Қайталау — көркем туындының мəтінінде жиі кездесетін құбылыс. Көркемдегіш тəсілдердің ең көп қолданылатын түрінің бірі. Автор шеберлігі мен дара стиліне байланысты ұтымды қолданыс табатын амалдың бірі осы қайталау деуге толық негіз бар. Ғалым З.Қабдолов:»Қайталау — сөз əсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нəрсені не құбылысты бірнеше мəрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу» [1; 234], — дейді.
Г.Я.Солганик лексикалық қайталаудың сипатына зор мəн береді: «Лексикалық қайталау жай лексикалық, мағыналық жəне логикалық байланыс емес. Ол тілде белгілі бір синтаксистік схема арқылы жүзеге асады. Орамды тілдегі қайталау ерекше сипатқа ие болады. Əдетте, келесі сөйлемде алдыңғы сөйлемдегі кез келген сөз қайталанбайды, мағыналық жағынан өзіне логикалық екпін түсіре алатын сөз қайталанады» [2].
Көркем шығармадағы қайталаулардың атқаратын міндеттері орасан. Бұл турасында тіл білімінде зерттелген еңбектер аз емес. Қайталаудың көне поэзиядағы орнын көрсеткен зерттеулер де бар. Қайталаулар қазақ би-шешендерінің айтқан көркем сөздерінде кездеседі.
Қайталаудың ежелгі қазақ туындыларындағы сипатын зерттеуші Қ.Өмірəлиев былайша көрсетеді: «Дидактикалық-шешендік толғау-өлеңдер өзінің синтаксистік, əрі формалық, əрі лексикалық қайталауға құрылуы жағынан қазақ поэзиясының басқа түрлері ішінде ерекше орынға ие. Бұл жағынан бірде-бір жанр тең келмейді» [3].
Академик Р.Сыздықова болса қайталаудың бұрынғы əдеби тілдегі көркемдік тəсілдердің бірі екенін былайша түсіндіреді: «Бұрыннан келе жатқан жыраулар поэзиясы тіліне тəн жəне бір белгі — бір толғаудың өн бойында белгілі бір сөздердің немесе тіркестердің үнемі қайталап отыруы» [4].
Қайталаудың көркемдік тұрғыдағы қызметі көп əрі ауқымды. Оған белгілі бір ойға ерекше назар аударту, мəтінді өрнектеу сияқты міндеттер жатады.
Қайталаудың көркем туындылардағы ерекше қызметін орыс тіл білімінде Л.В.Спасова былайша атап өтеді: «Перечисление — основа создания цельности описательных стихотворных синтаксических единств. Главным средством связи в них является перечислительная интонация: важ- ную роль играют параллелизмы, повторы» [5].
Қайталаудың би-шешендер шығармаларындағы көп кездесетіні − анафора мен эпифора. Себебі қатар келген сөйлемдерді байланыстыруда осы екі қайталаудың рөлі күшті. Қайталаманың бұл екі түріне зерттеулерде төмендегідей анықтамалар беріледі: «Əдепкі қайталама, яки анафора (гр. anaphora — биікке шығару), — өлеңнің əр жолы немесе əрбір ой ағымы бір сөзден басталуы» [6].
«Кезекті қайталама, яки эпифора (грекше epiphora — соңынан алып жүру), — өлеңнің əр жолының соңындағы немесе əрбір ой ағымының аяқ жағындағы бір сөз бірнеше мəрте қайталануы» [1; 236].
Эпифоралық, яғни сөйлем соңында келіп қайталанатын сөздер, сөйлем мүшелері өлең көркемдігін күшейтеді, шығарманың əсерлілігін үстеп, мазмұндық ерекше əр береді. Сөйлем соңында не тармақ аяғында келген эпифоралық қайталаудың етістік баяндауыш түрінде келетінін, олардың сөйлемдегі қызметі туралы Р.А.Досжанова: «Сөйлемдердің соңында қайталанып келетін эпифора ойды аяқтап, етістік баяндауыштан болып, қайталаманың молшылығын жасайды. Қайталаманың молшылығы конструкцияның толық синтаксистік параллелизмімен қамтамасыз етіледі», — деп көрсетеді [7; 11].
Енді қайталаудың қатар келген сөйлемдерді байланыстырудағы рөліне, ең алдымен толғаулардағы эпифоралық қайталау, яғни дистантты қайталамалар түріне тоқталайық. Дистантты қайталамалар толғаулар сөйлемдеріне əсерлілік, мəнерлілік үстейді. Өздері қатыстырылған сөйлемдерді бір-бірімен мағыналық жағынан байланыстырады.
Би-шешендер мəтіндерінен олардың əр сөйлем соңында, яғни өзінің тұрақты орнында үнемі қайталанып келіп, өздері қатыстырылған сөйлемдерді жиі байланыстыратынын байқауға болады.
Есімшенің болжалдық мəндегі жұрнағының баяндауыш болып етістіктің құрамында келіп өлең мəтіндерінің құрылысына елеулі əсер ететін тұстары көп кездеседі. Əрине, бұл жерде олардың сөйлемнің баяндауыш құрамында болуының маңызы зор. Өйткені бұл жағдайда шығарманың көптеген функционалдық міндеттері шешіледі. Шешендердің сөздерінен есімшенің -ар қосымшасымен келген етістіктердің баяндауыш қызметінде тұрып, сол күйінде бірнеше сөйлемдердің байланысын жасау амалын байқадық.
Мəселен, Досбол шешенде:
Ер азарында есірік болар,
Адамда бір-бір кесірік болар.
Елдегі арам адал болар,
Елдегі жақсы қазан болар.
Жігіт кеселші болар,
Əйел өсекші болар [8; 206].
Сапақ би шешенде:
Батыр сөйлей қалса,
Жауға салған ойранын айтар.
Ақын сөйлей қалса,
Қызық думан тойдағыны айтар.
Қойшы сөйлей қалса,
Қойын бағып жиғанын айтар [9; 21].
Бигделді биде:
Өз аулыңның
Қыздары айдай көрінер,
Ұлдары дардай көрінер,
Құлыны тайдай көрінер,
Тайлағы нардай көрінер,
Торғайы тұрымтайдай көрінер [10; 335].
Сондай-ақ болымсыз қосымшалы етістік баяндауыш мына жолдардағы əр сөйлем соңында қайталанып ондағы мəтін байланысын арттырып тұр.
Бөлтірік шешенде:
Жатқа сөйлеме,
Жаманға сөйлеме,
Асырып сөйлеме,
Батырып сөйлеме,
Жасқа сөйлеме,
Масқа сөйлеме,
Қараға сөйлеме [9; 40].
Жоғарыда келтірілген толғау жолдарындағы қайталау ақыл-өсиет, насихат мазмұнын тудырады. Мұндай мазмұнды ой қатар келген сөйлемдердегі баяндауыш мүшелердің қайталануымен жүзеге асады. Ал бұл қайталамалар сол жолдардың бірыңғай байланысын жасауға қатыстырылып тұр. Мұндағы қайталанушы баяндауыш мүше бұйрық райында келген.
Шабанбай биде:
Аллаға жағам десең — азанды бол,
Ағайынға жағам десең — қазанды бол.
Халқына жағам десең — əділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Аймағын суат болсын,
Сөзің халқына қуат болсын [10; 178].
Бөлтірік шешенде:
Ақтығы Самарқанның бөзіндей болсын,
Жорғасы Жанғұттының сөзіндей болсын,
Жуандығы Көпбайдың дəл өзіндей болсын [10; 195].
Етістіктерден болған баяндауыштардың қайталамалары оқиғаны, құбылысты, іс-əрекетті беруімен бірге стильдік-көркемдік қызмет те атқарады. Ойдың эмоционалды-экспрессивті əсерін күшейтеді. Ал ұйқас құрайтыны − өз алдына бөлек мəселе. Мұндай ұйқастар шығарманың бейнелілігін арттырып, тақырыптық-идеялық мақсатын тереңдетеді.
Р.Сыздықова етістіктердің шешуші маңызы турасында: «Бұларда белгілі бір оқиға, іс-əрекет баяндалады, демек, баяндау стилі басым болады. Ал баяндау стилі үшін ең қолайлы жəне интонациясы мен синтаксисі жағынан баяндау мəнеріне сай келетін құрылыс баяндауыштың сөйлем соңында тұруы болады» [11], — деп тұжырымдайды.
Би-шешен мəтіндерінде есім сөздердің де баяндауыш мүше ретінде қайталау амалына түсу орындары жиі кездесіп жатады. Демек, есім сөздерден болған баяндауыштар да эпифоралық қайталауға түседі. Онда олар бір ғана қатарда емес, бірнеше тізбекте келуімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл қайталаудың мəтін ішіндегі дербес сөйлемдерді байланыстырып тұрған жерін ерекше атап өтуге болады.
Төле биде:
Елдің сүйеніші — Есей.
Халықтың тіреніші — Есей.
Жауды бүлдіретін де — Есей.
Дауды тындыратын да — Есей [10; 135].
Бөлтірік шешенде:
Дүниеде азбайтын байлық біреу, Ол — ақыл.
Дүниеде тозбайтын байлық біреу, Ол — ақыл.
Дүниеде қайтпайтын адал қолдаушың біреу, Ол — ақыл.
Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, Ол — ақыл.
Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, Ол — ақыл.
Дүниеде асыл текті жел жетпес пырақ біреу, Ол — ақыл [8; 26].
Би-шешендер туындыларының жанрлық болмысымен байланысты сұраулық мəндегі тіркес тұлғалар да эпифоралық қайталауға жиі түсіп жатады. Олар да əр сөйлемнің соңғы бөлігіндегі орындары арқылы өздерінің шешуші рөлін байқатады. Төмендегі шешендік толғаудың негізгі ойын беруде сұраулық шылаудың (ма) мəні ерекше.
Сырым шешенде:
Көл құсқа бара ма?
Құс көлге бара ма?
Қонақ ордаға бара ма?
Орда қонаққа бара ма? [9; 33].
Досай биде:
Жақсы аттан жақсы туса,
Мінетін пырағың емес пе?
Жаманнан жақсы туса,
лдің шырағы емес пе?
Жақсыдан жаман туса,
Шамшырағың өшкені емес пе?
Елге үлгі айтар ерің болмаса,
Құт-береке көшкені емес пе... [10; 146].
Сұрау есімдігі мына толғаудағы сөйлемдерді бірыңғай қатарға жүйелейді. Мұнда олар сол туындының ұйқас қатарын да жасаған. Ең соңғы сөйлем мүшесі тұрғысынан шығарманың стильдік жүгін ерекше көтеріп тұр.
Төле биде:
Шешендіктен не пайда?
Артында сөзі қалмаса.
Батырлықтан не пайда?
Халқына қайран кылмаса.
Хандықтан не пайда?
Қарашасын жалмаса.
Модалықтан не пайда?
Шариғатты өзгертіп,
Нашарларды алдаса [10; 131].
Арғымақ баптап не керек,
Жабы қуып жеткен соң,
Ағайын туған не керек,
Андысып күні өткен соң… [10; 66].
Би-шешендер шығармалары тармақтарындағы эпифоралық қайталаудың орны ерекше екені байқалады. Стильдік жағынан мəтіннің ырғағын да, ұйқасына да септесіп тұр.
Би-шешендер шығармаларынан қатар келген сөйлемдердің бір-бірімен байланыс қатары анафоралық қайталаумен де беки түсетін жерлерін жиі кездестіреміз.
«Анафора — мəтінде əр жол немесе əр тармақ ылғи бір тілдік элементтерінен (дыбыс, сөз, морфема) басталып, қайталау арқылы жасалатын стилистикалық сөйлеу айшығы» [1; 36].
Академик М.Серғалиев бұл қайталауды: «Анафоралық қайталау жолымен жасалған параллельді күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы сөйлемдердің параллельдігі күрделі синтаксистік тұтастықтың бас жағындағы біркелкі лексикалық қайталаулар арқылы күшейтіліп отырады. Бірігуші сөйлемдердің бірдей синтаксистік құрылысы ғана емес, бірдей басталуы — сөйлемдердің параллельдігінің жоғарғы түрі» [12], — деп көрсетеді.
Анафоралық қайталау толғау сөйлемдерінде көбінесе бір сөздің екі рет қайталануы шеңберінде жүзеге асады. Аталмыш қайталаулар толғаулардағы мынадай жолдардан кездеседі.
Төле биде:
Тамам жарлы жиылып,
Қонған жері көң болмас
Тамам сұлтан жиылып,
Сөйлеген сөзі жөн болмас [10; 85].
Сапақ биде:
Ең тəтті де — тіл. Ең ащы да — тіл
Ең жұмсақ та — тіл
Ең қатты да — тіл... [10; 225].
Саққұлақ биде:
Арыңды сатпа, малыңды сат,
Жалған айтып болма жат.
Жалған айтып жаңдассаң,
Жүрегімде қалар дат... [10; 228].
Қайталаудың бұл түрі аз кездеседі. Оның себебін бұл қайталаудың мəтін ішіндегі орнынан деп білеміз. Тек қатар келген екі сөйлемнің басында кездесетінін ғана байқай алдық. Ең басты қызметі — мəтін ішіндегі тармақтарды байланыстыруы. Бұл — олардың синтаксистік сипаты. Сонымен қоса өлең жолындағы бір сөзге терең назар аударта алады.
Би-шешендер шығармаларында эпифоралық жəне анафоралық қайталаулар бір сөйлем не бір тармақ ішінде қатар келетін тұстары да аз емес. Мұндай жағдайда бұлар туындының сыртқы формасының əсерлілігін арттырып, экспрессиясын еселей түседі. Оның үстіне олар қатар келген бірнеше сөйлем құрамында қайталанып келіп, сол қалыптарында өздері қатыстырылған сөйлемдердің синтаксистік байланысын күшейтеді.
Жанқұтты шешенде:
Жаман болса — жақын жау,
Шайпау болса — қатын жау,
Шабан болса — атын жау,
Тартыншақ болса — түйең жау,
Тебеген болса — биең жау,
Күнде келсе — күйеу жау,
Жымысқы болса — жиен жау,
Тіл алмаса — ұлың жау,
Арсыз болса — қызың жау.
Досбол биде:
Ел қонбаса жер жетім,
Құс қонбаса көл жетім, Кемпірі жоқ шал жетім,
Иесі жоқ мал жетім... [10; 181].
Жарлының пірі — қалтаң ата,
Ұрының пірі — жалтаң ата.
Күншілдің пірі — күңкіл ата,
Кеселдің пірі — ыңқыл ата [10; 345].
Осы мəтіндер ішіндегі қайталаулар бір ғана сөздің қатысуы емес, одан да көп сөздер қатысуы арқылы болып тұр. Олардың туынды көлеміндегі орны ерекше.
Көркем туынды мəтініндегі сөйлемдердің бір-бірімен байланыс түзілімінің бір қыры осындай жағдайда беки түседі. Демек, бұл тұста қайталануға түскен сөздердің маңызы ерекше екені сөзсіз. Өйткені шағын мəтін көлемінде бірнеше сөздің қайталамын жасау автордың шеберлігін де көрсетеді.
Олардың көркем мəтін ішіндегі маңызы ой нақтылығын тереңдетумен қоса өздері қатыстырылған сөйлемдердің мəтін көлеміндегі басқа сөйлемдермен байланысқа түсуін жүзеге асырады. Соның нəтижесінде қатар келген сөйлемдер ішіндегі бірнеше сөйлем мүшелерінің қайталамнуы мəтін түзілімінің беріктігін ерекше арттыра түседі. Олардың мəні шығарманың ішкі мазмұндық болмысын ашумен бірге сол туындының ырғағын жəне оның композициялық жүгін де көтеріп тұра алатыны.
Қайталау — көркем шығарма бойында қолданылатын көркем тəсілдердің ең айшықтыларының бірі. Бұл амал арқылы туынды мазмұнына ерекше əсер беріледі, қайталауға түсетін сөз терең маңызға ие болып, соның салдарынан шығарманың ой-түйінінде айрықша арна пайда болады. Олардың мəтін бойындағы сөйлемдердің байланыс қатарын берудегі орны өз алдына бөлек мəселе. Сондықтан қайталау — қатар келген сөйлемдерді параллель тізбектеуде ерекше танылатын тілдік бірлік. Демек, қатар келген сөйлемдердің бір-бірімен байланыс жүйесі осы амал арқылы күшейіп тұрады. Бұл жағдай да олардың мəтін ішіндегі қолданысының айрықша бір сипатын танытады. Жалпы алғанда, қайталау құбылысын туынды авторы ең жиі жүгінетін ерекшелік деуге болады. Туындының стильдік қабатын, экспрессиясын үстеудегі рөлі — аса маңыз берілетін жағдай.
Қайталаудың анафоралық жəне эпифоралық түрлерінің бұл тұрғыдағы қатысымдарының үлес салмақтары өздерінше деуге болады. Қайталаудың бұл түрлері қатар тұрған бірнеше сөйлемнің əрқайсының бойында кездесуі арқылы ол сөйлемдердің тұтас тізбегін күшейте түседі. Бұл байланыс қайталаудың бірнеше сөйлемдер көлемінде үздіксіз келуімен де маңызды. Сөйтіп олар қатар келген сөйлемдердің өзара мағыналық жəне құрылымдық байланыс тізбегін күшейтіп тұрады. Сол арқылы мəтіннің бойындағы тұтасым туындайды. Мұндай сөйлемдер қатары көп болған сайын шығарманың мазмұны да, сыртқы тұрпаты да көркемделе түседі.
Жалпы алғанда, би-шешендер туындыларының мəтіндері ішіндегі анафора мен эпифоралық қайталау түрлерінің атқаратын қызмет аясының маңызы өте зор.
Əдебиеттер тізімі
- Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: Санат, 2002. — 360 б.
- Солганик Г.Я. Синтаксическая стилистика. — М.: Высш. шк., 1973. — С.
- Өмірəлиев Қ. XIX–XX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. — Алматы: Ғылым, 1976. — 126-б.
- Сыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы. ХV–ХІХ ғғ. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 139-б.
- Спасова Л.В. Синтаксическая организация и текстообразующая роль описательных контекстов в современной русской поэзии: Автореф. дис. … канд. филол. наук. — Киев, 1990. — С.
- Тіл білімі сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1998. — 235-б.
- Досжанова Р.А. Ж.Аймауытов прозасындағы лексика-синтаксистік қайталамалар: Филол. ғыл. канд. …дис. автореф.— Алматы, 1992. — 22 б.
- Негимов С. Шешендік өнер. — Алматы: Ана тілі, 1997. — 208 б.
- Адамбаев Б. Шешендік өнер. — Алматы: Ғылым, 1999. — 204 б.
- Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. — 1, 2-к. — Алматы: Жалын, 1993. — 400 б.
- Сыздықова Р. Сөз құдіреті. — Алматы: Санат, 1997. — 382-б.
- Серғалиев М. Синтаксис мəселелері: Монография. — Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2006. — 322-б.