Өнер туындысының теориялық қағидаларына сүйенсек, «сана — шындықтың сəулесі болса, адам санасының мазмұны — сол адам таныған шындық екені мəлім. Сонда əдеби-шығармашылық мазмұн — өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішін — осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки əдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес» деп жазған академик З.Қабдолов пікірін назарда ұстаймыз [1]. Басы ашық бір жайт бар: ол — жақсы мазмұнға лайықты пішін қажет екендігі. Осы тұрғыдан келгенде, əдебиеттің уақыттық екенін ескере отырып, белгілі бір өнер туындысының дүниеге келген сəті, яғни кезеңі, мен уақыт өте келе, бір зерттеуші еңбегіне арқау болған кезеңді, уақытты салыстыруға болмайды.
Уақыт өткен сайын поэзиядағы мазмұн мен пішін де жетіледі, дамиды. Көркемдік ізденістер түрленеді. Яғни өнер құндылығы өзі өмірге келген уақытпен өлшенеді. Алайда қанша уақыт өтсе де, ғасырларды көктей өтіп, кейінгі дəуірлерге жететін, құндылықтар барын да жоққа шығаруға болмайды. Бұл жайтты сол өнер туындысының мазмұны мен пішінінен іздеген абзал.
Өлең өнері, яғни поэзия, туралы теориялық зерттеу еңбектерін жазған ғалымдар баршылық, олардың өлең құрылысына, танымдық, идеялық қырларына шолу жасаған еңбектеріне қарап-ақ поэзияның аса күрделі жанр екенін көруге болады.
Ұлт тағдыры, азаттық идеясы — мейлінше кеңдікті тілейтін тақырып. Əр тарихи бетбұрыста бұл тақырыптың шешімі əр түрлі сипат алып отырады. Əр заман поэзиясының өзіне лайық үні бар. Қоғамдық сананың бір түрі ретіндегі көркем əдебиетте қай ғасырда болса да, азаттық, еркіндік тақырыбы бірінші болып жырланады десек, қате айтпаған болар едік. Ол заман күйі, адам күйі, тіршілік еткен адамның мұңы мен зары, ішкі ой-сезімі, арманы.
Қиыр-шиыр өмір кешіп, тəуелсіздікке қол жеткізу жолында ақындар бір ғана мақсатты көздесе керек. Ол — адам құқы, ұлт қамы, киелі, іргелі ел ретіндегі бостандықты, тəуелсіздікті аңсау, армандау.
Қазақ мəдениетінің сонау көне заманнан бері жасап келе жатқан халықтық сипаттағы туындылары аз емес. Сан-салалы өлең-жыр, асыл сөз үлгілері, асқақ əн, сəнді де сазды төгілген күй көркем өнер саласындағы халық мұрасының куəсі. Дəуірлік мəні бар поэзия туындылары, əдеби шығармалар — халқымыздың рухани байлығы.
Орталық Қазақстан ақындары, негізінен, осынау ортаның мықты перзенті ғана емес, рухани шүйгіндік қырларын өзінен кейінгілерге жеткізушілер. Осынау ақындар тобы қазақ поэзиясына өзгеше серпін, тың ой, өткірлік əкеліп, əдеби ағымның пайда болуына жол ашты. Олардың бəрі дерлік коммунистік идеологияның талап, тілектеріне сай келмегендіктен, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.
Ахметбек Байсалбайұлы суырып салма, импровизатор болған. Оның бойындағы өнер жырауларға да, ақындарға да тəн. Жыраулар сияқты, ел басындағы жағдайды толғай отырып, ағыл- тегіл жырлар да төккен. Ақын болып, сол кездегі күнделікті өмір күйін де шерткен. Ақын шығармаларының негізгі арқауы — Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрес.
Бірақ Ахметбек ақын тұтас халықты, орыс біткенді жау санамаған. Орыс шаруаларының қала салып, отырықшы өмір кешетіндігін, жер жыртып, егін айдап, ел ырысын молайтар еңбекқорлығын, қиын-қыстау күндерде қол ұшын берер бауырмалдығын ол жақсы түсіне білген. Ақын тек отарлау саясатын құрып, оны жүзеге асыраушыларды дұшпан тұтып, өткір тілмен соларды тілгілейді. Бұған келгенде сөзді қиыннан қиыстыра біледі. «Тарих тараулары» деген өлеңі осы пікірімізді айғақтайды. Өткен тарихымызға шолу жасаған ақынның Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылу саясатына қарсылығы аңғарылады.
Қадірмен халық билеген ақсақалдар,
Бұл іске һакім назар саласың ба?
Темірді қызуында соқпай қалып,
Нəсілінің көз жасына қаласың ба? [2; 24].
Туған ел мен туған жердің орыстың отарына айналып, мұжықтардың қолына қарап, соларға бағынышты болып қалғанын ақын елдің басына түскен ауыр қорлық деп біледі.
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа қош аман боп барасың ба?
Қасиетті бабамыздың зираттары,
Қалдың ғой «Карлагтың» табанында.
Моншаға зираттардың тасын алып,
Ағашын отқа, «Карлаг», жағасың ба?
Таба алмай барғаныңда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың ба? [2; 24] —
деген жолдардан орыс мұжықтарының зираттарды бұзып, ата-баба аруақтарын қорлап жатқандығын айтып, қасиетті туған жердің орыстың табанында тапталып жатқанына қатты қапаланады.
Ақынның «Тарих тараулары» өлеңі — тарихи шындыққа құралған зар-заман ағымының үлгісінде жазылған көркем туынды. Бұл толғауында Ахметбек ақын ел басына түскен ауыртпалықты ақ патша тұсындағы отарлау саясатын басқаша жолмен жалғастырып отырған мемлекеттен көреді. Соны ойлап ақылы алтау, ойы жетеу болады. Бақытты қолдан, малды жолдан алған Кеңес үкіметіне қарғыс айтады. Ақын өз заманының зұлматын ашық суреттеп беріп отыр. Осындай тарихи шындыққа құрылған шығармалардан біз өзіміздің бастан кешкен ауыр күндерімізді, ел басына түскен қайғы- зарды көреміз.
Сонымен, Ахметбек Байсалбайұлы сол жылдары жүргізілген солақай саясатқа ашық қарсы шыққандардың бірі болды. «Аштық азабы» өлеңі жолдарынан күні кешегі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген көрсоқыр замандағы «шолақ белсенділер» қылығын табамыз. Олардың масқара іс-əрекеттерін айнадан көргендей боламыз. Ахметбек ақынның осы толғауы кешегі Қожаберген жырау жырлаған «Елім-ай» дастанының жалғасы іспетті. Бұл өлең-толғау — отызыншы жылдардағы ашаршылықты суреттеп берген тарихи шындықтың айна қатесіз көрінісі.
Ахметбек ақынның ақыл-нақылға, қанатты тіркестерге толы даналық сөздері тіл байлығымен, ой тереңдігімен бірге айқындылық, бейнелілік, қарапайымдылық, көркемдік қырларымен ерекшеленеді. Мұның өзі Бұқар жыраудың:
Ел бастау қиын емес —
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес —
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргем жоқ [3].
Немесе кемеңгер Абай айтқан:
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпай сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар [4], —
деген ақиқат ойларымен үндесіп, терең тамырлы тұтастық тапқан. Ахметбек Байсалбайұлының əдеби мұрасына ден қойсақ, ақын өз өлеңдеріне қоғамдық, əлеуметтік мазмұн беріп, көбіне шешендік үлгімен, бір оқығанда ұғынып, есте қаларлық ауызекі тілмен жазған. Оны «Мысал өлең» деген шығармасынан анық көреміз.
Дүниені қанша күресең,
Қолыңа сенің жұға ма?
Төбеңмен көкті тіресең,
Басыңа мүйіз шыға ма?
Өлген жан қайтып келмейді,
Келіп ол мені көрмейді.
Құдайдан сараңды көрмедім
, Алғанын қайырып бермейді.
астықта гүл едім жайнаған,
Қаным да ыстық ед қайнаған,
Сілтеген жерінен таймаған,
Суынды бар денем, кəрілік жайлаған
. Кеттің бе келмеске,
Мың жылқым айдаған.
Көкірек гүрілдеп,
Отырмын білдірмей,
Құр тілмен сайраған [2; 27].
Əрине, жүйелі сөйлеген сөз, орынды айтылған ой-пікірлер қалың көптің ойынан шығып-ақ отырады. Əрі танымдық сипаты ерекше байқалады.
Сонымен, Ахметбек ақынның даналық ойларында жан мен тəннің, сара сөздің қасиеті кең орын алғандығын көреміз.
Заман шындығы туралы ашына өлең жазған тағы бір ақын — Қасым Сырымбетұлы. Ол өлеңдерінде өз кезеңіндегі қоғамдық қайшылықтарды əшкереледі, зияннан өзге жақсылығы жоқ Кеңес үкіметінің совхоз, колхоз құруының өзі қарапайым халыққа ауыр соққы болғандығын ашына жазды. Ақынның басына «Келдің, Кеңес, малмен егес» атты өлеңі үшін қара бұлт үйірілді. Бұл өлеңінен ақынның заман шындығын көркем бейнелегендігін көреміз. Əсіресе сол кездегі Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан қазақ даласына жүргізілген социализм саясатын қатты сынға алады.
Келдің, Кеңес, малмен егес,
Көрсең, жинап алыңдар.
Бір қаралы, тек жаралы,
Енді қалған əлім бар
Совхоз құрдың, кедейді «ұрдың»,
Ішкіздің жалғыз қазаннан.
Аштан өлдім, сенен көрдім Өлгенім жоқ ажалдан [5; 42].
Бұл өлеңінде сол кездегі бүкіл халықтың басына төнген қасіреттің қара бұлты айқын бейнеленген. Автор осы өлеңінде барынша шыншыл, мейлінше батыл түрде Кеңес үкіметінің тұрпайы саясатының тұрпайы табиғатын ашуда алдына жан салмайды.
Нені білдің, елді қырдың,
Жеткізем деп мұратқа.
Жеткізбедің, жерге тықтың,
Апардың айда сыратқа [5; 42].
Қазақ елінің тарихындағы қасіретті жылдардың ащы шындығын, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей, ары қарай былайша сипаттайды.
Колхоз ұйым, құрдың жиын,
Мал құртуға əдейі.
Бірік дедің, іріктедің
Ылғи ғана кедейді.
Өлді кедей, тамақ жемей,
Социализм осы ма?
«Досым» дедің, «қосыл» дедің Бердің өлім досыңа [5; 42].
Елдің басындағы ауыр халді суреттеуде Қасым ақын осылайша айқын жырлап, жасырмай, жасқанбай өз көзқарасын ашық білдірді. Өлеңдегі ащы шындық, өткір мысқыл көкірегі ояу кез келген қазақтың жанын тырнап өтері даусыз. Осы өлеңі үшін түрмеге қамалған уақытында жазған
«Қарқаралы түрмесінде» атты өлеңі сүйген жары мен балаларына арналған. Ақын анасымен, отбасымен поэзия арқылы тілдеседі, мұңдасады. Өзінің күйінішін, жүрек түбіндегі терең ойын өлең арқылы төгеді.
Дариға, көздің жасын кім көреді,
Елжіреп, бойым балқып, кетті халім.
Жасымда, он төртімде қосылып ем,
Мен күйдім, сен қандайсың, ғашық жарым.
Болмаса, əлде сабыр қылайын ба?
Мен-дағы қанды жаспен жуайын ба?
Өмірдің берген уын ішке жиып,
Келгенше тағы біраз шыдайын ба?... [5; 42].
Ал «Таптың, тілім, таптың, тілім, Сөйлеймін деп екі сөз» деген өлең жолдары басқа пəле тілден келетінінің айғағы болып тұр.
Қатып басым, ағып жасым,
Жаудырады екі көз.
Таптың, тілім, таптың, тілім,
Сөйлеймін деп екі сөз [5; 45, 46].
Кез келген өнерді жасаушы өнерпазда туған жер тақырыбы басты орын алады. Бірде-бір қазақ ақыны атамекенін жырламай, оған өлең арнамай ғұмыр кешкен жоқ. Аталмыш ақынның келесі өлең жолдарында өзі сүйген туған жерін аңсау, сағыну былайша көрініс тапқан:
Қайран елім, туған жерім,
Сені көрер күн бар ма?
Есік берік, басыңда ерік,
Болмаған соң күй бар ма? [5; 45, 46].
Ақын «Қайран елім, туған жерім, Сені көрер күн бар ма»? деп өзі қойған сұрақтың өзі жауабын іздейді. Бірақ сол жүрек жарған сауалдары жауапсыз қалады.
Ал, Түскен Сартбасұлы өз қаһармандарын абақтыға жапқан халықтың атқа мінерлеріне қайран қалып, бейшара халқын аяп, «Не болды заманың?» деп толғанады.
Əділдікке жақын, ақиқатқа араша, аққа жақ болған Түскен Сартбасұлы ақынға да сол кездегі ауылдың шолақ белсенділері ауызға қақпақ, тілге түрткі бола алмаса керек. Сондықтан да шолақ белсенділер ақынның соңына шам алып түсті. Орынды жерде тауып айтып, керекті кезде қауып айтып жырлаған ақын жер-судан айрылған халықтың ауыр тұрмысын суреттеп, тоталитарлық режимнің қатаң қағидалы жүйесімен ұсынылған отаршылдық саясатына қарсы шығады. Өжет те өткірлікпен
Сұм өмір, сұлу жалған, алдадың ба?
Тəн арып, бойда тамыр қалмадың ба?
Жалғаның жақсы көрген жау боп шығып,
Еңбегім екі болып жанбады ба?
Жан қиған жайшылықта жақын досым,
Назарын налып жатсам салмады ма? [5; 37]-дейді
Осы өлеңі сол заманғы ақындарды толғандыратын дүниелердің ортақ екендігін дəлелдеп тұрғандай. Түскен ақынның өлеңінің Қасым Сырымбетұлының өлеңдерімен тек тақырыптық жағынан ғана емес, сондай-ақ идеялық үндестігін байқаймыз, яғни өзін толғандырған сауалдарға жауап іздейді. Əрине, ол сауалдарға дер кезінде жауап табу оңай емес еді. Замана келбетінен туындаған ауыр сауалдар танымдық сипаттарды алдыға тартады:
Қисаймас қызарғанға қалам бар ма,
Қайғысыз өтіп тұрған заман бар ма?
Қыдырдың көлеңкесі көпке шықты,
Табынан таймай тұрған табан бар ма?
Жақсы сөз жаман болып көрінеді,
Елдегі шауып жүрген надандарға.
Əрекет аралады елдің малы,
Таусылып, тəмам болды көптің бəрі.
Құраның не қылса да еркі өзінде,
Əркімнің қаңғып қалды алған жары.
Той қылып, ат шаптырар өлік бар ма?
Жинайтын өрлей шауып, көлік бар ма?....[6; 28].
Осылайша Түскен ақын түрлі сауалдарға жауап беруге талпынады. Сол арқылы оның поэзиясының философиялық терең сипаттарын, қорғасындай салмақты ойдың ауырлығын байкау қиын емес.
Халқымыздың өзіндік əдет-ғұрпы, дəстүр-салты, ұлттық мінез-бітістері, əлеуметтік сезімдері мен көңіл-күйлері, ерік-жігер қасиеттері, алуан ойлары мен талап-тілектері, бір сөзбен айтқанда, əр түрлі топтардың əлеуметтік психологиясы, қоғамдық сана мен тіршілік жағдайы, ондағы тəлім- тəрбие, таным-наным, қоғамдық өмірдің сан қилы жақтары мен қым-қиғаш қайшылықтары, жеке адам мен қоғам арасындағы қатынастар да ақын-жазушы шығармаларында жеке-жеке тақырып болмаса да, кездеседі.
Сұрқия саясаттың қуғынын көрген Арқаның ақиығы Мəди ақын Қарқаралыны жырға қосып, одан «бұлт», өзінен «қайғы тарқамағандығын» тілге тиек етіп, халқына үлкен ой тастайды:
Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы [6; 446].
Танымдық сипаты күшті шығарма. Мəди өз басының жалғыз екендігін ғана емес, беймезгіл заманға тап болғанын таным күші арқылы сипаттай алған.
Ұлы бабасы Қаздауысты Қазыбектен өнер дарып, бойына ақындық қонған Мəди кіндік кескен киелі мекенін, туған жерін қимай «артыма бір қарамай қалды-ау», — деп ащы өксікпен күңіреніп, іштей қынжылады.
Қонғалы ауылымның Талды-ау деймін,
Жағалай ел жайлауға барды-ау деймін.
Кір жуып, кіндік кескен туған жерлер
Артыма бір қарамай қалды-ау деймін [6; 446].
Сазгердің сезім тебірентер «Шіркін-ай» əні атының өзінде айтылғандай қандай ғажап! Тыңдап отырсаң, бұл əннен Мəдидің мұңы мен сағынышына қасіреті қоса қосылып, көз алдымыздағы қанаты сынған қыранның қайғылы кейпі елестері сөзсіз. Мұнан Мəдидің мұңымен бірге мезгілдің де мұңы анық байқалады. Ал атақты «Қаракесекті» қалықтатқан кезде аспан аясында Мəди ақынның асау рухы тұлпардай тыпыршып тұрары сөзсіз. «Қарқаралы» мен «Үшқара» туындылары өзінің асқақтығымен əрі тереңдігімен қымбат. Қитұрқы қоғамға қарсы аталған жыр, айбынды əн. Ашынған ақын, сазгердің ғаламат даусынан оның портреті, азаматтық болмысы, тағдыры түгел көрініп тұрғандай. «Үшқара» əнінің сөздерінде де үлкен салмақ бар.
Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазбек аруағына.
Бір күнде қаршығадай қалықтадым,
Бұл күнде мен аңшының қармағына [6; 447].
Түз тағысы — қаршығаның торға түскен қиын халін, қармаққа ілінген шортанның шерлі күйін аз сөзбен алдымызға жаяды.
Кеңес дəуірі кезінде халықтық мұраларды дамытуға ерекше үлес қосқан халық ақындарының шығармашылықтары жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Оның өзінің себебі болды. Ақын əр уақытта халықтың арман-тілегіне, мүддесіне назар аударып отырады. Осы тұрғыдан келгенде Орталық Қазақстандағы бір топ өнерпаздарымыздың туындылары Коммунистік партияның идеясына өзара қарама-қайшы келгендіктен, жариялануға тыйым салынды. Еліміз тəуелсіздік алғаннан бері, қазақы ұғыммен айтқанда, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген уақытта ғұмыр кешіп жатқандықтан, күні кешегі тоталитарлық тəртіп тұсындағы назардан тыс қалған, қатаң да қасаң идеологияның негізгі принциптері бойынша есімдерін атауға тыйым салынған Орталық Қазақстандағы бір топ ақындар шығармашылығын сол тəуелсіздіктің арқасында жаңаша пайымдап, олардың шығармаларының танымдық, идеялық ерекшеліктеріне талдау жасауға тырыстық.
Əдебиеттер тізімі
- Қабдолов З. Əдебиет теориясының негіздері. — Алматы: Мектеп, 1970. — 356-б.
- Каренов Рашит (Əл-Карени.) Көмейінен жыр төгілген Ахметбек ақын. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы,
- Бұқар жырау Қалқаманұлы. Ай, Абылай, Абылай. — Алматы: Нұр-Астана, 2008. — 94-б.
- Құнанбаев Абылай. Екі томдық шығармалар жинағы. — Алматы: Ел, 1993. — 120-б.
- Атыңнан айналайын, Жаңаарқам. — Қарағанды: Болашақ,
- Бес ғасыр жырлайды. — ІІ-т. / М.Мағауиннің ред. — Алматы: Ана тілі