бастауыш пен баяндауыштың арасында болатын байланыс. Мұндағы бағыныңқы мүше мен басыңқы мүше бір-бірімен тұлғасына не мағынасына қарай тұлғаланады. Біз шег ертіміз — Біз өлімші едік. Үч көрүг келті — Үш хабаршы келді. Білге Тоникуқ бен өзүм Табғач іліңе қылантым — Білге Тоникуқ мен өзім Табғаш елінде тəрбиелендім. Қиыса байланысқан сөз тіркестері өзара жақтық, шақтық жағынан тұлғаланған. Бұл қазіргі тілімізде де дəл осындай.
Меңгеріле байланысатын сөз тіркестері барыс, жатыс, табыс, шығыс, көмектес септік жалғауларының бірінде тұрады да, басыңқы сөзі не есім, не етістіктен болады.
А.Аблақов сабақты етістіктердің меңгеруі туралы былай деген: «Сабақты етістіктердің меңгеруі табыс септігімен тікелей байланысты. Бірақ бұған қарап сабақты етістіктер табыс септігінен басқа септік жалғаулы сөзді меңгере алмайды деген қорытынды шығаруға болмайды. Өйткені сабақты етістіктер олардың ішінде адамның еңбек əрекетімен байланысты етістіктер табыс септігінен басқа көлемдік септіктермен де тіркесе алады. Сабақты етістіктердің бұл тəрізді бірнеше септік жалғаулы сөздерді қатарынан меңгеруі олардың мағыналық жағынан соншалықты бай, құнарлы екендігін аңғартады. Мысалы, жазу, кесу, шабу, салу, қирату, бұзу, жеу тəрізді іс-əрекетті білдіретін етістіктер, айту, сұрау, сөгу, мақтау тəрізді сөйлеу мəнді етістіктер, көру, есту, тыңдау тəрізді сезіну етістіктері сабақты етістіктер қатарынан орын алады, өйткені бұлар өзінің мағынасы жағынан тура объекті мəніндегі сөзбен сабақтасып, оларды жетегіне алып меңгеріп тұрады» [4; 64].
Сабақты етістіктер мағынасының орамдылығына қарай табыс септігінен тыс жанама септіктерді меңгере алатын болса, салт етістіктерде ондай қасиет жоқ. Қазақ тілінде салт етістіктің қатарына жататын етістіктер саны алуан түрлі, бірақ осылардың барлығы бірдей меңгеріле байланысқан сөз тіркестерін құрай алмайды. Мұның өзі сабақты етістіктердің меңгеру қабілетінің əлдеқайда мол екендігін аңғартады.
Меңгеру табиғаты да етістікке тəн, сондықтан да бұлардың меңгеру қабілеті есімдермен салыстырғанда əлдеқайда жоғары. Меңгерудің тамыры тым əріден басталады.
Түркі тілдерінің бірі қазақ тілінде табыс септікті сөз тіркестері жалғаулы түрінде де, жалғаусыз түрінде де қолданыла береді. Бұл мəселеге назар аударған кейбір ғалымдар табыс септікті сөз тіркестерінің жалғаусыз түрі жалғаулы түрінен бұрын қалыптасқан деп қарайды. Бұл пікірді толығынан қуаттауға болады, өйткені, біріншіден, тым ертедегі дəуірде сөздерді өзара байланысқа түсіретін қосымшалар жоқ кезде олар бір-бірімен мағыналық жақындықтарына қарай іргелес тұрып байланысқан. Демек, тура объекті мəніндегі жалпы есімдер сабақты етістіктермен мағыналық жағынан байланыста, органикалық бірлікте тұрғандықтан, қосымшасыз, іргелес тұрып байланысып, объектілік қатынастағы сөз тіркестерін құраған болса, екіншіден, орхон-енисей ескерткіштері тілінде табыс септікті сөз тіркестерінің жалғаусыз түрі жалғаулы түрімен салыстырғанда əлдеқайда жиі кездеседі. Мысалы: Қырық йыл ел тұтдым бодун башладым — Қырық жыл ел билеп, халық басқардым. Йеті бөрі өлтүрдүм — Жеті қасқыр өлтірдім [4; 21]. Бұл тəріздес тіркестерді қазіргі қазақ тілінен де байқаймыз.
Сабақты етістіктер мағынасының орамдылығына қарай табыс септігінен тыс жанама септіктерді меңгере алатын болса, салт етістіктерде ондай қасиет жоқ. Қазақ тілінде салт етістіктің қатарына жататын етістіктер саны алуан түрлі, бірақ осылардың барлығы бірдей меңгеріле байланысқан сөз тіркестерін құрай алмайды. Мұның өзі сабақты етістіктердің меңгеру қабілетінің əлдеқайда мол екендігін аңғартады.
Қазақ тіліндегі салт етістіктер барыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғаулы сөздерді жетегіне алып меңгеріле байланысқан сөз тіркестерін құрайды.
Ескерткіштер тілінде табыс жалғауы төмендегідей тұлғаларда берілген: 1) -ғ, -г, -ығ, -іг, -уғ, -үг; 2) -н, -ын, -ін, -ун, -үн; 3) -ны, -ні, -ы, -і.
Ол сабығ есідіп — Ол сөзді есітіп. Өз ічі — тасын тутмыс тег біз — Өз іші-сыртымызды ұстап қана қаламыз. Сіні табғачығ өлүртечі тірмен — Сені табғашты қырар дермін. Осы тұлғалардың ішінде қазіргі тілімізге жетпеген көне тұлғасы -ғ, -ығ, -іг, -уғ, -үг. Мұның қызметі -ны жалғаулы сөз тіркесіне ауысқан. Табыс жалғаулы сөз тіркестері орхон-енисей жазбаларында салт, сабақты етістіктермен тіркесе отырып, пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін құраған.
Қазіргі қазақ тілінде барыс жалғаулы сөз тіркестерінің төмендегідей түрлері кездеседі: -қа, -ке, -ға, -ге; -а, -е; -на, -не. Қазіргі тілімізбен салыстыра қарайтын болсақ, барыс септігінің тұлғалары көп болған. Оның бізге жетпеген қосымшаларын байқауға болады.
Ертедегі орхон ескерткіштер тілінен барыс септігінің мынадай жалғауларын кездестіруге болады: -қа, -ке, -ға, -ге, -а, -е, -ғару, -геру, кейде -йа, -йе, -ра, -ңару, -ңеру. Бұл қосымшалар қолданылу аясы жағынан біркелкі болып келмейді. Мəселен, -ға, -ге жалғаулары дауысты жəне ызың дауыссыздарға аяқталған бірлі-жарым сөздерге ғана болмаса, қазіргі кездегідей көптеген сөздерге тіркесе бермейді. Талйуқа кічіг тегмедім — Теңізге сəл жетпедім. Бунча йірке тегі йорытдым — Осыншама жерге дейін жорыттым. Сөйтіп, -қа, -ке, -ға, -ге қосымшаларына тəн ерекшелік ықпал заңдарына бағынбай жалғанушылық болып табылады [5].
Барыс септігінің -а, -е жалғауы тəуелдік жалғаулы сөздердің І, ІІ-жақтарынан кейін жалғанады. Бұндай қолданысты көне түркі тілінен де байқауға болады: Анта етрү қағаныма өтүнтүм — Содан соң қағаныма өтіндім. Көргенің үчін ігідміс білге қағаныңа Ерміс бармыс едгү еліңе Кінтү йаңылтығ, йаблақ кігүртіг — Бағынғаның үшін көтерген қағаныңа Қасиетімен, ісімен жақсы кінəлысың, жаман шатастың. Мысалдардағы қағаныма өтүндім, қағаныңа ерміс тіркестеріндегі -а, -е тұлғалары тəуелдік жалғауларынан кейін қолданылған.
Орхон ескерткіштерінде бағытты білдіру үшін барыс септігінің -ғару, -геру тұлғасы қолданылған. Апа тарқанғару ічре саб ыдмыс — Апа тарқанға құпия сөз жіберді. Аталған қосымша үстеулердің де қызметін атқарған. Йоқару ат йете йадаған — Жоғары атты жетектеп. Қазіргі қазақ тілінде бұл тұлға үстеу жасайтын аффикс ретінде жұмсалады.
Тілдің даму барысында жоғарыда аталған жалғаулар өздерінің қолданылу өрісін тарылтады да, оларға тəн қасиеттер барыс септігінің -қа (-ке, -ға, -ге) жалғауына көшеді. Бұл көрсетілген варианттардың ішінен -қа, -ке тұлғалы сөз тіркестері орхон-енисей ескерткіштері тілінде кең көлемде қолданылса, ал -ға, -ге тұлғалы сөз тіркестерінің қолданылу шеңбері тар болған. Бұл -ға, -ке тұлғалы сөз тіркестерінің -ға, -ге тұлғалы сөз тіркестеріне қарағанда бұрын қалыптасқандығын дəлелдейді [4; 27].
Орхон ескерткіштерінде -ру, -рү қосымшалары кейде дербес жалғау ретінде де қолданылған. Он түнке йантуқу туғ ебірү бардумуз — Он күнге дейін тау етегіне жеттік.
Барыс жалғаулы сөз тіркестері табиғатында қимыл-əрекеттің бағытын, кімге, неге бағытталғанын білдіреді. Алайда ертедегі ескерткіштер тілінде барыс жалғаулы сөз тіркестері өз қызметінен тыс жатыс жəне шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің қызметін атқарып, қимыл-əрекеттің болған орнын, мезгілін, басталар жерін, себебін де білдірген.
Негізінен басқа септіктерге қарағанда жатыс жалғауы бізге көне түркі тілінен өзгеріссіз жеткен. Оның қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген -да, -де тұлғалары ескерткіштер тілінен бастау алған. Жатыс септігі мекенді, орынды білдіретіндіктен, мұндай септік жалғауы арқылы қалыптасқан сөз тіркестері ең алдымен көлемдік қатынасты білдіреді. Мысалы: Ол күнте тегді — Ол күнде жетті.
Көне түркі тілінде жатыс жалғауы шығыс септігінің де қызметін атқарған. Түргес қағанта көрүг келті — Түргеш қағанынан елші келді. Келтірілген мысалдан осы жайды аңғаруға болады. Жатыс жалғауы көлемдік, мезгілдік мағыналарда жұмсалса, онда олар өз міндетін атқарады, ал қимыл- əрекеттің басталар орнын, шығар жерін білдірсе, шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің қызметін атқарған. Бұлар мағыналық жағынан тек контексте айқындалған.
Шығыс септік тұлғасы қазіргі түркі тілдерінде əр түрлі вариантта кездеседі: бірсыпыра тілдерде тек д- дыбысынан ғана басталса, кейбірінде тек қана қатаң т- дыбысынан басталады. Түркі тілдерінің ескі кезеңінде шығыс мəнін беретін арнаулы қосымша болды ма дейтін мəселеде бірсыпыра зерттеушілер бұл қызметті сөйлем құрамында жатыс септік атқарған деп қарайды. Мұндай көзқарасқа дəлел болатын — Күлтегін мен Тонықұқ ескерткіштерінің тілі [6; 165]. Түргес қағанта көрүг келті — Түргеш қағанынан елші келді. Дегенмен, өте сирек болса да шығыс тұлғасының кездесетін жайттары бар: Оғуздантан көрүг келті — Оғыздан хабаршы келді. Өңден қағанғару сү йорыдым — Оң жақтан хандыққа қарай əскер аттанды.
Шығыс жалғаулы сөз тіркестері түркі тілдерінің бірі — қазақ тілінде əр түрлі грамматикалық мағыналарды білдіреді, алайда осылардың ішінен тым əріден келе жатқандығын, əрі басқаларға негіз болатындығын ескеріп, екі түрлі мағынаны атап өтуге болады:
1)кеңістіктегі қимыл-əрекеттің басталар орны мен шығар жерін білдіру мағынасы; 2) қимыл- əрекеттің кімнен, неден басталатынын білдіру мағынасы [4; 32].
Қазіргі түркі тілдерінің барлығында бірдей кездеспейтін септік жалғауы — көмектес септік. Дегенмен, арнаулы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік — қазақ тілінің ғана ерекшелігі. Басқа түркі тілдерінде бұл жалғаудың қызметін біле (білен) шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі -мен септік жалғауы мен басқа түркі тілдеріндегі біле шылауының мəнін беретін арнайы жалғау -ын, ін, -н тұлғасы қолданылған [6; 168].
Қазақ тіліндегі көмектес септік жалғауының мағынасы, сол тəрізді өзге түркі тіліндегі біле шылауының мағынасы орхон-енисей ескерткіші тілінде құралдық септіктің -н (-ын, ін, -ун, -үн) тұлғасы арқылы берілген. Ертедегі ескерткіштер тілінде бірлестік мағына мен қимыл-əрекетке қатыстық мағына жоғарыда келтірілген құралдық септіктің жалғауларынан тыс бірле шылауы арқылы да берілген [4; 34].
Көне түркі тілінде -н тұлғасымен қолданылған көмектес жалғаулы сөз тіркестері жиі қолданылады. Бір еріг оқ-ун урты — Ол бір жауынгерді оқпен жарақаттады. Сүңүгін ачдымым — Сүңгімен аштық. Бұлар қимыл-əрекеттің немен істелгенін, болып өткен орнын, кейде бірлестік мағынасын білдіреді.
Тіліміздің даму тарихына назар салсақ, -н, -ын, -ін тұлғасы көне заманда қалыптасқандығын, ал қазақ тіліндегі -мен тұлғасы кейінгі дəуірдің жемісі екендігін байқаймыз.
Матаса байланысатын сөздер — негізінен зат есімдер. Мұндай сөз тіркестері ілік септігі мен тəуелдік жалғаулары арасында болады. Бұлардың байланысу тəсілдері біркелкі емес. Олар үш топқа бөлінеді.
Бірінші топтағы сөз тіркестерінің екі жағы да жалғаулы болып келеді: Білге қағаның будуны — Білге қағанның халқы. Бенің будунум — Менің халқым. Мұнда бірінші сыңары ілік септікте, екінші сыңары тəуелдік жалғауларының І, ІІ-жақтарында берілген.
Екінші топтағы сөз тіркестерінің бірінші сыңары жалғаусыз, екінші сыңары жалғаулы болып келеді. Сү басы — Əскер басы. Бен өзүм — мен өзім.
Үшінші топта тəуелді жалғаулы сөз ілік жалғаулы сөзсіз байланысып тұрады. Қағаным —қағаным. Йағымыз — жауымыз. Йағычысы — бастаушысы.
Матаса байланысқан сөз тіркестері анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Олар меншіктілік қатынасты (қағанның будуны — қағанның халқы), табғач сүсі (табғаш əскері), туған-туыстық қатынасты (түрк будун — түркі халқы), бөлшектеу мағынасын (бу үчегү — бұл үшеуі) білдіреді.
Қабысу — түркі тілдерінде, оның бірі қазақ тілінде өте жиі қолданылатын синтаксистік байланыс формасының бірі. Қабыса байланысқан сөз тіркестері өзара ешқандай жалғаусыз, тек орын тəртібі арқылы байланысады. Ескерткіштер тілінде қазіргі қазақ тіліндегідей қабыса байланысқан сөз тіркестерінің сыңары зат есім, сын есім, сан есім, есімше, есімдік сияқты сөз таптарынан жасалады. Анықтауыштық қатынастағы тіркестерді құрайтын зат есімдер бір-бірімен атау тұлғада қабыса байланысады. Түрк будун (түркі халқы), Алтун йыс (алтын қойнау), Қапаған қаған (Қапаған қаған). Зат есімдерден құралған сөз тіркестері əр түрлі мағыналық қатынаста жұмсалады.
Ескерткіштер тілінде меншіктілік қатынастың арнаулы аффикссіз берілуі көне түркі тілінің өзіндік бір ерекшелігі болып табылады. Жазбалар тілінде ұшырасатын сондай сөз тіркестеріне назар аударайық: табғач будун (табғаш халқы), түрк будун (түрк халқы), қон йыл (қой жылы) [7].
Сын есімді сөз тіркестері анықтауыштық қатынаста қолданылады. Анықтауыштық қатынаста жұмсалатын сын есімдер заттың түсін, көлемдік сапасын, бір затқа қатысын т.б. білдіреді. Семіз буқа (семіз бұқа), йірчі йір (жершіл ер), өрүң күмүс (ақ күміс), қызыл қан (қызыл қан), йарақлығ йағ (қарулы жау).
Сын есімдер өздерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай басқа бір сөздің, көбінесе заттың атын білдіретін сөздер жетегінде айтылады. V–VІІІ ғасыр ескерткіштері тілінде де олар зат есімдердің, арагідік етістіктердің жетегінде айтылып, жалғаусыз, орын тəртібі жəне дауыс ырғағы арқылы байланыста тіркес құрайтын сөз тобы ретінде көріне бастады. Орхон-енисей жазбалары тілінде сын есімдермен келген мына сияқты сөз тіркестері жиі ұшырайды: сарығ алтун, өрүң күмүш …көлүрті (сары алтын, ақ күміс əкелді). Түрк білге қағантма бітідім бен білге Тонықұқ (Түріктегі Білге ханының еліне арнап жаздырдым мен білгір Тонықұқ). Осы сөйлемдердегі сарығ алтун, орүң күмүш, білге Тонықұқ тəрізді сын есімдермен келген сөз тіркестері қазіргі қазақ тіліндегі ақ орамал, сары шаш, білгір кісі тəрізді тіркестерден грамматикалық жағынан болсын, семантикалық жағынан болсын айырмашылығы жоқ [7; 4].
Сапалық сын есімдер мен зат есімдер тіркескенде, мына фактіні еске алу қажет: ескі түркі тілінде сапалық сын есімдер сан жағынан аз болумен қатар, олардың қолданылу сферасы да, мағыналық мəнерлері де шағын болды. Қатыстық сын есімді анықтауыштық сөз тіркестерін жасауда сын есім тудыратын қосымшалардың қызметі ерекше. Мысалы: йарақлық елігін (қарулы қолбасыларын), күнлік бітімін (күндік жазуымды), ічіре ассыз, ташра тонсыз (іші ассыз, тысы киімсіз), чөлгі аз ері бұлтым (шөлдегі аз халқының бір ерін таптым) т.б.
Сан есімді сөз тіркестерінде сан есімдер де өзі бағынатын сөздерін сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауыштық есім сөз тіркестері құрамына енеді. Мұндай тіркестерде сан есімді анықтауыштар өзі бағынышты сөздердің алдында тұрып, онымен қабыса байланысады, ал басыңқы компонент заттың атын білдіретін сөз, не заттық ұғымын жоймаған қатыстық сын есімдер болуы мүмкін. Мысалы: екі үлүгі (екі бөлегі), йеті йүз кісі (жеті жүз кісі), тоқуз оғуз (тоғыз оғыз), екі-үч бың сү (екі-үш мың қол), үч отуз балық (жиырма үш қала), икінті сүңүс (екінші соғыс) т.б.
Тарихи жазбалардан есімдікті сөз тіркестерінің мынадай түрлерін кездестіруге болады: бу йол (бұл жол), ол суб (ол сөз), ол йер (ол жер), не буңы (не мұңы). Есімдіктердің ішінде сілтеу, сұрау есімдіктері қабыса байланысқан сөз тіркестерін жасауға қатысады.
Есімшелі сөз тіркестері — түркі тілдерде көне дəуірден бері келе жатқан синтаксистік құбылыс. Көне түркі тілінде есімшелер -дуқ, -дүк, -дұқ, -тұқ, -мыш, -міш, -ығма, -ігме қосымшалары арқылы жасалған. Бардуқ йірде (барған жерде), келігме беглер (келген бектер), йатығма тағ (жатаған тау), будун болмыш үчүн (халық болғаны үшін). Бұлар — есімшенің көне тұлғалары. Қазіргі тіліміздегі есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтін тұлғалары кейін қалыптасқан. Көне түркі тілінде қазіргі тіліміздегі есімшенің -ар, -ер, -р тұлғалары бізге сол күйінде жеткен. Мысалы: көрур көзім (көрер көзім), білір білігім (білер білімім).
Көне түркі тілінде қабыса байланысқан есімді сөз тіркестерімен қатар етістікті сөз тіркестері де жиі ұшырасады. Мысалы: түн қатдымыз (түн қаттық), бод қалматы (ештеңе қалмады), қаған олурты (қаған көтерді), оғуз клті (оғыз келді).
Ғ.Айдаров «Күлтегін» ескерткішіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестерін былай топтастырады:
Меншілікті көрсететін сөздер: беңгү таш — мəңгі тас, табғач будун — табғаш халқы, түрк беглер — түрк бектер.
Географиялық атаулар: Өтүкен йыш — Өтукен қойнауы, Шантун йазы — Шантұн жазығы, Темір қапығ — Темір қақпа.
Жыл, ай атаулары: қой йылқа — қой жылғы, бічін йыл — мешін жыл, йетінч ай — жетінші ай. Өлшемдік қатынастар: ең ілкі — ең ілкі, біш йолы — бес рет [8].
Жанасуда кейбір пысықтауыштар етістіктен болған баяндауыштармен ешбір орын талғамай байланысады. Мысалы: ебірү түсейін (айнала түсейін), күнтүз олурматы (күндіз отырмады), түн удыматы (түн ұйықтамады). Қабысуда өзара тіркескен сөздер орындарын өзгертпей, жұбын жазбайды. Ал жанасуда олай емес, кей кездері тіркескен сөздер бір-бірінен қашық тұра береді [9]. Жанасу — пысықтауыш пен баяндауыш арасында болатын байланыс. Жанаса байланысқан сөздердің сөйлемдегі орны ерікті, олар сөйлемнің басында, ортасында келе береді.
Қорыта келгенде, тіліміздің тарихының қайнар көзі болған «Орхон-Енисей» ескерткіштерінде қолданылған сөз тіркестерінің қолданысы қазіргі қазақ тілінен көп алшақтай қоймайды. Біздің тілімізге жетпеген кейбір септік жалғауларының көне тұлғалары арқылы қалыптасқан сөз тіркестері болмаса, қазіргі тілімізде қолданылып жүрген сөз тіркестерінің байланысу тəсілдері мен формаларында айтарлықтай ерекшелік жоқ. Біз бұдан көне түркі тілі мен қазіргі қазақ тілінің арасында сабақтастық бар екендігін байқаймыз.
Əдебиеттер тізімі
- Аманжолов А. Түркі филологиясы жəне жазу тарихы. — Алматы: Санат, 1996. — 44-б.
- Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. — Алматы: Мектеп, 1986. — 173 б.
- Қазақ грамматикасы. — Астана, 2002. — 57-б.
- Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. — Алматы: Рауан, 1976. — 96-б.
- Аблақов А. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. — Алматы: Мектеп, 1986. — 3-б.
- Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. — Алматы: Мектеп, 1981. — 207 б.
- Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі. — Алматы: Мектеп, 1986. — 62-б.
- Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. — Алматы: Ана тілі, 1995. — 141,142-б.
- Айдаров Ғ. Тоникуқ ескерткішінің (VІІІ ғасыр) тілі. — Алматы: Қазақстан, 2000. — 85-б.