Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

«Зар заман» деп аталған кезеңнің ең көрнекті ақыны

Кіріспе

Шортанбай Қанайұлы — XIX ғасырдағы қазақ поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі. Оның мұрасы күні бүгінге дейін жұртшылыққа жаңсақ немесе жадағай ұғындырылып келді. Бұл түсінікті де. Данышпан жыраудың сөздері елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айырылып, отарлық халге түскен арада жұрттың ащы зары, өшпес өкініші, арман-мұратынан нəр алған еді.

Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томында: «Зар заман» — XIX ғасырда Қазақстанның Россияға қосылуы аяқталып, патша үкіметі бұрынғы ел басқару тəртібін жойып, 1867–1868 жылдары қазақтарды басқару жөніндегі ереже бойынша жаңа тəртіп орнатқан кезде туған ағым. Алғаш... ақын Шортанбай Қанайұлы «Зар заман» атты зарлы өлең шығарып, ол ел ішінде кең таралды. Бұдан кейін де сол кезеңде басқа да ақындар осы тақырыпқа көптеген өлең-жырлар шығарды» [1], — деп көрсетілген.

Шортанбай жырау өзіне дейінгі Бұқар, Тəттіқара, Ақтамберді жыраулар мен Шал ақынның мол мұраларымен жақсы таныс болған. Өмірінің дені Арқа өңірінде өткен ол Жанғұтты шешенмен достық қарым-қатынаста болып, сыйластықпен ғұмыр кешкен.

Шортанбай шығармаларының зерттелуі

Жыраудан қалған əдеби мұраның кейбір нұсқалары XIX ғасырдың екінші жартысында жекелеген кітап түрінде де, əр түрлі қолжазбалар арқылы да, ауызша да кеңінен таралады. Ақын мұрасын жинастыру ісіне В.Радлов сияқты ұлы ғалым, Н.Коншин сияқты білімдар адвокат — орыс халқының парасатты, зиялы ұлдары айрықша мəн береді. Оның қазақ халқының сөз өнерінде, рухани өмірінде алатын орнын анық бағамдайды.

XIX ғасырдағы алдыңғы қатарлы озық ойлы еуропа оқымыстылары қазақ халқының шешендік сөздері мен əн өлеңдерін, тұрмыс-салт жырлары мен тарихи дастандарын ел арасынан жазып алып, оны орысша, қазақша үлгіде Петербор, Қазан, Уфа, Омбы, Орынбор, Орал, Астрахан, Ташкент, Семей қалаларында жариялап отырған. Мəселен, 1866–1907 жылдары Петербор Академиясының академигі В.В.Радлов қазақ халық əдебиетінің негізінде 10 томдық жинақ шығарады. Соның «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи. Часть 3. Киргизское наречие» деген 3-томы 1870 жылы Петербор қаласында шықты. Кітапқа қазақ ертегілері, қиссалар, батырлар жыры, қара өлең, айтыстар, жоқтау, толғаулар енгізілген. Соның

«Айтыс» деген тарауында Жанақ пен Түбектің, Ұлбике мен Күдері қожаның, Шортанбай мен Орынбайдың айтыстары жəне оның «Зар заман» атты өлеңі жарияланған.

Кезінде атақты фольклорист-оқымысты Г.Н.Потанин да Сырымбет деген жерде Шортанбай мен Шөженің айтысын жыршылардан жазып алған. Ол айтыстың бір үзіндісін өзінің белгілі еңбегінде («О казак-киргизских преданиях») жариялаған.

1883 жылы Ташкент қаласында «Киргизская хрестоматия. Сборник образцов народной литературы киргиз Туркестанского края» деген жинақ шықты. Оны құрастырған белгілі ғалым Я.Я.Лютшь. Аталған жинақта Түркістан, Шымкент, Əулиеата қазақтарының мақал-мəтелдері, терме өлеңдері, Айдос батыр, Болық пен Əзілкештің айтысы жəне Шортанбайдың «Зар заман» деген өлеңі басылды.

Өлең-сөздің асқан шебері Шортанбайдың бірінші кітабы 1888 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласында «Қисса-и Шортанбай. Шортанбайдың бала зары» деген атпен 19 бет болып жарыққа шықты. XIX ғасырда Қазан қаласында қазақ жəне шығыс елдерінің кітаптарын басатын 13 баспахана болған. Ол баспаханалар екіге бөлінген: қазыналық жəне жекеменшіктік. Мысалы, «Университет баспаханасы» қазыналық меншікке бағынған. Онда университеттің оқу ісіне қажетті оқу құралдары мен тарихи маңызы зор көркем əдебиеттер басылған. Міне, осы өте беделді баспахана 1890, 1901, 1906 жылдары қазақ ақыны Шортанбайдың жоғарыда аталған кітабын үш рет жариялаған.

Сөйтіп, Шортанбай шығармалары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында екі жолмен ел арасына кең тараған: біріншісі — ауызша, екіншісі — жазбаша.

Социализм дəуірінде шортанбайтану XX ғасырдың 30 жылдарынан басталады. Мəселен, 1931 жылы жазушы-фольклорист С.Сейфуллиннің құрастыруымен «Қазақтың ескі əдебиет нұсқалары» деген еңбегі шықты. Сонда «Шортанбайдың бала зары», «Тар заман» атты толғаулары жарияланды.

1933 жылы жарияланған М.Əуезовтың, М.Жолдыбаевтың, Ə.Қоңыратбаевтың «XIX–XX ғасырлардағы қазақ əдебиеті» деген кітапта ақынның əлеуметтік өлеңдерінің идеялық мазмұны аталды, некен-саяқ кемшіліктері сыналды.

1942 жылы жарыққа шыққан С.Мұқановтың «Қазақтың XVIII–XIX ғасырлардағы əдебиетінің очерктері» деген оқу құралында Шортанбай Қанайұлы реалист ақын, заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны деп бағаланады.

Қырқыншы жылдардың басында Қазақстан Республикасының орта мектептерінде Шортанбайдың өмірі мен ақындық өнері арнаулы сабақ ретінде өткізілді. Мысалы, 1940 жылы Сəбит Мұқановтың құрастыруымен 8-ші сыныпқа арналған хрестоматия-оқулықта халық əдебиетінің ірі классиктері деп Шортанбай, Бұқар жырау, Дулат, Сүйінбай, Мұрат, Шернияз, Махамбет, Досқожа аталады.

Осындай ғылыми дəстүрді өткен ғасырдың 50-жылдардағы саяси жағдайы бұзып кетті. Бай дəстүрі бар қазақ əдебиетінің сан ғасырлық тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі — Шортанбай мұрасы ұзақ жылдар бойы жұртшылыққа теріс түсіндірілді. Шортанбай есімі атала қалса, оны сөгіп, жерлеу большевиктердің (коммунистердің) парызы сияқты болды. Жырымдалып жарияланған бірлі- жарымды өлеңдерінің өзіне шүйліге сөйлеу əдетке енді.

Ол аз болғандай Шортанбай — «дүниеден безуші, соқыр фанатик, ескі би мен ескі ханды жақтайтын ескішіл ақын» деп айыпталды. Оның бұқарашыл, халықтық көзқарастары бұрмаланып көрсетілді. Ақынның дарынына шен келтірілді, көлеңке түсірілді. Тіпті, Шортанбайдың атын қазақ халқына құбыжық қылып көрсету үшін, ұлы ақын Абайды Шортанбайға қарсы қойды. Хакім Абай Шортанбайдың ақындық өнеріне күмəн, күдік келтіріпті-міс деген өлең-сөздерді ойлап тапты.

Күні кеше ғана идеялық тазарту науқандарына Шортанбай елдің алдымен ілігіп отырды. Бұл ретте «Бес ғасыр жырлайды» жинағының алғашқы басылымында (1984) теріліп, тіпті біраз «түзеліп»,

«күзеліп» жарыққа шыққалы тұрған ақын сөздері жоғарыдан бастаушы, нұсқаушы мекемелер тарапынан түскен бұлтартпас жарлық нəтижесінде түп тамырымен жыртылып, сыдырылып алынып қалғанын айтудың өзі жеткілікті. Рас, «əділдік жеңіп», Шортанбай аталмыш кітаптың екінші басылымына енгізілді; сондай-ақ, бұдан бұрын, алпысыншы жылдарда академия жинақтарына да кірген болатын. Бірақ мұның бəрі — ақын сөздерінің шамалы бөлігі, əрі ең мəнді, нəрлі жерлері сылынып қалған, аталы жырдың өзі емес, көлеңкесі ғана еді [2].

Бұл жерде осы Шортанбайды 50-жылдардан бастап баспасөзде жəне жиналыстарда өршелене жамандаудың басты себебі неде деген сауал туындайды. Соның ішіндегі ең басты себебі — ірі халық ақынының Ресей патшалығының отарлық саясатына қарсы шығуы.

Мысалы, 1819 жылы Ресей императоры Александр I қазақ балаларын базардан сатып алуға, сол баланы басқа біреуге сатуға болады деген қатал заң шығарған. Дəл сол қатыгез заңға Шортанбай ашық қарсы шығады [3].

Білмегеннің белгісі:

Балаңды бер деп орыс тұр,

Қайтемін деп болыс тұр.

Қорқар ма орыс қой дегенге,

Қазақты қамай түсіп тұр:

Басыңнан билік кеткен соң,

Малыңнан асып, балаңды

Бер деп, ақыл тапқан соң,

Тоғайды жеңіп қолға алған

Өз ақылы жеткен соң.

Бұ құсаға ел қайтіп шыдасын,

Шабынан шоққа түрткен соң!

 Бұл отаршылдар орнатқан қазақ арасындағы басыбайлы құлдықтың көрінісі еді. Ал басыбайлы құлдықты Сарыарқаға кім əкелді? Əлбетте Ресей патшалары əкелді. Олар Анна дейсіз бе, Екатерина дейсіз бе, Александр дейсіз бе, Николай дейсіз бе — бəрібір, бұзақы.

Ұлы жырау соларды ашық айыптады. Ол XIX ғасырда өз дəуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын. Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады. Көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тəнімен сезінген ақын өзінің толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті.

Енді, міне, бар өмірі зармен өткен, өлгеннен соң да көрінде тыныш жата алмаған Шортанбай есімінің бүгінгі таңда ұлттық мақтанышқа айналуы — тəуелсіздік шапағаты деп білуге тиіспіз. Кезінде Шортанбай жəне онымен сарындас ұлтжанды ақындар хақында жазылған ғұлама ғалым, суреткер жазушы Мұхтар Əуезовтің «Əдебиет тарихы» оқулығы бүгінгі ұрпақтың қолына енді ғана тиіп отыр.

Ұлы Мұхтар Əуезов қазақ əдебиетінің тарихындағы бір ақындық мектептің өкілдерін «Зар заман ақындары» деп атаған себебін былайша түсіндірген екен: «Зар заман» деген — XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дəуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман акындары» деген ат қойдық» [4]. Бұл пікір — Шортанбай жыраудың əдебиетіміз тарихындағы бір дербес мектептің көшбасшысы екендігінің айқын дəлелі.

Шортанбай мұраларын зерттеу ісінде С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншəлиев, Т.Нұртазин, М.Мағауин, С.Қирабаев, Ы.Дүйсенбаев, К.Жүністегі, Ж.Қашқынов, С.Садырбайұлы, Т.Тебегенов, Р.Қожабеков, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді.

Шортанбай жыраудың өмірбаяны туралы қысқаша мəліметтер

Шортанбай шығармашылығының қыр-сырын, мəн-мағынасын жете түсіну үшін оның өмірін, оның ақын ретінде, азамат ретінде қалыптасуына əсер еткен жағдаяттарды байыптау лəзім. Өскен ортасын, өткерген заманын таразылау керек [5; 181].

Ақынның өмірбаяны турасындағы аз ғана мағлұматтар мынадай.

Шортанбай Қанайұлы үш жүзге ортақ Қожа руынан. Қазақ ішіндегі қожа нəсілі біздің жұртымыздың дін ісламды ұстануында, Құдай, Құран сөзін тануында, яғни ұлттың рухани ұйысуы жолында, игілікті қызмет атқарғаны белгілі.

Қазақ поэзиясының екімыңжылдық тарихын қамтитын «Екімыңжылдық дала жыры» атты кітапта Шортанбай жыраудың туған жері туралы былай деп жазылған: «Ақынның өмірбаяны туралы мəліметтер аз. Бұл жөніндегі деректердің көбі шашырап жеткен үзінді. Бір алуан мəліметтерге қарағанда, осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданындағы Қаратау деген жерде туған. Екінші бір деректе Ақмешіт қожасы делінеді, бірақ өмір сүріп, ақындық құрған жері Қарқаралы уезіндегі Бесата деген ел. Алғашқы кезде Жамантай төренің маңында болған, кейін Жанғұтты бидің қолына барып, сонда өлген» [6].

Соңғы мағлұмат бойынша, Шортанбайдың дүниеге келген жері — қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы. Ақынның бүкіл ғұмыры осы өңірде өткен. Ол туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, белгілі қаламгер Кəмел Жүністегі өзінің «Жаңсақтық» деген мақаласында былай толғанады: «Шортанбай мұрасын толығырақ білуіме бала жасымнан жырау өлең-қиссаларын жатқа айтатын Əбеу, Көпжан сынды ақсақалдарды көзім көріп, əңгімелерін тындауым себеп болды. Əбеу он жеті жасында Шортекеңе атшылық етіп, сапарлас болған адам. Ол кісі жыраудың əр өлеңінің шығу мəнісін, оның қандай оқиғаға байланысты екенін жіктеп айтатын-ды. Ал Көпжан ақсақалдың қолында ақынның арабша қолжазбасы бар еді. Міне, осы кісілерден көшіріп алған дəптер менде де болды.

Өкінішке қарай, жыраудың өзім жинаған колжазбасы 1962 жылы мен «Есеп» партиясын құрғаным үшін істі болғанымда құрып кетті. Мен түрмеге түсер шақта Əбеу де, Көпжан да дүниеден озған еді. Лагерьден қайтып келген соң да, бақылауда жүргеніме қарамастан, Шортанбай мұрасын зерттей бердім. Жыраудың қиссаларын айтқаны үшін 18 жыл түрмеде отырған Анарбек жыршыдан, 1943 жылғы тұңғыш ақындар айтысында бірінші орын алған Маясар ақыннан, тоқсандағы Қази ақыннан жырау мұрасын теріп алуға келді».

Ақынның туған жері туралы өз ойын жазушы ағамыз былай тұжырымдайды: «Күдері қожаның ағасы — Смайыл. Ол Ағыбай батырдың сауатын ашқан молласы. Смайылдан Қанай туады. Қанайдан Шортанбай жырау Арқаның төрінде, Қатпар тауындағы Жалпақсаз қыстағында 1818 жылы дүниеге келген. Шортекеңнің туған үйі күні кешегі 1985 жылға дейін сақталып келді... Қожаның бəрі Қаратауда туды деген пікір дұрыс емес».

Сəбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты тарихтық-этнографиялық шолуында мынадай қызық деректер келтірген: «Шортанбайдың қай жылы туып, қай жылы өлгенін, əкесі кім екенін, біз соңғы кезге шейін білмей келдік. Оның жас мөлшерін, əкесін бізге мəлімдеген ақын Доскей Əлімбайұлы (1850–1946).

- Мен Шортанбайды 25 жасымда Арғын Саңырақтың үйінде көрдім, — дейді Доскей, — ол менен 32 жас үлкен. Əкесі Қанай молдалық құрған, мал жиған кісі емес. Бар өмірі ел аралап, жыр айтумен өтті. Көбінесе, қарқаралық Құсбек төренің үйінде мекендеп жүрді.

Доскей 1850 жылы туған. Шортанбай 32 жас үлкен болса, 1818 жылы туған болады. Өлерде айтқан жырында, Шортанбай 63 жастамын дейді, олай болса, 1881 жыл өлген болады.

Доскейдің бұл мəлімдеуі шындыққа жатады. Өйткені, Кенесарыға байланысты архивта, 1837 жылы бір жақтан қыз алып қашып келе жатқан Шортанбайды, Кенесары «патша үкіметінен шығарсың», — деп ұстап алып, Шортанбай жалынышты жыр айтқан соң, босатты деген материал бар. Бұл материал бойынша, Шортанбай сол кезде бала — бозбала. Егер оны 1818 жылы туды десек, 1837 жылы ол 19 жаста. Бұл жобаға келеді» [7].

Бұрын-соңды жазылған əдеби деректерде, Шортанбай «мұсылманша оқыған, діншіл ақын болған» деген сөз жиі айтылатын еді. Ол діни нанымдарға сын көзімен қараған. Тек адамның ақыл өлшеміне қайшы келмейтін қағидаларды ғана қабылдаған. Сырты сопы, іші арам, кейбір қожа- молдаларды жаратпаған.

Жас кезінен өнер жолын таңдаған Шортанбай, қайткенде де өз əулетінің ежелгі дəстүрінен аулақтап кетпейді. Бір кездегі Қожа Ахмет Ясауи сияқты, мүрид жинап, азан шақырмаса да, сол дана ұстаз үлгісімен шариғат қағидаларын, адамгершілік, иман жолын өлең-жыр арқылы насихаттайды. Сонымен қатар сақараның суырып салма ақындарының əдетімен топқа да түседі. Көптеген айтыстарға қатысады. Шортанбай шығармалары халық арасына кеңінен тарайды. Себебі ақынның шығармашылығына халық өмірінде орын алған қоғамдық-əлеуметтік өзекті мəселелер арқау болды. Шортанбайды Ресейдің отарлау саясатына байланысты қазақ қоғамында капиталистік қатынастардан туындаған бетбұрыстар бейтарап қалдырған жоқ. Адамдар санасы мен адамгершілік болмысында болып жатқан өзгерістер ақынды қуанта алмайтын еді. Кейінірікте: «Шошимын кейінгі жас балалардан», — деп Абай секемденген ахуал Шортанбай тұсында əлеуметтік кеселге айнала бастаған-ды. Сондықтан да Ш.Қанайұлы өзінің туындыларында келеңсіз құбылыстарды сынап, халықтың ауыр тұрмысын бүкпесіз жырлауы түсінікті. Бұл оның жан айғайы деуге болады.

1868 жылдың қысында Шортанбай өкпесіне суық тиіп ауырып шықты. 1870 жылдары жасы елуден асқан ақын халқының жағдайы мүшкілденіп, рухани азып-тозып бара жатқанын көріп, мүжіле түсті. Жаралы жанына өкпе ауруының асқынғаны қосылды. Яғни өмірінің соңғы жылдары халқының қасіреті мен өзінің өкпе сырқаты екі жақтан меңдеткендіктен, бұл ақынның қайғылы, зарлы толғаулар төккен кезеңі болды. Енді ақын Арқаның əнші, күйші, өнерпаздары бас қосқан сауық-мерекелі мəжілістерінен де қол үзіп, Құдайға бірыңғай күндіз-түні құлшылық етуге көшті. Дін, ғибадат жолына біржола берілді. Көп жылдар бойы дəм-тұздары жарасқан Жамантай төреден рұқсат сұрап,Бұғылы-Тағылы тауындағы Ақсу-Аюлы өзенінің жағасын мекендейтін Сарым руының беделді адамы, шешен Жанғұтты бидің аулына біржолата көшіп барды.

Өмірінің соңғы жылдарында Шортанбайдың ақындық қызметі маңызданып, тереңдей түсті. Оның ышқынған жан күйзелісі, жан айқайы сынды жырлары қазақ даласындағы өзі тектес Дулат, Мұрат, Əубəкір сынды зар заман ақындары өлеңдерімен үндесіп жатты.

XIX ғасырдағы қазақ халқының асқан дарынды ақыны Шортанбай Қанайұлы 1881 жылы 63 жасында дүниеден көшті. Қысқасы, Шортанбай жөнінде бізге жеткен шашыранды мəліметтер осы ғана.

Ақынның «Көз көрген қазақ батыры» атты толғауы

Шортанбайдың ойшыл ретінде қалыптасқан, ақын ретінде тұлғаланған заманы қазақ халқының жаңа тарихындағы ең ауыр кезеңдерінің бірі болды.

XIX ғасырдың алғашқы ширегінде патша үкіметі Қазақстанға саяси өзгерістер енгізуге тырысты. 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғы» далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгертті. Енді басқарудың округтік жүйесі енгізілді. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелігіндегі) жəне Көкшетау (Уəли ханның иелігіндегі) округтерін құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздің рулары мекендеген аймақтардың түйіскен жеріндегі жайылымдарды тартып ала бастады.

XIX ғасырдың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кіші ұлы Қасым төре бас көтерді. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшіп барды. Оның қоқандықтардан күткен үміті ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелді, кейінірек өзі мерт болды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын тудырды. 1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша əскеріне қарсы жоспарлы күрес жүргізді.

1847 жылы сəуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кекілік-Сеңгір тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен генерал Вишневский жасағы, Қоқан хандығының əскері қоршауға алып тұтқынға түсірді де, айуандықпен өлтірді [8].

Сонымен, Кенесары хан бастаған, бүкіл Қазақстанды қамтыған азаттық соғысы ауыр жеңіліспен аяқталды. Елдің бар қуаты сарқылып, бар тірлігі суалғандай көрінді. Кенесары қозғалысына жалғас, немесе бұдан соңғы, байтақ елдің шартарабындағы көтеріліс ошақтарының барлығы тұншықтырылды. Батыс Қазақстанда Исатай, Сыр өңірінде Жанқожа, Маңғыстауда Досан батырлар қазаға ұшырады. Азаттық жаршысы Махамбеттің басы шабылды, Шернияз ақын іштен тынып, Нысанбай жырау қайғы тұңғиығына батты. Жұрт қорғаны батыр ерлер түгел жер жастанса, ұлт ұраншысы өршіл акындар тегіс кіріптар халге жетті. Ел иесіз қалды. Қанға бөкті. Талауға түсті. Отаршыл Ресей бүкіл қазақ даласын біржола жалмап жейтін зымиян да озбыр саясатын жүзеге асыра бастады. Міне, дəл осы кезеңде үн көтерген Шортанбай шығармашылығы бұғауға түскен кəріп елдің жан тəсілім ышқынысы ғана емес, бағы қайтса да, рухы өшпеген өміршең халықтың қайрат- қуатының, ұлттық санасының көрінісі болды [5; 182].

Кенесары ханның өлімі — Шортанбайға бір ауыр тиген оқиға еді. Сондықтан да ол Кенесары мен Наурызбайдың ерлік істерін əрі жоқтай, əрі дəріптей жырлады. Ақынның «Көз көрген қазақ батыры...» жыры — Кенесары хан мен Наурызбай батыр туралы жоқтау мазмұнындағы толғау [9; 134]:

 Көз көрген қазақ батыры,

Алысқа кеткен дағбыры.

Хан Кенедей ер қайда,

Шейіт боп біткен тағдыры.

 Өлшеулі күні біткен соң,

Алладан ажал жеткен соң,

Кəпір салған тұзаққа,

Ілініп бір кеткен соң,

Қош-қош айтып еліне,

Самалды шалқар көліне,

Құбақан сағым беліне,

Иманын тілеп Алладан,

Көзден таса ақыры.

Наурызбай төре ер еді,

Өн бойы өнер сері еді,

Кəпірмен сансыз шайқас сап,

Дəл ортада айқасып,

Бекерге өлем демеді,

Күркіреп солар тұрғанда

Қазақты жау жеңбеді.

Хан Кене кетті арадан

Орысқа қазақ қараған.

Шұбыртпалы Ағыбай,

Тобықтыда Құнанбай,

Байсейіт пен Жанғұтты,

Дүйсенбай мен Қоңыр жүр

Тілеп жəрдем Алладан.

Басқа амалы қалмаған,

Ынсапсыз екен бұл кəпір,

Жеріңді алды, малды алды,

Пəлесі жоқ салмаған,

Қайысады қабырғаң,

Көтере алмай салмағын.

 Сонымен, бұл толғауында жырау Кенесарының, Наурызбайдың халқының бостандығы, тəуелсіздігі үшін арпалысып, бастарын өлімге қиған ерлік, батырлық өнегелерін мақтаныш сезіммен жырлайды. Хан Кене арадан кеткен соң, «орысқа қазақ қараған» заман басталып, енді Алладан жəрдем тілеумен күн кешкеннен басқа амал қалмағанын айтады. Ақын мұңды, шерлі сырын ағытады.

Шортанбай айтыс ақыны ретінде

Кезінде Шортанбай ақындығына Сарыарқа саңлақтары Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Мəди, Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбай жəне т.б. арқалы өнерпаздардың игі əсері тигені анық. Жұлдыз атаулының бəрі де маңындағы қалың шоғырымен көрінетіні емес пе?! Қазақ əдебиетінің, мəдениетінің аспанындағы жұлдыздар шоғырымен бірге көрінетін Шортанбай қазақ елінің бірнеше аймақтарына тəн жыраулық, ақындық ерекшеліктерді бойына сіңіріп қалыптасқан. Сонымен қатар ол айтыс ақыны ретінде бірнеше белгілі ақындармен сайысқа түскен.

Сарыарқадағы ақындық ортамен қоян-қолтық араласқан Шортанбайдың үлкенді-кішілі айтыстары оның атағының алысқа жайылуына себепкер болады. Көлемі əр түрлі «Шортанбай мен Шөже», «Шортанбай мен Орынбай», «Шортанбай мен Асан бұғы» айтыстары оның осы жанрдағы шеберлігін жан-жақты байқауға мүмкіндік береді.

Шортанбайдың Шөжемен болған айтысының толық нұсқасы сақталмаған. Бізге жеткен үзінділерінің өзінен-ақ əрі сыншыл өткір тілді, əрі бірін-бірі қадірлейтін сыйлы дарындардың тамаша сайысын көреміз [9; 134]. Шөженің мына шумағы осы ақиқатты терең аңғартады:

 Шортеке, ел сыйлаған пірім едің,

Сенімен айтысуға тұрып едім,

Басқадай қу соқыр деп кемсітпедің,

Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді.

 Шортанбайдың шеберлігі шыңына жетіп, ақындық даңқы аймағына кең жайыла түскен уақыт — Тəуке баласы Құсбек төре аға сұлтан болып тұрған кез. Жыраудың Құсбек төренің ең сыйлы адамдарының санатында екенінің бір көрінісін оның Орынбай ақынмен айтысынан байқаймыз. Бұл айтыс Құсбек төренің ордасында өткен. Оны ұйымдастырушы — төренің өзі. Атағы бүкіл қазақ даласына танылған Орынбай ақынмен өткен айтыс екі жыр дүлдүлдерінің кезектесе отырып, бір-бір шумақтан жауаптасуынан құрылған [9; 132–133]. Олар бір-бірінің ел арасындағы абырой-беделін жоғары бағалай білген. Екі ақын да ауыл, ағайын арасының бүтіндігін, ауызбіршілігін ойлайтын азаматтық биік тұрғыдан көріне алған.

Осы айтыстың өне бойынан Шортанбай ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, алдын орап кететін сезімталдығын танытады.

«Шортанбай мен Асан бұғы айтысы» — қалжың айтыс [9; 132]:

 Шортанбай:

 Сөз айтайын Асанға,

Дүниешікке мақтанба.

Жəрмеңкеде қақтандың,

Дəулетің судай тасқанға.

Дүниеқордың мəнісі,

Жетпіске келді бұл жасың.

Дүниешік болды жолдасың.

Əндіжанның сарты едің,

Қай елдің ең қожасы?

Қаратауды тауладың,

Пəленше деген мырзасың.

Сарыарқаға келген соң,

Төрт аяқты жорғасың.

Осынша жиған мүліктен,

Не көреді қу басың?

Талабың бар жалғаннан,

Əлі де болса аспаққа.

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптапқа.

Ұяларсың ақырда,

«Мен раббін» деп сорғанда.

Асан:

  Қаратаудың халқы едің,

Бір атадан жалқы едің,

Көк есекке мінуші ең,

Масақ теріп жүруші ең,

Əуелде күнде жанға қас

Қазаққа келіп, болдың мас.

Менің түбім сарт десең,

Неге атандың Қызыл бас.

Екеумізді пір тұтып,

Қалай заман бұзылмас.

  Шортанбай:

Жəдігөй жарғыш болмаңыз,

 Ақырет қамын ойлаңыз,

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Арқаға шығып нан жедің,

Нан жедің де дəндедің

Сұлу болса, сүйсем деп,

Жүйрігі болса, мінсем деп,

Күннен күнге сəндендің.

Арқадан қылып жайлауды,

Əркімнен алдың байлауды,

Қиямет күні болғанда,

Қандай жерде мекенің,

Сен ғаріптің сайлаулы.

Бұл айтқаным ақылым,

Аталас туған жақыным,

Қиямет күн кез болса,

Пайдасы болмас қапының.

Ағартты Құдай басыңды,

Өлшеп те берген жасыңды.

 Бұл жерде ескертетін жайт, ақынның сақал-шашы сəл жирендеу болған. Сондықтан құрдастары оны «Қызыл бас» деп атап кеткен («Қызыл бас» — Шортанбайдың лақап аты).

Айтыс барысында Шортанбай Асанға мынадай кінə тағады: сен қожа емессің, сарт едің ғой, қазақ арасына келген соң шалқып байып кеттің, төрт аяғың тең жорға болып алды. Енді соны місе тұрып, босқа желікпесең дегенді айтады.

Бұл айтыста Шортанбай адамзатқа қанағатшылдықпен, қарапайымдылықпен өмір сүру қажеттігін баяндайды. Ақын жылтыраған дүние-мүлікке қызыққан тойымсыздықтың тозаққа апаратындығын толғайды.

Шортанбайдың бəйіттері

Шортанбай мұрасын зерттеуге көп көңіл бөлген орыс зиялысы, этнограф, экономист, ұлы Абаймен таныс, біліс болған, жасында жер аударылып келіп тұрақтаған семейлік адвокат Н.Я.Коншин.

Н.Я.Коншин Шортанбай өлеңдерін жинастырып, қағазға түсіруді Қарқаралы қаласында тұратын Қоянбай Тұраров жəне Жүсіп Бөртебаев деген кісілерге тапсырған. Олар Коншиннің тапсырмасын ойдағыдай орындаған. Жиыны 611 жолдан құрылған өлеңдер топтамасын жасаған. Əрбір кесек жырға сандық ретпен бəйіт атауын берген. Үлкенді-кішілі он екі бəйіт құрастырған. Шортанбай өлеңдерін жинау жұмысын ақы, пұлсыз, сыйластық жөнімен жасаған.

Белгілі жазушы М.Мағауин өзінің «Шортанбайдың жаңа зары» атты мақаласында Омбы архивіндегі Н.Я.Коншин қорынан алынған Шортанбайдың жаңа шығармалары — бəйіттер туралы өз ойын былай түйіндейді: «Арнайы тапсырма — Шортанбайдың ел арасындағы əзірше беймағлұм жырлары турасында болса керек. Қоянбай да осы міндеттің мүддесінен шығуға тырысады. Бірақ кейде қолжазба нұсқалар арқылы да тарағанмен, негізінен ауыздан ауызға өтіп сақталған, оның үстіне басылған кітап əсерімен жаңғырған толғау-жырларда əрқилы қайталаулар ұшырамауы мүмкін емес еді. Тұтас бəйіттер болмағанымен, жекелеген түйдектер, толғам, тармақтар. Қолымыздағы нұсқаны мұндай үстемелерден тазарту, жаңа бір бəйіт үлгісін жасау — кезінде бір пара халық арасына осы қалпында тараған тиісінше таңбаланған мұраға қиянат болар еді. Оның үстіне, бəйіт атымен берілген кейбір бөліктер біраз қуатынан айырылып, жартыкеш қалыпқа түсер еді. Сондықтан Қоянбай- Коншин нұсқасын сол қалпында жұртшылық алдына тартып отырмыз...

Н.Я.Коншин Шортанбай толғауларын қолға түсірген соң, сөз жоқ, көп ұзамай оның орысша жолма-жол аудармасын жасатып алуға талап етеді. Бұл жұмыс Санкт-Петербург университетінің студенті, 1901 жылы елге жазғы демалысқа келіп жатқан Райымжан Мəрсековке тапсырылады. Р.Мəрсековтің осы архив бумасында сақталған аударманы бітірген соң Коншинге жазылған арнайы хаты 1901 жыл, 7 июльде Өскемен дуаны, Айыртау болысынан жолданыпты. Білімдар студент ең алдымен Қоянбай қолжазбасын бəйіт реті, тармақ жігімен бастан-аяқ қайта көшіріп шыққан, содан соң Шортанбай өлеңдерінің жолма-жол аудармасын жасаған екен. Жаңа көшірме қайбір тұста демесек, бұрмасыз, нақпа-нақ, толғаулардың текстологиясын қалыптауда қосымша көмекші болды, ал аудармалар — іждаhатты, сапалы, сол замандағы жақсы деңгейде» [10; 172].

Н.Я.Коншин қорынан Шортанбай жырауға қатысты тағы бір толғау ұшырасты. Ол туралы М.Мағауин былай ой толғайды: «... Қолжазбада телімсіз, ежелгі қазақтағы «данышпан қарт жыршылардың насихат өлеңінің» үлгісі ретінде берілген. Бұрыннан таныс бірлі-жарым тармақтар жайын айтпағанда, бүкіл ой жүйесі, болмыс-бітімі Шортанбайға тиесілі екендігіне күмəн қалдырмайды. Түпнұсқада «Жыр насихат» деген атаумен берілген бұл толғауды да жарияға шығарып отырмыз» [10; 174]:

Бір насихат айтайын,

Тыңда мұны, жарандар.

Есіткенің ұмытпа,

Қайсыңда сенің сана бар?

Жақсы адамның белгісі,

Төңірегіне қаранар,

Артық-кем сөзге бармайды,

Өз ақылын шамалар.

Үйіне келсе бір ғаріп,

Қаңғырып нағып жүрсің деп,

Бір тостаған дəм берсе,

Кемітіп көзін ояды.

Сөйтіп жүріп бір жаман,

Жұт пенен жауға кез болып,

Айрылып малдан қалады.

Кісіге берген малы жоқ,

Құдайға берген қайыр жоқ,

Құдайдан бұған рақым жоқ,

Адамнан табар мейір жоқ.

Тірі қор сонда болады.

Атамыз қазақ алаш-ты,

Шаруасы малмен жарасты.

Мал шырдасы жер еді,

Өскен соң қазақ таласты.

Ел көбейіп, жер өспес,

Түңіліктей жерге қысылып, Мал шырдасы қазақтың, Жер-су түгел болмас-ты.

Бір шаруаның артынын

Егінді жерге салмақ-ты.

Үйренбеген бұ қазақ,

Ұқсатып оны салмапты.

Қара бауыр Сары-Арқа,

Шөбінен де, тасы көп,

Топырағынан құмы көп,

Салқар ағын суы жоқ.

Жалпақ елге біткендей,

Егіндік жер таппас-ты.

Егін де жерге салынар,

Аз-аз бидай алынар.

Егін тамақ қамынан,

Егінді бақса, мал кетер,

Мал кеткен соң, мəн кетер,

Қазақтан басқа халықта,

Май шұрасы азайды,

Жерден алған бидайың

Майсыз тамақ болмас-ты.

Мал кеткен соң май кетіп,

Құр бидайды үнем қып,

Сірə да, қазақ оңбас-ты.

 Ойлап тұрсам, жігіттер,

Сары-Арқада береке.

Ит жүгіртіп, құс салып,

Жүз жыл көрер мереке.

Көк ала шатыр тігулі,

Қонаққа деген көлеңке.

Ат басын қонақ бұрмайды,

Аударылып түсіп жатқаны,

Бағлан қозы сойғыз деп,

Сары қымыз сапырып,

Сатусыз ішіп тамақты,

Рахатқа батқаны.

Осыдан қарап ойласам,

Сары-Арқада береке,

Рас-ау деймін айтқаны.

 Жаз қонғаны көкорай,

Шалғынға байлап биесі,

Кешке таман болғанда,

Ботасы боздап түйесі,

Айнала шуыл күңіреніп,

Мөңіреп сиыр бұзаулы.

Маңырап шулап табысар,

Қойлары мен қозысы.

Қаршыға алып қолына,

Дабылын байлап жанына,

Мылтығын салып мойнына,

Үйрек пен қаз ілгізіп,

Ақ сақалды күлгізіп,

Қазақтың қызық мұрасы.

 Қыс қыстауға қонғаны,

Бір қызығы қазақтың

Қиратып соғым сойғаны.

Ит жүгіртіп, құс салып,

Сонармен таудан түлкі алып,

Мергені атып маралды,

Ол бозбаланың думаны.

Келе жатқан қазақтың

Бұрыннан осы жорасы.

 

Алла тағалам біледі, Сөздің осы ырасы. Енді қандай болады, Жаратқан хақтың пəрманы?

 Ұлы ақынның жаңадан табылған шығармаларымен таныса отырып, біздің қосарымыз: Шортанбай Қанайұлының өз заманындағы көркем əдебиеттің қай саласына болсын ат салысып, белсене қатысып отырғанын ерекше ескерте кеткен жөн сияқты.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 4-т. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. Бас ред., 1974. — 581 б.
  2. Шортанбай. Зар заман сарындары // Жұлдыз. — 1991. — № 3. — 97 б.
  3. Зар заман: Жыр толғаулар / Құраст. С.Дəуітов. — Алматы: Жалын, 1993. — 114–115-б.
  4. Əуезов М. Əдебиет тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 192 б.
  5. Мағауин М. Зар заманның мұң-наласы // Жұлдыз. — 2003. — №
  6. Екімыңжылдық дала жыры / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2000. — 192 б.
  7. Мұқанов С. Халық мұрасы: Тарихтық-этнографиялық шолу. — Алматы: Жазушы, 2005. — 272–273-б.
  8. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2003. — 291-б.
  9. Шортанбай. Келер заман // Жұлдыз. — 1992. — №
  10. Мағауин М. Шортанбайдың жаңа зары // Жұлдыз. — 2004. 

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.