Кіріспе
Шортанбай Қанайұлы шығармаларының келер ұрпақтар үшін бағалы, таптырмас жақтары баршылық. Ең алдымен, ол өз кезіндегі əлеуметтік мəселені тұңғыш рет дерлік тиісті дəрежеге көтере білді. Сонымен қатар бұл мəселені шешуге, өзінің шама-шарқынша жауап беруге ұмтылған əдебиет қайраткерлерінің бірі болды. Ол, бір жағынан, халықтың бай ауыз əдебиетінен, оның тамаша дəстүрлерінен қол үзіп кеткен жоқ. Екінші жағынан — өз тұсында жаңа туа бастаған қазақ халқының жазба əдебиетінің іргесін калау ісіне ат салысты.
Шортанбай жырау айтатын сөзін сұйылтпай дəл айтады. Ол ойын бір сыдырғы көркем бере білген ақын. Көздеген ойын табиғат құбылыстары арқылы, ақындық тіл: афоризм, ұластырылған эпитет, метафора, параллелизм арқылы жеткізеді. Бұған ақынның «Бала зар», «Зар заман», «Келер заман» деген белгілі толғауларынан алған кез келген шумақты мысал етіп алуға болады.
Қазақ халқының көрнекті жазушысы С.Мұқанов өзінің естелігінде: «Шортанбайдың үш зары бар: «Зар заман», «Бала зар», «Өлер зар». Осы үш зарында да ол халықтың басына түскен зарды, заманының зарын толғаған. Бұл үш зар — үш поэма жəне сюжет жағынан біріне-бірі жалғас, бірінің мазмұнын бірі өрбітетін поэма.
«Зар заманда» Шортанбай қазақ халқының көтерілістерін патша үкіметі уақытша сөндіргеннен кейінгі халдің басын айтады; «Бала зарда» көтерілістен кейінгі ауырлаған халді сипаттайды; «Өлер зарда» Шортанбай өлім халында жатып өмірмен, елмен бақұлдасып, артында тірі қалып бара жатқан жұрттан не тілейтіндігін баяндайды» [1], — дейді.
Шортанбай жыраудың біздің заманымызға жеткен мұрасының ең мəнді əрі көлемді бөлігі —«Бала зар». Бұл толғау XIX ғасырдың соңында Қазанда үш мəрте жарияланған болатын. Шортанбай ғұмыр кешкен Сарыарқада кеңінен тараған.
Осы шығармасында ақын қазақ даласына капитализмнің элементтері кеңінен ене бастауына байланысты пайда болған қайсыбір жаңалықтардың көлеңке жақтарын көре біліп, аяусыз сынға алады [2; 81]:
Мынау бір жалған дүниеде
Малы көп кісі би болар.
Көпке тентек, ез, қисық
Қамшыменен би болар.
Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.
Ат басына күн туса,
Көксімдегі күй болар.
Көңіл азып, тон тозса,
Берген көйлек кез болар.
Аштықта жасық болса да
Ұдай абзал сол болар.
Мейір кетті пендеден,
Сүйтіп ердің елінен.
Өмірдің ұсқынсыз жақтарын көргенде ақын шыдай алмайды, алдағы болашақтан үміті кесілгендей болады. Өзіне тиянақ-тірек іздегенде, амалсыздан діни ұғымға келіп тіреледі. Бұрынғы жаннан ырымға ештеңе қалмағанын баяндап, ендігі үміт көзін бір Алланың рақымы мен шапағатына тігеді.
Жырау шариғатқа сай қызмет істеу керек екенін айтады. Халық тілегін жоғары қоя білуді жақтайды [2; 79]:
Түйенің құты бура-ды,
Килəсі (інгені) қысыр қалмаса.
Күнə қайдан шығады,
Жаралып жан болып тумаса?
Ғаділ деп соны айтыңыз,
Турасын қисық бұрмаса.
Бұйрықсыздың бəрі харам,
Шариғатқа сыймаса.
Ақын дін жолының ізгілігін айта келіп, адамдар ортасындағы пендешілік, қарама- қайшылықтардың сипатын дəл бейнелейді [2; 75–76]:
Қолыңнан құсың қашырсаң, Қайтып қонбас қолыңа, Ісің түссе жаманға, Жағаңнан алар сорыңа.
Көп ішінде аз болсаң, Əрнеме түсер ойыңа. Ел ішінде жоқ болсаң, Мін тағылар бойыңа.
Жолдас болсаң жақсымен,
Қолың жетер Қырымға.
Топқа кірсең əркіммен,
Таласарсың орынға.
Текті құс қарар Қырымға,
Ит айналар жырымға.
Парақорлар қызығар
Бір қалаштық тиынға.
Шортанбай кейбір адамдар мінезіндегі өзімшілдік, сараңдық сияқты жағымсыздықтарға қарсы.
Ол кісілік, қайырымдылықты жақтайды [2; 79]:
Қасақана бітер мал
Қайыры жоқ қабанға.
Айдасаң қиық жүрмейді
Төрт түлігі аманға!
Ақын өз толғауында кейбір адамдарда кездесетін екіжүзділікке наразы. Айтар ойды əркімнің өзіне бетпе-бет айтуы керек дейді. Ал сыртынан өсектеу жарамсыз іс деп түйіндейді [2; 80]:
Жақсыны жаман көре алмас
Тіс тиген соң өзіне.
Шын екен деп иланбаңыз
Жалғаншының сөзіне.
Сырттан ғайбат қылғанша,
Айт көзі мен өзіне.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қарауыл қояр сөзіне.
Шортанбайдың ойынша, адам санаулы өмірін нəтижелі өткізу керек. Өнерге əуестеніп, аң аулап, құс салып, кəсіппен айналысуы орынды. Сонда ғана ол иманды [2; 78]:
Ит жүгіртіп, құс салған
Өнерпаздың өнері.
Өтіп кеткен нəрсеге
Өкінсең жоқ келері.
Құбылып тұрған қызыл гүл,
Қураса кетер мəнері...
Он сегіз мың ғаламды
Құдіретіменен жаратқан
Құдайдың қалай шебері?!
Кəсіптің түрі көп. Мысалы, жер кезіп, керуен тартып, жол көріп, ел тануды өнер деп ұсынады [2; 78–79]:
Жапырағын жайқалтып,
Жайлауда қонсаң бір көлге,
Көкала шатыр нарменен,
Мың ханшалар пұлменен,
Он піркəшік құлменен,
Сапар қылсаң бір жерге!
Өз толғауында жырау жастың ер жететін кəмелет шағын, кемел кезеңдерін атап өтеді. Оларды өмірдің өзі күтіп тұрғаны ескертіледі [2; 78]:
Жиырма бес жасында
Жігіт жетер кемелге.
Он сегізде қыз толып,
Ана болар біреуге.
Құрбыңнан қорлық көрмессің,
Құда болсаң бір елге.
Ақынның пайымдауынша, жастарға қайрат, талап, жігер керек. Білгірлік, көрегендік, ата жолын қуар зерделілік қажет дейді [2; 80–81]:
Жігерлі туған жігіттің
Кім қой дейді талабын.
Жалғыз аяқ бар болса,
Кісі үшін дер шалабын.
Атасы топқа кірмеген
Сөзге салмас құлағын.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қонаққа сояр лағын.
Тəлім-тəрбие алған жас ойлы, өнерлі боп өседі. Арамдыққа, зұлымдыққа бармайды. Дүние қызығына алданбай, қиындыққа төзіп, ізденуді қолдайды [2; 77–78]:
Медресе, мешіт салдырып,
Мүфтиге берсең балаңды,
Азан, тəкбір айттырып,
Мешітке қойсаң молдаңды,
Сираттың желі соққанда
Руза намаз панаң-ды.
Тірлікте есіңе ал
Өлгенде жанға пайданы,
Ұйқы да кешіп көп жатпа,
Бір жаратқан Алланы.
Березе қаптал тон киген,
Тойда тұрып мақтанбаң.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Күнəдан ерте сақтанған...
Жорға мініп теңселтіп,
Торғын тоның белсентіп,
Мамық төсек салдыртып,
Ыңырантып тұрғызып,
Дүрия-көрпе жамылтып,
Дүниенің қалай алдауы?!
Мал бақтырар пайдаға,
Зекетсіз мал айдама.
Қайыры жоқ ас сақтап,
Дəмді харам шайнама.
Құдіретке көніңіз,
Құдайменен ойнама.
Əрине, қазақ жастарының əуес болар ата кəсібі — ол төрт мүлік мал өсіру. Оның қызығын көру.
Сараңдыққа салмай, берер жерде жомарттық істей білу [2; 79]:
Жылқының құты айғыр-ды,
Ат тумайды атасыз.
Көсегесі көгеріп,
Көбеймейді батасыз.
Ғайбаттың жаман екенін
Біле тұра айтасыз.
Күн шыққан соң тұрмасаң
Намаз қаза боларын
Біле тұра жатасыз.
Алланың берген ақ дəмін
Шайтанға қайтіп сатасыз?!
Жыраудың осы туындысы шетінен афористік сипатта. Өлеңіндегі нақыл-ақыл сипатын ақиық ақын былай ескертеді [2; 84]:
Бəйіт айтып, баян қып,
Жанастырдым əр неге.
Мəселе кітап шығардым
Кейінгі қалған пəндеге.
Бес ауыз сөз айттым деп,
Мақтандың, тілім, сен неге?!
Қой, көмейім, тəубе қыл,
Асылық қылма иеге!
Жасың жетті алпысқа,
Жеті ғалам астында
Даусың кетті алысқа.
Өзіңнен өрнек жайылды
Жақынға, туған, қалысқа.
Сайып келгенде, Шортанбайдың «Бала зар» атты əйгілі жинағына кірген өлең-толғауларының мəн-мазмұны міне осындай.
Ақынның «Зар заман» атты толғауы
Шортанбайдың «Зар заман» атты толғауы — азаттықты, бостандықты сүйген, өр мінезді халқымыздың отаршылдық бұғауына шырматылып жатқан кездегі ауыр ахуалының айнасы. Ақынның əлеуметтік көзқарасы мен таптық санасын айыруға айқын дерек беретін болғандықтан, біз бұл ұзақ толғауға ерекше тоқтай түскенді жөн көрдік.
Бұл туындысында жыраудың айтатыны: заман бұзылды; бұрынғы қорлар зорайып, зорлар дегеніміз қор болуға айналды; атаны — бала, ананы қыз тыңдамайтынды шығарды; бұрынғы дуалы ауыз билер сөзден қалды; орыс ұлықтары қазақ жері мен елін билеп-төстеп алды; тағысын-тағылар [3; 217–220]:
Əуелгі қорлар зор болды,
Сондағы зорлар қор болды.
Əуелгі барлар жоқ болды,
Сондағы жоқтар тоқ болды.
Жан білмейтін жамандар,
Жөн білмейтін надандар
Ел билеген бек болды.
Көтере алмай билігін,
Ұласқан үлкен кек болды.
........................................
Əр нəрсенің болжамы
Келе жатыр жақыңдап.
Ағашты тауға үй салып,
Алды кəпір ақымдап.
Елді еркіне қоймайды,
Буыршындай тақымдап.
Дуанбасы, болыс тұр
Орыстың сөзін мақұлдап.
Айтқан сөздің құны жоқ,
Құр жылайды қақылдап.
Заманың кетті баяғы.
Жанның жалғыз сүйініші —
Мал болып тұр тамағы.
Ықылас, ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады.
Ұлықсыған ұл туып,
Бұлықсыған қыз туып,
Жан есінен адасты.
Жарысқа кірген жақсылар,
Жақыным деп жан тартпай, Жаумен бірге таласты.
Аузына кəпір қаратты Дін мұсылман алашты. Дүниенің тұтқасы, Ойлап тұрсам, мал екен, Кəпір мен қазақ таласты.
Демек, «Бала зары» жинағындағы негізгі сарын ақынның бұл шығармасында бір шама қайталанады. Бірақ бұған таңырқамау керек. Өйткені дəл осы толғауында жырау өмір шындығын объективтік түрде көрсете алды. Ара-тұра дұрыс пайымдады деуге толық болады.
Мəселен, жасыл жайлауларынан, асқар шыңды тауларынан, орман-тоғайлы белестерінен, мөлдір өзен мен көлдерінен, тілі мен дінінен — жалпы ұлттық-этностық рухани келбетінен айырыла бастаған қазақ халқының XIX ғасырдағы шынайы қалпын Шортанбай жырау былайша суреттейді [3; 218]:
Мынау ақыр заманда
Алуан-алуан жан шықты,
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Кедей қайтіп күн көрер? —
Сол себептен қорқамын.
Шортанбай қазақ халқы тəуелсіздігінен айырылғанын, билік патша үкіметінің қолында қалғанын, патшаның əкімдері халықты талаушы екендігін шығармасында былай көрсетеді [3; 220]:
Заман қайтіп оңалсын,
Адам қайтіп қуансын —
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды құлығың!..
Кəпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің дүріңдей.
Абақты тұр қасыңда
Қазылған қара көріңдей!
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей.
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріндей.
Заманның түрі бұзылды
Текеметтің түріндей.
Орысшыл əкімсымақтардың кесапатымен жүзеге асқан рухани жəне экологиялық зардаптардан халқымыздың қазір де сергелдеңге түсіп отырғаны — тарихи шындық. Міне, осындай сұрапыл шындықтар бастамасы жырау толғауының мазмұнынан сол кездің өзінде-ақ көрініс тапқан [3; 219]:
Асылық, асқан заманда
Шөп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі,
Бай таусылды елдегі...
Жақсылықтан түгім жоқ
Жан қуанып сүйінген.
Ақынды отаршылдар əкелген зиянды дағдыларды қазақтың тез қабылдап, ұлттық əдет-ғұрыптан ажырай бастауы қатты күйіндіреді [3; 219]:
Естігенің жамандық —
Жұрт жиылып бүлінген...
Шошқаның етін қақтаған,
Құбылаға бақпаған,
Атасының малындай
Арақты ас қып сақтаған —
Кəлимасыз кəпірге
Кіріптар қылдың, Құдіреттім!
Бір кезде еркін саналған қазақ даласын аш қасқырдай шарлаған би-болыстар мен старшын- ауылнайларды көргенде Шортанбай шын ақыр заман төнгендей тітіркеніп, ащы сөзді аямай төгеді. Жаманшылдықтың жиынтық бейнесі солар деп таниды [3; 220]:
Мына заман қай заман?
Азулығы бар заман,
Азусызға тар заман!
Тарлығының белгісі —
Бірін-бірі күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Жақсылар малдан түңілген,
Жамандар жаннан түңілген.
Мұның өзі зар заман!
Шортанбайдың түсінігінше: мұсылмандарда билік қалмады; қазақ бұрын өзді-өзі таласып, өзара бітісетін еді; бұл күнде орыс ұлығының алдына барып жүгінетінді шығарды; қысқасы, мал шашқаннан басқа табарымыз жоқ [3; 222]:
Еділді алып — елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қараны санап — малды алды,
Қазаққа қамқор жанды алды.
Кетейін десең — жерің тар,
Кетпейін десең — кəпір бар...
Тілеуіңді бермейді,
Көзіңнің жасын имейді.
Азаматтар, жігіттер,
Айғыр айтып сойсаң да,
Əуелгі заман келмейді.
Мұндай кеселді күшке, кесепатты қырсыққа қарсы тұрарлық ешбір шара табылмаған соң, ақын амалсыздан бір Құдайға бас иіп содан пана іздейді. Жалбарына жасын төгеді [3; 221]:
Арқадан дəурен өткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Тіпті амал жоқ қазулы
Түспеске енді торына...
Кім мұсылман, кім кəпір —
Бір Аллаға аян-ды.
Пірлерден кетіп керемет,
Патшадан кетіп əділет,
Ақыр заман таянды!
Сонымен, «Зар заман» — Шортанбайдың көлем жағынан болсын, мазмұн жағынан болсын көрнекті шығармаларының бірі. Бұл толғауында оның сол кездегі аса көрнекті ақынның бірі болған соң, өз заманындағы бой көрсете бастаған сан алуан құбылыстарды назарынан тыс қалдырмай, жан- жақты, терең сипаттауға ұмтылғанын біз баса айтуды лайық деп таптық.
Ақынның «Өлер зар» атты толғауы
Өмірінің соңғы айларында науқасы меңдей түскен Шортанбай өзінің толғақты ойларын қағазға түсірген. Жасы егде тартқан, əрі ауру жеңе бастаған ақынның жырлары көбінесе халқына, замандастарына, кейінгі ұрпаққа арнау, қоштасу, аманат айту сарынында жазылған.
«Өлер зар» жинағында бірнеше өлең өзара байланыстырылып берілген. Қара өлеңмен орындалған шағын кіріспеде Шортанбайдың Семей қаласына барып қайтқан сапары сөз болады. Бірде кеш түсіп кетіп, оның ел таба алмай жапан далаға түнегені баян етіледі. Түнгі түсінде ақын жүзі суық екі адамды көреді. Оның бірі жандылардың жанын алатын Əзірейілдің өзі екен. Ол Шортанбайға:
Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен — Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
Шүкір қыл, иман айтып,
Шортанбайым, Құдайдан жетті бұйрық — келді саған, —дейді де [2; 86] ғайып болады.
Бұл дүниеден үмітін үзіп, өлім күтіп отырған ақын өз басынан кешкендерін түгел тізіп, ағайын- туысқандармен жəне дос-жарандарымен қоштасады. Сол кездегі ел арасына аттары жайылған Құнанбай қажы, Шорманның Мұсасы, Жанғұтты шешен сияқты белгілі адамдарды атап өтеді. Ақынның [2; 94]:
Тағы да сəлем айтайын
Қалың жатқан Сарымға, —
немесе [2; 101]:
Тіріде қорықпай осындай,
Күнə іздедім шошынбай.
Кеудемді дерт қамады,
Хамалда кетіп барады.
Есендікте бол, Жəке, Қияметтік досым-ай! Жəне сізге тапсырдым Бала менен қатынды. Жалғанда досым сіз едің, Аяй көрме ақылды! — деп бұл дүниеден өтер алдында қалың Қаракесек Сарым елімен, қимас серігі Жанғұтты бимен қоштасуы, өзінің ризашылық көңілін білдіруі еді. Өйткені кезінде Шортанбай Ақсу-Аюлыны мекендейтін Жанғұтты би маңынан тұрақты қоныс тапқаны белгілі. Осында ол Құдайдың құлы болып, Алланың аманатын орындау үшін мұсылманша алған діни білімін ел арасына таратқан. Шағын мешіт салдырып, медресе ашып, балаларды діни сауаттандырумен айналысқан.
Ақын өмірімен қоштаса отырып, халқының жасы-кəрісіне болашақ ұрпақтардың азып-тозбауына қам жеу керектігі жөнінде уағыз айтады. Ол келер күндерден қауіптенеді, бұқара халықтың байлығы қайда кетті деп зарлайды [3; 104]:
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған,
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып,
Аюдайын ақырған —
Қимаймыз деп алдырдық
Адыра қалғыр салқыннан!
Арқаның жазы бейіш-ті,
Жылқының еті жеміс-ті.
Жағаласқан дұшпаннан
Көрерсің, қазақ, кейісті.
Жырау кедейлердің ауыр тұрмысын, екі жақты қанаудың астында олардың орасан күйзеліске ұшырағанын былайша суреттейді [2; 96]:
Байды құдай атқаны —
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтіп күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазады,
Күздей пішен шабады.
Оны-мұны жиғанын Шығын деп тілмаш алады. Жалғыз сиыры бар болса, Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын
Ноғайына қояды.
Кедейге салып шығынды,
Негізі байдың тояды.
Халықтың ауыр күйін көріп ыза кернеген жырау тартынып қымсынбайды. Ол далада көрініс берген жауыздықтарды қатты сынға алады. Оларға қатал үкімін шығарады [2; 105]:
Шыдай алмай ызаға,
«Қой» деп айтса, тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас,
Жүгірісер қалаға.
Құныққан соң жалаға,
Алып бір шығар далаға.
«Дұшпаның кім?» — деп сұралса,
Алып бір келер ауылына —
Бұл жолдардан өмір шындығы анық сезіледі. Өлеңнің басты ерекшелігі: кейіндегі ғұлама Абай сатирасымен үндестігінде дер едік. Ұқсастық тек мазмұнында ғана емес, сыртқы формасында да, ішкі тынысында да, азаматтық пафосында да бар.
Халықтан құттың кеткенін ақын ізеттіліктің жойылуынан деп ұғады. Ұл əкені, қыз шешені тыңдамаған соң, енді заман орнына келмейді деп зар жылайды.
Заман ақыр кезінде
Қойнында қатын жатпады,
Ұрса, тілін тартпады.
Күнəсі асқан бұл пенде
Құдайдан асты, қорықпады.
Шешесіне болысып,
Ұлы шоқпар саптады.
Алжыған кəрі қақпас деп,
Келіні тұстан боқтады, — десе [3; 107], ақынның сөзінде иненің жасуындай жалғандық жоқ.
Ақын өлер алдында халқына айтқан өсиетінде [2; 92]:
Опасы жоқ сұм дүние
Оттан ыстық болар ма,
Қалды ма көрдің астында?!
Қарындас ермес қасыңа,
Тіріде көрген ағайын,
Дұға қылып жүріңдер
Өлгеннен соң басыма, —деп жалынады.
Данышпан жырау елдің басты адамдарына халқын тапсырады. Өз халқының мұңын айтады.
Билерге ол былай дейді [2; 89]:
Билер, пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер.
Ахирет қамын іздеңдер,
Жалған бетті кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар.
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы пайғамбар.
Ақынның болыстарға айтқан өсиеті мынадай [2; 89]:
Сөзін айтайын үлкендер:
Құдайдан қапы қалмаңдар!
Əлің келсе, Мекке бар,
Артық дəулет біткендер!
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қылып, малды төкпеңдер!
Ақсақалдарға арналған өсиеті келесідей [2; 90]:
Үлкендер, саған айтайын:
Мал басына бармаңдар,
Ахрет қамын қармаңдар.
Дүниенің боғы үшін,
Сірə, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге.
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе.
Қанша нəрсе ереді
Өлгеннен соң өзіңе!
Қарай алмай жүрерсің
Таңда мақшар күнінде
Құдайдың жүзіне.
Өзінің басқа өлеңдерінде кемеңгер жырау дүниенің фəнилығын, тірлікте барға қанағат ету қажет екендігін баяндайды. Бұл жалғанда алданып күнəға батқанын айтып налиды. Ақырында Құдайға құлшылық етуден басқа ештеңе жоқ деп қайталауымен тынады.
Ақынның «Келер заман» атты толғауы
Шортанбай шығармаларын жинаушылардың бірі, ақын туралы пьеса жазған [4] жазушы Кəмел Жүністегі тапсырған мұралардың ішіндегі (Жұлдыз, 1992, № 12, 130–134 б.) «Келер заман» атты толғау — «Зар заман» толғауымен үндес туынды.
Кезінде еңбектері ел арасына астыртын тараған ұлы жырау туралы Кəмел ағамыз былай толғанады: «Шортанбайдың бұл заманды болжаған толғауын 1976 жылы Анарбек жыршыдан магнитофон таспасына түсіріп алған едім. Екі рет 10 жылдан саяси лагерьде болған Анарбек ақсақал жырдың көп жерін ұмытқанын айтып отырды. Қолда барға қанағат етіп, көреген ақынның болашақ зұлмат туралы айтқанын «Жұлдыз» оқырмандарына ұсынуды парыз санадым» [5]:
Сауысқан, ала қарға — құстың құлы,
Басталар ақыр заман жылқы жылы.
Шақырып кəпірсоқты, сұрап алдың,
Түзетіп ала алмассың, сірə, мұны.
Мешін-тауық жылдары,
Елдің ері еренде,
Жалғыз-ақ қара қалады.
Ұялмастан бұл кəпір,
Оған да салық салады.
Айналдырып бір күні,
Малдың еркін алады.
Сол уақыттың кезінде,
Ұмытпасаң тəубəңді,
Түтін салар соқпаққа,
Түзу жолдан қиылсаң,
Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа...
Атаң мен күт анаңды,
Есің барда Меккені іздеп таппаққа,
Келеуі жоқ кей білер,
Сол заманда шығады.
Құр жағдай таппаққа,
Айтуға сөзің жетпейді,
Арызың тіпті өтпейді.
Жапақтап көзің тұрарсың,
«Не айтамын, — деп, — ақымаққа?!»
Балаңды алар солдатқа,
Міне алмассың жалды атқа.
Алақандай бет қағаз,
Табынарсың мандатқа.
Айтып та айтпай немене,
Өткен заман келе ме?!
Қайран да халқым, қайтейін,
Кейісті көп тартарсың.
Көппен көрген селебе.
Селебені елеме.
Айғыр айтып сойсаң да,
Бұрынғы дінің келе ме.
Заман да заман, замана,
Кейін келер замана.
Асқар таудай əкеге
Ұл қышқырған замана.
Ақ арулы анаға
Қыз қышқырған замана,
Қылсаң жұмыс бітпейді, Күн қысқарған замана,
Бай қайырып байланып,
Түн қысқарған замана,
Арғымақ ат тасырқап,
Тағалы болған замана.
Мəстек-жабы жалданып,
Бағалы болған замана,
Бұрынғы арық семіріп,
Денелі болған замана.
Бұрынғы семіз арықтап,
Кенелі болған замана.
Кімде тамақ бар болса,
Дегені болған замана.
Сусыз жерге су түсіп,
Суылдап келіп қу түсіп,
Қоғалы болған замана!
Биік таудың ойнайды
Бауырындағы құлжасы.
Кейінгі байға мал бітсе —
Ит кəпірдің олжасы...
Көз жіберіп қарашы,
Бұл жұмысты болжашы.
Ит жерімес арамнан,
Құдай берер адамнан,
Меһілде қатып мал бітіп,
Кетпе малы қораңнан.
Пайда қылсаң залалсыз
Өзіңе біткен қараңнан.
Дін жолынан айнымас,
Шырағы енді мұсылман,
Алла деген айрылмас,
Айтсаң адал жолыңнан.
Түзу жолға түсірер,
Алла деген тобыңнан.
Сол заманның ішінде
Сиыр деген пұл болар,
Қатын деген тұл болар,
Өзіңе өзің ерік алып,
Ақ саусақты ұстасып,
Жанның бəрі құл болар.
Еділ-Жайық екі су,
Алтын, күміс тас болар,
Арпа-бидай ас болар.
Бірігіп жан боп тусаң да,
Қарап та жүріп қас болар.
Кейін келер заманда
Шошала деген үй шығар,
Шошаңдаған би шығар.
Өзіңе өзің ерік алып,
Көрінгеннен би шығар.
Тамағы болса, өзі ішіп,
Бір-бірінен сый шығар,
Ақырына келгенде,
Құдайдың құлы болмастан,
Ақыретке барғанда,
Қарап бір жүріп ій шығар.
Сонымен, 143 жолдан тұратын бұл толғауда да халқымыздың тайғанақ тағдыры терең бейнеленеді. Осы шығармасында елінің болашағын болжай білген Шортанбай жырау жері үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді.
Түйін
Шортанбай Қанайұлының ұлылығы — оның айтқанының заманнан заманға ұласып жатуында. Жыраудың сонау XIX ғасырда жазғандары бүгінгі жəне келер уақытқа дөп келгендей. Сондықтан да халық ақынды қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.
Шортанбайдың тағы да бір ұтымды жағы: ол халықтың бай ауыз əдебиеті дəстүрінен қол үзбей, өзінің шығармаларында оны əрі молынан, əрі еркін пайдалана білуінде болып отыр. Сондықтан ақын өзінің көзқарасын, яки белгілі бір ұстаған идеясын көпшілікке əрдайым ұтымды жеткізуге ұмтылады, халыққа ұғымды тілмен сөйлеуге тырысады. Кезінде Шортанбай есімінің ел арасына кеңінен тарап кетуі де осыдан болса керек [6].
Қайталап айтсақ, ол əлеуметтік келелі мəселелерге ерекше көңіл бөліп, оларға өз шығармаларынан мол орын берді; заманасының көлеңке жақтарын көре де, тани да біліп, қатты сынға алды; кейбір жеке өлең-толғауларында сатира дəрежесіне көтерілді. Шортанбай өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дəл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды. Өзінің болмыс-бітіміндегі көріпкелдік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген əулиелік қасиетімен ерекшеленді. Өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген, мазмұн мен маңызды ұштастыра білген шебер ақын болды.
Мысалы, данышпан жыраудың мына бір тамаша шумақтары назар аударарлық [2; 89]:
Қалықтаған сұңқар ем,
Қанатым сынды ұша алмай,
Қиядан қуға түсе алмай.
Нəпсім, қарар таптың ба,
Дүниеге тоймайтын,
Бір шыны шай іше алмай?
Жалғаннан дəмім таусылды,
Жарылқа, Құдай, артымды!
Ақиық ақын дұрысын айтқан, өз талантын əділ бағалаған. Сонымен қатар діннен айрылмауға, ар-ұжданды жоғары ұстауға, ата салтты ардақтап, ұлттық дəстүрді ұмытпауға үндеген. Ел-жұртын жамандық атаулыдан сескендірген.
Шортанбай жырау өз замандастарына ғана емес, болашақ бүкіл ұрпағына өсиет тастайды. Мысалы, оның мына бір керемет өлеңін [2; 222] ұрпақтарына арнаған аманат жыры деп қабылдауға болады:
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп, жебеле.
Жалаңаш барып жауға шап,
Ажалдан бұрын өле ме!
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап, жүдеме!
Сөзімізді қорытындылай келіп айтармыз: Шортанбай Қанайұлы — Арқа бойында жасаған ардақты адамдарымыздың бірі. Ол өз заманының аса елеулі, кезінде жырау атағын алған арқалы ақыны. Шортанбай бүкіл жан сырын, ішкі қайғысын, мұң-зарын кейінгі бізге өсиет етіп қалдырып кетті.
Қысқасы, Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясының өркендеу жолында Шортанбай жыраудың еткен еңбегі зор, қосқан үлесі маңызды екенін мойындамасқа болмайды.
Əдебиеттер тізімі
- Мұқанов С. Халық мұрасы: Тарихтық-этнографиялық шолу. — Алматы: Жазушы, 2005. — 283-б.
- Зар заман: Жыр толғаулар / Құраст. С.Дəуітов. — Алматы: Жалын, 1993. — 176 б.
- Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық. — 1-т. — Алматы: Жазушы, 2004. — 400 б.
- Жүністегі К. Тар заман: Екі актілі, алты көріністі трагедия // Арқа. — 1993. — № 2. — 32–48-б.
- Шортанбай. Келер заман // Жұлдыз. — 1992. — № 12. — 130–134-б.
- Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры: Қазақ əдебиеті тарихынан очерктер. — Алматы: Жазушы, 1970. — 63 б.