Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Сын сапарында сомдалған сыншы

Заман, қоғам заңдылықтары кез келген адамды өз талабы мен идеологиясына сай белгілі бір қалыпта болуға душар ететіні əлімсақтан белгілі ақиқат. Əсіресе ол қалып тоталитарлық жүйе билік жүргізген кезеңдегі ғұмыр кешкен ұрпақ өкілдеріне аса бір қиямет-қайым қиындық əкелгені даусыз. Алайда «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деп ұлы Абай айтқандай, заман талқысына қарама-қарсы тұратын тұғырлы тұлғалардың да болатыны шындық [1]. Халқымыздың тарихында бұл сипаттағы дарындар бар, бірақ оны дəл қазір санамалап жату артық. Тек қана Алаш арыстарын атасақ та жеткілікті. Дəл солардай замана ырқы мен қыспағына бой ұсынбай, көмпістікке көндіргісі келген қалыпқа сыймаған қалыппен бүгінде сексен төрт жасқа келіп отырған тұлға — ұлттық əдебиеттану ғылымындағы бар-жоғы үш қана ғылыми мектептің бірінің негізін қалаушы, атақты ғалым, жазушы, сыншы Тұрсынбек Кəкішев.

Қазақ əдебиеттануы мен сынының ауыр жүгін көтерген, халықтық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, кер замандағы кереғар қағидалардың таяғын жей жүрсе де ұлттық ғылыми-зерттеушілік жəне сыншылдық-эстетикалық ой-пікірдің дамуына мол үлес қосқан əдебиетші-ғалымдар аз емес. Алайда олардың барлығына бірдей ғылыми мектептің негізін қалау бақыты бұйыра бермеген. Атақты А.Байтұрсынов, Б.Кенжебаевтен соң ерен еңбегімен бұл абырой-атаққа ие болып отырған да Т.Кəкішев.

Халықаралық жоғарғы мектептер Ғылым академиясының Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық əдебиеттану ғылымында ғылыми мектептің негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, сыншы Т.Кəкішев 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы Макин ауданындағы Даниловка руднигінде алтын өнеркəсібі жұмысшысының отбасында дүниеге келген.

1944–45 жылдары Ақмола қаласында орта мектепті тəмамдап, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оның толық курсын 1950 жылы тəмамдайды. Университетте оқып жүргенде қаламының желі барын танытқан жасты қазақтың атақты фельетонисі С.Төлешов (псевдонимы — С.Шынаров) төртінші курсты бітіргеннен кейін 1949 жылы «Лениншіл жас» газеті редакциясының жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушілігіне ұсынады. Оқуы мен жұмысын қосарлай атқарған Т.Кəкішұлы университет жолдамасымен қазіргі «Рауан» баспасының жоғарғы оқу орындар оқулықтары редакциясының аға редакторы болып қызметке орналасады.

1951 жылдың күзінде ҚКП Орталық Комитетінің баспасөз бөлімінің ұйғаруымен марксизм- ленинизм классиктерінің шығармаларын тəржімалайтын аудармашылардың екі жылдық курсына жіберіледі. Бір жыл оқығаннан кейін ҚКП Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтына кіші ғылыми қызметкерлікке ауыстырылады. Осы институтта Т.Кəкішев көптеген архивтік деректер негізінде қызықты да тартымды мақалалар жазып, өзінің негізгі мамандығына ыңғайлана береді.

1958 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын 1960 жылы «Қазақ əдебиетінің қалыптасу дəуіріндегі идеялық- творчестволық мəселелер (1917–1929 жж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, институттың аға ғылыми қызметкері болады.

Осы зерттеу еңбегін Т.Кəкішев 1962 жылы «Октябрь өркені» атты монографияға айналдырады. Бұл кітап жас ғалымның өткір де толымды ойларының молдылығына ғана емес, сонымен қатар қазақ əдебиеттану ғылымында тарихи-архивтік деректерді пайдалану, сөйтіп дəуір шындығын ашу үшін ғылыми-ізденімпаздық жолға түсу мəселелерін күн тəртібіне қойды. Сан-салалы ғылыми ізденістердің нəтижесінде əдебиет тарихында өзіндік орны бар, бірақ əр түрлі себептермен айтылмаған, ұмтылуға жақын қалған есімдерді уақыт тозаңынан тазартып, əдеби айналымға əкеп қосты. Мəселен, Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов сынды дарындар жайында Т.Кəкішев арнайы мақала жазып қана қоймай, олардың еңбектерін жинау, жариялау ісімен шұғылданады. 1957 жылы Саттар Ерубаевтың мұраларын түгелге жақын жинап, жеке кітап етіп шығарады. Оны толықтырып 1979 жылы екінші, 1994 жылы үшінші рет жариялады. 1959 жылы Сабыр Шариповтің екі томдығын Қ.Жармағанбетовпен бірлесіп шығарса, С.Шариповтің 100 жылдығына бағыштап 1982 жылы екінші рет жариялады. 1960 жылдан бастап С.Сейфуллиннің алты томдығын шығарысуға белсене қатысып, 4–6-томдарын құрастырады. 1969 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің «Ізбасар» атты таңдамалы жинағын шығарса, Елжас Бекеновтің «Дала қоңырауына» алғы сөз жазды.

Өз еңбегімен қатар өзгенің шығармаларын ескі газет-журналдардан тауып алып, оған қайтадан өмір беру, архив ақтару машығы ғалымның өзіне ғана емес, ғылымға да олжа салғанын көреміз. Ғалым зерттеулері əменде практикалық қажеттілікпен астарласып жатады.

Профессор Т.Кəкішев қазақ əдебиетінің тарихын жасау жолындағы ғылыми-əлеуметтік мəні зор іске белсене араласуда «Қазақ əдебиет тарихының» үшінші томының І-жəне ІІ-кітаптарына арнаулы тараулар мен бөлімдер жазды. Екінші кітаптың жауапты редакторының бірі болды. Е.Ысмайылов, М.Дүйсенов үшеуі бірігіп КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Дүниежүзілік əдебиет институты шығарған «Көп ұлтты совет əдебиетінің» алты томдық тарихының 1970 жылы шыққан бірінші томына тарау жазды.

Əл-Фараби атындағы Қазақ университетінің қазақ əдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасының ұжымы «Қазақ əдебиетінің қысқаша тарихы» атты еңбекті француз, ағылшын, корей тілдеріне аударуға ыңғайлап, «Санат» баспасына ұсынғанда басылымның жалпы редакциясын профессор Т.Кəкішев басқарды.

Т.Кəкішев тек əдебиет тарихымен ғана емес, бүгінгі əдеби процеске де араласып, ара-тұра сын мақалалар жазып қояды. Оның мақалалары өзінің ойлылығымен, өткірлігімен көзге түседі.

Республика əдебиетшілерінің шығарған жинақтарының, өткізген ғылыми конференцияларының бəріне түгелдей атсалысып келе жатқаны тағы бар.

1967 жылы Т.Кəкішевтің көптен бері жазып, жұртшылықтан ризашылық пейіл көрген кейбір ғылыми-зерттеу жəне сын мақалалары «Дəуір» суреттері» атты монографиялық этюд түрінде жарық көрді. Дала дауылпазы С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, С.Шарипов, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов, С.Ерубаев жайындағы толымды ойларын уақыт тезіне салып, жаңғырта баяндауда. Сол жылы «С.Сейфуллин» атты кітапшасы да жарық көрді.

1968 жылы нақты тарихи-архивтік деректер негізінде жазылған «Қызыл сұңқар» атты тарихи- əдеби очеркі басылып шықты. Оның қазақ əдебиеті үшін жаңалық сипаты бары талай мақала, рецензияларда орынды аталды. Автор осы еңбегін бүкіл одақтық оқушы қауымға ұсыну мақсатымен өңдей де толықтыра өзгертіп, Мəскеудегі «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен 1972 жылы шығарды. Ол үлкен əдеби құбылыс болды. Өйткені совет еліндегі түркі тілдес халықтардың өкіліне арналған бірінші кітап екенін ескерер болсақ, онда Т.Кəкішевтің

«Сəкен Сейфуллин» атты еңбегінің мəн-маңызы өзінен-өзі айқындала түсері хақ. Бұл кітап Қазақстанда халық сүйіспеншілігіне ие болған дарындар, мемлекет-əлеумет қайраткерлері, ұлы ақындар, жазушылар жөнінде арнайы серия шығару қажеттігін анық аңғартты. «Жалын» баспасының «Өнегелі өмір» атты сериясының серкесі 1976 жылы шыққан «Сəкен Сейфуллин» болды.

1968 жылдан бері Т.Кəкішев өзі оқып шыққан Қазақ университетінде аға оқытушы, одан кейін доцент, қазір профессор болып қызмет атқаруда. Əдебиет тарихымен ғана шектеліп қалмай, қазақ əдебиеті сыны тарихының жалпы курсын, Сəкеннің жаңашылдығы жəне ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетіндегі ізденістері жайында дəріс оқиды.

Т.Кəкішевтің ғалымдық-өнерпаздық ерекшелігі — өзінің зерттеу еңбектерінде аңызына түрен түспеген тың салаларды нақты деректер негізінде індете зерттеуге құмарлығы. Міне, сондықтан оның қаламынан туған дүниелерге ғылыми қауым да, шəкірттер əлемі де, əдебиетті қызықтаушылар да құлақ түріп отырады.

Соның нақты бір дəлелі — «Қазақ əдебиеті сынының туу жəне қалыптасу жолдары» атты 1971 жылы қорғаған докторлық диссертациясы. Ондаған жыл тірнектей зерттеген мехнатты еңбегі қазақ əдебиет сынының Октябрь революциясына дейін туғандығын, Ұлы Отан соғысына дейін жанрлық жағынан əбден қалыптасып, оңаша отау тіккендігін дəлелдеп беріп отыр. Оның алғашқы бөлімі 1971 жылы «Сын сапары» атты монография болып жарияланды. Екінші бөлімі — «Оңаша отау» 1982 жылы басылды. Қазақ əдебиеті сыны саласындағы еңбегі қазір республика жоғары оқу орындарының негізгі оқу құралына айналып, оның алғашқы бағдарламасын 1982 жылы жасап, 1994 жылы 25 баспа табақ көлемінде оқулық шығарылды. Қазақ совет əдебиетінің 1920-жылдарын түбегейлі зерттеген, қазақ совет əдебиетінің негізін қалаған Сəкен Сейфуллиннің шығармашылық-əлеуметтік өмірбаянын жасаған профессор Т.Кəкішев қазақ əдебиеті сынының тарихы саласындағы еңбегі қазақ əдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес болып, ғылыми мектеп жасап отыр.

Қазақ əдебиеттану ғылымында ұлы төңкеріске дейін сын болған жоқ деген қағиданы жоққа шығарып, қазақ əдебиет сынының тарихына зор үлес қосты.

«Қазақ əдебиеті сынының тарихы» оқулығында халықтың сыншылдық-эстетикалық көзқарасынан бастау алып жатқан халық ауыз əдеби мұраларынан басталып, қазақтың тұңғыш газет- журналдары — «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» сынды баспа сөздердің сыни ой-пікірінің тууына игі əсерін жан-жақты талдап, зерттеумен қатар, əр кезеңдегі əдебиеттің партиялығы, əдебиеттің таптығы тұрғысынан баға беру жəне əр түрлі əдеби ағымдар «тұрпайы социологизм», «бірыңғай ағым теориясы», «пролеткультшылдық»-тардың арасындағы айтыс- тартыстар мен өрістес келіп жатқан ой-пікірлердің ақ-қарасын айқындаумен құнды. Көркем табиғаттың аясында сұлулықпен суарылып өскен қазақ халқының эстетикалық талғамы да сол өзін қоршаған ортаның, сұлулықтан сомдаған биік талғамдарына сай, əлемдік əдебиеттің небір озық үлгілерімен қатар тұра алатын тамаша ауыз əдебиетін жасады. «Қыз Жібек» жырындағы қыздардың сұлулығы, «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбуырыл шабысының суреттелуін көркемдік сұрыптаудың жоғары көрінісі деген зерттеушінің пікіріне сөзсіз келісесіз.

Т.Кəкішев қазақтың жазба əдебиет сынының түп-төркінін көне замандағы түрлі ескерткіштерден, орта ғасырлық жазбалардан, қазақ хандығы тұсындағы би-шешендерден, ақын- жыраулардан, қазақ жерінен шыққан ғұламалардың еңбектерінен көреді. Қорқыттың қазақ жерін аралап, əр өңірге берген бағаларына, əл-Фарабидің өнер жайлы пікірлеріне, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі» терең ойларға, Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-Түркідегі» қанатты сөздерге, Қожа Ахмет Йассауидің «Хикметіндегі» көркем толғаныстарға т.б. тоқталып, сыншылдық таным-білімнің қайнар көздері ретінде қарастырады. Сонымен қатар ғылыми, ағартушылық, эстетикалық талғамның қалыптасуында орны айрықша үш ғұламамыз — Ш.Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың еңбектерін айрықша атап өтеді. Соның ішінде ұлы Абайдың сыншылдық ойының аса ірі құбылыс екенін дəлелдеп көрсетеді. Əдеби сынның дамуы баспасөздің дамуымен тікелей байланыстылығын жəне жоғарыда аталған газет-журнал беттеріндегі əдеби ой- пікірлерді саралап көрсетеді. Сыншылдық ой-пікірлер, əсіресе «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінде жандана түскендігін көреміз. 1971 жылы жарық көрген «Сын сапар» еңбегінде кейбір олқылықтарын толтырып «Қазақ əдебиеті сынының тарихында» (1994) əдеби пікірлерді талдауға көп көңіл бөлді. А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ə.Бөкейхановтың, Р.Мəрсековтің т.б. мақалаларының қазақ əдебиет сынының дамуындағы үлесін, биік белесін айқындап береді. Осы кезде басылып шыққан жаңа кітаптар жайлы пікір білдірген материалдар баспасөз бетінде жиілей түседі. Т.Кəкішев оларды құрылымдық, мазмұндық, мақсаттық ерекшеліктеріне қарай дəйектеме сын, жарнама сын, аннотация, оқушы хаты, рецензия, айтыс мақала, публицистикалық сын, проблемалық мақала, шолу, ғұмырнама баяндама, сын мақала, зерттеу мақала сияқты жанрлық-формалық түрлерге жіктейді [2; 118]. Сондай-ақ бұрындары «жабық» болып келген «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы сияқты басылымдарда шыққан сыни мақалаларға тоқталады.

1917 жылы Қазан төңкерісі қазақ жерінде де көп өзгерістер əкелді. Ұлы дүрбелеңі мол жаңа замандағы жаңа талап та өз дегенін істей бастады. Қоғамдық өмірдегі бар мəселе таптық тұрғыдан шешілген тұстарда əдебиет майданында сынға партиялық бағыт басшылық жасап, əдеби сын Компартияның идеологиялық құралына айналып кете барды. Міне, осының нəтижесінде көркем əдебиеттің құндылығын тек партия мүддесіне сай келе ме, жоқ па деген тұрғыда бағалағандықтан, əдеби сында асыра сілтеулер орын алды. Бұл əсіресе кеңес өкіметі орныға түскен 1920–30-жылдарда ресмилік сипат алды. Бұл кезде сын əдебиеттің дамуына пайдасын тигізбек түгілі, кері əсерін тигізді. Бір жағынан, жер-жерлерде мектептер ашылып, жоғары оқу орындары, театрлар т.б. мəдени ошақтар ашылып, елді жаппай сауаттандыру жүріліп жатса, екінші жағынан — ұлттық сана-сезімнің оянуына құрсау салынып, халықты идеологиялық «жазалаудан» өткізуді міндет етіп қойды. Міне, осындай қарама-қайшылығы мол қилы кезеңде əдеби сынның жай-күйін сараптауға арналған зерттеуші Т.Кəкішевтің «Оңаша отау» еңбегі (1982) жарық көрді. Бұл еңбек нақты шындықтарды саралап көрсеткендіктен, заман талабына сай келмей, ұзақ жылдар бойы баспадан шықпады. Автор

«идеологиялық талаптарға» сай келмейтін мəселелермен санасуға мəжбүр болды, соның салдарынан кейбір пікірлерін таптық сипатқа бұрмалады. Бұл еңбек саясат салқынына ұрынып, бірақ кемшіліктерге бой алдырғанмен де, 1980-жылдардағы қазақ əдебиеттану ғылымы үшін 1920–30- жылдардағы əдеби-саяси өмірдің көп шындығын ашып берді. Ал, автор бұл мəселеге 1994 жылы жарық көрген «Қазақ əдебиет сынының тарихында» қайта оралып, мүлде жаңаша көзқараспен жазды. Онда алғашқы кітапта айтуға мүмкіндік болмаған қазақ халқының ұлттық мүддесі үшін алысып өткен алашшылдар жайлы шындықтар ашылып, олардың қазақ əдеби сынының тарихындағы сыншылдық ой-пікірлердің маңызды орны, лайықты бағасын алды.

Аумалы-төкпелі заманда тұсаулы ғұмыр кешкен əдебиет сыншыларының қызметіндегі артық- кем түсіп жатқан тұстарында жасырмай жайып салды. Əсіресе ақиық ақын Мағжанның төңірегінде болған əдеби айтыс туралы жолдар көп шындыққа көз жеткізді. «Кер заманның кереғар ойлары» кітабының «Дарындар — сын додасында» атты тарауында қазақ поэзия əлемінің қос жұлдызы Мағжан мен Сəкен тағдырларын желіге ала отырып, оларға тағылған сындардың сырын ашады.

Өзінің бір кездегі Мағжан туралы біржақты пікірлерін «Мағжаншылдар мен жанжалшылдардың» құрбандығына қалмау үшін «Пенделік пиғылдық əсерін жоққа шығармаймыз, бірақ оның шешуші сипаты қоғамдық-əлеуметтік көркемдік себептерге байланысты екенін ұмытпаған абзал» деп ескертеді [3]. «Мағжан — бірден жарқырап шыққан жұлдыз. Оның 1912 жылы алғашқы жинағының «Шолпан» аталуының символикалық мəні бар. Мағжан Шолпан болуға ұмтылды, ниет қылды жəне болды да, Елі, халқы үміт артты». Мағжан жайлы «ақтаңдақтарды» көрген ғалым ақынның өмірі мен шығармашылығынан емес, Мағжан туралы шындықты айтқан Ж.Аймауытов мақаласы мен өзге солақай сындардың өресін салыстыра отырып ашып береді. Мұндай мазмұндағы ізденістің жемісі мен жеңісі, əсіресе қайта құру, жариялылық кезеңдерінде кеңінен өріс алды. Əдебиетші-ғалымның бұрын бұғауда жатқан жарқын ойлары жарыққа шықты. Осы кезеңдегі қазақ зиялыларына арналған ойлы да, мазмұнды мақалалары мен зерттеу еңбектері шындыққа сусап отырған оқырмандар жүрегінің жылуына бөленді. Т.Кəкішевтің көптеген публицистік мақалалары, ірі-ірі айтулы еңбектері «санадағы жаралардан» арылып, арыстарымызды қатарға қосу, кейінгі ұрпақтарға танытуға арналды. Бұл бағыттағы айтулы еңбектері «Октябрь өркені» (1962), «Дəуір суреттері» (1967), «Сəкен Сейфуллин» (1976), «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982) сияқты қазақ əдебиет сынының туу жəне қалыптасу жағдайларына қатысты қомақтылығымен лайықты бағасын алды.

Өзінің алғашқы ғылыми сапарында тың да соны соқпаққа түскен ғалымның қайта құру кезеңінде, əсіресе өтпелі дəуір тұсында азаматтық əуені айрықша естілуде. 1988 жылы «Қағидаға айналған қателерді түзетейік» атты публицистикасы «Алаштың ақиқатын ашып айтайыққа» ұласып, 1992 жылы ұлттық намысқа шырақ жағатын «Санадағы жаралар» атты кітабы жарыққа шығып, ел- жұрттың алғысын алды. Радио, теледидардан айтқан жалынды сөздерін, конференциялардағы ащы да өткір ойларын қалың көпшіліктің ынта сала тыңдайтынын жоққа шығармау керек. Əсіресе қазақ тілінің тағдыры жайындағы күрестің бел ортасында жүргені Т.Кəкішевтің ғалымдық келбетін саналы азаматтығы мен табандылығы ажарлай түскені айдан анық.

1990 жылы қазақ əдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасы құрылды. Оны алғашқы күннен профессор Т.Кəкішев басқарды. Аз ғана жыл ішінде сол кафедра жанынан «Қазақ фольклоры жəне əдебиет тарихы» ғылыми тобы құрылып, оның құрамды бір бөлігі — «Қазақ диаспорасының рухани əлемі» шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық байлықтарын зерттей бастады. Монғолия мен Ирандағы қазақ диаспораларына барған экспедицияларды өзі басқарып, «Монғолия қазақтары» деген жинақты дүниежүзілік қазақ қауымдастығына басып шығаруға ұсынды. Т.Кəкішевтің саясатшылының да ғибраты тағы бар. Ол қай елде, қай қалада болмасын қазақ халқына, оның қайраткерлеріне қатысты деректерді іздестіретіндігі «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Жасампаз өлке» (1989) кітаптарымен көрінсе, Польша, Қытай, Иран, Түркия, Монғолия, Франция сапарлары кезінде қазақ диаспорасының жай- күйімен байланысып жатады. «Жүргенге жөргем ілінетіні» Т.Кəкішев сапарлары анықтай түседі.

Филология ғылымдарының докторы, Қазақ университетінің əдебиет кафедрасының профессоры Тұрсынбек Кəкішевтің қажырлы еңбегі 1979 жылы «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілуімен атап өтілді. Қазақстан жоғары оқу орындарына сіңірген еңбектері ескеріліп, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының Құрметті академигі болып 1995 жылы бесінші қазанда сайланса, Еларалық Ш.Айтматов академиясы 1996 жылы төртінші желтоқсанда толық мүшелікке қабылдады.

Сөзімізді түйіндей келе, зерттеуші Т.Кəкішевтің бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен ғылым жолындағы қыруар еңбектері арқылы қазақ əдебиеттану ғылымына сіңірген айрықша еңбегін көреміз. Өзінің осынау баға жетпес еңбектерінің арқасында ғылым жолындағы дара тұлғалардың бірі болумен қатар, зерттеушінің ұлы азаматтығы, болашақ ұрпақ үшін, тарих үшін «ақтаңдақтар ақиқатын» ашудағы табанды күрескерлігі, шыншылдығы үшін халқының қалаулы азаматтарының бірі, білім-ғылым жолындағы беделді, биік тұлға ретінде көріне білді.

«Ел, халық тағдыры осындай тар жол, тайғақ кешулерге тап болып, толқыған тұстарда оның жоғын жоқтап, күйін күйттеген, əділдік, шындық іздеп шарқ ұрған шырғалаңға түскен, алда ағаларымыздың аяулы бейнелері жұртшылық жүрегінде... Міне, солардың тағдыр-талайы мен тарихын тірнектеп жүріп тірілткен, өнердегі ғана емес өмірдегі ерліктерін жарқырата жалғастырушы, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, сыншы, əдебиетші Тұрсынбек Кəкішұлының өмір өткелдері де туған халқының тіршілік тынысымен тұтасып жатады» деген зерттеуші пікірімен үндесеміз [4].

Қай заманда да елдің ертеңін ойлаған, өз кезінің көкейкесті мəселелері толғандырған қайраткерлер аз емес. Мұндай тұлғалардың — заман перзенттерінің дүниеге келуі, əрекет етуі — объективті тарихи-қоғамдық əрі əлеуметтік қажеттілік. Адамзаттың өрлеуі осы қажеттіліктің тарихи талаптарға қаншалықты жауап беруіне, осы қажеттіліктің ыңғайына қарай саналы түрде жасалған тарихи-қоғамдық қамқорлыққа тəуелді. Ғылым мен мəдениеттің, саясаттың, шаруашылықтың сан саласында игілікті еңбек сіңірген тұлғалардың өмірі мен творчествосы — соның мысалы.

Өрлеу атаулының ең басты қажетті факторы, қозғаушы һəм қанаттандырушы күші — ғылым екені əлемге айдай аян екені ақиқат. Қандай да болсын, көркем шығармаларды, көркемдік құбылыстарды, əдебиет тарихының бел-белестерін таразылағанда, зерттеушінің қолындағы адастырмас компасы — эстетикалық талғамы. Осы компас — талғам арқылы ғана зейінді зерттеуші əдебиеттің айнымас асыл қасиеті, алғышарты — көркемдіктің мəңгілік Темірқазығына тура бағыт алады. Ендеше, эстетикалық талғам — сыншының білім-білігінің, ол аз десеңіз, интеллектуалдық болмысының көрсеткіші. Сондықтан да қандай да əдебиет ғалымы ең алдымен сыншы болуы бұлжымайтын шарт.

Басқа да қоғамдық ғылымдар секілді қазақтың ұлттық əдебиеттану ғылымының да бастан өткізген туу, даму, қалыптасу секілді кезеңдерге жəне творчестволық ізденістер мен іркілістерге, ғылыми проблемаларға толы тарихи жолы бар. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ əдебиеттану ғылымының туу, өркендеу жолын қазақ даласындағы ұлттық қоғамдық ой-сананың жан-жақты өсуіне орай сыншылдық-эстетикалық, зерттеушілік мəнге ие бола бастау, əдебиетке байланысты ұғымдардың қалыптасу, əдеби мұраны жариялау мен зерттеу процестерін кезеңдерге бөле отырып тексерудің практикалық та, теориялық та мəні зор.

Əдебиет сыны көркем əдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап-талғамының өркендеу процесі уақыт жағынан бір-бірінің ілгері-кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады. Бұл заңды да. Ал енді көркем əдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дəрежесі қандай болмақ деген мəселеге келгенде, екі себепке, атап айтқанда, субъективтік жəне объективтік себептерге тоқтала кеткен жөн. Түптеп келгенде, сынның эстетикалық дəрежесі көркем əдебиеттің шыққан биігімен өлшенеді. Сынның кейде социологиялық, кейде эстетикалық таңдауларға ден қоюының өзі де əдебиеттің қамтыған өмір шындығына белгілі дəрежеде тəуелді болатын кезін естен шығармау қажет.

Субъективтік себепті сөз еткендер, ең алдымен, сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының мол-аздығын еске алуы керек. Қай кез болмасын, əдебиеттің өрлеу кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай қалатын шағында да сыншының білім-парасаты мен эстетикалық талғамы санаттан шығып қалған емес. Мұның өзі сын дəрежесін аңғартуға қажетті субъективтік себеп.

Екінші, объективтік себеп — көбіне əдебиеттің жалпы дəрежесіне тəуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық мəні жағынан көркем бейнелер жасау типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқушыны ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. Сыншы əрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дəлелдерді əдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, əдебиеттің өркендер арнасын анықтайды, əдеби процеске белсене араласады.

Ал, халық ғұмырын қастерлеп, оның өткені мен өткеліне өзгеше қарап, бүгіні мен болашағы үшін бел шешіп, белсене араласу, жанпидалыққа жақын тұру, қажет жерінде құрбандыққа да қол арта алатын азамат болу — екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтіні белгілі.

Белгілі ғалым, профессор Т.Кəкішев қазақ əдебиеті сынының туу, қалыптасу жолдарын нақты дəуірлерге бөле отырып зерттеу барысында сын мен əдебиеттану ғылымының сабақтаса, бірін-бірі толықтыра отырып дамитынын ескеріп, үлкен үш кезеңге жіктейді. Бірінші кезең — қазақ əдебиеті сынының туу дəуірі. Қазақ əдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең — қазақ əдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу жəне əдебиеттану ғылымының туу дəуірі. Бұл процесс 1917–1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең — қазақ əдебиеті сынының өсіп- өркендеу жəне əдебиеттану ғылымының қалыптасу дəуірі 1938–1985 жылдар аралығы [2; 3]. Осы үш кезеңнің əдебиет туралы ұлттық ғылымының бастан өткерген тарихи жолына тікелей қатысы бар. Себебі əдеби сын өзінің туу дəуірінен бастап-ақ ұлттық əдебиеттің тарихы мен əдеби теориялық мəселелері жайында пікір білдірмей тұра алмайды. Қазақ əдебиеттану ғылымын, ондағы əдеби- теориялық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің даму процесін, əдіснамалық мəселелерін ғылыми тұрғыда жүйелі тексерген күрделі ғылыми зерттеу, монографиялық еңбек болмағанмен, бізде бұл мəселені арнайы да, жанама түрде де сөз еткен мақалалар мен еңбектер біршама баршылық. Əдебиет туралы ұлттық ғылымның туу, даму жолдары мен тарихының көптеген мəселелерін, келешек зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін соны көзқарастарды қазақ əдебиеті сыны тарихын зерттеген еңбектерден көреміз.

Қазақтың ұлттық əдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңдерін сөз еткенде ғалым Е.Ысмайылов: «Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізгі екі кезеңді бастан кешіргенін байқауға болады. Бірінші — үйрену, идеялық-творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл революцияның алғашқы кезеңінен соғысқа дейінгі дəуірді қамтиды. Екіншісі — соғыстан кейінгі дəуір, яғни қалыптасу, даму дəуірі», деп екіге бөле отырып, алғашқы кезеңде «өмірдің талап- тілектеріне байланысты дүниеге келуіне» əдеби мұраны игеру процесі мен қазақ əдебиетінің мектептер мен оқу орындарда жүргізіле бастауына сай, алғашқы оқулықтар мен хрестоматиялардың жазылуы түрткі болғанын атап көрсетеді [5]. Ал академик М.Əуезов бұл турасында: «Қазақ əдебиеттану ғылымы бүгінгі жеткен сатысымен, түгелімен Ұлы Октябрь революциясының жемісі болды... Қазақ əдебиеті тарихы мен əдебиеттану жүйесі бізде орта мектептерде оқу құралын жасаудан туды» деп жазды [6].

Осы жоғарыда келтірілген пікірлерге қарасақ, ұлттық əдебиеттану ғылымының тарихын кеңестік дəуірден бастап зерттеу керек деген көзқарас негізінен дұрыс болғанмен, бұл ғылым саласының туу дəуіріне дейінгі тарихи бастаулары назардан тыс қалғаны байқалады. Тарихымыз жаңаша таразыланып жатқан қазіргі уақытта еуропоцентристік ой-пікір мен марксизм-ленинизм ілімінің жəне зерттеу жұмыстарына қате қаулы-қарарлармен үнемі бағыт-бағдар беріп отырған кеңестік идеология ықпалында айтылып, қағидаға айнала жаздаған көзқарастарға сыни тұрғыда жаңаша қарау əдебиеттану ғылымының қалыптастыру тарихын зерттеу мəселелерімен тығыз байланысты.

Қандай да болсын ғылым саласы аяқ астынан туа салып, бірге дамып кетпейтіні дəлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ендеше, əдебиет туралы ғылым да өзінің алғашқы адымын көркем шығарманың мəнін ұғып, рухани азық ретіндегі қоғамдық маңызын түсінуден басталатын қарапайым ой-пікірден, бағалаушылық сипаттағы алғысөздер мен түсіндірмелерден, халық тарихынан нəр алатын деректер мен мəліметтерден, ғұмырнамалық зерттеулерден басталатын қалыптасу процесінде қиын да ұзақ жолды бастан кешіреді. Бұл пікір қазақ əдебиеттану ғылымының туу, қалыптасу тарихын зерттеу барысында назар аударуды қажет ете отырып, тың бағыттарда жұмыстар жүргізуге жетелейді.

Өзінің қалыптасу тарихын жан-жақты зерттей алмай тұрып, бірде-бір ғылымның толық мəнде қалыптасып, алға қарай дамуы мүмкін еместігі жалпыға мəлім жай. Өйткені ол зерттеулер сол ғылымның қол жеткізген жетістіктерін жақсылап меңгеруіне көмектесумен қатар, өткен жолындағы ізденістер мен іркілістерге баға беріп, зерттеу əдіснамасының негізгі принциптерін ашады, одан əрі қарай дамуына ықпал жасайды. Бұл айтылғандардың қазақ əдебиеттану ғылымына тікелей қарым- қатынасы бар. Егер орыс ғалымдары өздерінің əдебиеттану ғылымының туып, қалыптасу тарихын зерттеуде айтарлықтай табысқа қол жеткізген болса, кейбір белорус, мордва, татар, өзбек секілді ұлттардың əдебиеттану ғылымы əдеби сын тарихын зерттеумен байланыстылықта қарастыра отырып, тың қадамдар жасады.

Қазақ əдебиеттану ғылымын, ондағы əдеби-теориялық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің даму процесін, əдіснамалық мəселелерін ғылыми тұрғыда жүйелі тексерген күрделі ғылыми зерттеу, монографиялық еңбек болмағанмен, бізде бұл мəселені арнайы да, жанама түрде сөз еткен мақалалар мен еңбектер баршылық. Əдебиет туралы ұлттық ғылымның туу, даму жолдары мен тарихының көптеген мəселелерін, келешек зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін соны көзқарастарды қазақ əдебиеті сыны тарихын зерттеген еңбектерден көреміз.

Əдебиеттану ғылымының тарихын зерттеу дегеніміз — көптеген ғалым-əдебиетшілердің, сыншылардың көркем əдебиетті, оның тарихын зерттеу саласындағы жүргізген жұмыстарындағы көзқарастар сəйкестігі мен қақтығысын, əр түрлі бағыттар мен теориялардан тұратын əдіснамалық зерттеу əдістерінің ізденістері мен іркілістерін тексеру. Ал кез келген ғылым саласының туып-дамуы үшін тарихи алғы шарттар қажет. Себебі ғылым қоғамдық сананың формасы жəне білімдер жүйесінің жиынтығы ретінде адамзат қоғамының белгілі бір сатысында нақты практикалық дəлелдеулерден өткен ғылыми зерттеулер нəтижесінде ғана туу дəуіріне қадам басады. Бұны қысқаша түрде тарих алдындағы кезең деп атаса да болады. Əдебиет туралы ғылым тек өзінің негізгі пəні көркем əдебиет ұлттық сипатымен толық қалыптасқан дəуірден бастап қана көріне бастауға тиісті. Осы тарих алдындағы кезеңді əдебиеттану ғылымының арғы бастаулары, қайнар көзі санауымыз керек. Еуропоцентристік көзқараспен жоққа шығарылып келген осы тарих алдындағы кезеңді ұлттық əдебиеттану ғылымының бастауларын алғаш қарастырған профессор Т.Кəкішев болды.

Əрине, бұл істе Т.Кəкішев жалғыз емес, артынан ерген, жолын қуған шəкірттері бар. Қазақ əдеби сынының тарихи, теориялық мəселелері түрлі қырларынан жан-жақты зерттелінген қызықты зерттеулер көріне бастады. Сөйтіп, қазақ əдебиеттану ғылымында Т.Кəкішевтің сынтанудағы салған үлкен арналы ғылыми мектебі өзінің жалғасын табуда.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Абай. — Алматы: Ел, 1993. — 204-б.
  2. Кəкішев Т. Қазақ əдебиеті сынның тарихы. І-б.: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 2003. — 188-б.
  3. Кəкішев Т. Сəкен мен Мағжан. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 345-б.
  4. Смағұлов Ж. Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихы. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 424-б.
  5. Ысмайылов Е. Əдебиет жайлы ойлар. — Алматы: Жазушы, 1968. — 306-б.
  6. Əуезов М. Əдебиет тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 233-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.