Үшінші мыңжылдыққа, XXI ғасырға, қадам басқан қоғамның даму үрдісінде Қазақстан егемендік алып, көк байрағын желбіретті. Ұлт тəуелсіздігі — ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы елінің жарқын болашағы жолындағы күресінің жемісі. Қазақстан мемлекетін əлем танып, өркениетті əлемнің қауымдастығы — Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Елбасы Н.Назарбаев ұлт мəселесіне басты назар аударып, егемен мемлекет пен тəуелсіз ұлттың дамуында ұлттық сипаттың мəнін атап көрсетті. «Кеңес кезінің өзінде шын ұлттық мемлекеттілік таптық сипаттан ұлттық сипатты жоғары қою жолымен жүзеге асатынына көз жете бастады. Өмірдің барлық саласына жаңа тарихи қауымдастық — кеңес халқының моральдік кодексін күштеп енгізу адамдардың ұлттық сезімін, халықтардың өзінің этникалық тегін тануға ұмтылысын жойып жібере алмады» [1].
Жарты ғасырдан астам дəріптеліп келген коммунистік жүйе ұлт тəуелсіздігінің, жекелеген ұлттың жойылып кету қауіпін туғызды. Уақыт өткен сайын коммунистік партия саясаты, шовинистік идеяның тар шеңберінде біртұтас мемлекеттің, ұлттың болашағы үшін күрескен қазақ қоғамындағы ірі тұлғалар есімі жалаң, жалпылама түрде айтылып келді. Ендеше, ұлт тəуелсіздігі жеке тұлғаны қалыптастырған қоғамдағы тарихи шындықты, рухани сабақтастықты заман талабына сай көрсете білді.
Ұлттық мəдениетіміздің негізгі арналарының бірі — қазақ əдебиеті. Қазақ əдебиеті — халқымыздың жүріп өткен хронологиялық шежіресі ғана емес, сонымен бірге оның дүниетанымы, көркемдік-эстетикалық өре-деңгейі, рухани дамуы, болашаққа үмітпен қарайтын біздің халқымыз үшін руханият мұрасы, ұлттық болмыс-бітімін де кескіндейтін құрал. Егер қандай халықтың болмасын, жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан əдет- ғұрпы мен салт-дəстүрін, ұлттық болмыс-бітімін, кескін-келбетін жатқызар едік. Руханият саласы, оның ішінде əдебиет жер бетіндегі ең күрделі жаратынды — Адамды зерттей отырып, өткенге үңіледі, бүгінгісін кешегісімен салыстырады, болашаққа барлау жасайды. Асылы, ұлтымыздың ғасырлар бойы ұзақ мерзімде жасаған рухани асылын күні кешегі тоталитарлық тəртіп салтанат құрған кезде талдап, зерделеу бар да, қазіргі тəуелсіздік, егемендік дербестік жағдайында саралап зерттеу бар. Ал, бұның өзі кезінде ашыла қоймаған шындықты айту болып табылса керек.
Сал-сері феномені жайында айтылған анықтамаларға сүйенсек, Əдебиеттану терминдерінің сөздігінде: «Сал-сері — сегіз қырлы, бір сырлы, яғни əнші, күйші, ойыншы, күлдіргіш, композитор, би, спортқа бейімі ерекше үздік жаратылған өнерпаз. Олар — халық мəдениетінің көрнекті өкілдері. Сал мен сері əншілік, ақындық өнері жағынан ұқсас болса да, мінез-қылығы, киім-киісі, жүріс- тұрысы жағынан өзгешелігі болған. «Сырттай қарағанда ұқсас көрінгенімен, сал мен серінің өнерпаздық тұлғасында бірталай айырма бар. Бұл олардың өнер туындыларына да, өмір кейпіне де қатысты. Сал, əлбетте, дулы күн кешеді, төңірегі қосшы серіктер — əнші, күйші, масқарампаз, күлдіргі немесе жай ғана қошеметші жұртқа толы болады. Салдың өзі бастап, барлық серіктері əлем- жəлем, ерекше пішімде киінеді, бұлардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тегіс еркелікке, əуейілікке бейім, тіпті тентектікпен астас, қайткенде де əдепкіден өзгеше келеді... Ал, сері сəн мен əсем, əрі қымбат киінетін, төңірегіне əнші, күйшімен қатар, балуан, мерген, құсбегі, атбегі жігіттерді топтайтын» [2]. Сал-серілер дəстүрді ұстанған, адамзаттық құндылығы бар, танымдық, тағылымдық мұраларға бай жан-жақты өнер иелері — қазақ сахарасының рухани келбеті. Дəл нақты кезеңі белгісіз, сал-сері типі ескі дəуірден сақталған. Тарихи-археологиялық мəліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың зерттеуінде андронов дəуірі кезеңінде, б.з.б. ХIҮ–XIII ғасырларда ру, тайпалардың өз ішінде отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал жəне сері типінің пайда болуы мифологияның жаңғыруы нəтижесінде «даралану», яғни құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы, төркінінде жатса керек.
Дəстүршілдіктің (традиционализм) негізін салған кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда (Рене Генон, Герман Вирт, Мирча Элиаде жəне т.б.), бұрынғы-соңғы тарихта ізі қалған барлық дерлік жұрттардың əскери ісінің негізін қалаған əулет (бізше, «сал-серілер», «рыцарьлар») бір кездері жойылып кеткен жаһандық патшалықтың əлеуметтік құрылымынан тамыр тартады.
«Сал», еуропа тілімен айтқанда, эксцентрик, немесе өз бағытымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді əдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бəрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Генезисі жағынан алғанда, серілер ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан «фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тəн негізгі сарындар — богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр» [3]. Ендеше, сал-серілер — музыкалық шығармаларды, əн-күйді қазақ даласында өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше қасиеті — ақындығы, əншілігі, күйшілігі. Сал-серілердің даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар спорт, жонглер, өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық, жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді ұштастырған. Мимика, жест, яғни бет-жүзін құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып бірнеше қимылды кезекпен сəтті орындау негізінен салдарға тəн құбылыс. Адамзат баласы өмір сүрген уақыт, өткен дəуір тарихи фактілерімен құнды. Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде сал-серілер бұрынғы мəртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Қару-жарақ асынып жүруге тыйым салынды, сол себепті сал менен серілер қылыш пен найзаны тастап, енді қолдарына домбыраны алып, əртістік богемаға айналды.
Ғасырлар бойы қалыптасқан əдет-ғұрып, салт-дəстүрге сай өнердің даму сатысында хас таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше дарындылығы — өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың əрқайсысы халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана қойған жоқ, əлеуметтік тұрғыда ой қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді. Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу ғасырдан ғасырға жеткен сал- серілер өнернамасының негізі болмақ. Сал-серілік дəстүрі бірте-бірте ұмтылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға ғана байланысты сақталып отыр. Сал жəне серінің айырмашылықтарын тап басып, ажырату үшін де этнографиялық айғақтарды ашып көрсеткен орынды.
Сал-серілік дəстүр əр алуан өнер өз ортасынан оқшау тұратын өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз сүйіспеншілігінен, ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше сөздік қоры бай қазақ тілінің көркемдігінен бастау алып, «сал» мен «сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек. Адам мен қоғам арасындағы тарихи сабақтастық өткен дəуірден сыр шертеді, адам баласының сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді. Сал-серілерге тəн ұлттық сипат уақыт пен кеңістік аясында əрқилы дамып, қоғамның ілгері дамуында дара тұлғалардың ұлттық болмысын жан-жақты көрсетіп, ұлт өкілі ретінде халық арасында болатынын айғақтайды.
Зерттеуші Е.Ысмайылов ақын-жыраулар мұрасын зерттеуде өзіндік үлес қосты. «Ақындар» атты еңбегінде қазақ халқының рухани-мəдени тарихында ерекше орын алатын ақын-жыраулардың болмысы, сал-серілердің бір басында бірнеше өнердің тұтасып түйіскендігі, яғни, ақындық, композиторлық, орындаушылық, суырып салма шешендік сияқты қасиеттердің жинақталып тұтасып көрініс табатынын ерекше бағалайды. «ХІХ ғасырдағы аты шулы Біржан сал, Ақан сері, Толыбай, Жаяу Мұса, Ағашаяқ, Əздембай, онан бергі Шашубай, Естай сал, тағы басқалары əншіліктің, халық өнерпаздығының дəстүрін дамытып, қалыптастырған қазақтың əнші ақындары, сал-серілері, искусствоның тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар» [4].
Сал-серілердің салтанаты да өзгеше, айта қаларлықтай болған. Олар бір-біріне ұқсамауға, бірінің ісін бірі қайталамауға тырысқан. Жəне сондай ерекшелігімен аты қалған. Мысалы, Жетісудың Дəурен салының судан өткенде белбеуінің бір ұшы бергі, бір ұшы арғы жағаға жетеді екен. Бар байлығын салдықтың жолында сарп еткен Бəшен сал қайталанбас мінез-құлықтарымен Жеке сал атанған.
Мен өзім жасымнан-ақ Бəшен салмын,
Артылған қатарымнан əсем салмын.
Су ішпей, қымыз ішпей шөлдегенде,
Сүт ішкен тұмса қыздан көсем салмын, — дегені ел есінен əлі шықпаған.
Торғай бойындағы Қыпшақ Елғон деген кісі «Құрым сал» атанамын деп, құрым киізден киім тіктіртіп, қызыл қасқа өгіз мініп, оның мүйізіне, құйрығына көк, сары, жасыл мата байлап барып, елді күлкіге қарық қылған.
Сал-серілік дəстүрден, олардың өнер жолынан өткен дəуір оқиғасын бүгінгі күн тұрғысында зерделеу, ұлттың асыл қасиеттерін биікке көтеру — ұрпақтың еншісі. Халық өміріндегі елеулі оқиға, рухани сабақтастық ешуақытта өз маңызын жоймайды. Сал-серілер заман ағымымен, əр алуан тағдырымен сыр шертеді, өнер туындылары өзекті оймен гуманизм тұрғысында шынайылықты білдіреді. «Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі — олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып көрінуі. Олардың сыртқы сипаты, киім киісі, жүріс-тұрысы қарапайым кісіге ұқсамайтын. Олар жүргенде ылғи қойқаңдай басып, кербез жүреді. Сөзі асқақ, еркін, өзінен басқа жан бар деп ойламайды, болса да олардан иығы асып отыруына кəміл сенеді. Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нəуетек, кербез, бойкүйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық əрі көңілді келеді. Шоң, Торайғыр би, Дəулеткерейлер бұрынғы ата дəстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды еркелетіп қызық көрген...» [5]. Сал-серілер тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік — қазақтың ұлы даласын, өзгеге ұқсамайтын төлтума мəдениетті, ұлттық болмыс тұтастығын көруге болады. Ерте дəуірден басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты. Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық əкеледі. Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер — тіршіліктің иесі — адам.
Жалпы адамзаттық құндылығы бар төлтума мəдениетімізді қалыптастыратын өнердің өміршеңдігі, жан-жақтылығы адамзат баласының қоғам мен тарихқа деген объективті көзқарасынан бастау алады. Халықтың санасы қоғам дамуы мен тарих заңдылығынан тыс қала алмайды. Рухани құндылықтар ел санасына сіңіп, жаңғырған бүгінгі таңда өткенге үңіліп, ұлт тəуелсіздігі жолындағы сал-серілердің қоғамда, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде өзіндік орны бар екенін айта аламыз.
Сал-серілер қашанда халықтың ойын-сауық өнерін жаңа көркемдік сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық игілігіне жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну — сал-серілерге тəн қасиет. Табиғатынан ерекше, текті өнер адамдарының сыртқы келбеті мен жан əлемінің кіршіксіз тазалығының үйлесуі заңды құбылыс. Ел алдында актер болып, сайқымазақ ретінде əзіл мен қулық элементтерін жетік меңгерген сөз тапқыш, суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері, ел аралап, биік парасаттылықты, адамгершілік негізін, ұлт келбетін көрсете білген.
Сал-серілердің ішінде аты аңызға айналған, өмірі жұмбақ ертегідей, ел еркесі, ұлт мақтанышы, сұлулық пен пəктіктің символына айналған Ақан сері Қорамсаұлы болды. Ол жастайынан домбыраның үнімен жанын тебірентіп, қазақ музыкасына ден қойып өсті. Серіге тəн кербездік, жинақылық, сезімталдық Ақанға тəн. Серіліктің алғы шарты сыртқы формасы (пішіні) — əсем киіну болғандықтан, өзінің дене бітіміне, денесіне киімнің сай келіп, жарасуына, оны жұрт қабылдап, ерекше назар аударуына Ақан қатты көңіл бөлген. Рыцарь кейіпіндегі қазақ серісінің ат спортына да қызығушылығы кейбір деректерде кездеседі. Эстетикалық идеалы, талғамы жоғары Ақанның адам ретінде өмірді тануы, қабылдауы ғажап құбылыс. Сондықтан ол өз ортасынан оқшау. Ақан серінің өзгелерде қайталанбас эмоциялық, психологиялық ерекшеліктері оның жеке индивид ретінде қалыптасуына себеп болды. Жазушы С.Жүнісов Ақанның қоғамдағы ролін оқырман сұранысына сай дер кезінде көркем шығармаға арқау етіп, ұлттық тұлғаны биік деңгейге көтерді. Сал-серілердің жинаған байлықты саналы ғұмырына, сəнді де мəнді тіршілігіне жұмсау қазақ халқының ежелден келе жатқан дархандығы, жомарттығы болса керек.
«Ақан ешбір дəуірдің меншігі емес, ол — барша халыққа, барша дəуірге қызмет ететін ұлы тұлға. Ең бастысы — ол адамды, адам сөзімен жалтақсыз жырлаған əнші-ақын. Жақсылық, сұлулық, əсемдік атаулы адамға қызмет етсе, əділ заман орнаса, əділетті ел басшылары болса, сұмдық, зұлымдық атаулының жолы кесілсе, сұлулыққа сұқтана қараған көздер жұмылса, Ақан арманы осы болды» [6].
Сəкен Жүнісовтің əлеуметтік мəселелерге арнайы тоқталып, шымыр жазу мəнері қанау мен əлеуметтік теңсіздік жайлаған қоғамда, нағыз творчество адамының қиын тағдыры бүкілхалықтық трагедияға айналатындығын айқын көрсетеді. Аса көрнекті халық композиторы, əрі əнші Ақан серінің өмірбаянын қазбалап жатпай-ақ, автор халықтың жасампаз рухының сарқылмас күші мен жеңілмейтіндігін, оның бостандық сүйгіш қасиеті мен талантын ешқашан өлтіруіне мүмкін еместігін білдіретін барынша шыншыл шығарма туғыза алған.
Ұлттық рухта ұрпаққа эстетикалық нəр беретін көркем туындыдағы Ақан тұлғасы тарихи факт негізінде қаламгердің дүниетанымы мен ізденуінің жемісіне айналды. Адамды зертейтін көркем туынды жеке адамдардың өмірі арқылы қоғам тынысын, əлеуметтік тұрмыстың ахуалын ой таразысына салады.
Қасиетті ата-баба жерін таптап, зираттар үстінен егін салған переселендердің ісіне налып:
Қай дума комиссия болса дағы
Бұған закон сұраймыз төрелесіп
Жетпіс екі милəтте жол бар ма екен,
Сүйекті, дінді қорлау тепкілесіп?
Россия патшасының мизамында,
Мұндай іске «Інжілде» закон нешік?
Ақан сері зиялы азамат, озық ойлары үшін Петербор университетінен қуылған Мəмбетəліден пікір алысып, экономикалық жағдайдан хабардар болады. Өз ойын патшаға ескертуінде былайша білдіреді:
Қазақ малы азайса, халқың азар
Қалайша бай-көпестер дүкен жасар
Қазақ малы кемісе, бəрі кемір:
Ірбіт, Мəскеу, Мəкəрші — күллі базар
Сиыр, қой, жылқы қылы, май терісі,
Фабрикте асыл пұлды жүннен тозар.
Ақан қазақ болмысына тəн ұяңдық, кішіпейілдік арқылы тəлім-тəрбиеге мəн берген. Ел аралап жүргенде көрген келеңсіздіктерді ашық айтып, өлеңге қосып, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген. Ол сұлулық пен махаббатты жырлап қана қоймай, өміріне азық етті, қоғамдағы мəңгілік тақырыптарды гуманизм тұрғысынан жырлады.
«Егер өз алдына жеке мемлекетті, сол кездегі қазақ түсінігіндегі жеке елді, өз алдына дербес қоғамды құрайтын не?» — десе, қалың елдің əр үйден, отбасынан құралатыны, сол елдің тағдыры əр отбасының, үй-ішінің əл-ауқатынан, тұрмыс-тіршілігінен байқалатыны айқын, Ақан сері отбасын осылайша түсінді. Отбасының билігі отағасында болса, үй-іші — ошақ басының иесі, берекесі, ата- анасы — əйелде екенін уағыздаған ақын, сол екі иенің татулық, бірлігі, ата-аналық махаббаты, сол шаңырақты ұстап тұратын діңгегі екенін, ел бірлігі, ұлт дəрежесінің де негізгі қазығы осы екеуінің бірлігінен, ірілігінен басталатынын болашаққа ғибрат етті» [7].
Ақан қашанда тылсым дүниені терең түсінуге, зұлымдық пен адамшылықтың ара жігін ажыратуға ұмтылды, ел бірлігінің ажырамауын ойлады, ертеңгі күнге сеніммен қарады.
Болғанда мұндай күйде заманымыз
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болыс би ет пен шайға мəз болуда
Қайткенде тура жолды таба аламыз.
Қазақ сал-серілернің өнерпаздық өнер жолы туралы еңбегінде С.Негимов Ақан серіге жан- жақты тоқталады. «Ақан сері — синкретті өнердің біртуар көрнекті өкілі. Жомарт табиғаттың, киелі топырақтың бекзат тумасы, жемісі. Атам заманда, адамзаттың сəбилік дəуірінде, тарихтың табалдырығында, музыка, поэзия, мифология, магия, гармония, ілім-білім, дін, елшілік — барлығы бір-бірімен тоғыса, ұштаса, біртұтастықта өмір сүрген. Ендеше, Ақан сері — осындай əдемі дəстүрді құбылтып түрлендірген, толық сақтап күнге жеткізген, байыта дамытқан кесек тұлға» [8].
Сол дəуірдегі тарихи оқиғаларды қоғамдық-əлеуметтік, саяси жағдаяттардан бөліп алып қарау мүмкін емес. Ендеше, əр кезеңнің өзіне тəн салты, заңы бар десек, Ақан серінің өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы оның жеке басына əсер етпей қоймады.
Ақан — өнер адамы. Оның рухы биік. С.Жүнісов Құлагерінен айырылған Ақанның қайғысы — қазақтың қайғы-мұңы, аспанды қара түнек бұлт шарлаған заманы екенін айтады. М.Жұмабаев 1923 жылы «Сана» журналына Ақанның өмірі жайлы мəлімет беретін мақала жариялады. Ақанды «пері шалды» деп, жұрт шошына қараған кезде Мағжан қарсы ой қозғайды. «Ақанның осы мінездерінің, осы істерінің бəрі жат, бəрі ұғымсыз, ел не деуге де білмей қалады. Жынды деп-ақ қояр еді, қалың қарауылда Ақаннан есті, Ақаннан шешен, Ақаннан көсем кім бар? Ермін деген ерлер шеше алмаған түйінді Ақан шешеді. Екі жақсы бас қосса, сөзді Ақан бастайды. Қандай ұшынған дау болса да, Ақан бітіреді. Ендеше, Ақан жынды емес. Оған мұсылман перісі иеленген болар дейді» [9]. Ақан — өз дəуірінің перзенті. Қазақ ұлтының кесек тұлғасы. Беймезгілдеу заманда ғұмыр кешкен сері дəрменсіздігі, бағыныштылығы заңды да еді.
Өзінің даму жолында қай халықтың əдебиеті болмасын əлем аренасында өзінің көркем құндылықтарымен, өзгеге ұқсамайтын салт-сана, дүниетанымымен ерекшеленеді. Қаламгер С.Жүнісов қоғамның шындық бейнесін жасау арқылы тарихи процестегі жеке адам тағдырын, трагедиялық жағдайын қазақ ұлтының болмысы аясында суреттеді.
С.Жүнісов қалам тартқан көркем шығарманың идеялық-эстетикалық мəнін автор мен басты қаһарман арасындағы тұтас бірліктен көреміз. Ерте заманнан адам баласының айға, күнге табынуы, табиғаттың тылсым күшінен нəр алуына зер салсақ, Ақанның «адам перісі» атануы да ғажап құбылыс. Адам жанынан таба алмаған қамқорлықты, жанашырлықты Ақан Қоскөлді қимай жағалап жүрген Атақаздан іздейді. Қанат қайырылып жанұшырған құс тағдыры — Ақанның тағдырындай.
«Жалғыз қараша қаз түні бойы қаңқылдай-қаңқылдай шаршады ма екен, əлде тіршіліктен енді күдер үздіме екен, тағдырына мойынсұнып төніп қалған өлімді мойындағандай анда-санда бір қиқ етіп əлсіз үн қатады» [10].
С.Жүнісовтің «Ақан сері» дилогиясы — философиялық тереңдігімен, кез келген адам көне беретін нəрсе емес қой, өткен-кеткен көре берсе не болады? Оны құдіреттің немесе халықтың гуманизм тұрғысынан адам рухының, қасиеттерінің құндылығымен, бір ұлттың рухани келбетін көрсете алатын Ақан сынды типтік бейнені сомдаған өнер туындысы. Жазушы əншілік, ақындық, серіліктен бастау алған Ақан серінің өмір жолын азаматтық тұлға, ұлт өкілі ретінде биік деңгейге көтеріп, əдеби процестегі ежелгі дəстүрді дамытты.
Жаһандану, яғни əлемдік үрдісте ұлттық сананың оянуы, ұлттық зерденің жаңғыруы — ұлттық менталитет ерекшеліктерін айқындап береді. Ақан — ұлттық болмыс тұтастығын жинақтаған ұлттық образ. Қаламгер танымдық тұрғыдан таразылап, Ақан бейнесі арқылы қазақ қоғамындағы қоғам мен адам арасындағы байланыс проблемасын көтерді, өз қаһарманын поэтикалық деңгейге көтеру арқылы жазушы ұлттық болмысты, өнер адамдарына тəн асыл қасиеттерді жарқыратып көрсете білді.
Қазақтың өнерпаз ұлы тұлғалары жайлы жазылған көркем шығармалар жайында зерттеп жүрген ғалым Қ.Əбдезұлы «Қазақ жазушыларының өз туындыларында қазақ тарихында, қазақ қоғамында елеулі орын алған тұлғалардың елдігіміз, ұлттық бірлігіміз, рухани ынтымағымыз үшін сіңірген еңбегін əдеби кейіпкерлер арқылы жарқыратып ашуы оқырман назарын бірден өзіне аударды... Қазақ қаламгерлері осынау əдеби тұлғалар арқылы қазақ тарихының тереңіне бойлады. Ұлтымыздың, халқымыздың тəуелсіздік, азаттық жолындағы сан тарапты күрес-тартысын нақты оқиғалар арнасына сыйғызуға мүмкіндік алды», — деп өз ойын түйіндейді [11].
Ендеше, бүгінгі тəуелсіздігіміздің негізі — заман шындығын көрсете білген ата- бабаларымыздың ігі мұраттар жолындағы өмірі, əлемдік өркениетке бет алған Қазақстан мемлекетінің өткен тарихы, қазақ ұлтының тұтас бейнесі деп білеміз.
Əдебиеттер тізімі
- Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. — Алматы: Өнер, 1996. — 129-б.
- Əдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңғытбаев. — Алматы: Ана тілі, 1998. — 255–256-б.
- Тұрсынов Е. Қазақ ауыз əдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. — Алматы: Ғылым, 1976. — 148-б.
- Ысмайылов Е. Ақындар. Алматы: Қазмемкөркемəдеббас, 1956. —66-б.
- Марғұлан Ə. Күйді ерттеп, əнді мінген кемеңгерлер... Қазақтың сал, серілік дəстүрі // Жұлдыз. — — № 9. — 179-б.
- Қирабаев С. Ұлт тəуелсіздігі жəне əдебиет. — Алматы: Ғылым, 2001. — 82-б.
- Сəкен сері (Жүнісов С.) Ақан сері — алыптардың бірі // Егемен Қазақстан. — 1993. — 31 шілде. — 2-б.
- Негимов С. Қазақтың сал-серілері. Ғылыми эсселер. — Алматы: Ана тілі, 2005. — 94 б.
- Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер / Құраст. Х.Абдуллин, Б.Дəрімбетов, З.Жұмабаев. —Алматы: Жазушы, 1989. — 323-б.
- Жүнісов С. Таңдамалы шығармалар: Екі томдық. — 2-к. Ақан сері. Роман. Повесть жəне əңгімелер. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 1981. — 395-б.
- Əбдезұлы Қ. Қазақ прозасы жəне ұлттық идея. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2005. — 5-б.