ХІХ ғасыр қазақ халқының тарихында өзіндік өрнегімен айрықша орын алатындығы ақиқат. Кезеңнің күрделі құбылыстары, қоғамдағы ірі-ірі өзгерістер, сол сияқты тағы да басқа оқиғалар орыс патшалығына бодан болудан келіп туындады. Отарлау саясатын жүзеге асыру əр түрлі жолдар арқылы жүргізілді. Соның бірі басқару жүйесін өзгерту еді. Əбден ойластырып барып енгізген бұл жағдай қазақ халқын дербес мемлекеттік құқықтығынан айырды. Хандық жойылды. Бұрын ішкі, сыртқы жұмыстарға толық араласып, атсалысқан, татулық пен туысқандықты ту етіп ұстанған билер енді ру арасының дау-дамайларын шешуден əріге аса алмай қалды. Осы көрініс жалпы қазақ даласын түгелдей шарпыды.
Билік басының өзгеруі, əсіресе ел ішіндегі ағайын арасы алауыздығының арта түсуіне отқа құйған майдай əсер етті. Осыған орай халық қамын ойлаған азаматтар ел бірлігін, тұтастығын сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсады. Солардың жуан ортасында Жақсы Жанқұтты, Құнанбай қажы, Шорманның Мұсасы, Қырбастың Байсейіті тəрізді Арқаның арқалы ардақтылары бар еді. Олардың негізгі мақсаты жеке бастың немесе белгілі бір ортаның ғана қамы емес, жалпы халықтың мұң- мұқтажын орындау, көптің қамқоршысы болу. Əрине, мұндай нəтижеге қол жеткізу үшін, байлықтың, барлықтың шешендіктің аздық етері хақ. Билік пен бедел керек, ақыл мен тəжірибе қажет. Сонымен қатар халықтың қалпы мен қалауын білу, заманның ағысын аңғару міндет. Жоғарыдағы біз атап өткен ардақтыларымыз осы айтылған қасиеттерді толық игерген, өз ортасынан озық шыққан, елдің үміті мен сенімін ақтай білген, асқар таудай айбынды азаматтар еді. Сол кездегі ұлт-азаттық қозғалысының арта түсуі, əр түрлі дəрежедегі көтерілістердің көбеюі, өмірдің түбегейлі өзгеріске түсуі, адамдық қарым-қатынастардың түрленуі турасында зерттеуші-ғалым Ж.О.Артықбаевтың [1] еңбегінде жан-жақты сараланып көрсетілген.
Дегенмен, қазақ халқының өнері, өлеңі, мəдениеті дамыды, өсіп өркендей түсті. Алты айлық аймағы бар алтын далаға күндей күмбез орнатқан Тəттімбет, салдық пен серіліктің алуан түрлі қыры мен сырын бойына сіңірген Біржан мен Ақан, шешендіктің шеберлігін ұштап, соны сүрлеу, соқпақ салған Шабанбай мен Байдалы, дұшпаны қабағынан қаймыққан Ағыбай, жауырыны жерге тиіп көрмеген Қажымұқан осы ғасырдың қайраткерлері. «Ердің атын елі шығарады» дейді халық даналығы. Олардың есімі мен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені көпшілік қолдаушың болса, өнерің өрге жүзеді.
Əрбір өнер адамының өзгеге ұқсамайтын, өзіне ғана тəн үні, жолы болады. Оны туғызатын да, танытатын да, дамытатын да заман талабы. Кез келген ақын, өз дəрежесіне сай ақындықтың өсіп- өркендеуіне, молығып, толығуына үлесін қосары хақ. Сол арқылы өнер саласында өзінің соқпағын да салып кетеді. Мəселен, Біржан да, Ақан да ақындық өнердің жетекшілері. Ізін жалғастырамыз деп соңынан ерген шəкірттері қаншама. Бірақ əрқайсысының өзіндік орны бар. Өнердің дамуы да осыған байланысты. Ғалым Е.Ысмайлов былай дейді: «Талантты ақынның ағылып жырлауына түрткі болатын көпшіліктің құрмет көрсетіп, ықыласпен тыңдауында, қадірлеуінде ғана немесе айтыстағы егесте ғана емес, осылармен қатар, өлеңді бөгелмей жырлап кету үшін, ақынға домбыра, гармонь, қобыз сияқты құралдар да көмектеседі жəне сөзге жан, көрік беретін əн-күй бірге жырланады» [2]. Сондай-ақ шешендік өнер саласының да білгірлері баршылық. Мəселен, от ауызды, орақ тілді Шабанбай өнегелі, ұлағатты нақыл сөздерімен айрықша танылса, Байдалы шешен халықтың мақал- мəтелдерін өңдеу, сұрыптау барысында ерекше танылған, көптеген қанатты сөздерге өзгеріс енгізген. Мынаған назар аударып көрелік. Ел ішіне кеңінен тараған:
Ағасы бардың жағасы бар,
Інісі бардың тынысы бар,
Баласы бардың панасы бар, —
деген нақылды былайша толықтырып, əрлендірген:
Ағасы бардың, жақсы болса, жағасы бар,
Жаман болса, інісіне жабар, жаласы бар,
Інісі бардың, жақсы болса, тынысы бар,
Жаман болса, ағасына берер жұмысы бар,
Баласы бардың, жақсы болса, панасы бар,
Жаман болса, құдайдың берген пəлесі бар [3].
Əрине, мұндай жұмыс жасау əркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін ерекше дарын иесі болу керек. Міне, өнер əлеміне жол салған осындай ардақтыларымыз баршылық. Солардың мұраларын зерттеп, жазу, көпшілікке таныту, өнердегі орынын айқындау біздің басты міндетіміз болмақ. Көрнекті ғалымдарымыздың бірі Б.Адамбаев: «Шешендік — қадірлі өнер. «Өнер алды — қызыл тіл» деп қазақ бекерге айтпаған. Қоғам тарихына көз салсақ, қай халықтың болсын күрделі қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлері, қолбасылары, мəмлегерлері, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғанын байқаймыз» [4], — деп жазды.
ХVІІІ ғасырға қарағанда ХІХ ғасырда шешендік өнердің қолданылу аясы біршама тарылды. Яғни Төле, Қазыбек, Əйтеке заманындағындай сыртқы істерге араласуға мүмкіндік берілмеді. Бірақ бұдан оның дамуы, өсуі тежелді деген ой тууға тиісті емес. Тілі, тереңділігі, өрнектілігі жағынан жандана түсті. Елдің ішкі тыныс-тіршілігіне еркін араласты. Халық билік басында отырғандардан гөрі, дəстүр сабақтастығына дəнекер болған сөз шеберлерін көбірек тыңдады, айтқан ақылына құлақ қойды, кесімді төрелігіне мойын ұсынды. Сөйтіп, шешендік өнердің өркендеуіне халық өзі жағдай жасады. Сол кезеңде өмір сүрген от ауызды, орақ тілді сөз зергерлерінің бірі Жаманқұл мен Дүйсенбай шешендер еді. Бұларды жұптастыра қарауымыздың да өзіндік төмендегідей себебі бар.
Шешендік, ақындық, əншілік, күйшілік т.б. өнердің түрлері сияқты, адамға қонған айрықша дарындылық арқасында көрініс береді. Əрине, оны ұштау, шындау бөлек əңгіме. Қабілетсіз адамның құлағына қанша құйса да өнерпаз шықпайды. Осындай өнердің əке мен балаға бірдей берілуі тарихта сирек кездесетін жайт. Өйткені шешендік əкеден балаға мирас болып қалатын шопанның таяғы емес. Ал, біз жазып отырған Жаманқұл мен Дүйсенбай əкелі-балалы шешендер.
Жаманқұл Табылұлы 1786 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында қарасты Қаратоғанбай тауының биігі Қарашыңның күншығыс жақ баурайында дүниеге келген. Əкесі Табыл байлығымен аймаққа танылған дəулетті адам болыпты. Осыған байланысты ел аузында: «Байдың байы Табыл, тайлы тұяғыңа дейін жабыл, бəрібір малын тауыса алмайсың» деген мəтел сақталып қалған екен. Табыл үш əйел алған. Алғашқы бəйбішесінен Байбол, Жарбол, Сарт, Жаманқұл, Бибол дүниеге келеді. Ағасы Елдей жаман аурудан (қариялардың айтуы бойынша, шамасы шешекпен ауырған болса керек) отыз жасында қайтыс болып кетеді де, екінші əйелі Асылды əменгерлік жолымен өзі алады. Одан Қаржау, Нұржау, Жайлау, ал, үшінші тоқалынан Мырзабай, Құлжабай, Қапа туады. Сонда Жаманқұл бəйбішеден туған төртінші ұл. Сол замандағы кеңінен тараған дəстүрдің бірі дүниеге келген сəбиді қырқынан шығарған соң, сыншыға көрсетіп сынатады екен.
Табыл да əдет бойынша босағаға бес ту бие байлатып баласын сынатады. Сонда сыншы: «Саусақтары салалы, арасы алшақ екен — дəулетті болар, екі езуі сүйірленіп тұр екен — көпке түссе көсем, топқа түссе шешен болар, көз тимес үшін атын Жаманқұл қойыңдар!» — дейді. Айтса айтқандай-ақ, жас бала ес біліп, етек жиған кезінен бастап-ақ, суырылып сөз сөйлеп, көпке танылады.
Алты жасқа келген шағында көрші ауылдағы моллаға барып екі қыс дəріс алады. Заман талабына орай намаз оқып, ораза ұстауға бейімделеді. Ол кездегі оқу жалдамалы болғандықтан, екінің бірінің қолынан сауат ашуға мүмкіндік келе бермейтін. Екіншіден, моллалар, діни сауаттылар аз, ел аралап бір жерде бір жыл, екінші жерде екі жыл жатып оқытатын.
Жағдай осылай болғандықтан, шамасы жеткендер оқып, жетпегендер оқып келген балалардан үйреніп əрекет жасаған. Ал, молладан оқыған Жаманқұл жас кезінде «оқымысты бала», «молла бала» атанады.
«Əке балаға сыншы» деп халық тегін айтпаған. «Болар бала басынан» демекші, Табыл Жаманқұлдың сөзге бейімділігінің бар екендігін жас кезінен-ақ байқайды. Елдің ақсақалдары бас қосқан кездерде шеткерірек жерден орын алып, əңгіме тыңдауға əуес болыпты. Көпті көрген көне көз қариялар «осы Жаманыңнан түбінде бірдеңе шығады» деп үміттенеді екен.
Жаманқұлдың шешендік қабілетімен көпшілікке алғашқы танылуы он бір жасында.
...Табылға аз уақыт атқосшы болған көрші ауылдың жігіті тұрмысы түзеліп, дəулеттеніп кетсе де байдан ай сайын бір ат, бір бие сұратып ала беріпті. Бірде, сол əдеті бойынша, көпшілік бас қосқан ортада екі жылқы беруін талап етеді. Сол кезде Жаманқұл:
- Қадірменді ата-ағалар! Менің бір ауыз сөзім бар! — деп рұқсат сұрайды. Көпшілік мақұлдағаннан кейін жаңағы жігітке қарап:
- Уа, ағасы! Əр нəрсенің бар емес пе шегі менен шамасы. Сұрамшақ болса азамат, топ алдында төмендейді бағасы. Сөздің парқын білген жөн, істің нарқын білген жөн. Сіз бар жерде, біз бармыз. Қой баққан қой алады, жылқы баққан жылқы алады, қос-қосынан қолқа сала берсеңіз, басқамызға не қалады? — деген екен. Осы сөзден кейін жігіт өз кінəсін мойындап, кешірім сұрапты.
Бұл жерде біз шешендіктің айрықша озық үлгісін көрмесек те, жас баланың өжеттігін, сөзді өрнектеп, көркемдеп айтуға бейімділігінің бар екендігін айқын аңғарамыз. Жалпы шешендік өнер тарихына назар аударар болсақ, айтулы сөз шеберлерінің қай-қайсысы болмасын бала кезінен бастап- ақ, көзге түскен. Шешуі қиын түйіндерді тарқатуға араласып отырған. Бұған он бес жасар Қазыбектің Қоңтəжі ханға айтқанын, он екі жастағы Сырымның жесір дауына айтқан билігін, тоғыз жасар Балабидің ат үстіндегі жолаушыға берген жауабын мысалға келтіруге болады. Бұл, əрине, болашаққа бастама. Осыдан кейін ауылдың игі жақсылары жиналып Табылға келіп:
- Тақа, осы балаң түбі ел басқарады, мұның енді жолын ашу керек, — деп ақыл салады, сөйлесе келе көпшілік Шабанбай биге тоқтайды. Олай болса, кей əңгімелерде айтылып қалып жүргендей Шабанбайдың Табыл ауылына келуі кездейсоқтық емес, ел ұсынысына орай орындалған іс екен. Сөйтіп, он төрт жасында Жаманқұл Сарым елінің белгілі биі Шабанбайдан бата алады. Бірақ іс мұнымен аяқталған жоқ. Енді жас шешенге тəлім-тəрбие керек, ысылып шынығу қажет. Міне, осы мақсатқа сəйкес Жаманқұл үлгі-өнеге алу үшін Шабанбай бидің жанында екі жыл бірге болады. Талай даудың түйінін шешуге басы-қасында отырып, көзімен көреді. Кейбір жеңіл-желпі істі тындыруға өзі де араласа бастайды. Сондай əңгіменің бірі төмендегідей.
Бірде қозылы қойға таласып дауласқан екі адам жүгініске Шабанбайға келеді. Шабекең шешім айтуды Жаманқұлға тапсырады. Жас шешен даушыларды алма-кезек тыңдаса керек. Алғашқысы:
- Мен осы қойымды жоғалттым. Буаз болатын. Қоздаған соң, қойшы өрісте қалдырып кетіпті.
Танып сұрасам бүгінге дейін баққан ақым бар деп мынау бермейді, — дейді. Екіншісі:
- Көктемде мен осы қойды қараған арасынан кезіктіріп, қоздатып, ауылға алып келдім. Сұрау салып едім, ие шықпады. Күні бүгінге дейін, ит-құсқа жем қылмай бағып келдім, қазір қозысының өзі марқа болды, — депті.
Жаманқұл былай деп сұрайды:
- Қойшыңыздың айлық ақысы қанша?
- Төрт қой.
- Ендеше бұл даудың төрелігі былай болсын. Бай ширақ болса малшыл, кедей ширақ болса жалшы. Иелі мал — киелі мал. Жоғалған қой иесіне тиесілі. Аң — қаққандікі, шөп — шапқандікі, мал
- баққандікі, марқа тапқан адамға тиесілі, қойшыда кінарат бар, жас болса албырттығы шығар, жасамыс болса салғырттығы шығар, малды бір жеті тегін бақсын!
Бұл əңгімеде үстемдік құрушы шешендік сөз емес, əділдік. Ал, əділдіктің көрінісі — дауласқан екі жақтың төрелікке разы болуы. Міне, Жаманқұл шешеннің билікке араласқан алғашқы сатылары осындай.
Шаңырақ көтеріп, оң мен солын толық танып, талай мəрте сыннан өтіп, сөз сөйлеп шешім айтуға төселген шақта Əлмұрат ата ұрпақтарының биі болып сайланады. Бұл шамамен 1809 жылдар еді. Қырық жыл қырғыннан аман қалған ел-жұрт ол кезде едəуір өсіп-өніп молығып, толығып қалғандай болатын. Атамбек, Жарас, Ақботадан тараған үрім-бұтақтардың өзі алты ауыл болып қоныстанған. Əлдісі бар, жарлысы бар, малшысы бар, жалшысы бар, қоңсы қонған қосшылар бар əр жылда он бес, жиырмадан шаңырақ бой көтерген. Сондай-ақ мал басы да жақсы көтерілді. Табылдың өзінде үш мыңға тарта жылқы, бес мыңнан астам қой, үш жүз елудей сиыры болыпты.
Араға бес-алты жыл салып барып Жаманқұл жалпы Əлтеке баласына би болады. Оған елдің Есболай-Өтегенінен Юлат баласы Жантөбел, Достан Баптеннің баласы Баймырза, Əлмұраттан Атамбек баласы Тамай тəрізді, белді азаматтары атсалысады. Сонымен бірге Жаманқұлдың өзі де Сұлтанғазы, Жамантай (негізгі есімі Тұрсын), Əбілғазы сияқты топты басқарып жүрген төрелермен достық қарым-қатынасын нығайта түскен.
Ел ішіне ірі, əрі ауқымды өзгеріс əкелген 1924 жыл болды. Арнайы жарлық бойынша қазақ халқын билеудің жаңа жүйесі жасалып, оны жүзеге асыру тиісті əкімшілік орындарға жүктелді. Бұл жұмысты жүргізу оңайға түскен жоқ. «Шет өңірінің тарихы» деген зерттеу еңбегінде Ж.О.Артықбаев пен М.С.Жакин былайша кескіндейді: «1924 жылы ерте көктемде Қарқаралы бағытында Семиер форпостынан 300 адамдық отряд аттанды. Оның құрамында князь Дадианов, Сотников, Карбышев, Чириков, Кинжицев, Копейкин, дəрігер Зильберштейн, топограф Кошелов, бірнеше тілмаш 250 орыс- қазақ əскері жəне құрылғалы тұрған Қарқаралы округінің болашақ екі заседателі — Бубенов, Налабердин болды. Бұл отрядты полковник С.Б.Броневскийдің өзі басқарды...
...Қарқаралыда 8 сəуір күнгі сайлауда аға сұлтан болып Тұрсын (Жамантай) Шыңғысұлы сайланды. Шыңғыс Бөкейханның үлкен ұлы, сонда Тұрсын Бөкейдің немересі болған. Қазақ ішінен заседатель болып Елдебай Ортауұлы, Жаманбай Нұралыұлы сайланды. Осы үшеуі молланың қолынан Құранды сүйіп, Ресейге адалдықтарын мəлімдеп, өз қызметтеріне кірісіп кетті. Ал округтің ішінде болыстарды ұйымдастыру 1824 жылы жаз бойы біртіндеп жүрді. Əлтеке-Сарымға төре Бөкейдің Сұлтанғазысы болыс болып сайланғаннан кейін əр рудың билерін (əкімшілік атауы старшын) тағайындауға кіріседі. Болыстық сайлау жөніндегі төмендегі мəліметті келтіре кетуді жөн деп таптық.
«1824 жыл. 13 шілде. Біз төменде қол қойғандар, əр ауылдан жинала отырып, бірауыздан майор Сұлтанғазы Бөкейхановты қазаққа адал, Ресейге берілген деп таныдық. Сол себептен оны Сарым- Қаракесек болысының басшысы қылып бірауыздан сайладық. Мөр болмағандықтан, бұл приговорға таңбамызды бастық.
Би. Қағанбай Тоқабаев, Ботантай Шуашбаев, Баланбай Жаманбаев жəне Əлтеке-Қаракесек болысының билері Есенаман Жетібаев, Қоғанбаев» [5].
Біз бұл құжатты «Шет өңірінің тарихынан» алып өзгеріссіз беріп отырмыз. Əрине, мұның архивте сақталған материалдан алынғандығы талас тудырмайды. Бірақ екі ғасырға жуық шаң-тозаңда жатып калған қағаздың өңінің өзгеріп, жазуының өшіп, солғындап ескіретіні, тозатыны сөзсіз. Осыған байланысты кейбір адам аттарында əріп қателері кеткенге ұқсайды. Шежірелік мəліметтер мен ел ішіндегі əңгімелерге сүйенер болсақ, Есенаман Жетібаев емес, Жидебаев деп оқыған дұрыс сияқты. Сондай-ақ екінші биді Қоғанбаев демей, Тоғанбаев деген жөн. Ақбота — Елдейдің немересі Мыңжасар Тоғанбайұлының би болғандығы жайында ел аузында аз да болса əңгіме-аңыздар сақталған.
Сонымен, билерді тағайындау барысында, жүз шаңыраққа бір басшы қажет деп тапқандықтан, арасы жақын орналасқан рулас төрт-бес ауылды бір қоныс деп есептеп, тұтастандыру жұмыстарын жүргізді. Мұның өзі бірнеше жылға созылды. Əлтекеден алғаш рет би болып тағайындалған Жаманқұл Табылұлы. Бұл дерек архив материалында бар.
Мұндағы мəліметтің аудармасы мынау. Əлтеке-Сарымның баласы: сұлтан Сұлтанғазы Бөкеев, билері: Жаманқұл Табылов, Құлан Елемесов, Мамыр Есенаманов, Жабай Жаманкешин, Тарақ Əсетов, Жақсыбай Қазыбаев, Балапан Шабақбаев, Байғұтты Ботантайев, Торақ Шандыгенов, Байсал Жаманқұлов, Топақ Байтоқин, Құлболды Шуақов, аты-жөні айқындалып берілгендер Əлтеке руының билері. Билік мəселесінің ұзаққа созылуына екінші бер себеп — келіспеушілік. Халықтың ұсынған адамына жоғарғы жақ келісім бермей, аға сұлтанның атаған адамына көпшілік көнбей көп жағдайда шиеленіске душар болып отырды. Халықтан қолдау тауып, сұлтан-болыстармен дос-жаран болған Жаманқұл мұндай жағдайлардан тысқары еді. Араға бірнеше жыл салып Жидебай батырдың немересі Мамыр Есенаманұлы, Жаманқұлдың баласы Байсал, Табылдың үлкен ұлы Сарттың немересі Топақ (азан шақырып қойған аты Тоқтыбай) Байқұтұлы би болды. Бұлардың ішіндегі ең жасы Топақ (Тоқтыбай) жиырманың мұғдарында еді. Билердің ішіндегі жасы үлкені Сарым-Айдабол Шəндігеннің баласы Торақ батыр ол кезде алпысты алқымдаған болатын. Сол ретіне қарай батыр жайындағы ел аузындағы аңызды келтіре кеткелі отырмыз.
Бірде Жақсы Жанқұтты ауылында елдің игі жақсылары бас қосып, əңгіме өткізеді. Ішінде аға сұлтан Құнанбай, ақын Шортанбай да бар екен. Əңгіме соңында Жанқұтты былай дейді:
– Ақыным, мен бір ойға келдім! Қарадан шығып, хан болған Құнекең қалың қазақтың қадір тұтар азаматы ғой. Кертанаш тұлпарды мінгізейін деп отырмын. Сен елді көп аралайсың, айта жүр, мына Есбергеннің еспесін, бұдан былай Құнанбай еспесі деп айтайық, Құнанбай, Шортанбай, Жанқұтты осы жерде бас қосыпты деген ат қалсын болашақты болжай отырып, үш ауыз сөз қалдырайық. Ақыным, сен баста!
Сонда Шортанбай:
Жəке, келер заманның адамы аласа туады.
Ата-анасына қарсы боп таласа туады,
Жақсылықтан шошынар,
Жамандыққа қосылар, Əзəзілден досы бар,
Ақырзаман адамы сұрасаңыз осылар! — дейді. Құнанбай былай депті:
Жасы қырыққа келсе де сақал-мұрты болмайтұғын, бар дүниенің байлығын алса да көңілі толмайтұғын, өмірі ұрыс-керіс, ниеті, пиғылы теріс болады екен болашақтың адамы.
Сонда Жəкең:
- Ал десең көптің алдын бермейтін, бер десең бетіңді көрмейтін, өткенінен нəтиже шығармайтын, келешегінен керектісін ұға алмайтын, ақылы аз, тойғанға мəз болады екен, — дейді. Сөйтіп Жəкең ауылында Құнанбай бірнеше күн мейман болады. Бұл екі арада əңгіме Торақ батырға жетіп, ол жолға жиналады. Баласына Кертанаш тұлпарды алып қалатынын айтады. Сонда баласы:
- Бір тайға бола бармаңыз, Құнекең Кертанашты бермес, басқа жылқы берер, — дейді.
- Тоқсандағы Торақ бармайды, барса Кертанаштан басқа жылқыны алмайды, — деген батыр, жол жүріп кетіпті, Жəкең ауылына келсе, Құнанбай аттанайын деп жатыр екен. Торақ батыр ат үстінде тұрған күйі:
Ассалаумагалейкум, Құнанбайым!
«Ақжол» деп жауға шапсам ұрандаймын
Мен де бұрын бөрі едім,
Бас имейтін өр едім
Қайратым қайтқан шағымда
Алдыңа келген Тораққа
Жолыңды бер дер едім
«Ер қанаты — ат» деген
Ескінің сөзін ап келгем, Құнанбай!
Ерліктің жолы жөн бе?
Серіліктің жолы жөн бе? —
дегенде Құнанбай батырмен құшақтасып көрісіп, Кертанашты алдына көлденең тартқызыпты. Əділдігімен танымалы болған билер жайында осы тəрізді əңгімелер ел ішіне кеңінен тарап жатты. Шешендік сөздердің таралуы жайындағы мынадай пікірді келтіре кеткенде жөн көріп отырмыз.
«Бұрынғы қазақ шешендерінің бір ерекшелігі — олар сөздерін жазып дайындамаған, сөздері қағазда емес, халық жадында сақталған: ауызша тарап əлденеше кісінің, ұрпақтың өндеуінен өтіп қысқарған, ұстарған, түйіні-дəні қалған, сөйтіп бүкілхалықтық мұраға айналған» [4; 97].
Жамантай төренің тұсында жиырма бір жыл би болған Жаманқұл Табылұлы ел ішіндегі алауыздықты, келеңсіз іс-əрекеттерді басуға атсалысып, бірліктің, адал кəсіп-тірліктің орнығуына айрықша мəн беріп отырған. Əрине, бұл кезең халыққа жеңіл тиген жоқ (1824–1844). Билік басының өзгеруі, бодандықтың ноқтасын киюі, үлкен ұлықтардың айтқанын орындап, айдауына жүруі, алым-салық төлеуі, ұлттың болмыс-бітімін танытатын салт-дəстүрдің қағажу көруі көптің көз алдынан өтіп жатты. Белгілі ақын Дулат Бабатайұлының:
О, Сарыарқа, Сарыарқа,
Самалы салқын жон едің.
Сырдан ауып келгенде,
Жапырылмай шалғының,
Балауса балдыр, балғының,
Тимеген ірге соны едің, —
деп жырлауы да сондықтан болса керек. Сондай-ақ Жаманқұл өзінен кейінгі жастардың да өсіп- жетілуіне, тəрбие алуына ықпал жасаған. Ел басқару билігіне араласу оңай жұмыс емес. Халықтың талабына сай азаматтың қалыптасуына туа біткен дарындылық аздық етеді. Ұшқырлық, тəжірибе қажет. Бұлар үйренудің нəтижесінде жүзеге асады. Ұстаз ұлағатты болса, шəкірт сындарлы. Міне, шешендіктің дəстүрін жалғастырушы Жаманқұлдың ізбасарлары Дүйсенбай, Байсал, Топақтар өз заманында киелі елдің келелі азаматтары болған еді.
Жығылғанға жұдырық дегендей калтыраған халықты 1836 жылғы жұт онан сайын есеңгіретіп тастады. Мал басы ойсырай шығынға ұшырады. Осындай жүйкесі жұқарып, жүні жығылған кезеңде жас та болса бас болған сол кездің өзінде-ақ есімі исі қазаққа мəлім болған Жанқұтты, талай қиыншылыққа бас-көз болып, көпшілікті тығырықтан алып шыққан Жаманқұл тəрізді топ бастаған толағайлар езілген елдің еңсесін көтерді. Алдына келгендерге шешен: «Бұл дүниеде мəңгілік ешнəрсе жоқ. Талай қиындыққа мойымаған елміз. Жұт та уақытша. Бірлігімізді бұзбайық, бірлік түбі — тірлік, тірлік түбі — ірілік» деп іс көмегін де, ақыл көмегін де беріп отырған. Осыдан ел аузында «Жұт болса да жəрдем берген Жабекем, жұрт басына қонған жайлы бақ екен» деген нақыл сөз тарап кетеді.
ХІХ ғасырдағы ірі тарихи оқиғалардың бірі — Кенесары бастаған козғалыс. Он жылға созылған осы дүрмекке Жаманқұл шешеннің қаншалықты қатысы бар деген сұраққа нақты жауап беретін мəлімет біздің қолымызда жоқ. Дегенмен, баласы Дүйсенбайдың Кенесарыны хан көтеруге қатысқандығы ел аузында сақталған. Бұл бөлек əңгіме. Ал, бидің өз басы жайында мынадай болжам айтуға болады. Халықтың Кенесарыны хан ретінде тануы — 1841 жыл. «Хан Кене» кітабының алғы сөзінде былай деп жазған: «Бір жағын алпауыт Ресей патшалығы омырып, екінші бүйірін ұлы Қоқан кеміріп жатса да, жалпақ қазақ елін қанжығаға байлатпай, бірде егеулі найза ұшымен, бірде ұтқыр тілдің уысымен қорғап, жер қайысқан жау қолдарынан құтылып кетіп отырған Абылайхан парасатын берік ұстанғысы келген қаһарлы немере Кенесары батырдың да атамекен үшін арыстандай айбат шегуі шексіз болды. Жегі кұрттай дендеп кіріп, іштен шалар ұзын құрық айлакерлігі бар Орыс империясының пасық пиғылыны тосқауыл қоймай жақсылық жоқ екендігін жан дүниесімен сезінген ержүрек сұлтан жанталасып-ақ бақты. 1841 жылдың қыркүйек айында қазақ руларының өкілдері ата- баба салтымен Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлаған соң, бүкіл ел дүмпуін орыс отаршылдарына қарсы күреске арнаған айбарлы атаның ұрпағы ел тəуелсіздігін ең басты байрағы етті» [6]. Осындай жағдайдан кейін əрі би, əрі дəулетті бай Жаманқұлдың бұл істен тысқары қалуы мүмкін емес еді. Шешеннің Жақсы Жанқұттымен, Құнанбаймен, Шорманның Мұсасымен дос-жар болғандығы турасында ел аузында əңгімелер баршылық. Жақсы Жəкеңнің хан сайлауына қатысқандығы жайлы Шортанбай ақынның өлеңінде айтылған деген пікір де кездеседі. Ал, Құнанбай жайлы зерттеуші-ғалым Бейбіт Сапаралы былай дейді: «Старшын Құнанбай Кенесары көтерілісіне қаншалықты дəрежеде «қарсы күрес ұйымдастырғаны» белгілі болуы үшін бұл арада Мұхтар Əуезовтың 1933 жылы латын қарпімен жарық көрген Абай шығармалары жинағындағы алғы сөзіне жүгініс жасағанымыз орынды сияқты. Мұқаң жазады: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі: орыс ұлтының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, Ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кездері бола ма, əйтеуір сол жүрісінің бірінде, үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс əтретімен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып, бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп, намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты жанына алып, құр құдықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уəделесіпті дейді. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай сабапты дейді» [7].
Жоғарыдағы келтірілген деректерді негізге ала отырып, Жаманқұлды да мал-мүлік жағынан қозғалысқа көмек көрсеткен деп топшылауға болады. Сондай-ақ «Шет өңірі тарихындағы» мынадай мəліметті келтірген жөн: «1839–1844 жж. жасаған тізімде Кояншы-Тағай, Жалықпас, Надан Тобықты, Алтай, Телеш, Төлеңгіт, Үйсін, Керей, Кəрсон-Керней, Қара-Айтымбай, Дүйсенбай-Шешен, Байбөрі, Əлтеке-Сарым сияқты Қарқаралы округінің рулары үкіметке қарсы қозғалысқа белсене шыққан деп көрсетілген» [5; 103]. Əрине, Əлтеке-Сарымның аты аталған жерде Жаманқұл бидің тысқары қалуы мүмкін емес. Жамантай төренің орнынан түсуі, Жаманқұлдың старшындықтан алынып, Əулиеатаға қоныс аударуының бір ұшы осы жағдайларға байланысты болса керек.
Кенесары қозғалысы елге елеулі əсерін тигізді, қол ұшын берді дегендердің барлығы ұлық алдында жауапқа тартылды, əр түрлі жаза алды. Көпшілік күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып, əбден ығыр болды. Біразы оңтүстікке, Қаратау бойына қоныс аудара бастады. Осы екпіннің екіленіп тұрған шағында — 1844 жылы Жамантай төре аға сұлтандықтан алынып, Құсбек тағайындалады. Ойында жүрген орнына қолы жеткен ол, жоғарғы жақтың бұйрығын мүлтіксіз орындауға тырысты. Жаманқұл бастаған біраз старшындарды биліктен босатты. Қарапайым халыққа қатты болды. 1845 жылы көктем шыға Жаманқұл шешен жетпіске жуық шаңырақпен Əулиеатаға көшіп, Сиқым елінің биі Құдайменде берген жерге келіп қоныстанады. Мұндай көш-қон Қарқаралы округінде ғана емес, Арқа өңірінің барлық тұстарында болып жатты. Əдепкіде ұлықтарға жаққанымен Құсбек төре халыққа ие бола алмады, қоныс аударушылар көбейе түсті. «Міне осындай ел көшіп, Есіл жері ағып жатқан заманда Қаракесектің ішіндегі бес ата балаларының Жанқұтты бастап Сырға қайта барған да кезі болды. Бірақ бұл Абылай заңы емес еді, Қоқан күшейген, Ташкентте құшбегі отыр, қазақты керек қылған ешкім де жоқ. Оңтүстікке барған төре-қарадан тұрақты қалғандары шамалы, қайта, малынан айырылып, адамын жоғалтып, көресінді көрді» [5; 104]. Ел іші сөгіле бастады. Құсбекке қарсы шығушылар саны молыға түсті. Осы жағдайларды жіті бақылап отырған Қоқан хандығының Ташкенттегі Бегілер Бегісі оңтүстік өңірді өзіне қаратып, билігін жүргізу үшін үкім шығарады. Бұл орыс үкіметін де алаңдатқан еді. Алғашқы аға сұлтан Жамантай Кенесарыға оң қабақ танытты. Құсбек болса, елдің берекесін алды. Енді орыс өкіметі төрелерден түңіліп сайлаудың басқаша жобасын ойластыра бастады. Осы кезеңде Жақсы Жанқұтты бастаған ел жақсылары да бірлік жолында жанталаса жұмыс жүргізді. 1847 жыл Арқадан көшіп барғандарды кері қайтару мақсатында Жақсы Жəкең жиырмашақты шаңырағымен Қаратау бойына қоныстанады. Ел билеушілерімен бірнеше дүркін мəжіліс өткізіп, келісімге келеді, бəтуаласады. Осыны естіген Бегілер Бегі Жанқұттыны ұстауға үкім де шығарады. Бірақ бұл үкімнің іске аспауына Жаманқұл айрықша көңіл бөлген. Ол туралы əңгімені кейінгі мақалада айтамыз. 1847 жылы елге бет түзеген үздік-создық көшкен көштен Жаманқұлдың сырқаттануына байланысты жүзден астам шаңырақ кешеуілдеп қалады. Арасында Жақсы Жанқұтты да бар еді. 1848 жылы көктемде, алпыс екі жасында Жаманқұл Табылұлы дүниеден қайтып, Əулиеатаға жерленеді. Ел болып қырқын өткізген соң, көштің соңғы легі Арқаға бет түзейді.
Əдебиеттер тізімі
- Артыкбаев Ж.О. История Казахстана. — Караганда, 1997. — С.
- Исмайлов Е. Ақындар. — Алматы: ҚМКƏБ, 1956. — 91-б.
- Ел аузынан. — Алматы: Жазушы, 1989. — 114-б.
- Адамбаев Б. Тозған қазды топтанған қарға жейді. — Алматы: Рауан, 1991. — 201 б.
- Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. — 248 б.
- Хан Кене. — Алматы: Жалын, 1993. — 9-б.
- Сапаралы Б. Құнанбай қажы. — Алматы: Ер даулет, 1995. — 91-б.